
- •Тілеуберді Әбенәйұлы Тыныбайын шыныңа көш тарих. Шыңғысхан кім?
- •Шыныңа көш тарих! Шыңғысхан кім?
- •Түркі тану – «Көшпенділерді» зерттеу ғана емес.
- •«Ақ таңдақ»-қа анықтап көз салғанда
- •Сөз бастайық ендеше
- •II. Құндағын шешейік «құпия шежіре»-нің
- •III. Аралайық қазан хан қазынасын
- •Хан сөйлейді халқының тіліменен
- •Бастаған соң бұл сөзді тастау қиын.
- •Сірге жияр
«Ақ таңдақ»-қа анықтап көз салғанда
Бастаухаттардың емеуірініне қарағанда, түркілердің Қара-мұранның (Хуаң-хы өзенінің黄河 ) оңтүстігіндегі түбегейлі үстемдігі: Чін Шы-Хуаңның (秦氏皇) алты бектікті бір тұлғаландыруымен ақырласты. Содан бастап, Қытай (Қансу汉族 ) текті егіншілер мен әр текті отырықшылар біртіндеп сіңісіп, недәуір нығайған, бір тұлғаланған әкімият астына бірікті. Бұл, ең алғаш рет қытайлық негіздегі бірлестіктің күшеюі еді (Қытай тарихы жөніндегі қалыптасқан жаттанды түсінік осылай). Бұрын, Қара-мұранның күн жағында үстем орында тұратын түркілер, ендігі жерде ол жақтағы бір бөлім аймақтың ғана қожасы болып қалды. Содан былайғы кезден бастап, күңгейдегі қала-кент түркілері қытайласа бастады. Бұл тұс, мөлшермен Ғайса Пайғамбар туылудан 300 жылдай бұрын еді. Қытайласқан түркілер: Осыдан соңғы жерде қарсы жаққа бір жолата өтті де, қашып-пысқан жырындыларды өз бауырына тартып азық-түлік, жасақ-жабдық беріп артына қайырып салып отырды. Сөйтіп, Қара-мұранның күн жағындағы түркілердің кетеуі кете бастады. Олардың бір бөлігі батысқа қарай ығысып, өзен иінінің басындағы Түбіт (Тибет) тектілер мен өз аталастарының арасынан орын тепті. Қалған бөлігі, бір мезгіл қасарысып тұрды да: Олар, тағы өз ішінен екіге жарылып, біразы өзеннің теріскей жағына өтіп шықты. Қалғаны, әліде болса түрік қол астына қарайтын, күн жақ беттің шұрайлы алқаптарында табан тіреп тұра берді. Алайда, мұнымен түріктердің арғы бетке болған ықпалы, ақырласа қойған жоқ. Онан соң да, сан ғасыр өзеннен ендей өтіп, атойын салып тұрды. Бірақ, олар бір талай бауырластарынан (қала-кент түркілерінен) айырылды. Солармен бірге, пішікпен өрілген қыруар тарихнамалары да сол жақта қалып қойды. Осы бір өкініш, кейін талай-талай қанды жорықтарға мұрындық болды.
Түркілердің аяғын құшқан, алыс қандас екі туысы бар тұғын. Батыс қапталында, осы күнгі Түбіттердің ата-бабалары болушы еді. Олар да біраз елінен айырылып, басқасы қазіргі Сы-Чуан (四川) өлкесінің орта бөлігіне қарай ығысты. Ал, түркілердің шығыс жағындағылары, қазіргі Шүршіттердің ата-бабалары болатын. Олар, Хы-Дұң (河东) жаққа қарай ығысты. Бұлардың ендігі жерде шығыста Кореймен, батыста Түркімен тіресуіне тура келді. Түркілер ол кезде, өздерін «Күнү» деп атайтын. яғыни, Күн тектілер деген сөз еді. Оны қытайлар «Шұң-Ну» (匈奴) деп атады (егер, сол жылнамалары шын болса). Бұл атау, хат мағынасы жағынан болмаса да, дыбысталуы жағынан жауыз, зұлым деген сөздерге жуық келеді.
