Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Қытай мен Корея Республикасы қатынастардың нег...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
509.95 Кб
Скачать

1.2 Корея Республикасы мен қхр арасындағы саяси және дипломатиялық қарым-қатынастың қалыптасуы

Корея Республикасы 1992 жылдың тамыз айына дейін Қытаймен ресми түрде дипломатиялық байланыс орнатпаған еді. Қытай да, Корея да территориясының бір бөлігінен ажырап, екі мемлекетке бөлінген, тағдыры ұқсас елдер екені біздің бәрімізге мәлім. Әр мемлекет сол территориядағы басымдыққа ие болғысы келіп, екіншісінің мойын ұсынғанын қалайды. Корея түбегінде Сеул мен Пхеньян, Қытай жерінде Пекин мен Тайвань бірін-бірі мойындата алмай келеді. Қытай еліндегі Тайвань әлі күнге дейін өзін жеке мемлекет деп атап келсе, Қытай өзін Қытай жерінің жалғыз иесі деп жариялауда [4].

    1948 жылдың тамыз айында Оңтүстікте Корея Республикасы жарияланғаннан кейін іле-шала 1949 жылдың қаңтар айында Гоминьдан үкіметі Оңтүстік Кореяны заңды мемлекет ретінде мойындайтынын жарияласа, оған жауап ретінде Оңтүстік Корея да Қытай Республикасын мойындайтынын мәлімдейді. Дәл сол уақытта Қытай Халық Республикасы Корей Халық Демократиялық Республикасын мойындап, 1949 жылдың 6 қазанында екі мемлекет арасында дипломатиялық байланыс орнайды. Тура осы кезеңді қытайлық және оңтүстік корейлік үкіметаралық антогонизмнің басталуы деп айтуымызға болады[4].

1940 жылдардың аяғы мен 1950 жылдардың басында КСРО мен АҚШ арасындағы қарсыласу одан сайын күшейіп, өз кезегінде Солтүстік-Шығыс Азия өңірінде бір-біріне қарсы тұратын екі коалициялық жүйенің қалыптасуына себеп болады. Бұл тарихта «Үшбұрыш»: «Солтүстік кішкентай үшбұрыш: КСРО-ҚХР-КХДР» және «Оңтүстік кішкентай үшбұрыш: АҚШ-Жапония-Оңтүстік Корея» деген атпен қалады. 1950 жылдың басында осы қарсылас аймақтардың бір-біріне қатысты қарама-қайшылығы айрықша көрінді. Бұған дәлел ретінде Солтүстік-Шығыс Азия өңірінде болған Корей соғысын айта аламыз[4].

Бұл соғыстың басында КХДР әскері Корея түбегін түгелдей жаулап келе жатыр еді, бірақ 15 қыркүйекте БҰҰ-ның атынан осы соғысқа араласқан АҚШ Оңтүстік Кореяның жеңісіне жол ашады. 1950 жылдың қазан айында БҰҰ-ның атын жамылған Америка әскері және Оңтүстік Корея әскері 38-і параллельден асып, ары қарай Солтүстік Кореяның территориясына ене бастайды. Бұл жағдай Солтүстік Корея мемлекетінің өзіне қауіп төндірді.

Қалыптасқан шиеліністі жағдайда Қытай Халық Республикасы КХДР-ға көмек беруге шешім қабылдайды. 1950 жылдың қазан айында Солтүстік Кореяға Қытайдың ерікті әскерлері жіберіледі. Ресми түрде Қытай екі елдің соғысына қатысқан жоқ деп айтылады. Өйткені соғысқа Халық Азаттық армиясы емес, Қытайдың ерікті әскери жасақтары қатысқан болатын.

