- •Ежелгі түркілер тарихының деректері және олардың
- •Ежелгі бітік тастардағы түркілердің саяси жағдайы
- •Антикалық және византиялық еңбектер
- •Ежелгі түркілер туралы шығыс деректері
- •Араб және парсы зерттеулері
- •Ежелгі түркілер тарихы туралы қытай деректері
- •Қытай деректерінің маңызы және олардың зерттелуі
- •Қорытынды
Антикалық және византиялық еңбектер
Түркілер тарихын баяндайтын деректердің ішінде антикалық және византиялық деректердің орны ерекше. Солардың арасында, керемет көркемдігін былай қойғанда, мазмұны мен дәлдігі жағынан Геродоттың (б. д. д. 484—425 жж.) «Тарихы» ең құрметті орын алады. Сол ерте заманның өзінде-ақ «тарих атасы» атанған Геродот бүгінде көп ілтипатына ие. Оның өміршеңдігі — шыншылдығында, әділдігінде, адалдығында. «Маған дейінгінің бәрін жеткізу менің парызым, алайда айтылғанның бәріне бірдей сенуге міндетті емеспін. Бұл қағиданы мен өзімнің тарих туралы барлық еңбектерімде ұстанатын боламын» деп жазды ол. Геродоттың көпті мойындатқан танымалдығы — рахымдылығында, нәсілшілдікке бой ұрмауында, астамшылдықтан адалдығында. Оның «Тарихында» эллиндердің (гректердің) нәсілдік артықшылығы, немесе грек еместерді — варварларды кемсітушілік жоқ. Б. д. д. ІV ғасырда дәрігер-тарихшы Ктесий Геродотты тарихшы тұрғысынан жазғырмақ болды. Әсіресе, жазушы және тарихшы Плутарх (45—127) «тарих атасын» өз отандастары — гректердің саяси өмірдегі орнын төмендетті деп, қатты кінәлады.
Гректер өздерінен басқаларды «варварлар» деп атады, яғни грекше сөйлемейтін бөтен халықтарды сөйлегенде тамақтан жануарлардыкіне ұқсас «бар-бар-бар» деген дыбыстар шығаратын адамдар деп пайымдады. Бұдан нәсілшілдік көзқарас айқын сезіледі.
ІV ғасырда (б. д. д.) варвар деген сөздің жаңа мазмұны пайда болды; ендігі жерде варвар бұрынғыдай мағынада емес, ол енді дөрекі, мәдениетсіз, арам, құлшылдыққа жаралған адам деп саналды. Бұндай нәсілшілдік көзқарас әсіресе Платонның еңбектерінде кездеседі. Оның ойынша, варварлар — гректердің табиғи жауы, сондықтан олармен соғысып, варварларды қырып-жою — гректердің міндеті. Аристотельдің ойы бойынша, варварлар табиғаты тұрғысынан — құлдар. Аристотель Ескендір Зұлқарнайынға жазған бір хатында оны гректерге әкесіндей қамқоршы болуға, ал варварлармен қарым-қатынаста оларға мал мен өсімдік сияқты қарауға шақырады. Ал, скиф, сақ тарихына келер болсақ, мұның ғылыми тұрғыда жарыққа шығуында Геродоттың атқарған рөлі орасан. Ол скиф пен сақтың бір тектен екенін тұжырымдап, оларды скиф деп атаған гректер екенін дәл атап көрсеткен. Геродоттың айтуынша, скифтер массагеттермен соғыс кезінде ығысып барып, киммерліктердің жерін иеленген Азиядағы көшпелілер. Әсіресе, ертедегі темір ғасырында Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың орналасу жағдайын түсінуде Геродоттың мынадай мәлімдемесінің маңызы айрықша: «Гиперборейлерден басқа, аримасптерден бастап, барлық, сақтар ылғи да өз көршілеріне шабуылдаумен болған; исседондарды өз жерінен — аримасптер, скифтерді исседондар ығыстырса, ал Оңтүстік теңіздегі киммерліктер елін скифтердің қысымынан тастап кетті.
