
- •Майдандағы қазақстандықтар
- •Қазақстандықтар Москва үшін шайқаста
- •Қазақстандықтар Ленинград үшін шайқаста
- •Қазақстан - майдан арсеналы
- •Қазақстан – Сталинград майданының ең жақын тылы
- •Азат етушілер бағыты – Батыс
- •Соғыстың аяқталуы
- •Ғылым мен мәдениет - майданға
- •Соғыс жылдарындағы ұлтаралық қатынастар
Қазақстан 1941-1945 жылдардағы
Ұлы Отан соғысы кезінде
Фашистік Германияның КСРО-ға шабуылы
1941 жылы 22 маусымда Фашистік Германия соғыс жарияламастан жасалған келісімді бұзып, КСРО аумағына басып кірді. Ұлы Отан соғысы осылай басталды. Гитлерлік Германия осыған дейін Еуропаның көптеген мемлекеттерін басып алған болатын.
Фашистік Германияның негізгі мақсатының саяси және экономикалық астары болды. Герман империясы шикізат үшін, азық-түлік базасы ретінде қуыршақ мемлекет құруды көздеді.
Қуыршақ мемлекет жобасы фашистер жасаған «Барбаросса» жоспарында көрсетілді. Жоспар бойынша фашистер КСРО жерінде Остланд, Украина, Московия, Еділ-Орал, Түркістан сияқты рейх комиссариаттарын құруды көздеді. Жоспарда көрсетілген «Үлкен Түркістан» отарының құрамына Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан, Орта Азия, Әзірбайжан, Кавказ, Қырым, Ауғанстан, Шыңжан кіргізілді.
Фашистер Кеңес адамдарын қырып-жою жолына осылай түсті.
Ал Кеңес адамдарының патриоттық сезімі, әрине, бұл жоспарға қарсы тұра білді. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өзі еркімен жаппай жазыла бастады. Мысалы, Алматы медицина институтының студенті Мәншүк Мәметова: «Отбасымыздан майданға жіберетін ешкім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан өзімді жіберуді өтінемін», - деп әскери комитетке өтініш берді.
Елімізде 2 млн-нан астам адам міндетті әскери даярлықтан өтті.
Майдандағы Қызыл Армия қатарына 1200000-ға жуық (1196164) қазақстандық аттанды. Майданға қажетті әскери кадрларды даярлау ісі тылда қарқынды жүргізілді. Соғыс болып жатқан өңірлерден Қазақстанға 27 әскери оқу орны көшірілді. Онда соғысқа қажетті 16000 әскери офицер даярланды. 42000 қазақстандық әскери училищеде оқыды.
Бұл әскери оку орындарының түлектері арасында кейіннен КСРО батыры атанғандар көп болды.
Мысалы, Шымкент Чугуев әскери авиация училищесінде КСРО-ның үш мәрте батыры И.Н. Кожедуб оқыды.
Қазақстан экономикасын соғысқа бейімдеу
Соғыстың басталуына байланысты ел экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу басталды. Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты, Қарағанды көмір шахталары сияқты соғысқа қажетті өнімдер шығаратын өнеркәсіп құрылыстарын салып аяқтады. Соғыс жүріп жатқан жерлерден және майданға жақын аймақтардан 220 зауыт пен фабриканы, кәсіпорынды Қазақстанға көшіру жургізілді.
Өнеркәсіптерді Қазақстан жеріне көшіру екі рет жүргізілді:
1. 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың басы;
2. 1942 жылдың күзінде.
Өнеркәсіп орыңдары, кәсіпорындар, негізінен, Москва, Ленинград облыстарынан, Украина, Белорусь жерлерінен әкелінді.
Москва қаласы және Москва облысынан көшірілген кәсіпорындар: Москва авиация жасау зауыты, Урюпа етконсерв зауыты, Дзержинский атындағы электротехника зауыты, Москва рентген зауыты, №3 Александр радио зауыты, С. Орджоникидзе атындағы механика зауыты т.б. Жалпы, Қазақстанда Москва қаласы мен облысынан көшірілген 40 зауыт орналастырылды.
Украинадан Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар: Харьков электротехника зауыты, Подольск механика зауыты, Запорожье ферроқорытпа зауыты, Днепропетровск вагон жөндеу зауыты т.б. Украина КСР-інен Қазақстанға 70 өнеркәсіп орны мен жабдығы әкелінді.