Күнүлер (қазіргі қазақшамен айтқанда: Күнілер немесе Күнилер), қарсыластары жауыз деп атаса атағандай ер жүрек ел еді. Олардың күнгей бетке жасаған сұрапыл шабуылдары, ақыры «Ұлы қорған» аталған қамалды тұрғызуға мәжбүр етті. Шүршіттер өз тұсын, қытайлар өз тұсын бекіте бастады. бұл бекіту ай емес, жыл емес тұп-тура екі мың жылға жалғасты. Сөйтсе де, ол жау жүрек Ілкі түркілерге тосқауыл бола алмады. Тек қана, екі өркениет арасындағы шекара сызығы болып, мәңгі сақталып қалды (жаттанды түсінікпен айтқанда осылай. Керісінше, біз Ұлы қорғанды Сақ түріктері тұрғызған деп қараймыз). Оның есесіне «Күн тектілер», Татар бұғазынан қара теңізге дейін, Мұзды мұхиттан «Маңдайға» (Тибет үстірті) дейін жарты әлемді жалғыз өзі бауырына басты. Ендігі әрі, бұл өлкеде еш бір жат ел болмады. бір ғана түрік текті арыстар ен жайлап, еркін көшті. Алайда, күндер өте келе мансап құмарлық пен сатқындық алып ұлысты үшке бөліп жіберді. Ең әуелі, қорған сыртындағылар «Шығыс күни» аталып, Қытайдың Хан (Хан 汉朝) әулетімен ұзақ жылдар бойы, алмағайып қарым-қатынаста тұрды. Оның батысындағылар «Батыс күни» аталды. олардың Тәңірқұты, аттың басын Қара теңіздің арғы жағына қарай бұрғанда, орайдан пайдаланып Күнгейінен бір талай ел бөлек кетті. Бөлінген ел, өздерін «Үйсін» деп атады. Ел басыларын «Күнби» деді. Содан талай заманға дейін, Жібек Жолының жілік майын Үйсіндер жеке сорды. Бара-бара күшейіп, Хан (Хан) әулетінен күң ұстайтын дәрежеге дейін жетті. Яғыни, Үйсіндер Күнилердің орнын басты да, қытайлар ендігі жерде соларға салық төлеп тұрды.
Кейінгі заманда, түркі жұрты бір неше хандықтарға бөлініп кетті. Олардың ең күштілері: Батыс және батыс-оңтүстік жақта тұрды. Қытай елі де осы тұста бір кездегі арыны қайтып, бытыранды күй кешті. Бір бөлігін Түркі және Мәнжүр (Шүршіт) текті хандар биледі. Дәл осы кезде (VI ғасырдың бас шенінде), солтүстікте тағы бір қуатты Ұлыс өзінің алтын шаңырағын аспанға көтеріп, ордасын тіктеп келе жатты. Ол – халқына атын мәңгілік мұра етіп қалдырып, біртұтас елесім (этноним) қалыптастырып кеткен «Түрік» атты ұлы Қағанат еді. Осы әулет, екі жүз жылдай дәурендеді де тарих сахнасынан түсті. Алайда, тақ тізгіні басқа түрік әулеттерінің қолынан кетпеді. Бұл тұс, Түмен (Бумын) қаған бастаған дана Тұнықоқ, кемеңгер көлтегіндер қостаған заман еді. Көне түрік жазуы да, бізге осы тұстан бастап мәлім болды (сірә, одан мыңдаған жылдар бұрын пайда болған да шығар? Өйткені, ол-адамзат әліппелік жазуының атасы ғой). Олардан кейін, тарих сахнасына түркінің тағы бір бел баласы Ұйғырлар шықты. Олардың орнын өзінің және бір бауырласы Қырғыздар басты. Ол да өмір ағынымен өзгелерге орын берді.
