
- •1.Қазіргі қазақ тіліне кіріспе пәнінің нысаны, мақсаты мен міндеті
- •2.Тілдің қоғамдық қызметі және оның даму заңдылықтарын аңықтаныз.
- •3.Жалпы тіл мен жеке тілге тән белгілерді сипаттаңыз.
- •4. Тілтанымда тілдің шығуына байланысты қалыптасқан теориялар туралы түсініктеме беріңіз.
- •5.Тілдердің генеалогиялық топтастырылуы. Үнді-еуропа тілдері семьясы.
- •8. Қазіргі қазақ тіліне кіріспе пәнінің тарихи арнасы мен дереккөздері.
- •9. Тілдердің типологиялық классификациясы.
- •11. Түбір тілдер мен полисинтетикалық тілдер туралы мәлімет беріңіз.
- •12. Көне және Орта түркі ескерткіштері туралы ақпарат беріңіз.
- •13. М.Қашқаридың «Диуани лұғат ит-түрк» сөздігі.
- •14. Қазақ тілі тарихындағы ауызша және жазба тілдің даму тарихы.
- •15. Ұлттық жазба әдеби тілдің қайнар бұлағы. Абай, Ыбырай, Шоқан дәстүрі.
- •16. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновтың әліпби, емле, сөз жүйесі қағидаттары
- •17. Фольклор тілі, жыраулар поэзиясының ерекшелігі
- •18. Функционалды грамматиканың базалық ұғымдары
- •19. Түркі тілдерінің классификациясы
- •20. Фонология, Интонология, Сегментология туралы түсініктеме
- •1. Тіл білімі және салалары
- •29. Құдайберген Жұбановтың қазақ фонетикасы мен халықаралық терминдер туралы көзқарасы
- •31.Қ.Жұбановтың қошқар,айғыр сөздеріне жасаған этимологиялық талдау жасаңыз.
- •32.Қ.Жұбановтың теңдес қосар,сөздес қосар,матаулы қосар,тіркеулі қосар,қосақты қосар түрлеріне мысал
- •33.Қазақ терминологиясын қалыптастырудағы а.Байтұрсыновтың есім,етіс,көмекші сөз,зат есім,сын есім,сан есім,бастауыш,баяндуыш рефермосына талдау жасаңыз.
- •35.Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі, жарнама тілі
- •37.Мемлекеттік тілдің электрондық құралдар мен ғаламтор жүйесіндегі қолдану қызметіне түсініктеме беріңіз.
- •38.Сөз тіркесі мен сөйлем түрлері
- •39.Құрмалас сөйлемдердің семантикалық қатынасы туралы мәлімет беріңіз.
- •40.Жай және құрмалас сөйлем түрлеріне талдау жасаңыз.
- •Практикалық сұрақтарға жауаптар
- •1. Өлең мәтініндегі метафоралық сөз қолданыстардың мағыналық қолданысын түсіндіріңіз
- •6. 1959 Жылғы санақ бойынша Қазақстан халқының этникалық құрамының өзгеруіне қандай себептер болғаны туралы қорытынды пікір жазыңыз
- •10. Жоо, дсұ, стн, әжк, ктк сияқты қысқарған сөздердің толық нұсқасын жазыңыз
Қазіргі қазақ тіліне кіріспе
1.Қазіргі қазақ тіліне кіріспе пәнінің нысаны, мақсаты мен міндеті
Тіл білімінің зерттеу нысаны – адамзаттың сөйлеу тілі, дыбыстық тіл. Сөйлеу әрекеті адамзаттың ойлау әрекетімен және басқа да психикалық әрекеттермен тығыз байланысты. Сөйлеу екі түрлі формада, яғни ішкі және сыртқы формада іске асады.
Қазіргі қазақ тіліне кіріспе пәнінің негізі мақсаты - қазақ тілінің жеке тіл ретінде қалыптасуынан бастап бүгінгі күнге дейінгі даму тарихы, қазіргі қазақ тілінің фонологиялық жүйесі, лексикалық құрамы, номинация теориясы мен семантикалық өрісі, сөз таптарының морфологиясы мен сөзжасамдық жүйесі, құрылымдық грамматика мен функционалдық грамматика қағидаттарының негізігі мәселелері, қазіргі қазақ тіл біліміндегі лингвомәдениеттанымдық, этнолингвистикалық, социолингвистикалық, когнитивтік лингвистика сияқты жаңа бағыттар туралы қысқаша мәліметтер беріледі.
