Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
kitap.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.47 Mб
Скачать

Сарайшық

Еуропа мен Азияны қақ бөліп жатқан Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан Сарайшық (Сарайжук,Сарайчук) шаһарының іргесі Алтынорда тұсында қаланған болатын. Оны Шыңғыс ханның немересі, Жошының баласы Бату хан салдырғаны туралы Әбілғазы хан шежіресінде жазылған.

Еуропадан шығып, Еділдегі Алтынорданың астанасы Бату Сарайы арқылы Хорезмге, одан әрі Қытай, Үндістанға баратын трансконтинентальды керуен жолы Сарайшықты басып өтетін. Сол жолдың бағыты жайлы бізге көптеген көпестер мен саяхатшылар қалдырған деректер жетті. Хамдаллах Казуинидің 1339 жылдар шамасында жазған «Сапарнамасында» осы жол бойындағы елді мекендер ара қашықтықтарымен қоса көрсетілген.

ХІІІ ғасырдың орта тұсында Еділдің бойынан астана тұрғызған Алтынорданың аяқ алысынан сескенген батыс елдері достасу, дипломатиялық байланыс жасау мақсатымен елшілерін бірінен соң бірін жіберіп жатты. Елшіліктерге жүктелген жасырын тапсырмалар болған. Солардың қатарында Алтынорданың әскери күшін барлау секілді жансыздық, Алтынорда халқын христиан дініне кіруге үгіттеу секілді миссионерлік мақсаттарын айтуға болады. Батыстың жіберген елшілері В.Рубрук пен П.Карпиниге жүктелген басты тапсырмалар да осындай сипатта болған. Сарай Батудан шешуші жауап ала алмаған елшілер Қарақорымға (Мөңке ханға) бара жатқан жолда осы Сарайшық арқылы өткен. Өз бабамыз Бейбарыс Мысырға сұлтан болмай тұрған кезде мұсылман елдерінің атынан Алтынордаға елшілікпен келіп кеткен. Сол байланыстардың әсері болуы керек, алдымен Берке хан бауыры Тоғай екеуі мұсылмандықты осы шаһарда қабылдаған. Өзбек ханның исламды мемлекеттік дін ретінде қабылдау салтанаты дәл осы Сарайшықта жүзеге асты. Алтынорда дәуірінде Сарайшықта теңге соғылғаны жайлы да мәліметтер бар. 1996-2000 жылдары арасында Сарайшықта жүргізілген қазба кезінде бетіне арабшалап «Сарайшық» жазылған мыс теңгелер табылды.

ХІV ғасырда Сарай Берке арқылы Орта Азияға өткен арабтан шыққан саяхатшы Ибн Батута: «Ұлысу (Жайық) деп аталатын өзеннің жағасындағы Сарайшық шаһарына тоқтадық. Шаһарда саяхатшылар мен қажылықтан қайтқан мұсылмандарға тегін тамақ пен жатар жай беретін орын бар екен. Ол завия аталады. Завияның иесі қарт ата бізді тамақтандырып, ақ батасын берді. Біз шаһарда болдырған аттарымызды сатып орнына түйелер алдық. Өзеннен Бағдаттағыдай қайықтардан құрастырып салынған керемет көпір арқылы өттік», деп таңдана да тамсана суреттеп жазған. Сарайшық туралы деректердің мәліметтерін топтастыру – «шаһар сол кезде Алтынорда мемлекетінің рухани орталығы болған ау?» деген ойға әкеледі. Олай дейтініміз, Жәнібек, Бердібек секілді Жошы ұрпақтарын ақ киізге көтеріп, Алтынорда тағына отырғызу салтанаты осы шаһарда өткен.

Сарайшықта Алтынорданың бірнеше хандары және басқа да тарихи тұлғалар жерленген. Солардың арасында Мөңке-Teмip, Тоқтай, Жәнібек, Бердібек хандар бар. Шаһар бірсыпыра уақыт арасында Қазақ хандығының батыстағы астанасы міндетін де атқарған. Өмірінің соңында Сарайшықта тұрған қазақтың әйгілі ханы Қасым да осы шаһарда жерленген деп айтылады. Кейіннен Ноғай ордасының орталығы болған шаһар Еділ бойындағы орыс казактарының 1580 жылғы ойранынан қирады. Қаланың қаңырап бос қалған бөлігі ХVІ ғасырдан бастап өлілер мекені, мазарға айналды. Сарайшықтың қираған орны Атырау қаласынан солтүстікке қарай 50 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағалауында. Ол жерде Сарайшық аталатын кішкене ауыл осы күнге дейін бар. Сол ауылда И.Н. Тасмағанбетов 1999 жылы мешіт пен музей салдырған. Музейдің алдына Сарайшықта жерленген хандарға арнап тамаша ескерткіш тұрғызылды. Музейге қаланың орнында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық жәдігерлер қойылған. Бұл күнде қаланың басым бөлігін өзен суы жуып кеткен. 1996 жылдан бері Сарайшық қаласының орнында жүргізіліп келе жатқан археологиялық қорғау қазбалары нәтижесінде Қазақстан тарихының Алтынорда дәуіріндегі келбетін көрсететін бай материалдар жинақталды.

