
- •1 Тақырып. Кәсіпкерлік – экономикалық белсенділіктің ерекше бір түрі.
- •КӘсіпкерлік экономикалық белсенділіктің айрықша формасы ретінде. КӘсіпкерлік типологиясы
- •2 Тақырып. Кәсіпкерлік құрылымды топтастыру және кәсіпкерліктің формалары
- •3 Тақырып. Туристік ұйымдардың кәсіпкерлік әрекеті
- •4 Тақырып. Кәсіпкерлік әрекеттің ұйымдық-құқықтық формасы. Кәсіпкерлік әрекеттің субъектілері мен объектілері
- •2 Модуль. Туристік ұйымдардың кәсіпкерлік қызметі
- •6 Тақырып. Кәсіпкерлік әрекеттің ұйымдық – құқықтық формалары
- •7 Тақырыб. Кәсіпкерлік әрекеттің ұйымдық-экономикалық түрлері
- •8 Тақырып. Туристік кәсіпорынның құрылуы, оның құрылымы.
- •Туристерді қабылдау жұмыстарын ұйымдастыру. Туристерді қабылдау- келген туристерге жинақты қызметтерді көрсетеді.
- •9 Тақырып. Туристік фирманың беделі. Туристік қызмет көрсетудегі сапа мен мәдениет.
- •3 Модуль. КӘсіпкер жұмысындағы маркетинг жӘне менеджмент
- •10 Тақырып. Кәсіпорынның өндірістік ресурстары
- •9 Тақырып. Кәсіпкерлік идеяларды іріктеу және іске асыру
- •11 Тақырып. Бизнес – жоспар
- •12 Тақырып. Кәсіпкерлік келісім шарт туралы жалпы түсінік. Келісімнің шарттары.
- •13 Тақырып. Жалға алу.
- •14 Тақырып. Кәсіпкерлік тәуекелдер
- •15 Тақырып. Шетелге баратын туристік топ басшысы, оның міндеті мен жауапкершілігі.
1 Тақырып. Кәсіпкерлік – экономикалық белсенділіктің ерекше бір түрі.
Кәсіпкерліктің даму тарихы
Кәсіпкерлік қызметтің субъектілері мен объектілері.
Кәсіпкерлік қызметтің шарттары мен кезеңдері
Кәсіпкерлік процесс және құбылыс ретінде
Жалпы экономикалық прогресс кәсіпкерліктің дамуымен байланысты. Нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерлік – шаруашылық қызметтің маңызды түрі болып табылады. Өйткені, нарықтық экономиканың өзі – кәсіпкерлік экономика. Оның ролін көрсетуде, Адам Смит кәсіпкерді коммерциялық идеяны жүзеге асыру және пайда табу үшін экономикалық тәуекелге баратын меншік иесі ретінде сипаттайды. Кәсіпкерлік өндірістің, нарықтың және бүкіл қоғамның дамуына ықпал етеді. Осыған байланысты кәсіпкерліктің теориясы мен тәжірибесіне деген мүдделілік өсіп отыр.
Экономикалық теорияда кәсіпкерлік түсінігін өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес бірнеше кезеңдерге бөлінеді. Кәсіпкерлік концепциясының бірінші кезеңі «кәсіпкерлік теориясының» классигі Р. Кантильон есімімен байланысты. Ол бірінші рет кәсіпкердің негізгі тұлғасын анықтады. Кәсіпкер – белгілі бағада сатып алушы, белгісіз бағада сатушы, яғни тәуекелге барушы адам. Классикалық экономикалық теорияда кәсіпкерлік ұдайы өндірістің негізі ретінде тәуекел үшін табыс алу ретінде қарастырылды. Тәукелді төмендету үшін негізгі өндіріс факторларын : жер, еңбек, капиталды тиімді үйлестіруге тура келеді дейді Ж.Б.Сэй.
