- •Мазмұны
- •I тарау. Жұқпалы аурулар іліміне кіріспе
- •Жұқпалы аурулар диагностикасының қағидалары мен әдістері
- •Жұқпалы науқастардың емдік тамақтандыруы (диетасы)
- •Спецификалық ем
- •Жұқпалы науқастарға жүргізілетін дәрілік емнің асқынулары
- •Жұқпалы аурулардың профилактикасы (алдын -алуы)
- •Жұқпалы науқастарға медициналық көмекті ұйымдастыру
- •Жұқпалы аурулар ауруханасының құрылымы мен жұмыс тәртібі.
- •Жұқпалы науқастардың диспансеризациясы және реабилитациясы
- •II тарау. Жедел ішек инфекциялары және инвазиялары Іш сүзегі. А және в парасүзектері
- •Іш сүзегінің клиникалық жіктелуі
- •Іш сүзегін ерте (аурудың алғашқы 7 күнінде) анықтау алгоритмі
- •Жайылмалы ішек инфекциясы
- •Қосалқы диагностикалық белгілер:
- •Шешуші диагностикалық белгілер:
- •А және в паратифтер
- •Дизентерия (шигеллез)
- •Сальмонеллез
- •Тағамдық токсикоинфекциялар (тти)
- •Тырысқақ (холера)
- •Ботулизм
- •Амебиаз
- •Бұұ бойынша 1972 ж. Жіктелу:
- •Балантидиаз
- •Лямблиоз
- •III тарау. Ауа-тамшылы инфекциялары
- •Құстар тұмауының негізгі айырмашылықтары:
- •Парагрипп
- •Аденовирусты инфекция
- •Респираторлы-синцитиальды вирусты инфекция
- •Риновирусты инфекция
- •Реовирусты инфекция
- •Менингококкты инфекция
- •Герпестік инфекция
- •Жұқпалы мононуклеоз
- •Легионеллез
- •Балалардың ауа – тамшылы инфекциялары күл ауруы (дифтерия, diphtheria)
- •Жәншәу (скарлатина, scarlatina)
- •Қызылша (корь, morbilli)
- •Қызамық (краснуха, rubeola)
- •Паротиттік инфекция
- •А. Манифесттік түрлері:
- •Желшешек
- •IV тарау. Зоонозды инфекциялар
- •Обаның жіктелуі (а.М. Дмитровский бойынша, 1995)
- •1.Біріншілік-ошақтық түрлері
- •2. Жайылмалы түрлері
- •3. Екіншілік-ошақтық түрлері
- •Туляремия
- •№5 Кесте Түйнеменің клинико-патогенетикалық жіктелуі
- •Түйнеменің түріне байланысты науқастан зерттеуге алынатын биосубстраттар
- •Пастереллез
- •Пастереллездің клинико-патогенетикалық жіктелуі
- •Пастереллез диагнозын анықтау стандарты
- •Бруцеллез (сарып)
- •Эпидемиологиясы.
- •Патогенезі
- •№ 9 Кесте Бруцеллездегі инфекциялық процесстің сатылары
- •Клиникасы Қазақстан республикасында н.Д.Беклемишевтің жіктелуін қолданамыз. Бруцеллездің жіктелуі (н.Д.Беклемишев, 1957)
- •Латенттік бруцеллез кезінде сау адамда бруцеллаларға қарсы серологиялық және/немесе аллергиялық реакциялар «оң» болып табылады.
- •Бруцеллез диагнозын анықтайтын клиникалық критерийлері
- •Бруцеллез диагнозын анықтау стандарты
- •Бруцеллез жағдайының жіктемесі
- •Ку қызбасының жіктелуі (и.Л.Касаткина бойынша)
- •Иерсиниоздар
- •Псевдотуберкулез
- •Патогенезі. Қазақстандық көрнекті ғалым проф. Т.И.Дмитровская псевдотуберкулез дамуында 8 сатының кезең алмастырып өршуін дәлелдеп берді.
- •Клиникалық көріністері. Псевдотуберкулездің клинико-патогенетикалық жіктелуі № 12 кестеде келтірілген.
- •Псевдотуберкулездің клинико-патогенетикалық жіктелуі
- •Псевдотуберкулез диагнозын анықтау стандарты
- •Ішек иерсиниозы
- •Ішек иерсиниозы кезінде көбіне гастроэнтероколит түрі, аппендицит түрі, септикалық түрі, субклиникалық түрі жие қалыптасады.
- •Листериоз
- •Инфекцияның негізгі көзіне қоршаған орта жатады. Листериялар судан, топырақтан, жемнен, көкөністерден, нәжістен бөлінеді. Сол себептен сапроноздар тобына жатады.
- •Патогенезі толық зерттелмеген.
- •Листериоздың клинико-патогенетикалық жіктелуі
- •Листериоздың клиникалық түрлері :
- •Генитальды листериоз
- •Листериоз жағдайын стандартты анықтау
- •Лептоспироз
- •Клиникалық көрінісі. Аурудың дамуында жасырын, бастапқы, өршу және айығу кезеңдерін ажыратады. Жасырын кезең 3-5 күннен 20-30 күнге дейін созылуы мүмкін, жиірек –7-14 күн болады.
- •Асқынулары.
- •Емдеуі. Лептоспироздың емдеуі ауруханада жүргізіледі. Жедел кезеңде төсек режимін сақтау керек.
- •Алдын-алу шаралары.
