
- •№3 Дәріс. Абайдың көзқарастары, дүниетанымы.
- •№6 Дәріс. Абай және қазақ сатирасы.
- •№7 Дәріс. Табиғат лирикасы
- •№8 Дәріс. Абай және көңіл-күй, махаббат лирикасы.
- •№ 9 Дәріс. Абайдың өлең құрылысы, жаңашылдығы
- •№10 Дәріс. Абай және Шығыс
- •№11 Дәріс. Ескендір поэмасы. Жеккөру концепциясы.
- •№12 Дәріс. Абайдың қара сөздері
- •№13 Дәріс. Абай аудармалары
- •№14 Дәріс. Абайдың ғылым, ілім трактаттары.
- •№15 Дәріс. Абайды жырлаған ақындар
№ 1 Дәріс. Абайдың ата–тегі - адамзаттың ата-тегі.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев Шығыс қазақстан облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы тамыз айында дүниеге келген.
Абайдың шыққан тегі туралы біршама дүниелер жазылған. Ішінде бұрысы да, дұрысы да бар. Солардың арасында ең беделдісі, әрі толығырақ жазылғаны Шәкәрім Құдайбердіұлының "Түркі, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі" деп аталатын еңбегі. Жоғарғы Олжайдың үш баласы Айдос, Қайдос, Жігітек. Қайдостың баласы Бөкенші, Борсық, Бөкеншінің алты баласы Байгөбек, Жангөбек, Жанғабыл, Жанақ, Тұмарбай, Қуандық. Борсықтың бес баласы Егізбай, Сегізбай, Жазыбай, Қазыбай, Алма. Жігітектің бәйбішесінен Кеңгірбай би, Жоғарғы Айдостың төрт баласы Ырғызбай, Торғай, Топай, Көтібақ, "Жоғарғы Ырғызбай біздің төртінші атамыз Ьәм Абылай ханмен жолдас болған кісі" ,- деп жазады Шәкәрім қажы. Ырғызбайдың төрт баласы болған, олар - Өскнбай. Өсер, Мырзатай, Жортар. Жоғарыдағы Кеңгірбай бидің орнына Өскенбай би болған. Оның бәйбішесінен біздің үлкен атамыз Құнанбай хажы марқұм жалғыз. Оның үлкен қатынынан менің әкем Құдайберді марқұм жалғыз еді. Ол кісі 1866 жылы, барыс жылы 37 жасында сәуір айында дүниеден өтті, мен 8 жасымда жетім қалдым",- деп жазады Шәкәрім қажы.
Абайдың, әрі Шәкәрімнің әкесі Құнанбай 1804 жылы дүниеге келіп, 81 жасында, яғни 1885 жылы тамыз айында дүниеден көшеді.
Құнанбай өзінің мағналы ұзақ өмірінде көп іс тындырған, соңына ізгілікті із қалдырған, әрі aқылды, өжет кісі болған. Шешесі Зере айтты деген мынадай сөз бар. Бойына бала бітерде түс көріпті. Түсінде: жұбайы, пірі Өскенбай кең алаша үстінде малдас құрып алып алтын сақаны иіріп отыр екен. Алтын сақа – ғайыптағы аңның құлжасынан алынған білем. Алаша үстіне тәйкесінен түскен сайын маңайына жарық сәуле шашатын көрінеді. Жорыған кісілер: бойына біткен қошқардай ұл, сол ұл есейе келе елді соңына ілестіреді депті.
Түстегі арқар сақадан өмірдегі алаша ұранды арқалы азамат болып шыққан - осы Құнанбай.
Құнанбайдың әкесі Ырғызбай о заманда аттылы кісіге өткел бермей толып аққан Ырғыз өзенінің бойында дүниеге келген. Жер құйқасы майлы, аңы мен құсы жыртылып айрылған берекелі өлкеге қоныс тепкен Ырғызбай аз жылдың ішінде таяғының ұшына ырыс ілініп, алдына мал бітіп іргелі ел ағасына айналады. Кеңгірбай Жезқазған іргесіндегі Кеңгір өзенінің бойында туған. О заманда нәрестенің есімін я туған жеріне, я руына келтіріп қою салтқа айналған. Әрі қарай түкпірлей берсең Тобықтының бұл атасы жоңғар шапқыншылығына дейін көне қоныс Қаратау үстін жайлапты деген сөз бар. Арқа жері жау табанынан босаған соң ру басы ақсақал қоңыраулы керуен тартып, әуелі Ырғыз бойына, Кеңгір жағалап, жылдар жылжи Сарыарқаның кіндігінде жатқан суы бал, самалы жібек жер жәннаты Шыңғыстау ішіне сұғына еніп қоныс алған көрінеді.
