Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
мед.микроб. 2 часть каз.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
13.4 Mб
Скачать

19.3. Споралылар (Sporozoa)

Споралыларға безгек плазмодиялары, токсоплазмалар, саркоцисталар, изоспоралар, циклоспоралар, криптоспоридиялар және бабезиялар жатады.

Споралылардың 1350-ге жуық түрлері белгілі. Олардың барлығы паразитті организмдер. Бәріне тән ерекше сипатына жетілген формаларында қайда да болсын қозғалыс органоидтарының болмауы және жынысты және жыныссыз көбею кезеңдері, барлық тіршілік циклінің толық болмауы жатады. Көптеген споралыларға жыныссыз көбею –бүршіктену тән (эндогония). Споралылардың даму кезеңдерінің бірінде споралар (нақты айтқанда спорозоиттар) түзіледі. Споралылардың паразиттік тіршілік етуі олардың құрлысының қарапайымдануынан белгілі. Споралылардың қоректену және асқорыту органоидтары жоқ. Қоректенуі, тыныс алуы және ас қорытуы –бүкіл денесі арқылы жүзеге асырылады.

19.3.1. Токсоплазмоз қоздырғышы

Токсоплазмоз – қоздырғышы бірнеше механизмдермен берілетін, клиникалық белгілері әр түрлі (полиморфты) болатын негізінде жасырын (латентті) және созылмалы түрде дамитын, зоонозды табиғи-ошақты антропургиялы протозойлы инвазия.

Таксономиясы.Қоздырығышы – Toxoplasma gondii, Apicomplexa типіне, Coccidiea типшесіне, Eimeridae отрядына ,Sporozoa класына, Toxoplasma туыстастығына жатады.

Токсоплазманы алғашқы рет 1908 жылы Тунисте француз ғалымдары Ш. Николь мен А. Мансо африкалық Ctenodactylus gondii дейтін кемірігшітің (сондықтан паразиттың аты- Toxoplasma gondii) және Ф. Сплендоре Бразилияда қояндарының организмінен тапқан. 1930 жылы Д.Н Засухин мен Н.А.Гайский тосоплазмаларды сарышұнақтардың организмінен тапқан. Олар ең бірінші болып бұл инвазияның табиғи-ошақтылығы туралы болжам айтып, кейіннен оны дәлелдеді.

Морфологиялық ерекшеліктері. Toxoplasma gondii –жасуаішілік облигатты паразит. Тіршілік ету цикліне байланысты токсоплазмалардың бірнеше морфологиялық түрлерін ажыратады: ооцисталар, псевдоцисталар, цисталар,тахизоиттар (трофозоидтар).

Ооцисталар токсоплазмалардың соңғы иесі мысықтар мен мысық тұқымдастардың ішек жолының шырышты қабатында паразиттің жыныстық жолмен көбеюі нәтижесінде қалыптасады. Қарсы жынысты гаметоциттердің қосылуынан оваль пішінді (диаметрі 10-12 мкм) ооцистер пайда болады. Ооцистердің 2 спорацисталары болады, олардың ішінде 4 спорозоиттары бар. Ооцисталар 3 күннен кейін жетіліп мысықтың нәжісімен сыртқы ортаға шығады. Ластанған тағамдық өнімдермен (ет, көкөніс т.б) адамдардың ішек жолына өткеннен кейін спорозоиттар босанып шығады. Олар лимфалық жолдармен таралып сол жерлерде өсіп -өніп (жыныссыз жолмен –шизогония арқылы) қанға түседі де, барлық ағзаларға тарайды. Көбейген паразиттер (тахизоиттар) басқа көптеген жасушаларға ене бастайды. Оларды инвазияның жіті кезеңінде табуға болады.

Тахизоиттар (трофозоиттар) морфологиясы жарты ай немесе созыңқы апельсиннің бір бөлігіне ұқсас болады (toxo –грекше, «арка» -босаға ) деген мағына береді, осыған байланысты қоздырғыш –тохоплазма деп аталған. Бір шеті үшкірленген, екінші жағы –жұмырланған, мөлшері 3x7 мкм. Романовский –Гимзе әдісімен бояғанда цитоплазма –көкшіл, ядросы –қою –қызыл түсті болады.

