
- •Тәжірбиелік жұмыс №1 Табиғаттық ресурс және өндіріс құралы ретінде жер туралы ғылым
- •Тәжірбиелік жұмыс №2
- •Тәжірбиелік жұмыс №3
- •Тәжірбиелік жұмыс №4 Жердің өндіріс құралы және жылжымайтын мүлік ретіндегі ерекшеліктері
- •Тәжірбиелік жұмыс №5 Ауылшаруашылық алқаптарының сапалық сипаты
- •Тәжірбиелік жұмыс №6 Қазіргі жерге орналастырудың мақсаты, міндеттері және мазмұны
- •Тәжірбиелік жұмыс №7 Жерге орналастырудың түсінігі, объектісі
- •Тәжірбиелік жұмыс №8 Жерге орналастырудың мәні және құқықтық негіздері
- •Тәжірбиелік жұмыс №9 Жерге орналастыру техникасы
- •Тәжірбиелік жұмыс № 10 Жерге орналастырудың құрылымы және принциптері
- •Тәжірбиелік жұмыс №11 Жерге орналастыру факторларының өзара байланысы және оларды жерге орналастыру мәселесін шешуде ескеру
Тәжірбиелік жұмыс № 10 Жерге орналастырудың құрылымы және принциптері
Жердің кеңістік ерекшеліктері аймақтың табиғи,әлеуметтік және экономикалық жағдайлары әр түрлі зерттеу,іздестіру және жобаны жасауға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу барысында,сонымен бірге жерге орналастыру факторларын сипаттайтын материалдарды жинақтап танысу кезінде зерттеледі.
Осының нәтижесінде алынған мағұлматтар жобалық тапсырманы әзірлегенде қолданады.
Жерге орналастыруда әр түрлі табиғи, экономикалық және әлуметтік факторларды ескеріп отырған әрқашанда қажетті. Бұл жерге орналастырудың негізгі принциптерінің бірі.
Жерге орналастыру факторларын 3 топқа түйістіріп қарастыруға болады:
1.жердің кеңістік қасиеттері мен экологиялық жағдайлар;
2. климат жағдайлары;
3. әлеуметтік – экономикалық жағдайлар.
Жердің кеңістік қасиеттері мен ландшафттың экологиялық жагдайларына мыналар жатады:
-топырақ қыртысы мен оның күйі;
-бедер;
-гидрографиялық тармақ пен ландшафттың сипаттамасы;
- табиғи өсімдік жамылғысы.
Климат жағдайларының арасында аса маңызды факторлар ретінде жауын – шашын мөлшері мен жердің ылғалдану деңгейін, желдін күші мен бағытын, ауаның температуралық режимін бөліп қараған дұрыс.
Әлеуметтік – экономикалық факторларға жерге орналастыру обьектісінің қаржы- шаруашылық іс- әрекеттерінің қөрсеткіштері, елді мекендерінің (шаруашылық орталықтарының, тұрақты және уақытша қоныстарының) саны мен орналасуы, жабдықталғандығы, су энергия және керекті қорлармен қамтамасыз етілгендігі, негізгі а.ш. дақылдарының соңғы 5 жыл ішіндегі орташа түсімділігі, өнімінің өзіндік құны және т.с.с. жатады. Төменде осы факторлардың әрбірі нақты түрде қаралып өтеді.
Жоғарыда аталған жердің негізгі кеңістік қасиеттерінен туынды болып, жер алаптарының орналасуы мен құрылымы, кескін үйлесімдігі мен бытыраңқылығы, жер учаскелерінің (ауыспалы егістер мен олардың танаптарының, ауыспалы жайылымдар мен ауыспалы шабындықтар танаптарының, жұмыс учаскелерінің) орналасу ерекшеліктері мен межелері және т.б. табылады.
Жерге орналастыруда ескерілетін факторлардың ең бастысының бірі- топырақ қыртысы.