Кәсіпкерлік теориясының дамуындағы екінші кезеңнің ерекшелігі – ұйымдастырушылық және кәсіпкерлік икемділігінен қосымша фактордың бөлінуі. А. Маршалл өз кезегінде кәсіпкерлік қызметтегі технологияны үйлестірудің жаңа әдістеріне, өндірісті ұйымдастыру мен басқарудың жаңа нысандарын тиімді деп есептеген. Кәсіпкерлік теориясының қалыптасуына И. Шумпетердің «тиімді монополия» концепциясының ролі ерекше. Оның айтуынша, кәсіпкерліктің мәнін жаңашылдық механизмі құрайды. Кәсіпкер – экономикадағы барлық динамикалық өзгерістерге негізгі жаңалық енгізуші. Капиталистің қызметі: кәсіпкер барлық уақытта таза күйінде қандай да бір мүлікке меншік құқығына ие бола бермейді. Сондықтан да ол қарсы тәукелге бармайды. Кәсіпкер ол менеджер емес, оның міндеті – жасаған жаңалығын жүзеге асыру және оның экономикалық дамуына септігін тигізу. Кәсіпкер – бұл меншік иесі, әрі ол шаруашылықпен тікелей айналысады. Ол нарыққа өзінің дербес жауапкершілігі арқылы тәуекелге баратын адам. Ал менеджмент – жалпы өндіріс пен тауар айналымын (бизнесті) тиімді жүргізу мен пайда табу мақсатында басқару жүйесі мен әдістерінің жиынтығы.
И. Шумпетер кәсіпкерлік қызметтің дамуындағы капиталға ерекше көңіл аударады. Капитал - ол қозғаушы күш. И.Шумпетер капиталды кәсіпкердің кез – келген уақытында иелігінде бола алатын қаржыны айтады.
И.Шумпетер алғашқы капитал деп кәсіпорынның құрылуы мен қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қаржыны айтады. Алғашқы капитал негізгі және айналмалы болып 2-ге бөлінеді. Алғашқысы жер учаскісін, ғимарат, машина және т.б. алуға жұмсалса, екіншісі – қажетті шикізат, еңбек ақысын төлеуге жұмсалады.
И.Шумпетер кәсіпкерлік қызметке итермелейтін мотивтер мен дәлеледерді бөліп көрсетеді. . Ол оны келесідей топтарға жіктейді:
1. үстемдік етуге талпыныс
2. жеңіске деген құлшыныс
3. шығармашылық қуаныш. И. Шумпетер кәсіпкерлік табыстың теориясын жасайды.
И. Шумпетер кәсіпорындардың табысқа деген талпынысына ерекше көңіл бөледі. Оның нәтижесінде жаңа кәсіпорындар пайда болады, жаңа қондырғылар қолданыла бастайды, өнімділік артады, бәсекелестік дамиды, ескі кәсіпорындар ығыстырылады, жұмысшылардың бір бөлігі жұмыс орнын босатады және т.б. бұл процесс қайталанып тұрады. И.Шумпетер ойынша, кәсіпкерлік табыс – бұл жаңа комбинациялар орындалудың нәтижесі.
Ф. Хайектің ойынша, кәсіпкер ерекше мінез – құлыққа ие болу керек. Өзге субъектіге әлі белгісіз жаңа табысты табудың көзін аша білу керек. Қазіргі жағдайда кәсіпкерлер жоғарғы нарықтық бәсекелестікте қызмет жасайды және осы бәсекеге қабілетті ғана кәсіпкер табысқа жете алады.
Кәсіпкерлік теорияның дамуына атақты ғалым П. Друкер де үлкен үлес қосты. Ол өз еңбектерінде кәсіпкерлік теорияның дамуында француз экономисті Ж.Б. Сэйдің орнын ерекше атап өтеді. Ж.Б. Сэй 1800 жылдың өзінде кәсіпкер экономикалық ресурстарды өнімділік пен табысты төменнен жоғарылататынын атап көрсеткен.