Геродот бұл қозғалыстарды б. д. д. VІІ ғасырда өмір сүрген, исседондардың арасында болған грек ақыны, әрі саяхатшы Аристей заманымен байланыстырады. Геродоттың айтуынша, Аристей оның уақытынан 240 жыл бұрын өмір сүрген. Ал, әйгілі географ Страбонның жорамалы бойынша, Аристей атақты жыршы Гомердің ұстазы болған. Осы мағлұматтарды ескерсек, скифтердің Алдыңғы Азияға жорығы б. д. д. VІІ ғасырда болған деуге негіз бар. Шынында да, скифтер алғаш рет Ассирия патшасы Асархаддон (б. д. д. 680— 669 жж.) жазбасында аталады, мұнда патшаның Сақ елінің адамдарын және оларды қорғай алмаған одактасы скиф Ишпакайдың әскерін жеңгендігі туралы айтылады. Ишпакай опат болғаннан кейін (673) скифтерді Прототии (Партатуа) бастайды. Оның ұлы Мадий Мидия патшасы Киаксарға (625—585) тойтарыс беріп, оның патшалығын иемденеді. Мадий Партатуаның Асархаддонның қызынан туған ұлы болуы мүмкін деген болжам бар.
Геродот бізге парсы патшасы ІІ Кирдің б. д. д. 530 жылы Каспий тенізі мен Әмудариядан шығысқа қарайғы аумақты алып жатқан массагеттерге қарсы жорығының шынайы тарихын қалдырған. Әмудариядан өтіп, Кир массагеттер патшайымы Томиристің ұлы Спаргапифтің әскери тобын алдап қолға түсіреді. Парсы жауынгерлерінің жұртында әдейі қалдырған шарапты ішкен массагетгер мас болып ұйықтап қалғанда, іріктелген парсы әскері оларды оңай олжалайды.
Ктесий Кир туралы басқаша баяндайды. Оның айтуынша, Кир сақтармен соғыста патшайым Сфаретраның күйеуі Аморгты тұтқындайды. Сфаретра 300 мың ер және 200 мың әйелден құралған әскерді бастап, Кирге қарсы шабуыл жасайды. Кирді жеңіп, оның анасы Амитиді, інісі Пармизді үш баласымен тұтқынға алады. Соларды құтқару үшін Кир Аморгты босатады. Ктесийдің мағлұматы бойынша, Кир массагеттер мекендеген жерден солтүстікке қарай орналасқан дербиктермен соғыста қаза табады.
Тарихшы Трог Помпей (б. д. д. І ғ.) Кирдің өлімі туралы былай деп жазады: «Томирис Кирден қашқан болып, оның әскерін тау шатқалына айдап әкеледі. Сонда құрылған тосқауылымен 200 мың парсы әскерін патшасымен қоса өлтіреді» [32]. Байқап отырғанымыздай, кейбір сәттерінің өзгешеліктеріне қарамастан, жалпы Кир жорығының ауқымы мен нәтижесі туралы деректер бір ізді. Алайда, солардың ішінде Геродоттың әңгімелері ерекше нанымды. Геродоттың массагеттер, исседондар жайындағы этнографиялық суреттемелері күні бүгінге дейін өзінің маңыздылығын жойған жоқ. «Киім киісі, өмір сүру салттарымен массагеттер скифтерге ұқсайды. Олар — атты және жаяу әскерлер, садақшы, найзагер, айбалта асынғандар. Олар барлық қажеттеріне алтын мен мыс тұтынады. Аттарының омырауларына мыстан қаптама жасап, ауыздық пен тізгіндерін алтынмен әшекелейді», — деп жазады Геродот. Ал, сақтардың киімі тығыз киізден тігілген шошақ, төбелі бөрік пен шалбар, қарулары садақ, қысқа қылыш пен өзгеше жасалған айбалта (сагарий) дейтін пікірлер сол замандардағы тарихшылар еңбектерінде жиі айтылады.