Құнанбайдың шешесі Зере найман ішіндегі Матай руынан. Дәулетті отбасынан шыққан, мұсылманша тәрбие алған, жарға адал, обал-сауапка тақуа, қолы ашық жомарт, есті кісі болған. Зеренің өзі берітін келе әңгіме ретінде айтып отырады екен: "Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ, және омырауымды тазалап жумай, бісмиллә деп айтпай емізген мезгілім болған жоқ",- дейді. Зере 1785 жылы дүниеге келген, яғни ақын немересі жарық дүниенің есігін ашқан кезде тура алпыс жаста болатын. 1873 жылы қайтыс болады. Ұлы шешесі қайтыс болған кезде Абай жиырма сегіз жасқа шыққан еді. Әжесінің қазасына ақын қатты қайғырып қабырғасы қайыса аза тұтты деседі. Ақын өзінің әйгілі қара сөзіндегі мына жолдарды әжесінің басына тәжім етіп шығарған еді, кейінше қара сөздеріне енгізген деген жорамал бар. «Дүние - үлкен көл, заман - соққан жел, алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер».
Зере зерделі немересінің көкірек көзі ерте ашылуына зор септігі тиген нағыз халықтық үлгідегі ұлы педагог еді. Баланың құйма құлағына халықпен ғасырлар бойына қосыла жасасып келе жатқан не қилы ескі әңгімені төгілдіріп айтып отырады екен. Зере ертегіші. Зере әлемдегі жоқ-барды ойына түйіп, мезетінде аңыз, әңгімеге айналдыра қоятын қанатты қиял иесі,
Жас Абай әжесінің әңгімесін естіп есейген.
Абай үніндегі бояу, сөзіндегі бай ырғақ, ойлау жүйесі сол Зере әңгімесінен бастау алған көзі бітелмес бұлақ секілді.
Құнанбай шешен тілді, өзі де суырып салып өлең шығаратын ақын адам болған. Ел ішінде Құнанбай айтты дейтін шешендік сөздер, сөзі тірі кестеленген ойлы өлеңдер мол-ақ.
Абайдың анасы Ұлжан Орта жүздің Арғын тайпасынан. Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл-әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы.
Ұрпақ таратуды Құнанбайдан бастасақ:
Құнанбайдың төрт әйелі болды: Күңке, Ұлжан, Айғыз, Нүрғаным.
Бірінші әйелі Күңкеден бір-ақ ұл: Құүдайберді.
Екінші әйелі Ұлжаннан төрт ұл: Тәңірберді (Тәкежан) Ибрагим (Абай), Ысқақ, Оспан,
Үшінші әйелі Айғыздан - Қайролла, Смағұл.
Төртінші әйелі Нұрғанымнан бала болмаған.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: сонау Кеңгірбай, Ырғызбай секілді алпауыттардан таралып, тамыр жайып, бейне қазақтың сайын сахарасына көлеңке түсірер зәулім дарақтай болып бұтақ жайған Абай тұқымы, Абай дарағы бүл күнде замана желінен мол шайкалып, дауылға ұшырап, бұтағына жай түсіп, біраз бұтағы көктей солып, біразы кейінге дeйiн зұлматтан, сүргіннен, індете жамандаудан жетіліп өсе алмай, алмағайып күй кешкені мәлім. Өлі де теңселіп тұрған алып дарақты елестетейікші, "Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, ол бірақ ойнап, күліп қайтып келмес".
№ 2 Дәріс. Абай заманы, Абайдың қалыптасу баспалдақтары. Абайдың шәкірттері.
Қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі Абай Құнанбай мен Ұлжанның жастайынан-ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түскен баласы. Балаға сыншы әкесі Абайды медресеге оқуға береді. Медреседе үш жыл оқығаннан соң қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегіндегі ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Қоңыр Көкше деген елге болыс та болады. Билікке араласып, бірақ тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысы көңіл толтыратындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Қасына дарынды, қабілетті шәкірттерді жинайды.
