- •«Қытай мен Корея Республикасы қатынастардың негізгі бағыттары» мазмұны
- •1 Корея Республикасы мен қхр-ның арасындағы саяси және дипломатиялық қарым-қатынастардың даму үрдісі.
- •2 Корея Республикасы мен қхр-дың сауда және экономикалық қарым-қатынастары.
- •3 Корея Республикасы мен қхр арасындағы ұлтаралық мәселелер.
- •1 Корея Республикасы мен қхр-ның арасындағы саяси және дипломатиялық қарым-қатынастардың даму үрдісі.
- •1.1 Корея мен Қытай арасындағы саяси және дипломатиялық қатынастың тарихи аспектілері.
- •1.2 Корея Республикасы мен қхр арасындағы саяси және дипломатиялық қарым-қатынастың қалыптасуы
- •1.3 Екі Корей мемлекеттеріне қатысты қхр-дың ұстанымы
- •2.1. Сауда-экономикалық қарым-қатынастардың дамуы мен қалыптасу кезеңдері.
- •2 Корея Республикасы мен қхр-дың сауда және экономикалық қарым-қатынастары.
- •1980 Жылдардан кейінгі Оңтүстік Корея мен Қытайдың экономикалық байланысы
- •2.2.Қхр мен Корея Республикасы қатынастарының экономикалық негіздері
- •2.3. Қхр мен корей түбегі арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарының болашақ мүмкіндіктері мен күрделі мәселелері.
- •3 Корея Республикасы мен қхр арасындағы ұлтаралық мәселелер.
- •3.1. Кореядағы қытай диаспорасы
- •3.1. Кореядағы қытай диаспорасы
- •3.2. Қытайдағы корей диаспорасы
- •3.3. Екі ел арасындағы кейбір мәселелер мен диаспоралардың өзара қарым-қатынасқа тигізген әсері.
- •Қорытынды
1 Корея Республикасы мен қхр-ның арасындағы саяси және дипломатиялық қарым-қатынастардың даму үрдісі.
1.1 Корея мен Қытай арасындағы саяси және дипломатиялық қатынастың тарихи аспектілері.
Ұзақ жылдар бойы Қытай Корей түбегіне ең жақын қарым-қатынас ұстанып, Қытайдың осы уақытқа дейін Корей түбегіне саяси, мәдени, рухани тұрғыда тигізген әсері мол. Қытайдағы әрбір өзгеріс, қай жағынан алсақ та сәл де болса Корей түбегіне өз ықпалын тигізген. Мәселен Қытайда саяси, әлеуметтік толқулар болып, жағдайы нашарлап кетсе, дәл осындай өзгеріс Корей түбегінде де қайталанған. Бұны тарихи деректер мен екі елдің өткен тарихи оқиғаларына үңіліп байқасақ та болады [1, 247].
Көрші жатқан екі елдің арасындағы осы жағдайдың тарихи маңызын тереңірек түсіну үшін қазіргі замандағы Қытай мен Оңтүстік Кореяның бүгінгі байланыстарын айтпас бұрын екі елдің көне заманнан бергі саяси және дипломатиялық байланыстарының өткен тарихына үңілгеніміз дұрыс шығар.
Корей түбегінде әрқайсы жеке билік құрған Когуре, Пэкче, Силла мемлекеттері тұсында түбекті бір ғана биліктің астына жұмылдыру үшін өзара бәсекелес кезеңі болса, Қытайда да дәл сондай Хан империясы ыдырағанан кейін қалыптасқан үш мемлекет кезеңінде де елді бір мемлекеттің астына біріктіру үшін күрес басталған еді. Бұл үстемдік ету үшін таласқан күрес ғасырлаға созылды. Нәтижесінде 7 ғасырда Силла мемлекеті Қытайдың Тан династиясымен бірігіп Когуре мен Пэкчені жеңіп, Корей түбегінде біріккен Силла мемлекетін құрса, Қытайда бүкіл елді орталық бір билікке бағындырған Тан мемлекетінің кезеңі басталды. Осылайша қытай-корей байланысы Біріккен Силла мемлекеті мен Тан мемлекеті төңірегінде жалғасын тапты. Екі елдің дипломатиялық байланысының ерекшелігі Корея Қытайға аса ауыр емес алым-салық төлеп отырды, Силла бұл арада Тан мемлекеті арқылы өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қытайдың экономикалық, мәдени жетістіктерін үйренген[1, 249].
Бұл арада Силла мемлекетінің Қытайға алым-салық төлеуін осы елге саяси тәуелді болған міндеттілігінен жүзеге асырған жоқ, қайта әлсіздің күштіне пана тұтқаны сияқты осындай байланыс арқылы екі елі бір-бірін мойындап өзара пайдаға қол жеткізген деп айта кеткеніміз дұрыс болады. Алайда 907 жылы Тан мемлекеті құлап, Қытайда қайтадан саяси тынышсыздық басталды. Дәл сондай жағдай Силла мемлекетінің басынан да өтеді. 9-ғасырда Силла елінің ішінде ақсүйектер мен діни қызметшілер арасында келіспеушіліктер ұлғайып, бұл жағдай мемлекеттің ыдырауына алып келіп, түбек қайтадан кейінгі үш мемлекетке бөлініп кетеді.
Корей түбегін біріктіру бұрынғы когурелік Ван Гонға бұйырды. Ол Кейінгі Пэкче мен Силланы өзіне бағындырып, 936 жылы Коре мемлекетінің негізін қалады. Осы арада күйреген Тан мемлекеті де ыдырап, біраз жылға дейін бір мемлекет болып қайта біріге алмай, 960 жылы ғана Сун мемлекетінің қоластына біріктірілді. Алайда Сун мемлекетімен қатар Қытай солтүстік жерінде қидандар құрған Ляо империясы да біртіндеп күшейіп, бұл арада Коре елі Сун мемлекетімен бігіріп, Ляо империясына қарсы шабуылдарды күшейте бастады. Корей мен Сун мемлекетінің осындай одағына қарамастан екі елдің байланысы Коре елінің алым-салық төлеуінен аспаған еді. Бірақ кейін Қытай қидандарға қарсы соғысу үшін көмекке әскер сұраған кезде Коре келесімін бермегендіктен 1031 жылы екі елдің арасындағы дипломатиялық байланыс тоқтап қалды. Бірақ та экономикалық және мәдени байланысын ары қарай дамыту үшін Коре еліне Сун мемлекетімен байланысын жалғастырып, екінші жағынан өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ляо елімен байланысын ұстап отыру да қажет болды. Осылайша дипломатиялық байланыс әскери одақтас іздеумен жүзеге асырылса, экономикалық байланыс тек алым-салық төлеумен шектелген [1, 252].