Феофилакт Симокатта «Күз келісімен варварлар әскери одақпен санаспай, қайтадан достық қарым-қатынасты бұза бастады. Бұндай жағдайдың сипат алуын мен түсіндіріп берейін. Боколабр атанған Скиф деген болды, (егер бұл атаудың мағынасын түсінгісі келсе, онда мен бұл атауды грек тіліне аударып, түсіндіріп берейін. Скиф сөзін эллиндік тілге өзгертіп, біз «маг» ,яғни діни қызметкер деге мағына береді.) Бұл адам сол кезде ойланбастан қате іс жасады, кейін осы қателігі оған қауіп төндірді. Ол кағанның әйелдерінің біреуімен қарым-қатынасқа түсіп, өз басына қатер төндірді. Жанын аман сақтап қалу мақсатында 7 гепидтермен (аварлар) келісіп, өзінің туған тайпасына қарай қашты. Бұл тайпа- парсылармен көршілес,шығыс жақты мекендеген ғұндар еді. Оларды көбінесе «түркілер» деп атайды.
Қазақстан тарихын, әсіресе оның этникалық жайларын зерттеуде Қазақстан аумағына хұндардан көп бұрын моңғол тектестердің өтуіне байланысты Геродоттың аримасп, аргипейлер туралы мағлұматтарының маңызы зор. Моңғол тектестігі туралы Геродоттың шығысында Серикпен (Қытаймен), оңтүстікке қарай Ганга өзенінің сыртындағы Үндінің бір шетімен шектеседі. Бұл Скифияның солтүстік бөлігін аби-скифтер сонымен қатар гиппофактар («жылқы жегіштер») мекендейді. Одан әрі Авзакит өңірі созылып жатыр, оған жалғас — Касия, төменірек — хайт-скифтер қоныстанған. Кейбір зерттеушілердің пайымдауынша, Касия — қазіргі Қашқар.
Антика авторларынан жеткен деректер қазіргі заманғы археология жетістіктері, оның ішінде аса көрнекті археолог К.А.Ақышевтің ашқан жаңалықтарымен (сақ «пирамидалары», Есік қорғанынан табылған «Алтын адам») дәйектеле түсіп, Қазақстанның ертедегі темір ғасыр кезеңіндегі тарихын кестелеуге нақты мүмкіндік береді. Көне дәуірдегі сақтар мен саураматтар Қазақстанның тарихында айқын іздер қалдыра тұра, өзінің нәсілі жағынан европеоидтік, тілі жөнінен иран тектестігіне байланысты қазақ халқының дәл арғы тегі бола алмайды. Алайда, белгілі антрополог О. И. Смағұловтың орынды көрсеткеніндей, сақ және саураматтар, арий тайпалары сияқты, қазақ халқының алыстан қосылатын тектері болып саналады.
Аммиан Марцеллин (V ғ.), Приск Панийский (VІ ғ.), Иордан (VІ ғ.) және Прокопий Кесарийский (VІ ғ.) өз еңбектерінде ғұндар туралы біржақты, тіпті нәсілшілдікке де ұрынғандарына қарамастан, аса құнды, сирек мәліметтер қалдырған.
Каспийдің солтүстік-батыс жағалауын мекендеген ғұндар жөнінде алғаш рет Дионисий Перигиэт (ІІ ғ.) еңбегінде аталады. Оның пікірінше, о баста солтүстікті скифтер, оның оңтүстік жағын ғұндар, ғұндардан әрі каспийлер, олардан әрі жауынгер албандар қоныстанған. Птолемей (ІІ ғ.) «бастерндер мен роксаландардың арасында хұндар тұрады» деп, ғұндарды Қара теңіз жағалауына жинақтайды. Алайда, сол кезде ғұндардың негізгі бөлігі Арал мен Оңтүстік Орал маңында мекендеген болса керек, ал олардың жекелеген шағын топтары Птолемей, Перигиэт атаған жерлерде болуы мүмкін.
