Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
kitap.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.47 Mб
Скачать

Асанқайғы

(ХV ғасыр)

Асанқайғы – көріпкел философ, ақын, жырау. Шын есімі – Хасан. Еділ бойында дүниеге келген. 1445 жылы Алтын Орда ыдыраған кезде қазақ даласына қайта оралып, Қазақ хандығын құрған Жәнібек ханның ақылшысы болған.

Асанқайғының жыр-толғаулары мен нақыл сөздеріне қарағанда, Дешті Қыпшақтың Еділ, Жайық бойынан қазақ руларының ірге көтерулерін қолдамай, Керей мен Жәнібекке қарсылық білдіргені көрінеді. Асанқайғының «Жерұйық» іздеуі туралы айтылған аңыздарынан да халықтың бас құрып, ірге орнықтырып, ел болу қамын ойлауда оған шешуші міндеттің жүктелгені байқалады.

Ел ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді көздеген Асанқайғы Ордадан бөлінген қазақ руларын Шу, Сарысу бойына, Ұлытау төріне қоныстандырып, халықтың жол бастаушы темірқазығындай болып өтеді.

Көнекөз қариялардың шежірелерінде Асанқайғы Сарыарқада дүние салып, Ұлытау топырағына жерленеді. Ал Шоқан Уәлиханов: «Асан ата өмірінің соңғы жылдарын Жетісуда өткізіп, Ыстықкөлдің жағасында дүние салған» - деп жазады.

Асанқайғы халықтың қамын ойлаған ақылгөй, көреген ғана емес, сонымен бірге керемет күйші де болған. Көптеген күйлерінің тарихы әлі күнге дейін айтылып жүр. Алайда бүгінгі ұрпаққа «Ел айрылған», «Асанқайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» тәрізді санаулы күйлері ғана жеткен.

Л.Серғазы

Домалақ ана

(1378-1456)

Қазақ халқында елді аузына қаратқан даналығымен, кие қонған әулиелік қасиетімен, ақыл-парасаты, адамгершілік қасиетімен аттары аңызға айналған аналар аз емес. Халық олардың есімдерін еске сақтап қана қоймай, олардың әруақтарына бас ие, пір тұтып, өздерін кие, өмірлерін өнеге етіп, тағылымын ұрпақ санасына сіңіріп отырған. Бұл тұлғалардың зираттары, елі әспеттеп тұрғызған кесенелері ешкімнің зорлығынсыз-ақ халық тәу етіп баратын орындарға айналған. Сондай қасиетті тұлғаның бірі – Домалақ ана. Азан шақырып қойған есімі Нұрила болғанымен, қалың көпшілікке Домалақ ана атымен белгілі.

Домалақ ана – ең алдымен, алланың нұры төгіліп, ұрпағы бірнеше тайпаға айналған елдің анасы. Домалақ ана кезінде батыр әрі би болған тарихи тұлға Бәйдібектің үш әйелінің бірі болғаны белгілі. Бүгінгі Албан, Суан, Дулат тайпалары Бәйдібектің Домалақ анадан туған Жарықшақ деген ұлының кіндігінен тараған.

Домалақ ананың әулиелігі мен көрегендігі, парасаттылығы мен даналығы, адамгершілігі мен адалдығы жайында аңызбен астасқан әңгімелер көп. Соның бірі мынау: Бірде Бәйдібек баба жоқ кезде жауласып жүрген бөтен елдің адамдары келіп, оның бар жылқысын айдап кетеді. Олар жол-жөнекей Домалақ ана отауына жолығып, сусын сұрайды. Домалақ ана сусын беріп, олардан олжа қалайды. Үйір-үйір мол жылқыны оңай қолға түсіріп бара жатқандар «қалағаныңды ал» дейді. Сонда айдалып бара жатқан жылқының Бәйдібектікі екенін іштей танып, біліп тұрған Домалақ ана мал басы саналатын Сарыайғырды күндігімен ноқталап алып қалады. Өйткені Сарыайғыр бір кісінесе, қалған жылқылар қайтып келетінін біледі.