1125 жылы Ляо империясын чжурчжендердің Цзинь империясы жаулап алып, тарихи сахнада осы ғасырдағы халықаралық байланыстар Корей, Цзинь, Оңтүстік Сун арасында жалғасты. Бұрын бірде қауіп-қатер төндіріп, бірде одақтас болуды ұсынған Ляо империясымен салыстырғанда Цзинь империясы мен Коре елінің арасындағы байланыс бейбіт түрдегі алым-салық төлеумен ерекшеленеді. Ал осы арада Оңтүстік Сун елімен саяси, әскері байланыс болмағанымен ресми емес түрде экономикалық және мәдени байланыстар жүзеге асырылып жатты [2].
Бірақ та бұл бейбіт кезең ұзаққа созылмады. 1206 жылы Шыңғыс хан бүкіл көрші тайпаларды бағындырып, 1211 жылы Цзин мемлекетіне шабуыл жасап, Корей түбегінің Солтүстігін жаулап алды. 1227 жылы Коре елі моңғолдарға алым-салық төлеп отыруға келесім берді. Моңғолдардың Корей түбегінде жүргізген 30 жылдық билігі елді үлкен тоқырауға алып келді. 1280 жылдары Қытайды жаулап алған моңғолдардың Юань империясы Коре елін де өздеріне бағынышты, тәуелді етіп, ауыр алым-салықтар алып отырды. Жапон аралдарына жасалған екі жорықтың шығыны корейлердің мойнына түсті.
100 жыл бойы Корей түбегі Юань династиясының вассалы болды. Корей ваны мен оның әулетінен шыққандарды күштеп моңғол ханшайымдарына үйлендіріп, моңғол шенеуніктері Коре елінің әкімшілігін қадағалап, халыққа алым-салық салып елді тонаған. Бірақ та Коре елі Юань империясының билігінен құтылудың амалын таба білді. Коре елінің әскер қолбасшысы Ли Сон Ге Пекиннен көмек сұрап, әскерін Амноккан өзенінің жағасына орнатып, елде билікті қадағалап жүргізді. Жапон қарақшыларын жеңіп, халықтың қолдауына ие болған Ли Сонге елде реформа жүргізіп, 1392 жылы Чосон мемлекетінің негізін қалады[2].
Алайда осы жоғарыда аталып өткен қытай-корей байланысын, осы уақытқа дейін болған Қытай династияларының Кореяға тиісті жүргізген саясатына сипаттама берер болсақ, Қытай Корей түбегіне қауіп төнгендегі сенімді одақтас болса, Корея қарыздар ел болғандықтан алым-салық төлейтін ел болған деген баға беруге болады. Қытайдың Кореяға қатысты жүргізген өктемдігінің ушығуы Қытай билігіне Мин династиясынан кейін Цин империясының келуінен басталды. Қытайдың сыртқы саясатында Кореяның орны бөлек деп айтсақ қателеспейміз. Қытайлар қолдағы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, корей түбегін бағындырып алуға тырысып келген еді. Бұл саясатта жаңа замандағы Цин империясының өктемдігі басым болған.
Маньчжур жаулап алушылары үшін негізгі мақсат – Корей түбегін бағындыру болғаны мәлім. 1627 және 1636 жылдары Корей түбегіне екі рет жорық жасалып, олар өз кезегінде аталған елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына өзінің кері әсерін тигізді. Бұл кезеңде Корея 1592 және 1598 жылдар аралығындағы Жапониямен болған соғыстан әлі есін жинай қоймаған болатын. Бірақ соған қарамастан корей халқы маньчжур жаулап алушыларына батылдықпен қарсы күресті. Алайда халқының жанкештілігіне қарамастан 1637 жылы Корей үкіметінің қарулы күштері қаруларын тастап тізе бүгетіндіктері туралы келісімге қол қоюға мәжбүр болды [3,368].
Қытайдағы Цин империясы Кореяға өте қатаң шарттар қояды. Соның бірі – корей ванын өзінің екі ұлын Қытайға аманатқа беруге мәжбүрлеп, халықты қанап, шектен тыс салық төлеткізеді. Дегенмен мәжбүрлі келісімге қол қойылғаннан кейін де Кореяны азат етушілер маньчжурлік басқыншыларға бірден дес бермей, күресулерін жалғастырды. 1642 жылы Лин Геноп және Чхве Менгиль атты шенеуніктер Мин династиясынан көмек алу үшін келіссөздер жүргізді. Алайда аталған келіссөздерден ешқандай нәтиже шықпаған. Сегіз жыл бойы Қытайда аманатта болып еліне қайта оралған Хеджон ван елін бұл өктемдіктен бір жола азат етіп алғысы келген еді. Дегенмен жылдарға созылған соғыстан зардап шегіп, оған қоса, аса ауыр салық төлеп отырған елдің әзірше бұған шамасы жетпейтінін түсінеді. Цинь империясының басқа елдерді жаулап алу саясатына Корея да өзінің әскери көмегін беріп отыруға мәжбүр болған.