Кейбір зерттеушілер (М.И. Артамонов, Л.Н. Гумилев) жергілікті угро-фин халқымен қаны араласқан ғұндардың моңғол текті тұрпаты күрт өзгермесе де, олардың түр-әлпеті угорлыққа біршама ұқсағанын, ал түркі тілі сақталып қалғанын айтады. Дегенмен, бізге Г.Е.Грумм-Гржимайло, К.А.Иностранцевтің хұндар мен ғұндардың бір екендігі жөнінде айтқан дәлелдері нанымдырақ көрінеді. Шынында, ғұндар тілін, дәстүрін; атын, жерлеу ғұрыптарын, салт-жораларын сақтап қалды. Әлбетте, угро-финдермен араласу хұндардың түр-тұрпатына әсер еткені сөзсіз, бірақ соның нәтижесінде Хұндар мүлдем өзгеріп, тіпті жаңа халық болып қалыптасты дегенге сену қиын. Бұл арада, менің ойымша, түріктермен салыстыру артық болмас. Түрік — оғыздардың ұрпақтары, олар Кіші Азияны басып алды, жергілікті байырғы халықтармен қаны араласты, тіпті сырт келбеті еуропалық болып өзгерді, бірақ бөлек, жаңа халыққа айналған жоқ, негізі сол оғыз-түрікмендер болып қалды. Сол сияқты байырғы армяндар, гректер, күрдтер де өз ерекшеліктерін, ұлыстық (этностық) қасиеттерін жойған жоқ. Ал, «ғұндар» деген атауды К.А.Иностранцевтің еуропалық хұндарды шығыстағы тайпаластарынан айыру үшін ғылыми айналымға енгізгені белгілі.
Аммиан Марцеллин «Тарих» атты шығармасында ежелгі түркі тайпаларының нәсілдік белгілерін атай келіп, асыра сілтеп кетеді. «Олардың дене мүшелері мықты, бұлшықты, мойындары жуан, түрлері құбыжықтай, қорқынышты; сондықтан ғұндарды көрген сәтте екі аяқты айуан, немесе көпір тіреуіне қойылар дөңбек ағаштай дөңкиген жан деп ойлауға болады», — деп жазды ол. Гот тарихшысы Иордан да ғұндардың сырт келбетін нәсілшілдік пен жек көрушілік пиғылда суреттейді. Ол ғұндар — гот қоғамынан аласталған сиқыршы әйелдердің перілермен байланысуынан пайда болған «шағын бойлы, жексұрын, арық, қаһарлы тайпа» деп сипаттады [32]. Иордан қыза келе, «Олардың (ғұндардың) бейнелері қап-қаралығымен зәрені ұшырады, ғұнды екі көздің орнын тескен домбалды көргендей боласың. Бойлары биік емес, бірақ тез қимылдайды, шапшаң, епті, иықтары кең», — деп, кемсіте суреттеуге бой ұрады. Ол ғұндарды «тағы аңға» теңеп, жек көрушілігін ерекше танытты. Аммиан Марцеллин ғұндардың өмірі мен моральдық бейнелерін суреттеуге келгенде қара бояуды аямай төгеді. Оның пікірінше, ғұндар — мәңгілік қашқындар, олар жер жыртпайды, тұрақты үйлері жоқ киіз үйлерде тұрады. «Ақыл-санадан ада айуандар сияқты, олар не істеп, не қойғанына есеп бермейді, ар-ұят жоқ сөздерінде тұрмайды, қараңғы, надан, ешқандай дінге, ырымға деген сыйлаушылығы жоқ, ал алтынға деген құштарлығы керемет», — дейді ол ғұндар туралы. Аммиан Марцеллин - рим офицері және тарихшы. 358 жж. Парсыларға қарсы соғысқан. Өзінің өмір сүрген жылдарындағы тарихты жазған. Оның еңбегінде хұндарды Дунай алқабында алғаш пайда болған және германдық вестгот тайпасының Рим империясынан көмек сұрауға мәжбүр еткен кезін сипаттаған.
«Ғұндардың төзімділігі сонша, олар отты да қажет етпейді, адам талғамына сай келмейтін асқа үйренген; олар жабайы шөптердің тамырымен, ірі қара малдың жартылай шикі етімен тамақтанады.Ешқашан төбесі жабық ғимараттарда тұрмайды. Тіптен, қамыспен қапталған шалашты да кездестірмейсін... Олар таулар мен ормандардан көшіп жүреді. Бесіктен суықты да,аштықты да, шөлге де төзімді болуға үйретеді. Олардың аяқ киімі қалыпқа салынып жасалынбайды, сондықтан аяқ киім ыңғайсыз болып, бос жүруге кедергі келтіреді. Хуннулардың жаяу әскери өнерге дағдыланбауының бірден-бір себебі осында. Алайда, олар аттың құлағында ойнап тұрғандай төзімді. Күнін де түнін де олар аттың үстінде өткізеді, сауда саттықпен де айналысады, ішіп-жейді, аттың мойнына асылып ұйқыға беріледі. Ұйқының қаттылығы сонша,тіптен түс көреді екен. Маңызды мәселелерді шешу үшін жиналысты да аттың үстінде отырып өткізеді» деп Аммиан Марцеллин ғұндардың тіршілігін сипаттаған [32].
Дегенмен, әскери кәсіпті сұңғыла байқаушы әрі бағалаушы (өзі де әскери адам болғандықтан, Марцеллин ғұндардың шапшаңдылығын, шымырлығын, күй талғамайтын көнбестігін жоғары бағалап, оларды «бағынбайтын халық» деп атайды да, ғұндардың алыстан садақ оғын жаудыра алатын, әрі жақындап келген жауымен қоян-қолтық шайқаста семсерлесе кететін ержүрек қабілетіне тоқталады. Марцеллиннің бұл ескертпесі өте құнды, өйткені тарихи әдебиетте көшпелілер, солардың ішінде ғұндар да отырықшы халықтардың жауынгерлерімен бетпе-бет келіп, қоян-қолтық шайқасқанда әлсіздік танытады деген пікір қалыптасқан-ды. Рим тарихшысының ғұндар арқанды шебер қолданып, шайқасқа шығарда «қаһарлы дауыспен ұлиды» деуі де назар аудартады. Қазақтардың да, көне түріктер немесе қалмақтар сияқты арқанды тамаша қару ретінде пайдаланып, майданда қаһарлы қиқуға салатыны бәрімізге белгілі.
Тарихшы әрі дипломат Приск ғұндар жайлы ең көп білетін адам ретінде танымал. Шынында да, 448 жылы Палонияда (Венгрияда) ұлы жауынгер Аттиланың ордасында болып, онымен кездесуі жайында жазбалар қалдырған. Прискінің еңбегі толығымен сақталмаған. Оның «Византия тарихы» атты шығармасының үзінділері Иорданның кітабынан орын алған. В.В.Латышев «Ежелгі жазушылардың Скифия мен Кавказ жайындағы деректері» атты жинағында Приск еңбегінен үзінділер келтіреді. Бұл кітапта өте қызықты, сирек кездесетін мәліметтер жеткілікті. Мысалы, мұнда Рим ғұндардың қаһарлы көсеміне келісім бойынша жылына 2100 литр (1 литр 327,5 грамға тең) алтын төлеп тұрғаны, ғұндардың өзара қарым-қатынасы, ғұн-кидариттер, акатирлер (акацирлер) туралы мәліметтер, Аттиланың өлімі, оны жерлеу, ғұндардың Аттила қайтыс болғаннан кейінгі тарихы — осының бәрі толық көрініс тапқан [32].
Иорданның «Геттердің (готтар) пайда болуы мен іс-әрекеттерің атты шығармасында ғұндар жайлы қызықты мәліметтермен қатар, Прискінің еңбегінен екі бірдей айшықты үзінді алынады: атышулы Каталаун шайқасын (451) көзбен көргендей етіп, егжей-тегжейлі суреттейді. Бұл ұрысты замандастары «Халықтар шайқасы» деп бекер атамаған, өйткені римдіктер мен ғұндардың әскерінің саны, одақтастарымен бірге есептегенде, бір миллионнан асқан, тек өлгендердің саны 180 мыңға жеткен [32].
