Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
мед.микроб. 2 часть каз.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
13.4 Mб
Скачать

15 Тарау. Клиникалық микробиология

15.1. Клиникалық микробиология және оның медицина үшін маңызы.

Тақырыптың өзектілігі тұрғындар арасында иммунды-тапшылық жағдайлардың кең тарауымен соның нәтижесінде ШПМ қоздыратын инфекциялардың көбеюімен байланысты. Мұндай зерттеулер тиімді емдеу үшін де негіз болып табылады. Соған қарамастан «Клиникалық микробиология» тарауы медициналық жоғарғы оқу орындарының бастапқы курстарында жеткіліксіз оқытылады.

15.1.1. Клиникалық микробиологияның аңықтамасы, мақсаты және іріңді қабыну аурулары қоздырғыштарының сипаттамасы.

Клиникалық микробиология – жұқпалы емес (терапиялық, онкологиялық, хирургиялық, гинекологиялық, урологиялық т.б.), яғни соматикалық науқастарда пайда болатын микробтар қоздыратын аурулардың этиологиясын, патогенезін, иммунитетін, зертханалық диагноз қою негіздерін зерттейтін медициналық микробиологияның тарауы. Мұндай ауруларды әртүрлі атайды: шартты – патогенді індеттер инфекциялары, (ШПИ) немесе эпидемиялық емес микробтық аурулар (ЭМА), оппортунистік індеттер (ОІ), іріңді – қабыну аурулары (ІҚА).

Клиникалық микробиологияның мақсаты:

ШПИ қоздырғышын және оның этиологиялық рөлін анықтау үшін зерттеу заттарын зерделеу.

Микробтар қоздыратын жұқпалы емес аурулардың қоздырғыштарын бөліп алу, идентификациялау және биологиялық сипаттамасының ерекшеліктерін анықтау.

Бөлініп алынған микробтардың этиологиялық маңыздылығының критерияларын жасау (соның ішінде науқасты динамикалық зерттеу барысында материалдың микробтармен ластануының сандық өзгеруін есепке алу).

ШПИ қоздырғыштарының антибиотиктерге төзімділік немесе сезімталдық дәрежесін зерделеу.

Зертханалық зерттеу әдістерінің ең информативтілерін таңдап алу және жетілдіру; оларды жүргізуді бірегейлеу және зерттеу нәтижелерін тиімді бағалауды жасау.

Дисбактериоздардың микробиологиялық және медициналық аспектлерін зерделеу.

Соматикалық стационарларда аурухана ішілік (АІИ) инфекциаларға микробиологиялық диагноз қою.

Ауруханалық мекемелерде ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу үшін микробиологиялық мониторинг жасау және пайдалану.

Табиғаты эпидемиялық емес микробтар қоздыратын ауруларды оппортунистік (OИ; ШПИ; ІҚА) деп атайды.

Оларға жатады: менингиттер, отиттер, пиодерма, сепсис, мастит (емшек безінің қабынуы), өкпе қабынуы, ірің қалта, остеомиелит, нефрит, холецистит, эндометрит, перитонит, т.б. Барлығы 100-ден астам аурулар жатады. Оларды бактерияларға, вирустарға, саңырауқұлақтарға, қарапайымдыларға жататын шартты-потогенді микробтар (ШПИ) қоздырады. Бактериялар мен саңырауқұлақтар бәрінен де жақсы зерттелген. Адам патологиясында ең маңызды рөл атқарады: Staphylococcus, E.coli; Ps. aeruginoza, Enterobacter, Klebsiella, Salmonella ssp,. Proteus, саңырауқұлақтардың Candida, Penicillium, Aspergillus туыстастығы және де ұшық вирусы, РС-вирусы т.б. Аталған ШПМ көпшілік жағдайда адам денесінің қалыпты микрофлорасы болып табылады. Олар организмнің терісінде, шырышты қабаттарында т.б. мекендейді. Және де олар қоршаған орта, соның ішінде аурухана объектілерінде де мекендейді.

