Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Негізгі бөлім,.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
162.94 Кб
Скачать
  1. Ежелгі түркілер туралы шығыс деректері

    1. Араб және парсы зерттеулері

Араб Тамим ибн Бахрдың Солтүстік –Шығыс Қазақстандағы Ертім аңғарында жатқан кимектер елі арқылы Тоғыз-ғұз қағанның астанасына уақыты жағынан алғандағы алғашқы саясаты ІХ ғасырдың бірінші жартысына жатады. Тамим ибн Бахр саясатының сипаты белгісіз, оның сапары әлдебәр дипломатиялық тапсырмаларға байланысты болуы мүмкін. Тамим ибн Бахр кимектердің орналасуы, шаруашылығы туралы мәліметтер келтіреді, Тараздан кимектер патшасының ордасына барған жолын да айтып өтеді.

Нақ сол ІХ ғасырда араб тілді географиялық шығармаларда да Қазақстан аумағында мекендеген тайпалар туралы хабарлар пайда болады. Байланыс және хабар беру қызметінің бастығы Ибн Хордадбектің «Жолдар мен мемлекеттер кітабы» (Китаб әлмасалик уә-л-мамалик) деген әкімшілік – географиялық анықтамалығы сақталып қалған, әлгіндей шығармалардың ең ертедегісі болып табылады. Ол сауда жолдарын сипаттап, әртүрлі елді мекендер арасындағы қашықтықты көрсеткен. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін ұлы жол бойында орналасқан қалалар мен қоныстарды тізіп келтірген. Еңбек көп жағынан халифаттың байланыс, пошта қызметінің мұрағаттарына негізделген. Сірә, оның түріктер туралы айқын мәліметтерінің көбі, соның ішінде түрік тайпаларының жиі-жиі дәйексөз келтірілетін тізімі де (тоғызғұздар, оғыздар, қарлұқтар, кимектер, қыпшақтар, азкиштер, түргештер және басқалары) VIII ғасырға жататын болса керек. Әл-Якуби (ІХ ғ.) мен Кудама ибн Жафардың (Хғ.) шығармалары жанры жағынан Ибн Хордадбектің еңбегіне жақын.

Тарихшы әрі географ Әл-Якубидің «Елдер кітабы» (Китаб әл-бұлдан) деген географиялық шығармасында Қазақстан түріктері туралы ауқымды тарихи – географиялық материал бар. Оның кең хабардарлығы мен хабарларының дәлдігі біршама жоғары екенін атап өткен жөн. Әл-Якубидің оғыздар, қарлұқтар, кимектер, тоғыз ғұздар мемлекетілігі туралы мәліметтері ерекше маңызды. Араб географы және филологы Кудама ибн Жафар «Харадж және хатшы өнері туралы кітап» (Китаб әл-харадж уә санъат әл-китаба) деген географиялық-әкімшілік шығарма жазған. Ол өз шығармасын жазған кезде өзі қолына түсіре алған ресми құжаттарды кеңінен пайдаланған. Онда халифаттың әкімшілік бөлінісі, аса маңызды қалалар, таулар, өзендер, жеті климат (белдеу) туралы мәліметтер бар. Байланыс жолдарына және жерге орналасуы мен алынатын салықтар туралы деректер келтіріледі, провинцияларды суреттеуге едәуір көңіл бөлген. Онда мұсылман елдерімен көршілес жерлер туралы да құнды мәліметтер келтірілген; мәселен, түрік тайпалары: қарлұқтар, кимектер, оғыздар, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу шегіндегі сауда жолдары туралы, маршруттар, қалалар, қоныстар және олардың арақашықтығы туралы нақтылы материал бар.

Қарастырылып отырған деректемелер кешені арасында араб географы Ибн әл-Факихтің (ІХ ғасырдың аяғы – Х ғасырдың басы) «Елдер туралы әңгімелер кітабын» (Китаб ахбар әл-бұлдан) да атап өткен жөн. Ол өз кітабын көбінесе өзінен бұрынғы авторлардың (әл-Жахиз, Ибн Хордадбек, әл-Жейхани) шығармаларын негізге ала отырып, 903 жылдар шамасында құрастырған. Онда Азия мен Шығыс Еуропаның көптеген елдері туралы тарихи-георафиялық материалдар жеткілікті. Түріктер туралы тарау ерекше назар аударарлық, онда түрік тайпалары (қарлұқтар, кимектер, қыпшақтар, оғыздар, тоғыз ғұздар, және басқалар) туралы, олардың елдері, қалалары, сауда жолдары, орналасуы, шаруашылығы және мәдени қызметі туралы құнды мәліметтер келтіріледі. Ибн Русте көп томды энциклопедиялық шығармасын Ибн әл-Факихпен бір мезгілде жазды деуге болады. Бұл еңбектен климат тарихи- географиялық тұрғыдан суреттелетін бір томы ғана сақталған. Ибн Рустенің «Қымбат тұратын алқа туралы кітап» (Китаб әл-алак ән-насифа) деген шығармасы түгелдей кітап деректемелеріне негізделген. Автор түрлі саяхатшылар мен географтардың туындыларынан құнды фактілерді ерінбей-жалықпай көп жинаған. Оның түркі тілдес тайпалар мен олар мекендеген жерлер туралы бөлімдерінің зор маңызы бар.

Араб географиясының ең гүлденген шағы – Х ғасыр. Араб геграфы әлі саяхатшысы, Орталық Иранның тұрғыны, әл-Истахри (Х ғғ.) сол дәуірдің танымал өкілі. Оның «Жолдар мен мемлекеттер туралы кітап» деген еңбегі әл-Балхидің неғұрлым ертедегі, бізге дейін жетпеген географиялық еңбегінің өңделген және толықтырылған нұсқасы болып табылады. Кітапта Аравия, Парсы теңізі, Мағриб, Мысыр, Сирия, Румдар теңізі, Ирак, Үндістан, Иран, Хазар теңізі, Армения, Әзірбайжан, Хорасан және Мәуереннахр суреттеледі. Әрбір ел жөнінде шекаралары, қалалары, қашықтығы, маршруттары туралы мәліметтер; өнімдері, саудасы, қолөнері туралы жекелеген деректер келтіріледі. Шығыс Еуропа туралы қызықты мәліметтер бар, хазарлар, буртастар, орыстар, бұлғарлар өмірі суреттеледі. Қазіргі Қазақстан аумағында тұрған түрік тайпалары: оғыздар, кимектер, қарлұқтар туралы маңызды да нақты материалдар кездеседі. Онда «дүниежүзінің картасы» келтіріліп, түрік тайпаларының шоғырланған жерлері көрсетілген. Әл-Истахридің еңбегін өз кезегінде Х ғасырдың аяғында Ибн Хаукаль редакциялап, толықтырды және оны «Жолдар мемлекеттер кітабы» деп атады.

Ибн Хаукаль солтүстік Месопотамиядан шыққан, өз кезегінде көп саяхат жасаған. Түрік тайпалары туралы тарихи-географиялық мәліметтері әл-Истахридің хабарларымен көп жағдайда кездеседі. Оның түрік тайпаларына берген лингвистикалық сипаттамасы ден қоярлық: оның айтуынша, олардың бәрі бір тілде сөйлейді. Әл-Истахри мен Ибн Хаукаль еңбегінің маңызды бөлігі «Жер келбеті» деген географиялық карта болып табылады. Мәтіні мен картаны зерттеу түрік тайпаларының орналасуы туралы мәліметті әлдеқайда жақсы анықтауға мүмкіндік береді. Х ғасырда арабтың екі саяхатшысы Ибн Фадлан мен Әбу Дулаф Қазақстан жері арқылы жүріп өткен. Ибн Фадлан туралы ешқандай өмірбаяндық мәліметтер жоқ. Ол «Жазба» деген елеулі туынды жазған, онда хазарларға қарсы араб-бұлғар одағын орнату және бұлғарлар арасында ислам негіздерін орнықтыру мақсатымен араб халифатының астанасынан Еділ бұлғарларына бірнеше адам болып барған делегацияның сапары суреттелген. Елшілік Бағдаттан 921жылғы маусым айында шығып, бұлғарларға, 922 жылдың мамырында жеткен. Жолды Хамадан, Рей, Нишапур, Мерв, Бұхара, содан соң Хорезм, Үстірт және Жайық арқылы Еділ бойына қарап жүріп өткен. Қайтар жолдағы мерзімдері мен карталар белгісіз. Онда орыстардың, хазарлардың әлеуметтік және рухани тарихы жөнінде маңызды мәліметтер келтіреді. Этнографиялық смпаттағы мәліметтер толып жатқан көшпелі түрік тайпаларына: печенегтерге, башқұрттарға және әсіресе қазіргі Қазақстанның батыс облыстарын мекендеген оғыздарғы қатысты.

Әбу Дулаф Бұхарада самани ІІ Насрдың сарай қызметшісі болған. 942 жылы Әбу Дулаф Қытай мен Үндістанға сапар жасап, өз замандастары арасында саяхатшы атанған. Әбу Дулаф саяхаттары туралы өз естеліктерін екі «Жазбада» (Рисала) баяндаған, оларда оғыздардың, кимектердің, қарлұқтардың, жікілдердің шаруашылығы, діні мен тұрмысы туралы мәліметтер айтылады. Көзімен көргендері туралы хабардарға қосылған естеліктері де аз емес.

Бағдатта туған араб тарихшысы әрі географ әл-Масудидің (Хғ.) шығармалары бағалы тарихи деректеме болып табылады. Оның білімінің негізгі көзі Үндістаннан Атлант мұхитына, Қызыл теңізден Каспий теңізіне дейінгі барлық елдерді қамтыған саяхаттар мен халықтың мейлінше алуан түрлі топтардың өкілдерімен нақты қарым-қатынас жасау болды. «Уақыт тарихы» (Ахбар әз-заман) деген 30 томдық тарихи-географиялық энциклопедиядан бізге жеткені – «Алтын жуғыштар мен асыл тастар кеніштері» мен «Таламгерлік және қайта қарау кітабы» . Әл-Масудидің еңбектерінде түрік тайпалары (кимектер, оғыздар, қарлұқтар, барысхандар, тоғыз-ғұздар, хазарлар) туралы тарихи-географтялық мәліметтер мен алдыңғы ортағасырлық Қазақстанның тарихи географиясы жөнінде деректер келтірілген. ІХ ғасырдың екінші жартысында Батыс Қазақстанда болған тарихи оқиғалардың қысқаша баяндалуы елеулі ынта-ықылас туғызады.

Әл-Макдиси (Хғ.) шығармаларында өз көзімен көргендерге негізделген тарихи-географиялық деректер бұдан да маңызды орын алады. Араб географы әрі саяхатшы, Иерусалимге туған ол Шығыстың барлық мұсылман елдерін аралап шықты деуге болады. Оның шамамен 985 жылы жазылған «Климаттарды тануға арналған ең жақсы бөлінісі» деген шығармасында елдер мен аймақтардың араб әдебиетіндегі толық және жүйелі суреттемесі беріледі, соның ішінде Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан, халықтың тайпалық құрамы, қалалары мен қоныстары, сауда жолдары мен сауда жасайтын заттары, шаруашылығы мен діни көзқарастары, тілі мен ғұрыптары туралы маңызды мәліметтер бар.