- •Аусыл (ящур, aphtae epizooticae)
- •Токсоплазмоз
- •V тарау. Трансмиссивті және гемоконтакты инфекциялар
- •Эпидемиялық бөртпе сүзегі және Брилль-Цинссер ауруы
- •Бөртпе сүзегін және Брилл ауруын ерте (аурудың алғашқы 4 күнінде) анықтау алгоритмі
- •Васкулит синдромымен сипатталатын жайылмалы қан инфекциясы
- •Бөртпе сүзегі немесе брилл ауруы
- •Брилль-Цинссер ауруы (спорадикалық бөртпе сүзек)
- •Кенелік энцефалит
- •Жүйелік кенелік боррелиоз
- •Геморрагиялық қызбалар
- •Қырымдық геморрагиялық қызба (қгқ)
- •Омбылық геморрагиялық қызба (огқ)
- •Лейшманиоздар
- •Висцералді лейшманиоздың кейбір түрлерінің клиникалық ерекшеліктері
- •Ауыр түрлі тропикалық безгектің патогенезі (1977 a.Hall бойынша)
- •(1999 Жыл а.Б.Сейдулаева)
- •Безгектің химиотерапиясы келесі сатылардан тұрады:
- •Әсер ету түріне байланысты безгекке қарсы препараттар
- •Асқынбаған безгектің емі.
- •Асқынған безгектің емі.
- •Хлорохинге тұрақты тропикалық безгектің емі.
- •VI тарау. Вирусты гепатиттер және
- •Вирусты гепатиттер (hepatitis virosa )
- •А вирусты гепатиті
- •Жедел в вирусты гепатиті
- •В гепатиті кезіндегі серологиялық көрсеткіштер
- •I. Ағым циклдігіне байланысты:
- •С вирусты гепатиті
- •Е вирусты гепатиті
- •Салыстырмалы диагноз Агепатиті кезiндегiдей өткiзiледi.
- •Микст-гепатиттер
- •G гепатиті
- •Аив/житс- инфекциясы
- •Ересектер мен балалардағы
- •Ддұ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының воз)) эксперттері ұсынған
- •Біріншілік тілменің клиникалық ағымы
- •Рецидивті тілменің клиникалық ағымы
- •Асқынулары
- •Сіреспе
- •Сіреспенің жіктелуі
- •Инфекцияның кіру қақпаларына байланысты:
- •II. Таралуы бойынша:
- •IV. Асқынулар бойынша
- •А.Қ. Дүйсенова Жұқпалы аурулар
Туляремия
(оба тәрізді ауру)
Анықтамасы. Туляремия – Francisella tularensis қоздыратын, лимфа түйіндерді, теріні, көзді, анқаны, өкпені закымдауымен және улану симптомдарымен сипатталатын жедел облигатты табиғи-ошақты зоонозды ауру.
Тақырыптың өзектілігі. Туляремия – убиквитарлы инфекция. Аурудың ощақтары Америкада (барлық штаттарында), Еуропада, Азияда кездеседі. Ресей мен Қазақстанда арудың ошақтары диффузды орналасып, үлкен территорияларда кездеседі. Қазақстан республикасында сырқаттанушылдық 0,06-0,95 аралығында ресми түрде тіркеледі. 2002 ж аурудың 17 жағдайы (Шығыс-Қазақстан облысында – 13), 2003 ж. – 15 (Шығыс-Қазақстан облысында – 7, Солтүстік Қазақстан облысында – 4, Ақтөбе облысында -3), 2004 ж. -7 (Шығыс-Қазақстан облысында – 5, Алматы облысында -2, 2005 ж. – 9 (Шығыс-Қазақстан облысында – 8, Ақмола облысында -1) ресми түрде тіркелген.
Туляремияның қоздырғышын биологиялық қару ретінде қолдану мүмкін. Аэрозоль түрінде қолданғанда қоздырғыштың 10-50 микробы жетеді.
Тарихи мәліметтер. Аурудың атауы табылған жеріне байланысты (Туляре аралы, Калифорния, АҚШ). 1910 ж. Ч. Мак-Кой обаның табиғи ошағын зерттеп жүргенде суырдан оба тәрізді ауруын анықтаған, ал 1911 ж. Ш.Чепин екеуі ауру суырдан қоздырғышты бөліп алған. Содан Bacterium tularense деп атаған.
Сосын адамдардың да бұл аурумен ауратыны анықталды.
И.Френсистың (1921) ұсынысы бойынша ауру «туляремия» деп аталған.
Этиологиясы. Туляремияның қоздырғышы - Francisella tularensis - Francisella туыстығына, Brucellacea тұқымдастығына жатады. Ұсақ, грам «теріс» кокктар, капсула және спора түзбейді, құрамында соматикалық О- және капсулалық Vi- антигендері бар, ферментативті қасиеті әлсіз. Соматикалық антигенімен қоздырғыштың вирулентілігі және иммуногенділігі байланысты. Бруцелла антигенімен ұқсастығы бар.
Қоздырғыштың 2 түрі бар: А-түрі және В-түрі. А-түрінің вируленттік қасиеті жоғары, ауру Солтүстік Америкада кездеседі, қояндар аурады, олардан аңшыларға жұғады. В-типі Еуропада, Азияда таралған, вирулентілігі төмен, кеміргіштер ауырады. 1966 ж. М.А.Айкимбаев қоздырғыштың үшінші орта азиялық түрін анықтаған. Қазақстанда қоздырғыштың 2 түрі кездеседі: В-түрі және орта азиялық түрі.
Қарапайым қоректік орталарда өспейді. Цистенал немесе табиғи субстраттар: жұмыртқа сарысы, бауыр, талақ, ми қосу керек. Өсу үшін оптималді температура – 35-37°С, рН 7,0-7,2.
