Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
kitap.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.47 Mб
Скачать

Әлихан бөкейхан

(1870 – 1937)

ХХ ғасырдың алғашқы ширегі Ресей аумағында болып жатқан халықтық толқулар мен өкіметке наразылықтың, саяси көзқарастың ұшқыны шет аймақтағы бодан елдерге де жетіп, ықпал әсері тиіп жатты. Бұл құбылыстан қазақ даласы да тыс қалған жоқ. Отарлық шырмауындағы халықтардың арасынан да Ресейдің ірі қалаларында оқып білім алған, көзі ашық көкірегі ояу ұлт қамын, ұрпақ болашағын ойлайтын азаматтар шыға бастады. Сондай азаматтың бірі жан-жақты білім иесі, қазақтың басын біріктіріп ерікті ел болуын көксеген, сол мақсатқа жету жолында өз бойындағы бар қасиетін, ақыл-ойын, өнер-білімін, жігер-қайратын, бүкіл саналы өмірін арнаған қазақтың ұлы перзенті Әлихан Бөкейхан еді. Ол – ұлтына қамқор болуға бар күшін жұмсаған қазақтың алғашқы оқымысты азаматы.

Сан-салалы мамандықты игерген, ұшан теңіз білім иесі Әлиханның көкейкесті арманы ұлтының тәуелсіздік алып, өз алдына ел болуы, өркениет биігіне көтерілуі болды. Қоғам қайраткері, экономист, әдебиетші, публицист, аудармашы ретінде ол бар күш жігерін сол мақсат жолына бағыттады. Ұлт мұратына бағытталған саяси көзқарасы мен іс-әрекеті жыл өткен сайын шыңдала түскен Алаш саяси партиясын құрушы Әлиханды бір мақсат жолында ой біріктірген зиялы қауым ақыры 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақ құрылтайында қазақ автономиясы жарияланып, бір ауыздан тұңғыш Қазақ Автономиялық Республикасының төрағасы етіп сайлайды. Алайда 1919-1920 жылдар жаңа кеңес өкіметінің жарлығымен Алаш өкіметі зорлықпен таратылады. Қазақтың автономиясы мәселесін тұңғыш көтеріп, оны іске асырған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға 1920-1922 жылдары «буржуазиялық ұлтшыл» деген айдар тағылып, тергеулер жүргізіліп, айлап абақтыда отырады. 1922 жылы Мәскеуге жер аударылып, 1937 жылы халық жауы ретінде атылғанға дейін саяси бақылау аясында жұмыс атқарады.

Қ.Алпысбаев

Кейкі батыр

(1871 – 1923)

Патшалық Ресей саясатымен де, кеңестік большевиктікпен де сыйыспаған ержүрек азаматтың бірі – Кейкі батыр. Патшалық Ресейге жиналған кек, наразылықтың сыртқа шығуына себеп болған 1916 жылғы патшаның қазақтан майданның қара жұмысына адам алу туралы жарлығына қарсылық дүмпуі көтеріліске айналып, ақбозат шалып, құран ұстап, ант берісіп, Алла деп атқа қонған Торғай көтерілісшілерінің арасындағы беделді батырлардың бірі Кейкі – Нұрмағамбет Көкембайұлы болды.

Атыс өнеріне әбден жаттыққан аңшы Кейкі – қолмерген атанған. Көздемей, оңы-солы, алды-арты демей, атүсті айқаста «желкесімен де көріп» жауынан бұрын қимылдап үлгіреді екен. Қызыл комиссар Әліби Жангелдиннің ықпалымен большевиктер жағына шыққан бас сардар Амангелдіге ермей, «Ақ орысың не, қызыл орысың не, сары орыстың – бәрі орыс» деп Азаттық деген жолдан таймай партизандыққа, кеңеске қарсылық жасаушы топтарға қосылып жүріп, соңында жеке қалған. Ақыры соңына түскен кеңес жазалаушылары 1923 жылы Кейкіні қапыда атып, басын кесіп алып, айы күні толып отырған әйелінің ішін жарып өлтіреді. Бала кезімізде қарттардан естігеніміз: Кейкінің басы Торғай қаласы тұсындағы Торғай өзеніне салынған ағаш көпірде бір апта бойы ілініп қойылған. Содан кейін белгісіз жаққа алып кеткен. Кейінгі деректерде Петербордағы Эрмитаждың қоймасында деседі.

Кейкі батырдың әдебиеттегі бейнесі Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында Кете батыр болып бейнеленеді. Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақталып айтылады. Кейкінің қарасөзде жасалған көркем бейнесі Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы еді. Алайда кеңес заманында шыққан онда да аты анық айтылмаған-ды.

Кейкі бейнесі өз атымен анық айтылып, қанық бояу дерегімен түгелденіп шыққан шығарма Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастаны (Алматы «Білім» - 2001). Кітапқа алғысөз жазған Әбіш Кекілбаев: «Әлеуметтік кекшілдіктің уына булыққан тапшылдық идеологиясы отаршылдық арқасында әлемдік үстемдікке жетудің ең сорақы, ең сойқан саясатын жүргізді. Бұл дастан – сол саясаттың біздің қауымға қалай жаңа дін болып дари бастаған кезеңін бейнелейді. Сол дінге еріп батырларымыз басынан, азаматтарымыз арынан, халқымыз тарихи талайынан айырыла бастады, - дей келіп, - ... бұл жолғы бақ – біздің маңдайымызға бұрын-соңды қонбаған бақ. Бір үркітіп алсақ, қайтіп қонар-қонбасы неғайбыл бақ», - деп дастан жыр еткен уақытқа сипаттама бере отырып, бүгінгі тәуелсіздіктің қадірін де түсіне білуге үндейді.

С.Шүкірұлы

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]