Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
1.КІТАП 5-108 бетке дейн.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
270.88 Кб
Скачать

§3 Сараптама түрлері

Азаматтық істерді талқылау барысында сотпен тағайындалатын сараптамалар оқу әдебиеттерінде түрлі критерийлері бойынша жіктеледі. Сарапшылардың арнайы білімі (кәсіби дайындығы) болуы тиіс білім салалар бойынша сараптамалар төмендегі түрлерге бөлінеді:

  1. Соттық-медициналық. Ондай сараптамаларды тек арнайы дипломдары бар дәрігерлер жүргізеді, олардың мамандықтары сот ұйғарымында көрсетілген сұрақтардың сипатына сәйкес келуі тиіс.

  2. Соттық-психиатриялық (соттық-наркологиялық). Мұндай сараптамаларды да тек қана дәрігерлер (дәрігер-психиатрлар, дәрігер-наркологтар) жүзеге асырады. Соттар іске қатысушы тұлғаны әрекетке қабілетсіз деп тану; тұлғаны әрекет қабілеттігі шектеулі деп тану; азаматты психиатриялық стационарға жатқызу және т.б. азаматтық істер бойынша осындай сараптаманы тағайындайды.

  3. Соттық-автотехникалық. Сараптаманың бұл түрі жол көлік апаттарының салдарынан келтірілген зиянды өтеу және әкімшілік органдар әрекеттеріне шағымдану туралы істер бойынша тағайындалады.

  4. Соттық-бухгалтерлік. Мұндай сараптамалар әдетте сот талқылауының пәні ретінде салықтар және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдердің дұрыстығын анықтауға байланысты азаматтық істер қаралғанда тағайындалады.

Сот сараптамаларының аталған түрлері нақты белгіленген емес, олар соттың өндірісіндегі талап арызда көрсетілген сұрақтарға орай тағайындалады. Қосымшамысал ретінде соттық-қолтаңбалық, соттық-тауартанулық, соттық-экологиялық және т.б. сараптама түрлерін атап көрсетуге болады.

Сот сараптамаларының белгілі нормативтік түрлері бар. ҚР азаматтық іс жүргізу заңнамасында олардың келесі түрлері бөліп көрсетілген:

  • Жеке сараптама – бұл бір ғана сарапшының жүргізетін сараптамасы. Бұл жағдайда сарапшы сот ұйғарымында көрсетілген барлық сұрақтарға (егер олар оның өкілеттігінде болса) жауап бере алады.

  • Комиссиялық сараптама күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандықтағы бірнеше сарапшы жүргізеді. Сараптамалық комиссияның мүшелері зерттеу нәтижелерін бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келе отырып, қорытындыға қол қояды, не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарлама береді. Бұл хабарламаға да сарапшылар комиссияның мүшелері қол қояды. Сарапшылар арасында келіспеушілік туындаған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бір бөлігі жеке қорытынды береді, не пікірі комиссияның басқа мүшелерінің қорытындысымен сәйкес келмейтін сарапшы пікірін қорытындыда жеке тұжырымдайды.

Соттың шығарған комиссиялық сараптама тағайындау туралы ұйғарымы сот сараптамасы органының басшысы үшін міндетті болып табылады. Сот сараптамасы органының басшысы табыс етілген материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.

  • Кешенді сараптама іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтауда әртүрлі білім саласының негізінде зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады; бұл зерттеуді мамандығы әртүрлі сарапшылар өздерінің құзіреті шеңберінде жүргізеді.

Кешенді сараптаманың қорытындысында әрбір сарапшының қандай зерттеуді, оны қандай көлемде жүргізгені және оның қандай қорытындыға келгені көрсетілуі тиіс. Әрбір сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлігіне қол қояды.

Әрбір сарапшы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жайлар туралы ортақ қорытынды (қорытындылар) тұжырымдайды. Сараптаманың нәтижелерін тұжырымдауды тек құзіреті бар сарапшылар ғана жасай алады, олар ортақ қорытындыға (қорытындыларға) қол қояды.

Сарапшылар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда зерттеулердің нәтижелері комиссиялық сараптамаларға қойылатын ережелерге сәйкес рәсімделеді.

Сот сараптамасы органына тапсырылған кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру оның басшысына жүктеледі. Сот сараптамасы органының басшысы сондай-ақ табыс етілген материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.

ҚР АІЖК 98-ші бабының 1 тармағына сәйкес, қосымша сараптама қорытынды жеткілікті түрде айқын немесе толық болмаған, сондай-ақ бұрын зерттелген мән-жайларға қатысты жаңа мәселелер туындаған кезде тағайындалады. Бұл сараптаманың ерекшелігі сол, ол сотпен (сараптама органының басшысымен) қосымша сараптама жүргізу сол сарапшының өзіне немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкін.

Қайталама сараптама сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізделмеген не оның дұрыстығы күмән тудырған, не сараптама жүргізудің іс жүргізу нормалары елеулі бұзылған кезде дәл сол объектілерді зерттеу және дәл сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады.

Сараптаманы тағайындаудың бұл түрін сот жалпы тәртіппен (сұрақтар шегін анықтау, ұйғарым шығару) тағайындайды. Сонымен қатар қайталама сараптама тағайындау туралы ұйғарымда алдыңғы сараптаманың нәтижелеріне келіспеудің дәлелдері келтірілуге тиіс.

Қайталама сараптама жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргізген сарапшылар қайталама сараптама жүргізілген кезде қатысып, комиссияға түсініктемелер бере алады, алайда олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.

Қосымша және қайталама сараптама жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары табыс етілуге тиіс.

Егер екінші немесе есеп бойынша келесі сараптама бірнеше негіздер бойынша тағайындалса, олардың бірі қосымша сараптама, ал екіншісі қайталама сараптама болып табылады және мұндай сараптама қайталама сараптау туралы ережелерге сәйкес жүргізіледі.