Оның ойынша кәсіпкер деп - өзінің кіші бизнесін ашқан адамды айтуға болады, бірақ кез –келген кіші бизнес кәсіпкерлікке жатпайды, тек жаңа нарық пен жаңа тұтынушыларға ие бизнесті айтуға болады. П.Друкер кәсіпкерлікті не ғылымға, не өнерге жатқызбайды. Бұл нақты қызмет, практика. Әрине кәсіпкерліктің де өзінің білім базасы болады, ал білім кәсіпкерлікте табысқа жету үшін қажет. Бірақ көптеген мамандар кәсіпкерлікті ерекше бір қабілеттің, таланттың көрінісі ретінде қарастырады. Сонымен қатар , П.Друкер кәсіпкерлікті де оқыту қажет деп санайды. АҚШ-тың колледж пен университеттерінде кәсіпкерлерді дайындайтын мамандықтар ашылған.
Кәсіпкерді ойлау қабілетінің инновациялық типі ерекшелендіреді. Инновация – кәсіпкердің ерекше құралы. Кәсіпкерлер табиғатта адамзатқа (қоғамға) қажетті зат тауып, оны экономикалық бағаландырған кезде ғана табысқа жетеді. Друкер табысқа жететін кәсіпкерліктің төрт стратегиясын жіктейді:
бірінші ену және жаппай әсер ету;
аяқ – асты және жылдамдылық;
«экономикалық әлсіз» жерін тауып, оны басып алу;
өнім, нарық немесе бір саланың экономикалық ерекшелігін бағалау.
Кәсіпкерлік туралы ғылыми және тәжірибелік көзқарастар К.Веспер, Г. Пиншат, Р. Хизрич, М. Питере, А. Хоскинг және т.б. шет ел ғалымдарының еңбектерінде де ерекше көңіл бөлген.
Кәсіпкерлік қызметтің субъектілері мен объектілері. Кәсіпкерлік – бұл қоғамдық пайдамен жеке бас мүддесін үйлестіру негізінде коммерциялық жетістіктерге және басқа да табыстарға жету мақсатында мүлікті, қаржы құралдарын және басқа ресурстарды жаңаша пайдаланумен тығыз байланысты шаруашылық субъектілердің бастамалы әрекеті. Туристік салада кәсіпкерлік көп дәрежеде қызмет көрсетумен байланысты. Кәсіпкерліктің субъектілері өзінің мүліктік жауапкершілігі мен өз атынана әрекет жасайтын жекелеген адамдар, сондай – ақ заңдық жауапкершілікпен әрекет жасайтын серіктестер ұйымы болуы мүмкін.
Кәсіпкерлік белсенділіктің негізгі субъектісі болып кәсіпкер табылады. Бірақ кәсіпкер – жалғыз субъект емес, кез-келген жағдайда кәсіпкер тұтынушымен және мемлекетпен қарым-қатынаста болады. Тұтынушы да, мемлекетте, сонымен қатар жалдамалы жұмысшы мен бизнес серіктестері де кәсіпкерлік белсенділіктің субъектілері категориясына жатады (сурет 1).
Сурет 1 Кәсіпкерлік іс-әрекеттің субъектілері
Кәсіпкерліктің 2 үлгісі белгілі: классикалық кәсіпкерлік және жаңашылдық (инновациялық) кәсіпкерлік.
Классикалық кәсіпкерлік – бұл қызмет көрсету номенклатурасын жаңарту мен ұйымдар әрекетінің рентабельділігін арттыру үшін шаруашылықтың дәстүрлі тәсілдерін қолдану арқылы ресурстардың жоғарғы (макимальді) деңгейін беруге бағытталған дәстүрлі, консервативті кәсіпкерлік.
