Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Фонетика НАТЫ НСАСЫ.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
92.5 Кб
Скачать

14. Дыбыстарды қарастырудың аспектілері қалай болып келеді. Болашақта дыбыстарды қандай қасиеті бойынша қарастыру міндеті тұрғанын түсіндіріңіз.

Дыбыстық тіл – өте күрделі құбылыс‚ сондықтан оны әр түрлі аспектіде (лат. aspectus – көзқарас‚ түр‚ сипат) қарастыру керек болады және мұның өзін сол дыбыстарды әр қырынан қарау деп түсінсек те болады.

1. Артикуляциялық (лат. artіculatіo – бөлшектеу‚ анық айту) аспект–жасалым аспекті. Мұны анатомиялық‚ физиологиялық аспект деп те қабылдауға болады. Өйткені адамның тілі – ең алдымен биологиялық құбылыс‚ яғни ол – дыбыстау мүшелерінің‚ оны басқарып отырған орталық нерв (жүйке) жүйесінің қызметінің нәтижесі. Адам денесінде тіл дыбыстарын айтуға жаралған арнайы мүшелер жоқ. Мұны әртүрлі табиғи қажеттілікті өтеуге жаралған: ерін (қымқыру)‚ тіс (шайнау)‚ тіл (жылжыту)‚ өкпе (тыныс) т.б. мүшелер қосымша атқарады. Бұлардың жұмысы қимыл-қозғалысы тіл-тілдің ыңғайына қарай ерекшеленеді.

Дыбысты жасауға қатысатын мүшелер: өкпе‚ кеңірдек‚ дауыс шымылдығы‚ көмей‚ ауыз қуысы‚ тамақ қуысы‚ мұрын қуысы‚ тіл‚ кішкене тіл (бөбешік)‚ тіс‚ таңдай‚ жақ‚ ерін т.б. Бұларды сөйлеу аппараты деп те атайды. Дыбыстау мүшелерінің жаратылысын анатомия ғылымы зерттейді. Дыбыстау өкпедегі ауаның сыртқа шығуы кезінде ауа жолына орналасқан дыбыстау мүшелерінің белгілі бір тәртіппен атқаратын қызметіне (қимыл-қозғалысына) негізделген. Тіл‚ ерін‚ төменгі жақ‚ жұмсақ таңдай және сол жұмсақ таңдайдың үш жағына орналасқан бөбешік (кішкене тіл)‚ дауыс шымылдығы дыбыстау кезінде ретіне қарай қимыл-қозғалыста болады. Бұларды актив мүшелер дейді. Ауыз‚ тамақ‚ мұрын қуыстары резонатордың (лат. resonare – жаңғырықтырушы) қызметін атқарып‚ дыбыстың жасалуына өз үлесін қосады. Мәселен‚ ауыз қуысында тілдің ілгері‚ кейін жылжуы дауыстылардың жіңішке‚ жуан болуына жағдай жасайды. Ерін де сөздердің бірыңғай еріндік‚ езулік болып келуін қамтамасыз етеді. Артикуляция – дыбыстау мүшелерінің жұмысы. Олай болса‚ артикуляция қазақ тілінде жасалым. Көрші дыбыстар жасалымы жағынан үйлесіп‚ бейімделіп тұрады. Мәселен‚ еріндік дауыстының алды-артындағы дауыссыздар (қол‚ құл‚ тот‚ тон‚ сол‚ күл‚ түн) еріндік болып‚

езуліктің маңайындағылар (қал‚ қын‚ тал‚ жар‚ си‚ тек‚ шаш‚ кел) езулік болып айтылады. Он бір‚ он мың‚ он қой‚ он күн‚ жүз жыл‚ бес шелек сияқты сөздердің айтуда омбір‚ оммың‚ оңғой‚ оңгүн‚ жжжыл‚ бешшелек болып кетуін жасалымның (артикуляцияның) құдіреті түрінде түсіну керек. Қатар келген екі дыбыстың кейінгісі алдыңғы дыбысты жасалымымен игеріп тұр. Мұны былай өрнектейміз: омбір‚оммың‚ оңқой‚оңкүн‚ жүжжыл‚ бешшелек. Дыбыстардың үстіндегі бағыттама (стрелка)‚ біріншіден‚ игерудің түрі артикуляциялық екенін‚ екіншіден‚ кейінгі дыбыс өзінен бұрынғы дыбысты алмасуға ұшыратқанын аңғартады.

2. Акустикалық (гр. acustіcos – есіту) аспект – айтылым аспекті. Тіл дыбыстары да табиғаттағы басқа дыбыстар сияқты физикалық (акустикалық) құбылысқа жатады. Қатаңдардан соң тек қатаңдар‚ ұяңдардан соң тек ұяңдар ғана тұратын себебін осыдан шамалауға болады. Көрші дыбыстардың дауыс не салдырдың қатысына қарай біріне-бірі тәуелді болып‚ бір-біріне икемделіп тұруын акустикалық (айтылым) игеру дейміз. Акустикалық игеруде бағыттама дыбыстардың төменгі жағына қойылады. Мәселен: қара ғой‚ ағ ешкі‚ жаз гелді‚ көб жыл т.б. Дыбыс атаулы бір-бірінен ырғағы‚ күші‚ әуені‚ созылыңқылығы жағынан ерекшеленеді. Дыбыстың ырғағы тербелістің жиілігіне‚ ал дыбыстың күші тербелістің қарқынына (амплитудасына) байланысты.

3. Перцепциялық (лат. perceptіo – қабылдау) аспект – естілім аспекті. Дыбыс жасалады‚ айтылады‚ естіледі. Мәселенің түйіні дыбыстың естілуіне‚ қабылдауға келіп тіреледі. Сондықтан сол дыбысты қабылдайтын есіту мүшесінің (құлақтың) құрылымын білу де артық болмайды. Дауыстың жуан‚ жіңішке‚ жай‚ қатты‚ баяу‚ шапшаң айтылуын есіту арқылы қабылдаймыз. Дыбысқа мән бермейді, дыбыстық кешенге мән береді.

Аталған аспектілер (жасалым – айтылым – естілім) тығыз байланыста болып‚ адамның қатынас құралы – тілдің қызметін қамтамасыз етеді‚ сол тілге қызмет ететін құралдар десе де болады.

4. Тілдік аспект (ауызша, жазбыша). Қарым-қатынас құралы тіл тек дыбыстар арқылы ғана іске асады. Сондықтан тіл дыбыстарын тек акустикалық‚ физиологиялық құбылыстар ретінде қарау жеткіліксіз. Ең бастысы‚ осы дыбыстардың адамдардың қатынас құралы-тілдің қызметін қамтамасыз етудегі тілдік (әлеуметтік) мәнінде деп қарау керек. Осыдан дыбыстарды қарастырудың тілдік аспектісі келіп шығады. Мұны фонология (гр. фоно – дыбыс‚ логос – ілім) деп те атайды. Алғашқы үшеуін осы тілдік аспектінің табиғатын дұрыс танып‚ білуге көмектесетін жолдар түрінде қараса да болады. Қысқасы‚ тілдік аспект дыбыстарға фонема тұрғысынан қарайды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]