- •4. Қазіргі әлеуметтану ғылымы дамуының негізгі бағыттары.
- •Шоқан Уәлихановтың әлеуметтік көзқарастары
- •Ы.Алтынсариннің әлеуметтік ойлары
- •2. 1912 Жылы «Айқапта» басылған «Жазу тәртібі» атты мақаласында а. Байтұрсынұлы халықты сауаттандыру үшін сол кездегі оқуды реттеу, тәртіпке келтіру жөніндегі ойларын ортаға салады.
- •1. Антикалық және Ортағасыр дәуіріндегі әлеуметтік ойлар.
- •Әлеуметтану ғылымының классикалық кезеңі.
Ы.Алтынсариннің әлеуметтік ойлары
1. Мектеп пен оқытушының әлеуметтік мәні.
2. Қоғамдағы ғылым мен білімнің әлеуметтік рөлі.
3. Қазақ қоғамындағы отаршылдықтың әлеуметтік зардабы туралы.
4. Дін халықтың рухани өзегі ретінде.
1. Қазақтың тұңғыш кәсіби ағартушысы, ақыны және жазушысы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) халқымыздың аса бір қиын кезеңінде шығар жолды тек ғылым мен білімнен іздеп, соның жарқын жаршысы болды. Оның қоғамдық-саяси көзқарасының оянуына, демократиялық бағытта қалыптасуына орыстың алдыңғы қатарлы педагогтары мен жазушыларының ортасы, олардың бостандық жолындағы ой-пікірлері мен іс-әрекеттері әсер етті.
Өз халқының даму бағытын да, шығар асуын да, асыл мұратын да өнер-білім деп таныған Ы.Алтынсарин өзінің ұстазы Н.И.Ильминскийге 1864 жылғы 16 наурызда жазған хатында былай деп еді: «Менің үнемі ұмтылған тілегім – қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады». Шынында да, тұңғыш рет мектеп ашу, қараңғы қазақ даласында білім шырағын жағу, халқын ана тілінде оқыту сияқты тарихта бұрын-соңды болмаған, маңызы жағынан теңдесі жоқ әлеуметтік мұратты Ыбырай Алтынсарин тағдырына жазды. Әрине, бұл қазіргі жағдайда қиын мәселе болмағанымен ол кез үшін оңай болған жоқ. Оған қоғамда ғасырлар бойы жалғасып келген орысша оқуға деген әлеуметтік қарсылықпен күресу керек болды. Сондай-ақ патшаның жергілікті бастықтарының «бекіністердің жанынан мектеп салудан гөрі, үйлерінің онсыз да қызыл төбелерін боятқанды, онсыз да ақ қабырғаларын ақтай түскенді тәуір көрегенінің өзі» оңай қарсылық емес еді. Бұған Ыбырай Алтынсариннің Н.И. Ильминскийге: «Қазақ халқы деген оқу-білімге сусап отырған халық; әттең бұл іске оқыған адамдардың жаны ашымайтыны есіңе түскенде кейде күйінесің. Біз бұл жағынан алып қарағанда кейде жылы сөзге ынтызар жетім бала сияқтымыз» деп жазғаны да дәлел бола алады. Бұл арада әңгіме биліктегі орыс оқығандары турасында болып отыр.
Алайда, түрлі қиындықтармен күресе отырып, озық ойлы орыс достарының тікелей көмегімен Ыбырай Алтынсарин 1864 жылы қаңтардың 8 күні қазақ сахарасында тұңғыш ашқан мектебіне 14 бала тартты. Өз сөзімен айтқанда, ол «балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кіріседі». Және олардың парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан да әсер етуге де бар күшін салады. Өйткені ол кезде ауылда орысша шала оқығандардың көбісі өз мүмкіндігін халыққа қызмет емес, олардан өз қажетін жырып қалу үшін пайдаланатын.
Ұлы ағартушы мектепті қазақтарға білім берудің басты құралы, біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы деп санады. Осылай еткенде ғылыммен қаруланған, әр нәрсеге дұрыс көзқарасы бар адамдар қазақ арасында көбейіп, бүкіл халыққа әсер ете алатынын атап көрсетеді. Ол мектептің ең алдымен халықтық мектеп болуы, халықтың тұрмысына ыңғайлы, шаруашылығына қолайлы болып құрылуы керек деді. Мектептің халықтың қалың бұқарасын қамтуы үшін ауылдарда, болыстарда, уездерде ашылуына ұмтылды. Оның ойынша, ауыл мектебі ауыл өміріне, болыстық мектеп — болыстағы жағдайға сай құрылуы керек. Ауыл мектептері үлгілі, тәртіпті, көрнекі, мәдениетті, ауылдағы бүкіл мәдени-ағарту жұмысының орталығы, «қазақтарды оқытудың негізгі буыны» болуға тиіс. Мектеп ішкі мазмұнымен ғана үлгілі болып қоймай, сонымен бірге сыртқы формасымен де ауылға үлгі берсін. Қазақ шаруалары балаларын мектепке алып келгенде, балам білім алады деп қана қуанбасын, өзі де сол мектепті көріп, «өмірді осылай құру керек екен» деп, үлгі алып қайтатын болсын деп ойлады. Бұл үшін мектеп үйлерінің «тазалық сақтауға, ұқыптылық, тәртіп орнатуға жағдай туғызатындай етіп» жабдықталуын ойластырып отырды. Оның үстіне ол қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшылық тұрмыстың артықшылықтарына, мысалы, құрғақ, жылы бөлмелерде тұруға үйретудің өзі қазақ даласында тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білді.
Халық мектептерін Ыбырай Алтынсарин татарша оқуды толық ығыстырып шығармаса да, онымен тең түсетін бір күш, халықтың ілгері дамуына зиянын тигізіп отырған соқыр сезімдердің бетін қайтаратын дұрыс көзқарас таратушы орын болар еді деп санады. Бұл қазақтың әзірге жойылмай келген, ешқандай дін ықпалына түспей тәжірибелік негіздерге сүйенген дәстүрлерімен бірге халықтың адамгершілік жағынан азуына жол бермейтін болады деп сеніммен қарады. Ол мұндай мектептердің тағы бір артықшылығын оларда оқыған адамдардың өз туған жерінде қалуымен, алған білімін айналасындағы халықтың экономикалық тұрмысымен және олардың ой-пікіріне қалай да пайдалы ықпалын тигізуімен байланыстырды.