Қоздырғыш сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады. Өзен суында 4° температурада – 1 ай, 0° - 9 ай; топырақта – 2,5-4 ай; бидай, шөпте - О° төмен температурада – 6 ай, 20-30° - 20 күн, ауру және өлген жануарлардың терісінде 8-12° температурада – 1 айдан жоғары.
Жоғары температураға және дезинфекциялаушы ертінділерге (фенол, сулема, формалин, этил спирты) төзімсіз.
Туляремиядан өлген малды 1 тәулік бойы дезинфекциялаушы ертіндеде ұстап, сосын өртеп жіберу керек.
Туляремия қоздырғышы рифампицинге, стрептомицинге левомицетинге, тетрациклинге, ципрофлоксацинге сезімтал.
Эпидемиологиясы. 1. Аурудың көзі. Туляремия – облигатты зооноз, табиғи ошақтық ауру. Аурудың көзі және резервуары – жануарлар. Табиғатта аурудың резервуары: кеміргіштер, егеуқұйрықтар, қояндар, ондатра. Олардан синантропты кеміргіштер залаладанады. Туляремия қоздырғышы 90 жабайы омыртқалы жануарларда, үй жануарларында (қой, ит, жылқы) кездеседі. Олар туляремияға өте сезімтал. Ресейде – аурудың негізгі көзі су тышқандары, үй тышқандары, қояндар, иттер, ондатра. Ауру тасымалдаушылары – иксод кенелері және қансорғыш қанаттылар: маса, шожала. Кенелердің организмінде қоздырғыш өмір бойы сақталады, қан сорғыштардын организмінде – 2 апта бойы, ал инфицирленген жануарлардың қанында олар өлгенше дейін сақталады. Жануарлар арасында ауру кенелер арқылы тарайды. Кеміргіштер арасында инфекция алиментарлы жолмен тарайды. Адам аурудың көзі болып табылмайды.
Табиғи ошақтардың 7 түрін ажыратады: батпақтық, қоғалдық, ормандық, далалық, таулы-шатқалды, тоғайлық, тундралық. Қазақстанда ошақтардың 4 түрі кездеседі: таулы-шатқалды, батпақтық, тоғайлық, далалық. Әр ошақ өзіне тән жануарлармен, қансорғыштармен ерекшеленеді.
2. Берілу жолдары:
трансмиссивті (негізгі) – арнайы тасымалдаушысы жоқ, ауру әр түрлі қансорғыш қанаттылар (маса, кене, шожала) арқылы берілу мүмкін;
контактілі – тері мен шырышты қабықшалар арқылы инфицирленген жануарлармен жанасқанда: теріні өндеген кезде, жануарлар тістеп алған кезде; аңшылар ондатра арқылы жұқтырады;
алиментарлы – кеміргіштердің зәрімен инфицирленген су, тағам арқылы. Кеміргіштермен ластанған судың эпидемиологиялық маңызы зор. Аурудың құдықтық өршуі жиі кездеседі. Кеміргіштің өлігі құдықта жатса, сол құдықтың суын ішкен адамдар заладанады;
аэрогенді – заладанған шаң арқылы, шөп жинайтын жұмыстар жүргізгенде.
3.Қабылдаушы макроорганизм. Адамдар туляремияға 100% сезімтал. Көбінесе ересектер, ер адамдар, кәсіби топтары – аңшылар, балықшылар, ауыл шаруашылық қызметкерлері аурады. Антропургиялық ошақтар инфицирленген кеміргіштердің миграциясына байланысты, олар үй кеміргіштеріне ауруды жұқтырады. Эпидемиялық процестің ағымы жыл мезгіліне, табиғи ошақтың ерекшелігіне, эпизоотиялық жағдайға байланысты. Жекеленген эпидемиялар үшін белгілі бір жұғу механизмінің және белгілі бір клиникалық түрінің басым болуы тән. Жыл маусымдылығы – жаз-күз айлары. Сонғы кездерде ауру спорадикалық түрінде кездеседі. Аурудан кейін тұрақты иммунитет қалыптасады.
Патогенезі.
1. Жұқтыру сатысы
Инфекцияның кіру қақпалары – тері, шырышты қабықшалар.
Кіру қақпасының локализациясы аурудың клиникалық түріне әсер өтеді. Осы жерде біріншілік аффект пайда болуы мүмкін – бір бірін ауыстырып дамитын дақ, папула,көпіршік, пустула, жара.
2. Лимфогенді таралу сатысы
Қоздырғыш лимфогенді жолдарымен регионарлы лимфа түйіндеріне жетіп, көбейіп, қабыну процесс тудырады (лимфаденит). Бактериялар ыдырағанда эндотоксин бөлініп, жергілікті патологиялық процестер дамиды. Біріншілік бубон пайда болады.
3. Бактериемия сатысы – лимфа түйінінің қорғаныс қасиеті төмендегенде, қоздырғыш қанға түсіп, жайылмалы турлері дамып, токсико-аллергиялық өзгерістер айқын көрінеді.
4. Гематогенді диссеминация бойынша қоздырғыштар паренхиматозды ағзаларда – бауырда, көкбауырда, өкпеде ошақтанады. Гранулемалар пайда болады. Олар ақшыл-сары түсті, көлемі 1-4 мм. Гранулема ортасында некроз ошағы эпителиалді клеткалармен, лейкоциттермен лимфоциттермен қоршалған. Туберкулездік гранулемаларға ұқсайды. Соңынан олар некрозданып, дәнекер тіндермен алмасады. Гранулематозды процесс лимфа түйіндерінде айқын көрініп, іріңдеп, өзі тесілуі мүмкін.