Абай мектебі. Қазақтың басқа ақындарымен салыстырғандa Абайдың үлгісін алған шәкірттері болуы - Абайдың әдебиеттік мектебін жасауы. Абай шәкірттерінің өз ұстазына әр алуан жақтарынан еліктеуі. Бірі тақырыбы жағынан, екіншісі сюжет, мазмұн жағынан, үшіншісі тіл, стиль жағынан т. б.
Абай шәкірттерінің ішінде әсіресе Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Көкбай ақындар ерекше орын алады.
Шәкәрім. Абайдың туған ағасы Құдайбердінің ұлы Шәкәрім Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі, бірі болғанда – бірегейі. Олай дейтініміз, Абай шәкірттерінің ішінде көп жасағаны да, көп жазғаны да – Шәкәрім. Ол - әрі лирик, әрі ақын және прозаик, ол – компазитор және музыкант, орыс және шығыс классиктерімен қазақ оқушыларын таныстырған шебер аудармашы., ол – терең ойшыл әрі бармағынан бал тамған сегіз қырлы өнерпаз, үлкен мәдениет қайраткері. Шәкәрім 1858 жылы дүниеге келген. Бес жасында оқуға беріліп, жеті жасында шейін оқу оқиды. Жеті жасында әкесі Құдайберді дүниеден өтіп, жетім қалады. Әкесінің өліміне қатты қайғырған бала өзінің алғашқы «құрт» атты өлеңін шығарады.
Шәкәрімнің 1878 жылдан бастап, 1904 жылға дейінгі жазған өлеңдері «Қазақ айнасы» деп аталып, 1912 жылы жеке кітап болып Семейде басылып шықты. 1888 жылы жазылған «Қалқаман-Мамыр», 1891 жылы жазылған «Еңлік-Кебек» атты тарихи дастандары да 0912 жылы Семейде басылып шығады. 1911 жылы Орынбор да басылып шыққан шежіресі және «Мұсылмандық шарты» кітаптары екі жылдың ішінде жарық көрген.Шәкәрім 1907 жылы Азербайжанның ұлы ақыны Мұхаммед Сүлейменұлы Физулидың (1494-1563) бүкіл әлемге әйгілі «Ләйлі-Мәжнүн» (1537) поэмасын еркін аударған. Бұл поэма тұңғыш рет «Шолпан» (Ташкент) журналының 1922-1923 жылғы сандарында жарияланды. А.С.Пушкиннің «Дубровский» атты повесін Шәкәрім «Дубровский әңгімесі» деп атап, 1908 жылдары өлеңмен аударған. Бұл шығарма 1924 жылы жеке кітап болып, араб әрпімен басылып шықты.
Ақылбай Абайұлы (1861-1904). Ақылбай Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш ұлы. Абайдың жас шағында дүниеге келген Ақылбай Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның бауырында тәрбиеленген. Ол өте ерке болып өседі де, төрт-бес жыл ауыл молдасынан оқығаны болмаса, білім алуға бой ұрмайды. Ақылбай жас шағында ата абыройына мас болып, соны көңіліне тоқ санап, өнер-білім іздемей, күндерін ойын-думанмен өткізіп, әкесі Абайдан аулақ өседі. Ой тоқтатқан шағында ғана ол кезде төңірегі ақындықтың, өнердің үлкен мектебіне айналған Абайдың қасына келеді. Табиғатынан зерек, дарынды Ақылбай Абай жанында ақын шәкірті болып, тез өседі. Шығармашылығы өрістеп, жаңа бір биікке көтеріліп, соны сипат табады. «Дағыстан», «Зұлыс», «Дағыстан» поэмасында езуші үстем тап өкілінің кедейлерге жасаған зорлық, жауыздықтары объективтік түрде дұрыс суреттелмесе де, оқиғаның шешілуінде фаталистік көзқарас бар. Поэмада бірнеше романтикалық мінездердің (характер) кездеседі. Жәбрәйіл, Зайра, Жүсіп т. б. Әсіресе поэмада Зайра образының айрықша орын алады. Поэмалар оның кең тынысты, мүлде жаңаша сипаттағы ақын екенін танытады. Ақылбайдың тілі шұрайлы да көркем, бөтен сөзбен былғанбаған, мөлдір тұнық сөз асылы деп айтсақ, қателеспейміз.