Д.Талеев

САУРАН

Ортағасырлар кезінде Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі Сауран еді. Ертеректегі деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деп айтады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған. Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралығында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды.

Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған. ХІІІ ғасырға дейінгі Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қала жұрты. Онда жүргізілген зерттеу жұмыстары қалашық бірнеше қорғаныс қабырғасымен қоршалғанын анықтаған. Қазба материалдары қаланың тіршілігі моңғол шапқыншылығынан кейін тоқтағанын көрсетеді. Оның есесіне жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтерген. Сауран қаласы ХІV ғасырда Ақ Орданың құрамына кіріп, бір кездері оның астанасы да болған. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ. Сауран үшін өзбектер мен Қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билеуіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80 жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылықпен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады. Ашық даладағы жазық жерге салынған осы шаһардың тамаша табиғаты мен жаныңды жадыратар тұнық ауасы, оны айнала қоршай салынған алып қорғаныс қабырғалары жайлы көптеген жылнамашылар жазған. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған. Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы ХVІ ғасырда бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген. Уәсифидің айтуынша осы суландыру жүйесін шаһарға мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб сыйға тартқан. Басын шаһардан 7 шақырым жерден алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары пайдаланылған. Сол әулиенің есімі осы күнгі Саураннан солтүстікке қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Әлгі кәріздердің басы да сол маңнан басталады.

Шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктері қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Д.Талеев

СЕМЕЙ

Семейдің тұрған жері ерте замандардан ежелгі тайпаларға тұрақ болған. Бұл жерде сонау қола дәуірінен бастап, ғұндар, Түрік қағандығы, Қыпшақ, Керей, Найман ұлыстары мекен еткен. ХVІ-ХVІІ ғасырларда қазіргі Семей қаласы тұрған жерде Доржынкит қаласы болған. Құба қалмақтардың аңыздарына қарағанда 1600 жылы Асма тархан Доржи деген кісі Жеті шатыр сарайларын тұрғызған. Ж.Аймауытовтың «Әнші» әңгімесінде осы Жеті шатыр қаласы айтылады. Семей 1782 жылдан уездік қала болды. Сол кезден-ақ Орта Азия халықтары мен көршілес елдердің Шәуешек, Құлжа, Қашғар қалаларымен сауда-саттық жүргізіле бастады. Мұның өзі қаланың жандануына өз септігін тигізбей қоймады. ХІХ ғасырда қалада бірнеше зауыт жұмыс істеді. Оқу-ағарту жұмыстары жүргізіле бастады. Оның нақты көрінісі осында ашылған уездік училище, әйелдер училищесі, бес мұсылман медресесі.

1917 жылы Семей қаласы саяси өмірге араласа бастады. Осында жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бастауымен Семей облыстық қазақ сиезі өтті. Қаланың атын Алаш қаласы деп өзгертуге көп күш салды. Алаш партиясының Семей облыстық комитеті 1917 жылы күзде Семей қаласында ашылды.

Семей өңірі қазақтың ұлы ақыны Абайдың, философ-ойшыл Шәкәрімнің, әдебиет майталманы М.Әуезовтің және дүние жүзіне танылған атақты әнші Әміре Қашаубаевтың туып-өскен жері.