Испан-араб географы Исхак ибн әл-Хусейннің (Хғ.) Андалусияда жазылған «Кез келген жердегі атақты қалалар суреттелетін інжулер үйінділері» деген шығармасында Қазақстанның түркі тайпалары суреттеледі. Оның түріктер туралы тарауда келтірілген мәліметтеріне Гардизидің (ХІғ.), әл-Бирунидің (ХІғ.) және әл-Марвазидің (ХІІғ.) ақпараттарына ұқсас сипаттар анықталады.

Кітапта түркі халықтары туралы этнографиялық және тарихи-географиялық сипаттағы деректер бар. Әл-Марвазидің (ХІІғ.) «Жануарлардың табиғи қасиеттері» деген шығармасын Қазақстанның орта ғасырлардағы тарихының құндв дерегі деп атаған жөн. Автор салжұқ Мәлікшахтың (1072-1092) сарайында дәрігер және Санжар (1118-1157), билегенге дейін оның мирасқоры болған. Әл-Марвазидің туындыларында түркі халықтары туралы бірегей географиялық мәліметтер бар. ХІ ғасырдың басында кимек, қыпшақ, оғыз тайпаларының қоныстануына елеулі ықпал жасаған халықтардың қоныс аударуы туралы хабар ерекше құнды. ХІІ ғасырдың орта шенінде арабтың географ ғалымы әл- Идриси арабтардың орта ғасырлары жөнінде «Аймақтарды аралап қажыған адамның көңіл көтеруі» деген аса ірі географиялық шығарма жазды. Ол Сеутте туып, Кордовада оқыған, жас кезінен көп саяхат жасап, Лиссабонда, Англияда, Францияда, Мороккода, Кіші Азияда болған. Географиялық шығарма Сицилияның королі ІІ Роджерге (1098-1154) арналған. Онда Еуропаның, Азия мен Африканың елдері егжей-тегжейлі суреттеледі. Ол Шығыс Еуропаны, Кавказды, Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтар туралы этнографиялық және тарихи-географиялық сипаттағы қызықты әрі бірегей хабарлар айтады. Орта ғасырлардағы Қазақстан аумағында мекендеген түркі тайпалары: кимек, қыпшақтар, оғыздар, қарлұқтар, түркештер, азкиштер туралы, олардың орналасуы, шаруашылығы, қалалары, сауда жолдары , қолөнері туралы маңызды мәліметтер келтіреді.

Әл-Идрисидің бізге келіп жетпеген жазбаша деректерге негізделген мәліметтері көбінесе бірегей болып келеді. Мәселен, кимектер елін суреттеген кезде ол Шығыс Қазақстан далаларында туған кимек ханзадасы Жанақ ибн Хакан әл-Кимеки (Х-ХІғ.) жазған кітапты пайдаланған. Әл-Идрисидің еңбегінде келтірілген және «Жер келбеті» деп аталатын георафиялық карталар ерекше ынта-ықылас туғызады. Карталарда географиялық және экономикалық объектілердің белгілері көп, бұл ерекшеліктер оларды өте құнды қосымша деректемелерге айналдырады.

ХІІІ ғасырдан бастап ортағасырлық араб тілдес авторлар көбіне құрастырушығы айналып, өз заманындағы жағдайды сирек суреттейді және өздерінің алдындағы географтар мен тарихшылардан дәйексөздер келтіруді жөн көреді, бірақ оның есесіне бізге келіп жетпеген бірқатар деректемелердің құнды мәліметтерін сақтап қалған. Ғарышнамалық әдебиет дамып, алуан түрлі экзотика мен кереметтерге ынта-ықылас туғызады. Араб географы Ибн Санд (ХІІІғ.) әл-Идрисидің тікелей ізбасары болып табылады. Оның «Жеті климат туралы» шығармасы бұрынғы деректерге едәуір тәуелді екеніне қарамастан, Қазақстанның Еділ бойымен Орта Азияның ХІІІ ғасырдың орта шеніне дейінгі тарихи географиясын зерттеу үшін өз бетінше ынта-ықылас аударады. Қыпшақтар мен кумандар туралы, олардың қоныстануы, қалалық қоныстары мен діні туралы қызықты мәліметтер жеткілікті. Тарихшы және географ Закария әл—Казвинидің (ХІІІғ.) туындылары да деректемелердің осы тобына жатады. Автордың есімі «Жан-жануарлардың кереметтері» және «Қалалар ескерткіштері» деген екі тарихи-географиялық еңбектерімен әйгілі болды. Бұл еңбектер әртүрлі жарық көздері, жердің жеті климаты, теңіздер, өзендер, таулар, минералдар, өсімдіктер, жануарлар мен әртүрлі экзотика туралы нақты материалдарға бай. Сонымен бірге оларда ІХ-Х ғасырларда қазіргі Қазақстан аумағында мекендеген түркі тілдес тайпалар: оғыздар, қарлұқтар, жікілдер, кимектер туралы тарихи-этнографиялық маңызды деректер де келтірілген. Суфизмді ұнатқан және тегінде соны ұнатудың салдарынан болар, өмірінің ақырында Палестинаға кетіп қалған сириялық әд-Димашки «Құрғақтағы және теңіздегі уақыт пен ғажайыптардың таңдаулыдары» деген ғарышнамалық үлкен еңбек жазған. Оның шығармасы араб авторларының едәуір дәрежеде ІХ-ХІ ғасырлардағы дәстүрлі бағыттағы шығармаларына негізделген. Сонымен бірге онда түркі халықтары және олардың орналасуы, қыпшақтардың тайпалық құрамы туралы бұрын белгісіз дерек келтіріліп, кумандар қыпшақтардың этникалық компоненттерінің бірі деп көрсетілген. ХІІІ ғасырда Сирия ғалымы Якут «Елдер тізбесі» деген географиялық әмбебап түсіндірме сөздік жасады. Онда мұсылмандар тобының да, оның шегінен алыс жатқан жерлердің де халықтарының географиясы, тарихы, лингвистикасы, фольклоры, материалдық және рухани мәдениеті жөніндегі автор білетін мәліметтердің бәрі қамтылды. Якуттың ортағасырлардағы Қазақстан мен оған шектес жерлердің ХІІІ ғасырдың басына дейінгі көшпелі түркі тайпалары туралы деректері едәуір толық әрі маңызды. Сөздікте, сондай-ақ моңғол шапқыншылығы , моңғол әскерлерінің қыпшақтар, аландар, бұлғарлар және сакин аймағы арқылы жүріп өтуі келтірілген. Месопотамияда туған көрнекті араб тарихшысы Ибн әл-Асир Якуттың замандасы әрі жақын танысы болған. Ол Аравияны, Сирияны, Палестинаны аралар саяхат жасаған, 1188 жылы Салахаддиннің крестілерге қарсы шайқастарға қатысқан. Мосулде өлген. Ибн әл-Асир бірқатар тарихи библиографиялық еңбектер, соның ішінде «Тарихтың толық суреттемесі» деген іргелі тарихи хроника жазған, онда моңғол шапқыншылығын қоса алғанға дейінгі мұсылман дүниесінің тарихы баяндалған. Ғалым орасан зор нақтылы материал жинаған бірқатар жағдайларда ол бізге келіп жетпеген жазбаша деректемелерді пайдаланған. Мұсылман әулеттері мен оларға шектес мемлекеттердің (Араб халифатының, Саманилердің, қарахандардың, хорезмшахтардың, қарақытайлардың және басқаларының) саяси тарихы егжей-тегжейлі суреттеледі. Ертедегі түріктер, қарлұқтар, оғыздар, қыпшақтар жөніндегі саяси, этникалық, этнографиялық және мәдени сипаттағы деректердің Қазақстан тарихы үшін зор маңызы бар. Ол өз заманындағы оқиғалар ретінде моңғол шапқыншылығының жойқын зардаптарын суреттеген. Саяси оқиғаларды баяндауда ол 1232 жылға дейін жеткізеді.

Хорезмнен шыққан араб тілді тарихшы, ең соңғы хорезмшах Жалал ад-диннің сарайындағы хатшысы және өмірбаяншысы ән-Насави ибн Әл-Асирдің замандасы болатын. Оның моңғол шапқыншылығының қарсаңындағы және сол кезеңдегі Хорезмшахтар мемлекетіндегі оқиғаларға арналған «Жалал ад-дин Манкубирти сұлтанның өмірбаяны» деп аталатын шығармасында сол кезде қыпшақстар мен түріктердің басқа көршілес тайпалармен тұрақты қарым-қатынас жасап отырағн Хорезмнің ішкі және сыртқы істері туралы мәліметтер бар; еңбекте Қазақстан даласы қыпшақтарының Хорезммен бейбіт қатынастары мен қарулы қақтығысының фактілері көрсетілген, сондай-ақ қыпшақ қоғамының ішкі құрылымы туралы бірсыпыра деректер келтірілген. Билік басына мәмлүктер (қыпшақтар) әулетінің келуі және олардың Алтын Ордамен байланыстарының жандануы себебі XIV-XV ғасырларда Мысырда тарихи әдебиеттің едәуір дамығанын көрсетеді. Әкімшілік мақсаттары үшін іргелі энциклопедиялар жасалды, оларға түрік әулеттері, халықтары және олардың елдері туралы тарихи-географиялық деректер де енгізіледі. Мысырда қыпшақтан шыққан сұлтан Рукн-ад-дин Бейбарыстың (1260-1277) өмірбаянына арнап, оның хатшысы Әбді әз-Захир жазған тарихи еңбек ХІІІ ғасырдың өзінде ақ пайда болады. Өмірбаяндық шығармада Алтын Ордамен өзара қатынастар туралы мәліметтер келтіріледі. Қырымнан Еділге дейінгі қысқаша жолнұсқа беріледі, сол кезде-ақ Дешті Қыпшақтан шыққандар көп тұратын Қырым халқының тайпалық құрамы, Алтын Ордадағы діни және идеологиялық жағдай туралы хабарланады. «Әдеп тәртіптері жөніндегі тілектер шегі» деген энциклопедиялық жинақ көрнекті тарихшы ән-Нувайридің қаламынан туған. Энциклопедия 5 бөлімге бөлінеді, олардың соңғысы тарихқа арналған және бүкіл еңбектің жартысын алады деуге болады. Тарих бөлігі негізінен құрастырма, тек соңғы жылдар хроникасы ғана түпнұсқа сипатында, баяндау 1331 жылға дейін жеткізілген. Автор түрік халықтары туралы тарихи-этнографиялық мәліметтер келтіреді, «Қыпшақтар елін» қысқаша сипаттап, қыпшақ рулары арасындағы өзара қырқыс туралы хабарлайды, қыпшақ тайпаларының құнды тізімін келтіреді. Дамаскіде туған әл-Омари жазған «Қалаларыдың иеліктері жөніндегі шолу жолдары» деген энциклопедия да қызықты және оның деректік маңызы аз емес. 1347-1351жылдарда ол ән-Нәсір сұлтан кезінде мемлекеттік хатшы қызметін атқарған. Шығыстан Батысқа дейінгі авторға мәлім мемлекеттердің бәрін суреттеу бұл шығарманың жеке томына енгізілген. Моңғол шапқыншылығының Орта Азия мен Еділ бойы мен Кавказ тағдыры үшін зардаптары туралы, Дешті Қыпшақтың қалары мен сауда жолдары, қыпшақтардың орналасуы, олардың әдет-ғұрыптары туралы мәліметтер едәуір ынта-ықылас туғызады. Белгілі араб саяхатшысы Ибн Батуттаның еңбегі де сол дәуірге жатады, ол 25 жыл (1325-1349) саяхат жасап, 150 мың шақырымнан астам жол жүріп өткен. Мысырда, Палестинада, Сирияда, Иракта, Үндістанда, Бенгалияда, Цейлонда, Қытайда, Ауғанстанда, Орталық Африкада болған. Ол көптеген сапаралары туралы «Қалалардың ғажайыптар мен саяхаттардың кереметтері туралы пайымдаушыларға тарту» деген кітабында айтып береді. Қырымнан оңтүстік орыс даласымен Еділге дейінгі маршрутты суреттеуінде құнды материал бар. Бұл жерлер Алтын Орданың қарамағында болған еді. Ғалым Астраханнан Константинопольге барған, сонан соң Алтын Ордаға қайтып келіп, хан ордасы сарайда болған, Еділден жүзіп өтіп, Үстірт, Хорезм, Бұхара мен Ауғанстан арқылы жүріп өткен.

