- •4. Қазіргі әлеуметтану ғылымы дамуының негізгі бағыттары.
- •Шоқан Уәлихановтың әлеуметтік көзқарастары
- •Ы.Алтынсариннің әлеуметтік ойлары
- •2. 1912 Жылы «Айқапта» басылған «Жазу тәртібі» атты мақаласында а. Байтұрсынұлы халықты сауаттандыру үшін сол кездегі оқуды реттеу, тәртіпке келтіру жөніндегі ойларын ортаға салады.
- •1. Антикалық және Ортағасыр дәуіріндегі әлеуметтік ойлар.
- •Әлеуметтану ғылымының классикалық кезеңі.
Шоқан Уәлихановтың әлеуметтік көзқарастары
1. Қазақ қоғамының әлеуметтік проблемалары туралы.
2. Халықтық реформа – қоғамдық дамудың негізі.
3. Халық шығармашылығы халықтың әлеуметтік айнасы ретінде.
4. Дін туралы ой‑пікірлер.
1. Қазақ халқының тұңғыш ағартушысы, ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов ‑ қоғам дамуының прогресті жолын қолдаушы, демократиялық бағытты ұстанушы ғана емес, өз халқының артта қалғандығы туралы күрделі әлеуметтік ой‑толғаныстардың иесі. Ол Ресеймен экономикалық және мәдени байланысты нығайта түсу қазақ халқының дамуы үшін қажет деп санады, сондықтан ұлттық шектелушілік пен тұйықтықтың халық мүддесіне жұмыс істемейтінін жақсы түсінді. Сол себепті қазақ халқының алдыңғы қатарлы дамыған елдермен жан‑жақты байланыста болғанын қалады. Соның ішінде сан жылдар көрші ел – Ресейдің Қазақстан үшін ерекше маңызы барын ескерді. Алайда ол өз халқының ұлттық дербестігін сақтауын еш ойдан шығарған емес. Әйтпесе ол «Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол халық дамудың қандай дәрежесінде тұрса да, өздігімен дамуы, өзін өзі қорғауы, өзін өзі билеуі қажет» деп жазбас еді.
Шоқан Уәлиханов шығармаларының ішінде оның «Сот реформасы жайында жазба» атты еңбегі ерекше қызығушылық туғызады. Бұл, біріншіден, сол кездегі қазақтың саяси‑құқықтық, әлеуметтік‑экономикалық ойының теориялық және практикалық жағынан асқар шыңы. Екіншіден, бұл ‑ қазақтың ұлттық мұң‑мүддесін ойлаудың шынайы көрінісі. Үшіншіден, автордың жасынан орысша оқып, орыс ортасында өсіп, орысша тәрбиеленіп, еуропа мәдениетін ұстанғанымен өзінің қазақ халқының адал перзенті екенін жарқын дәлелдеген шығарма.
Еңбекте патша үкіметінің христиан дініндегі әрі отырықшы орыс тұрғындарына дайындалған сот реформасы жобасының көшпенді, тегі, діні бөлек халыққа түгелдей қолданылса, оның пайдасынан гөрі зияны мол болатынын атап көрсетіледі. Сондай-ақ қабылдағалы отырған реформа халықтың материалдық мұқтажына шақталуы, әрі сол қоғамның ұлттық мінез‑құлқына сай келуі қажеттігі қатаң ескертіледі.
Шоқанның пайымдауынша, адамның тұрмыс қажетін өтейтін реформа ғана пайдалы да, ал бұл мақсатқа қандай да болса кедергі келтіретіні зиянды болып табылады. Сондай‑ақ қандай бір болмасын реформаға қоғамдық қажеттілік болғанда ғана оның жүзеге асатынын атап көрсетіледі. Қоғамдық қажеттілік деген ұғымға әлеуметтік факторлар - адамдардың ақыл‑қабілеті, өнегелілігі, саяси сана сезімінің жоғарылығы сиғызылды.
Ш. Уәлиханов реформаны іске асыру барысында қоғамдық‑тарихи үдерістердің, халықтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын, ерекшеліктерін ескеруді қажет деп санайды. Ол қазақтың еуропалық реформаны қабылдайтын қабілетін арттыру үшін қарапайым халыққа алдын ала білім беру арқылы ой қабілеттілігі мен жүйке жүйесін жетілдіру керектігін жақсы түсінді.