Ал, инновациялық кәсіпкерлік ең алдымен кәсіпкерлік әрекеттегі жаңашылдықпен тығыз байланысты. Кәсіпкердің рөлі экономиканың дәстүрлі факторын пайдалану арқылы, оларды жаңаша үйлестіру арқылы бұрын белгілі болмаған жаңа бір нәрсені жасап шығумен ұштасады. Мұндай жаңашыл кәсіпкерлік дәстүрлі кәсіпкерлікке қарағанда барынша әсерлі нәтиже береді, бірақ кәсіпкерге айрықша талаптар қояды.
Кәсіпкер: әрекет етуші заң шеңберіндегі іскерлік қызметтің кез – келген мәселесі бойынша шешім қабылдауға ешкімге тәуелді болмауы және өз бетімен әрекет ету қасиетіне ие болуы тиіс;
– өз қызметі нәтижесінде экономикалық және де басқа да қызығушылықтары болуы, яғни мүмкіндігінше максимальді кіріс алуы есептелуі тиіс;
– тәуекелге барып, жауапкершілікті өз қолына алуы тиіс. Тәуекелге бару сөзінің астарынан шығынға ұшырататын жағымсыз жағдайлар барысында өз жоспарларын жүзеге асырып жіберу мүмкіндігінің туындауын түсінеміз. Тәукелдің өндірістік, коммерциялық, қаржылық, инвестициялық, нарықтық түрлерін ажыратады. Тәуекелге бару жағдайы туындағаннан шығынды азайтып, тәукелді төмендету әдістері болып: сақтандыру, нарық дамуын болжап отыру, шығынның алдын – алуға арналған, оның орнын жабатын құралдарды қорландыру табылады.
– өз әрекеті барысында қашан да инновациялық тәсілдері бар болуы қажет. (яғни өндіріс факторлары мен қызмет көрсетудің жаңа тұтынушыларын іздеу, оларды тартуда жаңаша әдіс-тәсілдерді пайдалану). Ізденіс пен жаңашылдық енгізуші кәсіпкер үшін қозғаушы күш – шамадан тыс пайда түсіруді күту болып табылады.
Жаңа заманғы жағдайда кіріс кіргізу ісін табысты ұйымдастыру үшін кәсіпкердің мықты кәсіби дайындығы, қызмет көрсету және өнім өндіруді ұйымдастыру саласында, заң, психология, саясат, экономика саласында қажетті білімі болуы қажет, сондай – ақ қаржы тізгінін қолына ұстаған тұлғалармен, маркетинг мамандарымен, ғалымдармен бірлесіп еңбек ете білуі тиіс.
Кәсіпкерлік әрекеттің (қызметтің) шарттары мен кезеңдері. Кәсіпкерлік қызметте келесідей кезеңдерді бөліп қарастырады:
Нарық қажеттіліктері мен кәсіпкердің мүмкіндіктерін бір арнаға тоғыстыратын кәсіпкерлік идеяларды іріктеу және жинақтау;
Қызмет көрсету өндірісін (немесе тауарлар) және маркетинг жоспарларын, сондай-ақ қаржылық және ұйымдастыру жоспарларын қайта жасауды жоспарлау;
Ресурстардағы (оның ішінде қаржы құралдарын) және тасымалдаушылардың қажеттіліктерін анықтау;
Техникалық, қаржылық жобаларды орындау, қызмет көрсету өндірісін ұйымдық дайындау және жоспарланған әрекетті жүзеге асыру.
Фирманы басқару – жаңа идеяларды іздеу, тәжірибе жинау, әрекеттерді сараптау, бақылау.