Қазақстанның кең байтақ аумағында және оңтүстік орыс далаларында қоныстанған ортағасырлық қыпшақтардың шаруашылығы, тұрмысы және мәдениеті, географиясы туралы мәліметтер ерекше ден қоюға лайық. Ибн Халдун (XIV-XV ғасырдың басы) аса көрнекті араб тарихшылары саңлақтырының шоғырына жатады. Ол өзінің үш кітаптан тұратын «Өсиеттер мен ғибратты үлгілер кітабы» деген тарихи еңбегінде , оның бірінші бөлімінде қоғам мен мемлекеттің дамуына, жалпы алғанда адамзат өркениетінің дамуына, соның ішінде мәдениетке және адамдардың шаруашылық қызметіне өзінің философиялық және саяси-экономикалық көзқарастарын, дүниетанымын баяндайды. Екінші кітапта ежелгі халықтардың және автор заманындағы мұсылмандардың Шығыстағы мемлекеттерінің , соның ішінде Таяу Шығыс пен Орта Азияда билік еткен Қарахандар, Салжұқтар, Хорезмшахтар, Мәмлүктер, Моңғол әулеттері мемлекеттерінің тарихы баяндалады. Үшіншісі арабтар мен берберлердің тарихына арналған. Ибн Халдунның еңбегінде Түрік тайпаларының: оғыздардың, қарлұқтардың, кимектердің, қыпшақтардың алдыңғы ортағасырлық тарихы жөнінде де мол нақтылы материалдар кездеседі. Мысыр тарихшылары арасында Ибн әл-Фурат (XIVғ.), әл-Қалқашанди(XIV-XV ғасырдың басы), әл-Макризи (XIV-XV ғасырдың басы), ибн Тагриберди (XVғ.) елеулі тұлғалар болып табылады. Олардың туындыларында Қазақстан аумағында мекендеген алдыңғы орта ғасырлардағы түрік халықтары мен тайпалары туралы қызықты мәліметтер бар.

Бұл деректердің сипаты туралы айтқанда, орта ғасырлардағы Шығыс авторларының көпшілігі өз баяндауларында бір-біріне байланысты екенін кейде неғұрлым кейінгі авторлар аз мәліметтерін алдыңғы жазбаша деректерден алып, мұны еш жерде ескертпейтіндігін айтып өту керек. Ортағасырлық авторлар құрастыру әдісін кеңінен пайдаланып, өз еңбектерінде түрлі анахронизмде және жекелеген фактілерді анықтаудағы көрінеу қателіктерге ұрынады. Қазақстанның және онымен шектес аймақтардың халықтары мен тайпалары туралы қол жетерлік, деректердің бәрін бұл хабарлардың авторлары немесе жеткізулері кім болғанын, олардың туындылары қай дәуірде, қандай саяси және әлеуметтік жағдайларда жасалғанын біліп, осы ақпараттың бәрін ескере отырып, сенім білдіруге лайықты, түпнұсқа мәліметтерді құрастырылған, күмәнді мәліметтерден ажыратуға және соның нәтижесінде зерттеліп отырған дәуірдің біршама анық тарихи көрінісін алуға болады. Басқаша айтқанда, орта ғасырлық деректемелердің деректері қазіргі зерттеушілерден тынымсыз және ыждағатты деректанушылық жұмысты талап етеді.

Араб халифаты дәуірінде арабтардың Шығысты жаулап алуы синкретикалық мұсылман мәдениеті мен ислам дінінің ықпал өрісін кеңейту ісіндегі белсенділігі, мұсылман дүниесінің саяси шекарасынан тыс жатқан алыс аймақтармен сауданың дамуы арабтарды Шығыс Еуропа мен Орта Азияның көршілес елдерімен және алыстағы халықтар мен тайпалар туралы ақпарат жинауға құлшындырды. Арабтардың орта ғасырлардағы тарихнамасының Қазақстан аймағына ерекше ден қоюы олардың Орта Азияда жаулап алған жерлерін нығайту және Қазақстанның жауынгер көшпелі тайпаларынан сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігімен де байланысты болды.

Қазақстан тұрғындары туралы ең ертедегі мәліметтер арабтардың классикалық тарихи шығармаларында кездеседі. Мәселе, әл-Балазури (ІХ ғасыр) мен ат-Табари (ІХ ғасыр) туындыларында VII-VIII ғасырлардың орта шенінде араб шапқыншылығына қарсы күресте Орта Азия халықтарының елеулі көмек көрсеткен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның түркі халықтары туралы маңызды мәліметтер бар. Оңтүстік Қазақстанның жекелеген аудандарына арабтардың басқыншылық жорықтары туралы деректер келтірілегеген. Арабтың аса ірі тарихшысы, парсы текті әл-Балазури Орталық Азия тарихы жөніндегі құнды деректемелердің бірі «Елдерді жаулап алу Кітабы» («Китаб футух әл-булдан») деген шығарманың авторы болып табылады, «Пайғамбар мен патшалар тарихы» («Тарих әр-Русулуә-л – мулук») деген елеулі еңбек жазған ат-Табари да парсылық болатын. Ат-Табари халифаттың әртүрлі қалаларын аралап, көп саяхат жасады, сонан соң Бағдатқа орын тепті де, өмірінің ақырына дейін сонда тұрып, өз өмірін ғылымға арнады. Оның бізге қысқартылған редакциясында жеткен еңбегінде арабтардың алдында болған халықтар туралы мәліметтер келтіріліп, халифат тарихы жылнама ретінде баяндалады. Ат-Табаридің замандасы, Бағдатта туған, энциклопедиялық білімі бар, адам–әл-Жахиз Аббас халифтары ұланының түрік гулямдарымен жақын таныс араб оқырмандарына оның әртүрлі себептермен ерекше қызықты болған тақырыптарды іріктеп алған. Ол түріктердің әскери қасиеттерін, олардың қалада тұратын арабтың көзіне әдеттен тыс ерекшелігімен айрықша көрінген немесе халифтардың саяси төңірегіндегілерге маңызды болған әдет-ғұрпын сцреттейді, өйткені Аббас халифатының уәзірлеріне «түрік істерімен» едәуір жиі кездесуіне тура келетін еді.

Қазақстанның өткен тарихы отандық және шетелдік ғалымдардың көптен бері назарын аударып келді. Өлкенің ортағасырлық тарихын жазу жөнінде Еуразия тарихнамасында алғашқы тәжірибелер XVII ғасырда жасалды. Жалайыр тайпасынан шыққан түрік тарихшысы Қадірәлі бек 1602 жылы ауызша айтылып келегн тарихи аңыздар мен Рашид ад-Диннің (XVIғ.) тарихи жинағы негізінде «Оқиғалар жинағы » деген еңбек құрастырған, онда моңғол шапқыншылығынан кейінгі қыпшақ даласында болған, оқиғалар суреттеледі Оны Р.Сыздыкова, М.Қойгелдиев аударып зерттеді [37]. Алдыңғы ортағасырлық кезең үшін бірқатар түрік тайпаларының (қыпшақтардың, қарлұқтардың, қаңлылардың, ұйғырлардың), оғыз тайпасының негізін қалаушы Оғыз ханның тарихымен тікелей байланысты аталуының маңызы зор. Хиуа ханы Әбілғазы (XVIIғ.) тарихи екі шығарма: («Түріктер шежіресі» және «Түрікмендер шежіресі») жазған, олардың беттерінде оғыздардың, қыпшақстардың, қаңлылардың алдыңғы және кейінгі орта ғасырларға қатысты тарихына едәуір көңіл бөлініп, түрік этнонимдірінің этимологиясы келтіріледі, сондай-ақ Қазақстанның тарихи географиясы жөніндегі мәселе қозғалады [38].

Нақ сол ғасырда түрік тарихшысы Мунеджджим башы өзінің елеулі шығармасында VIII-XIII ғасырларда Қазақстан жерінде мекендеген көптеген түрік тайпаларының тарихы мен этнографиясына ден қояды. Орталық Азияның мемлекеттері мен әулеттері, атап айтқанда, Қарахандар, Салжұқтар, Хорезмшахтар және басқалар туралы маңызды мәліметтер келтіреді. Мунеджджим башы өзінің алдындағы мұсылман шежірелерінің көптеген шығармаларын пайдаланған.

Батыс Еуропа тарихнамасында Қазақстанның ортағасырлық тарихы мәселелрін қамтитын алғашқы жарияланымдар XVII ғасырдың аяғында пайда болады. Ориенталист д’Эбело мұсылман тобының оғыздар мен кимектер туралы бірқатар жазбаша ескерткіштерінің мәліметтерін тарихи айналымға енгізген.

XVIIІ ғасырдың басындағы орыс ариенталистикасының алғашқы өкілі Г.З.Байер [39] Әбілғазының «Түріктердің шежірелік тарихы» деген шығармасын аударумен шұғылданды. Түрік этностарының ортағасырлық тарихын зерттеу ісінде Ресей тарихнамасының бастауында В.Н.Татищев, Н.М.Карамзин, С.М.Соловьев, В.Г.Василевский, П.В.Голубовский және басқалар болды, олар оғыздар мен қыпшақтардың (половецтердің) тарихын Киев Русінің тарихымен тікелей байланысы болған ыңғайда қарастырды, Н.М.Карамзиннің өзі қыпшақтардың қазақтармен (қырғыздармен) генетикалық байланысына назар аударады [40].