Мағауия Абайұлы (1870-1904). – Абайдың келешегінен үміт күттірген сүйікті ұлдарының бірі. Жас кезінен мұсылманша хат таныған, Семейдегі қалалық училищеде орысша дәріс алған. Содан кейін науқасқа шалдығып, өмірінің соңын әке қасында, ел арасында өткізген. «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», «Шамиль» поэмаларын жазған. Ескі ел аузынан алынған әңгіме негізінде құрылған «Еңлік-Кебек» поэмасында негізгі идеялық мазмұны, сүйіспеншілік, бас бостандығы жолында құрбан екі жасты жыр еткен. Автордың бұл мәселе жөніндегі көзқарасының прогресшіл. Мағауияның интернационалдық тақырыпты жырлауы. Бұл жөнінде ұстазы Абайдың әсері мол.
«Медғат-Қасым» поэмасы өзінің сюжеті, образ-характер жасауы жағынан романтизм стиліндегі поэма. Қазақ әдебиет тарихында «Медғат-Қасым», «Дағыстан» (Қысса Жүсіп) бірінші романтикалық поэма боп саналады. Бұл поэмалардың осы кезде тууына негізгі жағдай және ол жөнінде Абай арқылы шәкірттеріне жеткен орыс әдебиетінің әсері, сарыны басым.
«Медғат-Қасым» құл мен қожаның арасындағы күрестер шебер түрде суреттеледі. Қасым образында кекшілдік, өжеттілік, қаталдық болса да, ерлік, мейірімділік, адамгершілік қасиеттердің қатар жүруі. Поэмада «кекке кек» мәселесі мен сүйіспендік мәселесінің де қатар жүретіндігі. Оны дәріптеп көрсетушілік. Медғатты қанаушы таптың өкілі ретінде опасыз етіп көрсетуі. Медғат қанаушы тап өкілдеріне тән образ болып саналатыны. Композиция қүрылысынын романтикалық поэмаларға тән ерекшеліктерді берік сақтайтыны, тілінің көркемдігі.
Көкбай Жанатайұлы (1861-1925). – Абайдың еең талантты ақын, әрі әнші шәкірттерінің бірі. Ол Абаймен 1880 жылдардан бастап, жиырма бес жыл жолдас, дос болған. Көкбай он жасынан бастапТөлетай деген молдадан хат таниды. Он бес жасында оқуды тастап, бозбалалық құрып, ойын-сауық, той-томалақ қуып кетеді. Ән-күйге, өлең-жырға құштар, талапты жас Көкбай домбыра тартып, ән салып, өлең айтып, ауыл арасынынң ойын-сауығынан қалмайтын болады. Жас кезінен ширақ, пысық, өткір тілді, өжет әрі тентектеу де болыпты. Содан ол Семей қаласындағы үш кластық уездік училищені бітіріп, медресені тәмәмдайды. Оқуын аяқтап, елге Абайдың қасына оралады. Бірнеше жыл Абай өз өлеңдерін Көкбай атынан шығарып жүреді. Абайдың «Жаз» өлеңі 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінде Көкбай атынан шығады. Осыдан кейін Абай өз өлеңдерін көк бие беріп Көкбайдан қайтарып алады.
Көкбай суырыпсалма-импровизатор ақын. Уақиғалы үлкен шығармалар жазған, кең құлашты эпик ақын.Оның тарихи тақырыпқа жазған үлкен дастаны – «Сабалақ». Ол «Сабалақ» поэмасынан басқа «Қандыжап», «Құлынды» атты дастандар жазған.
Кәкітай Ысқақұлы (1869-1915). Абайдың інісі Ысқақтың тұңғыш ұлы. Шын аты – ғабдулхакім. Кәкітай Абайдың баласы Мағауиямен құрдас, тату-тәтті құрбы, айырылмас дос болады. Абайдың қолында тәрбиеленген. Абайдың мұрасын жинастырған адамдардың бірі осы Кәкітай болатын. Ол Абайдың бүкіл өлеңін жинақтап, тіпті оларды тақырып бойынша жіктеп, жинақ шығарған. Жинақ 17 бөлікке бөлініп, әр бөліктің атауы бар. Сол атауға байланысты өлеңдері жазылған жылдарымен берілген. Ол Әлихан Бөкейхановпен араласқан. Абайдың мұраларын жинақтап, осы Әлихан Бөкейхановқа тапсырып кеткен.
