Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
мед.микроб. 2 часть каз.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
13.4 Mб
Скачать

19.2. Талшықтылар (Flagelleta).

Талшықтылардың шамамен 6-8 мыңдай түрлері белгілі. Барлықтарында бір, екі және одан да көп талшықтары бар. Талшықтар әдетте денесінің алдыңға жағында орналасады. Талшық –цитоплазманың түк тәрізді өсіндісі. Электронды микроскоп арқылы оның өзара өрілген жіңішке жіпшелерден тұратыны көрінеді. Талшық эктоплазмада орналасқан базалды денешіктерге бекітіледі. Егер талшықтар саны көп болса, онда біреуі артқа бағытталған болуы мүмкін. Кейде онымен пеликуланың арасында толқынды цитоплазмалық жарма түзіледі, ол ундулярлы мембрана деп аталады. Дене пішіні әдетте тұрақты болады.

Талшықтылар –гетеротрофтар. Кейбір еркін тіршілік етушілер аутотрофты қасиетке ие және миксотрофты болады. Көпшілігі теңіз және тұщы суларда тіршілік етеді. Көбі паразиттік тіршілік етуге көшкен. Медицина үшін маңыздысы –адам денесінде паразиттік тіршілік ететін талшықтылар (лейшманиялар, лямблиялар, трипаносомалар, трихомонадалар). (56-сурет)

19.2.1. Лейшманиоз қоздырғыштары.

Лейшманиоздар –қоздырғыштары трансмиссивтік жолмен берілетін адам мен жануарлардың табиғи-ошақтық тропикалық аурулары, ішкі ағзаларды (висцеральдық лейшманиоздар)немесе тері мен шырыш қабаттарын (тері лейшманиоздары) зақымдауымен сипатталатын инвазия тобы.

Таксономиясы . Терілік лейшманиоздың қоздырғышын 1897 ж. Ташкентте Ресей дәрігері П.Ф. Боровский ашқан, ал висцеральдық лейшманиоз қоздырғышын У. Лейшман (1900) және Ш. Донован ашқан. Лейшманның құрметіне қоздырғыш -лейшмания, ол қоздыратын ауру –лейшманиоз деп аталды.

Лейшманиоздардың қоздырғыштары Sarcomastigophoraе типіне, Mastigophora типшесіне, Zoomastigophora класына, Kinetoplastida отрядына, Leischmania туыстастығына жатады.

Сүтқоректілерге жұғатын 30 түрінің 21-і адамдарда ауру қоздыра алады. Leischmania туыстастығына жататындарын үлкен төрт топтарға бөледі.

L.donovani тобы (түр тармақтары donovani, infantum, archibaldi, chagasi) –Еуропалық висцеральдық лейшманиоздардың қоздырғыштары.

L.tropica тобы ( түр тармақтары tropica: minor,major) –тері лейшманиоздардың қоздырғыштары.

L.mexicana тобы (түр тармақтары mexicana, amazonensis, pifanoi, venezuelensis, garnhami) –Америкалық терілік лейшманиоздардың қоздырғышы.

L.braziliensis тобы (түр тармақтары braziliensis, guyanensis, panamensis) –Жаңа құрлықтың тері-шырыш лейшманиоздарының қоздырғышы.

Морфологиясы. Лейшманиялар макрофагтарда немесе ретикулоэндотелиалды жүйенің жасушаларында дамитын, жасушаішілік паразиттер. Екіге бөліну әдісімен көбейеді. Жыныссыз дамудың екі циклы болады: талшықты (промастиготты) және талшықсыз (амастиготты).

Талшықты цикл кезінде паразиттер қоректік орталарда немесе науқас адамдар мен ауырған жануарлардың қанын сорған бәкене шыбындардың (москиттер) ішек жолында дамиды. Бәкене шыбын жұтқан амастиготтар оның ішек жолында промастиготтарға айналады, көбейе бастайды, 6-8 тәуліктен кейін бәкене шыбынның жұтқыншағында шоғырланады.

Қоздырғыштың пішіні – ұзынша ұршық тәріздес,; көлденеңі бойынша мөлшері -5 мкм, ұзындығы -10-20 мкм. Протоплазмасында ядро, волютин дәндері, кинетопласт болады. Үшкір шетінен басталатын талшықтары лейшманиялардың қозғалысын қамтамасыз етеді ( 55 - сурет).

Талшықсыз циклы лейшманиялар жұққан организмнің бауырындағы, көкбауырындағы, лимфа түйіндеріндегі ретикулоэндотелиалдық жасушаларында, макрофагтарда өтеді. Паразиттердің пішіні дөңгелекшелеу, талшықтары жоқ; Романовский –Гимзе әдісімен бояғанда цитоплазмасы қоңыр –көкшіл, ал ядросы және кинетопласт –күлгін –қызыл түсті болады.

Дақылдандыру үшін NNN (авторлардың фамилясының бірінші әріптеріне сәйкес –Николь, Нови, Ниль) қоректік ортаны пайдаланды (құрамы: ЕПА+қоянның дефибринделген қаны). Лейшманиялар тауық эмбрионының хорион –аллантойсты қабатында және жасуша дақылдарында да өсіп- өнеді. Зертханаларда ақ тышқандарға, аламан –тышқан және маймылдарға жұқтыру әдісі де қолданылады.

Эпидемиологиясы. Бұл індет жылы және тропикалық климаты бар елдерде таралған. Қоздырғыштың берілу механизмі –трансмиссивті, яғни тасымалдаушы бәкене шыбындар арқылы жұғады.

