
5 – БӨЛІМ. ЖАС ЕРЕКШЕЛІК ПСИХОДИАГНОСТИКАСЫ
5.1 Мектеп жасына дейінгі балалардың психодиагностикасы
5.2 Мектеп жасындағы балалардың диагностикасы
5.1 Мектеп жасына дейінгі балалардың психодиагностикасы
Мектеп жасына дейінгі балалармен жүргізілетін диагностикалық жұмыстың коррекциялық, дамытушы әсері де оған параллель болуы керек деп санаймыз. Ал мектеп жасына дейінгі кезеңді «бала – бала» жүйесі В.С. Мухина еңбектерінде сипатталады. Зерттеуші балалардың өзара карым – катынас құруы оның психикалық дамуына жағдай жасайтындығын атап көрсетеді.
Онда негізгі үш жағдай баса көрсетіледі:
Баланың өзара қарым – катынасы ересектермен қарым – қатынасы нәтижесінде қалыптасады.
«Бала – бала» жүйесінде ғана кейбір іс – әрекет түрлерін меңгеруге болады, яғни топпен ересек адамдардың қатынасын бірлесіп қайта жаңғырта алады.
Балалар тобына мінез – құлық, жүріс – тұрыс нормалары мен адамгершілік қасиеттерін меңгеріп, жаттығуға мүмкіндік алады.
Балалардың өз қатарластарымен қарым – қатынас құруы осы қарым – қатынасты қажетсінуімен анықталады (М.И. Лисина). Бұл қажеттілік 3 – жасқа келген балаларда қалыптаса бастайды (Л.Н. Галигузова).
5 – 6 жастағы балалардың басқа балалармен қарым –қатынасты қажетсінуін А.И. Фукин 3 топқа бөледі:
1 – топқа қарым – қатынаста белсенді балалар жатады. Олардың басқа балалармен байланыс барысында жағымды эмоциялық реакция, жұптасуға қызығушылық танытып, сезімталдық көрсетуі, жұптасының қарым – қатынас құруына түркі болу сияқты қасиеттері бала мінез – құлығы мен жүріс – тұрысынан көрінеді.
2 – топқа қарым – қатынаста енжар балалар жатады. Олар өздерін топ ішінде ұстай алмай, беймаза күй кешеді, жағымсыз эмоция танытады.
3 – топ қарым – қатынасқа тұрақсыз болатын балалармен сипатталады. Оларға 1-ші және 2-ші топ балаларының тенденциялары тән болады.
Ал Х.Т. Шерьязданова еңбектерінде мектеп жасына дейінгі балалардың ойын әрекетінде ересектер мен бала арасындағы қатынасқа құрылымдық – логикалық тұрғыдан сипаттама жасалады, ғалым оны сурет түрінде көретеді.
Сонымен, баланың басқа балалармен қарым – қатынас құруында әрбір баланың ересектермен байланыс жасауындағы психологиялық жас ерекшіліктері айқын көрінеді (М.И. Лисина).
Олай болса, ұлттық салт – сана, біздің жағдайымызда қазақ отбасындағы әлеуметтік рөл мен жыныстық ерекшеліктер, қазақ халқының адамгершілік құндылықтары қарым – қатынаста ескерілуі қажет деп пайымдаймыз.
Мектеп жасына дейінгі балалардың психикасындағы жаңа құрылым мотивтердің бір – біріне бағыныштылығы, ерікті әрекеттерінің негізгі түрлерінің бірлесе жүзеге асуы болып табылады. Сондықтан, балалармен зертханалық жұмыстарда ұйымдастырылатын психодиагностикалық әдістемелердің бірнеше түрлерін ұсынуды жөн көрдік. Олар белгілі бір қағидаларды қатаң сақтауды қажет ететін психодиагностикалық жұмыстар.
1 – зертханалық сабақ
Тақырыбы: Мектеп жасына дейінгі балалармен жүргізілетін жалпы психодиагностикалық жұмыстар.
Мақсаты: Ересек мектепке дейінгі шақта балалардың танымдық, жеке даралық дамуын психодиагностикалық зерттеулердің теориялық негіздерін меңгерту және әдістемелерді қолдана білуге үйрету.
Әдістеме: «Суретте не жетіспейді?»
Мақсаты: балаларда қабылдаудың қалыптасуын бағалау, бейнелерді қабылдай отырып, ой болжамын жасау, оны сөзбен жеткізе білуін анықтау.
Көрнекілік: Сериялы суреттер, секундомер ( бейнелердің кейбір детальдары кем болуы қажет).
Зерттеу процедурасы: балаларға сериялы суреттер беріледі. Олар жетіспейтін детальдарын неғұрлым шапшаңдықпен атауы қажет. Психолог орындалу уақытын секундномер бойынша ұпай белгілеп, төмендегідей көрсеткішпен деңгейлерін анықтайды: