
- •Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті
- •«Тіршілік қауіпсіздігі негіздері»
- •Түркістан лекция тезистері
- •1.2 Қауіпсіздік түсінігі, курстың негізгі міндеттері.
- •1.3 «Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болуына әкелген апаттарды, ауыртпалықтар мен алапаттар себептерін тергеу ережелері» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы.
- •2.1 Азаматтық қорғаныс жүйесінің құрылымы мен рөлі.
- •2.2 Азаматтық қорғаныс курсының мақсаттары мен міндеттері.
- •2.3 Халықты психологиялық дайындыққа әзірлеу.
- •5.4 Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Азаматтық қорғаныстың міндеттері.
- •3.1 Қауіпті өндірістік және тұрмыстық факторлар
- •4.1 Иондаушы сәуле шығару
- •4.2 Сыртқы және ішкі сәулелену
- •4.3 Радиациялық қауіпсіздіктің негізгі принциптері.
- •5.1 Өмір сүру ортасының антропогендік қауіп қатері.
- •5.2 Қышқыл жаңбырлар.
- •5.3 Парниктік эффект. Озон қабатының бұзылуы.
- •Опырмалар
- •Қар басу.
- •Табиғи өрттер.
- •7.4 Ядролық зақымдану ошақтарындағы құтқару жұмыстары.
3.1 Қауіпті өндірістік және тұрмыстық факторлар
Экстремальдық жағдай (ситуация) дегеніміз не? Адам өміріне, денсаулығына немесе оның дүние-мүлкіне тікелей қатер тудырғанда, өзгенің көмегі болмайтын немесе көмек беру шектелген жағдайды экстремальдық деп атайды. Бұл жағдайда мынадай белгілер тән:
кенеттен немесе ойламаған жерден пайда болуы;
адамның зорлану, шиеленісу жағдайында болуы;
алғашқы секунд пен минуттағы денсаулыққа залалын тигізетін қатердің мүмкіндігі;
жедел істелетін белсенді іс-әрекеттің қажеттілігі.
Экстремальдық жағдайлар адамдардың табиғат аясында болған кезінде де (шөлде, орманда, тегісте, өзенде және т.с.с.), қала ішінде де (ауданда, ауылда), тіпті күнделікті жағдайда да пайда болуы мүмкін.
Табиғатта болған экстремальдық жағдай бірнеше жай-күймен анықталады:
1. Ниет ету. Экстремальды жағдайға, көбінесе, қауіпті жұмысты істеуге немесе демалуға ниеттенген адамдар душар болады. Дегенмен, оған дайындалуға, оны ескеруге адамның мүмкіншілігі жеткілікті. Алдына ондай мақсат қоймаған адамдар экстремальды жағдайға түсе бермейді, бірақ ондай жағдайға тап болғанда өзіне-өзі сенімділік көрсете алмайды.
2. Дайындық ережесі. Адамдардың экстремальдық жағдайға дайындық дәрежесі ылғи да сай келе бермейді, тіпті төтенше жағдаймен айналысатын адамдардың өздері кейде жол таба алмай қалады. Мұндай жағдайда «менімен ештеңе болмайды» дейтін кісінің өзі қиын кездерде мамандарға, дайындығы жоғары адамдарға жүгінуге мәжбүр болады.
3. Экстремальдықтың дәрежесі. Материалдық жарақтанғанына байланысты (арнайы киімдер, төтенше жағдайға арналған құрал-жабдықтар) және сол сияқты географиялық-климаттық шарттарының ерекшелігіне байланысты бірдей жағдайдың өзінің әр түрлі салдары болуы мүмкін. Мысалы, ұшақтың шөлге амалсыздан қонуы мен далаға (тауға) қонуы, әрине, экстремальдық жағдай, бірақ екі жағдайдың дәрежесі екі түрлі. Экстремальдықтың дәрежесі адам өмірінің сақталуына әсер етеді әрі тірі қалудың мүмкіншілігін анықтайды.
Осыдан барып, экстремальдық жағдай адамдардың мамандықтарына және олардың өмір сүру дағдысына қарай әр түрлі болады деген тұжырымға келуге болады.
Адамның жападан жалғыз экстремальдық жағдайда қалуы, ерекше талдауды қажет етеді. Амалсыз осындай жағдайға тап болған адам, алдымен қандай қиындыққа тап болғанын болмысымен түсінуі қажет, содан соң барып баспана, тамақ туралы және қайтып оралудың жолын ойластыруы керек, әрі алғашқы сасқалақтау, стрес жағдайымен күресуі қажет. Бұған адамның мінез-құлқы, жігерлігі немесе бозкүйектігі үлкен әсерін тигізеді. Дегенмен ең бастысы – адамның бұндай жағдайдағы істейтін өз іс-әрекеті. Біріншіден, адамның өзі ұшыраған жағдайын дұрыс сараптауының, сыртқы факторлардың (аптап ыстық, боран, суырған жел және т.б.) әсерін дұрыс бағалаудың, қолында бар заттарды (киімі, баспанасы, құрал-жабдықтары) дұрыс пайдаланудың және денсаулығын сақтаудың (аш, жалаңаш, ауру және т.с.с.) – бәрінің маңызы өте зор.
Шешім қабылдағанда мына қажеттіліктерді қатты ескеру қажет:
дәрігерлік көмек көрсетуді (егер қажет болса);
сыртқы дүниемен байланыс орнатуға қам жасауды;
баспана ұйымдастыруды;
су мен тағам табуды;
айналаны бағдарлап, зерттеп, жүретін бағытты анықтап алу керек.
Адам стрестік жағдайдан неғұрлым тез арада шыға алса, соғұрлым оның сабырлы, ойлы іс-әрекеті оң нәтижесін береді.
Байланыс орнатуға және белгі беруге әрекет ету. Экстремальдық жағдайға душар болған адам бірінші ретте сырт ортамен байланыс жасауға шара қолдануы керек. Оның құралдары: белгі зымырандары, от, факель жағу, қолдағы бар басқа да құрал-жабдықтарды пайдалану, айқайлау, ысқыру және т.с.с.
Өндіріс орындарында төтенше жағдайға арналған арнайы белгі беру құралдары болады.
Бұндай белгі беру құралдары шахталарда, кемелерде, су асты кемелерінде, ұшқыштарда және т.с.с. болады. Сол сияқты, төтенше жағдайда дабыл беретін 01, 02, 03, 04 деген телефон нөмірлері бар.
Мысал ретінде жол жүріп келе жатқандағы ұшыраған экстремальдық жағдайдағы дабылдар ыңғайы келген әдіспен беріледі:
айқаймен (ысқырықпен);
жарықпен (фонарь);
қараңғы жерде ашық түсті (немесе керісінше) затты бұлғаумен;
ашық күнде ақ түтін жіберу (отқа жасыл бұталарды, мүктерді тастаумен ақ түтінге қол жеткізуге болады);
бұлтты, бұлыңғыр күні – қара түтін жіберу.
Тік ұшақтағы құтқарушыларға халықаралық кодты пайдалана отырып, дабыл белгілерін берген жөн. Мысалы, жоғарыдан анық көрінетін жерге қолда бар заттармен – матаның кесіндісімен, киіммен, бұтақтармен, қарды таптап із салу арқылы, оттың күлін пайлаланып – белгі беруге болады.
Дабыл берудің басқа да әдістері бар. Соның бірі айнаны пайдалану. Айнадан түсетін күннің жарығы электроника мен пиротехниканың нәтижесінен кем емес. Айнаның сәулдесін биіктіктегі ұшақтан 1,5 км-ден 24 км-ге дейін қашықтықтан көруге болады.
Ендігі бір әдіс – ол радио байланыс.
Радиобайланыс арқылы өзің туралы, апаттың түрі және дәрежесі жөнінде толық мәлімен бере аласың. Апатқа ұшырау дабылын спутниктер жер шарының кез-келген нүктесінен қабылдап, жақын арадағы құтқару станцияларына қас-қағым сәтте жеткізіп бере алады.
Баспана тұрғызу. Апат болғандығы жөнінде дабылды берген соң немесе оған дайындық жасап болған соң, паналайтын баспана тұрғызуды ойластыру қажет. Бірінші ретте, оны тұрғызуға қолда бар заттарды (парашют, мата кесіндісі, қаптайтын заттар) пайдаланады. Болмаса табиғи заттардан тұрғызады. Экстремальды жағдайға тап болған кездегі баспана тұрғызудың қажеттігі жаңбырдан, күшті желден, суықтан, қайнаған ыстықтан қорғанумен айқындалады.
Баспана тұрғызуға пайдаланатын әмбебап заттардың бірі – тент. Жерге белгілі бір бұрышпен орнатылған тент жаңбырдан ,ана қорғап қоймайды, сонымен бірге оттың жылуын да сақтауға көмектеседі.
Суық уақытта жатын орынды от жанып, қызуы қалған жерге салған жөн. Астына майда бұтақтармен құрғақ жапырақтар төсеген абзал. Егерде жерде түнеу қауіпті болса, жатын орынды ағаш басында орнатуға болады. Бүйрекке суық тигізбес үшін сыз жерде, қар үстінде жатуға мәжбүр болғанда, белді жылы киіммен орап тастаған жөн.
Қажет болғанда қауіпсіз баспана тұрғызған дұрыс. Ол үшін ыңғайлы орын табу керек. Біріншіден, орын құрғақ, жан-жағы ашық болуы керек, су көзіне де жақын болғаны тәуір. Егер уақытша баспананы табиғи орыннан тапса (ағаштың қуысы, үңгір т.с.с.), уақыт жағынан да, әл-күшті сақтауға да үлкен көмегі тиер еді. Үлкен ағаштағы қуыста баспана бала алады.
От жағу. Баспана тұрғызылған соң, от жағуды ойлану керек. Сапарға шыққанда, табиғат аясында дем алу үшін қыдырысқа шыққанда, қажет болса, өзіңізбен бірге сіріңке алып жүргеніңіңз абзал. Әрине сіріңке полиэтилен пакетіне салынған болса, немесе оралған болса, онда сіріңке су болмай құрғақ күйінде сақталады. Егер де сіріңкеңіз су болған болса, отты басқа жолмен (үйкеумен) алуға тура келеді.
Оттың жануына құрғақ бұтақтар керек. Алдымен тұтанғыш үстіне, тығыздамай, жіңішке бұтақтар, немесе құрғақ шөп, мүк салып тұтандырған жөн.От жаққанда өрт шығып кетпеудің қамын ойлаған абзал.