XVII ғасырдың ортасында Қытай мен Кореяның өзара байланысы Цинь империясына дейінгі вассалитет формасына қайта оралды. Сол кездегі Қытайдың ресми құжаттары бойынша Қытай «үлкен», «ұлы» мемлекет болса, Корея «кіші», «қызмет етуші» мемлекет ретінде көрсетілген. Сол кездердегі Корея Қытай жыл санауын мойындап, жыл сайын елшімен бірге салық жіберіп отыруды дәстүрге айналдырғандай болды. Мысалы, Қытайға келген Корея елшісі ел билеушісі алдында тоғыз рет тізе бүгіп, құрмет көрсетуі тиіс еді. Қытай елшісі Кореяға келгенде Корея ваны да оны сондай құрметпен қарсы алуы тиіс болатын [3,369].
Бірақ елдің ішкі саясаты толығымен ванның қолында болған. Сыртқы саясатты да өз қалауынша жүргізе алғанымен, әр қадамы жайлы Қытайға есеп беріп отыруы тиіс еді.
Жоғарыда аталып өткен осы Корей және Қытай байланыстарына қарап, XVII ғ. соңы мен XIX ғасырдың орта шеніне дейінгі кезеңге баламалы (номинальды) вассалитет деген сипаттама беруге болады. Егер де, Қытай Кореяның тізе бүгіп, құрмет көрсеткенін қанағат тұтса, Корея осы арқылы өз елінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған. Жапониямен болған соғыстан кейін Корей үкіметі оқшаулану саясатын ұстанғаны бәрімізге мәлім. Бұл саясатты Корея жеңіл түрде Цинь империясына қатысты да ұстануға тырысады. XVIII ғасырдың басында Цинь империясы бір жақты түрде Кореямен екі арада шекара белгісін орнатады. 1712 жылы Цинь империясының өкілі Пэктусан тауына көтеріліп, таудың оңтүстік шығыс бөктерінде шекаралық тас орнатып, сол екі ел арасындағы шекара белгісі болады деп хабар береді. Бірақ та Корея бұл шекара белгісін мойындамаған болатын[3,370].
XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бірінші жартысында қытай-корей байланысында ешқандай оғаш оқиғалар болған жоқ. Екі елдің үкіметі бір біріне елші жіберіп, алым-салық алмасумен болды. Ешқандай тарихи өзгерістер болмағанымен екі жақтың арасында сауда-саттық байланысында тұрақты түрдегі қарқынды даму тіркелген. Дегенмен, бұл дамудың тек бір жақты болғанын бізге дейінгі көптеген тарихшылар айтып кеткендігін де есте ұстаған абзал. Әрине, бұл дамудан Қытай пайданы көп көрді, оның үлесі де қомақты болды. Корей жерінен Қытай жеріне шығарылған көптеген алтын-күміс және тағы да басқа бағалы заттар Корей экономикасына орны толмас шығын әкеледі. Осыған орай сол кездегі ірі корей ойшылдарының Қытаймен мәдени байланысты нығайту керек деп ұсыныс айтқанын да айта кеткен жөн. Бұл байланыс Корей түбегі үшін ғылым мен техниканы дамытуға өз септігін тигізеді. Бірақ та сонымен қатар, Қытайға табыну және «орталықтанған қытай» түсінігінен арылуға да бар күшті салу туралы да жиі ұсыныстар көтерілген болатын[3,370].
XIX ғасырдың басында Кореяда феодалдық құрылыс күйрей бастады. Осыған байланысты, таптық қарама-қайшылықтар пайда болып, ірі антифеодалдық күрестер басталады. Осы ірі қозғалыстардың бірі Пхенан провинциясының солтүстік батысында 1811-1812 жылдары орын алған. Осы сынды қозғалыстардан қорқа бастаған Корей үкіметі Цинь үкіметінен көмек сұрауға мәжбүр болады. Алайды, Қытай бұндай өтінішке немқұрайлы қарап, небәрі жүз әскерді жәрдемге жібереді. Көмекке келген әскер Корей үкіметі үшін ештеңе жасамады деп айтсақ та болады.
Өзінің басты мақсатына жету жолында Қытайдың ештеңеден тайынбайтын ел екенін капиталистік державалар аталған ел тарапынан басқыншылық экспансиясын бастаған кезде тіптен айқын сезінеді. XIX ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, Англия, Франция, АҚШ бірнеше рет Кореяға өзінің басқыншылық талаптарын орындатуға тырысады. Бұл отаршылдық саясат Қытай арқылы жүзеге асырылып отырған еді. Өйткені сол жылдары Қытайдың өзі жартылай отар елге айнала бастаған болатын.
Корей түбегі үшін ең қауіпті кезең – 1866 жыл болды. «Елге кірген француз миссионерлері Кореяда өлтірілді» деген сылтаумен Франция Корей жағалауына өзінің әскерін жіберді. Пекин бұл іс әрекеттерді алдын ала білсе де, ешқандай көмек көрсетпей, бейтараптық танытты. Осылайша, осыған дейін өзін Кореяның үлкен ағасы ретінді көрсетіп келген Қытай қауіпті кезеңде ештеңеге қатысым жоқ деп тайқып шыға келді[3,372].
1875 жылы отарлау саясатына Жапония қосылып, 1876 жылы Корея өзі үшін тең дәрежеде жасалмаған, әділетсіз Канхва келісіміне қол қоюға мәжбүр болды. Бұл келісімді ұсынбас бұрын Жапония Қытайдың көзқарасын білу үшін Пекинге өзінің елшілерін жібереді. 1866 жылдағыдай Қытай Кореяның саясатына ешқандай қатысым жоқ дегенді тағы қайталайды. Бұндай жалтақтықты өз кезегінде Жапония Қытай Кореяны отарлап алуды көздемейді деп қабылдаған.
Осы Канхва келісімі, Корея тарихында ғана емес Корея Қытай байланысындағы да аса маңызды кезең болып табылады. Бұл келісімнен кейін Қытай өзінің Кореяға қатысты саясатын өзгертеді. Қытайдың 70-ші жылдары Кореяға немқұрайлы қараған себебі – Қытай сол жылы ханьдық емес ұлттарға қарсы күрес жүргізіп жатқан болатын. Қытай толығымен бір мемлекеттің қоластына біріктірілгеннен кейін Қытай бұрын өзіне тәуелді болып келген Кореяны қайтадан есіне түсірді. Басқа отаршыл мемлекеттермен Корея үшін қайтадан тайталасқа түсті.
