Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Нурсеитова_К.ТТЫНЫС_АЛУ_ЖЙЕСІНІ_ГИСТОЛОГИЯСЫ.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
533.5 Кб
Скачать

Тыныс алу жүйесі

Тыныс алу жүйесінің көмегімен жұтқан ауадан оттегі сіңіріліп организмнен көмірқышқыл газы шығарылады. Тыныс алу жүйесі екі бөлімнен түрады: ауа өткізу жолдарынан және респираторлық бөлімнен. Ауа өткізу жолдарына мұрын қуысы, көмекей, мұрынжұтқыншақ, кеңірдек, бронхтар жатады. Респираторлық бөлімнің құрамына бронхиолалар, альвеолярлық жолдар, альвеолярлық қапшықтар кіреді. Бұл құрылымдар өкпе ацинусын құрайды.

Дамуы. Көмекей, кеңірдек және өкпе эмбрионалдық дамудың 3-4 аптасында алдыңғы ішектің вентральды қабырғасының өсіндісі түрінде пайда болады. Көмекей мен кеңірдек эмбрионалдық дамудың 3 аптасында алдыңғы ішектің вентральды қабырғасының қап тәрізді тақ өсіндісінің жоғарғы бөлігінен дамиды. Ол төменгі бөлігінде екіге бөлініп, оң және сол өкпені береді. Кейін бұл қаптардың өзі көптеген ұсақ қапшықтарға бөліп, араларына мезенхима кіре орналасады. 8-ші аптада қысқа, түзу түтікшелер түрінде бронхтар пайда болады, 10-12 аптада олардың қабырғасы қатпарланып, призмалық эпителиймен қапталады (бронхиалды бұтақтар жүйесі қалыптасады). Дамудың бұл сатысында өкпе безге ұқсас болады (безді саты). Эмбриогенездің 5-6 айында терминалды және респираторлық бронхиолалардың, сонымен қатар капиллярлар торымен және жүйке талшықтарымен қоршалған альвеолярлық жолдардың дамуы өтеді (каналикулярлық саты). Бронхиалды бұтақтарды қоршай орналасқан мезенхимадан жазық бұлшық ет тіні, шеміршек тіні, борпылдақ талшықты дәнекер тіні, альвеолалардың коллаген және эластикалық элементтері дамиды. 6-7 айдан туғанға дейін альвеолалар мен оларды қаптайтын 1-ші және 2-ші типті альвеолоциттердің дамуы өтеді ( альвеолярлық саты).

Эмбрионалдық даму барысында альвеолалар қабысқан көпіршіктер түрінде болады. Туылған соң алғашқы дем алу кезінде альвеолалар ашылып, ауаға толады, қабырғалары жұқарады.

Ауа өткізу жолдары

Оларға мұрын қуысы, көмекей, мұрынжұтқыншақ, кеңірдек және бронхтар жатады. Ауа өткізу жолдары арқылы жылжу барысында ауаның тазаруы, ылғалдануы, жылуы өтеді және жұтатын ауаның мөлшерінің реттелуі өтеді.

Мұрын қуысы

Мұрын қуысының екі бөлігін ажыратады: кіреберіс және меншікті мұрын қуысы (тыныс алу және иіс сезу аймақтары).

Құрылысы. Кіреберіс бөлігін шеміршек астында орналасқан қуыс құрайды. Оның қабырғасы көпқабатты жазық мүйізденетін эпителиймен қапталған, ол тері эпителийінің жалғасы болып табылады. Эпителий астында борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұратын меншікті табақша орналасады. Бұл қабатта май бездері мен қылшықты шаштардың түбірі болады.

Меншікті мұрын қуысының тыныс алу аймағын қаптайтын шырышты қабықша бірқабатты, көп қатарлы призмалық кірпікшелі эпителийден және меншікті табақшадан тұрады. Эпителийдің құрамыны 4 түрлі жасуша кіреді: кірпікшелі, микробүрлі, базальды және бокал тәрізді.

Кірпікшелі жасушалардың апикалді бөлігінде ауаның ағынына қарсы бағытта қозғалатын ұзындығы 3-5 мкм кірпікшелері болады (әр жасушада 250-ге дейін). Бұл жасушалар ауадан шаң-тозаңдарды, мироорганизмдерді ұстауға қатысады. Бокал тәрізді жасушалар эпителийдің бетін ылғалдауға қажет шырыш бөледі. Шырыштың құрамында эпителий астында орналасқан борпылдақ дәнекер тінінің плазмоциттері бөлетін иммуноглобулиндер болады. Микробүрлі жасушалар хеморецепторлар болып табылады. Базальды (ендірме, камбиальды) жасушалар – аз дифференцияланған жасушалар, митоз жолымен бөлінуге қабілетті, эпителийдің физиологиялық және репаративті қалпына келуіне қатысады.

Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады, эластикалық талшықтары басым болады. Құрамында шырышты бездердің секреторлық бөлімдері орналасады. Олардың шығару өзектері эпителийдің бетіне ашылады. Сонымен қатар бұл қабатта лимфалық түйіншелер де орналасады.