Түрік тайпалары мен олардың бірлестіктері айтылған ІХ-ХІІІ ғасырлардағы түпнұсқа араб деректемелеріне жүгіну ХІХ ғасырдың екінші жартысында А.Шпренглердің, Г.Юльдің, А.Вамберидің, Х.Френнің, В.В.Григорьевтің, В.П.Тизенгаузеннің еңбектерінде олар туралы толып жатқан анық мәліметтерді анықтауға мүмкіндік берді. Нақ осы кезеңде орыстың Шығыс тарихнамасы нарративтік жазбаша ескерткіштер мен нумизматикалық материалдар түрінде берік тарихтану базасына ие болды.

Қазақстанның ортағасырлық тарихы жөніндегі мәліметтер келтірілген бірқатар бағалы деректемелерді ашып, ғылыми айналымға енгізуге Х.Д.Френ (1782-1851) зор еңбек сіңірді. Ол Ресей құрамына енген халықтардың тарихын зерттеуге араб деректемелерін бірінші болып тарта бастады. Х.Д.Френнің көптеген жарияланымдары арасында оның өзі Якут географиялық сөздігінен (ХІІІғ.) тауып, көлемді түсініктеме берген Ибн Фадланның (Хғ.) 1829 жылы басшығарылған «Жазбалары» ерекше бағалы болды, онда Ибн Хаукальдың (Хғ.) басқа да бірқатар араб географтарының қосарластыра келтірілген араб мәтіндері бар еді. «Жазбалар» «бұл саладағы еңбектердің бүкіл ХІХ ғасыр бойы еш теңдесі болмаған үлгісіне» айналды [41,72-б].

ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыс ориенталистикасында қазақ халқының шығу тегі туралы проблемаларына, оның негізгі этникалық компоненттерінің тарихына, рулық-тайпалық құрылымына ынта-ықылас арта түсті. Ресейде Шығыс тарихынан университеттік курсты алғашқы рет оқыта бастаған В.В.Григорьев Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеуге ерекше көңіл бөлді. Араб саяхатшысы Әбу Дулафтың (Хғ.) алдыңғы орта ғасырлық Қазақстан тарихы үшін зор маңызы бар деректерін, әсіресе кимектердің, қарлұқтардың шігілдердің, оғыздардың шаруашылығы, орналасуы, діні туралы мәліметтерді ғылыми айналымға тұңғыш рет В.В.Григорьев қосты [42]. В.В.Григорьев түсініктеме беріп, әсіресе сол толықтырған К.Риттердің «Шығыс Түркістан» деген кітабы өзінің ғылыми маңызын жоғалтқан жоқ [43]. Мұнда ол көшпелі сақтардың қоныстану географиясына көңіл аудара отырып, ертедегі авторлардың материалдарын, сондай-ақ ертеректегі араб географтарының Қазақстан халықтары мен тайпалары туралы, оның жерін басып өтетін сауда жолдары, орта ғасырлық қалалар мен қоныстар туралы хабарларын пайдаланған. В.В.Григорьевтің пайымдауынша Орталық Азиядағы алғашқы мұсылмандық түрік мемлекеті Қарахандар мемлекеті деп аталып кеткен. Бұл мемлекеттің тарихын ол мұсылмандық авторлардың көптеген нарративтік деректмелерін, соның бірі сирек кездесетін және бізге дейін жатпеген қолжазбаларды пайдаланған. Түрік авторы Ахмет Әпендінің деректемесі негізінде зерттеген [44]. В.В.Григорьевтің қарахандар державасының ұйытқысы қарлұқтар болғаны туралы пікірін кейінгі зерттеушілер растады. А.Левшиннің, Гродековтың зерттеулерінде қазақ халқының құрамына кірген бірқатар рулар мен тайпалардың тарихи тағдырлары туралы, олардың ұрандары мен таңбалары туралы мәліметтер келтіріледі.

Орыс шығыстанушыларының Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті жөніндегі деректеме базасын тереңдету мен кеңейту саласындағы тынымсыз саласы жалғасытырыла берді. Шығыстың жазбаша ескерткіштерін табу мен басып шығаруға В.Г.Тизенгаузен зор үлес қосты. Оның мұсылман қолжазбалары бойынша көп еңбек етуңнің жемісі араб және парсы шығармаларынан Алтын Орданың тарихы жөнінде алынған үзінділер жинағы болды [45]. Еуропа қорларында сақтаулы тұрған әр түрлі қолжазбалардан оның анықтаған материалдары Шығыс Дешті Қыпшақтың моңғолдардан бұрыңғы және моңғолдар кезіндегі тарихы жөніндегі ақпараттың аса құнды деректемесі болып табылады.

ХІХ ғасырдың орта шенінде Қазақстанда өз халқына ағарту және ғылым саласында қызмет етуге құлшынған ұлттық кадрлар пайда болды. Қазақстың тамаша шығыстанушысы Ш.Ш.Уәлихановтың түрік халықтарының тарихы мен мәдениеті жөніндегі еңбектері мен зерттеулері орыс және дүниежүзі ғылымында жоғары бағаланды және қазіргі күндерге дейін маңызын жойған жоқ. Ш.Ш.Уәлиханов тарихи деректемелердің ғалымдарға беймәлім жаңа қабатын – кең көлемді жазбаша материалдармен бірге эпосты, аңыз-әңгімелерді ғылыми қолдануға енгізді, ол деректер қазақ халқы қалыптасуының ертедегі кезеңінің бастауларын анықтап, оның құрылу барысында көшіп-қонудың елеулі роль атқарғанын атап көрсетуге мүмкіндік берген еді [46].

Тарих-шығыстану талдамаларының дамуына Н.Н.Пантусов өз үлесін қосты. Түркістан өлкесінде 30 жылдан астам уақыт бойы қызметте болған ол тарихқа, этнографияға, нумизматикаға, Шығыс қолжазбаларын оқуға ден қойды. Ертедегі араб географтарының географиялық шығармаларынан, сондай-ақ Бабырдың «Жазбаларынан» аудармалар жариялады. Г.С.Саблуков пен П.И.Демезонның Әбілғазының ең алдымен деректанулық маңызы бар «Түрік шежіресі» деген шығармасын [47] аударғанын атап өткен жөн.

Тарих-шығыстану зерттеулерінің одан әрі дамуы, сондай-ақ география ғылымы мен этнография жетістіктері ХІХ ғасырдың аяғына қарай орыс ғалымдарының жекелеген шаңырағы, негізінен әскери-саяси сипаттағы мәліметтерді түсіндіруден оларды тарихы жөнінде жиынтық еңбек жасауға әрекет етуіне мүмкіндік берді. Бұл тұрғыдан Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеуде Н.А.Аристовтың түрік тайпалары мен халықтары туралы кеңінен мәлім еңбектері ерекше орын алады [48]. Н.А.Аристов арнаулы білімі бар шығыстанушы болған жоқ, бірақ оның «...Этникалық құрамы туралы заметкалары», аса көрнекті ғалым В.В.Бартольдтің сөзімен айтқанда, «біздің шығыстану жөніндегі әдебиетіміздегі ең қуанышты құбылыстардың бірі» болып табылады [49, 266-б.]. Н.А.Аристов ғылыми еңбектерінің лайықтығы жағы мынада: олар зерттеліп отырған тақырып бойынша кең көлемді деректер мен әдебиет негізінде жазылған. Соның нәтижесінде ол түрік тайпалары мен халықтарының этникалық құрамы туралы материалдардың мейлінше толық жинағын жасай білді. Ол қазақ халқын бәрінен де толық қарастырды, өйткені қазақтар «түрік халықтарының бәрінен гөрі мал шаруашылық және рулық салты мен рулық тұрмысты көбірек сақтап қалған, сондықтан рулық және тайпалық бөліністер мен олардың есімдерін олар барынша күшті және айқын ұстанады» [50, 120 б.]. Қазақтың үш жүзінің этникалық құрамын анықтаған ол ежелгі түрік тайпаларының атауларын өз заманындағы рулар мен тайпалардың атауларымен салыстырады; батыс түріктердің дулу тайпалық бірлестігін Ұлы жүздің дулаттарымен байланыстырады; қазақтардың құрылуына қаңлылар мен қыпшақтар барынша көп қатысқан деп атап көрсетеді; ғұндар империясын ежелгі түрік мемлекеті ретінде қарастырады, мұның өзі жалпы алғанда ғұн федерациясының ішінде ежелгі түрік тілдерінде сөйлесетін тайпалардың басым болғандығы туралы қазіргі ғылыми әдебиетте орныққан пікірмен үйлеседі.

Тарих ғылымынығ Орталық Азия халықтарының өткннін қатаң ғылыми тұрғыда зерттеуді көбінесе Ресейдегі ғылым өкілдерінен күтуге құқығы бар еді, өйткені олар үшін Қазақстан мен Орта Азия таихының барысын анықтаудың таза теориялық мәні болып қана қойған жоқ. Петербургте аймақтық тарихы жөнінде қолжазба деректемелердің аса бай жинағының шоғырландырылуы кездейсоқ емес еді. Алайда В.В.Бартольдтің айтуынша Қазақстан мен Орта Азияның етедегі тарихы мен алдыңғы ортағасырлары жөнінен ғылыми талаптарды қанағаттандыратын монографиялар ХІХ ғасыдың аяғына дейін болған жоқ. В.В.Бартольдті өзіне осы елеулі кемшіліктің орнын толтыруға тура келді.

В.В.Бартольдің ортағасырлық Қазақстанның тарихы жөніндегі зеттеулерінің теңдесі жоқ ғылыми маңызы бар. Оның еңбектері отандық және дүниежүзілік шығыстануда тарих түпнұсқа деректемелер бойынша тарихи сынның қатаң талаптарына сәйкес зеттелген алғашқы еңбектер болды.

Ол кимектер, қыпшақтар, қарлұқтар, оғыздар туралы аса маңызды деректеме – Гардизидің «Зәйн әл-ахбар» деген еңбегіңің түріктер туралы тарауларының түсініктеме берілген аудармасын да жариялауға еңбек сіңіріп, алдыңғы ортағасырлық Қазақстанның тарихы үшін маңызды «Худуд әл-алам» сияқты деректі түсінікті етті, сондай-ақ Орталық Азия тарихы жөніндегі аса бағалы дерек – Махмұд Қашғари шығармасының географиялық және тарихи деректерін мұқият пайдаланды [51].

В.В.Бартольд Қазақстан тақырыбына тамаша ескерткіш – оғыздардың «Китаб дәдәм Қорқуд» батырлық эпосын аударуға байланысты ынта қойған еді [52]. Оғыздардың эпикалық аңызын тарихи және фольклорлық тұрғыдан түсіндіру барысында В.В.Бартольд Сырдарияның алдыңғы отағасырлық түркі тілдес халқынан мұра етіп алған Қорқыт ата туралы оғыз (түрікмен) және қазақ аңыздарының ортақ көзі туралы елеулі тұжырым жасады.

Оның 1898 жылы Верныйда (қазіргі Алматы) бірінші рет жарияланған «Жетісу тарихының очерктері» деген кітабы Қазақстан тарихын зеттеуге қосылған бағалы ғылыми үлесі болды. Бұл кітап б.з.б. ІІ ғасырдан бастап б.з. XVIII ғасырына дейінгі Жетісудың саяси тарихын көрсетуге ғылыми маңызын берік сақтап қалып отыр. Оның екі бөлімнен тұратын, авторға лайықты дүниежүзілік даңқ әперген «Түркістан моңғол шапқыншылығы дәуірінде» деген іргелі еңбегі «Очерктермен» тығыз байланысты.

