Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
мед.микроб. 2 часть каз.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
13.4 Mб
Скачать

19.1. Саркодылар (Sarcodina )

Амебалар Sarсomastidophorae типіне, Sarcodina класына, Ameobiada отрядына жатады. Амебалардың көпшілігі қоршаған ортада, кейбіреулері адамдар мен жануарлардың организмінде тіршілік етеді.

Жасушасының пішіні тұрақты емес; өзгеріп отыратын өскіндер –псевдоподиялар (аmeobа –гр өзгеру) түзіп қозғалады. Бактериялармен және майда қарапайымдылармен қоректенеді. Жыныссыз жолмен (екіге бөлінумен) көбейеді. Қолайсыз жағдайда цисталар түзеді. Амебалардың патогенді және патогенсіз түрлері болады.

Патогенді амебаларға дизентериялық амеба(Entamoeba histolytica), еркін тіршілік ететін амебалар –неглериялар (Naegleria туыстастығы), акантоамебалар (Acanthameba туыстастығы) және гартманеллелар ( Hartmanella) туыстастығы жатады.

Адамдардың тоқ ішегінде патогенсіз амебалар (Entamoeba coli ), Гартман амебасы (Entamoeba hartmanni) және т.б мекендейді.

Ауыз қуысында қалыпты жағдайда, көбінесе ауыз қуысындағы патологиялық процестер кезінде Entamoeba gingivalis табылады.

19.1.1. Амебиаз қоздырғышы.

Амебиаз – қоздырғышы саркодылар класына жататын, нәжіс-ауызды механизммен берілетін антропоноздық ауру, қоздырғыштар ішекте паразиттік тіршілік етеді, тоқ ішектің зақымдалуымен, әр түрлі ағзаларда абсцестің дамуымен (іріңдеп қалталану), созылмалы қайталамалы өтуімен сипатталады.

Қоздырғыш таксономиясы. Қоздырғышын 1875 жылы орыс ғалымы Ф.А. Леш ашқан, Sarcomastigophorae типіне, Sarcodina класына, Ameobiada отрядына жатады. Туыстастығы - Entamoeba, түрі – Entamoeba histolytica.

Морфологиясы. Қоздырғыш дамуының екі сатысын ажыратады : вегетативтік және цисталық. Вегетативтік сатысының бірнеше түрі бар: үлкен вегетативтік (тіндік) –forma magna; кіші вегетативтік (ішек ішілік) - forma minuta; циста алдылық және цисталық.

Циста (тыныштық жағдайда) –диаметрі 9-16 мкм, оваль пішінді. Жетілген цистаның 4 ядросы, ал патогенсіз амебаның ( E.coli) цистасында 8 ядросы болады.

Ішек ішілік түрі –қозғалмайды, мөлшері 15-20 мкм; зиянсыз комменсал ретінде тоқ ішектің жоғарғы бөлімінде мекендейді, бактериялармен және детриттермен қоректенеді.

Үлкен вегетативтік түрі–тиісті жағдайда кіші вегетативтік түрден пайда болады. Ол өте ірі (30 мкм –дей), псевдоподиялар ( жалған аяқтар) түзіп әртүрлі қозғалыстар жасайды. Эритроциттерді фагоциттейді (жұтып алады). Амебиаз кезінде науқастың жаңа нәжісінен табылады.

Дақылдандыру. Қоздырғышты қоректік заттарға бай орталарда өсіруге болады ( Баламут, Павлова, Рис, Бек және т.б қоректік орталарында).

Резистенттілігі . Организмнен тыс жағдайда вегетативтік түрлері жылдам (30 мин) өледі. Цисталары (цистотасымалдаушылар тәулігіне 8 млн-дай циста бөледі) қоршаған ортада төзімді, 20 С температурада су және нәжісте 1 айға дейін сақталады. Тағамдық өнімдерде, көкөніс және жемістерде бірнеше күн сақталады. Қайнатқанда жылдам қырылады.

Эпидемиологиясы . Амебиаз –антропонозды ауру; жұқтыру (инвазия) көзі –адамдар. Берілу механизмі –фекальді – оральді жол. Тағамдық заттар, әсіресе көкөніс және жемістер, сирек жағдайда су, тұрмыстық заттар арқылы жұғады. Жыныстық қатынас (оральдық, анальдық) кезінде де жұғуы мүмкін.