Аталмыш соғысқа араласу отаршылдық саясатты және империализмді жою деген үндеумен жүргізілсе де, Қытайдың бұл соғысқа араласуының ең басты себебі – өзін өзі қорғауы еді. Өйткені 1950 жылы Қытай Халық Республикасы Гоминьдан үкіметімен күрес жүргізіп жатқан кезде, Корея соғысы Қытай территориясына жайылып кетсе, ел ішінде саяси тұрақсыздық дамып кетеді деген қауіп Қытай басшылығын осы қадамға баруға итермелеген еді. Корей соғысы кезінде Американың 7-ші флоты Тайвань бұғазында орналастырылып, кейіннен Американың әскері Тайваньға қоныс тепті. Ел шекарасына жақындаған БҰҰ-ның әскері Қытайға басып кіргелі жатыр деген ой Қытайды соғысқа кірісуге толығымен жетелеген[10,86].

1950-1953 жылдар арасындағы болған Корей соғысы Оңтүстік Корея мен Қытай арасындағы байланысқа да өз әсерін тигізді. Бұл соғыс кезінде екі ел де бір-бірінен алшақтау саясатын ұстанғандай болады. 1953 жылдың тамыз айында Корей соғысы аяқталғаннан кейін Оңтүстік Корея американдық саясатты ұстанып, оның антикоммунистік саясатымен толықтай келісетінін айтады. 1953 жылдың қазан айында АҚШ пен Оңтүстік Корея арасында қауіпсіздік келісіміне қол қойылып, бұл жерде екі мемлекет те коммунизмді негізгі қауіп ретінде мойындап, социалистік мемлекеттерді, оның ішінде ҚХР-ді жау ретінде қабылдайтынын мәлімдейді[9,43].

Осы кезде Солтүстік Корея өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету амалдарын қарастырады. Осы тұрғыда 1961 жылдың 11 тамыз айында Қытай мен Солтүстік Корея арасында достық, өзара көмек пен серіктестік келісіміне қол қойылады. Бұл келісім екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың ары қарай дамуына себеп болды. Алайда, бұл келісімнің негізгі мақсаты – екі мемлекеттің әскери және саяси одағын құру болып табылатын. Корей соғысы аяқталғаннан кейін отыз жыл бойы екі ел де, яғни Солтүстік және Оңтүстік Корея да бір-біріне соғыс ашпау келісімін орындауға ғана тырысқан еді. Сондықтан екі ел арасында бұдан артық бейбіт ешқандай да байланыс тіркелмеді деп айтсақ та болады.

1960 жылдардың екінші жартысында Кеңес үкіметі мен Қытай арасындағы байланыс идеологиялық келіспеушілік тұрғысынан нашарлай түседі. Бұл жағдай Солтүстік Шығыс Азия өңіріндегі ғана емес, барлық әлемдегі халықаралық байланыстарға өзінің кері әсерін тигізді. Нәтижесінде, халықаралық сахнада бір-біріне қарсылас үш негізгі мемлекеттер қалыптасады: АҚШ-КСРО-ҚХР.

Бірақ Қытай мен Корея жағдайларының өзіндік біршама ерекшеліктері бар. 1960 жылдардан бастап шет елдердегі мемлекеттер екі корей мемлекетін де мойындауға мүмкіндік алып, Сеулде де, Пхеньянда да өзінің елшіліктерін ашты. Ал, Кореяға қатысты айтар болсақ, олар Пекин мен Тайбэй арасында таңдау жасауға мәжбүр болды. Егер, кейбір елдер ресми түрде «Қытай Республикасының Үкіметімен» ресми қатынас ұстанып отырса, ондай мемлекет Тайваньда өз елшілігін ашқанымен, Пекинде ешқашан аша алмады. Егер, Пекинмен байланыс орнатса, онда Тайбэймен ешқандай байланыс орнату мүмкін емес болды. Елуінші жылдардың бастапқы шенінде көптеген батыс елдері Тайваньды мойындап, осы мемлекетпен ресми байланыс орнатып келді. Бірақ уақыт өтісімен, «жер бетіндегі бестен бір халық орналасқан елдегі коммунистік жүйеге қарсы шықсаңыз, өзіңізге жамандық жасауыңыз мүмкін» дегенді түсінгендей болады. Осылайша, батыс державалары бірте-бірте Тайваньмен дипломатиялық байланыстарын үзіп, Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынас орнатады. Қазіргі таңда, Тайваньмен дипломатиялық байланыс орнатқан елдер оншақтыға жетіп жығылады. Олардың басым көпшілігі Гватемала немесе Сенегал сияқты үшінші әлемдегі мемлекеттер болып келеді [9, 46].