ШПИ – дамуы үшін маңызды жағдайдың біреуі болып науқаста иммунды- тапшылық болуы және де организмге ШПМ –ң көп мөлшерде енуі болып табылады. Мұндай жағдайда әдетте ШПМ-нің экзотоксин бөлу, инвазиялық, фагоцитозды басып тастайтын айқын патогенділік факторлары болмайды. Бірақ олар патогенділік ферменттер өндіріп, микроб жабысқан организм жасушаларын зақымдауы мүмкін, және де олар эндотоксиндерімен де әсер етеді.

ЭМА қоздырғыштарының маңызды биологиялық сипаттамасына олардың әртүрлі факторлардың, әсіресе антибиотиктердің, антисептиктердің, сәулемен емдеудің, емдік мақсатта қолданылған гормондардың, антидепрессанттардың әсерінен өзгергіштік қасиетке ие болуы жатады. Аталған дәрі-дәрмектер емдік қасиетімен қатар иммунды-тапшылық жағдай және қоздырғыштарда төзімділік туғызуы мүмкін. ШПИ-мен науқастанғандарды емдегенде осы жағдайды естен шығармау қажет.

АІИ және ШПИ коздырғыштарының арасында антибиотикке төзімділік қалыптасуын ерекше есте сақтау қажет. Өйткені антибиотикке төзімді штамдардың пайда болуы мұндай ауруларды емдеу мен сақтануды әлдеқайда қиындатады.

ЭМА қоздырғыштары негізінде қалыпты микрофлора өкілдері болатындықтан дәрігер алдында ОИ кезінде бөлінген микроорганизмдердің этиологиялық маңыздылығын анықтау туралы мәселені шешу жауапкершілігі туындайды. АІИ, ШПИ пайда болған жағдайда тиімді емдеу тәсілдерін таңдап алу, инфекцияның таралуын шектейтін шаралар жүргізу осы мәселені шешумен тікелей байланысты.

Көпшілік жағдайда бір микроб емес, бірнеше микроорганизмдер (ассоциациясы) бөлінетінін ескеру қажет. Бұл жағдайда бөлініп алынған микробтардың қайсысының қоздырғыш екенін анықтаудың маңызы зор.

Міне, сондықтан ШПИ кезінде бөлінген микроорганизмдердің этиологиялық маңыздылығын анықтайтын критерилер жасалған. Зерттеу нәтижелерін дұрыс тұжырымдау үшін төмендегідей критерилер ескеріледі:

Қалыпты жағдайда стерильді болатын заттардан (қан, жұлын сұйықтығы, экссудат) бөлінген микроорганизмдер олардың санына қарамай, қоздырғыш болып есептелінеді.

103 – 107 КТБмл/г көлемінде бөлінген микроб ауру қоздырғышы болып табылады. Бұл көрсеткіш әсіресе микроб ассоцианттары бөлініп алынғанда ескеру қажет.

Аурудан алынған зерттелетін затты қайталап тексергенде микробтың сол бір түрі ғана бөлінетін жағдайда ауру қоздырғышы деп есептеледі.

Бірінші және қайтадан алған материалдағы микробтарда бір – біріне ұқсас олардың сероварын, биоварын, фаговарын және антибиотиктік варианттарын анықтайтын маркерлері табылса, ауру қоздырғышына жатқызылады. Мұндай ақпараттың АІИ кезінде маңызы күшті.

Клиникалық белгілерінің байқалу барысына қарай және антибиотиктермен емдеудің тиімділігіне байланысты микробтар санының азаюы ескерледі.

Спецификалық антиденелер жиналуы деңгейінің өзгеруі ескеріледі.