Топырақтың құнарлылығы, әсіресе экономикалық (тиімділік) құнарлылығы диқан еңбегінің нәтижелігіне, дақылдардың түсімділігіне және мал азығы алаптарының өнімділігіне тікелей әсер етеді. Су мен жел эрозияларының өршуі топырақ құрылымынан, оның экологиялық төзімділігінен тәуелді. Сондықтан да казіргі кезде ішкі шаруашылық жерге орналастырудың басты бағытының бірі болып табылатын территорияны эрозияға қарсы бейімдеу топырақтың түрлерін, физикалық- химялық және механикалық қасиеттерін, эрозияға ұшырағандығын, ұшырауға ықтималдығын сипаттайтын нақты материалдарға негізделеді. Сонымен қатар топырақ қыртысының тұзданған және сортанданған мөлшері, ластанғандығы және басқа жағымсыз құбылыстарға ұшырағаны ескеріліп отырады. Ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді тиісті түрде орналастыру, жоғары тиімді ауылшаруашылық өндірісті ұйымдастыруға, сондай-ақ , агроландшафтың экологиялық тепе – тендігін қамтамасыз етуге, топырақтың құнарлылығын арттыруға және ұдайы өндіруге қолайлы территориялық жағдайларды жасауды көздейді. Бұндай методологиялық амал, жердің ауылшаруашылық өндірістің негізгі құралы ретіндегі басты ерекшелігінен – дұрыс пайдаланғанда өндіргіш қасиеттерін (құнарлылығын) жоғалтпай, қалпына келіп отыру қабілеттілігінен, туындайды.
Бонитет және құндылық бағалау балымен сипатталатын топырақ күйін ескерту, бірінші кезекте, жер алаптарының құрамы мен орналасуын белгілеуге, оларды бір-біріне ауыстыруға, жыртылған жерде ауыспалы егістіктер жүйесін (ауыспалы егістердің түрлері мен типтерін таңдау, олардың танаптары мен жұмыс учаскелерін, мал азығы алаптарын орналастыру) жобалауға қажет.
Қазіргі нарықтық жағдайда жер жөніндегі әр түрлі келісім шарттарды жүргізуде, салық салуда, мемлекеттік жер кадастрын жасауда және көптеген басқа да жер қатынастарын реттеуге байланысты мәселелерді шешкенде, кең қолданылатын жер учаскелерінің бағалау балын топырақтың күйі себептейді.
Шаруашылық жүргізу жағдайлары мен жердің пайдаланылануына бедер сан алуан ықпал жасайды.
Жер қыртысының топыраққа айналу процесі бедердің әр түрлі элементтерінде (суайрық , тальвег , баурайдың басы мен етегі ) өзіне тән сипатқа ие болады.
Сонымен бірге бедер су эрозиясының басты себебі, топырақтың шайылуы, оның табиғи құнарлылығын жоғалтуы, қордасының азаюы, жыра- жырақалардың пайда болуы бедердің кеңістік қасиеттеріне байланысты.
Баурайлардың әрбір беткейінде (экспозициясында) жеке микроклимат болады. Демек, тәулік пен жылдың мезгіліне қарай ерекше температуралық және ылғалдық режим қалыптасып отырады. Осыған байланысты ауылшаруашылық алаптары мен дақылдардың, әсіресе жеміс- жидектердің орналасуы белгіленеді,
Ғимараттар мен құрылыстарды, жол мен ирригациялық жүйелерді және басқа да обьектілерді салу бедердің сипатынан айтарлықтай тәуелді.
Бедер машина- тракторлық агрегаттардың (МТА) да тиімділігіне әсер етеді. Құламалы баурайларда МТА өнімділігі күрт төмендейді. Өрге қарай тракторға қосымша тарту қажет. Осы жағдайды танаптар мен жұмысшы учаскелерін жобалағанда әрқашанда ескеріп отырған жөн.
Макро-мезо және микробедер сан алуан жағдайлармен сипатталатын және әр түрлі көлемді агроландшафттарды құрайды. Жерге орналастыру шешімдерін қабылдау барысында олардың ерекшеліктерін ескеру мақсатымен түрлі- түрлі амалдарды іздестіру керек. Бұл шешімдердің дәлелді болуы үшін жер бедері көрсетілген план-картографиялық материалдар міндетті түрде қолданылуы қажет.
Ландшафттар, сонымен бірге агроландшафттар гидрографиялық тармақты да қамтиды. Өзі кезегінде соңғысы (өзен-өзек, көлтоған, сай-жыра жүйесі) ландшафттың жалпы сипатын себептейді. Ландшафттарды айтарлықтай өзгертіп отыратын жерге орналастыру шешімдері өте жоғары дәрежеде территорияның гидрографиялық тармақпен кескіленуінен тәуелді.