Бұл пәнді оқытуда төмендегідей міндеттерді жүктеледі:
тілдің шығуы, тілдің мәні, табиғаты, тілдің қоғамда атқаратын қызметі туралы ақпарат беру;
тілдердің туыстық мәселесі, салыстырмалы-тарихи тіл білімі, дүние жүзі тілдерінің генеологиялық және типолгиялық классификациясы игерту;
жалпы тіл білімінің бір бөлігі жеке тіл білімі бастауын сонау көне түркілік қабаттан алатын қазақ тіл білімінің бірнеше ғасырлық даму тарихына және жазба мұраларына шолу жасау;
А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов сияқты қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан тілші ғалымдардың лингвистикалық бағыттары мен көзқарастарын бағамдау;
құнарлы да бай сөздік құрамын қамтитын сан алуан көпмағыналық пен синонимдік қатарға бай, орасан мол фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер қорына ие, сөз мағынасының семантикалық шеңбері кең, семантикалық тіркесімділік қабілетке ие, лексикологиялық біртұтастықтан тұратын тіл ретінде жүйелеп көрсету;
фонетиканың дыбыс, әріп, фонема, интонация, буын, графика сияқты өзіне тән фонологиялық жүйесін, сөз бен дыбыстың бірлігін, тіл дыбыстарының классификациясына назар аудара отырып жеке тіл ретінде зерделеу;
сөз тіркесі, сөйлем түрлері сияқты тұрақталған синтаксистік құрылымы мен жаңа көзқарастағы функциональды грамматика мәселерінен ақпарат беру;
семантикалық, синтетикалық, аналитикалық тәсілдері бар жаңа сөз тудыруға қабілетті тіл ретінде тұжырымдау;
жалпы әдеби тіл ретінде өңделген, екшелген, стильдік тармақтары сараланған, заманауи сұраныстарға өзіндік дәрежеде жауап беретін ғылыми терминологиялық
қабаты мен коммуникативтік қызметке ие тілдік ресурстары мол жеке ұлттық тіл ретінде қарастырылады.
2.Тілдің қоғамдық қызметі және оның даму заңдылықтарын аңықтаныз.
Тіл мен қоғамның өзара тығыз байланысы : 1) тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды. Тіл жоқ жерде адамдардың қоғамда бірлесіп етуі мүмкін емес. Тіл – адам баласы қоғамының өмір сүруінің және дамуының қажетті шарты. 2) тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді. Қоғамның өмір сүруі үшін , адамдардың бірлесіп еңбек етуі үшін тіл қаншалықты қажет болса, тілдің өмір сүруі үшін қоғам да соншалықты қажет.Тілдің басқа қоғамдық құбылыстардан айырмасы: тіл – қатынас құралы.
Тілдің табиғаты, қоғамдық, әлеуметтік мәні және қызметі деген мәселелер – социолингвистиканың зерттеу мәселелерінің бірі.
Натуралистік немесе биологиялық көзқарас. Натурализм жеке бір ағым ретінде ғылымда ХІХ ғасырдың ІІ жарт. Дарвин ілімінің әсерінен пайда болды. Тіл ғылымында көріне бастауы да осы кез. Тіл біліміндегі натурализм бағыты Ресей Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Август Шлейхер есімімен байланысты. А.Шлейхер – салыстырмалы тіл білімінде тарихи әдісті қалыптастырушылардың бірі, тілдердің типологиялық және генеологиялық ұқсастықтарын талдаушылардың бірі. Ол славян, балтық, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикасын жазу жолындағы зерттеулері арқылы тіл білімін дамытты, оның бағыт-бағдарына едәуір ықпал жасады.
А.Шлейхер тіл біліміне біршама қате концепциялар да ұсынған болатын. Оның теріс көзқарасының бірі – тіл біліміне натуралистік көзқарасты енгізуі. Бұл бағытта жазылған еңбектерінің қатарына «Лингвистикалық салыстырмалы зерттеу», «Неміс тілі», «Дарвин теориясы және тіл білімі» жатқызуға болады. Бұл еңбектерінде ол «тілді табиги организм» деп анықтайды. Оның түсіндіруінше, тіл де табиғи организм сияқты басқаларға тәуелсіз, өз бетінше өмір сүреді; ол да туады, өседі, қартаяды; табиғи организм болғандықтан, тіл жаратылыс заңына бағынады; соендықтан тіл білімі жаратылыстану ғылымдар тобына жатады, соның бір саласы, – дейді.