Халықаралық байланыстардағы бұл өзгерістер де қытай-корей байланыстарына өз әсерін тигізбей қоймады. 1964 жылғы Никсонның доктринасынан кейін, 1971 жылы Корей түбегінен 20 мыңға жуық американдық әскер шығарылды. Осыдан кейін Қытай мен Жапония, және Қытай мен Америка арасындағы байланыстарда жылылық байқала бастайды. Осы кезде қалыптасқан жағдайды саралай келе, Оңтүстік Корея Қытайға қатысты өзінің саясатын қайта қарауға көшеді.

1972 жылдың 10 шілдесінде Оңтүстік Кореяның Премьер-министрі Ким Чон Пхиль журналистерге берген сұхбатында: «Қытай мен Жапония арасындағы жақындасу өзін алаңдатып отырғанын» айтады. Сонымен қатар, Кореяның Премьер-министрі «Еліміз қазір Пекин және Мәскеумен байланыс орнатқысы келеді» деп бәрін жасырмастан жайып салады [5].

1980 жылы Корея Республикасының президенті Чон Ду Хван 1973 жылғы Пак Чон Хидің ұстанған бағытын өңдеп, үкімет басындағыларға келісім ретінде: «менің досымның досы – менің досым» деген ішкі саяси үндеу жариялайды. Осы кездер – Корей Республикасының КХДР-ды қоса алғандағы көрші мемлекеттермен қарым-қатынастарды нығайту кезеңі болып табылады. Арадағы байлынысты күшейту барысында ҚХР мен Сеул үш тараудан тұратын қытайлық – оңтүстіккореялық жоспарды ұсынды, онда: спорттық бірлестіктің өсуі; сауда- экономикалық қарым-қатынасын дамыту; дипломатиялық байланыстарды орнату қарастырылған[5].

Нәтижесінде 1985 жылы Корей Республикасының Шетел мәселелері бойынша министрлігінің тұсында Қытайға байланысты мәселелерді шешуге арнайы мамандандырылған топ құрылды.

Сянганға (Ганконг) ҚХР-мен саяси диалогты белсенді етуге тиісті арнайы елші жіберілді. ҚХР-сы тарапынан бұл жолғы ішкі саяси келісім, 1970 жылғыдай сыншыл көзқарастың болмағанын ескерген жөн. Осылайша, ҚХР-ның Шетел мәселесі жөніндегі Министрі Хуан Хуа: «есік жабық, бірақ құлыптаулы емес» - дей отырып, Корей Республикасымен қарым-қатынасты нығайтты. Соған сай 1980 жыл – Оңтүстік Корея мен «Сотүстік Корея» арасындағы дипломатиялық келісімге қол жеткізу ғана емес ҚХР-ның ел ішіндегі саясатын реттеу жылы болып табылады [9,47].

1983 жылы 5 мамырда Қытай авиациясының 296 рейспен Шэньяннан Шанхайға 114 адаммен ұшып шыққан ұшағының бағытын Бохайдан өткенде қаруланған алты адам күшпен Оңтүстік Кореяға бұрғызып, 13 сағат 10 минутта Сеулге жақын жерге қонуға мәжбүрлейді. Ұшақ қонғаннан кейін жолаушылар босатылды. Осы мәселе бойынша құрамында 33 адам бар делегация келеді. Басты мәселе Қытайдан кеткен ұшақтың мақсатты жерге бармауы болды. Бұл кездесуге немқұрайлы қарауға болмайтын еді. Өйткені, аталмыш жағдай Қытай Халық Республикасы мен Корея Республикасының арасында 1949 жылдан бергі туындаған алғашқы күрделі жағдай болатын.

Осы жылдың қараша айында Азия федерациясының қолдауымен Сянганда Қытай және Корея арасында баскетболдан азаматтық матч өтті.