Бір қатар жағдайларда жерге орналастыру міндеттерінің орындалуы гидрогеологиялық жағдайлармен байланысты. Соңғыларына су көздерінің дебиті , жер асты және артезиан суларының орналасу терендігі жатады. Бұл жағдайлар елді мекендер мен ауылшаруашылық өндірісін сумен қамсыздандыру мүмкіншіліктерін себептейді.
Адам тіршілігіне байланысты ландшафттардағы түбегейлі өзгерістерге қарамастан, онда әлі де біраз табиғи өсімдіктер кездеседі. Жерге орналастыру шешімдерін қабылдағанда аса маңызды табиғи шөп жамылғысы, оның түрлері мен улы арам шөптермен басылуы назардан тыс қалмағаны жөн. Мал азығы алаптарының культур-техникалық күйін, олардың территориясында батпақ , төмпешіктер, тас және басқа , сапасына теріс әсер ететін заттардың бар болуын сипаттайтын мағлұматтар қажет.
Сонымен бірге территорияны реттестіргенде шөп жамылғысы мен табиғи алаптарының сапалық сипаттамасы, мал азықтығы ескерілуге тиісті. Осыған байланысты план- картографиялық материалдардың құрамында жалпы ситуация мен жер бедері бейнеленген жер пайдаланушылықтық геодезиялық планы және топырақ картасымен қатар геоботаникалық карта да енеді. Ал аса күрделі жағдайларда өсімдіктер түрлері және басқа да сипаттамаларды қамтыған картограммалар қолданылады.
Климат жағдайларының арасында жерге орналастыру шешімдеріне әсер ететіндері: жауын-шашын, жел белсенділігі және температуралық режим.
Жерге орналастыру обьектісі орналасқан аймақта, әсіресе вегетациялық кезеңде түсетін жауын- шашынның түрі мен мөлшері бүкіл жерге орналастыру іс-қимылдарының әдістемесін себептейді. Соңғыларының мазмұны жеткілікті, артық немесе жеткіліксіз ылғалдану аймақтарында құрғақ далада, шөлейіт немесе шөлде әртүрлі. Ал, суармалы аймақтарда жерге орналастыру әдістемесі, тәлімі егіншілік аудандарға қарағанда айтарлықтай өзгеше.
Желдің күші мен бағыты, әсіресе көктем мен жазда жел эрозиясы процестерінің өршуіне, олардың қауіптілігіне тікелей ықпал жасайды. Бұндай процестер көбінесе Қазақстанның жазық даларына тән. Олар әсіресе жеңіл механикалық құрамды топырақтарда көп тараған.
Дефляциялық процестердің алдын алу немесе бәсендету мақсатымен, желдің зиянды бағыттары ескеріле отырып, егістік және орман жолақтары жобаланады.
Желдің зияндылығы, өзі кезегінде ауа ағындарының температурасымен себептеледі. Аса қауіпті аңызақ жел температурасының жоғары және ауа ылғалдығының төмен көрсеткіштерінде пайда болады. Ол шаң дауылдарының негізгі себепкері. Сондықтан да аймақтың температуралық режимі туралы мәліметтер аса қажетті болып табылады. Вегетациялық кезендегі температура қосындысынан өндірістің мамандандырылғандығы мен салалардың орналасуы тәуелді. Соңғылары ауылшаруашылық алаптарының құрамы мен орналасуын тікелей себептейді.
Жерге орналастыру, қоғамдық өндірістің құрамды бөлігі ретінде, әрқашанда нақты экономикалық жағдайларда жүргізіледі. Ол бірінші кезекте сол кездегі өндіріс әдісіне тән обьективтік экономикалық заңдар мен өңдіргіш күштерінің және өңдірістік қатынастарының арасындағы белгілі бір байланыстармен себептеледі. Сондықтан жерге орналастыруда жобаларды дұрыс негіздеу және жылдам жүзеге асыру мақсатымен, басқаша айтқанда, жоғары экономикалық , әлеуметтік және экологиялық тиімділікке барынша тез жету үшін, осы заңдарды жан- жакты ескеру қажет. Сала аралық және шаруашылық аралық жерге орналастыруды жүргізгенде оларға қатысты обьектілердің макроэкономикалық күйін, салалар мен шаруашылықтардың мүдделерін, сонымен қатар нақты экономикалық ж ағдайларын зерттеу қажеттілігі туындайды.