II
Бұлардың барлығының ізін баса, тарихтың биік белесіне қара қытайлар шықты. Кейін, оларды Алтын патшалығы аударып тастады. Тап осы тұстың ең негізгі бөлігін, әйгілі ғалым Лиев Гумилиев «Жүз жылдық үнсіздік» немесе «Ақ таңдақ кезең» деп атады. Ол кісінің қарауынша, осы екі хандықты да (Қытан-Қидан және Алтын) Тұңғыс-Манжұр текті халық құрған. Ал, «Көшпенділер» (Түркі тектілер) бұл кезде тарихи жазбаларда ізім-қайым көрінбеген. Себебі, олар «Ғасырлық қуаңшылықтан» бой тасалап Сібердің (Сібірдің) алыс түкпіріне ауып кеткен. Сөйтіп, «Өркениеттен алыс қалған» олар, ешбір жазбаға іліге алмаған. Иә, делік. Сонда, сірә «Ғасырлық қуаңшылық» деген болған ба, өзі? Онда: Бастаухаттар басқаны емес, осы «Қуаңшылықтың» өзін неге жазбаған. Мұқым бір халықты отанынан бостырған осынша ауыр апатты, жылнамашылар қалай ғана қаламынан қағыс қалдырған десеңізші?! Бізше, мұндай табиғат құбылысының туылуы мүмкін болса да, дәл сол кезде болды деуге дәлел жоқ. Егер, басқа қырынан-қорған ішінен теперіш көріп ауды деп жорамалдасақ та, оған тарихи шындықтың өзі жар бермейді. Ол кезде Қытай елі бытыранды, әлсіз күйде болатын. Бізге салса: Тап осы «Үнсіздікті» зерттеуді, «Қытандар» кім еді? – дегеннен бастаған жөн болмақ. Қазіргі қытайлардың өлшемді дыбыстауында, қытандарды «Чый-Дан» (契丹) деп атайды. Қазақ тіліне содан «Қидан» немесе «Кидән» болып дыбыстық аудармамен қалыптасты. Бұлай аудару: Екі тіл арасындағы салыстырмалы дыбыстық баламалау заңдылығына толық сай келеді. Алайда, біз бұл атауды «Қытан» деп алдық. Негізі, бұл елесімнің (этнонимнің) түбірі «Қыта» немесе «Қыт-а» деген сөз. Осы сөздің лексикалық мағынасы құрлық, ішкі құрлықтық өңір дегенге келеді. Содан, «Қытан», яғыни құрлық елі деген елесім қалыптасқан. Бұл пікірдің жағына шығатын тағы бір дәлел бар. Ол – Қытан хандығының, Қытай тіліне мағыналық аударылған атауы. Қытайлар оларды «Лияу (Ляо) хандығы» (辽朝) деп атайды. Яғыни, байтақ дала хандығы деген мағынада. Әсірелеп айтқанда, жер жүзінің хандығы дегенге келеді. Мұндай ишара, өткендегі хандықтардың өзіне ат қою үлгісіне толық үйлеседі. Осы арада, өзіңіз де көріп отырған шығарсыз, олардың хандық аты түркі сөзінен шыққанын. Нақтылап айтқанда: «Қыта»-құрлық, «-н»-жұрнақ. екуі біріккенде құрлықты билейтін, басқаша айытқанда: жер бетіндегі адам қоныстана алатын жердің бәрін билейтін ел деген ишарадан туған. Енді біз Қытандардың қай текті халық екенін, тағы бір қырынан қарастырып көрейік. Ол үшін сөзді «Қара қытай» хандығынан бастауға тура келеді.
Қытандар Алтын хандығынан жеңілген соң, Елүй Дашы деген адам азғантай жасағымен қашып шығып Ұйғыр жері арқылы жеті суға өтеді. Ол жақта, Қарлұқтар мен қаңлыларға хан болады. Жұрттың бәріне мәлім болғанындай: Бір ел, екінші бір елдің үстемдігін еш қашанда қарсылықсыз қабылдамаған. Мұндай шындық еш жерде, әр қандай елде болып көрмеген. Онда, қалайша сонау қиыр шығыстан арып-ашып келе жатқан үркердей қашықынға іргелі Ұйғыр (Яғлағыр-Жалайыр) ұлысы отанының өзегінен қақ жарып жол береді?! Жеті су өлкесіндегі қалың Қаңлы мен Қарлық (Арғын) неге ғана, азғантай қашқын «Шүршіт» тобырының атаманына алтын тағын ұсынып, аяғына жығылады. Кейін, осы «Шүршіт» Гүрханы, не себепті Найман ханзадасы Күшілікке қызын беріп, тақ мұрагері етіп алмақшы болады?!