1984 жылы Қытайда өткен Девис кубогының бірінші турына Оңтүстік Кореяның теннис командасы қатысты. Соның арқасында Қытай делегациясы 1986 жылы және 1988 жылдар аралығында Сеулде өткен Азия ойындарына және Олимпиада ойындарына да қатысты. 1990 жылы қыркүйек айында Азия ойындарының өткізілуі барысында Кореяға Қытай қолдау ретінде қаржылай көмек көрсетті, ол шығынның 20% ын құрады[4].

Қытайда өткен жарыстар кезінде Оңтүстік Кореядан 4 мың турист , 700 жарысқа қатысатын спортшы келді. 1990 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Азия ойындарына қатысты ішкі саясатта оң қадам болып саналды. Себебі, 1990 жылы қытай – американ қарым-қатынасы суып кеткен болатын. Осыған байланысты КР-сы Батыс елдермен және ҚХР-мен қарым-қатынастарын нығайтуға үлкен мүмкіндік алды [5].

1988 жылы маусым айында Кореяның «Тэнионь» компаниясы Қытайда Фучжлоудан тоңазытқыш шығаратын зауыт ашты. Бұл – Оңтүстік Корея бизнесмендерінің Қытай жерінде жүргізген ең көрнекті қадамы болып саналды. Оңтүстік Корея өндірісі Қытайдың сауда айналымына мықтап енді.

Қытай Оңтүстік Кореяға мақта және қағаз өнімдерін, көмір, дән және мұнайды экспорттап отырды. 1990 жылы қыркүйек айында Пекин мен Сеулде екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайту барысында сауда орталығы ашылды. Осылайша екі ел қарым-қатынасы барысында сауда-саттықтың айналымы 1979 жылғы 18.8 млн АҚШ доллары болса, 1991 жылы 5.81 млрд американ долларына дейін өсті. 1992 жылы осы сауда айналымнан түскен ақша көлемі 29.402 млрд американ долларына жетті. 1989 жылы екі ел арасында Қытай мен Корея ортасында қатынайтын ұшақтар жіберілуге келісім шарт жасасты. Ол, Сеул – Шанхай, Сеул – Тяньцзинь, Сеул – Шанхай – Сеул аралығында қатынайтын болды [5].

Дәл осы, 1980 жылы екі елдің басшылығы дипломатиялық бағыттағы қарым-қатынасты кеңейту жөніндегі келісімге келді. 1980 жылы екі ел аралығындағы қарым-қатынас бойынша, конгресс және конференцияларға көп көңіл бөлініп, бақылауға алынып отырылды. 1991 жылы қазан айында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясында ҚХР мен КР-ның шетел мәселелері бойынша министрлері арасында келісімшарт жасалды. Жылдың соңына дейін осы тектес үш кездесу ұйымдастырылды.

Осы жылдың қараша айында үшінші Азиялық – тынық мұхиттық экономикалық бірлестік жөніндегі кезекті жиналыс өтті. 1992 жылдың сәуір айында Пекинде өткен БҰҰ-ның 48 сессиясында Азия және Тынық мұхит комиссиясы үшін экономика және әлеуметтік кеңес өтті. Бұл бағдарламаны 47 сессия төрағасы ашты. Бұнда Қытай – Оңтүстік Корея қарым- қатынасындағы ең маңызды бөлік – экономикалық бірлестік болып табылып, спорттық, ғылыми және мәдени байланыстарды, адамгершілік қарым-қатынасты нығайту барысында өткізілді. Екі ел арасындағы байланысты нығайтуда сырқы саяси факторлармен қоса ішкі саяси факторлардың да рөлі орасан зор екендігі аталып өтілді. Осы факторлардың барлығы екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда жүргізілген үрдістерді бақылап отырды.

1992 жылдың сәуір айында екі елдің шетел мәселелері жөніндегі министрлері, Қытай атынан Цян Цичэнь мен Кореяның атынан Ли Сан Ок дипломатиялық байланыстың өсуі және нығайуы туралы келісім шартқа қол қойды[8,195].

