Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
мед.микроб. 2 часть каз.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
13.4 Mб
Скачать

Микоплазмалық инфекциялардың зертханалық диагностикасы

Әдісі

Зерттеу мақсаты

Қолданылатын тест

Бактериологиялық

Қоздырғышты бөліп алу

Зерттеу материалын элективті қоректік орталарға себу, қоздырғыштың таза дақылын бөліп алу және оны идентификациялау

Серологиялық

Қоздырғыштың антигендерін анықтау

ПГАР, ИФР, ИФТ

Қоздырғыштың антигендеріне антиденелерді анықтау

ПГАР, ИФТ, РИТ және т.б.

Молекулалық-генетикалық

Қоздырғыштың ДНҚ анықтау

ПТР, ДНҚ-зондтау

Микроскоптың кіші ұлғайтуында M. pneumoniae (басқа микоплазмалар емес) колониясының бетінде адсорбцияланған эритроциттер жақсы көрінеді.

Адамның урогенитальдық жолынан M. hominis, U. urealiticum, M. fermentans және сирек жағдайда басқа (патогенді емес) микоплазмалардың түрлері бөлінуі мүмкін. Олардың барлығы биохимиялық қасиеттері бойынша ерекшеленеді. M. hominisаргининді, U. urealiticumмочевинаны, ал M. fermentansаргинин мен глюкозаны ыдыратады. Осы қасиеттердің негізінде олардың дифференциациясын жүргізуге болады. Әртүрлі серологиялық реакцияларды (иммунды флюоресценция, өсудің ингибициясы, метаболизм ингибициясы) қолданумен жүретін иммунологиялық әдістердің жоғарғы арнайылығы бар, бірақ өкінішке орай тек арнайы зертханаларда ғана атқаруға болады.

Дақылдағы микоплазмалардың титрін анықтау үшін он реттік сұйылту сериясын жасап, әр сұйылтуды (0,5 мл) дақылдандырудың қоймалжың ортасына (0,3%) себеді. Микоплазмалар өскен соңғы пробиркадағы колонияларды санайды және сұйылтудың дәрежесіне көбейтеді. Титрді КОЕ/мл-мен санайды. Уреаплазмаларды титрлеуді сұйық ортада жүргізеді. Ортаның түсі өзгергендігі байқалған соңғы пробиркадағы сұйылтудың кері өлшемін титр деп қабылдайды. Титрді түс өзгертетін бірліктермен көрсетеді.

Серологиялық әдістер. Микоплазмалардың антигенін анықтау. Иммундыфлюоресценциялық реакция (ИФР). Микоплазмалардың антигендерін ИФР (төте немесе жанама тәсілдерімен) арқылы анықтайды.

Зерттеу материалдары: урогениталдық жолдан алынған қырындылар, мұрын–жұтқыншақтан алынған жағындылар, лаваждық және синовиалдық сұйықтық және кез-келген басқа материал. Зат әйнегіндегі материалды кепкеннен кейін бірден суық сусыз ацетонмен немесе 96 °С спиртпен 15 мин бойы бекітеді. Содан кейін материалды бояйды, яғни ИФР қояды. Иммундық материалды жағындыға бірқалыпты етіп жағады, және ылғалды камерада термостатқа (37 °С) 25 мин қояды. Сосын препараттарды ағынды су астында (10-15 мин) және бірнеше рет фосфаттық буфермен (рН 7,2) шаяды. Препараттарды кептіреді және люминесценттік микроскопта қарайды.

Сүзінділер жиынтығы, объективтер мен окулярлар – хламидияларды зерттеу кезіндегідей. Микоплазмалар мембраналық паразиттер болып табылады, сондықтан люминисценттік микроскопта олар жасушалар бетінде және оларға жақын орналасқан жерде жасыл түсті гранулалар түрінде көрінеді. Егер препаратта жарқыраған 10 гранулалардан кем болмаса нәтижелер оң болып саналады. Жалғантеріс нәтижені болдырмас үшін жағындыда жасушалардың үлкен мөлшері болу керек.

