
- •Алаштың ардағы
- •Алаштың ардағы
- •Ұлтты тану – ұрпақ борышы
- •Бойтұмар
- •Қазақстан
- •Қазақ жазуы
- •Елтаңба
- •Баба дәстүр салт-дәстүрлердің түрлері
- •Қазақтың төл мейрамы
- •Салт-дәстүрлер мен ырымдар
- •Қазақ ырымдары
- •Тыйым сөздер
- •Киіз үй атаулары
- •Қазақ халқының ұлттық киімдері
- •Ата тарих қазақ хандығының құрылуы
- •Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама
- •Бұланты шайқасы
- •Қазақстан ресей империясының құрамында
- •Алаш қозғалысы
- •Алаш автономиясының құрылуы
- •Кеңес үкіметінің орнауы
- •Ашаршылық
- •Саяси қуғын-сүргін
- •Қазақстан екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында
- •Тың көтеру
- •Желтоқсан оқиғасы
- •Тәуелсіздік
- •Атамұра
- •Күлтегін
- •Қожа ахмет иассауи кесенесі
- •Арыстан баб кесенесі
- •Айша бибі кесенесі
- •Бегазы – дәндібай мәдениеті
- •Бекет ата ескерткіш‐ғимараттары
- •Жаркент мешіті
- •Бәйтерек
- •«Тарих-и рашиди»
- •«Жамиғ ат-тауарих»
- •«Алпамыс батыр»
- •«Қобыланды батыр»
- •«Қозы көрпеш – баян сұлу»
- •«Алтын сақа»
- •Асанқайғы
- •Домалақ ана
- •Керей хан
- •Қазтуған жырау
- •Шалкиіз жырау
- •Қасым хан
- •Хақназар хан
- •Тәуекел хан
- •Қаз дауысты қазыбек би
- •Есет батыр
- •Бұқар жырау
- •Бөгенбай батыр
- •Әйтеке би
- •Қабанбай батыр
- •Әбілқайыр хан
- •Жәнібек тархан
- •Райымбек
- •Абылай хан
- •Кенесары
- •Махамбет өтемісұлы
- •Құрманғазы сағырбайұлы
- •Шоқан уәлиханов
- •Ыбырай алтынсарин
- •Ақан сері қорамсаұлы
- •Мәшһүр жүсіп көпеев
- •Әлихан бөкейхан
- •Кейкі батыр
- •Ахмет байтұрсынұлы
- •Халел досмұхамедұлы
- •Қажымұқан мұңайтпасов
- •Міржақып дулатов
- •Жанша досмұхамедұлы
- •Әміре қашаубаев
- •Оспан батыр
- •Мұстафа шоқай
- •Мағжан жұмабаев
- •Мұхтар әуезов
- •Қаныш сәтбаев
- •Әбілхан қастеев
- •Әлкей марғұлан
- •Жұмабек тәшенов
- •Бауыржан момышұлы
- •Қасым аманжолов
- •Дінмұхаммед қонаев
- •Күләш байсейітова
- •Ілияс есенберлин
- •Талғат бигелдинов
- •Рақымжан қошқарбаев
- •Нұрғиса тілендиев
- •Шәмші қалдаяқов
- •Мұқағали мақатаев
- •Әбіш кекілбаев
- •Нұрсұлтан назарбаев
- •Мұхтар мағауин
- •Мұхтар шаханов
- •Жүздердің кестесі
- •Хандар кестесі Қазақ хандығының хандары
- •Ұлт жаршысы «айқап» журналы
- •«Қазақ» газеті
- •«Егемен қазақстан» газеті
- •«Жас алаш» газеті
- •«Ана тілі» газеті
- •Атамекен
- •Баянауыл
- •Бөкей ордасы
- •Бөрітастаған
- •Бурабай
- •Бұланты
- •Қаратау
- •Қарқаралы
- •Қозыбасы
- •Ордабасы
- •Орынбор
- •Сарайшық
- •Сырымбет
- •Түркістан
- •Шымкент
- •Шыңғыстау
- •Анауыз бата
- •Алғыстар, ақ тілектер
- •Мақал-мәтелдер
- •Жақсы сөз – жарым ырыс
- •Атадан жеткен асыл сөз
- •Асыл сөз
- •«Зар заман»
- •«Ереуіл атқа ер салмай»
- •«Мен жастарға сенемін»
- •«Алаш ұраны»
- •«Абай жолы»
- •«Шұғаның белгісі»
- •«Құлагер»
- •«Көшпенділер»
- •Аташаңырақ
- •Дастархан
- •Отан – алтын бесік
- •Оқуға ұсынылатын әдебиеттер
- •IМазмұн
Халел досмұхамедұлы
(1883 – 1937)
Досмұхамедұлы Халел – аумалы-төкпелі заманда мұң мен зардың, айтыс пен тартыстың, өмір мен өлімнің бел ортасында жүрсе де азаматтық тұлғасына дақ түсірмеген қазақ зиялыларының бірі. Мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын: саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы.
Туған жері – қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданы.
Ағасы Дәулетүмбет Машақұлының ықпалымен әкесі Досмұхамед ауыл молдасынан хат таныған Халелді жергілікті орыс-қазақ мектебіне береді. Мектепті жақсы бітірген Халел бұдан кейін Теке қаласындағы реалдық училищеге түсіп, оны үздік бітіреді. Өнер-білімге құмар жас Санкт-Петербургтегі Әскери-медициналық академияда алты жыл оқып, алтын медальмен бітіріп шығады.