Барлық сатыларының дамуы міндетті түрде емес. Инфекциялық процесс кез келген сатысында тоқтап қалу мүмкін.
Клиникасы. 1.Жасырын кезеңі - 3-5 күн (2-3 аптаға созылуы мүмкін).
2.Бастапқы кезең
3. Өршу кезеңі
4. Айығу кезеңі
Ауырлығы бойынша – жеңіл, орташа ауыр, ауыр түрлері
Ағымы бойынша – жедел, баяу, рецидивті түрлері.
Жалпы симптомдары:
Қызба 38-40° ремиттерлеуші, интермиттерлеуші, дұрыс емес, тұрақты, толқын тәрізді сипатта болуы мүмкін. Жиі кездесетін түрі – ремиттерлеуші қызба, ол 2-3 толқын болуы мүмкін. Ұзақтығы – 2-3 аптаға, сирек 5-7 немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Қалтырау, бас ауру, бұлшық еттерінің ауруы, жалпы әлсіздік, анорексия. Науқастың беті ісінкі, қызарып тұрады, конъюнктивит, склерит. Экзантема болуы мүмкін – эритематозды, дақты- папулезді, розеолезді, петехиалді. Салыстырмалы брадикардия, АҚ төмендейді. Бауыр, көкбауыр ұлғаяды.
Туляремияның клиникалық түрлері жұғу жолдарына байланысты. Г.П.Руднев бойынша келесі түрлерін ажыратады (№4 кесте).
№4 кесте
Туляремияның клиникалық түрлері
Клиникалық түрлері |
Жұғу жолдары
|
бубонды |
тері, шырышты қабықша арқылы
|
жаралы-бубонды |
тері, көздің шырышты қабықшалары арқылы
|
көз-бубонды |
тері, көздің шырышты қабықшалары арқылы
|
ангинозды-бубонды |
ауыз арқылы
|
абдоминалді |
ауыз арқылы
|
өкпелік – бронхит, пневмония |
тыныс жолдары арқылы
|
жайылмалы немесе біріншілік сепсистік |
кез келген жұғу жолдары |
Бубонды түрі. Жиілігі – 10-25%. Біріншеден ауру сезімі байқалады, сосын регионалді лимфаденит пайда болады. Бубондар жалғыз немесе көп, көлемі майда жанғактардан ірі жұмыртқаға дейін болады. Бубон ұлғайғаннан соң ауру сезімі байқалмайды, шеттері анық болып, периаденит аздап дамиды. Бубондардың нәтижесінде қайта сінірілу, іріңдеу, жараланып тыртықтану, склероздану процестері дамиды.
Жаралы-бубонды түрі. Бұл аурудың типті түрі. Жиілігі – 45-85%. Трансмиссивті жолмен жұқтырғанда жиі кездеседі. Қоздырғыш енген жерде бір бірін алмастырып дақ, папула, көпіршік, пустула, жара дамиды. Жараның шеттері көтеріліп, түбі қара қабыршақтанып тұрады. 2-3 күннен кейін лимфангоит, тағы 2-3 күннен кейін лимфаденит қалыптасады.
Көз-бубонды түрі. Жиілігі – 5%. Конъюнктивада сары түсті көпсанды ұсақ түйіншіктер пайда болады. Эрозивті-жаралы өзгерістер қалыптасуы мүмкін. Көз аймағында және зақымдалған көзі жағындағы беттің жартысында ісік дамиды. Роговица зақымдалмайды. Регионалді лимфаденит дамиды. Интоксикация нышандары айқын көрінеді: қызба, қалтырау, әлсіздік, тәбетінің төмендеуі.
Ангинозды-бубонды түрі. Тамағында айқын ауыр сезімі байқалып, көмекей бездері ұлғайып, қызарып, ісіп, айналасындағы клетчаткаға жабысып жұтуға қиыншылық тудырады. Бездердің үстінде қиын алынатын некрозды жабынды дамып, артынан тыртықтанады. Жаралы-некрозды тонзиллит, фарингит дамиды. Көбінесе процесс бір жағынан байқалады. Бубондар жақ астылық, мойындық, қолтық астында пайда болада. Сирек жағдайда стоматит болуы мүмкін. Интоксикация нышандары айқын емес, жергілікті көріністерге сәйкес келмейді. Осындай дисбаланс туляремияның ангинозды- бубонды түріне тән.
Абдоминалді түрі. Бұл аурудың ауыр түрі. Мезентериалді лимфа түйіндерінің зақымдануының әсерінен іштің оң жақ мықын аймағында айқын ауру сезімі «хирургиялық іш» сияқты байқалады. Іш перденің тітіркену белгілері дамуы мүмкін. Бауыр, көк бауыр ұлғаяды. Ұлғайған лимфа туйіндер ультрадыбысты зерттеу (УДЗ) арқылы анықталады. Интоксикация көріністері айқын болады: жоғары қызба, қалтырау, жүрегінің айнуы, құсу, тәбетінің төмендеуі. Науқастың іші өтуі мүмкін.
Өкпелік түрі. Жиілігі – 5%. Ауру жедел басталып, қызбамен, ұзақ ағымымен сипатталады. Бронхиалді, медиастиналді, паратрахеалді лимфа түйіндері ұлғаяды.Құрғақ жөтел, кеуде аймағында ауру сезімі, құрғақ сырылдар естіледі. Пневмонияны рентгенография арқылы дәлелдеу қажет, науқастардың 50% өкпеде ошақты инфильтраттар табылады. Әр түрлі асқынулар (бронхоэктаздар, абсцесстер, плеврит, каверналар, гангрена) дамуы мүмкін. Бұл аурудың ауыр түріне жатады. Интоксикация симптомдары айқын көрінеді. Пульс жиілігі температура денгейіне сәйкес келмейді – салыстырмалы брадикардия. Өмірге қауіпті асқынулар дамуы мүмкін: сепсис, менингит, перикардит, медиастинит.