Псевдоцисталар арнайы сыртқы қабыршақпен, қабатпен қоршалмаған, олар зақымдалған жасушаларда, макрофагтарда пайда болады, шоғырланған трофозоиттардан (эндозоиттардан) тұрады. Тахизоиттар сияқты олар жіті инфекция кезінде табылады.

Цисталар (мөлшері 10-1000 мкм) да ие жасушалары ішінде пайда болады. Олардың нағыз сыртқы қабаты болады, ішінде жүзден астам паразиттер (цистозоиттар немесе брадизоиттар) шоғырланады. Цисталар ондаған жылдар бойы сақталып, инфекцияның созылмалы түрінің дамуына себепкер болады.

Дақылдандыруы.Токсоплазмалар жасуаішілік паразит болғандықтан жасанды қоректік орталарда өсіп -өнбейді. Оларды дақылдандыру үшін тауық эмбрионына және жасуша дақылдарына жұқтыру тәсілдері қолданылады, және де ақ тышқандарға жұқтырып көбейту әдісі қолданылады.

Төзімділігі. Токсоплазманың ооцисталары сыртқы ортада ұзақ уақыт шыдай алмайды, қысқа мерзімге тасымалдаушылардың өлігінде және экскременттерінде ғана сақталады. Цисталары әлдеқайда төзімді келеді.

Токсоплазмамен ластанған заттар құрғатылған кезде қоздырғыш жылдам қырылады. Токсоплазмалар 40-50С температурада 15-20 мин, ал 60-80С-та 5-10мин-тен кейін өледі. 5-8С температуралық жағдайда токсоплазмалар суда бір тәулік қана, сүтте -2 тәулік тіршілігін сақтай алады. Олар тауық жұмыртқасының сары уызында 3-4 апта, ал нәруызында (белогында) 1-2 апта бойы ауру қоздыру қабілеттілігін сақтайды. Жануарлардың бұлшық етінде (t 4-6С) -10-24 тәулік, мида-30 күндей тіршілік қабілеттілігін жоғалтпайды. Токсоплазмалар малдардың өлігінде, қоршаған ортаның ылғалдылығына және температурасына қарай, 1 күннен 8 тәулікке дейін сақталады.

Күнделікті тәжірбиеде қолданылып жүрген дезинфекциялық ерітінділер токсоплазмаларға да тиімді әсер етеді.

Эпидемиологиясы.Мысықтар және мысық тұқымдастықтардың басқа өкілдері токсоплазмоз инвазиясының ең негізгі инвазия көзі және резервуары болып табылады. Олардың организмінде паразиттің толық даму циклі өтеді, сондықтан оларды токсоплазмалардың ақырғы иесі деп есептеу керек. Сонымен бірге токсоплазмалар сүтқоректілер мен құстардың барлығынан табылады, олар паразиттің аралық иесіне жатады, әсіресе тышқан тектес кеміргіштер, қояндар өте жиі зақымданып, олардың арасында токсоплазмоз кең тараған індет (эпизоотия) түрінде өтеді. Адам организмі токсоплазмалар үшін биологиялық тұйық болып табылады. Дегенмен, құрсақ ішіндегі ұрпаққа плацента арқылы жұққанда, анасы екіншілік аралық инвазия көзі бола алады.

Негізгі инвазия көзінің жұқпалылығы белгісіз мерзімге созылады, өйткені мысықтарда токсоплазмоз соимптомсыз, белгісіз тасымалдаушылық түрінде өтеді.

Токсоплазмоз зоонозды инвазияға жататындықтан, оған 200-дей жануарлар мен құстардың және кейбір омыртқасыздардың да қатысы бар болуы мүмкін.Олар әр түрлі дәрежеде эпизоотиялық процеске қатысып, сол арқылы адамдар арасында эпидемиялық процестің дамуына себепкер болуы ықтимал. Сондықтан адамдар арасында бұл аурудың кең таралуын түсіну қиын емес.

Қоздырғыштың берілу механизмі.Қоздырғыш негізінде ауыз-нәжіс механизмімен таралады. Ол бірнеше жолмен атқарылуы мүмкін:

ауыз арқылы шикі немесе жартылай шикі етті, фаршты пайдаланғанда, ал жиірек жағдайда –мысықтардың нәжісіндегі ооцисталармен ластанған көкөніс, жемістер, тұрмыстық заттар, су, қол арқылы жұғу;

жанасу жолы-тұтас мал етін мүшелеу кезінде қасапшылардың және зарарлы заттармен жұмыс атқаратын лабораториялық қызметкерлердің жарақаттанған қол терісі мен шырышты қабаттары арқылы жұғу;

жүктіліктің бастапқы мерзімінде анасынан құрсақ ішіндегі нәрестеге плацента арқылы жұғу (вертикалдық-тікелей)

қан құйғанда және орган алмастырғанда жұғуы мүмкін.