2. Қоғамдық‑саяси жаңарудың қозғаушы тетігі, оның материалдық қажеттерін қамтамасыз ету экономикалық және әлеуметтік факторларға байланысты екені белгілі. Шоқан Уәлиханов қоғамда халық реформасындай соншалықты маңызды мәселе жоқ екенін айта келіп былай деді: «Біздің қазіргі уақытымызда халыққа етене жақыны әрі ең маңыздысы болып, оның ең толғақты қажеттіліктеріне тікелей қатысты реформа экономикалық және әлеуметтік реформалар есептеледі, ал саяси реформалар экономикалық реформаларды жүргізу құралы ретінде орын алады, өйткені әрбір адам жекеше түрде және бүкіл адамзат ұжым болып өз дамуында бір ғана соңғы мақсатқа ‑ өзінің материалдық тұрмысын жақсартуға талпынады, осы тұрғыдан прогресс (ілгерілеушілік) аталатын нәрсе анықталады». Бұл жерде ерекше бөліп айтар мәселе ‑ Шоқан «прогресс» деген ұғымның мазмұнын адамдардың материалдық әл‑ауқатын жақсартуға қатысты қарап, оны халықтың бостандығы және ағарту ісімен байланыстырады.
Ұлы демократ Шоқан Уәлиханов өз кезіндегі патрирхалдық-феодалдық қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымына көз жібере алды. Ол ерекше мәртебе, құқықтарға ие сұлтандар, билер, байлар мен қожалар және «қыр пролетарлары» ‑ кедейлерден тұратынын көре білді. Өзінің 1862 жылғы 6 желтоқсанда А.Н.Майковқа жазған хатында: «Жергілікті сұлтандармен және қарадан шыққан байлармен де келісе алмай жүрмін, өйткені олар өздерінің бұрынғы құлдарын жаман ұстайды, бұл құлдар азат етілгенмен де қайда барарын білмей, сол бұрынғы қожаларының қолында жүр. Мен оларға еңбекақы төлеңдер және адам сияқты қылып ұстаңдар деп сұлтандар мен байларға талай рет айттым, өйтпесеңдер болмайды деп заңмен де қорқыттым. Олармен ат құйрығын кесістім, бірақ оның есесіне, мен қырғыз даласындағы пролетариатпен жақсы доспын және олармен оп‑оңай үйлесе кетем» деп жазуы тегіннен‑тегін емес еді.
Ш.Уәлихановтың өз халқының қадір‑қасиеті мен кемшіліктерін терең білуі халқының келешегіне шексіз сеніммен астасып жатты. Ол халқымыздың, орыс қоғамы ойлағандай, соншалықты жабайы және тұрпайы еместігін, ақындық қасиеттен де құр емес, оның бай, тамаша әдебиеті бар екенін атап көрсетеді. Халқының сауатсыздығын күйіне қабылдаған ол оның қабілетті, өркениетті қабылдай алатын ел екенін де дәлелдеді. Оның адамдар адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін қоғамда еркін болуы шарт деген ойы бүгін де аса маңызды. Ал еркіндікті дұрыс пайдалана білу үшін халықтың сауаты жоғары болуы тиіс деп тұжырымдады.
Ресей империясының құрамына еніп отырған барлық бұратана тайпалардың ішінде Шоқан өз халқының санының көптігінен, байлығы жөнінен бірінші орын алатынын және оны «ең бейбітшілікті сүйгіш халықтардың бірі» дей отырып, алдағы өркендеу бір тұтас территорияны алып жатқан қазақтардың үлесіне тиесілі деген оптимистік пікір танытады. Оның сондай-ақ әлеуметтанулық көзқарасының ең бір бағалысы — тарихты алып барушы күш — халық екенін дұрыс тануы болды. Ол «оннан гөрі жүз дұрысырақ та, пайдалырақ та» деп жазды.
Ш. Уәлиханов - халықтың болашағы үшін күрескен, оның жаңаруын оқу-білім беру, ағарту ісінен іздеді. Негізгі мақсат — халыққа қызмет ету, оны патша шенеуніктері мен жергілікті байлардың зорлық-зомбылығынан қорғау, қолынан келгенше оның рухани және мәдени өркендеуіне ықпал жасау деп білді. Ол қазақ жеріне өктемдік пен заңсыздық әкелген патшалық отаршыл үкіметті батыл сынады, билеп-төстеушілердің орынсыз баюына жол ашатын нәрсе - олардың қолындағы шексіз билік деп ұқты. Ол шексіз билікті халықтың еркімен шектеуді дұрыс деп санады.