1926 жылы В.В.Бартольд түркі тілдес халықтардың тарихын күрделі процесс етінде қорытуға, тілі бойынша туыс, бірақ экономикалық тұмыс жөнінде әртүрлі халықтардың кем дегенде екі мыңжылдық бойында жүріп өткен дербес әлеуметтік, саяси және мәдени даму жолдарын көрсетуге тұңғыш рет ғылыми негізделген әрекет жасайды. Зерттеулерінің бұл бағыты ең алдымен оның «Орта Азияның түрік халықтарының тарихы жөніндегі он екі лекция» деген еңбегінде көрініс тапты, бұл еңбегінде ол өзінің «Шығыс тарихын Еуропаның тарихы сияқты ғылыми әдістерді қолдану жолымен ғана түсіндіруге болады» деген тезисін мейлінше дәл әрі айқын ұстанады [53].

ХХ ғасырдың біінші ширегіндегі көрнекті шығыстанушы И.Маркварт танымының кең және жан-жақты болуымен ерекшеленеді, жиналған мәліметтерінің байлығы және алуан түрлілігі жөнінен ол мамандардың толық көңіл бөлуіне лайық. И.Маркварт Шығыс Еуропа елдерінде мұсылман мәліметтерін және олардың ортағасырлық байланыстарын талдауға әрекет жасалуына байланысты түрік тайпалары тарихының сюжеттеріне бірінші болып жүгінеді. Проблеманы жол-жөнекей зерттеумен шектелмей, ғалымның пікірінше, өте ерекше этнос қыпшақтарға (командарға) арнаулы монография арнап, онда сюжеті жөнінен әр алуан сипатты және тілі жөнінен алуан түрлі жазбаша деректер негізінде Еуразияның далалық өңірінің халықтары мен тайпаларының тарихы жөніндегі мәселерді кең көлемде қозғады.

Б.Я.Владмирцовтың кітабы тарихи білімнің дамуындағы маңызды қадам болды [54]. Онда моңғолдардың ХІ-XVIII ғасырлар бойындағы қоғамдық қатынастарының сипатына ауқымды нақтылы материалдар негізінде талдау жасалады. Б.Я.Владмирцовтың монографиясы моңғолтанудың үдемелі қарқынмен ілгерілеуінде ғана емес, сонымен қатар түрік халықтарының тарихнамасында да зор роль атқарды. Осыған байланысты белгілі салжұқтанушы В.А.Гордлевскийдің мына ескертпесін көрсете кеткен жөн: «Түрік халықтарының тарихын дұрыс түсіну үшін моңғолдарды зерттеу қажет; ол түріктердің рулық құрылысы мен олардың әлеуметтік-эеономикалық жағынан ұйымдасуын да түсіндіруге тиіс» [55]. Сондықтан Б.Я.Владмирцовтың көшпелі мал шаруашылығына негізделген моңғолдра қоғамына арналған еңбегінің көшпелі және жартылай көшпелі түрік халықтарының тарихын зерттеумен шұғылданушы көптеген зерттеушілерге ықпал жасауы кездейсоқ емес. 30-жылдары Шығыс қоғамдарының әлеуметтік-экономикалық жаратылысы мен азияттық өндіріс әдісі туралы өрістетілген пікірсайыста тарихи танымның өрістеуі үшін көп нәрсе береді.

Бұл жылдарда да жазбаша ескерткіштердің материалдарын анықтау және нарративтік деректемелердің жинақтарың басып шығару жөніндегі маңызды жаңа кезең байқалады. Мәселен, Қазақстан тарихы бойынша «Қазақстанның өткені деректемелер мен матеиалдарда» деген жинақ жарыққа шықты (Алматы, 1935-1936, т.1-2), онда түрі мен мазмұны жөнінен әртүрлі ертедегі және ортағасырлық: көне грек, латын, византия, қытай, араб-парсы жазбаша ескерткіштерінің кешені болды. «Түрікмендер мен Түрікменстан тарихы жөніндегі материалдар» деген жинақтың шығарылуы елеулі деректемелік базаға айналды, оның негізгі мазмұны араб, парсы және түрік тілдерінде жазылған, VII ғасырдан ХІ-Х ғасырға дейінгі ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын шығармалардан алынған үзінділердің аудармаларынан құрылды [56]. Жинақ ортағасырлық Қазақстан тарихын зерттеушілерге орта және төменгі Сырдария бойында, Арал өңірінде мекендеген оғыздар туралы көлемді де жан-жақты деректер береді.

50-жылдар мен 60-жылдардың басында ертедегі және ортағасырлық Қазақстанның этносаяси тарихының проблемалары бойынша зерттеулер неғұрлым кең көрсетілді. Олар негізгі екі бағытта: Шығыс деректерінің аудармаларын жариялау және маңызды тарихнамалық проблемаларды зерттеу бағыттарында жүргізілді.

Рашид-ад-Диннің (ХVI ғасырдың басы) Азия далалының көшпелі тайпаларының тарихы жөніндегі деректемелер ішінде ерекше орын алатын іргелі тарихи еңбегі «Жылнамалар жинағы» аударып басып шығару ісі аяқталды. Рашид-ад-Дин белгілі бір оқиғалар туралы өзі мәліметтер алға деректерінің арасынан қытай, үнді, ұйғыр, және қыпшақ далаларының кітаптарын атайды. Алайда, өкінішке орай, ол еңбектердің өздері де, олардың авторлары да көрсетілмейді. Рашид-ад-Диннің Орталық Азияның халықтары мен тайпалары туралы мәліметтеріне талдау жасаудың аяқталуына әлі де көп уақыт керек. Оғыздар тарихы жөніндегі ең құнды деректеме – Ахмет Ибн Фадланның кітабы кең көлемді тарихи-филологиялық түсініктемелер беріліп жарық көрді. (А.П.Ковалевский) [57] С.Л.Волин Талас өзенінің аңғары мен оған шектес аудандар туралы ІХ-XVI ғасырлардағы араб деректерінің мәліметтерін жинастырды [58].

А.Ю.Якубовский жазбаша мұсылман деректерін тамаша білетіндігімен ерекше көзге түсті. Оның жазбаша ескеткіштерден алынған мәліметтерге егжей-тегжейлі талдау жасап, Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық қаласы Сығанақты суреттеуге арналған мақаласы осы кезге дейін белгілі бір объектіге археологиялық зеттеу жүргізуге дайындаудың үлгісі бола алады [59]. А.Ю.Якубовский VIII ғасырдан XV ғасырға дейінгі түрікмендер тарихы жөнінде үлкен еңбек жазды [60]. Онда оғыздар, олардың алдыңғы ортағасырлардағы рулық-тайпалық құрылымы, шаруашылық өмірі және әлеуметтік-экономикалық қатынастары туралы ауқымды материал жүйеге түсірілген. А.Ю.Якубовскийдің Алтын Орданың тарихы жөніндегі зерттеуі ғылымдағы ірі жетістік болып табылады, ол шын мәнінде осы мемлекет туралы алғашқы іргелі еңбектің пайда болуымен аяқталды [61]. Оның ХІ-ХІІІ ғасырлардағы моңғолдар тарихына шолу теориялық тұрғыдан алғанда моңғолдардың ғана емес, сонымен қатар моңғолдармен тарихи жағынан мейлінше тығыз байланысты көшпелі түрік халықтарының да әлеуметтік-экономикалық таихын зерттеу үшін маңызды [62]. Ол VI-XV ғасылардағы Орта Азияны кезеңдерге бөлуді де белгіледі. Орта Азия мен Қазақстанның тарихшылары сол кезеңдерге бөлудің көптеген қағидаларын қабылдады.

60-жылдардың ортасы, 70-жылдарда Қазақстанда тарихи-шығыстанушылық зерттеулердің дамуы тарихи өткен кезге ынта-ықыластың өсуімен ғана ерекше болған жоқ. Табылған жазбаша деректерді пайдалана отырып, ғалымдар тайпалық одақтар мен алдыңғы ортағасырлық мемлекеттік құрылымдардың тарихын зерттеуді неғұрлым жоғары деңгейге көтерді. Қазақстанның ертедегі тұрғындарының қазақ этносымен сабақтас генетикалық байланыстары, сондай-ақ бұл үрдістердегі ертедегі тайпалар мен халықтадың көшіп-қонуының орны мен ролі жөніндегі тақырып көкейкесті болды. Бұл кездегі зерттеулерде түпнұсқаларға негізделген іргелі жұмыстар мен монографиялық талдамаларға көшу тән. Мәселен, қазақ тайпалары мен руларының шығу тегінің мәселелері жөніндегі әртүрлі деректердің материалдары қорытылып, олардың нақты арқауы алдыңғы және ортағасырларда жатқан генетикалық байланыстарды іздестірілді, оларды ғасырлар бойы орналасуын анықтауға ерекше көңіл бөлінді; бұл орайда қазақ халқының белгілі бір тайпаларының тарихы жөніндегі кейбір түсініктер қайта қаралып, жаңа көзқарастар айтылды. (В.В.Востров, М.С.Мұқанов)

C.Игібаевтың түркілер тарихын зерттеуде көптеген зерттеулер жүргізді,Соның ішінде араб, парсы, орыс деректері негізінде жазған туркілер тарихы, қазақ тарихы жайлы өте көп мәлімет береді және тұжырымдар келтіреді. [63]

М.С.Мұқановтың тағы бір елеулі еңбегі Орта жүз қазақтарының этникалық тарихы мен орналасуына арналған [64]. Шығыстың жазбаша деректері, сондай-ақ мұрағат материалдары негізінде XVIII ғасырдың басындағы қазақ тайпаларының этникалық таихы мен орналасу көрінісі зерттеліп, ретроспективалық тұрғыда ертедегі дәуір мен орта ғасырларға шолу жасалған.

Орыстың тарих-филология ғылымындағы дәстүрлі половец (қыпшақ) тақырыбы одан әі талданып, қорытылды. (М.И.Артамонов, С.А.Плетнева, Г.А.Федоров-Давыдов)

Түрік қағанатының тарихын зерттеуші С.Игібаевтың көрсетуінше: «Түрікмемлекетін негіздеуге тікелей қатысқан тайпалардың көпшілігінің тарихы Алтай-Тарбағатай тайпаларымен тікелей байланысты. Сондықтан да Н.Я.Бичуриннің «түрік» атауын шеңбе тəрізді («дулыға») орналасқан Алтай тауларымен байланыстыруы кездейсоқ емес».