Жағарыда аталып өткендей, кәсіпкер мен кәсіпкерліктің мәнін анықтауға көптеген шетелдік ғалымдар көңіл аударуда, демек нарықтық экономиканың дамуымен кәсіпкерліктің рөлі күшеюде, ал алдыңғы қатарлы шаруашылық субъектілері кәсіпкерлік ұйымдар (фирмалар, компаниялар және басқа да күрделі кәсіпкерлік ұйымдар) болуда. Ғылыми әдебиетте кәсіпкерліктің бір мағыналы анықтамасы жоқ. Экономистер, философтар, әлеуметтанушылар, құқықтанушылар секілді ғылымның әр түрлі салаларының өкілдері бұл терминді өздерінше түсіндіреді. Алайда «кәсіпкерлік» терминінің мағынасын түсіндіру кәсіпкерлік әрекеттің экономкалық, әлеуметтік, қаржылық рөлін ғана емес, оның шаруашылық жүйе ретіндегі мәнін ашатынын сенімді түрде айтуға болады.
Кәсіпкерліктің мәні. Алдымен батыс елдеріндегі кәсіпкерліктің мәнін анықтау тәсілдері туралы айтайық. Мысалы, америка ғалымдарының түсінігінше кәсіпкерлік – бұл қиын да маңызды жобаларды жүзеге асыру әрекетінің түрі. Кәсіпкерлік – бұл аса маңызды, жауапкершілікті талап ететін іс. Кәсіпкерлік - әлдебір жаңа нәрсені жасауға, немесе бар нәрсені жақсартуға талпыныс жасау. Кәсіпкерлік «динамизм», «инициатива», «жігерлілік» «бастама» секілді ұғымдармен ажырамас байланыста және көптеген қызықты идеяларды шындыққа айналдырады.
Батыс елдерінде жаңа заманғы кәсіпкерлік шаруашылықтың айрықша, жаңаша стиль ретінде сипатталады. Біздің көзқарасымызда мұндай тәсіл барынша маңызды мәнге ие, яғни үнемі жаңа мүмкіндіктер іздеу, жаңашылдыққа бағытталу, алға қойылған мақсатқа жетуге талпыну біздің еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына пайдасы зор. Өзінің кәсіпорынының дамуы үшін кәсіпкер әрекет етуші заң негізінде ресурс көздерін іздеп отыруы қажет.
Америка ғалымы Р.С. Ронстадтың пікірі бойынша, кәсіпкерлік – бұл байлықты өсірудің динамикалық процессі. Байлық өз мүлкін, ақшасын, карьерасын бәске тігіп, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға уақытын аямайтын, сатып алушыларға жаңа тауар мен қызмет түрін ұсынатындарға ғана келеді деп есептейді. Бұл тауар мүлде жаңа болуы шарт емес, бастысы кәсіпкер оған жаңа сапа дарытып, оның құндылығын арттыруға күш сала білуі керек.
Өз кезегінде американдық ғалым профессорлар Р. Хизрич пен М. Питере де кәсіпкерліктің барынша ыңғайлы анықтамасын беріп кетеді. Олардың пікірінше: «Кәсіпкерлік – бұл құнды әрі жаңа бір нәрсені жасап шығару, өзіңе қаржылық, әлеуметтік, моральдік жауапкершіліктерді ала отырып уақыт пен күшіңді сарқа пайдалану процессі; ақшалай кіріс кіргізу процессі». Олар: жеке іс бастаған адамның өмірі үміт пен күдікке, сәтсіздік пен тынымсыз еңбекке толы болады деп жазады.
Р. Хизрич болса кәсіпкерліктің мәнін ашатын ең қысқа анықтама береді: бұл – құны бар жаңа нәрсені жасап шығару.
Кәсіпкерліктің ұғымдық мәнін ашатын ресейлік ғалым – экономист А.В. Бусыгиннің көзқарасы бізге қызығушылық тудырады. Ол кәсіпкерлік нақты бір іскерлік идеяны тәжірибе жүзінде іске асыру үшін талпыныс жасау деп түсінеді. Кәсіпкерлік – ең алдымен іскерлік жоба түрінде жүзеге асатын ойлау процессі деп түсіндіреді. Оның пікірінше кәсіпкерлік жеке бизнесіңді ұйымдастырып, жеткілікті дәрежеде табысқа жету үшін қызмет ету.
