
Пайдалы кенді қазып өндіру тәсілдері
Шақты өндірісін ұйымдастыруда, әсіресе, ашу, дайындау тәсілдерін, қазу жүйелерін таңдауда кенорнының шекті пішіні мен кеңістікте орналасу жағдайы үлкен әсер ететіні белгілі.
Көмір, көбінесе, жер қойнауында айналадағы жыныстармен стратиграфиялық байланыстағы жазық плита түрінде жатады. Оны қат немесе тақта деп атайды. Тау-кен энциклопедиясы тұжырымдамасы бойынша тақта деген - қалыңдығы өрістеу ауданынан бірнеше шама кіші, нышандары біркелкі, төбесі мен табаны параллель жазықтықтармен шектелген жалпақ пішінді геологиялық дене.
Жекелеген шақты салуға арналған кенорнын немесе оның бөлігін шақты алабы деп атайды. Шақты алабы жазылым және құлама бағыттарымен сипатталады. Жер астында жатқан көмiр тақтасы горизонтал жазықтығымен қиылса, ол қиылыс ізі - жазылым сызығы немесе жазылым, ал тік жазықтықпен - құлама сызығы немесе құламасы деп аталады. Тақтаның жерасты орналасуы төрт жатыс элементімен анықталады: жазылым және құлама сызықтары, қалыңдығы - m, құлама бұрышы - α.
Шақты алабының пішіні (конфигурациясы) негізінде кенорындарының жатыс жағдайларымен тікелей байланысты. Жатыс элементтері мен таугеологиялық және таутехникалық жағдайлары тұрақты кенорындарында жобалаушылар мүмкіндігінше тіктөртбұрыш пішінді шақты алабтарын жасауға талпынады.
Бiр жыл не бiртәулiк ішінде жербетіне шығарылатын пайдалы кендерді - шақты өндірістік өнiмділігі дейді. Шақтының жылдық өнiмділігі жоғары болған сайын шақты алабының мөлшерi де, пайдалы қазбаның өнеркәсіп қоры да мол болады.
Тапсырмалар:
Жаңа сөздерді оқыңыз, аударыңыз.
Мына сөздердің синоним сыңарларын табыңыз: орынсыз, қалдық, нашарлау, жеткілікті, айқындау.
Шылау сөздерді еске түсіріңіз.
Септеулік және жалғаулық шылауларды қатыстырып сөйлемдер құрастырыңыз.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Тұрсынова Г. Т. Кәсіби қазақ тілі: оқулық: жоғары оқу орындарының техникалық мамандықтарына арналған / Г. Т. Тұрсынова. Алматы: ҚазҰТУ, 2010. – 324 б.
Сағынов А.С., Смағұлов З.М., Арыстан И.Д., Исабек Т.К. Пайдалы кенорындарын қазып өндіру технологиясы.. Қарағанды, 2006.
3. Көшербаев Қ.Т Кен байыту негіздері. Алматы, 2011.
4. Бегалинов Ә. Тау-кен кәсіпорындарының жерасты кешендерін жобалау Алматы, 2011.
5. Кинбаева А.Б., Қоңырова Н.Ә. Тау-кен институтының студенттеріне арналған кәсіби мәтіндер жинағы. Қарағанды, ҚарМТУ, 2009.
СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (2-тақырып) [қосымша 10, 18]
Грамматика
2. «Қазақстанның пайдалы қазбалары» тақырыбына шығарма.
8-тақырып. Шақты алабын даярлау тәсілдері. Грамматика.
Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары
1. Грамматика.
2. Шақты алабын даярлау тәсілдері (осы тақырып бойынша студенттерге сұрақтар қою, берілген тапсырмаларды орындау).
Шақты алабын даярлау тәсілдері
Шақты алабын ашу кезінде пайда болатын тау-кен қазбаларын (үңгілерін) - негізгі, ал кен қазуға дайындық кезіндегілерін - даярлау үңгілері деп айырады.
Шақты алабын даярлау дегеніміз – ашылған алабты бөлшектеп, көмір қазуға қажетті тау-кен үңгілерін өткізу.