Жайылмалы түрі. Ауру сепсис тәрізді өтеді. Айқын интоксикация, жоғары ремиттерлеуші қызба ұзақ уақытқа созылыды. Науқастың есі бұзылуы мүмкін. Полиморфты экссудативті эритемаға ұқсас бөртпе пайда болады. Бөртпе симметриялық түрінде аяқ-қолға, мойынға, кеудеге шығып, оны туляремиялық «қолғап», «шұлық», «жаға», «маска» деп атайды. Бөртпе әуелі қызғылт, сосын қоңырқызыл, соңында көкшіл түсті. Экзантема 8-12 күнге созылады. Кейде бөртпе кеткесін түлеу болады. Гепатолиеналді синдром алғашқы күндерден бастап пайда болады.
Лабораторлық диагностикасы.
Шеткі қанда: нейтрофилді лейкоцитоз, ЭТЖ жоғарлау. Соңынан лейкоцитоз лейкопенияға алмасады, лимфомоноцитоз.
Бактериологиялық әдісімен Francisella tularensis бактриясын бөліп алу. Науқастан алынатын материал: жараның бөлінділері, лимфа түйіннің пунктаты, қан, қақырық, анқаның жағындысы.
Серологиялық әдістер: АР – 1:100, ТГАР. Жұпты сары су зерттелгенде антиделердің титрі 4 есе жоғарлауы қажет.
ПТР
Биологиялық әдіс – науқастан алынған патологиялық материалдарды ақ тышқандарға, теңіз шошқаларына енгізеді, олар туляремиядан 3-10 күннен кейін өледі. Өлген жануарлардың лимфа түйіндерінен, бауыр, көк бауыр, қанынан жағынды жасалып, қоректік ортаға себеді.
Емдеуі.
Этиотропты ем
Қалайтын препараттар:
Стрептомицин – 0,5х2 рет, өкпелік, жайылмалы түрлерінде 1,0х2 рет бұлшық ет ішіне;
Гентамицин 5мг/кг бұлшық ет ішіне, көк тамыр ішіне;
Жаңа аминогликозидтер: сизомицин 0,1х3 рет, нетромицин, амикоцин
Альтернативті препараттар:
Доксициклин 100 мг тамыр ішіне 12 сағат сайын
Ципрофлоксацин 400 мг тамыр ішіне 12 сағат сайын
Хлорамфеникол (левомицетин) 15 мг/кг тамыр ішіне 6 сағат сайын
Цефалоспориндер
Емдеу курсы қызба кезеңі бойы және қалыпты температура кезеңі бойы 5-7 күн.
Патогенетикалық ем:
- интоксикациямен күресу
- С және В топты витаминдер
- десенсибилизация
- қабынуға қарсы қолданатын препараттар
- жергілікті ем: компресс, майлы танғыштар, солюкс, диатермия, хирургиялық ем.
Болжамы қолайлы. Өлім-жітімділігі – 0,5%.
Алдын алу шаралары:
-табиғи ошақтарды бақылау;
- дератизациялық шаралар;
-вакцина енгізу, тірі туляремиялық вакцина грам «теріс» қоздырғыштарға қарсы нәтижелі вакциналардаң жалғыз түрі, иммунитет 5 жылға созылады, сондықтан ревакцинация жасау керек;
қолғап, көзілдірік, маска пайдалануы қажет.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің №623 (15 желтоқсан 2006 ж.) бұйрығының көшірмесі «Есепке алу және тіркеу кезінде адамның аса қауіпті жұқпалы аурулары жағдайларын анықтау жөніндегі медициналық қызмет саласындағы стандарттарды бекіту туралы»
Туляремия жағдайларының жіктемесі
Туляремияның ойық жара-бубонды (ойық жара, тері) (А21.0) және бубонды нысандарының болжамды жағдайы (басқа нысандар А21.8) қызба мен уыттану және мына белгілердің біреуі немесе екеуі болған жіті ауруда қойылады:
1) кем дегенде мына қасиеттердің үшеуімен сипатталатын түпкірдегі лимфатүйіндер топтарының біріндегі бубон (немесе периаденитсіз лимфаденит):
жекелеген лимфатүйіннің (лимфатүйіндердің) ұлғаюы;
шамалы ауырсыну;
жұмсақ-эластикалық консистенция;
саусақпен сезу кезіндегі қозғалушылық;
2) мына даму кезеңдерінің бірінде болатын бастапқы ауырсынатын тері аффекті:
папула;
везикула;
пустула (іріңді);
ойық жара (терең, қанықты, инфильтратты негізде іріңді-геморрагиялық бөлінетін, гиперемия шашағымен қоршалған).
Туляремияның көздік-бубонды нысанының (А21.1) болжамды жағдайы қызба мен уыттану және туляремиялық бубонның барлық қасиеттерімен сипатталатын айқын білінген конъюктивиттің, беттің бір жақты ісігінің және периорбитальды ісік пен жергілікті мойын (жақасты) лимфаденитінің коньюктивасындағы бастапқы аффекті (папула түріндегі – пустула – ойық жаралар) болғанда жіті ауру кезінде қойылады.