Ыбырай Алтынсарин - қазақ балаларымен қатар қыздарға да білім беру, олардың бойына түрлі кәсіптік мамандық дәнін егу жөніндегі қажырлы жұмыстарды тұңғыш ұйымдастырушы. Ол сауаттылықты ашумен қатар жастарды өмірге дайындау мәселесін көтерді, 1883-ші жылы Торғай қаласыңда ашылған қолөнер мектебін (ремесленная школа) қазақ халқы өміріндегі "айрықша мәнді оқиға" деп атап, оны "қазақтардың нақты білімінің бастамасы" санады.
Өзінің практикалық ісінде Ыбырай өзі ашқан мектептерін мейлінше үлгілі етті, мектеп жастарын білімге, өнерге, тазалыққа, адалдыққа, халықты сүюге, оған қызмет етуге, шаруашылыққа болысып, ата-анасына жәрдем беруге, еңбекке баулыды. Мектепте арнаулы программалық сабақтармен қатар, қосымша сабақ ретінде, балаларды қол өнеріне баулыды. Жастарға баубақша, огород істерін, мал шаруашылығын және егіншілік кәсібін үйретуді мақсат етті. Ол үшін мектеп айналасында бақша, жеміс ағаштарын отырғызды, гүл ектірді, оны күтіп-баптаудың жолдарын үйретті.
Ы. Алтынсарин жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көретінін айта отырып, былай деп жазған болатын: «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы, тамаша педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілетін инспектор бақылауы да жақсы оқытушыға тең келе алмайды». Бұл ойын ары қарай дамыта түсіп, ол 1881 жылғы 4 қазандағы Н.И. Ильминскийге жазған хатында: «Өзімнің оқытушыларымды мен туысқанымдай көремін, біздің барлық ісіміз де, ақыл-ойымыз да, тілегіміз де, материалдық күшіміз де бір. Басқаша болуы мүмкін емес» деп жазды.
2. Ы.Алтынсарин оқу‑білім бар жақсылықтың, материалдық және рухани игіліктердің бастауы, онсыз байлық та, бақыт та, мұрат та жоқ дей отырып, «Сауатсыз, білімсіз адамдар — қараңғылықта адасушы, көзі жоқ соқыр, ақылы жоқ надан» деп жазды. Оның ойынша, нағыз адамдар — ғылымды игерген, біліммен қаруланған, дүниенің игілігін өздерінің рухани өсулеріне пайдалана білетін кісілер. Қазіргі мектеп көрген қауымға етене таныс «Кел, балалар, оқылық» деп басталатын өлеңнің мына жолдары ғылым мен білімнің бар құдіретін ашып тұрған сияқты:
Оқысаңыз балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Жастарды ғылым мен техника дүниесіне тереңдеп кіруге, оны игеруге үгіттей отырып, Ы.Алтынсарин «Біз болмасақ сіз барсыз, Үміт еткен достарым...» деп, оларға зор сенім білдіреді:
«Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызған,
Айшылық алыс жерлерден
Жылдам хабар алғызған.
Мың шакырым жерлерге
Күн жарымда барғызған.
Адамды құстай ұшырған
Мал істейтін жүмысты
От пен суға түсірді.
Ы. Алтынсарин қазақ оқушыларының бойына ізгілік өрнегін егу үшін ана тілінде тұңғыш "Қазақ хрестоматиясы" оқулығын дайындады. Оқулықтың «Сөз басында»: «...қазақ халқы азбаған, табиғаты таза халық. Оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды: ой‑пікірі еркін; оның келешегі үшін оған тек сана‑сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр» деп жазуын толық түсінуге болады. Хрестоматияға балаларға таныс, олардың өмірлеріне жақын, гуманизм рухында жазылған, халықтық идеяларды тарататын әңгімелер, мысалдар, өлендер мен жырлар таңдап алынды. Бұлардың негізгі идеялары жастарды тазалыққа, кәсіпке үйрету, еңбек сүюге, мейірбандыққа, қайырымдылыққа, өнер, білімге баулу, олардың бойына адалдық, мейірімділік, имандылық ұрықтарын егу, үлкенді қадір тұту, ата-ананы сыйлау сияқты адами қасиеттерді қалыптастыру және т.б. болатын.
Ыбырай Алтынсарин отырықшы халықтармен сыбайлас болып отырған қазақтар арасында өзінің көрші халықтарының тілін білуге, олардың жазуын үйренуге ұмтылушылықтың күшейіп келе жатқаны сияқты игі өзгерістерді байқай алды. Бұл «өзінің табиғи жаратылысында әр нәрсені білуге құмар және ұғымпаз, зерек халықтың» сол кездегі экономикалық және саяси жағдайға байланысты орыс тілін, орыс жазуын білуін қажет етіп отырғандығы еді. Осыдан әрі ойын жалғастыра келіп, өз халқының болашағына үлкен сеніммен қараған ол былай деп жазды: «Ал егер осы бұзылмаған, іскер, дарынды халық орыс арасында үш жүз жыл тұрса да фанатизм бойына сіңгендіктен, азғана бөлігі болмаса, әлі күнге надандықтан шыға алмай отырған татарлардың ықпалына біржола түсіп кетсе, онда бұл өте өкінішті болар еді».
Ыбырай Алтынсарин сонымен қатар қазақтардың жас ұрпағы орыстың тілі мен жазуына мәдениет пен білімнің тілі деп қарайтын болады, оларға құмары артады және азды-көпті орыс рухында өседі деп ашық жазды. Қазақтың бұрын-сонды замандағы ұлы ағартушылардың барлығы да орыстың озық мәдениеті мен білімін, ғылымын соншалықты ықыласпен насихаттап отырғанымен қазақ баласының орыстанып кетуінен сақтанып отырды.
3. Ы. Алтынсарин өз кезіндегі қазақ қоғамындағы отарлық саясаттың салқынын, оның алдағы зардаптарын да көре білді. 1880 жылы В.В. Катеринскийге жазған хатында «Оренбург листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен апаттар туралы мақала жазғанын айтып келіп былай деген еді: «Осы мақаламда қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Бұл пікір, меніңше, ешбір ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың». Бұдан өз кезінде орыстандыру саясатының белең ала бастағанын жіті байқаған кісінің ойын танимыз. Сондай-ақ 1864 жылы Н.И.Ильминскийге жазған бір хатында ел ішіндегі әлеуметтік әділетсіздік мәселесін сөз етеді: «Қазақ арасындағы қызмет адамдарын да көңілім тіпті сүймейді. Олар кедей қазақтарды, қарсылық көрсете алмай қасқырдың аузында жем болатын қорғансыз момындарды адамшылықтың шегінен шыға арсыздықпен тонайды, талайды».
Рас, Ресей қызметкерлерінің арасында «қазақ халқын ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған деп қол созғандар болмай қалмады. Алайда қазақтарды оқытудан, өз «бекіністерінің жанынан мектеп салудан гөрі, үйлерінің онсыз да қызыл төбелерін боятқанды, онсыз да ақ қабырғаларын ақтай түскенді тәуір» көретіндер бастықтар аз емес еді.