Тұрағұл Абайұлы (1875-1934). Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған тұңғыш баласы. Оның өмірбаяны әлі күнге дейін толық зерттеліп болған жоқ. Әкесі тура естелік жазған. Тұраштың жастық, махаббат тақырыбында жазылған екі-үш өлеңі ғана біздің заманымызға жеткен. Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен дос болған. Оларға көмектескен. Әлихан мен Міржақып тұтқынға алынғанда Тұрағұл да 4 ай түрмеде отырады. Одан шыққан соң Ақшоқыға кетіп қалып, жазумен айналысады. Ол максим Горькийдің шығармаларын аударады. Горькийдің «Челкаш» әңгімесін, Неверовтың «Я хочу жить» шығармасын «Мен өмірге жерікпін» деп, «Мария большевичка» шығармасын «Ортақшыл Мария» деп аударған. 1927-28 жылдары тағы да тұтқынға алынады, содан соң тәргіленіп, Шымкентке жер аударылады..
№3 Дәріс. Абайдың көзқарастары, дүниетанымы.
Абай шығармаларын XIX ғасырда Қазақстан демократиялық қоғамдық ойдың қалыптасып, дамуына негіз болған басты – басты идеялық үш қайнардан нәр алды:1) қазақтың ауыз әдебиеті мен өткен замандардағы жазба ескерткіштерінен сусындаған алдыңғы қатарлы халықтық дәстүр;2) ежелгі және орта ғасырдағы Шығыс ойшылдарының таңдаулы шығармалары;3)орыстың материалистік философиясы мен демократиялық мәдениеті, сол арқылы дүние жүзінде (ең алдымен Батыс еуропаның) философиялық ойдың жетістіктері Әуезов бұл идеялық бағыттарды бір – бірімен ұштасып, жалғасып кететіндігін айта келіп, Абай дәуірі үшін осылардың ішінде үшінші қайнармен, орыс классиктерінің шығармаларымен таныстықтың маңызы аса зор болғанын, Қазақстандағы қоғамдық ойдың болашақта жандана түсуіне ықпал еткенін атап көрсетті. Ғалым Абайдың орыс әдебиеті мен философиялық озық ойымен байланысын оның аударған шығармаларының санымен немесе оған ревалюциялық демократтар идеясы ықпал етті деген қарапайым түсініктерді еске алумен ғана дәлелдемек болған «жеңіл-желпі, қара дүрсін пікірлерге» қарсы шықты. Ол Абай шығармашылығының өткен заман ойшылдарының теориялық мұраларымен байланысын анықтайтын мәселелердің тым тапшы зерттелгеніне өкініш білдірді; Абайдың орыс әдебиетіне ғана емес, сонымен қатар адамзаттың бүкіл рухани мәдениетіне қатынасын тұтастай даму үстінде: «орыс және қазақ халқының байланыстарын сол кезеңнің мазмұнын анықтайтын саяси оқиғалармен тығыз органикалық байланыста қарастыратынының» методологиялық маңызы аса зор.
Өз заманының ғұламасы болған Абай көптеген орыс жазушылары мен философтарының, әсіресе, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың, В.Г.Белинскийдің, А.И.Герценнің, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың шығармаларын оқып, зерттеді, орыс ревалюциялық демократтарының озық ойы оның дүниетанымының қалыптасуна үлкен ықпал етті. Ойшыл – ақын ежелгі заман философтары Сократ, Платон, Аристотель,сондай-ақ, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де жақсы аныс болады. Ол Ч.Дарвиннің даму теориясы мен анатомиялық ілім негіздерін білді.
Бірқатар зерттеушілер, нақтырақ айтқанда Қ.Бисембаев Абайды пантеист деп есептейді. Егер ақынның өзінің нақты түр хақындағы ойларын ортаға салатын «Ғақлияларының» мазмұнына үңілетін болсақ, онда оның дүниетанымындағы антиклерикалық сәттер жайлы айтқанымыз анағұрлым дұрыс болар еді. Ойшыл- ақын адамдарды құдайға сенуге үндемейді. Бірінші сөзінде: «Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?...Софылық қылып, дін бағу?» - деп сұрақ қойып алады да, оған: «Жоқ... не көңілде, не көрген күнінде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық!» - деп, оның жөні келмейтінін айтады.