3. Шоқан Уәлихановтың әдебиет саласында қалдырған мұралары, әсіресе оны қоғамдық, әлеуметтік өмірімен тығыз байланыста қарағандығы, поэзияның халықтың рухани серігі болып келе жатқандығы туралы ойлары аса маңызды. Бұл бағытта оның қазақ поэзиясының халықтық сипаттары жайлы пікірі де қызғылықты. Ол: «бұл халықтың ертеден өзіне тән тұрмысында есте қалдырмаған бірде‑бір маңызды оқиғасы, бірде‑бір тамаша адамы жоқ деуге болады. Олардың бірін суырып салма ақындар не жыршылар жыр етсе, екінші біреулерінің атын кейінгі ұрпақ естерінде ұмытылмастай етіп белгілі бір сыбызғышы не қобызшы музыканттар тастап кеткен», ‑ деп жазды. Ал «Оңтүстік Сібір руларының тарихы туралы ескертпелер» атты еңбегінде ол халық аңыздары мен ертегілерінің негізін өмірмен, шындықпен байланыстырады. Бұған оның «Егер Гомердің поэтикалық шығармалары мен Геродоттың ел аузынан жинаған мәліметтері тарихи құнды мағлұматтар деуге тұрарлық болса; егер ауыздан ауызға тарап жеткен кез келген мысалдың негізінде шындық оқиға жатқан болса, онда қазақтардың көнеден келе жатқан аңыз әңгімелері, тұрмыс тіршілігі, қазіргі күнгі өмір салты мен ата‑баба тұрмысының айнасы болған дәстүрі және салыстыра келгенде тарихи мәліметтермен барлық жағынан дәл келетін осының барлығы тарихи ақиқат деген сөз. Тұтас халықтың өмірі мен дамуын, сезім-түйсігін бейнелейтін...таза халықтық ақыл-ойдың туындысы ретінде... халық аузыан бір адам сөзі сияқты төгілген бұл шығамалар тарихи, филологиялық және психологиялық тұрғыдан қызығушылық тудырады», ‑ деп жазуы айғақ. Шынында да халық эпостарын, ертегілер мен аңыз‑әңгімелерді, поэзия, көркем және ғылыми әдебиеттерді әлеуметтік ақпарат көздері ретінде қарастыруға болады. Тіпті тастардағы жазудың өзі сол кездегі адамдар тұрмысы туралы әлеуметтік ақпарат екеніне дау жоқ. Әр түрлі ұлттар әр түрлі кезеңде өзінің әлеуметтік сезім‑күйлерін осылайша көрсетті.
Шоқан Уәлиханов көшпелі елдердің мәдениеті жоқ деп санайтын және оны менсінбейтін кейбір Еуропа ғалымдарының пікіріне дау айтады. Көшпенділерге нәсілшілдік қатынасты әшкерелей отырып, Шоқан қазақтардың өзіндік ерекшеліктерін, мәдениетін, ақыл‑парасатын, адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалады. «Еуропада әлі күнге дейін көшпелі тайпалар қатыгез тобыр және тәртіпсіз жабайылар деген қате түсінік басым, ‑ деп жазды. ‑ Көшпелі монғолдар мен қырғыз туралы түсінік дөрекі және мал сияқты варвар деген идеямен тығыз байланысты. Алайда, осы варварлардың көп бөлегінің өз әдебиеті мен жазбаша және ауызша ертегі-аңыздары бар. Алғашқылардың қатарына монғолдар мен жоңғарлар, екіншісіне монғол түркі тектес көшпелі тайпалар жатады. Қыр қазағы өзінің ар ұяты мен ақыл ой қабілеті жағынан отырықшы татар мен түріктен әлдеқайда жоғары. Поэзияға икемділігі, әсіресе суырып салып жанынан жыр шығару барлық көшпенділердің ерекшелігі».
Халықтардың тұрмыс ұқсастығы олардың әдебиеттерінің ұқсастығын туғызатыны туралы тұжырымды Шоқан қазақ пен араб поэзиясын салыстыра отырып, көшпелі елдердің қай‑қайсысы болсын өлең‑жырға бай, шебер, мұндай қасиеттердің болуына көшпелілердің алаңсыз көшпелі өмірі, ұшы‑қиыры жоқ жасыл дала мен моншақтай тізілген жұлдыздары, көп ашық аспанды сұлу табиғаты әсер еткен болуы мүмкін деп жазды.
