
Жоспары:
Кіріспе
II Негізгі бөлім:
2.1.Табиғаты.………………………………………….....................3
2.2.Тарихы ………..………….......................................................…5
2.3.Британдық Үндістан .………………………………………....7
2.4.Тәуелсіз Үндістан........................................................................9
2.5.Әдебиеті мен Өнері....................................................................10
III Қорытынды…………………………………………………….15
Пайдаланылған әдебиеттер………………………………………16
Кіріспе
Үндістан – Оңтүстік Азияда Үндістан түбегінде орналасқан мемлекет. Үндістан – өзінің аса бай мәдениетімен және ежелгі өркениетімен әйгілі ел. Ол – терең тамырлы философияның, мол өзіндік ізгі рухани мұраның, сыры да, сыны да сақталған әдет-ғұрыптар мен дәстүрдің, жер-жаһанға әйгілі махаббат күмбезі Тәж-Махал, Лотосхрам сынды сәулеттік жауһарлардың, терең қайнарлы би мен саздың, ғажайып үнді киносы мен жұпар иісті үнді шайының елі. Ол – “барлық халықтардың жүрегін біртұтас өмірдің ырғағында тоғыстырған” (Үндістанның “Халықтың жан жүрегі” мемлекеттік Әнұранынан) әр түрліліктегі бірлестіктің үлгісі.Үндістан Республикасы — Үнді мұхиты алабында, Гималай тауларынан оңтүстікке қарай Оңтүстік, Оңтүстік-Батыс Азия елдерін Еуропа және Африкамен байланыстыратын маңызды теңіз және әуе жолдарының торабында жатыр. Батыс жағалауларыАраб теңізінің, шығыс жағалаулары Бенгал шығанағының суларымен қоршалған. Аумағы 3,3 млн. км² (Лаккадив, Андаман жәнеНикобар аралдарын қоса есептегенде). Астанасы — Дели (Нью-Дели) қаласы. Халқы 1 млрд. 33 млн. (2001), оның 72%-ы шығу тегі жағынан үнді-арийлер, 25%-ы дравидтер (негізінен оңтүстікте тұрады), 3%-ы — моңғол тектестер.
Халқының 9/10 бөлігін ірі ұлттар: хиндустандықтар(31%-дай), бихарлықтар, бенгалдықтар, телугулар, маратхилер, тамильдер, гуджараттар, малаялилер, каннара,ориялар, пенджабдықтар, раджастхандар, ассамдықтар, кашмирліктер, т.б. құрайды.
Діни құрамы:
индуизм дініне табынатындар — 80,3%;
мұсылмандар — 11%;
мәсіхшілік дініндегілер — 4%-дай;
сикхтар — 2,8%, т.б.
Ресми тілдері — хинди және ағылшын, сондай-ақ штаттарда 18 тіл ресми болып есептеледі. Халық Инд-Ганг ойпатындағы аудандар мен теңіз жағалауларында тығыз, солтүстіктегі таулы және шөлді аудандарда сирек қоныстанған. Халқы негізінен ауылды жерлерді мекендейді. Сондықтан табиғи өсімі жоғары. Қала тұрғындары халықтың 28%-ын құрайды.
Ірі қалалары: Калькутта, Бомбей (Мумбаи), Дели, Ченнаи (Мадрас), Бангалор, Ахмадабад, Хайдарабад, Пуна, Канпур, Нагпур, Джайпур, Лакхнау.