Туляремияның ангиозды (ангиозды-бубонды) нысанының (басқа нысандар – А21.8) болжамды жағдайы қызба мен уыттану және туляремиялық бубонның барлық қасиеттерімен сипатталатын, айқын білінетін бір жақты іріңді-некротиялық ангина мен жергілікті мойын (жақ асты) немесе жұқтыншақ асты лимфаденитінің бастапқы аффекті болғанда жіті ауру кезінде қойылады.
Туляремияның өкпе (қабыну) нысанының (А21.2) болжамды жағдайы қызба, бауыр мен/немесе көк бауыр ұлғаюы және түбірлі, паратрахеялық немесе медиастиналдық лимфатүйіндер ұлғаюы болғанда (рентгенограммада) барабар диагнозсыз жіті асқынған ауру кезінде қойылады.
Туляремияның абдоминалды (ішек) нысанының (А21.3) болжамды жағдайы қызба, бауыр мен/немесе көк бауыр ұлғаюы және мезентериалды лимфатүйіндердің (оң жағы) болғанда жіті асқынған ауру кезінде қойылады.
Туляремияның барлық нысандары үшін ықтимал жағдай болжамды жағдайды анықтауға сәйкес және кемінде мыналардың бірі болғанда қойылады:
1) ауырғанға дейін үш апта ішінде туляремияның табиғи ошағында және мыналардың бірі болғанда:
туляремияны ықтимал тасымалдаушы жануарлардың шикі етін пайдалану;
бұлақтың, құдықтың, басқа да ашық су көздерінің қайнамаған суын пайдалану;
шөпке, сабанға байланысты ауыл шаруашылығы жұмыстарына қатысу;
кененің немесе басқа қан сорғыш жәндіктердің шағуы;
туляремияны ықтимал тасымалдаушы жабайы кәсіпшілік жануарларды аулау, өндіру және бөлшектеу;
туляремияны ықтимал тасымалдаушы жануарлармен тікелей немесе жанама контактіде болу;
2) расталған туляремия жағдайымен эпидемиологиялық байланыс;
3) қан сарысуындағы F. tularensis антиденелері титрінің кемінде төрт есе көбеюі;
4) егілмеген адамдардағы оң тері аллергиялық сынама.
Туляремияның барлық нысандары үшін расталған жағдай мына белгілердің кемінде біреуі болғанда қойылады:
1) бөлінетін тері аффектінен, лимфатүйіндердің ішінен, қақырықтан, коньюктивадан алынған жағындылардан, ауыз-жұтқыншақтан, нәжістен немесе қаннан Francisella tularensis тірі өсінділерінің бөлінуі;
2) ПТР-дағы клиникалық материал сынамаларын зерттеудің нәтижесі оң болғанда;
3) ИФА-ның нәтижесі оң болғанда;
4) қос сарысуларды зерттеу кезінде F. tularensis антиденелері титрлерінің төрт есе ұлғаюы.
ТҮЙНЕМЕ (ANTHRAX)
Син. Түйнеме, күйдіргі, Сібір жарасы.
Анықтамасы. Түйнеме - Bacilla аnthracis қоздыратын, зооноздар тобына жататын, айқын улану белгілерімен, терінің, лимфа түйіндердің және ішкі ағзалардың серозды-геморрагиялық қабынуымен сипатталатын аса қауіпті жұқпалы ауру.
Тақырыптың өзектілігі.Түйнеме аса қауіпті жұқпалы аурулар тобына жатады. Бұл ауру қазіргі уақытта барлық елдерде жануарлар арасында, сондай-ақ адамдарда да кездеседі. Түйнеме мәселесінің өзектілігі АҚШ және баска елдерде түйнеме қоздырғышының спораларын биологиялық қару ретінде қолданылуына байланысты ерекше арта түсті. Түйнеменің қолайсыз ошақтары мал шаруашылығы кеңінен дамыған елдер: Америка Құрама Штаттарында, Африкада, Латын Америкасында, Грецияда, Италияда, Испанияда, Албанияда, Португалияда, Туркияда, Иранда, Үндістанда, Қытайда және т.б. орналасқан. Ертеден–ақ Франциядағы түйнемелік Бос алаңқайы, Черногория және Сербиядағы жайылымдықтар, Ноттингемпширдегі (Ұлыбритания) Нене өзенінің жағалауы, Оңтүстік Дакотадағы бірқатар жайылымдықтар белгілі. ДДСҰ мәліметтері бойынша жануарлардағы тіркелген түйнеме оқиғалары мен шарпындарының саны бойынша бірінші орынды Азия құрлығы алады.
Қазақстан Республикасы көп жылдар бойы аталған нозология бойынша қолайсыз болып табылады және Тәжікстан, Түркменістан, Қырғызстаннан кейін 3-4 – ші орындарды алады. Қазақстан Республикасында 1992-2001 жылдар аралығында түйнеменің 20-дан 60-қа дейін оқиғалары тіркелген, ол 100 мың тұрғынға шаққанда 0,1-0,4 құрайды. Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) бүкіл түйнеме ауру көрсеткішінің 47-99% алады. Мысалы, 2000 жылы Республика бойынша тіркелген 34 ауру оқиғасының 33-і осы облысқа тиесілі. 1996-2000 жылдар аралыгы кезеңінде ОҚО–да түйнеменің терілік түрінің 78 оқиғасы тіркелген, оның 2-үі өліммен аяқталған.
