Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
kitap.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.47 Mб
Скачать

Ақан сері қорамсаұлы

(1843 – 1913)

Бұрынғы қазақ өнерпаз жігітке жеті өнерді де азсынып, шын мәнісінде «Сегіз қырлы бір сырлы», яғни алуан өнердің басын қоса білген қабілетті жігітті нағыз жігіт деп санаған. Сондай тума талант, дарындардың бірі һәм бірегейі – халыққа Ақан сері атымен танылған Ақжігіт Қорамсаұлы. Ақын, әнші, сазгер, домбырашы, шешен, атсейіс, бүркітші, аңшы. Сол заман серісіне не өнер қажет болса, бәрін білген.

Серілік – ел кезген дүрмекті топтың құр дырду желікпе әрекеті емес, өз заманының өнер мектебі болған. Бір Ақанның өзінен қаншама ән қалды. Оның әрқайсысының бір-бір дастандық оқиғалы сыры бар. Ақтоқтыға арнап қаншама ән шығарды. Осы Ақан сері - Ақтоқты оқиғасының желісінде Ғабит Мүсірепов пьеса жазды. Бұл спектакль 1942 жылдан бері республикалық және облыстық театрларда, аудандық халық театрларында тұрақты қойылуда. Сыдық Мұхаметжанов пен Ғабит Мүсірепов жазған «Ақан сері - Ақтоқты» операсы 1982 жылдан Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театрында қойылып келеді. «Құлагер» әні негізінде, әннің туу оқиғасына құрылған Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасы толқытпай, толғантпай қоймайды. Осы негізде түрлі қайшылықты пікір туғызған кино да бар. «Балқадиша» әнінің оқиғасы бойынша Серік Тұрғынбекұлы «Ақан сері - Балқадиша» атты дастан жазды. Сәкен сері Жүнісов алғысөзін жазып, тұсауын кескен бұл дастанды оқырман қауым жылы қабылдады.

Ал Ақан сері өмірін тұтастай қамтыған Сәкен сері Жүнісовтың «Ақан сері» романы қазақ өмірінің бір дәуірлік шежіресіндей: салт-сана, әдет-ғұрып, ел тұрмысы, өнердің небір түрі, тебіреністі оқиғалар кестелі тілмен көркем баяндалған. Сөздің, ұғым-танымның естен шығып бара жатқан небірінің мән-мағынасын білесіз.

Өнерлі өнерді өсіреді, өнер өнерді өрістетеді. Ақан серінің әндерін орындауда Ә.Қашаубаев, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосыныв, К.Мыржықбаевтай әншілер, спектакльде басты кейіпкерлерді бейнелеген Ш.Айманов, Ш.Жандарбеков, Қ.Бадыров, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаев, Қ.Қармысов, Р.Қойшыбаева, Ы.Ноғайбаев, М.Сүртібаев, Ш.Мусиндердей әртістер көпшілік құрметіне бөленді.

Ақан серінің ел аузындағы әңгімелері де бір пара. «Баспа-бас қызға бермес» Құлагері опат болғанда Науан Хазірет:

- Біздің үйден дәм татып барып кетуің керек еді, кәдік содан болды, - депті.

Сонда Ақан:

  • Е, Хазіретғали торға түскенде, дүлділі орға түскенде де сіздің үйден дәм татпаған ба екен? – депті.

Иә, ұшқыр ойлы Сері сөзден қапы кетпеген шешен де болыпты. Тұтқиылдан тап бергенді шалт сөзімен тойтара да білген, сөз есесін жібермеген кісі екен. Өнер қуған өрелі жасқа Ақан өнегесі аз емес.

С.Шүкірұлы

АБАЙ

(1845 – 1904)

Болашақ өзі білер, ал бүгінге дейінгі ақындықта, өлеңші-ақын емес, ойшыл ақындықта Абайдан астым деп тасырлық қылған пенде болмаған шығар. Бұл ақындықтың небір шыңына көтерілген, биігінде жүрген ұлт ақындарын төмендетпес деймін. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, әр ақынның ешкім таласпас өз биігі, қазақ өлеңіндегі өз орны бар. Олардың орнын Абай алмайды, Абайдың орнын олар алмайды. Бұл Алатаудың бір-біріне қосылмас, алайда тұғыры бір шыңдарындай ақиқат. Дегенмен Хан-Тәңірі шыңының орны бөлек. Семейдің Шыңғыстауынан Алатаудың сол биігіне көтерілген ақын – Абай.

Заманында Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп бағалаған Абай сол Ресейге қараған патшалық заманда да, кешегі ә дегенде бай нәсілді деп ат-тондарын ала қашып, соңынан Абайдан асқан ақын жоқ деп мойындаған кеңестік заманда да, бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елі тұсында да Абай ақын дара келеді.

Абайдың атын, оның ақындығын халқы, ұлтым деген білімпаз зиялылар қорғап келеді. Абайдың аты, атағы, ақындығы Абайдың өзіне емес, ұлтына, жұртына керек. Ақындықта, ақындық арқылы айтылған даналық ойда, ғибратты сөзде Абайға жүгінудің мәнісі осында.

Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейхановтың, Мұхтар Әуезовтің, исі Алаш зиялыларының, қазақтың жіктен азат, әділмін деген игі жақсылары Абайға ұйып, тоқталған. Бір Абайдың өзі қазақ өнерінің қаншама тарауының өркендеуіне жол салды. Абай өлеңі, Абай қарасөзі, Абай беріп кеткен өнеге мен ақыл-ой – пьеса, опера, кино, роман, сандаған ғылыми еңбектер болып, әлем мәдениетінің санатынан орын алды. Абай Мұхтар Әуезовті дүние жүзі қаламгерлерінің таңдаулы жүздігінің санына қосты. Абай спектакльдері, операсы, киносы, әндері арқылы, Абайға орнатылған ескерткіш, салынған сурет, жазылған ғылыми еңбектер арқасында қаншама өнер мен ғылым адамдары даңққа бөленді. Абай дүниеге келгеннен бергі бір жарым ғасырдан астам кезеңде қоғам неше мәрте өзгерді, саясат талай құбылды, соның бәрінде де Абай тұғырынан тапжылмай, қазағымен бірге келеді. Абай XIX ғасырда жасап, XX ғасырға төрт-ақ қадам басып, есігінен ғана қарап кеткенімен, өткен жүз жылдықтағы ұлттық мәдениетіміздің тұғыры болды. Абайдың ұлылығы осында. Яғни, Абай Мұхтар Әуезовтің таланты арқылы өз тұлғасы, өз ортасы, өз заманы, өз өре-биігі, өз өнерімен Қазақ ұлтын әлемге танытуға, сөйтіп дүниежүзілік мәдениетке үлес қосуға арна бола алды. Мұхтар Абайды терең қабаттан алтын аршып алғандай жарқыратса, Абай да Мұхтарды ұлылық биігіне көтерді. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады» деп білген Абай – жалғандыққа бармаған шыншыл, ойшыл, өлеңді сара сөзбен көмкерген ақын.

С.Шүкірұлы

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]