2.1. Табиғаты
Үндістан негізінен Үндістан түбегін, Гималай мен Қарақорымның бір бөлігін, Инд-Ганг жазығының шығыс бөлігін, Бенгал шығанағы мен Араб теңізінің бірнеше аралдар тобын қамтиды. Ел аумағының 3/4 бөлігі — жазықтар мен үстірттер. Үндістанды түгел дерлік Декан таулы үстірті алып жатыр (шығысқа қарай 900 м-ден 300 м-ге дейін аласарады). Теңіз жағалаулары негізінен аласа, құмдауыт, аз тілімденген. Кеме тоқтайтын қолайлы орындар аз, сондықтан көптеген ірі порттар өзендер жағасына (Калькутта) орналасқан немесе жасанды жолмен салынған (Мадрас). Батысында үстірт биіктеп, Батыс Гаттар тауын құрайды. Оның теңіз жағалауындағы беткейлері тік жарлы, шығыс жағы ірі өзендердегі (Кришна, Годовари, Маханади, т.б.) жазықтармен тілімденген. Батыс Гаттар тауы оңтүстікте Апаймалай, Кардамон тауларымен (ең биік жері — 2633 м) жалғасады. Солтүстік-батысында эрозиядан қатты бүлінген, қысқа, қатарлас қырқалардан құралатын ежелгі қатпарлы тізбек — Аравали таулары (биіктігі 1722 м-ге дейін) орналасқан. Декан үстірті солтүгінде Малва базальтты таулы жазығының жарлауыт шеті болып табылатын Виндхья тауларымен (ең биік жері — 881 м) шектеледі. Декан үстіртінің шығыс қиыр шетінде өзендермен жеке массивтерге бөлшектенген Шығыс Гаттар таулары (ең биік жері — 1680 м) орналасқан. Үндістан түбегінің солтүстігіне қарай аллювийлі Инд-Ганг жазығы жатыр. Оның солтүстігінен бастап үш тік құз баспалдақ түрінде дүние жүзіндегі ең биік таулы жүйелер — Гималай таулары мен одан солт-ке қарай Қарақорым көтеріледі (ең биік жері — Гималайдағы Нангарпарбат тауы — 8126 м). Гималайдың бұл баспалдақтары — Сивалик таулары (800 — 1200 м), Кіші Гималай (2500 — 3000 м), Үлкен Гималай (5500 — 6000 м, одан да биік) бір-бірінен тауаралық қазаншұңқырлар тізбегімен бөлінген. Үлкен және Кіші Гималайлардың жер бедері альпілік формада, өзендермен терең бөлшектенген. Тас көмір, темір кентастары, марганец, хромит, боксит, алмас кен орындары бар.
Климат. Климаты негізінен тропиктік, солтүстігінде тропиктік муссондық. Үндістан егіншілігі үшін орасан рөл атқаратын жазғы ылғалды муссон кезінде жауын-шашынның 70 — 90%-ы түседі. Қысы құрғақ әрі салқын, наурыз айынан мамырға дейін құрғақ, ыстық маусым басталады. Қаңтардың орташа температурасы солт-тегі 15°С-тан оңт-тегі 27°С-қа, мамыр айында 28°С-тан 35°С-қа дейін жетеді. Инд-Ганг жазығының батысындағы жылдық жауын-шашын мөлш. 100 мм-ден кем болса, Деканның орталық аудандарында 300 — 400 мм, Шығыс Гималай мен Гаттардың сыртқы беткейлерінде 3000 — 6000 мм-ге, Шиллонг таулы жазығындағы (Жер шарындағы құрлықтың ең ылғалды орны) Черапунджиде 12000 мм-ге дейін жетеді.Еріген қар, мұздықтар мен жауын-шашын суымен толығатын Гималайдан басталатын өзендердің суы жыл бойы мол болады. Декан үстіртіндегі өзендер ағыны муссондық маусымға байланысты өзгеріп отырады, маусымнан қазан айына дейін суы молаяды. Барлық ірі өзендерде жазда су деңгейінің шұғыл көтерілуі байқалып, тасқын жиі болып тұрады.Ірі өзендері: Ганг, Инд, Брахмапутра, Годавари, Кришна, Нарбада, Маханади, Кавери. Олардың көпшілігінің егіншілік үшін маңызы зор. Ірі көлдері аз, олар негізінен шығу тегі мұздық немесе тектоникаллық таулы аудандарда орналасқан. Ең үлкені — Кашмир жазығындағы Вулар көлі. Өзендерінің кейбіреулерінде кеме қатынасы бар.
Жануарлар және Өсімдіктер әлемі.Декан үстірті мен Инд-Ганг жазығының табиғи өсімдік жамылғысы күшті өзгерген, саванналар, ксерофитті сирек ормандар басым, кей жерлерде жапырағы түсетін ормандар бар. Солтүстік-батыста бұталар өскен шөлейттер мен шөлдер басым. Батыс Гаттардың желді беткейлерінде, Ганг мен Брахмапутра атырауында, Шығыс Гималайдың тауалды аймақтарында мәңгі жасыл тропиктік ормандар, Гималайдың етегінде — тераилар (батпақтанған джунглилер), одан жоғарырақта — муссондық, аралас және қылқан жапырақты ормандар, тау шалғындары өседі. Ормандар ел аумағының 1/4-іне жуығын алып жатыр.
Негізгі ұлттық саябақтары: Казиранга, Гир орманы, Манас, т.б. Көптеген резерваттар бар.
Үндістанның жануарлар дүниесі басқа Азия елдерінен ерекше. Сүтқоректі жануарлардан маймылдар (макакалар, гиббондар), бұғылар (теңбіл, замбар және қара), киіктер, өгіздер (гаур, ергежейлі және үнді буйволдары) тіршілік етеді. Үнді пілі, жолбарыс, қабылан, гималай аюы кездеседі. Арыстан, леопард, Кашмир бұғысы түгелге дерлік жойылған. Үндістанда құстар, қосмекенділер, жыландар мен балықтардың көптеген түрлері тіршілік етеді.