Жапонияның жетістігін көрген Еуропа мен АҚШ-та Кореямен екі арада сауда байланысын орнатуға тырысты. Осы кезде Қытай өзін Корея түбегінің бас билеушісі ретінде көрсетіп, басқа меслекеттермен қарым-қатынас орнатуда бөліп беруші, реттеуші рөліне кірісті. Дегенмен, Қытай Корей түбегінде күн санап артып келе жатқан Жапонияның ықпалынан жасқанды.
Жапониядан кейін Корея АҚШ пен тең құқылы емес тиімсіз келісімге қол қояды. Осы келісім жөніндегі келіссөздер Қытайдың бақылауымен Тяньцзин қаласында өткізілді. Қытай бұл келісімге Корея Қытайға тәуелді ел деген тұсты енгізгісі келгенімен, АҚШ бұған қарсылық көрсетті. Қитұрқы қадамы сәтсіз болғаннан кейін Қытай өзінің саясатын басқа жаққа қарай бұрды. Қытай Корея ванын өзімен тең түспейтін келісім жасасқан барлық мемлекеттерге «Қытай императорының билігін мойындаймын» деген мазмұндағы хат жіберуге мәжбүрлейді. Осыдан кейін Кореяның ваны Қытай құрастырып берген «Кореяның шет елдерге қатысты саясаты» атты талаптарына қол қоюға мәжбүр болды. Қытай өзінің өктемдігі арқасында Кореяның сыртқы саясатын толығымен қадағалауға алды. Сонымен қатар, Кореяның ішкі саясатына да араласа бастайды. 1882 жылы жазда Сеул қаласында халық отаршылдыққа қарсы көтеріліске шықты. Бұл жайлы білген Қытай ванның көмек сұрағанын күтпестен, Корея жағалауына 3 мыңға жуық әскер жіберді. Осылайша, Қытай Кореядағы көтерілісті басуға көмектесті. Көтеріліс әлі де қайталануы мүмкін деген сылтаумен Кореяда өзінің әскерін қалдырып, сол арқылы көрші елдің өзіне бағынышты екенін тағы да байқатып кетті[3,375].
1882 жылы Корея мен Қытай арасында «Теңіз және құқық» ережесіне қол қойылды. Бұл ереже бойынша Кореяның Цинь империясына тәуелді екені тағы да қайталай айтылды. Қытай Сеул және Янхва қаласында, ал Корея тек Пекинде ғана сауда жасау құқығын иеленді. Қытайлықтарға қарсы корейліктер қылмыс жасаса, олардың ісін екі мемлекет бірігіп қарайтын болған. Корей шенеуніктері Қытай саудасынан шеттетілсе, қытай шенеуніктеріне бұндай талапты ешкім қоя алмаған. Ереже бойынша Қытай сауда кемелері Корея жағалауында емін-еркін қозғала алған және өздерінің қауіпсіздігі үшін оның портты қалаларына да кіре алған.
Тарихшылардың айтуы бойынша, бұл келісім Кореяны толығымен Қытайға тәуелді етті. 1883 жылы Қытай мен Корея арасында тағы да бір келісімге қол қойылды. Бұл келісім «Шэньцзин провинциясы және Корея арасындағы шекара саудасының 24 ережесі» деп аталды. Бұл келісім бойынша, мысалы, Шэньцзинь провинциясының тұрғындары жергілікті үкіметтің рұқсатымен Кореяның кез келген аймағына бара алды. Бұған керісінше корейліктер Шэньцзинь провинциясына ғана келе алатын болған. Бұл келісімде Корея түбегі Қытай аумағы болып есептелінетіндігі де айтылған. Осыдан кейін Қытай Кореяның әскери саласында билік жүргізуге ұмтылды. 1882 жылы Цинь империясы Кореяға өзінің әскери жаттықтырушыларын жіберді, сонымен қатар Кореяға Қытайдың қырық шенеунігі де келді[3,376].
Көпе-көрнеу басқыншылық көріністер Корей халқының наразылығын тудырмай қоймады. Осындай бір халықтық көтерілістің басында атақты мемлекеттік қайраткер Ким Оккюн тұрды. 1884-1885 жылдары Қытайдың Франциямен екі арадағы соғыста жеңіліс табуы Кореядағы ұлт-азаттық көтерілісіне қосымша серпін әкеліп, көтерісшілерге жаңа бір күш пен жігер берді. Нәтижесінде, Қытай Корея түбегінен өзінің әскерін кері шығарды. Ким Оккюн бастаған белсенді күш 1884 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік төңкеріс жасайды. Көтерілісшілер ұсынған елді жаңарту бағдарламасында Қытайға төленетін салықтан толығымен бас тарту жайлы жазылған болатын. Алайда басында белсенділігімен көзге түскен топ мемлекет басында ұзақ отырмады. Елдің саясатына күтпеген жерден киліккен Қытай әскері араласты. Бастапқыда Қытай әскері ван сарайына басып кіруден бас тартқан болатын. Өйткені, олардың қолында корей ванының ресми көмек сұрағаны жайлы ешқандай құжаты жоқ еді. Соған қарамастан әскерді бастаған Юань Шикай қарамағындағыларға ван сарайын шабуылдауға бұйрық берді. Осылайша Кореяны бірнеше күн ғана билеген Уақытша үкімет жеңіліс табады[3,375].