Тамақ пен суды табу. Экстремальды жағдай кезінде тамақ пен су табу аса маңызды мәселенің бірі болып есептеледі. Егер адам жападан жалғыз қалуға мойын ұсынып, дайындалған болса, онда ол осы мәселені ертерек ескергені жөн, яғни соған сәйкес дайындық жасауы қажет. Ал егер бұндай жағдайға ойда жоқ жерден душар болған болса, онда су мен тамақты табудың жолын, мүмкіндіктерін іздестіреді.
Адамдардың аштықта, шөлде өзін-өзі ұстауы, іс-әрекеті туралы талай рет ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген. Сондықтан осы зерттеулердің нәтижесін дайындық кезінде толық ескерген жөн.
Егер адам толық сусыз, тамақсыз қалған жағдайда, алғашқы 10 күн ішінде қазаға ұшырайтындығы белгілі.
Ал арнайы дайындалған адамдардың тәжірибесі, мысалы, иогтардың өз бойын толық меңгеріп сусыз, тамақсыз 40 күнге дейін тірі бола алады екен.
Аштықтың алғашқы 2-3 күнінде адамда тағам қозуы (қарыны ашады) болады. Бұл кезде адам қанында қант бірден төмендеп кетеді. Аштық қинап, іші гүрілдеп, сілекейі ағып, мазасызданады. Бір тәуліктің ішінде адам салмағы 1 кг азаяды. Қан қысымы көтерілмегенімен тамыр соғысы жиілейді.
Организмде көміртегінің азаюы майдың қорытылмауына, метоболизмнің (май қышқылы, ацетон) қышқыл өнімдерінің жиналуына әкеліп соғады. Ацидоз дами бастайды. Синил қышқылымен уланған кездегідей , аш адам ацидоздан өледі.
Жападан жалғыз қалғанда аштан өлмес үшін, адам бәрін де жей алатындығын ұмытпауы керек. Мысалы, кесірткені де, жыланды да, құрбақаны да, шегірткені де, құрт-құмырсқаны да, құсты да, балапандарды да, оның жұмыртқаларын да – бәрін де жеуге болатындығын білген дұрыс. Құрт-құмырсқалардың кеудесі мен іш жағын жейді. Әрине тамақ ретінде жүнді құртты, көбелек, қоңызды, раковинасы жоқ құрлық молюскаларын пайдалануға болмайтынын білу керек т.с.с.
Тамақ болатын жемістер, дәндер, тамырлар, жапырақтар өсімдік әлемінде де жеткілікті. Негізінен, тамырды, бадананы, түйнекті тамаққа пайдалану үшін, азпаздық өңдеуден өткізу керек. Ал өсімдіктердің ішінде тамаққа өзіңе бұрыннан белгілерін пайдаланған дұрыс.
Егер бөтен өсімдіктерді пайдалануға тура келетіндей болса, онда оны шағындап, бір адамға 3-5 гр. көлемінде, пайдалануы керек, егер 1-2 сағат ішінде іш ауырып, лоқсып, құспаса немесе іші өтпесе, онда оны тамақ ретінде пайдлануға болады.
Экстремальдық жағдайда ас тұзының жетіспеушілігінен адам организмінде ауыр өзгерістер болады. Тұз бен сіріңке – сапарға шыққандағы ең қажетті заттар екенін ұмытпау керек.
Осындай табиғи және өсімдік дәмдерін пайдалана отырып, топ немесе жалғыз адам қиын-қыстаудан шыға алады.
Ересек адамның организмінің 80 % судан тұрады, оның 2/3 бөлігі клеткалардың ішінде юолса, тек ¼ клеткадан тыс сұйық ретінде қанның плазмсын құрайды. Біздің организміміз сусыз өмір сүре алмайтын ашық жүйені құрайды. Су соншалықты қажет болғанымен, адам организмінде судың қоры шектелген, оның тек 10 %-ға азаюының өзі үлкен келеңсіз, адам өліміне себеп болатын өзгерістерге ұшырауына әкеліп соғады. Организм судан үлкен қор жасай алмайды. Судың көп болуы дененің ісінуіне, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан ұзақ уақытқа, алдын ала ішіп, суға қанып алу мүмкін емес.
Жоғарыда айтылғандарды бағалай отырып, мынадай қорытындыға келуге болады: судың адам организміне қажеттілігі соншама, денеден судың кетуі су қоры табылмаса, өте ауыр жағдайға ұшыратады. Алғашқы 3-5 тәуліктің ішінде адам өліміне әкелуі мүмкін. Яғни тамақтан гөрі, су тапшылығы адам өміріне аса қауіпті.
Алдымен су көзін іздеу керек. Балшықты-орманды жерде бұл жағынан мәселе тумайды: бұлақтар, көл, өзен, балшық және шалшықтар көптеп табылады. Таулы жерде де солай: бұлақтар, көлдер, мұздар және қар жеткілікті. Ал шөл далада су көзін табу қиындау, бірақ түк табылмайды деуге болмас. Шағылдардың сайында өсімдік бар болса, онда су табылуы мүмкін. Шөлдегі өзендер, көбінесе, тұзды болады. Дегенмен шөлде суды күн конденсаттары арқылы жинауға болады: ол үшін диаметрі 1 метрдей тереңдігі 60 см, шұқыр қазып, түбіне су жинау үшін мөлдір пленка төсеп, шетін топырақпен жабады, пленканың ортасын төмендетіп, шағын тас салып қояды. Бір сөткеде осындай әдіспен 1,5 литр су жинауға болады.
Қоғамның дамуы адамның өмір-тіршілігін жеңілдетуге бағытталған айрықша жасанды орта туғызды. Бұл ыңғайлылық пен жеңілділік адамдардың мамандануынан туып отыр. Қалалықтар өз шаруашылықтарынан құтылуға қол жеткізеді, қызмет көрсету саласы дамып, жақсы ұйымдастырылған өнеркәсіп саласына айналды.
Қол жеткізген жетістіктер қалаларда жаңа күрделі мәселелер туғызуда, олардың көбісі қаладағы адамдардың өмір-тіршілігіне тікелей немесе жанай қауіп тудырады.
Солардың ішінде:
А. Әлеуметтік-психологиялық мәселелер. Шағын елді-мекенде тұрғындары бірін-бірі таниды, көбісі бір-біріне туысқан да болып келеді, ал үлкен қалаларда тіпті көршілер бірін-бірі танымайды. Осы жағдай қала тұрғындарында жалғыздық сезімін туғызады. Сонда адам соншама көп адамдардың ортасында өмір сүріп жүріп, басына қатер туғанда, қиындыққа ұшырағанда көмек те ала алмауы мүмкін.
Ә. Қала тұрғындары өз үй-тұрмыс мәселелерін шешуге дайын емес. Өз жеке шаруашылығын жүргізіп отырған адамның қолынан бәрі де келеді, жан-жақты істей алады. Ал қала тұрғына көбіесе бағытталған мамандықтың иесі, үй-тұрмысы тіршілігіне қамы жоқ, сондықтан құбырдан судың ағуы, электр жүйесінің бұзылуының өзі қалалықтарды қиын жағдайға душар етеді.
Б. Қала көлікпен қамтамасыз етудің технологиялық аймағына айналды. Бұл қалаларда адамдардың үлкен тобының жұмысқа, демалыс және басқа орындарға баруымен және қайтуымен байланысты болып отыр.
В. Қала криминогенді қауіпті аймаққа айналды. Адамдардың үлкен тобының қалада жинақталуының өзі қылмысты қауіпті аймақтың пайда болуына әкеліп соғады. Осындай жағдайды қылмыс топтары өз қылмыстарын жасауға және жауап беруден құтылуға пайдаланады екен.
Г. Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы. Қалаларда өндірістің әр түрлерінің орналасуы, көліктің көбеюі атмосфераның ластануына әкеліп соғады. Көптеген қалалар экологиялық апат аймағы деген мәртебеге ие болған.
Сонымен, қалаларды қауіп-қатердің, экстремальдық жағдайдың көзі ретінде қарастыра отырып, экстремальды жағдайды баспанада және баспанадан тыс болады деп, екіге бөлуге болады.
Баспанада болатын экстремальдық жағдайлар. Үлкен қалаларда баспананың негізгі түрі болып, көп қабатты үйлердегі пәтерлер саналады. Бұндай пәтерлер сумен, жылумен, электр қуатымен, өмір-тіршілік өнімдерін әкету жүйесімен, байланыс және ақпарат жүйесімен қамтамасыз етілген. Әрине, тұрғындардың өмірі және оның қауіпсіздігі осы жүйелердің қызметіне де байланысты. Қазіргі заманғы құрылысты көптеп салу жүйесі баспананың сапасын ылғи да қамтамасыз ете бермейді: панелдердің, есіктер мен терезелердің қиылысында жылу кететін, кеміргіштер кіретін саңылалар болуы мүмкін. Пәтерлер бір-бірімен ұштасып жатқандықтан бір жерден шыққан өрт екінші жерге таралып кету қаупі әр уақытта да бар. Улы түтін желдеткіштер арқылы көп қабатты үйдің көбіне тарап кетуі де ғажап емес және т.с.с. Сондықтан кішкене төтенше жағдай бүкіл көп қабатты үйдің мәселесіне айналып, зардап шегушілердің қатары көбеюі мүмкін.
Баспана үшін зардабы зор ең қауіптісі – өрт.
Баспанадағы өрт. Өрт өндіріс орындарына қарағанда үйлерде жиі болады. Өрттің себебі барлық уақытта бірдей-ақ:
- отты, оның барлық түрлерінде, дұрыс пайдаланбау;
- тұрмыста қолданылатын қыздыру приборларының бұзылуы;
- электр сымдарын және электр жүйесін пайдаланудағы өрт қауіпсіздігінің ережесін бұзу;
- теледидарлардың, радиоапаратуралардың жануы;
- пештің, оның құбырының дұрыс салынбауы және бұзылғандығы;
- балалардың отпен ойнауы.
Темекіні абайсыз шегудің зардабына ерекше тоқтап кету керек. Темекі шегушілер әзірге өте көп, сондықтан өрт болуға себеп те жеткілікті, сонымен қатар, оны себеп ретінде дөп басу ажырату қиын. Кейбір темекі шегетін адамдар сіріңкелерін, темекінің тұқылын қалай болса солай лақтыра салады, рұқсат етілмейтін жерлерде темекі шегеді, темекінің тұқылын ағаштан жасалған заттардың үстіне, тез тұтанатын заттардың қасына қоя салады. Негізінде өшпей қалған темекінің тұқылынан шыщщан өрт ең көп таралған өрттің түрі болып саналады.
Адамның өзі жасаған өмір сүру ортасының бірден бір бөлігі – көлік жүйесі. Кез-келген адам өзінің жасына немесе мамандығына қарамастан әр күні осы көліктің түрлерімен күнделікті пайдаланып жатады. Көлік адамның, тіпті қоғам өмірінің бөліп тастауға келмейтін белсенді бөлігі.