Халқының жан саулығы мен тән саулығының шипагері бола білген Халел арнайы шақырумен Орынбор қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз сиезіне қатысады. Осында қазақ-қырғыз өлкелік автономиясы жарияланып, Алашорда өкіметі құрылады. Ол мүше болып сайланады.
Алашорда таратылғаннан кейін басқа қазақ зиялылары секілді Халел де жаңа өкіметтің жұмысына тартылады. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы, оған қосымша Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор қызметтерін атқарады. 1924 жылы Ресей академиясының Орталық өлкетану бюросының мүше-корреспонденті болып сайланады. Өзі проректор болып істейтін халқымыздың алғашқы жоғарғы оқу орны – Қазақ педагогика институтының негізінде Қазақ мемлекеттік университетін ашуға, соның ұйымдастыру жұмыстарын атқаруға белсене араласады, оның бірінші проректоры болып тағайындалады.
Бірнеше қызметтер атқара жүріп, ұлттық мектептердің жүйесін құруға, қазақ тілінде ғылыми терминология жасау ісіне үлес қосады. Қоғамдық қызметтермен қатар ана тілінде оқулықтар жазуға да араласады. «Табиғаттану», «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Сүйектілер туралы» атты еңбектер жазды. Мақалалары «Шолпан», «Ақжол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» сияқты газет-журналдарында жарық көрді. Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жанынан «Сана» журналын шығарып, редакторы болды.
ҚазПИ-де проректор болып жүрген Халел тұтқындалып, қазіргі Воронежге жер аударылады. Сонда жүргенде қайта тұтқындалып, әуелі Мәскеу, содан соң Алматы түрмесіне отырады. 1937 жылы әскери трибуналдың үкімімен атылды. Оның ісі тек 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық атқару коллегиясында қайта қаралып, ақталды.
Л.Серғазы
Қажымұқан мұңайтпасов
(1883 – 1948)
Қазақта «Күш атасы – Қажымұқан» деген сөз кең тарап кеткен. Оның себебі де жоқ емес. 1883 жылы Ақмола облысы Қараөткел ауылында Мұқан (Қажымұқан) атты сәби дүниеге келеді. Ол жасынан-ақ ерен күшімен әр мезет ауылдастарын таңғалдырып жүреді. Мұқан 18 жасында алғаш рет Омбы қаласында ашылған циркте орыс палуаны И.Злобинмен белдеседі. И.Злобин оған Петербургтегі күрес мектебінде оқуға кеңес береді. Бұл ақылды құп алған Мұқан осы мектепте екі жыл оқып, үлкен күрес өнеріне жолдама алады. Сөйтіп Мұқан Германияның Кельн қаласында неміс палуаны Генрих Веберді жеңеді, Рига қаласында да бас бәйгеге ие болады. 1910 жылы Варшава қаласында өткен халықаралық жарыста кіші алтын медальды, Америкада, Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында еркін күрестен үлкен медальды жеңіп алады.
1911 жылы Мұқан Стамбулда түріктің атақты палуаны Нұрлыны жығады, сол үшін «қажы» атағына ие болып, Қажымұқан атанады. Саратов қаласында ашылған ағайынды Никитиндер циркінде қазақ батыры бірінші рет осы «Қажымұқан» деген атпен күреске шықты. Бұдан әрі палуан Тегеран мен Кабулда, Мекке мен Мединеде өткен жарыстарда жеңістерге жетті. 1913 және 1914 жылдары Троицкі мен Парижде өткен жарыстарда әлем чемпионы болды. Қажымұқан қазақтың ұлттық күрес өнерін ғана емес, жапон халқының ұлттық күресі джиу-джицуденді де меңгерді. Дегенмен Еуропа қалаларында өнер көрсеткен Қажымұқан барлық жарыстарға Ресейдің атынан түсіп жүргенін айта кету керек. Қажымұқанның өлең шығаратын да өнері болған.
Қажымұқанмын қазақта күшім асқан,
Достарым алып палуан орыстардан.
«Черный Иван» атанып он екі жыл
Жиырма төрт патшаның жерін басқам , -
деп жырлаған екен палуанның өзі. Айтса – айтқандай, палуан дүние жүзінің бірнеше дүркін чемпионы болған Иван Поддубныймен, Иван Шемякинмен, Иван Заикинмен және атақты палуан Вейланд Шульцпен өмір бойы дос болып өтті.
1927 жылы ҚазАКСР Орталық Комитетінің Президиумы Қ.Мұңайтпасовқа «Қазақ даласының батыры» деген атақ берді. Ұлы Отан соғысы жылдарында жасы қартаң тартып қалған палуан күш өнерін көрсетіп жүріп жинаған 100 мың сом ақшасына ұшақ жасатты да, оған Амангелді Имановтың атын беріп, майданға жіберді. Осы ұшақпен қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаев 120 рет жауынгерлік тапсырма орындады.
Спорт өнері жолында Қажымұқан 148 алтын, күміс, қола медаль алған екен. Алып күш иесі Қажымұқан 1948 жылы 12 тамызда қаза болды. Темірланда Қажымұқанға ескерткіш орнатылған. Астана, Шымкент қалаларындағы стадиондарға палуанның аты берілген және бірнеше қалаларда Қажымұқан атындағы көшелер бар.
А.Мұсабекова