Бұл жеңілістен кейін Қытай отарлау саясатына қарсы шығушылар қарсылық қимылдарын барынша өрістетеді. Қытай Франциямен соғыста жеңіліс тапқаннан кейін Жапонияның талабымен Корей түбегінен әскерін шығару жөніндегі келісіміге қол қоюға мәжбүр болды. Бұл келісім бойынша, Қытай да, Жапония да Корей түбегінде қауіпті жағдай болғанда ғана бірдей әскер жіберу құқығын иеленеді. Дегенмен, осы сәтсіздіктен кейін Қытай Кореядағы өз елінің дипломатиялық және сауда істерінің басқарушысы ретінде Юань Шикайды белгілейді. Кореядағы Қытай саясатының басымдығы оған осы елде жүріп-ақ экономикалық жағдайын жақсартып алуға барлық мүмкіндіктерді жасайды. 1882 мен 1883 жылдардағы келісім бойынша қытай саудагерлері үшін Кореяда барынша қолайлы жағдайлар жасалады. Толығымен қытай саудагерлерінің бақылауында болған теңіз саудасы Қытай үшін көп кіріс әкелді, Мысалы, 1886-1894 жылдар арасында кіріс көлемі бес есеге өскен болатын. Сонымен қатар, құрлық саудасы да дами бастайды. Қытай саудагерлері Амноккан өзені арқылы тауар тасуды толығымен өз бақылауына алды[3,375].
Корея түбегіндегі Қытай саудасын Юань Шикай бастаған қытайлық шенеуніктер барынша қолдаған болатын. Осындай қадамдардың нәтижесінде Қытай Кореяға көз тігіп отырған өзінің бәсекелестерін, әсіресе, Жапонияны ығыстыра бастайды. Қытай сауда саласында ғана емес, Корея экономикасының басқа салаларында да билігін жүргізді. Қазба байлықтарын жаппай тонауға кірісіп, бірінші кезекте бағалы тастарды көптеп сыртқа шығара бастады. Қытай саудагерлері көп мөлшерде алтын мен күмісті сатып алып өз елдеріне әкетті. Осылайша, 1886-1895 жылдары Кореядан теңіз жолы арқылы Қытайға алтын тасу көлемі 218 мың доллардан 400 мың долларға дейін өсті. Алтын шығаруға тек қана Қытай емес, Жапония да белсене қатысқан еді[3,383].
Қытайдағы Цинь империясы Кореяға қатысты билігінің өктемдігін көрсету саясатында капиталистік державалардың отарлау әдісін қолдануға тырысты. Осы мақсатта 1885 жылы Қытайға Сеул – Инчхон, Сеул-Ыйджу арасында телеграф желілерін тартуға құқық беретін келісімге қол қойылды. Бұл желілер кейіннен Қытайдың Фынхуан қаласымен байланыстырылуы керек болатын. Кеден басқармасы да Қытайдың толық бақылауында болды. 1890 жылы Цинь үкіметі Кореяның сырт елдермен қарыз туралы жасаған келісімшарттарының бәрі Пекиннің мақұлдауымен жүзеге асырылуы керек деп жариялайды. 1892 жылы Қытайдың өзі Кореяға күміспен жүз мың лянь қарыз берді. Осы қарыздың пайыздарын төлеп бітіргенше, Корей үкіметі кеденнен түскен пайданы басқару құқығынан айрылды.
Ресми түрде Цинь үкіметі Кореяның басқа елдермен қарым-қатынас орнатуына қарсылық көрсетпеген еді. Тек Ресеймен екі арадағы байланыс қана қадағаланып отырылған. 1882 жылы Корея мен Ресей арасында сауда келісіміне қол қоюға қарсы болып, бұл келісімге тек 1884 жылы ғана қол жеткізілді. Ресей мен Корея байланысының жақындасып кетуінен қорыққан Қытай екі мемлекет арасында дүрдараздық тудыру саясатын қайтадан бастайды. Мысалы, 1885 жылы Англия Кореяның Комундо аралын заңсыз түрде басып алған кезде, Қытай бұл басып алуды заңсыз деп қабылдамай, тіпті аралға тиісті құжаттарын да дайындап беруге әзірлігін білдірген. Осы тұста Корея тек Ресейдің араласуынан соң барып қана аталған аралды алып қалған[3,384].
80-ші жылдардың басында Қытай мен Корея арасында шекара мәселесі де туындай бастады. Бұл уақытта Цинь үкіметі Амноккан өзені бойындағы шектеу қойылған аймақты жойып, Маньчжуриядағы қытай отарын жақтауға кіріскен еді. Цинь үкіметі Амноккан және Туманган өзендерінің солтүстік жағалауына көшіп келген көптеген корейліктерді байқайды. Аштықтан қашқан солтүстік аймақтағы халық осы жерге жиі қоныс аударып, егін шаруашылығымен айналысып, жан сақтайтын. 1882 жылы Цинь үкіметі Кореяға елші жіберіп, заңсыз қоныстанып алған корейліктерді кері көшіріп алуды талап етеді. Бірақ та Корея бұдан бас тартады. Корея өзінің тарихи деректеріне жүгініп, кезінде корейліктердің жері Туманган өзініне дейін созылғанын айтады және Қытай тарапынан қойылып отырған талаптарды заңсыз деп табады. Қытай мен Корея арасындағы кейіннен Кандо деп аталып кеткен Амноккан мен Туманган шекарасы жөніндегі тайталас тартыс осылай басталған. 1885 жылы дау-дамай туғызып отырған территорияны екі жақ бірігіп зерттей бастайды. Екі ай бойы екі жақтың елшілері Туманган жағалауында жүріп, сол аймақтарды толықтай зерттеп, зерделеумен айналысады. Алайда, бұл зерттеулер ешқандай нәтиже әкелмейді. 1887 жылы шекара комиссиясы қайта құрылып, екі жақ түрлі салалар байынша шекара сызығын жүргізуді ұсынады: Қытай жақ Согыльсу саласын ұсынса, корейліктер Хоньтхосу жақты ұсынады. Бірақ та осы ұсыныстарға байланысты екі жақ бір тоқтамға келе алмайды[3,389].
Коджон ван шекараны зерттеуді қайта ұсынғанымен, Қытай тарапынан бұл ұсыныс ешқандай қолдау таппайды. 1888 жылы Коджон ван Қытайдың Гирин губернаторының Согыльсу саласы бойынша шекара сызығын жүргізейік деген ұсынысына қарсылық білдіреді.