Түптеп келгенде, уақиғаның осылай дамуының ең негізгі себебі: Олардың барлығының (Қара қытай, Ұйғыр, Қаңлы және Қарлық) бір атаның баласы, бір бәйтеректің саласы болғандығында. Анығын айтқанда, Қытандардың да түрік текті болғандығында. Қытан елі, айдарынан жел есіп екі ғасырдан аса уақыт дәурендеген еді ғой. Сол кезде, жоғарыда аталған Түріктер азды көпті болсын, оларға тәуелді болған. Кейін, ортадан Таңғыт (Шый-ша西夏) хандығы көтеріліп, елді екіге бөліп жіберді. Батыстан, тағы да Қоразым (Хорезім) шығып Түркістан аймағын телімдей бастады. Ең соңында, шығыстан Шүршіт күшейіп Қытан тағын төңкеріп тастады. Осындай алмағайып заманда: Қытан мен олардың арасындағы тәуелділік байланыс бірде үзіліп, бірде жалғанып тұрды. Алайда, осынау Түркі Руларының Ұлы ханға деген, дегдәр ұрпаққа болған құрметі әлі өше қойған жоқ болатын.
Енді, Қара қытай сынды елесімнің шығуына қараңыз. «Қара» – алып, зор дегенді білдіреді. «Қытай» – Қытан сөзінің басқаша түрленген тұлғасы. Сонда: «Қара қытай» – «Ұлы Қытан ұлысы» деген мағына беретін елесім болмақ.
Қытандардан қалған бірлі-жарым атаулар да, оларды түркі деп қарайтын дәйекке дәлел бола алады. Айталық, олардың ханының науғысы – «Елү» (Ие-Лұй 耶律) болып келеді. Қазіргі қазақшаға тураласақ: «Елі» немесе «Ели» болып шығады. Ол, «Елдің», «Елдік сипаттағы» қатарлы ұғымдарды береді. Бейне: Қазақы, арнайы деген сөздер секілді грамматикалық жолмен жасалған.
Қытандардың ел құрушысының аты Елү А-Бау-Жый (耶律-阿保机). Мұндағы «Абау» – аба, абақ деп аталатын садақтың (не тас атқыштың) аты. Осы адам соған шебер болғандықтан «Абаужый немесе Әбәужій», яғыни, абашы, абақшы деген атаққа ие болған.
Олардан қалған тағы бір сөз «Да-Шы» деген шен аты. Оны «Ташы», «Тасы» деп те түрлендіруге болады. Тіпті, Құмыл ұйғырлары: бұл сөзді, Жоңғар заманы тұсында «Ташлы» деп те қолданған. Бәрінің де мағынасы: Тасы бар дегенге саяды. Тас (асыл тас), Түріктерде тұқым жалғаған ақсүйектіктің нышаны. Тастың асылдық дәрежесі, шеннің дәрежесіне қарай болады. Демек, «Дашы» (Ташы, Тасы) сөзі тұқым жалғаған ақсүйек, асылзада дегенді білдіреді. Найманда, Дортуылдан тараған «Тасыбай» деген Ру бар. оның аты да осындай ишарадан шыққан. Демек, мәңгілік бай болсын деген сөз.
Шындық осылай болғанда, әлде қалай «Ақ таңдақ» немесе «Жүз жылдық үнсіздік» болмаған екен ғой.
Қайта, «Көшпенділер» – Қытан түріктері, өз тарихын бабалары қолданған пішік жазуы арқылы өздері жазғаны көрініп тұрмайма. Оның үстіне, олардың қолданған жазуы бейнелік жазудың түріктік үлгісі де болғанын айғақтайтын жанды әрі талассыз дәлел екен ғой. Амал қанша!? Қытандар жазған төл жылнама, әуелгі қалпында бізге жеткен жоқ. Жеткені «Екшеуден», «Саралаудан» өткені ғана.
Ендігі жерде, бізге қалғаны: бабалардың «Басы жоқ» мүрделерін тұлғасынан танып ала білу. Сонан соң, олардың үстіне еңсесі биік ескерткіш орнатып, аттарын алашқа жария ету. Біз, олардың сүйегіне жаттың қолымен жазылған «Жау» деген қара жазуды бір жолата өшіріп, орнына «Ардагер» деген сөзді туымыз түстес сиямен, мәңгілік етіп өз қолымызбен жазуымыз керек. Тек сонда ғана әлем алдында маңдайымыз жарық, ұрпақтар алдында ұяттан ада боламыз.