Ыбырай Алтынсарин патша үкіметінің бұрынғы қазақ әкімдерінің орнына апарып қойған халық ағарту жұмысы жөніндегі әкімдердің қарабастарының мүддесіне бола ірі қоғамдық іске зиян келтіріп отырғанын айта отырып, жергілікті әкімдерден еш бір жақсылық күтуге болмайтын атап көрсетті. Ең жаманы - «халықтың қараңғылығымен емес, қоғамның әл-ауқаты мен мәдениетін көтеруге көмектесу үшін үкімет өзі қойып отырған білімді адамдармен күресуге тура келеді» деп тегіннен-тегін емес еді.
5. Өз кезінде исламды жетік меңгерген Ы. Алтынсарин қазақ елінің рухани тәрбиесіндегі діннің рөліне ерекше мән берді, дінді оқыту ісі мен тәрбиеден бөлмеді. Бұл түсінікті болатын. Себебі мұсылманшылық қазақтың рухани өзегін құраған маңызды факторлардың бірі еді. Осы бағытта оның артына қалдырған мұрасының ең маңыздысының бірі «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты оқу құралы болып саналады. Бұл кітаптың жазылуының себептерін автор: «Сонымен, бірінші жағынан халықтың өз дінін білу жөніндегі талабын, бұл талапты ешбір шарамен тоқтатуға болмайтынын еске ала келіп, екінші жағынан, осылай болған соң қазақ жастарына өзінің ана тілінде жазылған, мұсылман дінінің негізгі рухына сай дін оқытуға негізгі құрал бола алатын оқу құралын жасап берудің қажет екендігін еске ала келіп, оның үстіне мүмкіндігі болғанынша, біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілінің орынсыз етек алуына жол бермеу үшін (бұл қазақтарды татарландырудың ең сенімді тәсілдерінің бірі ғой)...» деп ашып беріп еді.
Еңбекте Ыбырай ислам туралы объективтік түсінік беруге ұмтылыс жасады, мұсылмандық құқық пен өсиеттің, діни жарлықтар мен салт-жораларының ережелерін объективті түрде баяндап берді. Сонан соң бұл кітапты жазудағы тағы бір мақсат – ислам дінін шала сауатты татар молдаларынан қорғау еді. Оның ойынша, олар (татар молдалары - Ә.Б.) бүгінгі таңда жағымсыз ықпал етіп отыр, ал келешекте одан да бетер әсер етуі мүмкін. Сондықтан ол бар күш-жігерімен, батыл әрекетімен халқын исламға соншалықты соқыр сеніммен берілген сүйкімсіз татар молдалардың ықпалынан сақтауды, сол үшін де қазақтарға орыс халқының үлгісінде білім, өнер жолымен әсер етуді өзінің алдына басты мақсат етіп қойды: «Мәселенің ең мәнді жері: қазақтарға татар фанатизмінің ықпалын тигізбеу, қазақтардың білім алуына оның кесірін тигізбеу ғой. Ондай ықпалдан құтқару үшін бірте-бірте, бірақ шын құтқару үшін мазмұны балалардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын қітаптарды асықпай, бірақ алған бағыттан қайтпай қазақтың өз тілінде, олардың өздеріне таныс әріппен шығара білу керек» деп түсінді. Бұл ойлар Шоқан Уәлихановтың «Біз қалайда татарлық кезеңді айналып өтуіміз керек, өйткені олар ультрамұсылмандық бағыттың қанат жаюына ықпал етіп отыр» деген ойларымен сабақтасып жатыр.
Ы. Алтынсарин қазақ қоғамындағы кейде дінмен де байланысты ертеден келе жатқан әдет-ғұрып, дәстүр нормаларының адамдар арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды нығайтудағы рөлін ашып көрсетеді. Ол, әсіресе, қазақтардың құда болу салтына ерекше мән беріп, одан қоғамды нығайтудың бірден-бір маңызды факторын байқады. Бұл бағытта Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру және құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлеріне арнаған очерктерінде кеңінен сөз болған. Бұл очерктер қазақ халқының әртүрлі кезеңдегі өзінің әлеуметтік сезім‑күйлерін танытуымен құнды.
Халқымыздың ұлы ағартушысы, қоғам қайраткері Ыбрай Алтынсарин халқына қызмет етуді «азаматтық борыш» санады. Ол дүниенің кілті ғылымда деп ұғынды, өз халқын, әсіресе жастарды оқытуды, оларға білім‑ғылым нұрын шашуды арман етті. Осы үшін сәулетті мектеп, оның шешуші күші – оқытушы, жақсы оқу құралы керек екенін терең түсінді, соны жүзеге асыру үшін күресті. Қараңғы қазақ жеріне білім мен ғылымның шам шырағын жаққан тұңғыш кәсіби ұстаздың аты өзінің шексіз сүйген халқының жадында мәңгі қала бермек.
Бақылау сұрақтары
1. Мектептің халықтық сипаты туралы.
2. Мектеп - қазақтарға білім берудің басты құралы.
3. Халықтың дамуының негізгі құралы.
4. Халық мұғалімі туралы.
5. Қоғамдағы ғылым мен білімнің әлеуметтік рөлі.
6. Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы.
7. Қазақ тәрбиесіндегі діннің рөлі туралы.
Әдебиеттер
1. Социология : Лекциялар курсы / Жалпы редакциясын басқарған -Ә.Х. Тұрғынбаев . - Алматы : Білім , 2001. - 160 бет.
2. Социология : оқулық / Философия және саясаттану институты ; [жауапты ред. Ә. Нысанбаев]. - Алматы, 2002. - 222 б.
3. А.И. Икенов, А.Д.Жүсіпова. Әлеуметтану негіздері: Оқу құралы.-Алматы:Экономика, 2004. -208 бет.
4. Әбсаттаров Р. Әлеуметтану : оқу құралы / Р. Әбсаттаров, М. Дәкенов. - толықт., жаңарт., 2-ші бас. . - Алматы : Қарасай, 2007. - 384 б.
5. Ш.Қ. Қарабаев. Әлеуметтану негіздері: Оқу құралы.- Алматы: Экономика, 2007. – 528 бет.
6. Алтынсарин Ыбырай. Таңдамалы шығармалары.-Алматы, 1994.
7. Дербісалин Әнуар. Ыбырай Алтынсарин. Өмірі мен қызметі туралы. – Алматы: Қазақстан. 1965. – 226 бет.