Ресми советтік тарихнаманың біржақты бағасына қарағанда, Иордан шайқас қорытындысына әділ баға беруімен ерекшеленеді. «Ертеңіне таң сібірлеп атқанда, — деп жазады Иордан, — римдіктер өлікке толы даланы көрді, ғұндардың көрінуге батылы жетпеді. Аттила зор жеңілістен қорланса ғана шабуылға шықпайды деп масаттанған римдіктер өздерін жеңімпаз санады. Бірақ, Аттила қылы де қисаймағандай, қайта қайраттанып, тәуекелге мінгендей, қаруларын жарқылдатып, кернейлерін сұңқылдатып, тағы да ұрысқа даярлығын танытып жатты. Жауынгер король қоршауда қалса да, жеңімпазды мазалаудан тайынбады. Бұл король өзін-өзі тайсалмай ұстады, ол ер-тоқымдарды отқа жағып, егер жау тосқауылды бұзып енсе, дұшпанның қолына жарадар болып түскенше, отқа өртеніп өлгенім артық деп шешім қабылдады». Бірақ, Рим қолбасшысы Аэций тағдырын тәуекелге салмастан, өз әскерін ақырын ғана ғұндарға білдірмей жылжытып әкетті.
Ал, советтік энциклопедиялық сөздік (1987) бұл атақты шайқасты былайша қорытындылайды: «Батыс Рим империя әскері франктарды, вестготтарды, бургундтарды, аландарды, т. б. және олардың қарсыласы ғұндарды одақтастарымен (остготтар, гепидтер, т. б.) ойсырата жеңіп, ғұн «державасын ыдыратты». Совет тарихнамасы ғұн державасын тырнақша арқылы жазу арқылы оны кемсітіп, тарихи деректің мәліметін аяққа басып, жеңісті римдіктерге беріп отыр.
Түркілер тарихын әлемге паш еткен және тарихтың жазылуына бірден-бір үлес қосқан Х ғасырда өмір сүрген, Византия императоры Константин Багрянродныйдың «Империяны басқару туралы» ( Об управлении империи) атты дерегі. Деректі автор 53 бөлімнен құрап,оның 3 және 4 бөлімін түркілерге арнаған. Ал византиялық елші Земаркостың «Тюркия туралы» (О Тюркии) жазбалары Менандр Протектордың хроникасы арқылы жеткен. (Яғни, Менандр Протектор хроникасын жазу барысында Земаркостың жазбаларына да сүйеніп жазған). Земаркос жазбаларында Истеми қағанмен болған елшілік кездесулері, жалпы түркілердің заттай және рухани мәдениетіне тәнті болған естеліктері, түркі елінің саяси тарихын жазған.
Менандр Протектор. Мамандығы бойынша – заңгер, Византия императоры сарайында қызмет атқарған. Император әскерінде қызмет етіп, протиктор дәрежесіне дейін көтерілген. Император чиновнигі бола жүріп, өмір бойы тарихи еңбектер жазған және шығармалары шынайылығымен аса бағалы. Бізге жеткен Менандр еңбектері түркі халықтарының 558 – 582 жылдардағы тарихын қамтиды.
Оның алғашқы еңбегі Византия мен Иран арасындағы 561 жылғы келісімге, кейінгі еңбектері Земарх басқарған Византия елшілерінің Түрік қағанатына баруына арналған. Шығарма елшілердің айтқан әңгімелері мен нақты дипломатиялық құжаттар негізінде жазылған. Онда сол кездегі түрік елінің әдет-ғұрпы, сән-салтанаты және тұрмыс-салты айтылады. Сондықтан күні бүгінге дейін Менандр жазбалары түркі халықтарының ортағасырлық тарихына қатысты түпнұсқа ретінде қолданылады. Менандр жазбаларының шындыққа жанасатындығын археологиялық қазбалар және қытай жылнамалары толығымен дәлелдейді.