Тарихи мәліметтер. Түйнеме көне заманнан бері белгілі ескі аурулардың қатарына жатады. Түйнеменің сүреттемесі Гомердің «Иллиадасында», Овидийдің «Метаморфозасында» кездеседі. Бұл ауруды К.Гален, А.Целк, Вергилий «қасиетті от» десе, араб дәрігерлері «парсы оты» деп атаған. Орыс дәрігері С.С.Андреевский ерлікпен өзіне жұқтыруы нәтижесінде (1788 ж. Оралда) бұл ауруды зерттеп, «Сібір жарасы туралы» шығармасында оның сүреттемесін жазды, аурудың атын беріп, жануарлар мен адамдардағы түйнеме қоздырғышының біркелкілігін анықтады, оның жануарлардан адамдарға берілу мүмкіндігін дәлелдеді. Түйнеменің қоздырғышын1850 жылы К.Давин ашқан, оған Bacillus аnthracis атын Ф.Кон берген. Қоздырғыштың таза дақылын Р.Кох (1876) бөліп алған. Л.Пастер 1881 жылы вакцина жасап, түйнеменің алдын алу үшін ұсынды.
Түйнеме қазақ жерінде де ертеден белгілі. Тұрмыс-тіршілігі мал өсірумен тығыз байланысты көшпенді ата-бабаларымыз төрт түлік малдағы түйнемені түрліше атаған: топалаң (қойда), кебенек, шөкшек (ешкіде), қараталақ (ірі қарада), жамандат (жылқыда), ақшелем (түйеде). Адамдардағы аурудың терілік түрін күйдіргі деп атаса, жайылмалы түрлеріне түйнеме деген атау берген.
Этиологиясы. Ауруды қоздыратын микроб – түйнеме таяқшасы – B. Аnthracis. Bacillacae тұқымдастығана жатады, ұзындығы 5-8 мкм және диаметрі 1,2 мкм, ұштары тік бұрышты немесе аздап ішке қысылған (иінді бекіністі бамбук таяғын еске түсіретін) біршама ірі, қозғалысы жоқ, грам «оң» таяқша. Бацилла барлық анилин бояуларымен жақсы боялады, ағзада қосарланып немесе қысқа тізбекше, ал қоректік орталарда «маржан алқа» түріндегі ұзын тізбек құрай орналасады. Жануарлар ағзасында және кейбір қоректік орталарда капсула түзеді, ағзадан тыс орталықта сопақша түрдегі споралар түзеді. Споралар 43ºС-тан жоғары және 15ºС-тан төмен температурада түзілмейді. Споралардың қара шірік топырақта қолайлы жағдайда вегетативті түрге өтіп, күз түскенде қайта спораға айналуы мүмкін екендігі дәлелденген. Күн сәулесінен қорғалған және басқа да жағдайлар бар жерлерде споралар жылдар бойы, ал кейде бірнеше жылдарға дейін сақталуы мүмкін.
Бациллалар экзотоксин өндіреді, ол 3 компоненттен тұрады: қорғаушы (протективті) антиген, ісіктік фактор, және леталді фактор. Микроорганизмнің вегетативті түрі 60ºС температурада 15 мин. ішінде, қайнатқанда -1-2 мин. өледі.
Споралар ыстыққа тұрақты: 120-140ºС температурадағы ыстық ауа әсерінен 2-3 сағатта, 110ºС температурада автоклавта 40 мин. өледі. Қоздырғышты 5% фенол ерітіндісі, 3% хлорамин ерітіндісі, асқын тотығы, ыстық формальдегид, 1% формалин, 10% тұтқыр натр өлтіреді.
Эпидемиологиясы. Түйнеме – зооноз. Аурудың негізгі көзі әртүрлі ауылшаруашылық малдар (қой – 45-55%, ірі қара мал- 32-37%, жылқы мен бұғы – 5%, ешкі, есек, түйе – 1%, шошқа - 4% және өте сирек ит, мысық да аурады); кейбір жабайы аңдар (марал, қоян, киік, қасқыр, шиебөра, аю, жолбарыс, арыстан, пума, борсық). Жануарлар түйнемені алиментарлы жол арқылы (шөппен, сумен, жеммен бірге топырақты жұтып), трансмиссивті (жигалка шыбыны, шіркейлер шаққанда) жұқтырады. Спора фагоциттердің ішінде лизиске ұшырғанда жануарларда ауру дамиды. Залалданған жануарларда ауру жайылмалы түрінде өтіп, 95% өлімге ұшырайда. Түйнемені атжалмандар, бақалар, құстар қабылдмайды, оларда И.И. Мечниковтың пікірі бойынша (1951) фагоциттердің түйнемелік бациллаларды жұту қасиеті жоғары. Ауру адамға келетін болсақ, олар аурудың көзі бола алмайды, ауру адамнан түйнеменің сау адамға жұғуы ғылыми дәлелденбеген мәселе.
Берілу жолдары:
Контактілі-жарақаттық (ауру мал және ет өнімдерімен жанасқанда, малды күту, сою, етін бөлшектеу жағдайларында);
трансмиссивті (жигалка шыбыны, шіркейлер шаққанда: олар бірінші жануарларды шағып сосын адамға шапқанда);
алиментарлы (термиялық өндеуі шамалы ет тағамдарын қабылдағанда);
аэрогенді (аэрозоль арқылы – споралары бар шаң–тозаң тыныс жолдарына түскенде).
Берілу факторларға – ауру малдан алынатын өнімдер: еті, сүті, жүні, терісі, сүйегі, және ауру мал жайылған немесе көмілген топырақ , т.б. жатады.