АБАЙДЫҢ ӘЛЕУМЕТТАНУЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ
1. Қоғамды тарихи құбылыс ретінде тану.
2. Адам болмысы туралы.
3. Ағартушылық‑гуманистік ой‑тұжырымдар.
4. Дін туралы ойлар
5. Адам тәрбиесіндегі еңбектің рөлі жөнінде.
1. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың (1845-1904) өз кезіндегі қазақ қоғамының басты мәселелеріне жауап беруге ұмтылды. Оның әлеуметтанулық ой‑пікірлерін әңгіме еткенде алдымен қоғам туралы ойларына арнайы тоқтау қажет. Өйткені бұрын-сонды қазақ ойшылдарының арасында Абайдан артық қоғам туралы іргелі ой‑тұжырымдар жасаған көп емес. Бұған Батыс ойшылдарының әсер еткені сөзсіз. Алайда, Абайда қоғамды қазақ даласының перзенті ретінде тану басым.
Абайдың топшылауында дүниеде, оның ішінде қоғамда қозғалмайтын, өзгермейтін еш нәрсе жоқ. Ол өзінің 1894 жылғы жазған «Жиырмасыншы сөзінде»: «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры біркалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?» деп жазды. Бұл арада адам табиғаттың туындысы деген ой да ашық айтылған. Сондай-ақ өлең сөздерінің бірінде: Күн артынан күн туар, Бір күн дамыл еткізбес, Ой артынан ой туар, Желге мінсең жеткізбес, ‑ деп жоғарыдағы ойын жалғастыра түседі.
Абай «Отыз жетінші сөзінде»: «Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» және «Дүние - үлкен көл, замана - соққан жел, алдыңғы толқын - ағалар, артқы толқын - інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деп табиғат пен қоғамды салыстыра отырып, екеуіне де өзгеріс ортақ екенін көрсетеді. Қоғамды тарихи құбылыс ретінде таниды.
Дүниені білуге, тануға болатындығын дұрыс топшылай, Абай адам баласының жануарлар дүниесінен айырмасын көрсетеді. Ол «Жетінші сөзінде»: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» деумен шектелмей, құдай тағала адам жанын хайуанның жанынан ірі жаратқан деп адам жаратылысының бөлек екенін айтады. Абай адамның санасынан тыс - объективтік дүние барлығын, демек дүниенің көрінбей тұрған сырын адамның бес сезімі арқылы қабылдауға болатынын, алайда, ол үшін көкіректе сәуле, көңілде сенім болуы керек. Санасыз, сезімсіз құр көзбен көргендіктің хайуан малдан айырмашылығы жоқ дейді.
«Он тоғызыншы сөзінде» Абай қоршаған ортаны танып, білуді – адамның парасатты парызы санай отырып, оның адамның тәрбиеленуі мен қалыптасуындағы рөліне ерекше назар аударады. Ол: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп, әлеуметтанулық тілмен айтқанда, адамның әлеуметтену үдерісін аңғартады. Абай бұл ойын «Қырық үшінші сөзінде» ары қарай дамыта түсіп, адам сыртқы дүниені танығанда «Көзбенен көріп, кұлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады» деп келеді де, ол хабарлардың «ұнамдысы ұнамды қалпымен, ұнамсызы ұнамсыз қалыппен әрнешік өз суретімен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен (көз, құлақ, қол, тіл, мұрын – Ә.Б.) өткен соң, оларды жалғастырып, көңілде суреттемек» деп жазды.
2. Өз заманының асқар білімпазы, Мұхтар Әуезов айтқандай, ұлттық рухани бұлақтан таным‑сусынын қандырған, Шығыс пен Батыстың озық мәдениетінен барынша нәр алған Абайды феодалдық‑патриархалдық қазақ қоғамының басты проблемасы ‑ адам тағдыры қатты ойлаңдырған. Адам баласының өмірі, оның іс‑әрекеті, мінез‑құлқы, мұраты және тағы басқалар ақынның көптеген шығармаларының алтын арқауындай деуге болады. Сондықтан ұлы ақын өзінің азаматтық кредосын «Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ, Наданның көзін қойып көңілін ашпақ...» деп, адам баласын қор қылатын надандықпен аяусыз күресті, адамды жаңаша тәрбиелеуге ұмтылды. Сөйтіп алға нақты мақсат қояды, адамның жан азығы — білуге құмарлығы, бұл болмаса оның малдан айырмашылығы жоқ деп адамды білімге уағыздады. Білмекке құмарлықты қанағаттандыру — дүниенің көзге көрінген және көрінбеген қасиеттерін танып білу, іздену, сұрап білу, ғылымға ұмтылу, дүние сырын білу, бұлар көкірекке сәуле, көңілге сенім береді деп өмірдің мән‑мағынасын айқындады.
Абай адам болмысының өте күрделі үдеріс екенін өз замандастарының қайсысынан болса да жақсы білген. Тек білім мен ғылымның арқасында ғана адам күнделікті қарым‑қатынас үдерісінде байқалатын адамгершілік пен имандылық қасиеттерді тереңірек танып, оны өз бойларына жұғысты етуге мүмкіндік алады. Сондықтан адамның өзі ақыл‑ойын, дарын‑қабілетін, таным‑түсінігін, рухани өресін үнемі, тоқтаусыз жетілдіре түсуі, оған бойындағы бар күш‑жігерін мақсатты түрде жұмсап отыруы қажет.
Қазақ қоғамының қайшылықты көріністерін жақсы білген ақын "Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ" сияқты адам баласының бес дұшпанын атап көрсету арқылы халықты түзетуге тырысты, жаман қасиеттерден сақтандырды. Бұған "Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым — ойлап қой" деп адамзатты биік мәртебелерге жеткізетін «асыл істерді» қарсы қойды. Жаманнан жиренуді, жақсыдан үйренуді насихаттады.
Абай адамдардың ішкі жан дүниесін, оның қатпар‑қатпар астарын, қысқа ақыл, жай көзге таныта бермейтін жұмбақ сырларын шебер сөзбен өрнектеп береді. Мысал үшін «Сегіз аяқты» («Алыстан сермеп») атты өлеңін алайық:
Тасыса өсек,
Ысқыртса кесек,
Құмардан әбден шыққаны.
Күпілдек мақтан.
Табытын қаққан,
Андығаны, баққаны.
Ынсап, ұят, терең ой,
Ойлаған жан жоқ, жауып қой, - деп «жарым адамның» әлеуметтік келбетін барынша шеберлікпен береді.
Абайдың "Болыс болдым мінеки", "Болды да партия", "Бөтен елде бар болса", "Мәз болады болысың" деген өлендерінен қоғамның әлеуметтік ауыр жағдайлары субъективтік факторлардың зардабынан болып отырғанын байқаймыз. Ол ел тізгінін ұстаушылардың шен құмарлыққа ұмтылып, соның жолында малын да, арын да сатып, мәз болуын қатты сынайды:
Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал,
Қалмады елге тығындап.