Қоздырғыштың негізгі жұғу көздері: зоонозды терілік лейшманиозда –құмтышқандар және басқа да кеміргіштер; висцералды лейшманиозда –адамдар (индиялық висцеральды лейшманиоз кезінде ) немесе иттер, түлкілер, шибөрілер, кеміргіштер (жер орта теңіздік висцералды лейшманиоз кезінде); терілік –шырышты лейшманиозда –кеміргіштер, жабайы және үй жануарлары.

Патогенезі және клиникалық көріністері. Терілік лейшманиоздың екі түрін ажыратады: L.tropica –антропонозды лейшманиоздың қоздырғышы және L.major –зоонозды терілік лейшманиоздың қоздырғышы.

Антропонозды терілік лейшманиоз (кешігіп жара шығатын лейшманиоз, қалалық түрі) бірнеше айға созылатын жасырын кезеңімен сипатталады. Бәкене шыбын шаққан жерде төмпешік пайда болады да, 3-4 айдан кейін жараға айналады. Жаралар бет және қол терілерінде жиірек байқалады, жыл соңында тыртықтанады.

Зоонозды терілік лейшманиоз (жылдам жара болатын лейшманиоз, пендин жарасы, ауылдық жер түрі) жіті уақытта дамиды. Жасырын кезеңі -2-4 апта. Ылғалды жаралар аяқ терісінде жиірек орналасады.

Терілік –шырышты лейшманиоз (эспундия) қоздырғышы L.braziliensis тобына жататын лейшманиялар. Бұл кезде мұрын терісінде, ауыз қуысының және кеңірдектің шырышты қабаттарында гранулемотозды жаралар пайда болып зақымданады. Осындай ауру және оған ұқсас мексикалық лейшманиоз (L.mexicana),перуандық лейшманиоз ( L.peruviana) лейшманиоз және т.б негізінде Орталық және Оңтүстік Америкада кездеседі. Жасырын кезеңі -2 аптадан 3 айға дейін.

Антропонозды висцералды лейшманиозды (индиялық кала –азар, қара ауру) L.donovani тобына жататын лейшманиялар қоздырады; негізінде Евразия және Оңтүстік Америкада кездеседі. Жасырын кезеңі – 6-8 ай. Науқастанғандардың бауыры, көкбауыры, лимфа түйіндері, сүйек кемігі және асқорыту жолдары зақымданады. Ағзаларда дистрофия және өлі еттену (некроз) дамиды. Терісі қарая бастайды, бетінде бөртпелер –лейшманоидтар пайда болады.

Жерорта теңіздік висцеральды лейшманиоз, немесе балалардың кала –азары (қоздырғышы L.infantum) кезінде жалпы клиникалық белгілері ұқсас; еркшелігі сол -терісі бозғылттанады. Балалар жиірек ауырады.

Иммунитеті. Ауырып тұрғаннан кейін тұрақты, өмір бақилық иммунитет сақталады.

Микробиологиялық диагноз қою.

Микроскопиялық әдіс. Зақымданған терінің төмпешіктерінен, жаралардан, органдардың пунктатынан жағынды дайындап, фиксациялап Романовский-Гимзе әдісімен бояйды. Микроскопта қарағанда жасуша ішінде және оның тысында майда оваль пішінді лейшманиялар (амастигоиттар) табылса диагноз дәлелденеді.

Паразитологиялық әдіс. Қоздырғыштың таза дақылын бөліп алу үшін NNN қоректік ортасына сеуіп бөлмелік температурада 3 апта инкубациялайды; 8-10 –күннен бастап лейшманиялардың промастиготтарының өсіндісі байқалса диагноз дәлелденеді.

Серологиялық әдістердің спецификалығы жеткілікті емес. Сондықтан кейбір жағдайда ИФР (РИФ), ИФТ (ИФА) қолданылуы мүмкін.

Биологиялық әдіс. Ақ тышқандарға, аламан тышқандарға тері ішіне енгізу арқылы жұқтырады. Зақымданған терілерінде қоздырғыштың табылуы –диагнозды дәлелдейді.

Тері –аллергиялық сынама (Монтенегро тесті) лейшманинді (өлтірілген промастиготтардан дайындалған препарат) тері ішіне енгізу арқылы қойылады. Бұл тест негізінде лейшманиозға эпидемиологиялық зерттеу жүргізу мақсатында қолданылады. Бұл сынама аурудың 4-6 аптасынан кейін оң нәтиже бере бастайды. Аллерген енгізген жерде тиісті дәрежеде қызару пайда болуы –диагнозды болжамдауға әсерін тигізеді.

Клиникалық белгілеріне, эпидемиологиялық мәліметтерге және паразитологиялық зерттеулер нәтижесіне сүйене отырып, «лейшманиоз» диагнозын қою қиындық туғызбайды.

Емдеуі. Висцералды лейшманиоз кезінде сурьма препараттары (солюсурмин, неостибозон т.б) және ароматты диамидиндер (стильбамидин, пентамидин) қолданылады. Терлік лейшманиоз кезінде акрихин, амфотерицин В, хлорпромазин (2%), парамомгицин (15%), клотримазол (1%), глюкантин, мономицин т.б, және де сұйық азот, лазер сәулесімен емдеу қолданылады.

Алдын алуы. Алдын- алу мақсатында ауру малдарды жояды, кеміргіштерді және бәкене шыбындарды жою шаралары жүргізіледі. Спецификалық иммунды профилактика мақсатында L. мajor дақылынан дайындалған тірі вакцина енгізіледі. Дегенмен егу барысында асқынулар жиі байқалатындықтан, мүндай вакцинаны қолдану өте шектелген.