Өмірде кездесетін кездейсоқ жағдайлар да көңіл аударуға тұрады:
- Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында бір жанұяда 1 жасар, 12 жасар бала мен олардың 39 жастағы шешесі түйнемемен аурады. Анықтай келгенде балалардың шешесі кезінде мал көмілген жерден далада қурап жатқан асықты үйге теріп әкелген, олармен жаңағы балалары ойнаған. Сөйтіп ауру сүйек арқылы жұққан;
-Бір әйел мал қорасын сылап болған соң бірнеше күннен кейін түйнемемен ауырады. Анықтай келгенде науқас балшыққа көң қосқанынын айтады;
-Бір адам қи мен тезек дайындап жүргенде ауырады. Анықтай келгенде көршінің сиыры осыдан бір неше жыл бұрын ауырып арам өлгені анықталды;
-Бір кішкентай баланы самарға суға шомылдырғаннана кейін ауырғаны анықталған. Сұрай келгенде осының алдында жаңағы самарға саңырауқұлақты жуып тазартқан. Ал саңырауқұлақ өскен жердің топырағында түйнеме таяқшасының спорасы болса керек;
-Сол даладан теріп әкелген гүл (қызғалдақтың) ауру шақыруына себеп болғаны ғылыми деректерде жазылып қалдылылған;
-Бір адам жүннен тоқылған мочалканы базардан сатып алып суға түскен. Біраздан кейін үстіне түйнеме жарасы қаптап кеткен. Осымен бірге малдың терісінен, жүнінен жасалған жаға, қолғап, байпақ кигеннен кейін жарақаттар болған теріде түйнеменің пайда болғаны белгілі.
Қабылдаушы макроорганизм. Жиілей ауруға ауыл тұрғындары (95%), кәсіптік топтар (малшылар, ет комбинатының қызметкерлері, шашлык дайындаушылар). Ауру жаз-күз айларында өршиді.
Патогенезі.
Қоздырғыштың ену және адаптация сатысы. Түйнеме таяқшасының денеге енетін қақпасы тері немесе асқазан-ішек, тыныс жолдарының шырышты қабықшалары, егер осы жерлерде жарақаттану болса (кесілген, тілінген, жарылған) онда қоздырғыштың ішке ену процессі оңайланады. Егер теріге қоздырғыштың спорасы енсе, ілінген жерде аздап болса ылғал болу керек (қан, лимфа не басқа сұйық зат), сонда ғана ол вегетативті түріне ауысады.
Біріншілік ошақтық инфекция сатысы. Содан кейін барып бацилла токсин бөліп шығара бастайды. Түйнеме патогенезінің негізінде экзотоксиннің әсері жатыр. Токсиннің құрамындағы күрделі компоненттерінің біреуі (летальді компонент) теріні коагуляциялық некрозға ұшыратады. 98% жағдайда түйнеме - жергілікті инфекция: түйнеме қоздырғышының енген жерінде әуелі қызарған дақ, сосын түйіншік (папула) пайда болады, түйіншік ішіне серозды экссудат жиналып ол көпіршікке (везикула) ауысады, кейін ішіне қан жиналып геморрагиялық пустулаға айналады. Біраздан кейін ол жарылып, жара пайда болады. Жараның ортасындағы қан түйіршіктері қарайып, қатып көмірге ұқсаған қабыршақ пайда болады. Осы кезде жараның айналасындағы ісік өте тез өсіп, аз уақытта біраз жерді қамтиды. Қоздырғыштар лимфа тамырлары арқылы лимфа түйіндеріне енген кезде оларда серозды-геморрагиялық немесе геморрагиялық-некрозды лимфаденит дамиды, қоршаған шелдің қабынуы пайда болады. Алиментарлы жол арқылы жұғу кезінде асқазанда және мықын ішектің дисталді бөлігінде бірең-сараң немесе жайылмалы некроз ошақтары мен жаралар пайда болады.
Бактериемия сатысы. Қолайсыз жағдайларда (иммунотапшылық, массивті жұқтыру) қоздырғыш қан айналымына түсіп барлық ағзаларға жайылып сепсис түрінде өтуі мүмкін. Геморрагиялық синдром (шырышты қабықшалардағы көптеген геморрагиялар, түрлі мүшелердегі ошақты қан құйылулар), инфекциялық- токсикалық шок дамиды. Бұл жағдайларда ауру өліммен аяқталады. Мәйіттік сіресулер әлсіз немесе болмайды, тамырлар мен жүрек қуыстарында тромбтарсыз, ұюсыз сұйық қан, ішкі мүшелерге қан толған, серозды қабықтарға қан құйылулар, көкбауыр ұлғайған, болбыр, пульпасы күнгірт-көкшіл болады.
Клиникалық көріністері.Түйнеменің клинико-патогенетикалық жіктелуі №3 кестеде көрсетілген. Аурудың жасырын кезеңі 1-12 күн, көбінесе 2-3 күн. Түйнеменің клинико-патогенетикалық жіктелуі №5 кестеде келтірілген.
Ең жиі кездесетін – терілік (жаралы) түрі. Теріде алдынан дақ пайда болады. Қызарған жер бірте-бірте көтеріліп түйінге (папула) айналады, папуланың ішін су кернеп көпіршікке (везикула) айналады. Оның ішіндегі сұйықтық әуелі мөлдір сосын қан аралас (геморрагиялық пустула) болып келеді. Бұл процесс 1-3 күн аралығында дамиды. 4-8 күн аралығында пустула жараға айналады. 9-14 күн аралығында жараның ішіндегі қан аралас сұйықтық қатады да түсі көмір сияқты қап-қара қабыршыққа айналады. Оның айналасындағы тері қабынып, тез ісік жиналады, ісік аз уақытта жайылып төңірегіндегі біраз жерді қамтиды. Жараның жиегінде тағы да қосымша «ұрпақтық» көпіршіктер пайда болып, ол тағы да жарылады, сөйтіп жараның көлемі ұлғая түседі. Жара терең емес, шеттері тегіс емес, құрғақ болады.