Сөйтсе-дағы елімді,
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса
Бас изеймін шыбындап.
Бұл сол кездегі сөзбен кестеленген болыстың бет бейнесі, жан дүниесі, іс-әрекеті, яғни бар болмысы. Бұдан артық айту қиын.
Абай ұлтының билігі мен тіршілігінің көзі де жаттың қолында болып, олардың қолпаштауынсыз малды малдап, жанды жандай алмайтын, ел-жұрты тәуелді күйге түскен халін "Қалың елім, қазағым, қайран жүртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың" - деп барынша қынжыла айыптайды. Халқының дәрменсіздігін, ел тізгінін ұстаушылардың шенқұмарлыққа ұмтылып, соның жолында малын да, арын да сатып, өзара қырқысқанын көріп налиды.
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға,‑ деп өз қандастарының қылығына налиды.
Өз ұлтын бұрын‑сонды Абайша сүйе білген де, қиыншылығына күйіне білген де ешкім болмағанына дау жоқ. Ірінің қуанышы да, реніші де ұсақ болмайды. Сондай‑ақ ұлы адам ұлттық деңгейде де қала алмайды. Олай болса, ол ұлы да бола алмас еді. Сондықтан Абайдың күллі адам баласын қор қылатын үш нәрседен сақтандыруын түсіну қиын емес. Ол «Отыз сегізінші сөзінде»: «Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық» деп нақты атап қоюмен шектелмейді. Бұлардың себеп-салдарларын ашып береді: «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді де, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» дей отырып, білімсіздік пен залымдықтың адамды әлеуметтік топтан айырып, хайуандар, тіпті жыртқыштар әлеміне қосатынын айтады. Бұдан қатал айту мүмкін емес. Және ғұлама ойшылдың пікірінше, бұлардың емі білім, ғылым болмақ.
Абай халықты адамгершілік қасиет – бірлікті арттыруға жұмылдырды. Оның ойынша, елдің жақсы, жаман болуы оның ынтымақ‑берекесіне байланысты. Ол ел берекелі болса — жақсы жайлау, ол бір — көл дейді. Сондай‑ақ Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос»,- деп, ұлттық бірлікке, ішкі татуластыққа, ынтымақтастыққа үндеді. Бұл – бір. Екіншіден, Абай қазақ қоғамының қараңғылығынан шығар жолды ғылымнан іздеді. Оның "Ғылым таппай мақтанба" деуі әсте жайдан‑жай емес. Данышпан Абай өзінің «Он сегізінші сөзінде»: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» дегенде де ғылымды бүкіл адам баласының басты қасиеттерінің бірі ретінде атаған болатын.
3. Абай халықты ауыр тұрмыстан құтқарып және караңғылықтан алып шығып, жарық жолға салар ағартушылық жолды қалады, соған халқын шақырды. Абайдың бұл жолы орта ғасырлық схоластикаға мүлде қарама-қарсы дүние тану, адамдардың өмірін жақсы құрып, бақытты тұрмысқа жеткізу жолы еді. Ондай жолды Абай орыс халқының озық мәдениеті, білімі мен ғылымынан іздеді. Сондықтан «Жиырма бесінші сөзінде» «Орысша оқу керек, хикмет (керемет – Ә.Б.) те, мал да, өнер де, ғылым да - орыста тұр. ... Орыстың ғылымы, өнері — дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» деді.
Жалпы, Абай әлеуметтік мәселелерге моральдық тұрғыдан қарады. Ол байлар мен кедейлердің арасыңдағы айырмашылықтарды, олардың жағдайын, қоғамдағы алар орындарын салыстырып, сауатсыздардың «көзін қойып, көңілін ашып» түсіндірмек болған. Ол ескіліктің кетіп, жаңаның келетініне сенді. Ескілікті тез жолдан алып тастап, жаңалыққа тез жол ашу үшін бар күшімен қаратүнек ескілікке, жауыздыққа қарғыс айта қарсы тұрды. Бұл бағытта «Базарға қарап тұрсам, әркім барар», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Өлең сөздің патшасы - сөз сарасы», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Білімдіден шыққан сөз», «Сәулең болса кеудеңде» және т.б. өлендерінің орны бөлек.
Абайдың қоғамдағы теңсіздердің теңелуі үшін, отаршылық қысымнан құтылу үшін халыққа кең мағынадағы демократиялық жолды ұсынды. Сондықтан оның өнер-білімді үгіттеуі тек оқу, хат танумен шектелмеген, кең көлемді, адамшылық қасиетті көксеген, нақты өмір мен тұрмысқа пайдалы демократиялық бағыт еді. Ол «Отыз екінші сөзінде» «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек» дей отырып, талаптың біраз шарттарының барлығын айтады. Әуелі – білім-ғылым табылса, оны мынадай іске жаратар едім деу керек; екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек қажет; үшінші - әрбір ақиқатқа ыждағаттылықпен көзің жетсе, содан айрылмау керек; төртінші – білім-ғылымды көбейтуге ойласу, сақтау қажет; бесінші – ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Соның ішінде уайымсыз салғырттықтан сақтану керек. Алтыншы - ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын. Міне, білім-ғылым іздегендерге ркхани ұстаздың мәңгілік өлмес өсиеті.
4. Алғашқы қазақ ағартушыларының ежелден халқына серік болып келе жатқан дінге соқпай кеткені жоқ. Халықты ағарту, рухани жаңаруға үгіттей отырып, оның рухани дүниесінің өзегін, салт-дәстүрлерінің негізін құрайтын дін туралы айтпай кету мүмкін де емес еді.
Гуманист, ойшыл ретінде адам проблемасы Абайдың дүниетанымының өзегі болды. Оның қалыптасуында өз халқының рухани әлемі мен Шығыс мәдениетінің орны да ерекше болған. Физули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Хожа Хафиз сияқты гуманистердің көптеген шығармалары казақ даласында орта ғасырларда мәлім болғаны белгілі. Медересе де оқып жүрген кездерінде Абайдың олардан медет сұрап, шығармаларын бала жасынан жаттап өсуі жайдан-жай емес еді. Солардың туындылары арқылы Үнді, Қытай, Грек, Мысыр және т.б. елдерде қалыптаскан философиялық ұғымдар мен жүйелерден хабардар болды. Абай шығармалары оның Ежелгі грек философтары Сократ, Платон, Аристотель сияқты хакімдердің ойларымен таныс екендігін анық аңғартады. Ол араб әлеміндегі ислам дініндегі философиялық қағидаларды жақсы білген. Соның арқасында ол қазақтың имандылық және адамгершілік турасындағы түсінігін байытты.