Абай адам сенімін арттыратын нәрсе – білім, қажырлы еңбек, табиғат құпиясын ашу деп білді. Ол адам бойындағы жасампаздық қасиеттерге керемет сенім білдіріп, ол «алла үшін емес», адамдар үшін ғылым мен білімді игеруге міндетті деп есептеді. Сол жолда «құбылыстың мәнін түсінуге», «өзі мен әлемді ұғынуға», тіпті, «алланың өзінің де табиғатын тануға» ұмтылуы қажет. Абайдың бұл үндеуі ислам дінінің негізгі қағидаларына қарсы, өйткені, Құранда жазылғандай алла шексіз, ал адам санасы шектеулі және сондықтан да тәңірін тани алмады. «Надандық – білім- ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды... Бұларды емі, халқына махаббат, халық ғалымға шапағат, қайратты, тұрлаулы, ғадалат ісінің алдын-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын...»- деп,Абай білімді, ғылыми шындықты діни қағидалардан жоғары қояды. Егер теологтар дін негіздері мәңгілік, мызғымайды, ал адамның тумысында діни сезім болады деп дәлелдеуге ұмтылса, Абай мұны теріске шығарып, діннің тарихи жолмен қалыптасқанын атап көрсетті. Осыған байланысты Абайдың «арабтар ислам дінін зорлықтың күшімен енгізгеніне» қарамай қазақтар оған негізінен салғырт күйінде қалды деген пікірі назар аудартады: «...Қазақ... һәмманы жаратқан құдай бар, ахиретте сұрау жарылқайды... деп – бәріне сендік дейді... Олар сендім десе де,анық ақиқат көзі жетіп, ден қойып, ұйып сенбейді...Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз?» Ақынның дүниетанымы шынайы заттарды тануға және адамдар бақытын о дүниеден емес, жарық дүниеден іздеуді керектігіне бағытталды. Ойшыл- ақын, әсіресе, ғылыми ақиқатты жоғары бағалады: «...әрбір хақиқатқа тырысып ижтихатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айырылма!»- деді.
№4 Дәріс. Абайдың саяси-әлеуметтік лирикасы.
№5 Дәріс. Ақынның философиялық лирикасы
Абай мұрасында бір жүйеге түсірілген көзқарасын тұжырымдайтын арнайы философиялық шығармасы жоқ. Дегенмен, Абайдың көптеген өлеңдері мен прозалық шығармаларында... адам мен адамгершілік, ұждан, мораль философиясына төтелей қатынасы бар, толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әрі сапалы ойшылдық пікірлері бар екені даусыз. Абай шығармаларын зеттеуге арналған еңбектер жеткілікті болғанымен, оның философиялық негізгі мәселелеріне әлі күнге дейін тиянақты пікір тұжырымдалған жоқ. Ойшыл ақынның терең ойы мен дүниеьанымының ішкі мазмұны ақырына дейін ашылып, түсіндірілмей келеді.
Абай шығармашылығын зерттеудің алқашқы кезеңінде, 20-30 жылдарда ақынның идеялық мұрасы қызу айтыстар тақырыбына айналады, «Абай философиясын» діншілдігі басым әдеттегі буржуазиялық идеялистік философиясының жаман-жасқаған бір түрі деп дәлелдемекболушылар да табылды.
Ақын шығармалары 19 ғ-да Қазаұқстанда демократиялық қоғамдық ойдың қалыптасып, дамуына нәр болған: 1) қазақтың ауыз әдебиеті мен өткен замандардағы жазба ескерткіштірінен сусындаған алдыңғы қатарлы халықтық дістүрі; 2) ежелгі және орта ғасырдағы Шығыс ойшылдарының таңдаулы шығармалары; 3) орыстың материалистік философиясы мен демократиялық мәдениеті, сол арқылы дүние жүзі философиялық ойлары, табиғатқа, болмысқа көзқарастары, таным, ақыл, сана т.б. жайлы толғаныстары көрініс тапқан; «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Ғақлиялары» - ақынның философиялық көзқарасының негізгі мәселесін мәйегі, өзінің мәні мен тұжырымдарының тереңдігі жағынан ұлттық мәдениет шегінен әлдеқайда асып түсіп жатқан маңызды мұра.
Абай шығармаларын зерттеушілер ойшылдың философияның негізгі мәселесін шешугі байланысты көзқарстарын бағалауды нақты бір тұжырымға тоқтаған жоқ. Бірқатар зерттеушілер философияның негізгі мәселесін шешуде «Абай деист болды» деген пікір айтты. Мыс, О. А. Сегізбаев «философиялық дүниетаным саласында ол тұтасымен деизм бағытын ұстады. Барлық деистер сияқты оның шығармаларын матералистік бағдар меәлінше анық көрінеді» деп есептейді.