Корея өзінің серіктесімен, яғни Тайваньмен қарым-қатынасты үзген соңғы мемлекеттердің қатарына жатады. Корея тек 1992 жылы ғана өзінің Пекиндегі Қытай Халық Республикасымен байланыс орнататыны жайлы жариялады. Сеулде орналасқан Тайвань консульдығының ғимараты Пекиннің қарамағына өтіп, ол жерде көп ұзамай қытай дипломаттары өз жұмыстарын бастап кетті. Кореяның Қытай Халық Республикасын мойындауы - қырғиқабақ соғыс жылдарынан кейін дүние жүзінде жаңа халықаралық жағдай қалыптасқандығын дәлелдеді. 1992 жылы Қытай өзінің енді Солтүстік Кореяның серіктесі емес екенін көрсетті. Қытайдың экономикасының қарқынды даму барысында Оңтүстік Корея да одан қалыспауға тырысып бағуда[8,20].     Дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаннан кейін Кореяның Қытайға деген қызығушылығы арта түседі. Олар Қытайға байланысты нәрсенің бәрін жаппай үйренуге ұмтылады. Бұл қызығушылық 1988-1991 жылдар арасындағы Кеңес үкіметіне деген қызығушылыққа ұқсас болатын. Бірақ олардың арасында тек бір ғана айырмашылық бар еді. Қытайдың Кеңес үкіметіне деген қызығушылығы көңіл қалумен аяқталса, корей бизнесмендерінің Кеңес үкіметіне артқан үміттері ақталмай қалған болатын. Ал Қытайға қатысты бәрі бірте-бірте сәтті бола бастайды[5].     1990 жылдың басында корей кәсіпкерлері күрделі жағдайға тап болады. Соңғы оншақты жылдарда корей экономикасы өзінің еңбек күшінің арзандығы мен көптігіне сүйеніп, жұмысшыларының тәртібіне қарай дамып келген болатын. Корей жұмысшылары арзан төлемақы үшін көп жұмыс атқаруға дайын болатын. Осының есесіне корей тауарын да арзан бағаға сату мүмкін еді. Нәтижесінде Кореяның тауары сауда-саттық айналасында сапасы жағынан төмен әрі арзан деген кері сипаттағы атты иеленеді. Бірақ тоқсаныншы жылдары жағдай өзгере түседі. Кореяда айлық төлемақылар өсе бастайды. Дегенмен қалыптасқан жағдайға байланысты Кореяға Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен бәсекеге түсу қиынға соғады. Бұл тығырықтан шығудың тек екі амалы ғана бар еді. Біріншісі, жоғарғы технологиялық саланы дамытып, сапалы, әрі қымбат тауар шығаруға дайындалу. Екіншісі, өндірістерді жұмыс күші арзан елдерге ауыстыру. Көптеген фирмалар екі амалды да қатар қолданады[5].     Жұмыс күші арзан мемлекеттердің ішінен Кореяны бәрінен бұрын Қытай, Въетнам және ТМД елдері қызықтырады. ТМД елдерінде өндіріс ашу тиімді болмай шықты. Бұл жерде корей менеджерлері мен жергілікті жұмысшылар арасындағы мәдени-психологиялық айырмашылықтар басты кедергі болды десек қателеспейміз. Сонымен қатар, заңды түсінбеушілік, Кеңес үкіметінен қалған жемқорлық мәселелері де корей бизнесмендеріне бұл кеңістікте өндіріс ашуға кедергі келтірді. Въетнамда жұмыс сәтті жүре бастайды. Ал, Қытай - корей бизнесмендері үшін ең тиімді аймаққа айналады. Бұл жерде географиялық жақындық, мәдени ұқсастық, елдегі саяси тұрақтылық, Қытайдағы корей диаспорасының көптігі өзінің жақсы әсерін тигізеді. Қытайдағы корей ұлтының корейше еркін сөйлендіндігі де өзінің жағымды рөлін атқарады. Корей жобаларының көпшілігі Солтүстік-Шығыс Қытай аймағында жүзеге асырылады. Аталмыш аймақта жобалардың жүзеге асу себебі, осы жердегі оңтүстік корейлік филиалдарда қызмет атқаратын корей ұлт өкілдерінің басымдығы еді. Маньчжурияның Кореяға жақындығы да маңызды рөл атқарғаны шындық. Өйткені, бұл аймақ Корей түбегіне жақын орналасқандықтан тауарларды арзан бағамен, әрі тез жеткізуге болатын. 