Абай өзінен бұрынғы қазақ ойшылдарынан ілгері кетті. Оның өлеңдерінде, қара сөздерінде "Алла" деген сөз жиі қолданылады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп аталатын өлеңінде:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті, - деп Абай осы үш сүюді иманның асылы, имандылық деп таниды. Осы дінің де, құдайға құлшылығың да дейді. Және екі дүниеде бұл шындық екенін және ол шындық – алланың досы екенін айтады. Ал енді осыларды бұзатын да үш нәрсе барын ашық айтып, олар – пайда, мақтан, әуесқой деп, олардан шошы, іргенді аулақ сал деген кеңес береді. Бұл – шайтанның ісі, алайда біз осылардан тыйылдық па сұрау салады. Иманды танымаған құлшылық қабыл болмайды деп ескертеді. Имандылықтың пендеге жол ашатынына сенеді. «Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ», сондықтан құдайдың бірлігіне анық сенетін болсаң, сен де үйреніп, ұқсап бақ деп ақын өз ойын тұжырымдайды.
Абай "Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас"— деуі Алланы шындық ретінде мойындаушылық екені белгілі. Бірақ оның танымы бөлек. Замана, адамзат, мінез - бәрі өзгереді, бірақ Алла өзгермейді. Абай бұл шындықты ақылмен ұғып білу мүмкін емес деген қорытындыға келеді. Бұл ойын «Отыз сегізінші сөзінде» былайша дәлелдеген: "Біз Алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хаким (данышпан, дана адам- Ә.Б.) ақыл ерістіре алмады. Алла тағала — өлшеусіз, біздің ақылымыз - өлшеулі. Өлшеулі бірлән елшеусізді білуге болмайды. Біз Алла тағала "бір" дейміз, "бар" демеклік те — ғақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те алла тағалағалайықты келмейді». Бүл жерде суфистер философиясы арқылы қазақ даласына жеткен Платонның құдайды ақылмен тануға болмайды деген ой-жүйесінің ықпалы айқын сезіледі. Абайды зерттеушілердің айтқанындай, оның шығармаларында Алла негізінен үш мәнде қолданылған. 1. Онтологиялық мазмұнда, яғни Алла — дүниенің хақтығын, ақиқаттығын, барлығын бейнелейтін, оның адамның еркінен, санасынан тыс объективтік шындық екенін мойындау. 2. Космогониялық мағынада, яғни Алла әлемді жаратушы қүдірет. Махаббатпен жаратқан адамзатты да, жаннан тәтті Алланы да сүй, өйткені ол жаратушы. Ал жаратушыға тек махаббат арналуы кажет дей отырып, Абайдың "Жүректің ақыл куаты, махаббат қылса тәңірі үшін", — деуі сондыктан. Абайдың бір ерекшелігі Алланы сүюге шақыру жолында ол гуманистік бағыт ұстанған. 3. Гносеологиялық тұрғыда, яғни ислам дінінде Алланы тану оның расулы (елшісі) Мұхаммед пайғамбар арқылы жүзеге аспақ. Ол жүйе: Алла — Мұхаммед — Адам болмақ. Сол себепті Абайдың "Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа?" дегені түсінікті.
Дін туралы пікірлерінде Абай да сол кездегі шала сауатты имам, молдаларға соқпай кете алмаған. Ол өзінің жоғарыдағы сөзінде: «Бұл заманның моллалары хаким атына дұшпан болады. Бұларды білімсіздік, бәлки бұзық фиғыл, әлинсан ғәдду ләма жәһилге (адамның көңілі жаманшылыққа ауып тұрады деген - Ә.Б.) хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғараб-парсыдан тіл үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады» деп жазды. Абай Аллаға құлшылық ету арқылы адамның еңсесін езе беруге мүлдем қарсы.
Абай талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, иманға да қиянатшылар жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман дей отырып, дін туралы ойын былайша түйіндейді: «Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шексіз -Ә.Б.) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес». Қысқаша ғұлама ойшылдың дін хақындағы ой-пікірі осындай.
5. Еңбектің адамды тәрбиелейтінін, адамды-адам еткен еңбек екенін жақсы білген Абай көптеген шығармаларында адамды қажетті қасиет ретінде еңбекті сүюшілікке шақырды. Ол қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретінінің бір себебін оның жұмысының жоқтығынан көрді. Егер ол егін салса, саудамен айналысса, мұндай жаманшылықпен айналысуға оның қолы тиер ме еді ойланады. Ол қоғамда болатын өзгерістерді тек адам еңбегімен байланыста қарады. «Төртінші сөзінде» «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп адал еңбекке үндеді. Жанын қарманып, адал еңбекпен мал табуды арлы адамның ісі санады. «Жиырма тоғызыншы сөзінде» малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек деді. «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» және «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек кыл» деп еңбек еткен адамды айрықша бағалай келіп, ол еңбектің биік мәртебесін, оның адамгершілік қасиеттің көрінісі екенін атап көрсетеді.
Абай қоғам өміріндегі игілік пен дәулет біткеннің бәрін жасаған адам еңбегі, ал барлық жаманшылық, тіпті халықтың артта қалушылығы еңбексіздіктен деп санады. Оның пайымдауынша, ел еңбекпен көркейеді, елдің шырқын бұзатындар еңбек етпейтін арамтамақтар, еңбексіз жатып ішу адам баласын аздырады. «Тамағы жоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын", "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" дейді. Сонымен қазақ халқының ұлы ойшылы Абай білуді, тіпті ілгері басу, жоғары өрлеу, жетілу сықылды әлеуметтік қасиеттерді тек еңбек арқылы болатын іс деп таныды. "Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған ", - деп Абай еңбек туралы ойын түйіндеп, адал еңбегін сауған қолөнер иесін ‑ қазақтың әулиесі деп жоғары бағалады.
Ғұлама-ойшыл ақын Абай Құнанбаев қазақ даласындағы барлық жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы болды. Ол адамды "ақыл, білім, ар, мінез" арқылы жоғары дәрежеге көтеріп, асқақтататындай қоғамның прогрестік дамуын аңсады. Сондықтан ол барлық адамдарды өзіңді өмірде қалай ұстадың, игілікке, ақылға сыйымды іс істедім бе деп күніне немесе аптасына, тым болмаса, айына бір рет өз-өзіне есеп беруге шақырды.
Бақылау сұрақтары
1. Абайдың қоғамды тарихи құбылыс деп тануы.