Агрегатгемагглютинациялық реакция (АГАР). Осы реакцияның көмегімен қандағы микоплазмалардың АГ-нін анықтайды, өйткені микоплазмалық инфекциялар әдетте жайылмалы сипатқа ие болады және микоплазмалар әртүрлі ағзалар мен тіндерде, соның ішінде қанда анықталуы мүмкін. Зерттеу материалы қан сарысуы болып табылады.

Иммундыферментті талдау – соңғы жылдары серодиагностика тәжірибесіне енгізілген жоғарысезімтал әдіс.

Микоплазмаларға қарсы антиденелерді анықтауда респираторлық микоплазмоз және басқа микоплазмалық инфекциялардың диагнозын дәлелдеу үшін қанда антиденелер және олардың тиісті титрі болуы қажет. Бұрын осы мақсатпен респираторлық микоплазмоз диагноз қоюы кезінде негізінен КБР қолданған. Бұл әдіс көп еңбектенуді қажет ететін болса да және ие тіндерінің гликолипидтерімен немесе кейбір бактериялармен қиылыспалы реакциялардың әсерінен арнайылығы жеткіліксіз болса да, көптеген зертханалар әлі күнге дейін осы реакцияны қолдануда. Бірқатар шетел зертханаларында КБР–на M.pneumoniae–ның гликолипидтік фракциясынан құралған диагностикумдарды дайындайды. Қан сарысудың қос сынамаларында арнайы АД титрі 4 есе және одан аса жоғарылауының диагностикалық маңызы бар. Қанның бірінші сынамасын аурудың алғашқы 3 күнінде, ал екіншісін – ауру басталғаннан 10-14 күннен кейін алған жөн.

Шамамен респираторлық микоплазмозы бар науқастардың 15%-да жұп сарысуларда антидене титрінің жоғарылауын КБР-мен таба алмайды, оны жанама комплемент байланыстыру реакциясы-мен (ЖКБР) анықтайды. Соңғы реакцияда антигенмен қосылғаннан кейін комплементпен байланыспайтын антиденелер анықталады («толық емес антиденелер»). «Толық емес антиденелер» антигенмен байланысып, оны жабады және комплементті байланыстыратын антиденелермен қосылуға бөгет жасайды, сондықтан «толық емес антиденелердің» қатысуында комплемент реакцияның бірінші фазасында бос болып қалады. Реакцияның екінші фазасында комплемент байланыстыратын антиденелер қосады (стандарттық сарысу). Антиген «толық емес» антиделермен тежелген болса, онда комплементтің байланысуы болмайды, ол реакцияның үшінші фазасында гемолитикалық жүйе көмегімен анықталады. Сөйтіп, ЖКБР-дағы гемолиз зерттелетін сарысудағы арнайы антиденелердің бар болуын көрсетеді.

Енжар гемагглютинациялық реакциясымен жалпы антиденелерді анықтайды. Реакцияны қою үшін глютарлық альдегидпен стабилизацияланған және белсендірілген, микоплазмалардың ерігіш антигендерімен сенсибилизацияланған адамның резус теріс О(І) топ қанының эритроциттерін қолданады. Антиген – микоплазмалар биомассасының ультрадыбыстық дезинтегратының центрифугаты болып табылады. Натрий хлоридінің изотоникалық ерітіндісіндегі құрамында ақуызы бар (2 мг/мл) антиген ерітіндісін сенсибилизация үшін қолданады.

Аурудың динамикасында қанның қос сарысуында арнайы антидене титрінің жоғарылауының (4 есе және одан жоғары) диагностикалық маңызы бар. Қан сарысуының жалғыз сынамасының зерттеуі кезінде 1:32 титрінің диагностикалық маңызы бар.

Иммундыферментті талдау – микоплазмалар мен уреаплазмалардың антигендеріне M және G сыныбындағы антиденелерді анықтау әдісі, маркерлік фермент ретінде ақжелектің (хреннің) пероксидазасын пайдаланумен тығыз фазада тікелей емес иммундыферментті талдауды қолдануға негізделген.

Микоплазмаларды анықтауға арналған молекулалық-биологиялық әдістер. Бұл әдістермен берілген клиникалық үлгілерде микроорганизмге спецификалық нуклеин қышқылдары (ДНҚ немесе РНҚ) анықталады.

