
Лекцияның тақырыбы: Темперамент
Мақсаты: Әрбір адамның жеке тұлға ретінде даралық-психологиялық ерекшеліктерін психикалық қасиеттің бірі - темперамент арқылы қарастыру. Осы мақсатта темпераментке оның түрлеріне, зерттеу әдістеріне жалпы сипаттама беру және темпераментті зерттеушілер еңбектерін қарастыру.
Жоспар:
1 Темперамент туралы түсінік
2 Жоғары жүйке қызметінің типтері – темпераменттің табиғи негізі
3 Темперамент туралы теориялар
4 Темпераменттің типтері және олардың психологиялық сипаттамасы
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Мерлин В.С. Очерк теории темперамента. М.,1973.
2.Стреляу Я. Роль темперамента в психическом развитии. М.1982.
3.Небылицын В.Д. Основные своиства нервной системы человека. М.,1990.
4.Жұмабаев М. Педагогика, Алматы, 1995.
5.Аймауытов Ж. Психология. Алматы, 1995.
6.Жарықбаев Қ.Б. Психология негіздері. Алматы, 2005.
7.Тәжібаев Т.Т. жалпы психология. Алматы, 1993.
8.Намазбаева Ж.И. Психология. Алматы,2005.
9.Сейталиев Қ.Б. Жалпы психология. Алматы, 2007.
Темперамент деп психикалық процестер ағысының, қимыл-қозғалыстар мен көңіл күйдің түрлі деңгейінде көрінетін адамның жүйке саласының тұрақты және туғаннан берілетін даралық психологиялық қасиеттер жиынтығын айтамыз.
Темперамент туралы ілім ерте замандарда пайда болған. Гиппократ, кейіннен Гален сияқты дәрігерлер адамдардың мінез-құлықтарының дара көріністерін бақылау арқылы солардың өз ерекшеліктерін сипаттап жазуды, түсіндіруді ойластырады. Гиппократтың пікірінше, адамның тәнінде төрт түрлі сұйықтық болады:
Сангвиникалық (латын сөзі «сангвиниус»-қан), флегматикалық «флегма»-сөл, шырын, холерик «холэс» - сары өт, меланхолик «меланхолэс» - қара өттен тұрады. 4 түрлі сұйықтықтың қоспасы «темпераментум» - қоспа
Қан, шырын, сары және қара өт, олар дұрыс араласса – адамдардың дені сау, дұрыс араласпаса – сырқат болады. Ағзадағы сұйықтардың біреуінің басым болуы адамның темпераментін анықтайды. Гиппократ темпераменттер белгілі мөлшерде адамның тұрмысына, ауа райы жағдайларына тәуелді болады деп санады. Мәселен, отырып жұмыс істейтіндердің денесінде флегма(шырын) жинақталса, үнемі қимыл қозғалыстағыларда - өт көбейеді, темперамент те осыған сәйкес анықталады. Гиппократ типтерді дұрыс сипаттағанымен, оларды ғылыми тұрғыдан түсіндіре алмады.
Жоғары жүйке қызметінің негізгі қасиеттерін ашқан И.П.Павловтың ғылыми еңбегі ерекше. И.П.Павлов шартты рефлекстер әдісі арқылы жоғары жүйке қызметінің және жүйке үрдісінің негізгі қасиеттері – қозу мен тежелудің заңдылықтарын ашты. Қозу - жүйке жүйесімен бас миының қызметінің белсенділігі; тежелу- жүйке жүйесімен бас миының қызметінің белсенділігінің сөнуі;
Жүйке үрдістерінің күші – бұл жүйке жүйесі мен жүйке жасушаларының жұмыс қабілеттілігінің көрсеткіші. Күшті жүйке жүйесі түрлі тітіркендіргіштерге төзімді келсе, әлсізі мұндайға шамасы келмей «морт сынып» жатады.
Жүйке үрдістерінің тепе-теңдігі – бұл қозу мен тежелудің өзара сайма-сайлығын көрсетеді. Бұл үрдістер кейде бір-бірімен тепе-тең болып, кейде тең келмей, біреуі екіншісінен күшті болып отырады.
Жүйке үрдістерінің қозғалғыштығы – бір үрдістің екінші үрдіспен алмасу шапшаңдығы. Бұл мидың кездейсоқ және қолайсыз өзгерістерге бейімделуіне мүмкіндік береді. Осы қасиеттердің түрліше араласып, қосылуы жоғары жүйке қызметінің түрлі типтерін сипаттайды.
