2. Сауда мен тауарлары.
Жібек жолы әуелгі кезде қытай жібегін шетелдерге шығаруға қызмет еткен. Сосын реті келген кезде Рим мен Византиядан, Үндістан мен Ираннан, Араб халифатынан, кейінірек Еуропа мен Русьтен осынау күре жолмен мирра мен ладан, жасмин суы мен амбра, кардамон мен мускат жаңғағы, жень-шень мен питонның өті, кілемдер мен маталар, бояулар мен минералдық шикізат, гауһар мен яшма, янтарь мен кораллдар, піл сүйегі мен «балық сояулары», құйма күміс пен алтын, ұлпандар мен теңгелер, садақ пен жебелер, семсер мен сүңгілер т.б. көптеген заттар әрлі-берлі тасылып жатқан. Жібек жолымен саудаға салу үшін Ферғананың атақты «тері қан боп шығатын» сәйгүліктері мен араб арғымақтарын, түйелер мен пілдерін, мүйізтұмсықтар мен арыстандарды, ілбіс пен жайранды, қаршығалар мен тауықтарды, тоты құстар мен түйеқұстарды алып жүрген.
Жібек жолы арқылы жүзім, шабдалы мен қауындар, бұрыш, қалампырлар, қант, көкөніс пен жемістер, әртүрлі көктер әлемге таратылған.
Дегенмен сауданың ең басты жиһазы жібек екен. Алтынмен бірге ол халықаралық валюта болған, оны хандар мен елшілерге тарту еткен, жалдамалы әскерге жалақы етіп берген, мемлекеттік қарызды сонымен төлеген.
Керуен жолымен тасылатын жібек пен басқа да тауарлардың бір бөлегі қазақ даласының қалаларында қалып отырған. Археологиялық олжалар — соның айқын айғағы.
Сондай сирек кездесетін және халықаралық сауданы зерттеуге аса қажет олжаның қатарына Отырардың күміс көмбесі жатады. Ол өзінің құрамы жағынан ақшалы-заттық олжа екен. Осынау теңгелер қоймасы шартараптан жиналыпты. Оның ішінде: Шығыс Түркістандағы Алмалық, Пулад, Емил (Омыл) Орда әл-Азам теңге сарайлары, еуропалықтан — Қырымның, кіші азиялықтан — Сиваси, Кония, Тебриздік, Қазақстаннан — Жент теңге сарайларының өнімдері бар. Теңгелерді шекіген кез —XIII ғ. 60-жж. екінші жартысының шамасы. Көмбеде Жібек жолы үстінде тұрған қалалардың «өзіндік карточкалары» бар.
Жібек жолымен тек бұйымдар ғана емес, әртүрлі көркемдік стиль модалары да таратылатын болған, әрине егер олардың әлеуметтік заказы болса, олар белгілі бір этникалық мәдени ортадағы күнілгері әзірленген жерге тап бола қалса, кеңінен тарап кетеді екен.
3. Мәдениеттердің өзара ықпалы және бірін-бірі байытуы
Орта ғасырлардың бастапқы кезінде Азияда аса кең аймақтары мен елдердің бейнесі ретінде әлемнің төрт патшалығының концепциясы етек алып жайылған еді. Осынау «әлем патшалығының» әрқайсысы замандастарының көз алдында өзіне ғана тән артықшылығымен дараланған. Сүй әулеті (589—618 жж.) мен Тан әулеті (618—907 жж.) өкіметтерінің қол астында біріккен Қытай, Үнді билеушілерінің патшалықтары, Тынық Мұхиттан бастап, Қара теңізге дейінгі Түрік бірлестігі, Персия мен Византия сияқты мемлекеттер дүниенің төрт тұсында орналасқан әлемдік терт монархияның негізі деп саналады: оңтүстікте — пілдер патшасының империясы (Үндістан), батыста — бағалы тастар патшасы (Иран мен Византия), солтүстікте — сәйгүліктер патшасы (Түрік қағанаты), Шығыста — адамдар патшасы (Қытай). Осы идея сосын мұсылман авторларына да ауысып келеді.