Патогенезі және клиникалық көріністері.Адам организмінде енген токсоплазмалар лимфамен өңірлік түйіндерге жетіп сол жерде өсіп өніп көбейіп, қан айналымына түседі де барлық ағзаларға тарайды. Ретикуло-эндотелиальды жүйенің жасушаларына түсіп көптеген ішкі ағзаларда псевдоцисталар және цисталар түзеді. Нәтижесінде токсоплазмалар жүйке жүйесін, бауыр, бүйрек, өкпе, жүрек, көзді, бұлшық еттерді зақымдайды.

Токсоплазмоздың жедел (жіті) және созылмалы түрін ажыратады. Жедел инфекция (инвазия) кезінде паразитемия және токсоплазмалардың псевдоциста түрінде тіндерде шоғырлануы байқалады. Созылмалы түрі –тіндік цисталардың пайда болуымен сипатталады.

Токсоплазмоздың жасырын (инкубациялық) кезеңі -2 жеті шамасындай. Клиникалық белгілері әртүрлі болып келеді: бездерінің шамалы ісінумен дене қызбасына дейін көтерілуі мүмкін, бөртпе шығу, фарингит, гепатоспленомегалия, менингоэнцефалит, өкпе қабынуы т.б байқалады. Мұндай көріністер қоздырғыштың қандай ағзада шоғырлануына және қандай органның зақымдануына байланысты болады. Токсоплазмоздың туа біткен түрінде (қоздырғыштың жұғуы көбінесе жүктіліктің 1- триместрінде атқарылады) түсік тастау, нәрестенің өлі туылуы немесе туылған нәрестелерде әртүрлі ақаулықтар болуы мүмкін. Инвазия нәтижесінде бауыр, көз, көкбауыр, лимфа түйіндері, ОЖЖ (ЦНС) зақымданып, организмнің жалпы улануы (интоксикация) және дене қызуының көтерілуі болады.

Иммунитеті.Ауру кезінде жасушалық және гуморалдық иммунитет дамиды. Жоғарғы сезімталдықтың баяу типі (ГЗТ) пайда болады. Токсоплазмоздың туа біткен түрінде анасы және нәрестенің қанында жоғарғы деңгейде спецификалық антиденелер табылады.

Микробиологиялық диагноз қою лабораториялық зерттеулер нәтижесінің негізіне сүйене отырып атқарылады, өйткені токсоплазмоздың клиникалық әйгіленістері әр түрлі (полиморфты) болады. Кеселдің кезеңдеріне (жасырын түрінен айқын түріне дейін) байланысты лабораториялық диагноз қоюдың әр түрлі әдістері қолданылады.

Микроскопиялық әдіс. Алдын-ала центрифугаланған жұлын сұйығынан, лимфа түйіндерінің пунктатынан, плаценталық биопсия заттарынан, биосынама жасалған ақ тышқандардың органдарынан таңбалы-жағынды дайындап, Романовский-Гимза әдісімен бояп, микроскоппен қарайды. Ми тіндеріндегі токсоплазмаларды табу элетронды микроскоппен қараумен немесе төте иммундыфлюоресцентті әдіспен атқарылады.

Биологиялық сынама. Зерттелетін заттардың (қан, органдардан алынған патологиялық бөлшектер), сығындылардың (экстрактысын) ақ тышқандардың құрсақ ішіне жұқтырады. Эксудаттардан немесе ақ тышқандардың ішкі мүшелерінен дайындалған препараттарда токсоплазмалардың табылуы токсоплазмоздың жедел түрі екенін көрсетеді.

Серологиялық әдістерге. КБР, ПГАР, ЖИФР, ИФТ, Сэбин-Фельдман реакциясы (СФР) жатады. Соңғы әдіс сирек қолданылады, себебі реакция қою үшін тірі токсоплазмаларды қажет етуіне байланысты лабораториялық қызметкерлерге жұғу қаупі бар.