ПТР – in vitro–да микоплазма ДНҚ-ның белгілі бір фрагментінің амплификациясына негізделген. Қазіргі уақытта кейбір фирмалар ПТР-да микоплазмаларды анықтауға арналған диагностикумдарды өндіреді. Реакцияны нұсқауға сәйкес қатаң жүргізеді.

ДНҚ-зондтар негізіндегі гибридизация. Әрбір микроорганизмнің геномында нуклеотидтердің реттілігі – антигендік құрамына қарағанда көп мөлшерде спецификалық. Екінші тізбекке біртізбекті ДНҚ-ның әртүрлілігі олардың нуклеотидтік реттілігі комплементарлығының дәрежесіне тәуелді. Белгілі және белгісіз микроорганизмдердің ДНҚ-ының тізбектерінің әртүрлілігін өлшегенде, олардың бір түрге жататындығын немесе жатпайтындығын анықтауға болады.

Молекулалық-биологиялық әдістер өте жоғарғы сезімталдылыққа ие. Бірақ клиникалық материалда микробты анықтау факты тапқан заттың этиологиялық маңыздылығы жайында қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді, өйткені сау адамдар арасында микоплазматасымалдаушылық өте кең таралған. Диагнозды дәлелдеу үшін микроорганизмнің этиологиялық рөлін дәлелдейтін зерттеулерді жүргізу қажет. Осындай зерттеулердің бірі – арнайы антиденелер титрінің динамикасын анықтау.

Нәтижелерді талдау. Егер микробиологиялық әдіс пен АГАР, ИФР және ПТР , немесе тек АГАР, ИФР және ПТР, немесе АГАР және ИФР, немесе АГАР және микробиологиялық әдістердің нәтижелері ұқсас болған жағдайда генерализацияланған инфекция немесе ошақтың (ол жерден микоплазмалар қанға түседі) бар болуы туралы айтуға болады.

Емдеуі. Микоплазмалар мен уреаплазмалардың антибиотиктерге (пенициллин мен оның туындыларына) жоғарғы төзімділігі бар, олардың әсер ету механизмі жасуша қабырғасының синтезінің ингибициясында.. Сонымен қатар, олар жасушаішілік ақуыздың синтезін тежейтін әртүрлі антибиотиктерге және бірінші кезекте тетрациклиндер мен макролидтерге (эритромицин, олеандомицин және спирамициннен басқа, оларға M. hominis төзімді) жоғары сезімтал. Фторхинолондар тобы пероральдық қолдану кезінде жоғарғы емдік әсер етеді

Клиникалық тәжірибеде берілген препараттармен респираторлық және урогенитальдық микоплазмоздарды емдеудің әртүрлі тәсілдерін қолданады. Уреаплазмамен инфицирленген жүкті әйелдерді емдеу үшін ІІ триместрде эритромицинді 0,25 г-нан күніне 4 рет 14 күн бойы немесе 0,5 г-нан күніне 2 рет 10 күн бойы тағайындайды. Микоплазмалық инфекцияларды емдеу кезінде клиникалық түрлерін, кеселдің ауырлығын, асқынулардың бар болуын есепке ала отырып антибиотиктерді таңдайды, яғни клиницистермен келісе отырып препаратты, курсының ұзақтығы мен санын таңдау индивидуальды жүргізілу керек. Сонымен қатар адаптогендерді, пробиотиктерді және иммундытүзеуші препараттарды қолдану көрсетілген.

Алдын алуы. Респираторлық микоплазмоз ауалы-тамшылы жолмен жұғатын антропоноздық инфекция болып табылады, сондықтан осы ауру кезінде вирустық табиғатты жедел респираторлық аурулардың алдын-алуына негізделген ұйымдастырушылық шаралардың барлық жүйесін қолдануға болады. Урогенитальдық микоплазмалық инфекциялардың алдын-алу әдістері жыныстық жолмен берілетін басқа ауруларына ұқсас болу қажет. Арнайы алдын-алу әдістері қазіргі уақытқа дейін толық зерттелмеген.