Ежелгі түркілер тарихының тағы бір көрінісін сипаттайтын ежелгі рим жазушысы әрі тарихшысы, І ғасырда өмір сүрген Үлкен Гай Плиний Секунд. Скифтер, сарматтардың тарихын «Шынайы тарих» (Естественные истории) атты еңбегінің Балқан аймағы, Қара теңіз жағалауының бөлігі,Сарматия, Скифия, Балтық және Солтүстік теңіз аралдары деген 4 кітабында сипаттайды. Еңбек географиялық және биологиялық зерттеу ретінде жазылған. Сондықтан еңбекте скифтер мен сарматтардың территориясы мен олардың өзге тайпалармен шектескендігін толыққанды жазған. Sarmatae сөзін Sauromatae ежелгі грек сөзіиен мағыналас деп келтіреді
ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басында грек және рим авторларвның (Геродот, Ксенофонт, Полибий, Полиен, Прокопий Ксесарийский,) ертедегі Қазақстан мен Орта Азияның саяси және экономикалық, сондай –ақ экономикалық және мәдени тарихы мен тарихи географиясы жөнінде көптеген құнды материалдар бар бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылды. В.В.Латышев көптеген антик авторларының еңбектерінен алынған Скифия туралы үзінділерді жарыққа шығарды.
Ежелгі түркілердің тарихы жөнінде антикалық авторлардың жазған жазбалары тірнектеп жинаған фактілерімен, бұлтартпас дәлелдерімен зерттеушілердің назарын аударады. Бұрын бұл тарихи деректер әртүрлі жинақтарда кездескенімен әр еңбекте шашырап, іздеп табу қиын соғатын. 2005 жылы «Мәдени Мұра» бағдарламасы бойынша А.Н. Гаркавецтің «Великая степь в античных и византийских источниках» [32] деп аталатын көшпенділер туралы бүкіл антикалық, византиялық деректерді бір жинаққа топтастырып, түсініктемесімен, ғылыми аппаратымен жарыққа шығаруы – түркілер тарихына арналған маңызы зор хрестоматиялық жинақ екені даусыз. Бұл басылым б.з.б XII ғасырдан бастап б.з. XV ғасырлар аралығында өмір сүрген Евразия кеңістігі халықтарының және оларға көшілес жатқан халықтардың антикалық және византиялық деректердегі мәліметтердің жиынтығы. Еңбекте хронологиялық тәртіп бойынша географтар, этнографтар, жазушылар, филологтар және мемлекет қайраткерлердің грек және латын тілдерінде жазған 150 автордың 500-ге жуық жазбалары көрсетілген. Солардың арасында атап өтер авторлар ол Геродот (б.з.б.V ғғ.), Помпей Трог (б.з.б. І ғғ. – б.з. І ғғ.), Үлкен Гай Плиний Секунд (б.з. І ғғ.), Аммиан Марцеллин (б.з. ІV ғғ.), Приск Панийский (V ғғ.), Менандр Протектор (VI ғғ.), Иордан (VI ғғ.), Феофилакт Сиомокатта(VII ғғ.) т.б. авторлар еңбектерінің аудармасы жазылған.
Феофилакт Симокатта «Күз келісімен варварлар әскери одақпен санаспай, қайтадан достық қарым-қатынасты бұза бастады. Бұндай жағдайдың сипат алуын мен түсіндіріп берейін. Боколабр атанған Скиф деген болды, (егер бұл атаудың мағынасын түсінгісі келсе, онда мен бұл атауды грек тіліне аударып, түсіндіріп берейін. Скиф сөзін эллиндік тілге өзгертіп, біз «маг» ,яғни діни қызметкер деге мағына береді.) Бұл адам сол кезде ойланбастан қате іс жасады, кейін осы қателігі оған қауіп төндірді. Ол кағанның әйелдерінің біреуімен қарым-қатынасқа түсіп, өз басына қатер төндірді. Жанын аман сақтап қалу мақсатында 7 гепидтермен (аварлар) келісіп, өзінің туған тайпасына қарай қашты. Бұл тайпа- парсылармен көршілес,шығыс жақты мекендеген ғұндар еді. Оларды көбінесе «түркілер» деп атайды [32].