...«Етегінде Ашында көшіп жүрген, - деп жазады Н.Я.Бичурин,- дөңгелек шеңбе

негізіндегі ішкі жағы терең жəне кең жазықпен жоғары көтерілетін, дулығаға ұқсас биіктерден тұрады. Моңғолша «дулыға» деп аталып, Ашында өз ұрпақтарына осыатаудықабылдаған. Алтайды Азия тарихшылары «Эргене-күн» деп атайды, бұл түрікше – тік қырат дегенді білдіреді. Алтайдың табиғи жағдайы мен дулыға ұрпағының хан үшін темір өндіруі оларды «таудан шығушыла» деген аңыздың негізделуіне жағдай жасады. «Дулыға» қазақ тілінде де бас киім дегенмағына беретіндіктен мұны моңғолдық сөз емес деген тұжырым жасауғаболады. Қытайлықта Ашын ханның бағыныштыларын–«ту-кю», ал олардың билеушілерін – «тугю əулеті» депатаған». [65]

Оғыздардың этникалық ірі бірлестігінің тарихы жөнінде С.Г.Агаджанов құнды зерттеу жазды [66]. Араб, парсы және түрік шығармаларын сарқып пайдалану негізінде С.Г.Агаджанов ІХ-ХІІІ ғасырлардағы оғыздар мен түрікмендердің тарихын мұқият талдап зерттеді. Оның еңбегі нарративтік мұсылман ескерткіштерінде оғыздардың алғашықы аталуынан бастап, моңғол шапқыншылығынан кейін олардың атауының тарих бетінен жойылуына дейінгі уақытты қамтиды. Қазақстан, Орта Азия және Шығыс Еуропа тарихында маңызды роль атқарған Сырдария оғыздары туралы көлемді очеркі келтіріледі. Бұл еңбектің басқа еңбектерден ерекше пайдалы екендігі мынада: онда кейде картаға өзінше бір түсіндірме жазба сияқты қабылданатын белгілі бір географиялық шығарманың ажырағысыз бөлігі болып табылатын картографиялық материал кеңінен келтірілегн. С.Г.Агаджанов зерттеуінің оғыздар, түрікмендер мен салжұқтар тарихын зерттеуге қосылған ірі үлес екені даусыз.

Ұлттық шығыстанушы кадрларын даярлау мен қалыптастыруға көбінесе Ресей ғалымдарының (А.Ю.Якубовский, С.Е.Малов, С.П.Толстов, А.Н.Бернштам, Б.Ғ.Ғафуров, А.Н.Кононов, И.П.Петрушевский, В.А.Ромодин, С.Г.Кляшторный, Е.И.Кычанов, Б.А.Ахмедовтардың) сіңірген еңбегі зор. ІХ-ХІ ғасырлардағы кимектер тарихы жөніндегі монографиялық зерттеуін [67] қазақ этногенезінің түйінді сюжеттерінің біріне арнаған Б.Е.Көмеков–шығыстанушылардың Петербург мектебінің көрнекті өкілінің бірі. Мұсылман топтарын егжей-тегжейлі зерттеу негізіндн ол қазақ халқының тегі деп санауға болатын кимектер мемлекетінің өмір сүруі мен қала мәдениетінің проблемасын тұжырымдап, талдап шешті; ІХ-ХІ ғасырлардағы Қазақстан аумағының шығысында бір емес, бірнеше шаруашылық-мәдени үлгілер болғанын дәлелдеп берді.

Қорыта келе, түркі, араб, парсы халықтары мәдениетінің ортақ тұстары көп. Үшеуі де әлемдегі ең көне, бүгінге дейін әлем мәдениетінің көшбасында тұрған Шығыс мәдениетінің негізін салушы. Ұзақ уақыт бір тіл мен діннің ықпалында болды. Мәселен, Орталық Азия мен Шығыстағы мемлекеттердің көне тарихында араб және парсы тілдерінің бұл аймақтағы біріктіруші күш болғанын байқауға болады. Бұған шығыстағы небір әдеби жауһарлардың парсы және араб тілідерінде жазылғаны, Орталық Азиядағы ғұламалардың араб-парсы тілдерінен сусындағаны дәлел. Сан ғасырлар бойы бұл аймақта зоорастризм діні, одан кейін келген ислам діні тағы да біріктіруші күш бола білді, әлі де жалғасып келеді. Демек, біздің мәдениетіміз, дініміз, тарихымызда ортақшылық көп, яғни араб-парсы деректерінің түркі тарихын зерттеудегі маңызы осы деп есептеймін.

    1. ІХ-ХІІ ғасырлардағы тарихи білім және түркілер тарихы

ІХ-ХІІ ғасырларда исламның таралуына байланысты араб тілі кең өріс алды. Әдеби және ғылыми шығармалар сол тілде жазылды. Шығыстың аса көрнекті ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жылдар) шығармаларын араб тілінде жазған. Әл–Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Әл – Фараби 870 ж. Арыс өзенің Сырдарияға құя беріс сағасындағы ежелгі Отырар қаласында дүниеге келген, Ол ең алғаш білімді қыпшақ тілінде Отырар қаласында алған, өсе келе сол замандағы ғылым мен мәдениет орталығы атанған Бағдад, Дамаск, Каир т.б. қалаларда білім алады. Өзінің түркі тілімен қатар араб, латын, санскрип тілдерін жетік білген .

​Әл – Фарабидің ғұлама ғалым ретінде зерттеу жүргізбеген, ат салыспаған ғылым саласы жоқ деуге болады. Сондықтан Әл – Фарабиді отандық және шет елдік шығыстанушы зерттеушілер таяу және Орта шығыстың ең алғашқы әлеуметтік саяси ғылымының негізін қалаушы ретінде таниды. Фараби және оның шәкірттерінің ғылым мен мәдениетті дамытудағы орнын анықтау, ғылым мұраларын мұқият өте үлкен маңызды жұмыс. Сондықтан дүние жүзінің әр түрлі халықтарынан шыққан оқымыстылар Фараби мұраларын 1000 жыл бойы тынбастан зерттеп келеді. Таяу және Орта шығыс елдерінде кітап басып шығарудың басталуымен шығыс халықтарының тарихын, әдебиет, философия, философиялық шығармаларын, мәдениеті мен ескерткіштерінің қолжазбаларын басып шығару үшін көп жағдай жасалды. Ғылымның даму тарихында жинақталған білім қорларын сұрыптап, реттеп белгілі бір жүйеге салу тәртібі ежелден келеді. Мұндай әрекеттер бір жағынан, ғылымдағы бар жоқты айқын сезіп, оны кемелдендіруге, дамытып, толықтыруға итермелесе, екіншіден ғылымның өзін түсінуді, түсіндіруде, пайдалануды жеңілдететін еді. Міне, осылай білімдердің белгілі бір жүйемен баяндалған жиынтығы – энциклопедиялар жасау дәстүрі пайда болған.

Әл-Фараби ғылымды теориялық (логика, саясат) деп бөлді. Ол өз еңбектерінде адам дүниені, оның мәнін өзінің сезім мүшелері мен парасаты арқылы тани алады деп дәлелдейді. Әл-Фарабидің мәдениет пен ғылымға қосқан үлесі мейлінше жан-жақты және жемісті болды. Логика мен медицина, ғарышнама мен анатомия, философия мен заң ғылымығ математика мен акытика – ол ден қойған ауқымды шеңбер, ұлы ойшыл өзінің көрегендік ақыл-ойымен қамтыған білім салалары осындай [68, 5-22 б.]. Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық жүйесі Шығыстағы ортағасырлық мұсылмандықтың рухани мәдениет тарихында және бүкіл адамзат мәдениетінде ерекше орын алады. Әл-Фараби философиясы дүние тану мәселелерінде жан-жақты.

Ортағасырларда адамзат білімінің молайып,  ақыл-парасатының жетілуіне орасан зор еңбек сіңірген ғұламалардың бірі Әбу Насыр Әл – Фараби (870-950). Фараби және оның шәкірттерінің ғылым мен мәдениеттің дамытудағы орнын анықтау, ғылыми мұраларды мұқият зерттеу қазіргі тағда өте маңызды жұмыс. Осындай жағдайды білімпаздар өте ертеден-ақ аңғарған.. Сондықтан да, дүние жүзінің әр түрлі  халықтарынан шыққан білімділер Фараби мұраларын 1000 жыл бойы  зерттеп келді. Солардың арасында араб-парсы тілдерінде жазған Ибн әл-Надим (995ж), әл-Байхаки (1169), Ибн әл-Кифти (1248), Хаджи Халифа (1657), латын тілінде жазған Венике (1484ж), Камерариус (1638), Француз тілінде жазған ағылшын тілінде жазған Георг Сартон (1927), өзбек тілінде жазған М. Хайруллаев (1975) [69], Гафуров Б. Г., Касымжанов А. Х. [70], Кенисарин А. М., Нысанбаев А. Н. [71], Макаш У. О [72] т.б. бар. Фарабитану ғылымына қазақ ғылымдары да көп көңіл бөліп, көптеген зерттеу мақалалар, кітаптар жазып шығарды. Фараби жайында қазақ тілінде басылып шыққан кітап, мақалалардың қысқаша тізімін атап өткеніміз. Ш. Есенов [73], Ә.Х. Марғұлан [74], А. Машанов [75] зерттеулер жүргізді. Фараби мұраларын зерттеуде тек қана Шығыс, Орыс ғалымдары ғана емес, Батыс ғалымдары да зерттеп, еңбектерін жариялауда. Бұл тұрғыда Америкалық ғалым Николас Решердікі айтуға тұрарлық еңбек. Николос Решер – АҚШ-тың Питсбург университетінің профессоры. Ол Фараби және  оның шәкіртерінің ғылыми мұраларын көп зерттеген ғалым. Николас Рештер ұзақ ізденудің нәтижесінде 1962 жылы ағылшын тілінде “Фарабидің аннотацияланған библиографиясы” деп аталатын, Фарабиді зерттеушілер үшін құнды еңбегін жариялады. Мұнда 1000 жыл бойында Фараби жөнінде қандай ғалым не жазды, Фараби шығармалары қай тілдерге аударылды, оның мұрасының аса құнды екенін дәлелдейді. Ғылыми мұрасын зерттеуді алғаш қолға алған совет ғалымдарының бірі академик В.В. Бартольд [76, 234-236 б.] болды. Қазақстанда әл-Фарабидің еңбектерін зерттеу ісі негізінен 1966 жылдардан кең өріс алды деуге болады. 1985-1995 жылдары ұлы ғалымның философия, тарих, әдебиет, тіл білімі, жаратылыстану ғылымдары саласындағы еңбектері орыс, қазақ, өзбек, т.б. тілдерге көптеп аударыла бастады. Әл-Фарабидің сан салалы ғылыми-шығармашылығын жан-жақты зерттеп, оны ғылыми баспалар арқылы жариялау ісіне А. Қасымжанов [77], А. Көбесов [78] сияқты қазақ ғылымдары да көп үлес қосты.

Туған топырақтан алған тәлімін араб, парсы мәдениетінің, ислам өркениетінің ақыл-ой қазынасымен ұштастырған энциклопедист ғалым «хикма иләһийа» – «иләһи хикмет», «тәңірлік даналық» ілімінің негізін салды. Бұл ілім өз кезегінде Әбу Насыр әл-Фарабидің даңқты отандасы – Жүсіп Баласағұн шығармашылығында «Құт әкелуші білім» («Құтты білік») деген атпен жалғасын тапты. Қос ғұламаның жерлес ізбасары Қожа Ахмет Яссауи бұл ілімді «хикмет ілімі» деген атпен дамытты. Бұл ілімнің негізгі қағидалары Яссауидің «Диуани хикмет», «Мират-ул қулуб», «Пақырнама», «Рисала-и дәр әдәби тариқат» еңбектерінде көрініс тапты. Яссауи танымдық мектебінің барлық өкілдері мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген барлық қаламгерлер (ақындар мен шежірешілер) туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орныққан біртұтас көзқарастарға ие екені аңғарылады. Бұл көзқарастардың негізін ең алдымен ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау, екіншіден ислам шариғатына құрметпен қарай отырып, ары қарай дамыту принциптері құрады.