80-ші жылдары шекара мәселесі толығымен шешілмей, сол күйінде қалды десе де болады.Шекара мәселесінің дау-дамайы жалғасып жатқан кезде, Қытай үкіметі Кандо аралындағы өз билігін нығайтуға белсене кіріседі. Осы провинцияға көшіп келемін деген қытайлық қоныстанушыларға барынша қолдау жасайды. Кандо аймағындағы корей тұрғындарынан салық жинаған корей үкіметіне Қытай өз наразылығын білдіріп, оны тоқтатуды сұрайды. Сонымен қатар, Кореядан көшіп келушілерді тоқтатуға тырысады.
1876 жылғы Корей түбегіне Жапония мен Қытайдың таласуы екі ел арасындағы соғысқа алып келеді. Бұл соғыстың басты себебі – Қытайдың Кореяда болып жатқан көтерілісті басуға әскер жіберуі еді. Көтерілістің бастамасы кішкентай болса да, кейіннен өршіп кетуінен қорыққан Қытай 1894 жылы Кореяға өзінің әскерін жөнелтеді. Жапония осыны сылтауратып сол жылдың жазында өз тарапынан әскері жіберіп, ван сарайын басып алады. Кореяның ішкі саясатына араласуын бастаған Юань Шикай әйелдің киімін киіп, Сеулдан қашып кетеді. Осылайша Корей түбегі тағы да талас-тартыс алаңына айналады. Деректер бойынша, жапон әскері Корей түбегін оба сияқты кезіп өтті деп көрсетілген. Бірақ та Қытай әскері де Корей түбегіне көп шығын әкелген болатын[3,385].
Қытай-жапон соғысы Қытайдың жеңілуімен аяқталады. 1895 жылы екі ел Симоносек келісіміне қол қойып, бұл келісім бойынша Қытай Кореяның толық дербестегін мойындап, Кореяға келтірген шығынның есесін өтеу мақсатында бұл елді Қытайға салық төлеуден мүлде босатады. Бұл келісім, шындап келгенде Кореяның тәуелсіздігін көрсетпейді. Керісінше Кореяның отарлаушы елдердің орнын ауыстырғаны деп айтсақ қателеспейміз. Жапон-қытай соғысынан кейін Қытайдың Кореяға қатысты ықпалы бәсеңдей бастайды. Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде 1899 жылы Қытай мен Корея арасында сауда келісіміне қол қойылады. Мағынасы бойынша бұл келісім осыған дейін басқа елдермен жасалған келісімдерге ұқсас болады. Бұл келісімнің тек бір жері ғана басқа келісімдерден өзгешелігімен ерекшеленетін. Онда: «Егер де үшінші мемлекет тарапынан Кореяға қысым көрсетілетін болса, Корея Қытаймен екі арадағы достық қарым-қатынасты негізге ала отырып, көмек сұрай алады» делінген. Қытай Кореядағы үстемдігін жоғалтып алғаннан кейін, бұл елмен экономикалық тұрғыдағы байланысын да тоқтатады. Қытай мен Корея арасындағы сауда өз қарқынымен дами берсе де, Кореяның өзге елдермен сыртқы сауда байланысындағы Қытайдың ролі әлсірей бастайды. Мысалы, 1899 жылы Жапония Кореядан 69,4 пайыз алтын шығарса, Қытай небәрі 30,6 пайыз шығарған болатын. Ал 1902 жылы бұндағы Жапонияның үлесі 98,9 пайызға жетсе, бұған керісінше Қытайдың үлесі 1,2 пайызға дейін төмендеп кетеді. Осының өзінен-ақ Жапонияның Қытайды Корея экономикасының барлық саласынан ығыстыра бастағанын байқай аламыз[3,387].
Жапония мен Қытай арасындағы соғыс аяқталғаннан кейін Кореядағы ұлтшыл жастар Қытайдың осы уақытқа дейін елге тигізген зиянынан толықтай құтылуға қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе бастайды. Тіпті қытай иероглифтерінен бас тартайық деген үндеулер де пайда болған еді.
XIX ғасырдың соңынан бастап Қытай мен Корея арасында кезекті шекара мәселесі туындайды. Бұған Кандо провинциясы тұрғындарынан түскен «Цинь империясының адамдары күн көрсетпей жатыр» деген шағымдары себеп болады. Қытай қарақшылары жергілікті корей ауылдарына жиі-жиі шабуылдар жасап, тонауды жалғастырғаны анықталады. Кей кездері бұл аймақта тіпті қарулы қақтығыстар да тіркеліп тұрды. Осыдан кейін Қытай және Корея шекарасында Кандо жеріне қатысты түсінбестік тағы өршиді. 1897 жылы Солтүстік Хамген провинциясының губернаторы үкіметтен аталмыш шекара мәселесі туралы құжаттарды толықтай қайта қарастыру туралы тапсырма алады. Құжаттардың бәрін көтеріп, қарағаннан кейін губернатор Чо Джонсик Кандо провинциясының Кореяға тиесілі екендігі туралы мәлімдеме жасайды. 1898 жылы екі корей шенеунігі дау-дамай тудырып отырған аймаққа барып, Пэктусан тауына көтеріліп, шекара тасы тұрған аймақтарды зерттегеннен кейін Туманган өзені екі ел арасындағы шекара бөлінуіне жатпайды дейді.
Кандо мәселесіндегі Кореяның ұстанымы 1899-1902 жылдар арасындағы ихэтуан көтерілісі кезінде де нығая түседі. 1902 жылы Корея Кандо провинциясына Ли Бомюн атты ішкі істер министрлігінің шенеунігін жібереді. Ли Бомюн осы сапарында Кандо провинциясында тұрып жатқан жергілікті корейліктерге санақ жүргізіп қайтады. Нәтижесінде, қытайлықтардың сол жергілікті корей халқынан да салық жинап отырғандығы анықталады. 1903 жылы корейліктерден Сеулге Ли Бомюнді жергілікті әкімшілік билігіе қойылсын деген ұсыныс түсіріледі. Осылайша, Ли Бомюн Кандо аймағының билеушісі болып тағайындалады[3,390].