Біздің пікірімізше, кәсіпкерлік – қоғамды тауармен, әр түрлі қызмет түрлерімен қамтамасыз етуші нарықтық қатынастың бір түрі.
Кәсіпкерлік – бұл кәсіпкердің жаңа бір идеяны ойлап тауып, оны қолдана білуі, нақты бір кәсіпкерлік жобаға айналдыруы болып табылатын шаруашылықтың жаңа түрі. Бұл әрине өте қатерлі іс, бірақ тәуекелге бармаса, ешкім де табысқа жете алмайды.
Алайда, көзді жұмып алып, тәуекел етуге тағы болмайды. Жеке кәсіппен айналасуға шешім қабылдамас бұрын кәсіпкер бәрін мұқият есептеп, бәсекелестер мен нарық жағдайын ескеріп алуы қажет.
Кәсіпкерлік бірінші кезекте өндірістің барлық факторларын қоғам және жекелеген азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, экономикалық өсу мақсатында тиімді қолдана білуге байланысты. Кәсіпкерліктің негізгі қызметі нақты бір тауар немесе қызмет түрін өндіріп, сол үшін материалдық және моральдік сыйақы алу болып табылады.
Кәсіпкерлік қызметтің мәнін заңдық актілерді анықтау. Өз бизнесін табысты жүзеге асыру үшін еңбек етуге қабілеті бар азамат немесе кәсіпкерлік ұйым осы бизнесті қалыпты ұстап тұратын азаматтық заңнаманы жақсы білулері тиіс. Тұңғыш рет кәсіпкерлік қызмет ұғымының мәні туралы барынша толық анықтама ҚР-ның «Кәсіпкерлік қызмет туралы» Заңында қалыптасты. Онда кәсіпкерлік қызметтің астарынан азаматтар мен олардың бірлестіктерінің табыс табуға бағытталған әрекетін түсінуге болатындығы жайлы айтылған.
Аталған Заңда кәсіпкерлердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершіліктері, сондай – ақ оларға мемлекет тарапынан берілетін кепілдік мәселесі анық, әрі нақты көрсетілген.
Азаматтық заң кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар арасындағы қарым – қатынасты реттеп отырады. ҚР Мемлекеттік Комитеті кәсіпкерлік қызметтің мәнін кешенді түрде анықтайды – бұл – мүлікті пайдаланудан, тауарды сатудан, қызмет көрсетуден түскен ақшаны белгілі бір заңдық тәртіпте айналымға келтіріп, пайда табуға бағытталған әрекет дейді.
ҚР Мемлекеттік Комитеті орнатқан кәсіпкерлік қызмет ұғымының анықтамасына сәйкес кәсіпкерліктің бірнеше ерекшелігі мен өзіне тән сипатын бөліп алуға болады:
Бұл жеке бас ғана емес, сонымен бірге қоғам мен адамдардың да қажеттіліктерін қанағаттандыруға және кәсіпкердің өз қабілетін іске асыруға бағытталған бастамашыл әрекет.
Бұл еңбек етуге қабілеті бар кез – келген азаматтың өз еркімен жасайтын әрекеті. Ешкім де бір адамды осы іспен айналысуға күштеп көндіре алмайды.
Бұл аса жауапкершілікті талап ететін қатерлі іс, сол себепті болашақ кәсіпкер өзін күтіп тұрған қиындықтардың алдын – алу керектігін естен шығармауы керек, оның үстіне мемлекет кәсіпкер сәтсіздікке ұрына қалса жауапкершілікті өзіне алмайды.
Кәсіпкерлік – бұл бір рет қана жасалатын шаруа емес, заң негізінде жүйелі түрде пайда табу процессі, демек бұл ұзақ уақыт қажырлы еңбекті талап ететін кәсіби әрекет.
Бұл жекелеген кәсіпкерлер мен заңдық тұлғалар ретінде тіркелген адамдар жүзеге асыратын әрекет, демек кәсіпкерлік – арнайы заңдық актілерге сәйкес орындалатын заңды әрекет.