Көлікті күнделікті пайдалану қалыптасып кеткендіктен, жолаушылар оның қауіпсіздігі туралы ойланып та жатпайды. Ал негізінде олай емес. Көлік жүйесінің қатысымен болатын адам өлімі немесе жарақаттануы, қаладағы басқа да болатын қатердің түрімен салыстырғанда, әлденеше рет көп.
Бүгінгі заманғы көлік жүйесі қоғамдық (теміржол, автокөлік, теңіз, өзен, әуе көлігі және труба арқылы) және жекеменшік болып екіге бөлінеді. Жоғарыда айтылғанның бәрі көлік жүргізушілер үшін ғана емес, айнала қоршаған орта үшін де аса қауіпті аймақ болып есептеледі.
Теміржол көлігі. Қазіргі замандағы теміржол жүйесі аса қауіпті аймақ ретінде белгілі. Жүк таситын пойыздар 90 км/сағ., ал жолаушы пойызы – 140 км/сағ. жылдамдықпен жүре алады. Жолаушылар таситын пойыздың жалпы салмағы 1000 т. асса, жүк пойыздарының салмағы одан бірнеше есе ауыр болып келеді, сондықтан пойыз құрамасы бірден тоқтай алмайды. Пойыздың тежеу жолы бірнеше жүз метрге созылады.
Аса қауіпті аймақтардың бірі – теміржол мен автокөлік жолдарының, қала көшелерінің қиылыстары. Кесіп өтетін жолдарды тік қиып өтетін, кез-келген жағынан жақсы көрінетін «темір жолға 50 м қалғанда, жақындап келе жатқан пойыз 400 метрдей жерден көрінетін болуы керек) етіп орналастырады.
Теміржолдарда ірі-ірі апаттар, мыңдаған шағын оқиғалар болып тұрады, темір жол ұйымдары үлкен зиян шегіп жатады, тіпті адам өлімдері де болып тұрады.
Темір жолдан өткенде көпір немесе жер асты жолдармен жүрген абзал. Егер ондай өтетін жолдар болмаса, сілтемелерге қарап, бағыт алған дұрыс. Пойыз жақындап қалғанда, оны өткізіп жіберіп барып, рельстен өту керек. Өтіп бара жатқан пойызды жіберу үшін, бос рельстің ортасында тұруға болмайды, себебі өтіп жатқан пойыздың шуынан, келіп қалған пойыздың дыбысын естімей қалуы мүмкін.
Мына жағдайларға тыйым салынады:
- темір жолмен жүруге болмайды;
- темір жолмен келе жатқан пойыздың алдынан (400 м қашықтық болу керек) өтуге болмайды;
-станцияда тұрған пойыздың астынан өтуге, вагондардың қосылған жерінен секіріп өтуге болмайды;
- темір жолдың бойымен рельске 5 метрдей жақын жүруге болмайды;
- темір жолдан тек көрсетілген жерден ғана өту керек;
- электрленген темір жолда бағанаға шығуға, бағанадан рельске келе жатқан металды спускке тиісуге болмайды. Металды спуск электр бағаналарын жерге қосу (заземление) үшін қажет.
-жерде жатқан электр сымына 10 м жақындауға болмайды;
- темір жолдан өтетін жерге жақындағанда жарық немесе дыбыс белгілеріне көңіл аудару керек. Өтетін жердегі шлагбаум ашық болса ғана өту керек;
- өтетін жердің қызыл жарығы жыпылықтап тұрғанда өтуге болмайды;
- өтіп бара жатып рельсті басуға болмайды. Жолды тек тік бұрышпен ғана өту керек.
Вагонда кетіп бара жатқанда келесі ережелерді сақтау керек:
- вагонға мінгізу (түсіру) тек перрон, отырғызу платформасы жағынан жүргізілуі керек.
Әуе көлігі. Әуе көлігіндегі қауіпсіздік кеелесі жолдармен қамтамасыз етіледі:
- жолаушылардың өздерін және қол жүктерін тексеріп отыру;
- әуе кемелерін арнайы тексеру;
- әуе кәсіпорындарындағы өткізу тәртібі мен объектінің ішкі тәртібін ұйымдастыру және қатал қадағалау;
- авиациялық техникалардың күзетін қамтамасыз ету;
- әуе кемелерін басып алуды қамтамасыз ету үшін қажетті күш пен заттарды дайындау;
- әуе жай мен азаматтық авиация объектілерін қоршау.
Көпшілікке арналған қала көлігі. Жол-көлік оқиғасы – көлік құралдарының соғысып қалуынан туындайтын жағдай. Бұл жағдай материалдық зиян, жаралану немесе адам өліміне әкеліп соғуы мүмкін. Жол-көлік оқиғасы жүргізушінің кінәсінен, жаяу адамның жол тәртібін сақтамауынан, көліктің техникалық жағдайының төмендегінен пайда болады.
Жол-көлік оқиғасының көп тараған түрлері мыналар:
- жүргіншіні басып кету – 47 %; көліктердің соғысуы – 22 %; аударылып қалу – 14 %; тағы басқа түрлері – 17 %-ды құрайды.