Антикалық деректерін зерттеуде деректің түпнұсқасын аудару арқылы көптеген таихшылар жұмыс жасауда. Геродоттың «Тарих» еңбегін 1763-1764 жылдар аралығында А. Нартов аударса, 1826-1828 жылдары И.И.Мартынов «Истоия Иродотова» атты аударма версиясын жасаса, И.И.Мартыновтың 1,4 кітаптарын М.Гаспаров 1976 жылы қайта өңдеп шықты. Байқағанымыздай, Геродоттың еңбегіндегі 1 кітап «Клио» және 4 кітап «Мельпомена» Қазақстан тарихына, соның ішінде Қазақстан территоиясында өмір сүрген ежелгі түркі тайпалары тарихына арналған. «Геродот. История в 9 книгах» деген атаумен Ф.Г.Мищенко 2 томдық еңбек етіп шығарды. Бірінші басылым 1886 жылы шықса, екінші басылым 1888 жылы жарық көрді. 2008 жылы жаңа баслым болып шықты. Қазіргі күнде Г.А.Стратановскийдің аудармасы [33] тарихшылар арасында ерекше қолданысқа ие болды. Біз білетін сақтар, сарматтар, скифтер тарихын Г.А.Стратановскийдің аударған версиясы арқылы білеміз. Доватур А. И., Д.П.Каллистов, И. А. Шишова бірігіп, «Тарих» мәтіндеріне, аудармаларына және комментарийлерге сипаттама беріп, өз көзқарастарын ұсынды. Б.А.Рыбаков тарихи-географиялық тұрғыдан зерттеп, еңбегін «Геродотова Скифия: Историко-географический анализ» деп атады. Келесі тарихшы В.Г.Борухович «Тарих» еңбегінің тарихи маңызын, еңбектегі мәліметтерге сипаттама беріп, өз ойын білдірді.
Антикалық және византиялық деректердегі ежелгі түркілер тарихын жан-жақты зерттеулерден В.В.Латышевтың «Известия древних писателей греческих и латинских о Скифии и Кавказе» [34] атты монографиясының орны ерекше. Монографияның 1900 жылы «Грек жазушылары» деп аталған І томы жарық көрсе, 1904 жылы «Латын жазушылары» деп ІІ томы жарық көрді. 1906 жылы ІІ томның 2 басылымы шықты. Н.В.Пигулевскаяның «Сирийские источники по истории народов СССР» атты еңбегінің «Среднеазиятские и прикаспийские области в V-VІ вв.» [35] атты тарауында көптеген грек, сирия авторлардың жазбаларына сүйене отырып, Орта Азия халықтарының, олардың арасынан ежелгі түркілер, ғұндар тарихын жазған. Азербайжандық тарихшы Кемал Алиев Албания және Азербайжан тарихы, жалпы түркілер тарихын антикалық деректер арқылы зерттеп, «Античные источники по истории Азербайджана» [36] атты еңбегі 1987 жылы жарық көрді. Еңбек 54 антик авторларының (Геродот, Страбон, Плутарх, Помпей Трог, Дионисий Периэгет Египетский, Стефан Византийский, Минней Феликс Капелла т.б.) тек Азербайжан халқының тарихы ғана емес, жалпы түркілер тарихын сипаттайды. И.В.Куклина «Этногеография Скифии по античным источникам» атты еңбегі антикалық деректерге анализ жасап, оған археологиялық материалдар қосып, скифологияның заманауи проблемаларына назар аударды. Скиф этногенезі және скиф тайпаларының ежелгі тарихын, Солтүстік Қара теңіз жағалауларында тұрақтанған мерзімін анықтау, скифтерге қатысты георафиялық орнығуы сынды сұрақтарға тоқталған. Скифтер тарихына қатысты толық мәлімет беретін бірден-бір еңбек болып табылады. 1997 жылы И.В.Пьянков өзінің «Средняя Азия в античной географической традиции: Источниковедческий анализ» атты монографиясы жарыққа шығарды. Еңбек ауқымды 4 тараудан тұрады, солардың арасында 1 және 2 тарау Орта Азия халықтарының тарихына арналған. Монография Орта Азия туралы географиялық мазмұны бар антикалық деректердегі мәліметтер жиынтығы. Антикалық деректер арқылы Орта Азия тарихын реконструкциялауда еңбек аталған территорияның географиялық көзқарастарының тарихын көруге, аймақтың этнографиялық өзгерістерін, Жібек Жолы туралы құнды тарихи мәліметтер береді. Еңбекке Геродот, Страбон, Ктесий, Демокрит, Полибиий т.б. антик авторларының деректерін қолданған.