Ойшыл – ақынның жеке шығармаларына ғана талдау жасамай, оның ішкі логикасын тұтастай қарастыра қорытындылайтын болсақ, абай рационализм мен демократизм бағытын ұстады деп толық айтуымызға болады, осының өзінен орыстың матералистік философиясының, ең алдымен Чернышевскийдің ықпалы айқын көрінеді. Абай философиясы рационализм мен демократизм рухындағы өзінің ең басты идеялық ұстызымен тәрбиешісі болған Чернышевский көзқарастарының негізін терең түсіне білді. Ойшыл- ақын оның әр түрлі философиясын жүйелерге сын көзбен қарап, қорытынды жасайтын еңбектері арқылы Демокрииттен бастап, Фейрбахқа дейінгі Батыс Европа философиясыпмен танысты.
Табиғат құбылыстарын тұрақты қозғалыста және даму үстінде, өзара байланысты және себептес деп қарастыратындықтан, ақын әлемнің бір орнында тұрмайтынын атап көрсетеді. Адамның өмірі мен қуаты да өзгеріссіз болмай тұрмайды. Абай әлемнің шексіздігін, қозғалыстың мәңгілігі мен қайталанбайтынын, тыныштықтың салыстырмалы түсінік екенін айқын түсінді:
«Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел,
Алдындағы толқын – ағалар,
Артқы толқын – інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер...»
Абайдың филоссофиялық көзқарастарын оларды тек өзіне ғана тән ерекшеліктерімен, өзіндік белгілерімен және сынылығымен, басқаша айиқанда, белгілі бір дәуірмен байланысты және сол дәуірді танытатын нақты – тарихи ережелер жүйесін қаз-қалпында қабылдаған күнде ғана дұрыс түсінуге болады.
Абай көзқарасынан антрополистік принциптер де көрініс тапқан. Ол бүкіл табиғатта орталық ойларында адам және адамгершілік мәселесіне баса көңіл бөледі.
Адам мәселесін Абай әр түрлі философиялық, биологиялық, психологиялық, этикалық және әсіресі, этикалық көзқарастан қарастырған. Абай жетінші сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі - білсем, адамдықтың орны болмайды,» - дейді тойшыл ақын. Объективті щындықты тануға деген бұл құмарлықты ақын адамның ең жоғары талабы деп біледі.
Абай әлемді тануға болатындығын мойындап, болмыс пен сананың шегін ажыратуға болмайтындығын теріске шығарады, бір бүтіннің бөлшектері ретінде адам мен табиғаттың тұтастығы туралы айқын тұжырымдар жасап, саналы адамның біртұтас табиғаттың үздіксіз дамуының нәтижесі екенін дәлелдейді. әлемнің тұтастығы туралы мәселе философия тарихындағы ең күрделі тақырыптардың бірі екені белгілі. Абай мұны сана тудырған емес, өзінше объективті өмір сүретін әлемнің материалық тұтастығы, бірлік деп түсінді.
Әлемнің материалдық тұтастығы туралы тұжырымында Абай Чернышевскийдің «Философиядағы антропологиялық принцип» деген еңбегінде материалистік философияның аса маңызды ережелерін негіздеп берген бағытты одан әрі жалғастырады.
Абай адам танымын надандықтан білімге дейінгі, толық емес білімнен неғұрлым толық білімділікке дейінгі үздіксіз даму деп түсінді, білімнің қайнар көзі объективті шындық болып табылады және заттар туралы сол білім толық ақиқат. Ол тәжірибе барысында білімнің толыға түсетінін ерекше атап көрсетті: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады.»
19 ғ-дың 2-жартысында қазақ қоғамында орнаған қоғамдық қатынастардың деңгейі ойшыл ақынның бірқатар мәселелерді шешуде, мсы, әлемнің материалдығын, себептілік, таным және ойлау қызметтерін түсінуде материалистік белгіліері айқын сезілгенмен, қоғамдық болмыс құбылыстарын материалистік тұрғыдан түсінуін,е мүмкіндік береді. Абайдың тарихи еңбегі оның өз дәуірі үшін философия саласында қазақтың қоғамдық ойының дәстүрлі қағидадарынав бірқатар соны да жаңа пікірлер ұсынғандығында болып табылады. Ақынның идеялық ойы мен мәдениетінің даму тарихын сапалық жаңы белеске көтереді.