Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
kitap.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.47 Mб
Скачать

Бөрітастаған

Бөрітастаған Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысына қарасты), Ақсуат ауданының мидай жазық даласындағы алып жұмбақ тастың атауы. Айналасында төбе де, төбешік те жоқ бұл тас бейне аспаннан құлаған метеорит (ақыртас, көктас) сияқты. Аумағы он екі қанат киіз үйдің үлкендігіндей. Бөрітастаған аталған бұл тастың пайда болуы туралы әртүрлі әпсаналар бар. Бір әпсанада қой бағып жүрген кемпір қолындағы ұршығын қойға тиген қасқырға лақтырыпты. Сол ұршық осы тасқа айналып кеткен екен. Ол заманның адамдары соншалық алып болыпты. Екінші әпсана бойынша, Бөрітастаған аспаннан құлаған (метеорит) көк тас. Оны Көк тәңірі өзі тастаған. Көк Тәңірінің балама атауы – Көк бөрі. Сонда Бөрітастаған тауы, ең алдымен Көк Тәңірінің жерге тастағаны, яғни «сыйы», басқаша айтсақ, «Тәңір тастаған» болып шығады. Түркі тектес халықтар өздерін көк бөріден тарағанбыз деп те есептейді. Бұл жағынан келгенде бөрі – тотемдік аң. Оның көкпен байланысты, тылсым сырлы құпиясы, қасиеті бар. Бөрітастаған туралы әпсаналар өзінің шығуы жағынан өте көне, мифологиялық ойлау дәуіріне жақын. «Бөрі» атауының «Тәңір» деген сөздің мағынасын беруі көне дәуірлерге тән.

Ж.Әскербекқызы

Бурабай

Жер шоқтығы атанған көрікті Көкшетаудың ең бір әсем, жанға шипалы өңірі. Осы төңіректегі атаулар Бурабай көлінің даңқымен көпке танымал болған. Бурабай көлі – емдік қасиетімен әрі әсем табиғатымен ерекшеленеді. Көл – теңіз деңгейінен 320,6 м биіктікте. Қыратта, тектоникалық ойыста, табиғи тұрғыда пайда болған бұл көлдің ұзындығы 4,5 км, ені 3,9 км. Едәуір терең – орташа алғанда 4,5 метрден, ең тереңі – 7 метрге дейін барады. Суы таза, тұщы, жұмсақ, тұнықтығы сондай – түбі және ондағы жәндіктер анық көрінеді. Ешқайда қосылмайтын тұйық көл болғанымен, ақторта, алабұға, сазан, табан, шортан балықтар өседі.

Қарағайлы, қайыңды орман, Көкшенің шоқылары, аңыз болған Жұмбақтас, біріне-бірі жақын жатқан Көкшетаудың сексен көлінің бір үзікті тізбегі – Шортанды, Үлкен шабақты, Кіші шабақты, Қотыркөл, Жөкей, Бурабай болып, тұтастай осы өңірге ерекше сипат береді. Мұнда дүниенің көп еліне аты мәлім Бурабай, Оқжетпес демалыс және сауықтыру орындары бар.

Бурабай демалыс орны тұрғысында 1810 жылдан мәлім бола бастаған. 1910 жылы қымызбен емдеу – сауықтыру орны ашылған. 1920 жылдан мемлекеттік маңызы бар демалыс орнына айналған. Тәуелсіз ел болғалы, іргесіне Астана келгелі Бурабай көлінің, мұндағы демалыс орындарының маңызы бұрынғыдан да арта түскен. Жақсы жол салынып, демалыс үйлері жақсартылып, қызмет көрсету жағдайы жақсартылған.

Бурабай көлі – географиялық атау болса, мұндағы сауықтыру орны Бурабай курорты деп аталады. Мекеннің тұрған жері – Ақмола облысына қарасты Шортанды қаласынан 20 шақырымдай қашықтықтағы Бурабай көлінің жағасында. Абылай алаңы, Оқжетпес, Бурабай кенті, Бурабай қорымы деп аталатын тарихи-мәдени орындар бар.