Экономикалық жағдайлардың арасында, негізінен ішкі шаруашылық және учаскелік жерге орналастыруда ескерілетіндеріне жатады:
- жер алаптарының құрамы мен аудандары, оларды әр түрлі мақсаттарға игеру мүмкіншіліктері;
- жалпы өнімге, шығындардың өтелуіне және дифференциалдық табысқа қарай, құндық немесе аналитикалық (балдық) көрсеткіштер арқылы жер сапасының өңдіргіш қасиеттерін бағалау;
- серіктестіктер мен кооперативтердің, шаруа қожалықтары мен басқа да агроқұрылымдардың мамандандырылғандығы (өндірістік бағыттары), шаруашылық аралық және интеграциялық байланыстары, нарықтық инфрақұрылымдары мен өнім тапсыру және жабдықталу пунктерінің орналасуы;
- ауылшаруашылық кәсіпорындары мен бірлестіктердің шаруашылық жүргізу жүйесі және экономикалық нәтежелері, салаларының көлемі мен құрылымы, егіншілік жүйелері мен егістік аудандары, өндірістік және қаржы көрсеткіштері (егіншілік және мал шаруашылығы бойынша), а.ш дақылдарының түсімділігі мен алаптарының өнімділігі, жалпы өнімі мен табысы, кірістері мен өндірістің рентабельділігі;
- шаруашылықтардың ұйымдастыру - өндірістік құрылымы, еңбектің ұйымдастырылу деңгейі;
- кәсіпорындардың еңбек ресурстарымен, а.ш. техникасымен, өңдірістік қорларымен қамсыздандырылғандығы және еңбектің энергиямен қаруландырылғандығы;
- шаруашылықтардың ақшалай қорлары , алынған несиелері, күрделі қаржы жұмсау және несие беру мүмкіндіктері.
Шаруашылықтың іс жүзіндегі жер алаптарының құрамы мен аудандары оның өндірістік бағытын, мамандандырылғандығын және салаларының үйлесімін себептейді. Мысалы, жыртылған жердің үлес салмағы жоғары болса – астық өндіруге, табиғи жайылымдардың молшылығы- қой шаруашылығын жүргізуге қолайлы жағдай жасайды.
Айтарлықтай кең ауданды шабындықтары мен жайылымдары бар шаруашылықтарда басты назар осылардың өнімділігін арттыру, территорияларын реттестіру мәселелеріне аударылады.Керісінше , мал азығы алаптары шамалы кәсіпорындар мал азығын өндіру жыртылған жерге ауыстырылып, көк азық конвейері ұйымдастырылады, арнайы мал азығы ауыспалы егістері енгізіліп, осы мақсатпен жұмысшы учаскелері мен суармалы жайылымдар жобаланады. Осымен қатар трансформацияға жарамды учаскелер белгіленіп, шаруашылықтың мелиоративтік қоры жасалады.
Құндылық бағалауға қатысты материлдар шаруашылықтың қарамағындағы жерлердің экономикалық құнарлылығын сипаттайды. Бұнда табиғи құнарлылықпен бірге жердің елді мекендерден шалғайлығы , эрозияның өршіп кету қауіптілігі, жер массивтеріінің технологиялық қасиеттері, конфигурациялары, көлемдері және бедері ескеріледі.
Бақылау сұрақтары:
1.Жерге орналастыру ғылымының қазіргі проблемалры.
2.Қазіргі нарықтық қатынастар жағдайында жерді ұтымды пайдалану және қорғау мәселесінің мәні.
3.ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы және одан ағындайтын аса маңызды ғылыми зерттеу проблемалары.
4.Ауылшарушылық мақсаттағы жерге жеке меншікті енгізу және осыған байланысты ғылыми-зерттеу міндеттері.
5.Миграциялық ағындарды реттеу мәселесі және оыс жөніндегі ғылыми зерттеулердің міндеттері.