Азаматтық заңда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың негізгі себептері – табыс табу, кіріс кіргізу көрсетілген, ал бұған қол жеткізу үшін тұтынушыларға тауар мен қызмет түрлерін үздіксіз жалғастыра беру қажет.
Заңда мүлікті пайдалану, тауарды сату, қызмет ету жолымен пайда көзін табудың әдіс – тәсілдері көрсетілген.
Сонымен, көріп отырғанымыздай кәсіпкерліктің өзіне ғана тән бірінші сипаты – мүлікті пайдалану болса, екінші сипаты – тауарды сату болып табылады. Сонда тауар өндірудегі қызметті қайдан табамыз деген сұрақ туады? Негізінде ҚР Мемелкеттік Кодексінде сауда коммерциялық әрекет орнатылған әлдебір нәрсені сату үшін ең алдымен сапасына қарай өнім, тауар, қызмет түрлерін енгізу қажет. Демек, ҚР Мемлекеттік комитеті орнатқан кәсіпкерлік туралы анықтамасы толықтыруларды қажет етеді, мысалы кәсіпкердің өз бизнесінің нәтижелі болуына жауапкершілігі туралы тезис енгізу.
Кәсіпкерлік құбылыс және процесс ретінде. Кәсіпкерлік құбылыс ретінде кәсіпкердің өз ісін алға бастырып, оны ұйымдастыруымен байланысты болатын экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық, жекелеген қатынастардың жиынтығын көрсетеді. Ол құбылыс ретінде жергілікті басқару, билік органдары, банктер, жалдамалы жұмысшылар, тұтынушылар, тасымалдаушылар арасындағы өндірістік факторларды (шикізат, құрал – жабдықтар, энергия, жылу және т.б.) бірігіп пайдаға жарататын әлеуметтік, қаржылық, экономикалық қатынастардың жүйесін қамтиды. Кәсіпкерлік – экономикалық құбылыс ретінде нарықтық экономиканың сұраныс пен ұсыныс, бәсекелестік, құн секілді заңдылықтары негізінде тауарлық сипатқа ие болады.
Кәсіпкерлік – кәсіпкердің нақты бір идеяны өмірге әкеліп, оны үлкен жобаға айналдырғанға дейінгі аралықта болған әрекеттерінің күрделі «шынжыры». Кәсіпкерлік – бұл тұтынушылар үшін құны бар жаңа тауар, қызмет көрсету түрін ойлап табу процессі, қолда бар ресурстарды жақсы нәтижелерге жету жолында сарқа пайдалану процессі.
Бұл үздіксіз процесс болып табылады, ол үнемі жаңарып отырады, демек кәсіпкерлер қанағаттандыратын қажеттіліктерде өзгеріп отырады деген сөз. Бұл процесс өндіріс факторларының үлкен шығынын талап етеді, уақытша сәтсіздіктерге жиі соқтырады, бірақ нәтижесінде кәсіпкерді пайдаға, кіріске жолықтырады, оған үлкен мөлшерде қаржылай табыс әкеледі. Ендеше, кәсіпкерлік құбылыс ретінде: жаңа шығармашылық идеяларды іздеу, оларды сараптау, оған экономикалық пайда мен нарық қажеттілігі тұрғысында баға беру, идеяны жүзеге асыруға мақсат қалыптастыру, өндірісте жаңа өнім алуға, нақты нәтижеге жетуге ұмтылу секілді әрекеттерді қамтиды.
Сұрақтар:
Кәсіпкерлік экономикалық белсенділіктің ерекше формасы.
Кәсіпкерлік қызмет туралы заң.
Кәсіпкерлік теориясының даму тарихы.
Кәсіпкерліктің обьектісі мен субьектісі
И.Шумпетердің пікірінше кәсіпкерлік дегеніміз не?