Жүйке жүйесінің типтері Жүйке жүйесінің қасиеттері |
Күшті
|
Әлсіз |
||
Ширақ
|
Ұстамсыз
|
Инертті (баяу)
|
||
Күші |
Күшті |
Күшті |
Күшті |
Әлсіз |
Тепе-теңдігі |
Тепе-тең |
Тең емес(қозуы басым |
Тепе-тең |
Тең емес (тежелуі басым) |
Қозғалғыштығы |
Қозғалғыш |
Қозғалғыш |
Баяу |
Баяу |
Темперамент типтері |
Сангвиниик |
Холерик |
Флегматик |
Меланхолик |
Жүйке қызметінің типі адаммен бірге туады және оны түгелдей өзгеріске ұшыратуы мүмкін. Дегенмен И.П. Павлов жүйке қызметі типтерінің жекеленген қасиеттерін өзгертуге болатындығын тәжірибе жүзінде дәлелдеген. Мәселен, қозу үрдісі тежелуінен басым, күшті ұстамсыз тип машықтанып, жаттығу арқылы өзінің тежелу үрдісі күшін біршама арттырып, оны қозу үрдісімен теңестіргені байқалған. Осыдан И.П.Павлов: күшті қозғыш типтерді жаттықтыру арқылы тежелу үрдісінің күшін арттырып, бір-бірімен теңестіруге болады, - деген қорытындыға келеді.
И.П.Павлов шама келетін ұзақ жаттығу арқылы жүйке жүйесінің әлсіз типін шынықтыруға болады деген қорытындыға келді. Жүйке қызметінің әлсіз типінің қасиеттері ерекше байқалған адамның да қолайлы тәрбие нәтижесінде кез келген қиындықты ойдағыдай жеңе алатындығы сөзсіз.
Кейінгі зерттеулер жүйке үрдістерінің қозғалғыштығы мұндағы қасиеттердің онтогенездік дамуда ерекше өзгеріп отыратындығын байқатқан.
И.П.Павлов темперамент пен жүйке қызметінің типтерін бір-біріне балама құбылыс деп түсінді. Кейінгі зерттеулер жүйке қызметінің типтері темперамент типтерімен ылғи сәйкес келіп отырмайтындығын көрсетті. Шындығында да, темпераментке тек жүйке жүйесінің қасиеттері ғана емес, сондай-ақ жеке адамның дене құрылымдары да әсер ететіндігі белгілі. Жүйке қызметінің типін темпераменттің нышаны ретінде ұғынған дұрыс.
Адамның мінез-құлқы оның туыстан пайда болған тип өзгешелігіне ғана тәуелді болмай, жүйке қызметінің тікелей өмір барысында қалыптасатын түрімен де байланысты екенін есте ұстау қажет. Кейде тыныш бір қалыпты флегматик холерикше эмоциясы бұрқанып, күйіп-пісіп, әлек болады, ал холериктің кейбір жағдайларда өз күшіне сенбейтін, енжар меланхоликтің қалпына түсіп кететін кездері де болады. Осындай көріністер кейбір психологтарды аралық темперамент те болады деген пікірге алып келеді.
Бір адамның өзінде де әр жағдайда түрлі мінез-құлық көрініп отырады, оны талдауда алғашқы кезде осы адамның типтік ерекшеліктері еске алынады, өйткені мұндай жағдайларда жүйке жүйесінің түрлі типтерінде көңіл күйі түрліше байқалады. Мәселен, холерикке-көңілдің түсуі, бұрқануы, ал флегматикке-ұстамдылық, меланхоликке-өз күшіне сенімсіздік т.б. тән қасиет. Олай болса осы жағдайлар адамның типтік белгісі болып табылады. Егер адам сыртқы әсерге қалай болса қарайтын болса, осы әсердің өзі қандай екенін зерттеу қажет. Мәселен, флегматиктің ашуы мен эмоциялық күйіп-пісуі ұзақ уақыт ішінде сан рет қайталанған әсерден кейін туса, холерикте осындай жағдай бірден пайда болады. Холерик басқа адамның кез келген ескертпесіне, әсіресе оның намысына тиетін сөзге ылғи ашу-ыза, кейіс білдіреді. Флегматик мұндайды бір рет айтылған ескерту деп қана ұғады, егер ол бірнеше күн бойы қайталанатын болса ғана одан ашуланған кейіп байқалады. Холерик қуатын шапшаң жұмсаумен көзге түссе, флегматик оны бөгеп, жинақтап, қозу тежелуді жеңе бастаған жағдайда ғана жұмсайды.
Адамның жабырқауы мен солқылдақтығы да осы тектес болады. Холериктер де бұл ұзақ зорығып жұмыс істеген кездегі қажудан туындаса, меланхоликтерде бұл жайт қарым-қатынас пен өмір жағдайының түбегейлі өзгеріске түскен кезінде немесе қысқа мерзімді күйзеліс үстінде белең береді. Осы айтылғандарды ескеру және білу-адам темпераменттерінің ерекшеліктерін ажырату үшін қажет.