2000 жылдың өзінде Қытайға салынған инвестиция көлемі 659 млн. долларды құрайды. Ал, соңғы жылдары Қытай корейліктердің инвестициялары бойынша Америка Құрама Штаттарынан кейінгі екінші орынды иеленіп отыр. 2001 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша тіпті бірінші орынға қол жеткізген еді. Инвестициялардың үштен бір бөлігі кіші немесе орташа фирмалармен жүзеге асырылады. Корейлік кәсіпкерлер Маньчжурияда кішкентай зауыттар немесе шеберханалар ашады. Бұл зауыттарда ойыншықтар, қарапайым электроника, киім, немесе корей фирмалары үшін қосымша құрал-жабдықтар жасалады. Аталған аймақта сауда-саттық да дамыған. 2000 жылғы есеп бойынша жалпы Қытай импортының 13,54% пайызын Оңтүстік Корея фирмаларының өнімдері құрайды. Оңтүстік Корея бір кездегі идеологиялық серіктесі жайлы да ұмытпаған болатын. Мысалы, ол кезде Тайвань импортының 5,73% пайызын корей өнімдері құраған болатын. Осылайша, Тайвань, Сингапур мемлекеттер Кореяның сыртқы сауда серіктесі ретінде екінші орынды алады[9,320].     Соңғы жылдары Оңтүстік Кореяның Қытайға мәдени әсері де өз басымдығын көрсете бастады. Осы уақытқа дейін жүздеген жылдар бойы Қытайдың Корей түбегіне мәдени әсер етуі басым болып келген еді. Ол жылдары Кореяның Қытайға әсер етуі еш байқалмаған болатын. Ал жиырмасыншы ғасырда бәрі керісінше бет алып, Қытайда Корей мәдениетінің әсері байқала бастайды. Мысалы, Қытайда корей әуендері, аударылған корей романдары, корей дизайны (әсіресе көп қабатты үйлердің интерьері) кеңінен танымал болды. Бұл әсер ету, әсіресе, Қытайда тұратын этникалық корейліктерде көп байқалады. Бұл жағдай уақыт өте келе Қытай үкіметін алаңдата бастағаны да рас [9,321].     Қытай-корей байланысының тағы бір аспектісі – бұл корей өндіріс кешендерінде жұмыс істейтін қытай жұмысшылары. Әрине, бұндай орындардағы қытай жұмысшыларының көбі қара жұмыстарды атқаратын болған. Сондай-ақ, жұмысшылардың басым көпшілігін тағы да Қытайдағы этникалық корейлер құрайды. Өйткені, оларға Сеулдегі жұмыс орнына орналасу тілді білгендіктен көп қиындық туғызбаған болатын. Олардың жартысы арнайы визамен Кореяға заңды түрде келіп, жұмыс істесе, басқа жартысы түрлі жолдармен Кореяға келіп жұмыс істеп жүргендер. 2001 жылғы Кореяның көші-қон қызметінің берген ақпараты бойынша Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қытайлық корейлердің саны 101 мың адамға жетіпті. Кей кездері тексеру жүргізіп, оларды өзінің отанына қайта жіберу жүргізілсе де, көші-қон қызметінің барлығын тексеруге шамалары жетпей жатады. Өйткені, корейліктер үшін мұнда олар аз ақша тауып кері кетсе де, Қытайға барып жақсы өмір сүре алатындай қаражат жинауға мүмкіндік бар болған еді. Бір жағынан Сеулде шет елден келген қара жұмысшылар жоқ болса, корейліктер арасынан мұндай жұмысшыларды табу өте қиын болар еді.