4. Ш. Уәлихановтың философиялық көзқарастары, әсіресе адамдардың діни сенімі туралы ойлары сол кездегі замандастарынан ерекше. Оны Шоқанның терең білімі және айрықша қабілетімен түсіндіруге болады. Ол табиғат пен қоршаған ақиқат‑шындық адамның санасынан тыс тіршілік етеді деген шешімге келген, әлемді мәңгілік және шексіз деп санаған. Оның діннің шығу себебін ғылыми түрде дәлелдемек болуының өзі өз дәуірі үшін бір адым ілгері басқандық болып саналады.
Қазақ қоғамындағы шамандықтың негізін түсіндіруде Ш. Уәлихановтың «Қырғыздардағы шамандықтың қалдықтары» деген мақаланың орны бөлек. Ұлы ғалымның пікірі бойынша, шамандық алғашқыда дүниеге тұрпайы табыну түрінде анықталды. Сондай‑ақ діни сенім табиғат күшінің адамға еткен өктемдігінің әсерінен, адамның оның алдында әлсіздігінен пайда болғандығын дәлелдейді. Өзі қыр‑сырын біле алмаған адам ортаны қадірлеу, құрметтеу, өзіне жылы жағдай жасауды ойлады. Өйткені ол табиғаттың ықпалымен әрекет етіп, өмір сүреді. Шоқан Уәлихановтың: «Бүкіл әлемді оның таңғажайыптарымен бірге тану қажеттілігі, өмір мен өлімнің және адамның табиғатқа қатынасы туралы сұрақтар шамандықты – бүкіл әлемді немесе табиғатты және өлген адамдарды шексіз қадірлеп, мәпелеу жағдайын тудырды. Сөйтіп аңғалдық кезеңіндегі адам табиғат не бүкіл әлем деп аталатын күн, ай, жұлдызды және басқа да шексіздікті, мәңгілік пен алуан түрлілікті қадір тұтуға алып келді» деп жазуы тегіннен‑тегін емес еді.
Шынында да, табиғаттың адамға, әсіресе оның аңғалдық кезеңінде ықпалы тым күшті, тым қуатты болды, тым құпия болды, сөйтіп адам өзі өмірінде басшылыққа алатын табиғатқа қатысты ереже‑қағидалар тудырды. Шамандық наным‑сенім деп атайтын ырым‑салттардың шығу тегі, міне, осында жатыр еді.
Діни надандықтың қас жауы бола отырып, Шоқан мұсылмандық фанатизм мен діни кертартпалыққа батыл түрде қарсы тұрды, қазақ қауымының өркендеуіне бірден-бір тежеу, қырсық осыдан деп ұқты. Ол қазақтарға татар молдалары мен ортаазиялық өтірік әулиелердің зиянды әсерін бар ынта-жігерімен әшкереледі. Сондықтан: «Біз қалайда татарлық кезеңді айналып өтуіміз керек», өйткені олар ультрамұсылмандық бағыттың қанат жаюына ықпал етіп отыр деп атап көрсетті. Сондай‑ақ Шоқан үкіметтің қандай да бір білімге қарсы кез келген дінге қамқорлық танытпауын, қорқыту мен соққыға негізделген теологиялық заңдарды далаға зорлықпен енгізбеулерін талап етеді. Қырғыз даласын Орынбор мүфти ведомоствасынан бөліп, аймақтық ерекше ахун тағайындау, татар молдарының орнына қазақтар мен қожаларды бекітуді ұсынды.
Шоқан Уәлиханов еңбектері мен достарына жазған хаттарындағы әлеуметтік көзқарастары көп жағдайда әлемдік озық идеялармен ұштасып, үңдесіп жатты. Білім-ғылымға, ежелден көршіміз Ресеймен экономикалық және мәдени байланысты нығайта түсуге үндеген тамаша ойлары бір жарым ғасырдай уақыт өзі «ең бейбітшілікті сүйгіш» деп санаған халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Бақылау сұрақтары
1. Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін еркіндіктің қажеттігі.
2. Адамның қоғамда еркін болуы үшін білімнің қажеттігі.
3. Халықтық реформа жайында ой.
4. Халыққа етене жақын, ең маңызды реформалар.
5. Экономикалық реформаны жүзеге асырудың құралы.
6. Реформаларды іске асыруда халықтың ерекшеліктерін ескеру.
7. Діннің шығуы туралы ойлар.