XIX ғасырда Жүсіп Баласағұни сол кездегі аса мңызды тарихи және әдеби шығармаларының бірі «Құтадғу білікті» жазды. Бұл Қазақстан мен Орта Азиядағы түрік халықтарының зайырлы әдебиетінің бізге дейін жеткен тұңғыш ескерткіші. Бұл шығармада ақынның өз заманындағы өмір шындығы, қоғамдық сана және белгілі бір топтардың саяси тұжырымдамасы өзіндік бейнемен көрсетілген.

Түркі мәдениетінің ұлы да ұлағатты әдеби ескерткіші «Құтты білік» дастанын жазған Жүсіп Баласағұн өмір сүрген Қараханид мемлекетінің тарихи, саяси - әлеуметтік жағдайы баяндалады. Жүсіп Баласағұн әдебиетке өзіндік стильмен өрнектелген идеялық көркемдік жаңалық алып келді. Оның әдебиет сахнасындағы өззіндік иірім жолы өзгеше, ол нақты стильмен ерекшеленетін ғұлама ойшыл ақын. «Құтты білік» дастанының өз дәуірінде маңызды еңбек болуымен қатар, сол кезде түркі халықтарына ғана емес, көптеген Шығыс, Орта Азия елдеріне белгілі болып, құрметпен бағаланған. Дастанда әлеуметтік жағдайдың, халықтың, әр түрлі топ өкілдерінің қоғамдағы орны, адамгершілік идеялар, өнер, ғылым, білім тақырыптары ерекше жырланған. Жүсіп Баласағұнның терең ойлары, ақындық шеберлігі қоғамдық, адамзаттық әлсіз тұстарына ғана барып қоймайды, қайта қоғамның, адамзаттың өзіне тән тәрбиенің әртүрлі қырларын танып білуге мүмкіндік тудырады.

«Құтты білік» дастанының тілін қазіргі түркі тілдерінің қайсы тобына жатқызуға болады деген сауал туады. Бұл жөнінде бүгінгі туркология ғылымында әртүрлі пікір айтылып келеді. Мәселен, С.Е.Малов «Құтты білік» көне ұйғыр тілінде жазылған десе, А.М.Щербак қарлұқ тілінде, Г.Ф.Благова дастандағы сөздердің талдану сипатына қарап, бұл шығарма қарлұқ-қыпшақ тілінде жазылған деген қорытынды жасайды.

Ал, біздің ойымызша, қалай болған күнде де Жүсіп Баласағұн өз дастанын сол кезде Қашқардан бастап, сонау Амударияға дейінгі ұлан-ғайыр өлкелер мен уәлаяттарды өзіне қаратқан Қарахан мемлекетінде өмір с‰рген түркі тайпаларының бәріне бірдей түсінікті, ортақ әдеби тілде жазғаны даусыз. Оның үстіне, есімі күллі әлемге мәшһүр шығыстанушы-ғалым В.В.Бартольдтың: «Қарахан елінің азаматтары өздерін ұйғыр деп атаған емес, Жүсіп Баласағұн үшін өзі жазған тіл ұйғыр тілі болған емес» деген әділ пікірін ұмытпау керек [79, 293-294 б.].

Өсиеттер мен тағылымдар жинағы болып табылатын дастанда қолөнершілер мен көпестердің мемлекеттігі ролі жоғары бағаланды. Шығармадан автордың әл-Фараби, Ибн Сина, Бируни көзқарастарымен және философиясымен жақсы таныс болғанын көруге болады [80, 495-517-б.].

Махмұд Қашғаридың бұл сөздігін энциклопедиялық туынды деуге болады. Мұнда тек тіл мен әдебиетке ғана емес, сондай-ақ сол кездегі ру-тайпалар мен халықтардың қоғамдық-экономикалық жағдайына, көне тарихы мен әдет-ғұрпына салт-санасы мен наным-сеніміне қатысты аса бағалы деректер берілген. М.Қашғаридың еңбегінің осы бір өзіндік ерекшелігі, энциклопедиялық мән-мағынасы жайында айта келіп, белгілі совет түркологы А.Н.Кононов былай деп жазады: «Мұнда ХІ ғасырдағы түріктердің  өмірі, олардың материалдық мәдениет бұйымдары, тұрмыс жайлары, этнонимдері мен топонимдері, ру-тайпалар туралы туыстық және жекжаттық терминдер, түркі қызмет адамдарының титулдары, аттары, тағам-сусындардың аттары, үй жануарлары мен жабайы жануарлар және құстар, мал шаруашылығы терминдері, өсімдіктер мен дәнді дақылдар, астрономиялық терминдер, халықтық календарь, айлар мен апталар атаулары, географиялық терминология мен номенклатура, қалалар, аурулар мен дәрі-дәрмектердің аттары, анотомиялық терминология, металдар мен минералдар, әскери-спорт және әкімшілік терминологиясы, діни және этникалық терминология, балалардың ойындары мен ермектері және басқа деректер көп жағдайда бірден-бір құнды деректеме болып табылады» деген [81].

Сонымен, өз дәуірінің көкейтесті мәселелерін қоғамдық әлеуметтік тұрғыдан терең түсінген ғұлама ақынның «Құтты білік» дастанында көтерген ең басты мәселелердің бірі - ел басқару мәселесі. Елді, мемлекетті қалай басқару керек, ел басқаратын адамда қандай қасиеттер болуы шарт. Міне, автор осы сауалдарға өз заманының оқыған, көзі ашық, ойшыл азаматы ретінде әрі феодал табының мүддесін қорғайтын өкілі ретінде жауап береді.

«Құтты білік» дастаны Қарахан әулеті үстемдік жүргізген орта ғасырдағы аса маңызды қоғамдық-саяси мәселелерге арналған. Жүсіп Баласағұн мемлекет пен патша, әкімдер мен қарапайым халық, патша сарайының қызметкерлері, олардың праволары мен міндеттері, феодал-клерикал топ пен қалың бұқара арасындағы қарым-қатынас туралы оқырманға ой салады

Поэманы көрнекті түркітанушы ғалымдардың арасынан В.В.Радлов 1891—1900 жылдары шығарманы неміс тілінен орыс тіліне аударып, бүкіл əлемге паш етті. 1971 жылы Н.Гребнев «Бақытты болу ғылымы» деген атпен еңбекті орыс тіліне аударды [82]. 1983 жылы С.Н.Иванов «Благодатное знание» атты аударма версиясын жасады [83]. 1986 жылы белгілі ақын, əдебиеттанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Егеубаев деректі алғаш рет қазақ тіліне аударды. Қазақ тіліндегі версия 1989 жылы Пекин қаласында «Ұлттар» баспасында араб шрифтімен екінші рет қайтара басылды. Томға енгізіліп отырған дерек мəтіні А.Қ.Егеубаев аударған версияның соңғы басылымы—«Жүсіп Баласағұн. Құтты білік» кітабы бойынша дайындалды. «Əдеби жəдігерлер» сериясының талаптарына сəйкес, бұл том А.Қ.Егеубаев жазған ғылыми жаңа түсініктермен толықтырылды [84]. Онда жер-су, жұлдыз атаулары, мифологиялық жəне түсініксіз сөздер, мəтіндерде кездесетін тарихи тұлғалар және діни есімдерге түсініктер, орыс тілінде және ағылшын тілінде жазылған резюме, пайдаланылған əдебиеттер тізімі көрсетілді. Сонымен қатар, бұл том А.Қ.Егеубаевтың «Құтты білік» дерегі туралы жазылған «Түркі əлемінің ұлы мұрасы» деген кіріспе мақаласымен ашылды [85]. «Құтты білік» дерегінің А.Қ.Егеубаев аударып дайындаған басылымы еш өзгеріске ұшырамай қазіргі таңда ұсынылып жүр.

Махмұд Қашғари өз ойын 1072-1074 жж. үзеге асырады. Оның «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасы ежелгі түрік тілін зерттейтін ұлы ғылыми-философиялық туынды болып табылады. Бұл кітап халық даналығының қазынасы, ежелгі түрік өмірінің энциклопедиясы. Мұнда көптеген өлеңдер, халық әндері, мақалдар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, аңыз бен ертегілер және де тарихи деректер берілген. «Диуани лұғат ат-түрік» оқырмандарға ежелгі және ортағасырдағы түрік халықтарының рухани және материалдық мәдениеті, біздің ата-бабаларымыздың математика, медицина, географиясы, астрономилық, білігі жайында көп мәлімет беретрін туынды. Бұл ежелгі түрік филологиясы бойынша бізге тұтас жеткен жалғыз кітап.

Махмұд Қашғари – ежелгі түрік тілін ғылыми түрде, түрік халықтарының тілдеріндегі диалектикалық ерекшеліктерді зерттеген лингвист-ғалым, ежелгі түрік тілінің сөздігін түсіндіруші және құрастырушы, халықтың ауыз әдебиет туындыларын, жыр дәстүрін жинақтаушы, философ, саяхатшы, этнограф болып табылады.

Өзінің еңбегіне материалдар іздеп, Махмұд Қашғари түрік тайпалары мекен еткен жерлерге саяхат жасап, түрік сөздерінің құрамын талдап, өңделген филологиялық мәліметтер жинады.Ол олардың ауыз әдебиетін, тарихын, әдет-ғұрпын, этнографиясын зерттеді. Мұнымен, ол қазіргі таңда түркітану деп аталатын ғылыми бағыттың негізін қалады.

Махмұд Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасын түркі тілдес барлық халықтардың рухани ортақ мұрысы. Ол түркі халықтарының мәдениеттілігінің қайнар көзі туралы кең мәлімет беретін ғылыми ойдың ұлы естелігі болып табылады.

Еңбекте түркі тайпалары аттарына сипаттама беріп, олардың мағынасына түсініктеме жасаған: «Талас – Тираз деген атпен машһүр болған екі шаһар. Біріншісі Улуғ Талас – Үлкен Талас, мұсылмандардың шекарасында орналасқан. Екінші Кәми Талас – Кіші Талас деп аталады...Ұйғыр – бір елдің аты. Бес шаһары бар. Бұл шаһарларды Зұлқарнайын түрік хақандарымен келісімге келгеннен кейін салдырған...Чаруқ – түрік тайпасы. Афрасияп шаһарларының бірі –Барчуқтың жанында жасайды...Чігіл – үш түрік тайпасының аты...Чомул – түрік тайпасы...Татар – түркі тайпаларының бірі...Тауғач – Машын елі. Ьұл мемлекет Шыннан төрт айлық жол...Қарлұқ – көшпенді түріктердің бір бұтағы. Оғыздардан басқа. Бұлар да түрікмен болып есептеледі... Қыфчақ – түркі тайпасы...Йағма –түркі тайпасы...Түрік – Тәңір жарылқаған Нұх пайғамбардың ұлының аты...»