    Дегенмен, Сеулдің Пекинмен қатынаста ұстанып отырған саясатын талдап көрсек, мұның астарында Қытай Халық Республикасының Солтүстік Кореяға әсері жатыр деп айтуға болады. Көпшілік Қытай Солтүстік Кореяны сабырлылыққа шақырып, өз айтқанына көндіре алады деп ойлайды. Алайды іс жүзіндегі жақындық саясаттан гөрі экономикада айқын байқалады. Кейін не болары белгісіз, бірақ қазіргі таңдағы екі елдің байланысы экономикалық серіктестік аясында дамып келе жатыр десек, қателеспейміз[9,389].

Осылайша екі жақтың үкіметаралық қатынастарының қалыптасуына байланысты негізгі ұстанымдар белгілі болды. Мұнан екі елдің сыртқы саясаттағы ұстанымдарының ұқсастығын байқауға болады. Олар: «егемендік құқығын құрметтеу», «аумақтық қауіпсіздікті сақтау», «егемендікке қол сұқпау»және «бір бірінің ішкі істеріне араласпау» ұстанымдары. Тек бұл ұстанымдардың қосымша тармақтарында ғана айырмашылық бар. ҚХР үшін егемендік құқықты құрметтеу, аумақтық қауіпсіздікті сақтау, өзара ішкі істерге араласпау ұстанымдары кез келген елдің «тайваньдық мәселеге», адам құқықтары мәселесіне, Тибет статусы мен Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданыдағы сепаратистік бағыттарға араласпау болып саналады. Корея Республикасы үшін бұл ұстанымдар, алдымен, корей мемлекеті мен корей ұлтының бейбіт түрде бірігу мәселесіне араласпау болып табылады. Бұл жөнінде коммюникенің үшінші және бесінші параграфтарында айтылған. Дегенмен бұл жерде кішкене нақтылап өтетін мәселе бар. Егер «корей ұлтының жақын арада Корей түбегінде бейбіт бірігу әрекеттерін жүзеге асыруға ұмтылысын» құрметтеу пассажы тым декларативті түрде көрінсе, Оңтүстік Корея тарапынан «Қытай Халық Республикасының Үкіметін жалғыз заңды Қытай Үкіметі» деп мойындау және де «тек Қытай үкіметі бар, ал Тайвань оның бөлігі болып табылады» деген позицияны ұстану аса болжалды болып көрінеді[5].

Берілген құжатты қабылдау ҚХР үкіметінің аса маңызды нәтижеге жету жолындағы ірі сыртқы саяси табысы болып табылады. Яғни, Оңтүстік Корея мен Тайвань арасындағы дипломатиялық қатынастарды біржолата тоқтату жүзеге асырылды. Дәл осы кезде мемлекетаралық қатынастарды тұрақтандыру процесі арқылы ҚХР айналасында «достастықтағы көршілес елдер белдеуін» қалыптастыру жалғасып, ел мүддесіне сәйкестенеді. Оған қоса, ҚХДР тарапынан болатын наразылықтарға қарамастан, халықаралық конъюнктура Пхеньянға Қытайдан мүлдем алыстауға рұқсат бермеді. Дегенмен, олардың арасындағы қатынастарының суығаны байқалды.

Осыған қарамастан, берілген құжат Қытай Халық Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы қырық жылдық алшақтық кезеңінің аяқталып, Солтүстік-Шығыс Азиядағы жаңа серіктестіктің пайда болуының бастауы ретінде қабылданды. Оңтүстіккорейлік-қытайлық қатынастардың тұрақтануының тарихи мағынасы да осында[5].

ҚХР мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қатынастарды орнату қарама-қайшылықты қатынастар жүйесінің бұзылуына тікелей әсер етіп, өз кезегінде Солтүстік-Шығыс Азиядағы «қырғиқабақ соғыс» кезеңіне тән болған және де екі елдің арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуы үшін негіз қалады. «Жэньминь Жибао» газетінде «... Қытай мен Оңтүстік Корея арасында дипломатиялық қатынастарды орнату сан түрлі салаларда екі мемлекеттің өзара достық әрекеттері қатынастарының дамуына байланысты кең көлемді мүмкіндіктерге жол ашты» деп жазылған еді.

