Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
kitap.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.47 Mб
Скачать

Арыстан баб кесенесі

Көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші. Түркістан жерін мекендеуші халықтардың арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған, есімі Отырар, Сайрам, Иасы өңіріндегі сопылардың рухани ұстазы ретінде кеңінен жайылған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған.

Аңыз бойынша, Арыстан баб өте ұзақ жасаған екен. Алты жүз жасаған шағында Хз. Мұхаммед ғ.с.‐мен кездеседі. Оған дейін бұл кездесудің таудың арасында болатыны туралы түсінде әулиелер аян береді. Пайғамбар сол кездесуде Арыстан бабқа «алты жүз жылдан кейін өмірге Қожа Ахмет атты бір данышпан келеді, соған мына құрманың дәнін сен апарып бересің», - деп дәнді аманаттайды. Арыстан баб құрманың дәнін тілінің астында сақтайды. Аманатты табыс еткенде, бала Қожа Ахмет ол дәнді жұтып қояды. Арыстан баб балаға «Алты жүз жыл сақтағанда маған дәм татырмадың», - деп ренжиді. Сонда «Алты жүз жыл дәмін сорып, маған құр сүйегін ғана қалдырдың ғой», - депті Қожа Ахмет. Халық Арыстан бабқа әулие деп сыйынған. Сондықтан зиярат етушілер бейсенбі сайын әулие басына түнеп, ғибадат етеді. Ел арасында «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген ұлағатты сөз бар. Сондай‐ақ «Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, ең үлкені – Арыстан баб» делінеді.

Арыстан баб кесенесі дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кешеннің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі ХІІ ғасыр шамасында салынған. Мазар ХІV ғасырда қайта жөнделген. Осыған орай ел арасына тараған мынадай аңыз бар: «Қожа Ахмет кесенесінің қабырғалары қаланып болған түні алып жасыл өгіз келіп, дуалдарды мүйізімен соғып, құлатып кетеді. Ғимараттың қабырғасы қайта тұрғызылып, күмбездері қалана бастағанда осы оқиға тағы қайталанып, құрылыс үйілген төбеге айналады. Бұл жай Әмір Темірді көп ойландырады. Бір күні түсіне ақ киімді шал еніп, ол Қожа Ахметтің алғашқы ұстазы Арыстан бабтың қабірінің үстіне мазар сал деп кеңес береді. Осы кеңес орындалған соң ғана, Әмір Темір Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесі құрылысын ойдағыдай аяқтапты». Арыстан баб пен Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің арасы алпыс шақырым екен. Бұл – Арыстан бабтың аттаған алты адымы екен дейді аңыз.

Арыстан баб кесенесі ХХ ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен (ауданы – 35 х 12 м, биіктігі – 12 м,) бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, солтүстік жағы кесене, оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделеді. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген. Кесене мемлекеттің қорғауына алынған.

Ж.Әскербекқызы

Айша бибі кесенесі

Айша бибі кесенесі – ХІІ ғасырда салынған сәулет өнері ескерткіші. Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында орналасқан.

Айша бибі – тарихтан белгілі Қараханның әйелі. Күмбезді сол Қарахан салдырған. Бірақ кесенені салдырған сәулетші туралы нақты дерек жоқ. Пішіні шаршыланып біткен, ауданы – 7,6 х 7,6 м, бұрыштар бағана-тіреулер арқылы көтерілген. Кесене ортасында 3 х 1,4 м құлпытас орнатылған. Батыс жақ қабырға мен бағаналар оюлы ұсақ плиткалармен қапталған. Қабырғаның ортасында сүйір аркалы текше жасалған. Текше бетінің қабырғаға ұласар тұсы шағын бағаналармен сәнделген. Бұл бағаналардың жоғарғы жағы көгеріс өрнекпен әшекейленген мығым блок болып келеді. Бұрыштағы бағаналар көгеріс өрнекті жұқа кірпішпен өрілген белдеу арқылы әсемделген. Айша бибі кесенесінің іргетасынан бастап есептегенде 3,4 м биіктікте бағаналарға араб әрпінде жазуы бар белдеу жүргізілген. Солардың бірінде «күз, бұлттар, дөңгеленген дүние...» деген сөздер араб әрпімен жазылған. Кесене қабырғаларының қалыңдығы – 80 см. Ол үш бөліктен: күйдірілген кірпіштен қаланған ішкі жағынан, оймыш әшекейлі плиталармен қапталған сыртқы жағынан, сонымен бірге саз балшықпен және жарамсыз плиткалардың сынықтарымен толтырылған қабырға ортасындағы кеңістіктен тұрады. Қабырғалар мен бағаналар беріктігін арттыру үшін қабырғаның ішкі жағына арша ағашынан арқалық қойылған. Кесене қабырғаларының сыртқы беті артқы жағындағы сыналармен бекітілген оймыш ұсақ плиталар арқылы безендірілген. Ұсақ плиталардың шырмауық өрнегіне 60 түрлі әшекей қолданылған. Қашаумен үңгіп жасалған бұл оюлар бір-бірімен қиюласып, кесененің мақсатына лайық сәулеттік сипат, композициялық шешім тапқан. Кесене құрылысынан Темір дәуіріндегі сәулет өнерінде үлкен орын алған порталды-тақталы дәстүр айқын аңғарылады. Қазақ жобалау-қалпына келтіру институты Айша бибі кесенесін жөндеу жұмысының жобасын жасап, Тараздағы шеберхана ескерткішті қалпына келтірді. Айша бибі кесенесі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.

Ж.Әскербекқызы

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]