С.Шүкірұлы

Бұланты

ХҮІІІ ғасырдың бас кезіндегі жоңғар басқыншыларына соққы берілген жердің бірі. Бұл соғыс – Бұланты шайқасы, кей деректе Бұланты-Білеуті шайқасы деп аталады. Ұлытау өңіріндегі қос өзеннің аралығында өткен бұл шайқас 1727 жылы болған. Бұл Әбілқайыр ханның біріккен қазақ қолына Бас қолбасшы болғаннан кейінгі алғашқы қимылдың бірі және жеңісті шайқас болып саналады.

1723 жылдан бастап қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, елді орасан апатқа ұшыратқан жоңғар әскері 1725 жылға дейін біздің жеріміздің Шығыс өңірін, Жетісуды, Сырдың біраз жерлерін басып алып, енді Ұлытауға беттеген кез болатын. Бұл халқымыздың «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл-сұлама» босқынына ұшырап, жауға тоналып, тұтқын болып, қазақ даласын әйгілі «Елім-ай» әнінің зары кернеген шақ-ты. Жоңғар әскері әлі қуатты, елді аяусыз қырып-жойып, тонап келе жатқан екпінді кезі болатын.

Бұланты шайқасы болған жер, яғни майдан алаңының ұзындығы 60 шақырымды, ені 20 шақырымды қамтыған тегіс қыратты жер болған. Бұл төбе кейін «Қалмаққырылған» деп аталған. Жоңғарлар Ұлытауға жете алмай, ауыр шығынға ұшырап, кері қайтты.

Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан: «Ескі жырларда (І-ҮІ) айтылатын «Қамал», «Темір қақпа», «Алтын кешен», «Ақсарай» тәрізді ұғымдар сол дәуірде Жетісуда, Талас өзені бойында, Сырдария, Маңғыстау, Жайық бойларында, Орталық Қазақстанда үлкен-үлкен қалалар болғанын сипаттайды. Оларда қақпасы мықты, биік мұнаралар, сәулетті сарайлар тұратын (Сығанақ, Сауран, Түркістан, Күлтөбе). Аянышты жері, жоңғар шабуылында бұл шаһарлар тегісімен қирап, қазақ жұрты қаласыз қалды», - деп жазады.

С.Шүкірұлы

ҚАЗЫҒҰРТ

Еліміздің аумағындағы аңыз-әпсаналарға толы, аты көпке мәлім тарихи орындардың бірі болып саналады. Алатаудың Талас жотасының оңтүстік-батыс сілемі. Халық әдебиетінде, тарихи-мәдени зерттеулерде Қазығұрт тауы деген атаумен белгілі. Шымкент қаласынан 35 шақырымдай жерде. Ұзындығы – 20, ені – 10 шақырымдай аласа тау. Биіктігі 600 метрден 1768 метрге дейін көтеріледі. Оңтүстік беткейінде Келес өзені бар.

Жергілікті жұрт тау атын – Қазығұрт әулие деп кісі есімімен байланыстырады. Халқымыздың аңызында дүниені топан су басқанда қазіргі тіршілік иелерінің тұқымын сақтап қалған Нұх пайғамбардың кемесі осы Қазығұртқа тоқтаған екен дейді. Тауда кеменің нышаны бар. Аңыз өлеңдегі: «Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған,» - деген сөз исі қазаққа тараған. Аңыз төрт түліктің, жалпы жер бетіндегі тіршіліктің топан судан кейінгі қайта жандануын Қазығұртпен байланыстырады. Бұл туралы басқа жұрттардың да аңыздары бар. Ал бұл біздің қазақы төл аңызымыз. Әркімнің өз аңызы өзіне нанымды. Ал ғылым болса, әлі ізденісте.

С.Шүкірұлы

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]