Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
мед.микроб. 2 часть каз.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
13.4 Mб
Скачать

17.1.11.Филовирустар

Филовирустар (лат.: filum – жіпже) – ауыр түрде геморрагиялық қызбалар қоздыратын, жіпше тәріздес РНҚ-құрамды вирустар. Марбург вирусы 1967 жылы ФРГ-ның Марбург қаласында, Эбола вирусы – 1976 жылы Оңтүстік Суданның Эбола деген жерінде бөлініп алынған, вирустардың аттары сол жерлерге байланысты қойылған. Бұл вирустар жіпше тәріздес РНҚ-құрамды вирустар тұқымдастығына жатады және олар африкалық геморрагиялық қызба қоздырады.

Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Filoviridae

Туыстастығы : Marburgvirus (Марбург вирусы)

Ebolavirus (Эбола вирусы).

Құрылымы. Вириондары – РНҚ-құрамды ұзын, кейде бұтақшалары болатын ирек жіпше пішінді. Олардың ұзындығы 1200-4000 нм-ге, ені 70-100 нм-ге жетеді. Нуклеокапсиді – спиральды симметрия типтес. Сырты – ұзындығы 7-10 нм гликопротеинді тікенекшелері бар липидқұрамды суперкапсидпен қоршалған (3-сурет).

Геномы – біржіпшелі минус РНҚ молекуласынан тұрады. Құрамында полимераза бар. Вирустың репликациялануы және құрастырылуы жасуша цитоплазмасында іске асырылады. Жасушалық мембрана арқылы бүршіктену тәсілімен вирион сыртқа шығады.

Резистенттілігі. Филовирустар жоғарғы температураның әсеріне төзімді, 30 мин. бойы 60-70°С-та қыздырғанда жұқпалық қасиетін сақтайды. УКС-нің және майеріткіштердің әсерінен белсенділігін жылдам жояды.

Эпидемиологиясы. Филовирустар қоздыратын аурулар Африка континентінің экваторлық және субэкваторлық аудандарында тіркелген. Бұл қоздырғыштардың циркуляциясы маймылдардың (көк мартышкалар) организмінде атқарылады және олар вирус сақтаушы резервуар болып табылады.

Адамдарға вирус маймылдар мен науқастанғандардың қанымен жанасқанда (контакт) жұғады, кейде ауалы-тамшылы жолмен де жұғуы ықтимал. Бұл инфекцияның жекеленген бұрқетпелері, және де зертханаішілік жұғу оқиғалары да тіркелген.

Патогенезі. Вируспен зақымдану басқа да вирустық геморрагиялық қызбалар кезіндегідей, бірақ негізгі фактор – геморрагиялық шок жағдайына әкелетін, тромбоциттер функциясының бұзылуы болып табылады.

17.1.11.1. Марбург ауруы

Алғашқы рет бұл ауру 1967 жылы Марбург және Белград қалаларында тіркелген. Кейіннен осындай инфекция Оңтүстік Африка Республикасында және Кенияда байқалған.

Жасырын кезеңінің ұзақтығы – 1-9 тәулік. Ауру жедел түрде басталады: дене қызбасы 38-40°С-қа дейін көтеріледі, бұлшықеттері, басы ауырады, экзантемалар, конъюнктивит дамиды. Негізгі көріністері кеселдің 5-7 тәулігінде басталады: генерализацияланған ауқымды қан құйылулар, қанды қақырық тастау, қанды диарея, протеинурия, жүрек зақымдануы. Пациентте үдемелі шок дамуы нәтижесінде өліммен аяқталады. Өлім-жітім (летальность) 30%-дан 90%-ға дейінгі деңгейде (орта есеппен – 50%) тіркеледі.

17.1.11.2. Эбола қызбасы

Бұл індеттің алғашқы бұрқетпесі 1976 жылы Эбола (Заир) деген жерде, содан кейін Оңтүстік Судан, Заир, Кения және Габонда (1996 ж.) тіркелген. Эбола қызбасының жекеленген оқиғалары кейбір жанұяларда, ауру жұққан адамдар келіп түскен емдеу мекемелерінде, приматтарды зерттейтін ғылыми орталықтардың қызметкерлерінде тіркелген.

Жасырын кезеңінің ұзақтығы – 2-21 тәулік. Инфекция көзі – ауру адам. Вирус жанасу (контакт) және алиментарлы жолмен, және де парэнтеральды жолмен (ауырған адамның қанымен) жұғады.

Ауру жедел басталады: дене қызбасы тез көтеріледі, қалтырайды, басы, бұлшықеттері және іші ауырады. Содан кейін петехиальды бөртпелер шығу және тоқтаусыз қанды іш өтуі дами бастайды. Үдемелі шок пайда болуы нәтижесінде пациент өлімге душар болады. Өлім-жітім 90%-ға жетеді.

Иммунитеті – осы күнге дейін толық зерттелмеген.

Микробиологиялық диагноз қою. Филовирустар қоздыратын аурулар кезінде келесі заттар зерттеуге алынады: қан, геморрагиялық экссудат, несеп. Вирусты бөліп алу – маймылдардан алынған жасуша дақылдарына жұқтыру– БН, КБР, ИФТ. Серологиялық диагноз қою – КБР, БР. Жедел диагноз қою – РИФ.

Емдеуі – симптоматикалық емдеу шараларымен қатар арнайы препараттар қолданылады: ауырып тұрғаннан кейінгі адамдардың қан плазмасын құю, спецификалық гаммаглобулин, интерферон.

Алдын алуы. Медициналық жалпы сақтану шараларын бұлжытпай орындау. Спецификалық профилактикасы жоқ.