Дәл осы уақыттағы тұрақтану Корей түбегіндегі бірігу бойынша мәселелерді шешудің бейбіт диологын алдағы уақытта да жалғастыру үшін жақсы жағдайларды ұсынды. Қытайлық-оңтүстіккорейлік қатынастар достасу, өзара шабуыл жасамау, ынтымақтастық және тәжірибе алмасу жайлы Келісімді Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы бейбіт келісімге айналдыру әрекеттерін әрі қарай дамытады.

Екі жақты құрылымның өзі тұрақтандыру нәтижесінде қалыптасып, шартты түрде «алтықырлы төртбұрыш» деп атауға болатын, жаңа аумақтық құрылымның құрама бөлігі болып табылды. Бұл құрылымның төрт бұрышын АҚШ, ҚХР, Ресей Федерациясы мен Жапония құраса, оның ішінде КХДР мен Корея Республикасы орналасқан.

Оңтүстік Корея барлық төрт ұлы державаның алдында беделге ие болып, өз саясатында тек аумақтық мәселелерді шешу барысында ғана емес (бірінші кезекте,бұл Корей түбегіндегі мәселелерге байланысты сұрақтар), сонымен қатар жаһандық сипаттағы мәселелерді шешуде де үлкен сенімді иеленді. Корея Республикасында өз мүддесін ұстану мен қорғауда тағы бір бағыт пайда болды. ҚХР өз кезегінде, Корей түбегіндегі мәселелерді шешу барысында идеологиялық құраманың болмауы мүмкіндігін иеленді. Осындай жағдайларда ҚХР дауласқан екі жақтың ортасында анағұрлым белсенді түрде делдалдық міндет атқаратын болды [5].

Экономика жағдайындағы қатынастардың тұрақтануы белсенді дамып келе жатқан қытайлық-оңтүстіккорейлік сауда-экономикалық ынтымақтастығы үшін саяси кепілдік берді. Себебі, көптеген жылдар бойы дәл осы саяси және дипломатиялық кепілдіктердің болмауынан корей кәсіпкерлерінің үлкен бөлігі ҚХР-дың ірі нарығына инвестиция салудан қауіптенді. Дипломатиялық қатынастарды орнату Оңтүстік Кореяның және Қытай серіктестерінің өзара сенім артуына кепілдік берді[5].

Қатынастардың тұрақтануы Солтүстік-Шығыс Азияда тұрақты сауда-экономикалық жағдайды қалыптастыру мен аумақтағы елдер арасында өзара әрекеттестіктердің дамуында маңызды рөль атқарды. Ол инвестициялық тәуекел ету қаупін төмендетіп, батыс инвесторларының ұзақ мерзімдік инвестициялық жобаларға үлес қосуына жағдай жасады.

Өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бұрынғы Премьері Ли Пэн екі ел арасындағы қатынастарды сипаттау барысында мынадай ойға жетелейді: «Кішкентай көлемді жылғалар ірі арналарға айналады, ал арналар көлдерге ауысады, кейін бұл көлдер қайтадан теңізге оралады. Бұл - табиғат заңы. Біздің мемлекеттеріміз арасындағы қатынастарда (ҚХР мен Корея Республикасы) жылғалар арнаға айналды. Мықты, мағыналы өзара әрекеттер арқылы біздің елдеріміз ашық теңізге шығады».

Серіктестердің ынтымақтастыққа дайын болғанының дәрежесін анықтайтын негізгі белгі өзара бір-бірінің мүддесіне байланысты болды. 1990-жылдардың бастапқы кезеңіне қарай Корея Республикасы және Қытай Халық Республикасы да осы тәрізді өз мүдделерін ғана емес, сонымен қатар жаңа қызығушылыққа тартатын салаларды ашуға дайын екендігін көрсетті. Қытай мен Оңтүстік Кореяның арасындағы қатынастардың алдағы кездердегі дамуы өзара айырмашылықтарға қарамастан, екі елдің «жанжақты серіктестікті» дамытуға әзір екенін, XX ғасырдың соңы - XXI ғасырдың басында Солтүстік-Шығыс Азияда халықаралық ахуалдың түбегейлі өзгеретіндігін дәлелдеу арқылы көрінеді.