Шақты оқпаны, шақты алабының орта тұсынан өткізiлiп, жазылым бағыты бойынша, оны, екi қанатқа бөледi. Олар, магниттік бағыттауышқа сәйкес шығыс - батыс немесе оңтүстік - солтүстік қанаттары деп аталады. Мөлшерi бiрдей қанаттар - тең қанатты, одан өзгешелері - теңсiз қанатты шақты алабтары деп бөлінеді.
Шақты алабының орта деңгейінен жоғарғы жағы - өрлеме (бремсберг) алабы, ал төменгісі - құлама (еңіс) алабы деп аталады.
Даярлау тәсілдерін таңдауда - тақталардың құлама бұрыштары, кенорнының геологиялық бұзылыстары, тақталар мен жыныстардың сулылығы және газдылығы, шақты алабының мөлшері, шақты желдетілу тәсілі сияқты факторлары елеулі әсер етеді.
Даярлау тәсілдері келесідей жіктеледі:
даярлау үңгілері атқаратын тақталар сандары бойынша – жекелеп және топтап даярлау;
негізгі даярлау үңгілердің орналасуына сәйкес – тақталық және далалық даярлау. Ал бұларға қатысты үңгілерді тақталық және далалық даярлау үңгілері дейді.
Тақталы даярлауда - үңгілердің барлығы көмір өндірілетін тақталар бойынша өткізіліп, қорғалады. Ұзақ мерзімге арналған даярлау үңгілерін бүйір жыныстары тұрақсыздығы мен басқа факторлар әсерінен тақта ішінде қорғау үлкен қиындыққа түсуі мүмкін. Ондай үңгілердің қатарына күрделі және панелдік бремсбергтер мен еңістер, негізгі және магистралді тасыма штректері жатады. Осындай себепті ескере отырып оларды жыныстар арасында өткізген дұрыс. Бұл далалық даярлау тәсілі деп аталады. Далалық даярлау үңгілерін қатты жыныстар бойынша, тазартпа жұмыстары ықпалынан тыс аймақтарда орналастырған ұтымды.
Далалық даярлаудың кемшіліктері: шақты үстіне шығарылатын бос жыныстар көлемінің өсуі; тақта жатысын алдынан ала зерттелуінің болмауы; ақша қаражат шығынының артуы.
Жекелей даярлауда әр тақта сайын үңгілер өткізіледі. Олар тақта немесе жыныстар бойынша өткізілуі мүмкін. Топтап даярлауда, негізгі даярлау үңгілері бірнеше тақталарға топтастырылып ортақтаса өткізіледі. Тақталарды топтастыруда бүкіл ұзындық бойынша топты үңгілер ғана сақталып тұрады.
Топтап даярлаудың артықшылықтары: қорғалып сақталуға тиісті үңгілердің саны мен көлемінің азаюы; көлік жұмысы тиімділігінің өсуі; желдету жағдайының жақсарылуы.
Тапсырмалар:
Мәтінді аударыңыз.
Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыз.
Мәтін ішінен септік жалғауларды бөліп көрсетіңіз.
Үстеуді еске түсіріп, түрлеріне мысалдар келтіріңіз.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Тұрсынова Г. Т. Кәсіби қазақ тілі: оқулық: жоғары оқу орындарының техникалық мамандықтарына арналған / Г. Т. Тұрсынова. Алматы: ҚазҰТУ, 2010. – 324 б.
Сағынов А.С., Смағұлов З.М., Арыстан И.Д., Исабек Т.К. Пайдалы кенорындарын қазып өндіру технологиясы.. Қарағанды, 2006.
3. Көшербаев Қ.Т Кен байыту негіздері. Алматы, 2011.
4. Бегалинов Ә. Тау-кен кәсіпорындарының жерасты кешендерін жобалау Алматы, 2011.
5. Кинбаева А.Б., Қоңырова Н.Ә. Тау-кен институтының студенттеріне арналған кәсіби мәтіндер жинағы. Қарағанды, ҚарМТУ, 2009.
СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (3-тақырып) [қосымша 10, 18]
Грамматика
«Кен орындарын ашып, қазып алуға дайындық жасау жолдары» тақырыбына материал жинау.
9-тақырып Көмір кенорындарын жерасты қазып өндіру. Грамматика.
Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары
1. Грамматика.
2. Мәтін бойынша берілген тапсырмаларды орындау.
3. Грамматика бойынша синтаксистік талдау жасау.