Бірақ жаңа жағдайларды ескергісі келмеген Цинь үкіметі алған бетінен қайтпаған еді. Өзінің осы аймақтағы билігін нығайту үшін 1902 жылы жаңа Яньцзы атты округ құрады. Сонымен қатар, Кореяға істеген өктемдігі жайлы бірнеше ноталар да жібереді. Қытай үкіметінің қысымына шыдай алмаған кейбір корей шенеуніктері Кандо аймағынан көшіп кетуге мәжбүр болады. 1903 жылы Ли Бомюн өз әскермен қытай құрған Янцзы округінің әкімшілігіне шабуыл жасайды. Алайда онысы оңды нәтиже бермейді.
Қытай және Корея территориясында Кандо аймағынан басқа да аралдарға қатысты дау бар еді. 1904 жылы Амнокканның жағалауында орналасқан Синдо аралына қатысты өзара хат алмасу жүргізіле бастаған. Синдо аралы Солтүстік Пхенан аймағына жататын. Осы аймаққа жақын қоныстанған қытайлықтар еш рұқсатсыз аталған жерде ауыл шаруашылығын жүргізген болатын. Өйткені, олар бұл өңірді Қытайдың жері деп есептеп келген екен. 1906 жылы Амноккан мен Туманган өзенінің төменгі ағысында орналасқан тағы да бірнеше аралдарға қатысты кезекті түсінбестік пайда болған[3,391].
Орыс-жапон соғысында Жапония жеңгеннен кейін ол 1905 жылы Кореяға қатысты протекторат жариялайды. Осы уақыттан бастап Қытай мен Кореяның арасындағы ресми байланыс шамамен 40 жылға тоқтап қалды деп айтсақ артық етпейді. Жапония Қиыр Шығысты одан ары қарай отарлау саясатын іске асыру мақсатындағы жоспарын жүзеге асыру үшін Қытай мен Корея арасындағы даулы аймақтарды пайладанады. Ол Кореяны өз қорғауыма алдым деп, Кандо аймағында өзінің резиденциясын орнатады. 1907 жылы Жапония Қытайға Кандо аймағына қатысты дауды толықтай шешуге ұсыныс жасайды. Алайда, Қытай үкіметі бұны талқыға салудан бас тартады. Екі жақ та Кандо аймағында өзінің үстемдігін сақтап қаламыз деген мақсатпен осы өңірге өз әскерлерін жібереді[3,391].
Кандоға қатысты дау үлкен шиеленіске айналады. Жапонияның отарлау саясатында Оңтүстік Маньчжурия темір жолын салу үлкен орын алған болатын. Егер де Қытай осы құрылысқа рұқсат етсе, біз Кандо аймағын беруге дайынбыз деп қарсы ұсыныс айтады. Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде екі жақ 1909 жылдың 4 қыркүйек айында Пекин қаласында Кандо аймағына қатысты келісімге қол қояды. Бұл келісім бойынша екі елдің шекарасы деп Туманган өзені белгіленеді. Кандо аймағындағы өз резиденциясын кері шақырып алған Жапония оның орнына консульдық орнататыны жайлы айтады. Цинь үкіметі болса, Кандо аймағында тұрып жатқан корейліктерге қысым жасамайтындықтарын мәлімдейді. Бірақ іс жүзінде осы өңірде тұратын халық Қытай билігінің астына өтеді деп айтылған. Осылайша Корея мен Қытайдың қаншама жылдар бойы таласып келген аймағының мәселесін Жапония бір мезетте-ақ шешіп тастайды. (1909 жылғы деректер бойынша сол жылдары Кандо аймағында 82 999 корей және 27 3721 қытай халқы тұрып жатқан еді) [3,392].
1910 жылы Кореяның аннекциясы жариялағаннан кейін территориялық мәселелер қайтадан пайда болды. 1909 жылғы келісімде Пэктусан тауы жайлы мәселе болмаған еді. Таудың оңтүстік шығысында орналасқан тасты қытайлықтар өзінің шекара белгісі ретінде көрсетуі әбден мүмкін болатын. Дегенмен, бұл тасты шекара белгісі ретінде Корея мойындамайды. Кореяның аннекциясы жарияланғаннан кейін Кандо аймағына Корей түбегінің солтүстік уездерінен жергілікті корейлер көптеп көшіп келе бастайды. Мысалы, 1911 жылы ол аймақта 118 мың корей халқы, 35 мың қытай халқы тұрған.
1911 жылы Қытайда болған Синхай революциясына корей ұлтшылдары үлкен үмітпен қарады. Өйткені, олар республика ретінде құрылған Қытай Кореяның тәуелсіз мемлекет болуына көмектеседі деп ойлаған болатын. Осыған орай, эмиграциялық ұйымдардың белсенділігі барынша арта түседі. Кореяның осындай көптеген ұйымдары Кандо аймағындағы Жапон резиденцияларына жиі-жиі шабуыл жасайды. Алайда, Синхай революциясынан кейін Қытай билігіне келген үкімет корейліктердің сенімін ақтамады [3, 391].
1913 жылы Янцзы қаласындағы корейліктер жергілікті үкімет ұйым құруға тыйым салды деп көтеріліске шығады. Бұл көтерілісті басу нәтижесінде 200 адам тұтқынға алынады. Сол жылдары Ресейде болған Ұлы Қазан революциясы Қытай мен Кореядағы азаттық қозғалысына жаңа бір серпіліс әкеледі. Қытайдағы корей эмигранттары Қытайдағы еңбек етушілердің отаршылдарға қарсы шығуын қолдап отырған. Корейлік жұмысшылар да Қытай Коммунистік Партиясының жұмысына белсенді түрде араласа бастайды. 1927 жылы болған Кантон көтерілісіне де корейліктер көп қатысқан болатын. Кеңес үкіметінен келген әскери мамандардың саяси және әскери мектептерінде оқып жатқан корейліктер саны да арта түскенін байқауға болады[3,392].
Бірақ та жапон отаршылдарымен біріккен феодальдар корей ұлты арасындағы азаттық қозғалысты басуға барынша күш салады. Солардың көмегімен 1919 жылы болған көтеріліс те басылған еді. 1920 жылдың қыркүйек айында қытай миллитаристері Хуньчун аймағындағы Кореяның тәуелсіздік әскеріне шабуыл жасайды. Осы аймақта болған оқиғаны сылтауға алып, жапондықтар Кандо аймағына әскер кіргізіп, халықты жазалайды.