2. Абайдың: «Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ, Наданның көзін қойып көңілін ашпақ...» дегенінің мәні.
3. Абайдың «Он сегізінші» сөзіндегі: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деуінің себебі.
4. Абайша күллі адам баласын қор қылады деген үш нәрсе.
6. Абайша бес нәрседен қашық болу, бес нәрсеге асық болу.
7. Абай діннің әлеуметтік қызметі туралы.
Ә. БӨКЕЙХАН МЕН А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТАНУЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ
1. Ә. Бөкейхан отарлық саясаттың әлеуметтік зардаптары туралы.
2. Ә. Бөкейхан қазақ халқының даму жолы - білім мен мәдениет жайында.
3. А. Байтұрсынұлы адам тәрбиесіндегі білім‑ғылымның рөлі туралы.
4. А. Байтұрсынұлы мектептің жастар тәрбиесіндегі маңызы жайында.
1. ХХ ғасырдың басында халқымыздың ұлттық санасының оянуына айрықша әсер еткен аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейхан болды. Ол қазақтың тарихы, ұлттық ерекшеліктері мен тұрмыс салтын, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен өнерін зерттеп, мол мұра қалдырған.
Әлихан Бөкейхан өз еңбектерінде Дала өлкесінің сан ғасырлық тарихы, оның Ресейге қарағаннан кейінгі саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани жағдайлары егжей-тегжейлі зерттеліп, экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени жағдайлары талданып, отарлау саясатының тууы, дамуы және оның әлеуметтік зардаптары, соңғы кезде күшейе түскен бұл саясатқа қарсы жергілікті халықтың көзқарасы, оның мақсат-мүддесін көтерген.
Патшалық Ресейдің түпкі мақсаты ашық айтылады. Ол қазақ даласына біртіндеп кіріп, билік жүргізу реформасын сатылап жүргізе отырып, бұған халықтың санасын үйретіп, ел ішінде рушылдыққа дем беру арқылы қазақ мемлекеттілігін біржолата жою, басқару жүйесін, әділ сот ісін орыстандыруға ұмтылу болды. Және орыстандыру саясатына тән нәрсе - әдепсіздік, озбырлық, жергілікті халықтың құндылықтарын құрайтынның баршасын дөрекілікпен кемсіту болды. Орыс басқарушылары жергілікті халықтың тілін білмеді, білгісі де келмеді. Олар тек шала сауатты тілмаштар арқылы ғана жұмыс істеді. Далалық облыстарда, тіпті болыс кеңсесінде барлық хат алмасу, іс қағаздары орыс тілінде жүргізілді.
Бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқай өзіне Әлихан Бөкейхановтың әсерінің ерекше болғанын айта келіп: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді», - деген ұстазы сөзін 1939 жылдары жайдан-жай еске алиаған еді.
Шынында да Әлихан Бөкейханның патшалық Ресейдің отарлық саясатына байланысты үлкен әлеуметтік мәселеге айналған жер мәселесін ерекше ынтамен қарастырған еді. Ол 1896-1901 жылдары Ақмола, Семей және Торғай облыстарына қарасты 12 уезін қамтыған Ф.А. Щербина бастаған экспедициясы жұмысына қатысып, көшпелі шаруашылықтың жер пайдалану әдіс-тәсілдерінің заңдылықтарына көз жеткізіп, аймақты этникалық жағынан, жағрапиялық ерекшеліктері мен тарихи даму тұрғысынан зерттеген болатын.
Экспедиция қорытындылары белгілі бір ұстанымның қалыптасуына ықпал етті. Ә. Бөкейхан алдымен жер үлесін жергілікті халыққа беруді жақтады. Сонан соң ол жерді сатуға тыйым салуға, меншік есебінде үлестіріп беруге қарсы шықты, өйткені егіншілік мәдениетін толық меңгермеген қазақ шаруасы көрші қоныстанушыларға үлесін сатып, жерсіз қалуы мүмкін еді. Сол себепті жердің қауымға кесілуін, соның ішінде үлес белгілегенде жердің топырағын, жергілікті табиғатты ескеріп, әділдікпен пайдалану қажеттігін атап көрсетті.
Әлихан Бөкейхан отаршыл аппараттың жер мәселесіндегі зорлығын, жасап жатқан айла-шарғысын жан-жақты сынап, әшкереледі. Ол «Қазақ» газеті бетінде оқырмандарға патшалық Ресейдің жер туралы заңдарының отарлық сипатын, реакцияшыл мазмұнын, әлеуметтік салдарын барынша нақты деректермен ашып берді. Патша шенеуніктерінің жергілікті халықты өз жерінен ығыстыруы заңсыздық, ал қоныс аудару мекемелері айтты деп, халықтың ығыса беруі жігерсіздік екендігін айтты.
Әлихан Бөкейхан қазақ жерін бөлудің мөлшері туралы жазған «Жауап хат» мақаласында: «Үкімет біздің қазақ халқының пайдасын ойласа, сен, қазақ, бір күнде мал шаруасын тастап, егінші бол демейді. Шаруа қиындықпен, зор шабындықпен өзгертіледі. Орыс мұжығының біздің қазақтың даласына қашып жатқаны мың жылдан бері ұстап келе жатқан жерді үшке бөліп егін салатын, мұнысы «трехполье» атанады, шаруаны өзгерте алмағанының азабы. Мемлекет қазақты өзінің баласының бірі қылса, қазақты осы тұрған шаруасын бұзбай орналастырар еді. Сонда қазақ неше жылда эволюция жолымен бірте-бірте отырықшы болар еді»,- деп жазған болатын.
Отарланудың нәтижесінде қазақтардың мәдени-саяси жағдайында кері өзгерістер пайда болды. Бұрын қазақтар арасында туысқандық байланыс күшті болатын, олардың барлығына ортақ ұран – аңызға айналған тұлға Алаш еді. Саяси басқарудағы ресейлік жүйе қазақ мемлекетінің тұтастығын бұзды. Жергілікті халық тілінен, дінінен, ділінен айрыла бастады. Әкімшілік қазақтың бастауыш мектептеріндегі мұғалімдерден орыс тілін білуді талап етті. Мектеп ашу мен медресе салу үшін айрықша рұқсат қажет еді, сол себепті қазақ өз жерінде, өз елінде отырып, мектеп пен мешітті жасырын салып, жасырын ұстады. Бұл қазақ балаларының еркін білім алуына қиындық келтірді.