Майданға жақын өңірлерден Қазақстанға әкелінген жеңіл тоқыма кәсіпорындарының саны 53 болды. Мысалы, Киев аяқкиім фабрикасы, Володарский атындағы тігін фабрикасы, Ивантеев тоқыма фабрикасы т.б.
Қазақ КСР-не әкелінген өнеркәсіптер мен фабрикалар, кәсіпорындар Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды.
Әрине, Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Өнеркәсіп орындарымен бірге Қазақстанға майдан өңірінен көптеген мамандар да көшірілді. Мысалы, тек қана Донбасстан 3200-ге жуық шахтер, 2000-дай құрылысшы келді. Майдан өңірлерінен келген инженер-техниктер саны 7000-дай болды.
Соғыс уақытында жұмысшылардың белсенділігі де артты. Олардың соғыс қажетіне аянбай жұмыс істеуі жеңіске алғышарт жасады. Көптеген еңбек орындарында жұмысшылар аянбай жұмыс істеді. Мысалы, Павлодар кеме жөндеу кәсіпорнының, Шымкент жөндеу кәсіпорнының жұмысшылары.
Соғыс жылдарында Қазақстан майданды шикізатпен қамтамасыз ететін негізгі әскери өнеркәсіп базасы болды.
1942 жылы Қазақстан КСРО-да өндірілген көмірдің 13%-ын, қорғасынның 85%-ын, молибденнің 60%-ын берді. «Шығыс Қоңырат» кеніші елімізде өндірілген молибденнің 60%-ын берді. Жезқазған мыс кенішінің қуаты өсті.
Ауыл шаруашылығының жағдайы өте ауыр болды. Жұмысшылар саны 600000 адамға кеміді (1942 жылы).
Ерлердің жаппай майданға аттануы себебінен 1942 жылы шаруашылықта әйелдер еңбегінің үлесі 75%-ға жетті. Соғыстың алғашқы жылдарында ауыл шаруашылығына 55000-ға жуық әйел механизатор даярланып аттанды.
1942 жылы Қазақстанда егіс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 842000 гектарға көбейді.
Қазақстан майданды малмен және мал өнімдерімен қамтамасыз ететін негізгі республика болды. Соғыс кезінде Қазақстан мал саны жөнінен одақта Ресейден кейінгі 2-орында болды.
Соғыс жылдарында тылда еңбек еткен жұмысшылар ерлігі аңызга айналды. Георгий Хайдин мыңдықшылар қозғалысының жетекшілері А. Семиволос пен И. Янкиннің әдісін қолданған республикадағы үздік бұрғылаушы болды. Соғыс жылдарында Ы. Жақаев, Ш. Берсиев, Б. Сомжүрекова, Ким Ман Сам, В.П. Кривич, И.Я. Кудлай есімдері бүкіл елге мәшһүр болды.
Майдандағы қазақстандықтар
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты. Олар Отан үшін фашистерге қарсы бағытталған ұрысқа аянбай кірісті. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер майданға жіберілді. Брест қамалын қорғаушылар арасында В. Фурсов, Қ. Түрдиев сияқты қазақстандықтар болды. 1941 жылы 24 маусымда қазақстандық 219-атқыштар полкі Шяуляй қаласының (Литва) түбінде соғысқа кірісті. Бұл полк азамат соғысы жылдарында құрылған болатын. Дивизия комиссары қазақстандық Е.П. Рыков Полтава жерінде ерлікпен қаза тапты. Танк әскерлерін басқарған генерал-майор К.А. Семенченко фашистерге қарсы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін КСРО батыры атанды.
Қазақстандықтар Москва үшін шайқаста
Қызыл Армия Москва түбінде гитлерлік басқыншыларды алғаш рет жеңді. Бұл жеңісте қазақстандықтардың үлесі де көп болды. Қазақстандық генерал-майор И.В. Панфилов пен комиссар А.С. Егоров басқарған 316-атқыштар дивизиясының аты аңызға айналды. Бұл дивизия 1941 жылы 26 қазаннан 18 қарашаға дейін ерлікпен жауға қарсы Шайқасты. 1941 жылы 18 қарашада И.В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Бұл дивизияның политругі В.Г. Клочковтың: «Россия – кең-байтақ, бірақ шегінерге жол жоқ, артымызда – Москва», - деген сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Панфиловшы, ротаның саяси жетекшісі, қазақстандық КСРО батыры П.Б. Вихрев те ерлікпен қаза тапты.
