2.2.Тарихы
Археологиялық ескерткіштер Үндістанда тас ғасыры кезеңінің өзінде-ақ адамзат қоғамының өмір сүргенін дәлелдейді. Бұл дәуірдің қабаттарынан шелль-ашель мәдениетіне жататын тас құралдар табылған. Инд өзенің жазығынан табылған қола мәдениетінің қалдықтары б.з.б. 3-мыңжылдықтың бас кезіне жатады. Инд жазығындағы ежелгі мәдениеттер б.з.б. 3-мыңжылдықтың 2-жартысынан б.з.б. 2-мыңжылдықтың 1-жартысына дейін, Гуджтаратта бұдан да бұрынырақта пайда болған деп есептелінеді (Хараппа мәдениеті). Б.з.б. 2-мыңжылдықтың 2-жартысында Үндістанға арийлер келіп, алғашында Пенджабты, соңынан Ганг жазығын мекендеді. Ежелгі үнді діни мадақтау жырлары мен жадылау өлеңдерінің жинағы — ведалар арий тайпаларының өмірін суреттейді. Арийлер мал, егін өсірумен айналысып, әр түрлі қолөнерді меңгерді, сауда-саттық жүргізді. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың 1-жартысында Солтүстік Үндістанда бірнеше құл иеленуші мемлекеттер пайда болды. Бұл кезеңнің тарихы аз зерттелген. Б.з.б. 6 ғасырдағы құл иеленуші мемлекеттердің көпшілігі Солтүстік Үндістанның шығыс бөлігінде, Ганг мен Джамнаөзендерінің алаптарында орналасты (Анга, Магадха, Вриджи, Каши, Кошала, Панчала, Ватса, Куру, т.б. мемлекеттер). Олардан солтүстік-батысқа және оңтүстікке қарай орналасқан Гандхара, Аванти, т.б. мемлекеттер жөнінде деректер аз сақталған.
Бұл құл иеленуші мемлекеттердің халқы 4 топтан құралды:
брахмандар;
кшатриялар;
вайшьялар;
шудралар.
Олардың алғашқы екеуі артықшылық жағдайда болды. Патша қазынасына егіншілер түскен өнімнің 1/6 — 1/12 бөлігін берді. Патша сондай-ақ қолөнершілер еңбегін пайдалану (айына 1 күн), әр түрлі алым-салықтар жинау құқығына ие болды. Егіншілер рулық және көршілік қауым болып өмір сүрді. Құлдардың еңбегі негізінен үй ш-нда пайдаланылды. Б.з.б. VI — IV ғасырларда қол жеткен экон. прогресс ежелгі үнді қоғамы өмірінің жағдайларына айтарлықтай өзгерістер енгізді. Тауар-ақша қатынастарының дамуы құлдықтың таралуына жағдай жасады. Әлеум. қарама-қайшылықтардың өсуі діни-сектанттық қозғалысты туғызды, олардың ішінен буддизм мен джайнизм ерекшеленді. Б.з.б. IV ғасырдың ортасында Нанд әулеті билеген Магадха мемлекетіне Ганг жазығы түгел бағынды. Инд өз. жазығының бір бөлігін Ахемен әулеті жаулап алды. Б.з.б. 327 — 325 жылы Үндістанға Александр Македонский әскері баса-көктеп кіріп, Биас өзендеріне дейінгі жерді иеленді. Магадханың көршілес аймақтарды басып алуы Маурья әулеті тұсында да жалғаса берді. Ашок патшаның кезінде Маурья әулеті Үндістанға түгелдей дерлік, қазіргі Ауғанстан аумағының бір бөлігіне өз биліктерін орнатты. Олар күшті әкімш. және әскери аппарат құрды. Бірақ ішкі қарама-қайшылықтар мен Үндістанға бактрия гректерінің баса-көктеп кіруі оларды әлсіретіп жіберді. Б.з.б. II — I ғасырларда Солтустік Үндістанда грек-бактриялықтар, парфиялықтар мен шактардың көптеген әулеттері билік жүргізді. Осы кезде Деканда Сатавахандар мемлекеті күшейе бастады. Б.з.б. I ғасырда Солтүстік Үндістанның көпшілік бөлігі Кушан патшалығының билігіне көшті.I — III ғасырларда Үндістан Риммен қызу сауда жүргізді. Шығыстағы елдермен, Қытаймен сауда қатынастары кеңейді. VI — XII ғасырларда Үндістанда көптеген ортағасырлық мемлекеттер өмір сүрді. Олардың арасында үздіксіз соғыс жүрді. VIII — X ғасырларда Солтүстік Үндістандағы мемлекеттердің неғұрлым ірілері — Палдар мен Гурджара-Пратихарлар мемлекеттері еді.
VIII ғасырдың басында Синдіні арабтар жаулап алып, елге ислам діні тарай бастады. XI ғасырдың бас кезінде Үндістанның солтүгіне Ғазнауи сұлтандығының билеушісі — Махмұд Ғазнауи бірнеше рет жорық жасап, Пенджабтың біраз бөлігін бағындырды. XII ғасырдың соңы — XIII ғасырдың бас кезінде Солтүстік Үндістанды Гурлар мемлекетінің билеушісі — Мұхаммед жаулап алды. Ол қайтыс болғаннан кейін оның Ганг жазығындағы жергілікті билеушісі өзін тәуелсіз деп жариялап, астанасы Дели болған өз мемлекетін құрды (қ. Дели сұлтандығы). Кришна өзеннен оңтүстікке қарай XIV ғасырдан XVII ғасырдың 1-жартысына дейінгі аралықта үлкен мемлекет — Виджаянагар өмір сүрді. 1565 жылы Виджаянагар билеушісі Кришна өзеннің жағасында Декан мұсылман одағынан жеңіліп, патшалығы ыдырап кетті. XVII ғасырдың ортасына таман бірнеше дербес князьдіктер құрылды (Мадура, Майсур, т.б.).
Колониялық дәуір. 15 ғасырдың соңында Үндістанда алғашқы еуропа отаршылар — португалдар пайда болды. 16 ғасырдың 1-жартысында олар теңіз жағалауларындағы бірқатар пункттерге (Гоа, Даман жәнеДиу, т.б.) бекініп, Үндістанның теңіз саудасына бақылау орнатты және басып алынған аумақтағы халықты отаршылдық езгіге түсірді. Ал солтүстік Үндістанды Ұлы Моғолдар империясы біріктірді (қ. Моғолдар әулеті, Бабыр).