Ол тіл білімі тарихында биологиялық құбылысты қалыптастырумен қатар, тіл ғылымының мәселелері жөнінде өзіндік ғылыми жүйе жасаған адам. А.Шлейхер тұжырымдарының барлығы да тілдің өзіндік мәні жөнінде оның екі түрлі концепциясына: 1) тіл – ойды қалыптастыратын құрал; 2) тіл – жаратылыс организмдері ішіндегі ең жоғары организм дейтін концепцияларына негізделеді. Тілдің ойды қалыптастыратын негізгі құрал екендігі белгілі, алайда ол тілдің тағы бір негізгі қызметі «коммуникативтік қызмет» туралы ештеңе де айтпайды. Сонымен қатар ол тілдік өзгерістерді де теріс түсіндірді, соның нәтижесінде тіл тарихын жоққа шығарды. Тілдік өзгерістерді тарихқа дейінгі және тарихтан кейінгі деп екі жікке бөледі.
Сөздердің бір-бірімен грамматикалық байланысы, синтаксистік қатынасы қалай жүзеге асуына байланысты дүние жүзіндегі тілдерді А.Шлейхер түбір тіл, қопармалы тіл және жалғамалы тіл деп үш түрге бөледі де, тіл дамуының үш түрлі сатысы деп көрсетеді.
Тіл біліміндегі натуралистік бағыттың тағы бір көрнекті өкілі – ағылшын тілінің маманы Макс Мюлер. Ол да тіл білімін жаратылыстану ғылымының бір саласы, тілде болатын өзгерістер тілдің дамуы, тарихы емес, табиғаттағы организмдер сияқты өсуі ғана деп қарайды, Бірақ М.Мюлер А.Шлейхердің тілді биологиялық организм дегеніне қосылмайды. Тілдің өмір сүруі тікелей қоғамға байланысты дегенмен, ол тілді зерттейтін ғылым – лингвистиканы табиғаттану ғылымдары қатарына қосады. Ол тілдің даму тарихын жай ғана өсімдіктердің, жануарлардың өсуі сияқты деп түсінді.
Натуралистерге қарсы күрес туын көтере дүниеге келген екінші ағым психологиялық ағым деп аталды.
Психологиялық көзқарас. Соңғы жылдары тілші-ғалымдардың назары адамдардың әлеуметтік, қоғамдық ортадағы тілдік қарым-қатынас орнатуына себеп болатын сөйлеу әрекетін жүзеге асыру процестері, атап айтқанда, айтылған хабарды тез қабылдауда, оны түсініп, оған жауап қайыруда адам жадында сақталған лексикалық бірліктердің (лексикон) ішінен айтылатын ойға сәйкес келетін сөзді дәл табуы сияқты мәселелердің шешімін табуға бағытталып отыр. Сөйлеу, сөйлесу процестерін, сөйлегенді қабылдау, түсіну жағдайларын психологияның қатынасынсыз шешу мүмкін емес. Өйткені тілдік жүйе адам санасында сақталады. Санада сақталатын зат пен оның атауының байланысы, біртектес көп заттарды жинақты бір ғана атаумен атауда басшылыққа алынатын олардың барлығына ортақ ең елеулі, басты белгілерін айқындау әрекеттері – психологиялық әрекеттер болып табылады.
Тіл біліміндегі психологизм бағыты ХІХ ғасырдың орта кездерінен бастап қалыптаса бастады. Оны қалыптастырушылардың қатарына Берлин университетінің профессоры Гейман Штейнтальды жатқызуға болады. Г.Штейнтальдың көзқарасын А.А.Потебня, неміс ғалымдары В.Вундт, Г.Пауль т.б. қолдады. Г.Штейнтальдың тіл мәселелерін психологияның заң ережелеріне негіздеп шешетін концепциялары оның «Грамматика, логика, психология және бұлардың принциптері мен өзара қарым-қатынастары» (1855), «Психология мен тіл біліміне кіріспе» (1881), «Тілдің шығуы» (1851) т.б. деген еңбектерінде баяндалған. Бұл еңбектерінде Г.Штейнталь тілдің өзіндік сырларын жеке адамның психикалық күйі, сөйлеу әрекетін зерттеу арқылы ашпақ болады, «барлығының негізі – адам психикасы» дейді. Тіл біліміне натуралистік көзқарасты енгізушілер Дарвин іліміне сүйенсе, психологиялық көзқарасты жақтаушылар ХІХ ғасырдың көрнекті психологі Герберт ілімін басшылыққа алады. Лингвистикалық психологизм өкілдері тілдік құбылыстарды жеке адамдардың психикалық ерекшеліктеріне, олардың ой-санасындағы өзгеріс-құбылыстарға тәуелді етеді. Олардың айтуынша, тілдегі заңдылық, ондағы өзгерістер қоғам мүшелеріне, қоғамның дамуына байланысты емес, қоғамнан бөлініп алынған жеке адамға, солардың психикасына, тіліне, ойлау дәрежесіне байланысты, соған тәуелді. Жалпы алғанда, халық тілі, қоғам тілі деген – жалған сөз. Тіл ‒ жеке индивидуумдікі. Сондықтан тіл білімінің міндеті – индивидуумның тілін зерттеу. Жеке индивидтердің тілін, психикалық құбылысын зерттеу арқылы тұтас халықтың, ұлттың рухани өмірінің заңдылығын ашуға болады. Психологиялық көзқарастардың бұл түрі тілдің қоғамдық мәнін жоққа шығаратын «индивидуалистік психологизм» деп те аталады.