Автомобиль жүргізушінің кінәсінен болған жол-көлік оқиғасының себептері:
- автокөліктің көшенің, жолдың оң жақ бетіне шығып кетуі;
- ара қашықтықты және тоқтайтын жерді дұрыс анықтамау;
- қозғалыс қатарындағы маневр жасау тәртібін бұзу, көше қиылыстарынан дұрыс өтпеу;
- кенеттен бұрылу;
- ойламаған жерден тежеуіш беру;
- қарсы келе жатқан көліктердің жарығымен көрмей қалу;
- ақауы бар машинамен жолға шығу;
- денсаулықтың болмауы, шаршағандық және мас күйде көлік жүргізу.
Жаяу жүрушінің кінәсінен болатын жол апатының негізгі себептері:
- жаяу жүрушінің жолды өтіп бара жатқан көлікке жақын кесіп өтуі;
- жаяу жүрушінің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі;
- жолаушының көліктен машиналар өтетін жағынан шығуы;
- балалардың ойнап жүріп, жолдың көлік жүретін жағына кенеттен шығып кетуі;
- жолаушылардың қозғалып келе жатқан көліктен шығуы.
Жол шартын бұзу арқылы болатын жол оқиғаларының негізгі себептері:
- жолдың көлік жүретін бөлігінің қараңғылығы;
- жолдағы үлкен шұңқырлардың зияны, жөндеу жұмыстарының кесірі;
Көліктің техникалық ақауынан болатын жол-көлік оқиғасының негізгі себептері:
- тежеуіштің ақаулығы;
- рөлдің ақауының зияны;
- дөңгелектің жақсы бекітілмеуі.
Автокөлік апатында жарақаттанғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетудің маңызы зор. Жарақаттанған адамдардың 50 % дәл уақытында қажетті медициналық көмек алған болса, онда тірі қалған болар еді деген есеп бар. Өтіп жатқан көліктердің жүргізушілері және басқа жолаушылар да жарақаттанған азаматтарға көмектесуге міндетті.
Ал, негізгі құтқару жұмыстарын дайындығы және қажетті техникасы, құралдары бар арнайы бөлімдер істеуі керек.
Жол-көлік оқиғаларынан сқатанудың ең оңай әдісі- көшелерде қауіпсіздік ережесін сақтау. Мысалы, көшеде:
- автобустың артынан өту керек;
- жолға жүгіріп немесе секіріп шығуға болмайды;
- балаларды көшелен өткенде еркіне жібермеу керек;
- кіммен болмасын қызыл жарықта көшеден өтпеу керек;
- көшеден өту үшін жер асты жолымен өту керек;
- көшеден өтерде алдымен сол жағыңа қарап, ортасына келгенде оң жағыңды бақылауға алған дұрыс;
- аялдамада келе жатқан көлікке арқаңмен тұрмау керек;
- тұрған көліктен келе жатқан транспортты көре алмайтын жағдайда көшеге жүгіріп шығуға болмайды;
- егер тротуар жоқ болса, онда келе жатқан көлікке қарсы жүру қажет;
- әке-шешесіз келе жатқан балаға, ең дұрысы көшеден өткелі тұрған кісілермен бірге өткен абзал.
Қыс кезінде жол апаты жиі болып тұрады. Жол-көлік оқиғасының 60 %-ы қыс мезгілінде болады екен.
Апта ішіндегі ең қауіпті күндер – жұма, сенбі, ал тәулік ішінде сағат 16.00-дан – 20..00-ға дейінгі уақыт.
Жол-көлік оқиғасының куәгерінің немесе қатысушының міндеті:
- жарақаттанған адамдарды көмексіз тастап кетуге болмайды;
-жүргізушінің апат болған жерден қашып кетуі немесе куәгер болудан қашқақтауы (немесе ақпарат беруден қашуы) қылмысты істің қатарына жатқызылып, екі жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
-жол апаты туралы жол полициясына хабарлауы керек;
- апаттағы іздерді сақтауы қажет;
-егер сіз куәгер болған апатта көлік жүргізуші қашып кететін болса, онда көліктің нөмірін, түсін, маркасын жүргізушінің бет бейнесін есте сақтап қалуға тырысу керек.
Автобус. Автобус жүйесі республикамыздың ең дамыған көлік жүйесінің бірі. Жолдың сапасына, жүргізушінің қателігіне, тәжірибесінің жоқтығына байланысты жол бойында апаттар болып жатады.
Жалпы көлікте, оның ішінде автобустарда, осындай жағдайға арналған құрал-жабдықтар, аптечка, өрт сөндіргіш сияқты қажетті заттар міндетті түрде болуы қажет.
Автобуста болатын экстремальдық жағдайдың тәртібі:
- мұндай жағдайда үрей, абыржудың туындауына жол бермеуге тырысу керек;
- жолаушыларды қосалқы терезелерден, люктерден шығарып алуға шара жасау қажет; автобустың қосалқы апаттық терезесін тығыздаған резина жіпті суырып алып, әйнекті итеріп түсіріп жіберу керек;
- медициналық көмек көрсету;
- жол полициясыны хабар беру;
- автобус құлағанда немесе қатты тежеуіш бергенде ұшып кетпеуге қам жасап, ұстауға әрекет ету;
Троллейбус (трамвай). Электр қуатынан сақтану.
Тоқтап жүретін көліктер ең экологиялық таза көлік болып саналады.
Дегенмен ондай көліктерді пайдаланғанда өте ұқыпты болу керек, себебі тоқ кернеуі троллейбус пен трамвайда 600-1200 В дейін жетеді. Әр трамвай (троллейбус) рейске шығар алдында тоқтың басқа жаққа кетуі тексеріледі.