Шыбындар және таракандар цисталарын таратуға әсер етеді. Көбінесе 5 жастан асқандар ауырады. Тропикалық және субтропикалық елдерде ең көп науқастанушылық байқалады.

Патогенезі және клиникалық белгілері.Ішек жолына түскен цисталардан амебаның қуыстық түрлері пайда болып, ауру қоздырмай тоқ ішекте мекендей алады. Организмнің резистентілігі төмендегенде амебаның тіндік түрлері ішек қабырғасына еніп көбейе бастайды да, ішек амебиазы дамиды. Олардың өсіп -өніп көбеюіне ішек микрофлорасының кейбір өкілдері әсер етеді.

Тіндік түрінің трофозоидтары жалған аяқтар (псевдоподиялар) түзу нәтижесінде қозғалыс қабілетке ие болады. Олар тоқ ішек қабырғасына еніп коагуляциялық некроз қоздырады; эритроциттерді фагоциттеу қабілеттілігіне ие болады (эритрофагтар), адамдардың жаңа бөлінген нәжісінен табуға болады. Некроз кезінде айнала шеті қазылған кратер тәріздес ойық жаралар пайда болады. Ішек амебиазы кезіндегі негізгі клиникалық белгілері: үлкен дәреті (стул) қан араласқан түрінде жиі келеді; күшену, организмнің сусыздануы (дегидратация) болады. Нәжісінде ірің, кілегей, кейде қан табылады.

Амебалар қанмен бірге айналып бауырға, өкпеге, бас миына түседі, нәтижесінде ішектен тыс амебиаз дамиды. Терілік амебиаз кезінде анус айналасында, бұтаралық аймақта эрозиялар және шамалы ауыратын жаралар пайда болады.

Амебиаздың клиникалық көріністері айқын емес, симптомсыз түрлері жиі кездеседі.

Амебиаз кезінде болуы мүмкін асқынулар: ішек қабырғасының тесілуі, ішек бітеліп қалуы, іріңді перитонит, плеврит, өкпе эмфиземасы, пневмоторакс, перикардит, жыланкөз (свищи) болуы мүмкін.

Иммунитеті тұрақсыз, негізінде жасушалық иммунитет дамиды.

Микробиологиялық диагноз қою. Науқастан зерттеу үшін алынатын заттар: жаңадан алынған нәжіс, қақырық, абсцесс бөлінділері, анус айналасындағы және бұтаралық аймақтағы жаралардан сүрінді, қан сарысуы, патологиялық материалдар т.б

Микроскопиялық әдіс (копроскопия) –негізгі әдіс. Физиологиялық ерітіндімен сұйытылған нәжісті Люголь ерітіндісімен немесе метиленді көк бояумен өңдеп микроскопта қарайды. Эритроциттерді жұтқан вегетативтік тіндік түрі табылса сенімді диагноз қояды.

Дақылдық (паразитологиялық) әдіс бойынша тиісті қоректік орталарға сеуіп таза дақылын бөліп алады (сирек қолданады).

Биологиялық әдіс – биоматериалдармен 2-3 апталық егеуқұйрықтарға, теңіз шошқасына, мысықтарға жұқтырады.

Серологиялық әдіс –негізінде қос (парные) сарысулармен ПР, ЖГАР, ИФТ, ИФР, ПЦР реакцияларын қолданады. Серологиялық реакциялармен ішектік амебиаздың 75-80%, ол ішектен тыс амебиаздың 95% -ын дәлелдейді.

Емдеуі.Амебиаздың клиникалық түрлеріне қарай этиотропты және патогенетикалық (симптоматикалық) емдеу тәсілдері қолданады. Емдеу үшін пайдаланылатын препараттар: метронидазол, мексаформ, осарсол, ятрен, дийодохин, делагил, фурамид, интестопан, парамицин,тинидазол, орнидазол, секнидазол, тетрациклин+хлорохин, дилоксанид фуроаты, дигидроэмиктин т.б

Алдын алуы амеба тасымалдаушыларды, циста бөлушілерді дер кезінде анықтап нәтижелі емдеуге, жалпы санитарлық шаралар жүргізуге негізделген.