“Диуани лұғат ат-түріктің” көшірме қолжазбасы XX ғасырдың бас кезінде табылды. Түпнұсқа сақталмаған. Қолжазбаның Стамбулдың Фатих кітапханасында сақтаулы. 1915-1917 ж. Стамбул қаласының Ахмет Рифат баспасы шығарған үш том болып жарық көрді.

Шығыстанушы неміс ғалым Брокельман шығарманы неміс тіліне аударып, 1928ж. Лейпциг қаласында бастырып шығады. Түрік филологы Б. Аталай оны түрікше тіліне тәржімалайды. 1939-1941 ж. Анкарада қаласында үш том етіп шығарды. Тілші – ғалым С. Муталлибов еңбектіөзбек тіліне аударып, 1960-1968 ж. Ташкент қаласында үш томдық кітап етіп бастырып шығарды. Көрнекті кеңестік лингвист ғалымдар А.Н. Кононов [86], Н.А. Баскаков [87], А.К. Боровков [88], Э.Нэджип [89], И.В.Стеблева [90] т.б. осы еңбекке қатысты көптеген құнды зерттеулер жүргізді.

Махмұд Қашғари шығармаларының құны зор. Оның әкесі Ыстықкөл жағасындағы қала – Барысханнан шыққан. Махмұд Қашғари ұзақ жылдар саяхат жасағаннан кейін, 1074 жылы «Диуани лұғат ат-түрікті» («Түрік тілінің сөздігі») жазды. Бұл еңбекпен автор тіл білімі тарихына үлкен үлес қосты. Бұл шығарма түркі тілдес халықтардың тұрмысы тарихын, мнез-құлқын, сонымен қатар сол заманның табиғи-ғылыми түсініктерін зерттегенде дебаға жеткісіз ескерткіш болып табылады [91, 38-40 б.].

ХІІ ғасырда Ясы (Түркістан) қаласында тұрған Қожа Ахмет Яссауи өз заманының үздік ойшылы және ақыны болды. Ол Қазақстанда мұсылман дінін таратты және кейіннен оның қабірі үстіне ғажайып кесене салынды. Ахмет Яссауидің «Диуан-и Хикмет» (Данышпандық кітабы) деген өлеңдер жинағы бар. Онда түрік тілінінде жаратқанға деген сүйіспеншілік, мойындаушылық пен сопылық уағыздалды. Жинақта мәдени және этнологиялық сипаттағы мәліметтер көп. Ахмет Яссауи төңірегінде ақындар жиналған, оның көптеген шәкірттері болды, солардың ішінде ең белгілісі Бақырғани (1186 жылы өлген), ол да өсиеттер жинағын қалдырған [92].

Ахмет Яссауи шығармашылығы туралы айтқанда, оның ұстазы Арыстан баб есімін атап өту керек, оның өз шәкіртіне мейлінше тікелей ықпал жасағаны сөсіз. Бұл жөнінде Қожа Ахметтің өлеңдерінде айтылады. Ақын өзін исламмен Арыстан бабтың таныстырғанын, өзіне оның «мыңдаған зікір» үйреткенін атап өтеді. Сопылық білімдердің алғашқы негіздерін Ахметке оның ұстазы берген. «Арыстан бабтың сөздері киелі – соларды тыңдаңдар, - деп уағыздайды Ахмет Яссауи, - оларда екіжүзділік,өтірік, пайдакүнемдік айыпталды және адамгершілік кемелденуге, сопылыққа, азбен қанағат етуге шақыру бар». Мұнда «Арыстан баб сөздерінің» Қожа Ахмет өсиеттерімен тура байланысты, сабақтастығы көрінеді.

Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, сопылық-философиялық идеясын, қоғамдық-әлеуметтік мән-мағынасын,ислам дінін таратудағы рөлін, Е.Э.Бертельс [93], А.К.Боровков [94], А.Ахмедбек [95], М.Е.Массон [96], т.б. ғалымдар жан-жақты зерттеді.

Арыстан баб туралы деректемелерінің басқа бір тобын қазақ фольклорының үлгілері әсіресе бақсылардың, шамандардың иелерін шақырулары құрайды. Қазақстардың көзқарастарына сәйкес, Орта Азия мен Қазақстанның мұсылман әулиелері иерархиясында Арыстан баб жоғарға сатыда тұрады. Тауап етудің қазіргі дәстүрі де осы көзқарасты растайды, ол бойынша әуелі Арыстан бабтың мазарына, сонан соң Қожа Ахметтің қабіріне бару қажет: «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз бар [97, 15-22 б.].

ІХ-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген ғұламалардың арасынан Ахмед Йүгнекидің еңбегінің маңызы өте зор. Ахмед Иүгінекидің ғұмыры, өмір сүрген ортасы туралы деректер тым тапшы. Зағип болып туып, бұл жалғанның жарық сәулесін көрмей бақиға озған Ахмед жастайынан ілім-білімге құмартып, түркі тілдері мен араб тілін жетік меңгерген. Шариғат қағидаларын жан-жақты зерттеп-танып, терең іліміне сай “Әдиб Ахмед” деген құрметті атқа ие болған. Ақыл-ойы толысып,діни танымы әбден кемелденген шағында Ахмед Иүгінеки қысқаша тақырыптарға бөліп, ислам құндылықтарына негізделген өлең-жырларын өмірге келтіре бастайды. Кейін бұл жәдігерліктердің басы біріктіріліп, “һибуат-ул-хақаиқ” (“Ақиқат сыйы”) деп аталатын дидактикалық өлеңдер жинағына айналған. Мазмұны, танымдық нәрі жағынан алғанда “Ақиқат сыйы” — Әбу Насыр әл-Фараби, Махмуд Қашқари, жылы Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи мұраларымен іштей астасып, 9 — 13 ғ. аралығындағы түркі дүниесінің рухани қазыналарының жарқын туындысына айналды.

 Шығармаға қатысты адамзаттың материалды және рухани саласындағы эталондық құндылықтар жүйесіндегі жетістік жиынтығындағы мәдениетін де атап өте аламыз. Мәдениет жетістіктеріне жету жолында бұл шығармада көптеген ой-пікірлер айтылған. Сондықтан ақынның әлеуметтік-саяси көзқарастарында сол кезеңнің саяси мәдениетіндегі олқылықтар туралы айтылып, оң нәтижелерге ұмтылуды қоғам мүшелеріне жүктейді. Ақын мәдениеттің жалпы органикалық бөлігін құрайтын түсініктерді қалыптастыруға тырысады. Сонымен бірге, «Ахмедтің дүниеге көзқарасының бұқарашылық сипаты мына тұжырымдардан жақсы байқалады: «әкімдердің игі жұмсақ, ақ көңіл екен деп сеніп қалуға болмайды, олардан әрдайым сақтанып жүру керек, өйткені олардың қолында шексіз күшті билік бар: кейде тіпті қалжыңқойдың зілсіз, бейкүнә қалжыңының өзі оның басын жұтар болар, пайдасыз дау-шар мен қалжыңнан аулақ бол». Жүйнекидің этикалық-педагогикалық ой-толғамдары кейде нақты әлеуметтік жағдайлардан тыс пайымдалғанмен, бұларда адамгершілік ізгі мұраттардың, жалпы адамзаттың мінез-құлық нормалары мен қағидалардың гуманистік көріністері айқын аңғарылады». Ата-бабаларымыздың өміртанымы мен өсиетін меңгеру, тілін түсіну тез арада тындыра салатын шаруа емес. Ол тыңғылықты іздену мен қажырлы еңбекті талап етеді.Бұл шығарманың бүгінгі жастарды патриоттық сезімде тәрбиелеудегі маңызы зор деп атап өте аламыз. Өйткені, бүгінгі Қазақстанның даму шарттарында отансүйгіштікке тәрбиелеу маңызды шаруа болып табылмақ. Сондықтан «Ақиқат сыйы» еңбегінің Қазақстандағы патриотизмді тәрбиелеу мен қалыптастыруда құнды еңбек екенін атап өтуіміз қажет. Осыған байланысты қазіргі Қазақстандағы қоғамды біріктірудегі негізгі фактор және тұрақтылықты қамтамасыз ету мен мемлекеттілікті бекітуде патриотизмнің орны зор. Сондықтан бүгінгі күндегі патриоттық тәрбие қазақстандық азаматтардың саяси санасындағы ең негізгі мәселе болып табылмақ.

Ахмет Иүгінекидің “Ақиқат сыйының” түпнұсқасы біздің заманымызға жетпей, біржолата жоғалып кеткен. Ахмед Иүгінеки мұрасының 14 — 15 ғасыр жасалған 3 түрлі көшірмесі, 3 түрлі үзіндісі бар. Оның ішінде ең ескісі — 1444 жылы Самарқанда Арыслан Қожа тархан Әмірдің қалауымен Зәйнүл Әбідін бин Сұлтан Бақыт Журжани Құсайын көшіріп жазған нұсқа. Көне ұйғыр, арагідік арабша хатқа түскен нұсқаның жалпы көлемі — 508 жол. Бұл мұра қазір Стамбұлдағы Айя-София кітапханасы қорында сақтаулы; 2-нұсқа Стамбұлда 1480 жылы Шайх зада Абд әр-Раззақтың ұйғыр және араб жазуымен көшірген, 506 жолдан тұратын үлгісі. Парсыша, тәжікше түсініктемелері бар, Стамбұлдағы Айя София кітапханасында сақтаулы бұл жәдігерлікті Н. Әсім 1915 жылы, ал қаласының Маһмудов 1972 жылы алғаш жариялаған; “Ақиқат сыйының” үшінші арабша нұсқасы 14 ғасырдыңақырында, немесе 15 ғасырдыңбасында 524 жол өлең көлемінде көшірілген. Ол Стамбұлдағы Топ-Қапы сарайында сақтаулы. Сол сияқты “Ұзын көпірдегі Сейіт Әлі” деген кісінің кітапханасынан табылып, Анкара кітапханасына табыс етіліп, кейін мүлдем жоғалып кеткен Ахмед Иүгінеки мұралары туралы дерек бар. Анкарадағы Маариф кітапханасынан табылған (көлемі 4 бет), Берлин Ғылым Академиясында сақтаулы тұрған (1 бет) өзге нұсқалардың із-жосықтары Ахмет Иүгінеки. еңбектерінің қаншалықты кең көлемде таралғанын дәлелдей түседі. “Ақиқат сыйының” бірнеше нұсқасын тауып, зерттеп, жариялауда — Н. Әсім, Р. Арат (Түркия), Бертельс Е. Э [98], 19-45 б.], С.Е.Малов [99], Х. Сүйіншәлиев [100], Ә. Құрышжанов [101], М.Томанов филологиялық тұрғыдан т.б. шығыстанушы ғалымдардың еңбегі зор. Ахмед Иүгінеки “Ақиқат сыйының” 14 ғасырдағы түпнұсқасының фотокөшірмесі, транскрипциясы қазақ тіліне қара сөзбен жолма-жол және өлеңмен аударылып, 1985 жылы жарық көрді.