Бауыржан Момышұлы басқарған батальон жаумен болған шайқаста ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Москва облысының Бородино селосының түбінде неміс штабына басып кіріп, немістердің көзін жойған Т. Тоқтаровқа Кеңестер Одағының батыры атағы берідді.
М. Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы да ерекше ерлік көрсетіп, жау танкілерінің бірнешеуін жойды. М. Ғабдуллинге Кеңестер Одағы батыры атағы берідді.
Бородино селосының түбінде Амангелді Имановтың ұлы Рамазан Амангелдиев 13 фашистің көзін жойды.
Фашистердің Москва түбінде жеңілуі, яғни «Блицкриг» жоспарының күйреуі жеңістің бастамасы, Ұлы Отан соғысындағы түбегейлі бетбұрыс болды.
Қазақстандықтар Ленинград үшін шайқаста
Ленинград қаласын қорғауға Қазақ КСР-де құрылған 310-атқыштар дивизиясы мен 314-дивизия алғашқы кезеңнен қатысты.
Ленинград үшін шайқаста қазақ жауынгері Сұлтан Баймағанбетов кеудесін оққа төсеп, Александр Матросовтың ерлігін қайталады. Ол Кеңестер Одағының батыры атанды.
Балтық флотында көптеген қазақстандықтар жауға қарсы ерлікпей шайкасты. Мысалы, «Киров» крейсерінде 156 қазақстандық болған. Қазақстаннан барған әскерлердің 30%-дан астамы Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысты. Рота командирі Қойбағаров өз бөлімшесімен неміс окоптарына басып кіріп, өшпес ерлік жасаған. Одан басқа Ленинград түбінде Дүйсенбай Шыныбеков, С. Жылқышев, Г.П. Зубков т.б. қазақстандықтар ерекше ерлік көрсетті.
1941 жылы қыркүйекте қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ленинградтықтарға арнап жазған «Ленинградтық өренім» жыры фашистердің қоршауындағы қаһарман қала халқына, оны қорғаушыларға үлкен рухани дем берді.
Қазақстан - майдан арсеналы
Алғашында Ресей мен Украинадағы өнеркәсіп орындары, көмір кен орындарының, электр станцияларының гитлерлік армия қолына өтуі майдан үшін қатер болып төнді.
Осыған байланысты Қазақстанды ірі әскери, экономикалық база қылып, ондағы өнеркәсіп орындарының куатын арттыру мақсатында көптеген шаралар қолданылды.
1942 жылы Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Қарағандыда көмір өндіру ісін арттыру жөнінде шаралар қолдану туралы қаулы шығарды. Қарағанды шахтасына мемлекетіміз жан-жақтан қолдау көрсете бастады. Ембіде мұнай өндіру ісіне де көп көңіл бөліне бастады. Гурьевте мұнай өңдеу зауыты салынды. Ембіге Әзірбайжаннан 400-ге жуық мұнайшы келді. Ембіде және «Ақтөбенефть» кәсіпшілігінде майдан қажетіне артық мұнай өндірілді. 1943 жылы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің шешімімен Қарағанды металлургия зауыты салына бастады. 1943 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты іске қосылып, алғашқы өнімін бере бастады.
Балқаш пен Алтайдағы түсті металлургиялық кәсіпорындардың қуатын арттыру туралы шешім қабылданды. 1943 жылы Жезқазған комбинаты іске қосылды. Бұл өнеркәсіп орны да құрылған күннен бастап майдан қажеті үшін еңбек етті. Ауыл шаруашылығы да майдан қажеті үшін жұмыс істеді. 1943 жылы егістік көлеміне 775000 гектар жер қосылды. Ауыл шаруашылығында еңбек еткен Ыбырай Жақаев, Шығанақ Берсиев, Ким Ман Сам есімдері соғыс жылдарында белгілі болды. 1943 жылы Ш. Берсиев бастаған тары өсірушілер әр гектардан 201 центнер өнім алып, әлемдік рекорд жасады. Ал Сырдария жерінде Ы. Жақаев күріштің әр гектарынан 1260 пұт өнім алды.
Павлодарлық әйел А. Дацкова әр гектардан 52 центнер өнім алды. Республикадағы барлық кәсіпорын жұмысшылары «жеңіс қорына» өз үлестерін қосты.
1944-1945 жылдары Қазақстанда Белоусов байыту фабрикасы, Текелі қорғасын-мырыш комбинаты, Гурьев мұнай өндеу зауыты сияқты кәсіпорындар іске қосылды.