2. Әлихан Бөкейхан күшті патшалық Ресей империясына ашықтан-ашық қарсы шығудың әзір ерте екенін түсініп, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін сақтай және сана-сезімін оята отырып, қазақ қоғамын Ресей мен Еуропаның озық мәдениетіне жеткізу, ортағасырлық әлеуметтік-экономикалық мешеуліктен алып шығатын батыстың буржуазиялық қатынас жолын таңдады. 1905 жылдың қарашасында Мәскеуде өткен жергілікті және қала қайраткерлерінің съезінде қазақ халқына таяудағы басты қажеттілік – ана тіліне, діни, сайлауға бостандық туралы мәселелерді көтеруі жайдан‑жай емес еді.
Ә. Бөкейхан «Рухани мәдениет қарауылынан» деген мақаласында «Рухани мәдениеттің бір белгісі – жұрт баласына жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу» деп жазды. Ол шын білімнің тәжірибеден туатынын, білім жолының негізі тәжірибе болатындығын жақсы білген. «Ақыл, зерек тексеріп, тергеп, терең бойлап тоқып, кестелеп көзбен көргеннен, қолмен ұстағаннан қорытынды шығарады. Бұл неше сыннан өтіп, таспадай сыдырылып, таяқтай жанылып, білім негізі болып шығады» - дейді ол. Ал «Білім күші» атты мақала да білім құдіретіне, оның адам өміріндегі мәніне ерекше көңіл бөлді. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дейтін қазақ мақалын айта отырып, білімнің бәрінен жүйріктігін атап көрсетеді.
Ол кезде Европа газет шығару мәселесінде көш ілгері кетіп, онда газетке ерекше мән беріліп, газет – ғұмыр айнасы, ұлы патшалықтың бірі деп саналатын. Осыларды жаза отырып, Ә. Бөкейхан «Ашық хат» атты мақаласында қазақ қоғамындағы газеттің орны, оны шығарудың қиындықтары мен проблемаларын арнайы сөз етеді. Ол қазақта газет шығарудың шарты – оқушының барлығын атап көрсетеді. Маңызды, ғұмыр тілегіне тұратын, кестелі сөзді мақалалар газет деңгейін көтеріп қана қоймай, оның қазынасын да молайтатыны, газеттің оқушысы көп болса, оның қазынасы да бай болатыны, газеттің жаны – мақала екендігін баса айтады. «Газетаны күйлеп, жаратып бәйгеге қосуға өз алдына шебер, білгіш, жүйрік керек... Газетаға басшы болу кім болса, соның қолынан келмейді. Газета ісі үй ағаш болса, басқарма мұның тезі болады... Тілші, хабаршы – газетаның отыны» - дейді автор.
Ірі ғалым, көреген саясаткер өз халқының бостандығы мен азаттығы, болашағы мен бақыты жолында жан сала күрескен, сол жолда құрбан да болған Әлихан Бөкейханның сан салалы саяси қызметі мен рухани асыл мұралары қазақ өз елінің иесі болып тұрғанда мәңгі жасай бермек.
ІІ. ХХ ғасырдың басында үркердей топтанып шыққан қазақтың зиялы қауымының аса көрнекті өкілі, Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтқанда, «оқыған азаматтардың тұңғыш көсемі» ретінде танылған Ахмет Байтұрсынұлы өзі өмір сүрген қоғамның көкейкесті әлеуметтік мәселелерін қозғаған, адамды рухани қалыптастырудағы оқу-білімнің құдіретін терең түсінген ойшыл болатын.
Ұлы ағартушы ел ішіндегі надандық пен жалқаулықты қазақты артқа тартып отырған аса қиын мәселелер деп санады. Ол өнер мен ғылымның қадіріне жеткен өзге елдерді өнеге ете отырып, өнер-білімнің теңдікке жеткізетінін, әлсіздерге күш беретінін, тұрмысты түзететінін, оған қол жеткізгендердің басқалардың аяқ астында жаншылмайтынын, олармен терезесі тең болатынын айтты. Ол: «Надандықтың кесепаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айрылмай келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз — бәрі надандық кесапаты. ... Дүниеде ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым менен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз» деп налыды. Алайда, қазақ халқын қараңғы дегенде, әңгіме тек халықта емес, содан құтқаратын мүмкіндіктердің жоқ болып отырғандығында еді. Сол кездегі оқу іздеген талапкерлердің қырықтан біреуі ғана оқырлық орын тауып, басқалары далада қаңғырып жүргені шындықтан туған жай болатын.
Батыс мәдениетінен алшақ, білім-ғылымнан кенже қалған, күнделікті малын бағып, егінін еккеннен басқа тірлігі шамалы, бейқам, жым-жырт жатқан қазақ халқын, «баяғы қалпы мен салты, ұйқыдан басқаны ойлай қоймайтын жұртты, қымызға қанып, қызарып жанып жүрген бай мен шалап ішіп мас болған кедейді» оятуды А. Байтұрсынұлы басты мақсат етті. Ол «малы қамауда, жаны талауда, ұйқысы әлі қанбаған» халқына көзіңді аш, оян, ұйықтайтын не сиқың бар дей отырып, алға басып, жұрт қатарына кіру, басқадан кем болмаудың басты амалы білім мен ғылым деп білді.
Ахмет Байтұрсынұлы Еуропада ғылым, өнер толық, қазақта олардың жұрнағы да жоқ деп, Еуропаны үлгі тұтты. Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді деп санады. «Қазақша оқу жайынан», «Оқу жайы», «Білім жарысы», «Білім жарысы қақында», «Оқыту жайынан», «Жазу тәртібі», «Бастауыш мектеп», «Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек» және т. б. мақалаларында оқыту, оны ұйымдастыру мәселелерін қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық және техникалық даму мәселелерімен тығыз байланыста қарады.
Халыққа білім беру мәселесімен қатар А. Байтұрсынұлы қазақ қоғамындағы ғылымның дамуына ерекше көңіл бөлді. Адамзат қоғамында жан таңырқарлық нәрсенің бәрі ғылыммен табылғанын айта отырып, ол 1913 жылы жазылған «Орысша оқушылар» атты еңбегінде ғылымның құдіретін насихаттайды. Ол адам баласын көкте құстай ұшқызған да, суда балықтай жүздірген де, дүниенің бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызған да, отарба, от кемелерді жүргізген де ғылым екенін айта отырып, басқа елдердің де қазақ еліндей болғанын, олардың бүгінгі күндерге тек ғылым арқылы жетіп отырғанын айтады. Одан әрі қазақ баласы тәуірірек оқырлық мектептерде қазыналық орындар аз, өз күшімен оқытуға әркімнің шамасы келе бермейтінін, ал патшалық Ресей қазаққа мектеп салып бермек түгіл, қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейтінін, мектептерді тәртіпке келтіру, қазақша оқуды халыққа тарату - өз міндетіміз екенін атап көрсетеді. «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. ...Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» - деп жазды ұлы ағартушы.