Психологиялық бағытты ұстанушылар арасында жеке мәселелерге байланысты көптеген қайшы пікірлер бар. Олардың бір тобы индивидуалистік психологизмді басшылыққа алса, екінші бір тобы әлеуметтік психологизмді басшылыққа алады. Индивидуалистік психологизм бағытын ұстанушы Г.Пауль: «Әрбір индивидуумның өзіндік тілі, ол тілдердің әрқайсысының өзіндік тарихы бар дейтін қағида талас туғызбайтыны шындық. Біздер қанша индивидуум болса, сонша тілдің болатындығын ажыратуымыз керек. Ал әлеуметтік психологизм өкілдері индивидуалистердің «ақиқат бар нәрсе – тек индивуумдар тілі ғана» дейтін қағидаларына қарсы: тіл әлеуметтік, оны туғызушы да, қолданушы да жалпы халық, қоғам дегенді айтады. Әлеуметтік социологизм бағытын негіздеушілердің бірі И.А.Бодуэн де Куртенэ «Адамзат тілінің мәні тек қана психикалығында. Тілдің өмір сүруі, дамуы таза психикалық заңдармен шарттас» дей келіп: «Тіл тек адам қоғамында ғана бола алатындықтан, біз онда психикалық жақтың барлығымен қатар әлеуметтік сипаттың барлығын да әрқашан естен шығармауымыз керек. Тіл біліміне тек индивидуалдық психология ғана емес, сонымен қатар социология да негіз болады», – деп жазады.
Психологиялық бағыт қазіргі заман тіл білімінде жоқ емес. Оның үлкен бір тармағы осы күнгі Америка лингвистикасынан берік орын алып отыр. 1953 жылы АҚШ-тың Блумингтон қаласында бір топ лингвистер мен психологтардың, этнографтардың университетаралық семинары болды. Екі айға жуық созылған осы семинардың қорытындысы 1954 жылы жеке кітап болып жарияланды. Онда семинарға қатысушылардың бірлесіп қабылдаған теориялық тұжырымдары мен сөйлеу әрекеттерін эксперимент арқылы зерттеудің міндеттері баяндалған. Кітапта психолингвистиканың негізі – информация теориясы, ал оның бірден-бір нысаны сөйлеу әрекеттерінің коммуникативтік сипаты делінген. Америка психолингвистері тіл білімінің негізгі міндеті – тілдік сигналдарды кодқа түсіру, сөйлеу, сөйлесу процестерінің қалай болатындығын, сөйлеу, сөйлесу әрекеттерінің сөйлеушілер психикасымен қатынасын; қабылдау, түсіну процестерін зерттеумен ғана шұғылдану дегенді айтады. Кеңестік психолингвистикалық мектептердің негізін қалаушы А.А.Леонтьев жаңа ғылым саласының пайда болуын адамзат қоғамының дамуымен, оның ішінде, адамның интеллектуалды әрекеттерінің психикалық табиғатын зерттеудегі ғылыми танымның даму қажеттіліктерімен байланыстырады. Интеллектуалды әрекеттің жоғарғы психикалық қызметін атқарушы сөйлеу әрекеті және ойлау процесін жүзеге асырушы құрал ретінде тіл жүйесі ХІХ–ХХ ғғ. психологтар мен лингвистердің айрықша назарына ілінген мәселелер болатын. Осылайша, психолингвистика – адамның сөйлеу әрекетін, сөйлеу коммуникациясы мен индивидуалды сөйлеу, сөйлесу, ойлау әрекеттерін психологиялық және лингвистикалық аспект тұрғысынан зерттейтін ғылым саласы ретінде өткен ғасырдың 50-жылдары екі ғылыми ілімнің, лингвистика мен психология ғылымдарының тоғысуы нәтижесінде пайда болған.
Тілдің қоғамда атқаратын негізгі және қосымша қызметтері бар. Тіл адамзат баласының бір-бірімен тілдік қатынас жасау қажеттілігі қоғамдағы атқаратын коммуникативтік қызметін негіздейтін болса, жеке индивидтің өз ойын қалыптастыруы мен сол ойды жарыққа шығаруы тілдің сигнификативті қызметін қалыптастырды.