Егер электр тоғы троллейбустың (трамвайдың) корпусына кеткендей болса, жүргізуші тоқты ажыратуы керек, электр сымдарынан тоқ қабылдағышты ажыратқаннан соң ғана жолаушыларды салоннан шығаруға болады. Содан соң техникалық көмекті шақыру керек.
Өрт кезінде трамвай жүргізуші жолаушылар арасында абыржу, үрей туғызбауға тырысып, ұйымдасқан түрде салоннан шығуға көмектеседі.
Троллейбустың (трамвайдың) салонындағы өртті көмірқышқылды өрт сөндіргішімен немесе құммен сөндіреді. Егер өз күшімен сөндіруге болмайтын болса, онда өрт сөндіргіштерді шақыруға тура келеді.
Осындай жағдайда жолаушылар сақтайтын ережелер:
- экстремальдық жағдай туғанда көлікті жүргізушінің бұйрығымен іс-әрекет жасау керек;
- трамвай жүргізушісі стрелканы аударып жатқанда, салоннан шығуға болмайды;
- жүріп келе жатқан секіруге болмайды;
- терезеден денені сыртқа шығаруға болмайды;
- аялдамаға келіп қалған көлікке 0,5 м артық жақындауға болмайды.
Қылмыстық экстремальдық жағдай.
Қылмыстық экстремальдық жағдай баспанада және баспанадан тыс жерде болуы мүмкін.
Баспанаға бөтендердің, қылмыскерлердің кіруіне мүмкіндік туғызатын себептер:
- кірер есіктің қойылуының, материалдарының нашарлығы;
- есіктердің ішке қарай ашылуы;
- құлыпының қарапайымдылығы;
- бір типті құлыптарды пайдалану;
- есіктердің жұқалығы, мысалы, есіктің қалыңдығы 50 мм жұқа болмауы керек.
Сонымен әрі жұқа, әрі қалай болса солай орнатыла салған есіктер ұрыларға тосқауыл қоя алмайды. Сондықтан пәтерге, үйге қос есік, темірден, манолитті есік қойған дұрыс.
Күзет дабылдамасы (сигнализация). Ақпараттық қауіпсіздік. Баспананы қорғаудың ең тиімді түрі – үйді, мүлікті полицияның ішкі істер аудандық бөлімінің жанындағы күзет бөліміне тапсыру. Қазіргі заманғы электрондық мүмкіндіктер қылмыскердің кез-келген әрекеті туралы полицияға дер кезінде хабарлай алады.
Үйде адам бар сияқты етіп көрсету үшін, радионүктені кірер есікке қосып қоюға болады, өзіңе, отбасыңа артық көңіл аудартпауға қам жасау керек. Адамның киім киісі де, жүріс-тұрысы д сырт көзге қосымша ақпарат береді. Қараңғы кеште сәнді әрі қымбат киініп келе жатқан адамның қылмыскердің көзіне ертерек түсері белгілі. Сумка, шабадан сатып аларда қауіпсіздік тұрғысынан ойлаған дұрыс. Үлкен, ауыр шабаданды еріксіз жерге қойғың келім тұрады. Ондай шабадан өзгенің көзіне тез түседі.
Қымбат заттардың қабын, әдемі жасалған шетелдік заттардың қорабын т.б. ең дұрысы орап тастаған абзал.
Бейтаныс адамдармен көлікте, көшеде, кезекте, аулада өзіңізде бар асыл заттар, ақшалар, қымбат аппаратуралар туралы ашық әңгімелеспеген жөн.
Үй тонауға қажетті мағлұматты тратуға болмайды. Демалысқа, саяжайға баратыныңыз туралы, өзіңіздің отбасыңыз туралы хабарды ешкімге айтпағаныңыз жөн.
Аса қауіпті қылмыс аймағы. Бүгінде аса қауіпті қылмыс аймағына вокзалдар, парк, жер асты жолы, үйлердің кіреберісі жатады.
Қылмыскердің пиғылына қарсы қоюға болатын үш ереже бар:
1. Сақ болыңыз. Қай жерде болсаңыз да айналаңызда, алды-артыңызда кім бар екендігіне назар аударыңыз. Егерде қауіп сезгендей болсаңыз, жалғыз қалмауға, жүрмеуге, шықпауға тырысыңыз.
2. Бет-әлпетіңізден абыржығаныңызды білдірмеңіз, асықпай, сенімді жүруге тырысыңыз.
3. Сезіміңізге сеніңіз. Егер маңайыңыздан қауіп сезсеңіз, ыңғайсыздық туса, онда ол жерден кеткеніңіз абзал.