1925 жылдың маусым айында Корей генерал-губарнаторлығының басқармасы мен Шэньян полициясының бастығы өзара келісімге қол қояды. Бұл келісім бойынша Қытай үкіметі Кореяға қарулы корейліктерді кіргізбеуге, заңсыз корей эмигранттық ұйымдарын таратуға, олардың қару-жарағын тәркілеуге, сонымен қатар болған оқиға жайлы Жапон үкіметіне хабарлап отыруға келіседі. Бір айдан кейін бұл келісім Маньчжуриядағы жергілікті корейліктерге де бақылау орнату қажеттігімен толықтырылады.
Осы келісімді орындау барысында 1927-1928 жылдары Қытай миллитаристері Қытайда тұрып жатқан корейлерді бақылауды нығайтып, шекара аймағын да қатаң қадағалауға алады. 1930 жылдары «Тона Ильбо» газетінде былай деп жазылған еді: «Жергілікті корейліктерге тіпті топтасып жиналуға рұқсат берілмейді. Тіпті көшеде өз туысыңды кездестіріп, сөйлесіп тұрсаң, тұтқындап алып кетеді. Бұл жерде корей халқы түрмеде жүргендей». Маньчжуриядағы мыңдаған корейліктер еш себепсіз тұтқынға алынып, қатаң жазалана бастайды[3,393].
Корей және қытай шаруалары бірігіп, бірнеше рет қытай миллитаристері мен жапон отаршылдарына қарсы шығып, көтеріліс ұйымдастырған. Осындай көтерілістің ең ірісі 1930 жылы 30 мамырда Кандо аймағында болады. Алайда бұл көтеріліс те нәтижесіз аяқталып, ал оған қатысушылар қатаң жазаланып, көтерілісті ұйымдастырған 21 басшы Сеулде өлім жазасына кесіледі. Жұмысшылардың өзара ұйымдасуын болдырмау үшін жапон мен қытай үкіметі қытайлықтар мен корейліктердің арасына от салуға да тырысады. Мысалы, 1931 жылы маусым айында Ваньбаошань ауылында қытайлар мен корейлер арасында үлкен қақтығыс болады.
Жапон империалистері 1931 жылы Маньчжурияны басып алғаннан кейін, 1937 жылдан бастап Қытайдың ішкері аймақтарына дейін кіре бастайды. Осынау басқыншылыққа қарсы ұйымдастырылған партизан жасақтарында да, тіпті қызыл әскерде де корейліктер көптеп кездескен. Қытай Коммунистік Партиясы агрессорларға қарсы күреске өз қол астындағы барлық ұлтты, оның ішінде корейлерді де жұмылдыруға тырысады. Дегенмен, Қытай Коммунистік Партияның құжаттарында корей халқының ұлт-азаттық қозғалысының жеке мақсаттары жайлы ештеңе де көрсетілмеген болатын. Кей кездері тіпті ұлы ханьдық шовинизмнің белгілері де байқалатын. Мысалы, 1939 жылы Мао Цзэдун өзінің бір жұмысында Қытайдың осы уақытқа дейінгі отарлау саясатының кесірінен жоғалтып алған территорияларын атап көрсеткенде, оның қатарына Кореяны да кіргізген болатын. Бірақ та Қытай ешқашан Кореяның бодандығында болған мемлекет емес еді[3,393].
Гоминдань үкіметінің түпкі мақсаты Кореяны түбегейлі өзіне бағындыру болатын. Өздерінің осы мақсатына жету үшін олар Қытайдағы корейліктердің уақытша үкіметіне барынша қолдау көрсетіп, демеу берген еді. Кореяның уақытша үкіметімен 9 тараудан тұратын келісімшартқа қол қояды және онда материалдық көмек көрсету жағын да айтып өтеді.
1945 жыл Корей түбегіне көптен күткен тәуелсіздікті алып келді. Десек те, осы жылдар барысында өзара туындаған қырғиқабақ соғыстардың салдарынан Корей түбегінде бір емес, екі мемлекет құрылды. 1948 жылы КХДР-дың құрылуы Қытай үшін түбектегі екі мемлекеттің бірімен байланыстың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. 1950-1953 жылдары болған Корей соғысында Қытай өз тарапынан КХРД-на көмек көрсетуге тырысты. Қазіргі күнге дейін Қытай сол жылдардағы Корей соғысында өзінің КХДР-ға тигізген көмегін айтумен келе жатыр десек қателеспейміз. 50-ші жылдары Қытайда кең танымал болған Мао Цзэдунның саясаты да КХДР-на өзінің әсерін тигізуге тырысып бақты. 50-ші және 60-шы жылдар аралығындағы халық шарауашылығын дамытудағы «үлкен секіріс» жасаған экономикалық саясаты Солтүстік Кореяда да қайталанды. «Мәдени революция» кезінде Қытай тағы да Кореяның шекара мәселесін көтеріп, көптеген баспасөз беттерінде, әсіресе «Қытай Халық Республикасының картасында» Пэктусан тауын өзінің жері ретінде көрсеткен болатын.
Тек 1970 жылы ғана оқшауланған саясаттан құтылғысы келген Қытай сыртқы елдермен байланыс орната бастады. Байланыс үшін таңдалған алғашқы елдердің қатарында КХДР болған еді. Мысалы, 1970 жылы Чжоу Эньлай өзінің шет елге сапарын осы Солтүстік Кореядан бастады. Осыдан кейін Пхеньянда көптеген дипломатиялық, сауда-экономикалық кездесулер ұйымдастырылды. 1978 жылы Пхеньянға ҚПК председателі Хуа Гофэн іс-сапармен келеді. Қытай-Жапон келісіміне қол қойылғаннан кейін бұл елге Дэн Сяопин де келді. Осы кезеңді ҚХР мен КХДР арасындағы қарым-қатынастың барынша жанданған кезі деп айтуға болады.