Токсоплазминмен қойылатын тері-аллергиялық сынама. Бұл әдіс тұрғындар арасында жаппай скринингті тексеру жүргізуге қолайлы. Оң нәтижелі сынама токоплазманың тек қана бұрын жұққандығын және басқа әдістерді пайдаланып жете тексерудің қажет екенін көрсетеді.

Қазіргі кезде қолданылатын жаңа әдістерге дифференциальды агглютинациялау тесті, латекс –агглютинациялау реакциясы, қатты фазалы иммунды –ферментативті талдау реакциялары және де ПТР (ПЦР) жатады.

Бұрын аурып тұрғаннан немесе токсоплазмоздың жедел түрін ажырату –науқастан екі рет алынған (2-3 аптадан кейін, кейде 1-3 айдан кейін қайталап алынған) қан сарысуындағы М және G иммундыглобулиндердің деңгейін (титрін) анықтауға негізделген. Қағанақ суындағы токсоплазмлардың ДНҚ-ын табу туа біткен токсоплазмоз екенін дәлелдейді.

Емдеуі –токсоплазмоздың жедел немесе созылмалы, және де туа біткен немесе жүре пайда болған түрлеріне қарай кешенді түрде стандартты нұсқама бойынша кем дегенде 2 препаратты қолдану арқылы атқарылады. Емдеу үшін қолданылатын препараттар: тиндурин (син: хлоридин, пириметамин, дараприм), сульфаниламидтер (сульфадиазин, сульфанел, сульфалоксин), бисептол, фолий қышқылы, лекворин, делагин, хиноцид, пирогенал,спленин, антибиотиктер (спирамицин, доксициклин) т.б.

Алдын алуы. Ең алдымен негізгі резервуар әрі инвазия көзі болып табылатын мысықтардан адамға, әсіресе балаларға жұғудың алдын-алуға бағытталған. Ол үшін мысық күтімінің ережелерін орындаудың маңызы күшті. Қолда бар әдістердің барлығын пайдалана отырып, табиғатта токсоплазмалар сақтаушыларды –үй тышқандарын және синантропты кеміргіштерді жою қажет. Ауылшаруашылық жануарлары мен иттер токсоплазмалардың аралық иесі болатындықтан, олардың арасындағы жұғушылықты бақылауға бағытталған кешенді зооветеринарлық шаралар жүргізу керек.

Ветеринарлық қызметкерлер, қасапхана, ет комбинаттары, мал фремалары, құс фабрикаларының жұмыскерлері, сауыншылар, аңшылар, жануарларға тәжірбие жүргізетін ғылыми зертханалар, клиникалар мен перзентханалардың қызметкерлері арасында кәсіби жұғушылықтың алдын алуға аса зор көңіл аудару қажет. Жоғарыда аталған кәсіби топтарға жататын адамдарды оқтын-оқтын тексеру және олардың арасында кеселге шалдыққандары табылса, емдеу жүргізу керек.

Малдан дайындалған өнімдерді ысытып өңдеу, ас тағамдарын дайындау технологиясын сақтау, және де малдарға күтім жасаған кезде, ет комбинаттары мен үй жағдайында мал сойғанда, қол терісі мен шырышты қабаттарды қорғау токсоплазмоздан сақтанудың міндетті шарттары болып табылады.

Туа пайда болатын токсоплазмоздың алдын алу үшін барлық жүкті әйелдерді, әсіресе бұрын акушерлік асқынулары байқалғандарға тексеру жасап, диспансерлік бақылауды тұрақты жүргізген жөн.

Қан құйғанда жұғудан сақтану үшін донорлардың қаны мұқият тексеріліп отыруы тиіс. Эпидемиологиялық қадағалау және эпидемиялық ошақта тиісті шаралар жүргізу регламенттелмеген. Эпизоотологиялық қадағалау зоонозды инфекциялар кезіндегідей шарттарға сәйкес атқарылады. Олардың ең бастысына: жануарлар арасында эпизоотия пайда болғанда және адамдар арасында токсоплазмозға күдікті ауру байқалғанда, малдарды, иттерді және мысықтарды серологиялық тексеруден өткізу және де бағалы терісі бар аңдарға күтім жасағанда, олардан өнім дайындағанда, тиісті ережелерді сақтау жатады.