Серуендеу кезінде:
- серуендейтін жолыңызды ойластырып алыңыз: жарығы мол жолды, адам арылмайтын көшені, алыс болса да қауіпсіз бағытты таңдаңыз. Үлкен бос алаңды, қараңғы жерді, құрылыс алаңын айналып өтіңіз;
- өз ауданыңызды біліңіз: қай дүкен, мейрамхана қай уақытқа дейін істейді, полиция учаскесі қай жерге орналасқан, учаскелік полицияның мекен-жайын біліп алғаныңыз жөн;
- балаларыңыздың қай жерде ойнап, қыдырып жүргенін білгеніңіз дұрыс, кіммен ойнайтынын біліңіз, ертерек қиын жағдайда не істеу керек екенін, қайда бару керек екенін түсіндіріп қойғаныңыз дұрыс;
- қол сөмкеңізді денеңізге жақын ұстауға тырысыңыз, ақшаны, құжаттарды костюмнің ішкі қалтасына салған дұрыс;
- қымбат киініп, асыл заттарды тағып жүруіңіз қылмыскерлердің көзіне бірден түседі;
- жүріс-тұрысқа төлейтін майда ақшаларды қалтада бөлек ұстаған дұрыс;
- көлік қозғалысына қарсы жүру керек, сонда жақындап келіп қалған машинаны көретін боласыз;
- машинаға немесе үйге жақындағанда кілт қолыңызда болсын;
- егер біреудің артыңызға түсіп, аңдып келе жатқанын байқасаңыз тез жарық жерге шығу керек немесе дүкенге, үйге кіріп, полицияға телефон шалу керек. Ал егер оған үлгере алмайтындай болсаңыз, көмек сұрап айқайлағаныңыз жөн;
- егер артыңызға машинамен түссе, бұрылып, машинаның нөмірін жазғаныңызды байқатыңыз;
- жол-жөнекей келе жатқан машинамен сейіл құрудың өміріңізге қауіпті екенін есіңізден шығармағайсыз;
Машинада:
- машинаның техникалық жағдайы төмен болма, апатқа түсу қаупі аптады;
- жолға шыққанда өз бағытыңызды дұрыс бағдарлаңыз, жанармайдың, ақшаның кері қайтуға толық жетуін ойластырыңыз;
- қозғалыс кезінде көліктің есіктерінің жабықтығын қадағалаңыз;
- кездейсоқ жолуашыларды алмауға тырысыңыз;
- егер апатқа ұшыраған бөгде жүргізушіні көрсеңіз, оған қандай көмек керек екенін білуге тырысыңыз, полицияға хабарлаңыз;
Автобуста, троллейбуста, трамвайда.
- көлік күтетін аялдаманың жарық болғаны жақсы;
- жүргізушінің қабинасының маңында отыруға тырысыңыз;
- ұйықтамаңыз;
- шығатын есіктің қасында орналаспауға тырысыңыз. Қылмыскер кіріп, шығаберіске жақын отырғандарды тонап кетуі мүмкін.
- көлік күтіп тұрғанда адамдардан алшақ кетпеңіз;
- көліктен шыққанда абай болып, жан-жағыңызды бағдарлап алыңыз.
Лифтіде.
- лифтке кірместен бұрын ішіндегі адамдарға көз салыңыз;
- басқару пультінің қасында тұрыңыз;
- күдкті біреу лифтке кірсе, шығып кетуге тырысыңыз;
- егер сізге шабуыл жасаса, онда пульттегі апат түймесін басыңыз, болмаса үй қабатының түймелерін баса беріңіз.
Егер өзіңізге қауіп төнсе: абыржып, үрейленіп есіңізді жоғалтпаңыз. Ашу-ызаңызды қылмыскерге көрсетпеуге тырысыңыз. Егер қылмыскер сіздің әмияныңызға, асыл дүниеңізге ғана көз салса, қарсыласпай бере беріңіз. Тонау қанды оқиғаға айналып кетпесін.
Қараңғы уақытта адам жоқ көмескі жерлерді, бос аула мен скверлерді айналып өтіңіз. Көшемен келе жатып үйлердің қабырғасына аса жақындамаңыз. Көмескі жер асты жолдарымен өтпеңіз. Өндіріс орындарының қоршауының қабырғасымен жүрмеңіз, көмекке шақыруыңыз қиын болады.
Алдыңыздан бір топ жасөспірімдер келе жатса, ал маңайыңызда ешкім болмаса, онд не көшенің екінші бетіне өтіп кету керек, немесе кері бұрылып кеткеніңіз жөн. Көшеде еркін, сеніммен жүріңіз, бірақ өзіңе шабуыл жасауға итермелейтіндей шектен шыққан менмендік болмасын. Шабуыл болған жағдайда қылмыскердің түр-түсін, киімін, кейбір ерекшеліктерін есте сақтап қалуға тырысыңыз. Полицияға хабар беріп, оқиғаның қалай болғанын толық айтып беріңіз.
Егер сізді полиция қызметкерлері тоқтаса, құжатын көрсетуді талап етіңіз, бөлімшеге алып жүретін болса, абай болғаныңыз жөн. Егер іс-әрекеттері күдікті болса, онда көшедегі адамдардан көмек сұраңыз.
Бақылау сұрақтары:
Экстремальдық жағдай деген не?
Табиғат аясында болатын экстремальдық жағдайлар және оның түрлері.
Байланыс орнатуға және белгі беруге әрекет ету.
Баспана тұрғызу.
От жағу.
Тамақ пен суды табу.
Қаладағы экстремальдық жағдайлар және оның түрлері.
Қаладағы көлікпен байланысты туындайтын экстремальдық жағдайлар.
Қылмыстық экстремальдық жағдай.
Баспананы қылмыскерден қорғау жолдары.
4-лекция. Тақырыбы: Радиациялық және химиялық қауіптілік.
Жоспары: 4.1 Иондаушы сәуле шығару
4.2 Сыртқы және ішкі сәулелену
4.3 Радиациялық қауіпсіздіктің негізгі принциптері.
Мақсаты: Адам өмір – тіршілігінің соғыс жағдайындағы қауіпсіздігінің негіздерін түсіндіру.