Шартты – патогенді инфекцялардың (эпидемиялық емес аурулардың ) негізгі белгілері:

Полиэтиологиялылығы, яғни клиникалық аурудың бір түрін (цистит, плеврит, бронхит, пневмония, холецистит және басқа ІҚА) шартты – патогенді микробтардың бірнеше түрі қоздыруы мүмкін.

ШПИ көпшілік жағдайда аралас инфекция түрінде өтеді, яғни оларды микробтар ассоциациясы қоздырады немесе науқасқа қосымша микрооргнизмдер жұғып, екіншілік инфекция түрінде дамиды.

Кесел дамуы барысында қоздырғыштары ауысып отырады, соның нәтижесінде процесс асқына түседі.

Қоздырғыштарының айқын спецификалығы және органдық тропизмі болмайды. Сондықтан микробтың бір түрі әртүрлі ағзалар мен тіндерді зақымдай алады. Мұндай инфекциялар кезінде созылмалы түрге айналу және процестің генерализациялану қауіпі күшейеді.

ШПИ кезінде антибиотикпен емдеу тиімділігі өте төмен. Өйткені қоғдырғыштары көп антибиотиктерге төзімді келеді және иммунды – тапшылық даму жағдайында олардың организмнен элиминациялануы (шығарылуы) әлсірейді.

Сонымен ШПИ – ға диагноз қоюда микробиологиялық зерттеулер шешуші рөл атқарады.Мұндай зерттеудің негізі – зерттеу заттарын уақтылы алып, тиісті жерге жеткізу, дұрыс өңдеп және оны сақтау тәртібін орындау.

Микробиологиялық зерттеудің зертханалық әдістері көп. Олардың негізгілері-микроскопиялық, бактериологиялық, серологиялық, эксперименттік, аллергологиялық.

ШПИ-ң спецификалық клиникалық белгілері болмайтындықтан оларды ШПМ немесе олардың ассоциациялары қоздыруы мүмкін. Сондықтан қоздырғышын ажыратып анықтау-диагноз қоюдың ең басты әдісі. Қоздырғышын анықтау үшін арнайы қоректік орталарға сеуіп, олардың санын есептеу керек.Бөлініп алынған микроб ауру қоздырғышы ма, әлде кездейсоқ микрофлора ма екенін анықтау бактериологиялық әдіспен санын есептеу арқылы атқаруға мүмкіндік береді.

Микроскопиялық әдіспен ірің, қақырық, экссудат, жұлын сұйықтығындағы қоздырғыштар түрін тек қана болжамдауға болады. Бірақ бұл әдістің информативтігі төмен, ал кейбір заттарды зерттегенде, мысалы қанды, бұл әдістің информативтігі жоқ. Себебі сепсис болған жағдайдың өзінде микробтар өте аз, бір тамшы материалда оларды табу қиын. Дегенмен, жұлын сұйықтығын микроскопта қарау арқылы көп жағдайда менингит диагнозын жылдам қоюға мүмкіндік береді, соңынан басқа информативті әдістермен дәлелдеуге болады.

Бактериологиялық (вирусологиялық, микологиялық) әдіс - қоздырғышын бөліп алу негізінде диагноз қоюға мүмкіндік береді.

Осы әдістің көмегімен клиникалық диагнозын толық дәлелдеумен қатар, инфекция көзін, таралу жолдары мен факторларын іздеуде эпидемиологиялық тексеру жүргізуге көмектеседі.

Иммунологиялық (серологиялық) диагноз қою әдістерінің көптеген түрлері бар. Олар науқас организіміне енген қоздырғышқа (антигенге) қарсы спецификалық қорғаушы ақуыздар өндіру және спецификалық жасушалық клондар қалыптастыруына негізделген. Бірақ, ШПМ қоздыратын инфекцияларға диагноз қою үшін иммунологиялық әдістерді қолдану шектелген. Себебі мұндай микроорганизмдерге қарсы организмнің иммундық жауабы әлсіз және оларда иммунды – тапшылық жағдайлар болуы мүмкін.