Айтқанда сөздің анығын Қытан ордасы күйрелгенде, түркі жұрты күйзелгенде: Кең даланың кенен құрсағынан тағы бір асыл текті перезент өмір есігін ашып, ұлыстың ұлы тағына қарай тәй-тәй басып келе жатты. Ол, адамзат тарихындағы есімі тек қана «Ең!» деген сөзге қосылып айтылатын ұлы тұлғалардың бірі және бір егейі арда алаша хан – ұлы Шыңғысхан еді.
Сол тұста – ІХ ғасырдың екінші жартысынан ХІ ғасырдың ауданына дейінгі аралықта, тек түркі дүниесінде ғана емес, тұтас әлем елдерінде жаппай дүбіліс болды. Жақсартып айтқанда: Дүние жүзі халықтары өзгеше жаңғыру кезеңінде тұрды. Еуропада, патша үстемдігі әлсіреп, дін үстемдігі күшейе түсті. Жиянгерлік жүйе сөгіліп, орнына айқын ұлттық түс Лаған мемлекеттер қалыптаса бастады. Ал, Парсыда болған ала ауыздық батыс Түркістанның оларды бағындыруына жеңілдік әкелді. Қытайда, «Таң» әулеті үш ғасыр отырған Алтын тағынан құлап түсті де, қорған іші миша былықты. Енді, Қытай тағына «Ша-то» (Сотық) түріктері отырды. Сол қарсаңда, қорған сыртындағы ұлы өлкенің тізгінін Қытандар қолына алды. Қорған ішіндегі Шатолар (Сотық) ұзаққа бармай жеңіліске тап болды. Ақырында қорған ішінің көп бөлігі мен түркі жұртының бір қыдыруын билеу бақытын, Көк Тәңірі қытандардың маңдайына жазды. Олар, 220 жылдай дәурен сүріп, әлемге алтын тахтың үстінен көз жіберді.
Түрік мәдениетінің құтты ошағының бірі, Тәуелсіздігінің алтын діңгегі – «Арқа» (Моңғол үстірті) еді. Бұл өңірдің жазы жайлы, күзі майлы келеді. Қысы қаталдау болғанымен, түріктің асыл тұқымды түліктеріне тым ауыр сезілмеуші еді. Көктемі де көзелектеп, сонау біріңғайынан-ақ біліне бастайды. Осынау өлкенің, Түріктер үшін онан да өзгеше маңызға ие жағы бар еді. ол болса-хан азып, қараша тозған алмағайып заман туа қалса, елге қорған болатындығы. Сонау Күнилер заманынан, Шыңғысхан тұсына дейін Түркі жұрты, күйреген ордасын осы жерде бүтіндеп төңкерілген тағын осы арада тіктейтін. Өйткені, есі бар жау еш қашанда бұл өлкеге баса көктеп келе алмайды. Келсе де, шылғауына шалынып әрең жеткен жау сарбаздарын, аз ғана түрік сайлауыттары-ақ құзғынның жеміне айналдырып тастайтын. Қалғандары, оларға (Түркілерге) құл-құтан болады. Жаудың құл болмасқа шарасы да жоқ еді. Ит жанын сүйретіп иесіне барғанымен, не басынан не к-тінен айырылады. Дәл осындай болғандықтан, Арқа әр қашан Түрік елінің құрыш қамалы, құтты қонысы еді.
Алаң ашық ұлы құрлыққа орналасқандықтан (түбектерге, мұхит аралдарына мүлде ұқсамайтындықтан), Түрік жерінде жаугершілік қисапсыз көп болған. Олар көбінде жеңсе де, жеңілген тұстары да аз емес-тін, тақ таластың кесірінен, арыстар алды-алдына кететін кездер де болып тұратын. Сондайда, бөгделенген түріктер: Өзгенің туын ұстап өз тегіне қарсы шабатын. Осындай алмағайып кезеңдердің бірі, Қытан қағанаты құлағанда туды. Амалсыз күйге түскен Түрік елі, атадан қалған айлаға қайта көшті. Олар, арқаның алыс түкпіріне кіріп алып, ұлыстың ұлы тізгінін кім ұстайды деген сұрақтың жауабына таласып қызыл кеңірдек айтысқа, қызыл шеке сайысқа түсті. Міне, осылардың барлығы өткен тариқымыздың еміс-еміс елестері еді. Айтар ойымыз анық болсын деп, әр сөздің басын шалып біраз жерге бардық. Енді, қаламымыздың тұмсығын өзекті ойдың өзіне бұралық.