Олар кеткен соң көп ұзамай жау қуып кеткен жылқыны іздеп Бәйдібек бабаның бәйбішесінен туған тоғыз ұл келеді. Домалақ ана тоғыз ұлға «сендер әрі бармай-ақ қойыңдар, жылқылар өздері қайтып оралады» десе, тоғыз ұл «тоқалдың сандырағын қайтеміз» деп ана сөзін елеместен, жылқы соңынан кетеді. Алайда тоғыз ұл жау қолынан түгел мерт болады да, Домалақ ана айтқандай Сарыайғырдың кісінеуінен кейін жылқылар дін аман түгел қайтып келеді. Домалақ ананың өмірі жүген-құрық тимеген шу асауды еш қарсылықсыз қолына тоқтатқан қасиеті, жылқының қайтып келетінін білген әулие, көрегендігі ел ішінде аңыз болып тарап кетеді.

Ал тарихи құжаттарда Домалақ ананың 1378 жылы туып, 1456 жылы қайтыс болғандығы, әкесі Әли Сылан, анасы Нұрбике екені айтылады. Нағашы атасы Уәйіс кезінде Моғолстанның ханы болған деген де дерек бар.

Қ.Алпысбаев

ӘЗ ЖӘНІБЕК

(ХV ғасыр)

Жәнібек Барақұлы – Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы Барақ ханның ұлы, Орыс ханның шөбересі. Оның азан шақырып қойған есімі Әбусаид (кейбір деректерде Бусаит).

ХV ғасырдың 50 жылдарына дейінгі өмірі мен қызметі туралы нақты деректер жоқ. Оның есімі үнемі Керей ханмен бірге аталып отырады.

1456 жылы Дешті Қыпшақта шайбани Әбілқайыр билікті қолына алған соң, көшпенді халықтың Жәнібек пен Керей бастаған бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбасы өзендерінің аңғарында орын тепті. Моғолстан ханы өз қарсыластарымен болатын күресте көмектесер деген оймен қазақ басшыларымен одақтас болды. Шайқастар мен соғыстардан шаршаған екі жүз мыңға жуық көшпенділер Жәнібек хан мен Керей ханның маңына топтасты.

Әбілқайыр хан өлгеннен кейін хан тағы үшін болған өзара шайқастар Дешті Қыпшақта өрши түсті. Оған туған жерге оралмақшы болып жүрген Жәнібек хан мен Керей хан да араласты. Олар Әбілқайыр мұрагері Шейх Хайдар ханмен кескілескен шайқасқа түсті. Өз әміршілері жағынан ешқандай көмек ала алмаған Шейх Хайдар билік үшін күресте жеңілді. Бұдан кейін Дешті Қыпшақтағы билік Орыс ханның тұқымдары – Жәнібек хан мен Керей ханның қолдарына өтті. Олар отыз жыл бойы шайбанилықтармен шайқасты.

Биліктің Орыс хан тұқымдарының қолына өтуі «Көшпелі өзбектер мемлекетіндегі» саяси жағдайды өзгертпесе де, мемлекет атының Дешті Қыпшақ болып өзгеруіне ықпал етті. Бір кездері Моғолстанға қоныс аударған адамдар Өзбек ұлысында «қазақтар» деп атала бастады және бұл атау бүкіл хандыққа тарады. Билік үшін күресе келе, Жәнібек хан қазақтардың бірігуі мен Қазақ хандығының құрылуына үлес қосты.

ХV ғасырдың ортасында Жетісу өңіріндегі түркі тайпалары бір этникалық топқа біріге келе, қазақ халқын құрады. Жәнібек хан мен Керей хан Жетісу өңірі, Шу мен Талас өзендерінің бойындағы қазақтарды біріктіруде көп еңбек сіңірді.

Жалпы Жәнібектің аты өзінің жеке істерінен гөрі, батырлығы ел аузына тараған тоғыз көкжал ұлының ерліктерімен әйгілі.

Жәнібек ханның Дешті Қыпшаққа оралғаннан кейін билігін күшейткені, өмірінің соңғы жылдары мен қалай өлгені туралы деректер жоқ. Оның есімі тарихи деректерде соңғы рет 1473 жылы кездеседі. Бұдан кейінгі жылдары Керей хан туралы ғана айтылған. Халық аңыздары мен өлең жырларда Жәнібек ханды Әз Жәнібек атаған.

Л.Серғазы

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]