Г.Әріпбекова

СЫҒАНАҚ

Болса тәңірім екінші өмір қиғандай,

Сығанақта көз жұмар ем қиналмай

Ғисамедин әл-Сығанақи

Қазақстан тарихында жарқын із қалдырған бабаларымыздың елдігі мен ерлігіне тірек болған – Сығанақ қаласы. Ортағасырлық мұсылман деректерінде, әсіресе моңғол шапқыншылығына, Әмір Темір мен оның ұрпақтарына қатысты деректерде қаланың мәртебесі мен салиқалы келбеті жайлы көп мәліметтер сақталған. Алғашқы мұсылман деректерінде қала «Даруль – Куфр» (дінсіздердің қаласы) аталып келді. Кезінде қыпшақ бірлестігінің астанасы болған, гүлденген қалада Сығанақтың диірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таралған. Ұлы Жібек жолының бойындағы аса ірі сауда мен мәдениет орталығына айналған қаланы моңғолдар аяусыз талқандаған. 1220 жылы көрсеткен қарсылығы үшін қанау мен тонауға ұшыраған қаланың жайын XIII ғасыр тарихшысы Жуайни тәпкіштеп жазған. Ол «Жошы Хасан қожаны Сығанақ тұрғындарын берілуге үгiттey үшін жіберген еді, бірақ халық оны өлтіріп, карсылық көрсетеді. Тек шабуылдың жетінші күні ғана Сығанақ жеңіліске ұшырап, қала халқын моңғолдар түгелімен кырып тастаған» деп жазады. Моңғол ойранынан кейін Сырдария бойындағы қалалардың өмipі бipaзғa дейін тоқтап, олардың кeйбipi сол қираған күйінде қайта бас көтермей қала берді. Сол бір сұрапыл оқиғалардан жиырма жыл өткен соң Сырдария алқабымен өткен Плано Карпини күнделігіне: «Біз қираған сансыз көп қалаларды, кұлаған бекіністерді және қаңырап қалған көп елді мекендерді көрдік» деп жазыпты. Бірақ көп ұзамай Сығанақ қайта жаңғырып, өзінің бұрынғы сәулетті күндеріне қайта оралды.

XIV ғасырдың екінші жартысында қала Ақ Орда астанасы болады. Сығанақта Жошы ханның ұрпақтары Ерден хан, оның ұлы Мүбәрак қожа, Орыс хандар билік жүргізген шақта тенге соғу ісі жолға қойылып, хан сарайы секілді күрделі құрылыстар салынған. Қазақтың қарулы қолы «Алаш мыңдығы» осы шаһарда жасақталды. Осы тұста Орыс хан басқарған ел тарихи әдебиеттерде алаш елі аталып жүр. Ш.Уәлиханов, А.И. Левшин секілді ғалымдар Орыс ханды «Алаш хан» атағаны тегін болмаса керек.

Сығанақтың гүлденген шағын өз көзімен көрген Шайбани ханның жылнамашысы Фазлах ибн-Рузбихан «шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды. ... Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpeдi. Қала тұрғындары оларды жаз мезгілінде аулап, қысқа азық даярлайды. Құc eтi бұл арада өте арзан» деп жазған болатын. Аса ірі сауда шаһарына айналған Сығанақта күніне 500 түйеге артылған тауарлар сатылатын. Солардың арасында көшпелілер алып келетін ең жақсы садақтар мен жебелер үлкен сұранысқа ие болған. Сығанақ секілді шұрайлы шаһар үшін шайқастар Тоқтамыс пен Орыс ханның, Әбілқайыр хан мен қалмақ Енге төренің, кейіннен Қазақ хандары мен Шайбани ұрпақтарының арасында болды. Осының бәрі шаһардың аса маңызды аймақтан орын теуіп, көптеген хандар мен айтулы ақсүйектер жерленген қасиетті орынға айналғандығынан болса керек. Шаһардың маңы жүгірген аң мен ұшқан құсқа бай ну тоғай болғаны жайлы тарихшы Рузбихан «Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы қой мен ешкі және басқа да аңдар көп жүреді. Жаз мезгілінде шаһарлықтар оларды аулап, қысқа азық даярлайды. Құс еті бұл арада өте арзан», – деп жазады. Талай-талай қиын-қыстау заманды басынан кешіріп, қаншама тарихи маңызды оқиғалар орталығы болған шаһардың қираған орны бұл күнде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында, Сырдария өзеніне жақын маңдағы Сұнақ ата қойнауында жатыр.

Шаһардың орнында болған көк күмбезді керемет кесененің қирандысын ХХ ғасыр басында ғалымдар зерттеп, сызба суретін салған болатын. Көп ұзамай кесене құлап, төбеге айналған. Сығанақты зерттеуге қатысқан ғалымдар осы кесене Әбілхайыр ханға арнап салынған деп жүр.

Д.Талеев

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]