- •Дәрістер тезистері
- •Тақырыбы: «тұрғындар географиясы» пәні, оның міндеттері мен маңызы, тарихи қалыптасуы
- •Тақырыбы: халықтың ұдайы өсіп-өнуі және жастық-жыныстық құрамы
- •Демографиялық саясат және халықтың өсуiн реттеу
- •Халықтың жастық және жыныстық құрамы
- •Тақырыбы: дүние жүзі халықтарының нәсілдік құрамы
- •Тақырыбы: дүние жүзі халықтаРынЫң діни құрамы және өркениет географиясы
- •Тақырыбы: еңбек ресурстары және оларды қолдану
- •Халықтың жұмыспен қамтылуы
- •Тақырыбы: ХаЛықтың көші-қон (миграциясы)
- •Тақырыбы: халықтың таралып орналасуы
- •Тақырыбы: қоныстану географиясы, қала-село халқы және урбандалу мәселелері
- •Зертханалық сабақтардың сипаттамасы
- •Соөж, сөж (жоспарлар, сабақтарды жүргізуге арналған тапсырмалар).
- •Ауылдық елді мекендер
- •ТақырыпбыТұрғын халықтың көші-қоны (миграциясы)
- •Емтиханға дайындалуға және өзін-өзі тексеруге арналған тапсырмалар, соның ішінде тесттер
- •«Тұрғындар географиясы» пәніне арналған тест сұрақтары
- •Негізгі және қосымша әдебиеттер тізімі
- •Қосымша әдебиеттер
- •Глоссарий
Демографиялық саясат және халықтың өсуiн реттеу
Жалпы демографиялық хал-ахуалға кейiнгi жарты ғасыр iшiнде мемлекеттер тарапынан жүргiзiлiп отырған демографиялық саясат үлкен әсер етiп отыр. Бұл жүйелi түрде — халықтың ұдайы өсу процесiне, әсiресе оның туу мөлшерiне әсерiн тигiзу мақсатында жүргiзiледi. Ол екi түрлi бағытта ықпал ету аясында, халықтың өсiп-өнуiне әкiмшiлiк, экономикалық, әлеуметтiк, үгiт-насихат және басқа да шаралар жүйесiнде жүргiзiлуде. Мысалы, халықтың ұдайы өсуiнiң бiрiншi типiнде тууды қолдауға бағытталған демографиялық саясат белсендi түрде жүргiзiлсе, екiншi типiнде, керiсiнше, оны шектеу саясаты қолға алынуда. Әсiресе отбасы мөлшерiн жоспарлау жөнiнен көптеген дамушы елдерде ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мұнда Қытай үкiметiнiң тәжiрибесi халқының табиғи өсiмi аса жоғары елдер үшiн үлгi боларлықтай (соңғы 50 жылда ол 30%-дан 10%-ға дейiн төмендедi). Бұл тұрғыдағы шектеу саясатын Оңтүстiк Азия, бiрқатар Африка және Латын Америкасы елдерi де пәрмендi жүргiзуде. Оның нәтижесi, көбiнесе, Африканың, т.б. аймақтардың дамуы нашар елдерiнде әлi де төмен.
Бiздiң елiмiзде де демографиялық ахуалды тұрақтандыруға және ондағы жағымсыз тенденцияларды болдырмауға бағытталған қолдау саясаты жүргiзiлуде. Осы орайда оған үкiмет тарапынан ерекше көңiл бөлiнiп, 2000 жылғы 17 тамызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк демографиялық концепциясы туралы», ал 2001 жылғы 30 қазанда «Қазақстан Республикасының 2001—2005 жылдарға арналған демографиялық даму бағдарламасы» жайлы қаулылары қабылданды. Республикамыздың демографиялық хал-ахуалын сауықтыру барысында және оны жүзеге асыруда, “Көшi-қон және демография жөнiндегi агенттiк” ауқымды iс-шаралар жүргiзуде.
Дамушы елдерде 1950—1990 жылдар арасында, халық өлiмiнiң күрт азаюы мен олардағы туудың дәстүрлi деңгейiнiң сақталуы нәтижесiнде халықтың өсiмi жоғары болды. Бұл құбылыс «демографиялық жарылыс» деп аталады. Оның нәтижесiнде, мұнда тұратын Жер шары халқының 2/3 бөлiгi жылына 25—30%º шамасында өсiп, дүниежүзi халқын соңғы 40 жылдай уақытта екi еседен аса өсiрдi. Мысалы, дүниежүзi халқы 1960 жылы 3 млрд шамасында болса, ал 2000 жылы оның саны 6 млрд адамнан асты. Халықтың ұдайы өсуiнiң екi түрлi: дамыған және дамушы елдердегi типтерiнен басқа олардың аралығында бiрнеше өтпелi түрлерi де бар. Осы халықтың ұдайы өсуiнiң бiр типiнен екiншiсiне өтуiн, француз демографы А.Ландри «демографиялық төңкерiс» деп атаған. Сонымен бiрге «демографиялық дағдарыс» ұғымы көптеген Еуропаның дамыған елдерiне тән болып отыр. Бұл елдерде халықтың өсуi емес, керiсiнше, оның кемуi байқалады. Халықтың көбею қарқынында жеке дүние бөлiктерi мен елдер арасындағы айырма ұлғая түсiп, ол халықтың таралып орналасуында үлкен географиялық өзгерiстерге әкелдi. Мысалы, 1960—2000 жылдар арасында: Еуропа халқы 25%-ға көбейсе, ол Азияда — 114%-ға, Африкада — 211%-ға, Солтүстiк Америкада — 147%-ға көбейдi.
Халықтың ұдайы өсуiнiң өтпелi түрлерiне келсек, олар туудың орташа мөлшерiмен, өлiмнiң аздығымен және халықтың бiрыңғай өсуiмен сипатталады. Халықтың ұдайы өсуiнiң бiр түрiнен екiншi түрiне ауысуының негiзгi себебiне қоғамдағы әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстер жатады. Ол өз кезегiнде демографиялық процестердiң нәтижесiнде тууға әсер ете отырып, халықтың құрылымын үлкен өзгерiстерге ұшыратады. Мәселен, адамзат қауымдастығы өз басынан табиғи өсiмнiң аса жоғары деңгейiн өткердi. Ендiгi жерде әлем тұрғындарының, әсiресе дамушы елдердегi халықтың күрт өсуiн болдырмай тұрақтандыру қажет. Алайда планетамыздың халқы жыл санап көбею үстiнде. Осыған байланысты тұрақтандыруға жетудiң тура жолы бiрiншi кезекте — дамуы кенжелеп қалған елдер халқының өмiр сүруi мен мәдени деңгейiн көтеру, ғылымы мен бiлiмiн дамыту. Бұл жерде осы тұрғыдағы көптеген дамушы мемлекеттердiң ұстанып отырған демографиялық саясатының маңызы аса зор.