Самарканд маңындағы Кушания қыстағы үйлерінің қабырғаларындағы суреттер осы концепцияның айқын көрінісі болып табылады, онда бір қабырғада — қытай императорлары, екінші қабырғада — түрік хандары, мен үнді брахмандары, үшіншісінде — парсы патшалары мен рим императорлары бейнеленген еді.
Сол бір алыс оқиғалар замандастары тек өз мемлекеттерінің табыстары туралы ғана емес, басқа мәдениеттері құндылықтарын да игеру туралы жазған, бүкіл әлемдік мәдениеттің шынайы бір түрінің негізгі мәні, міне, осында болатын.
Тауарларды, қолданбалы өнердің, сәулет өнері мен қабырға живописінің мәдени үлгілері мен эталондарын таратумен бірге, Шығыс пен Батыс елдеріне саз бен би өнері де, сахналық ойындар да кеңінен таратылып отырған.
Шетел оркестрлері сарай қызметіндегі кісілер құрамына енгізілген.
Мәселен, сазман патша Сюань Изунь 30 мың сазгер ұстаған. Түрік қағанының Суяб төңірегіндегі ордасында елшілерді қалай қабылдағаны жөніндегі сипаттама сақталып қалған. «Қаған, — деп жазады сол сияпатты көзімен көрген будда сопысы Сюань Цзянь, — шарап әкеліп, саз ойнауға әмір етті… сосын бір үзілмей, металл сыңғырымен сүйемелденген жат жерлік саз әуезі тамылжып төгілді де тұрды. Және ол жабайылардың сазы болғанымен, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырып, жаны мен ойын жадыратып отырды». Тан әулеті Қытайында ең көп жайылған саз Шығыс Түркістан мен Орта Азияның ән-күйлері болған. Құш пен Қашғардың, Бұқар мен Самарқанд — Үндістанның сазгерлік дәстүрі, Сарайдың ресми қамқорлығы арқасында қытайдың саздық дәстүрімен ұласып, табысып кетеді.
Иран, соғды мен түрік актерлері Қытайдың хореографиялық мәдениетіне көптеген жаңалықтар енгізеді. Мәселен, Константинопольде Шығыс артистері жиі-жиі өнер көрсетіп тұрады. Византия императоры әйелінің орыстың кінәз әйелі Ольганың құрметіне берген түскі қабылдауы кезінде шығыс масқарапаздары мен эквилибристері жиналғандардың көнлін көтеріп, рахатқа бөлейді, ал Мануил І-нің салжық сұлтан Арыстан ІІ-нің құрметіне жасаған мереке-тойында түрік акробаты алмағайып сальтоны орындаған. Сол сияқты өнерпаздар маска киіп ойын көрсеткен деседі.
Мұндай дәстүрлер кейінгі уақыттарға дейін мұсылман елдерінде сақталады. Наурыз мейрамы кезінде Бағдатта актерлер маска киіп, халиф алдында өнерлерін паш еткен.
Жібек жолы бойынан әртүрлі жердегі ескерткіштерді қазған кездері мәдениеттердің дамуын және өзара бірін бірі байытуын дәлелдейтін көптеген материалдық дәйектер табылған: бишілер мен биші әйелдерді, маскалы актерлерді, түйе үстіне жайғасып отырған музыкалық ансамбльдерді бейнелейтін Тан дәуірінің терракот коллекциясы — осының айғағы. Мұндағы көптеген артистердің бет бейнесінен Орта Азия халықтары өкілдері екені көрініп тұрады. Пенджикенттің, Варахша мен Топырақ қаланың және Шығыс Түркістанның қалаларындағы салтанат залдарында сақталып қалған қабырғалардағы суреттерде сазшылар мен актерлер бейнеленген. Биші әйелдің ағаштан қашалған таңғажайып мүсіні Пенджикенттен табылды. Сырдария бойындағы Кедер қаласында қазба жүргізген кезде X—XI ғг. артистің қыш маскасы кездесті.
