Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Derektanu_zhauaptar_Sabdenova.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
394.75 Кб
Скачать

11. Фольклор – қазақ тарихының дерек көзі.

12.Фольклордың пайда болуын сынау: деректік маңызы, объективьтілігі, алғышарттары, тарихи жағдайлары, ерекшеліктері, сипаты. (11-12 жауабы біреу)

Фольклор ағылшынша /folk-lore/ - халық даналығы, халық білімі деген ұғым білдіреді. Оқу құралында айтылғандай, ауыз әдебиеті – фольклор әр түрлі тарихи дерек көздері арасында қазақ халқының өткен өмірін бейнелеу жағынан теңдесі жоқ деректер тобын құрайды. Біріншіден, тарихымызды қамтитын хронологиялық шеңберінің кеңдігі, екіншіден, беретін мәліметтерінің молдығы,үшіншіден, көлемінің көптігі жағынан фольклор басқа дерек көздері арасында ерекше орын алады.

Фольклор халық өмірінің белгілі бір кезеңінде пайда болмай қоймайтын барлық халықтарға тән табиғи құбылыс. Ол туралы белгілі фольклортанушы ғалым С. Қасқабасов: «Фольклорлық ойлау, фольклорлық дәстүр, фольклорлық шығарма – міне, осының бәрі тарихта болатын нәрсе, оны аттап өту мүмкін емес. Бұлардың бәрі тарихтың белгілі бір кезеңінде болуы тиіс, сол дәуірдің жемісі, адамзат мәдениетінің бір сатысы деп танылуы керек» - дейді.

Дегенмен, әр халықтың өзіндік даму ерекшеліктеріне байланысты фольклордың бір халықтарда ерте, бір халықтарда кеш пайда болуы, біреулерінде ұзақ уақыт тарих айтудың негізгі түрі ретінде сақталуы, біреулерінде жазба тарихқа жол беруі мүмкін. Академик Ә. Марғұланның айтуынша: «Ғасырлар бойы айтылып келген ертегі-жырды, аңызды, әңгімені ең алғаш шығарып таратқан көшпелі түрік тілдес елдер». Ол: «Сақ, ғұн, үйсін, қаңлы заманынан басталады». Ал, ол тайпалардың қазіргі Қазақстан жерінде б.з.д. ІҮ-І ғасырларда мекендегені және қазіргі қазақ ұлтының өз негізін солардан алатындығы тарихтан белгілі. Олай болса, фольклор қазақ халқының кемінде 2,5 мың жылдық тарихының дерек көзі болып табылады деп айтуға болады. Себебі, халқымыздың өмір салтының ерекшелігіне байланысты оның мыңдаған жылғы тарихы негізінен сол ауызша тарих айту арқылы, яғни фольклор арқылы бүгінге жеткен.

Егер, филология ғылымдарының докторы, зерттеуші С. Қасқабасовтың сөзімен айтсақ: «Біріншіден, фольклордың өзі – тарихи құбылыс, ол өзгермелі. Фольклорлық сана, фольклорлық дәстүр, фольклорлық шығарма осының бәрі тарихта болатын нәрсе, оларды аттап кету мүмкін емес... Екіншіден, фольклор адам тіршілігімен тікелей байланысты, оның болмысының бір бөлшегі. Сондықтан ол адам өмірінің барлық жағын бейнелейді, шаруашылығынан, тұрмысынан, әдет-ғұрпынан, салт-санасынан толық мәлімет береді… Үшіншіден, фольклор тарихи оқиғаларға тікелей де, жанама түрде де байланысты болады... халық тарихындағы маңызды оқиғаларды қамтып, солардың негізінде жаңа шығармалар туындап, тарихи қайраткерлер жайында әңгімелейді… Төртіншіден, фольклор халықтың өзінің тарихқа қатысын, көзқарасын танытады, маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға берген халықтың бағасын, қарым-қатынасын көрсетеді».

Демек, фольклор халық өмірінің айнасы, оның ажырамас серігі, халықтың саналы іс-әрекетінің барысында жасалынған, тарихпен ілесе пайда болып отырған объективті дүние. Сондықтан, профессор Б. Кенжебаев: «Тарих пен ауыз әдебиеті бір-біріне жәрдемші, бірін-бірі толықтырушы. Халықтың ауыз әдебиетін дұрыс, терең ұғыну үшін оның тарихы қандай қажет болса, тарихын дұрыс, жете, толық білу үшін ауыз әдебиеті де сондай қажет» - деп жазды. Бірақ, ғалымның айтуынша, тарих пен фольклор бірдей емес. Тарихшы болса оқиғаны нақты, ешбір қоспасыз жазады. Ал, ақын әрбір тарихи оқиғаны өз тұрғысынан алып әрлеп, әсерлеп жырға қосады.

Қазақ халқының тарихы көбінесе ел жадында сақталып келеді. Ол аңыз, әңгіме, хикая, жыр түрінде тарады. Сондықтан бізде жазбалардан гөрі, ауызша айтылып жүрген аңыз-жырлар мол. Қазақ тарихының бірқатар мәселелері сол аңыз, жырлардан шығады.

Өз тарихын тума төл деректерінің негізінде зерттеу мүмкіндігіне енді ғана ие болған қазақ тарихшылары үшін тарихымыздың дерек көздері ретінде фольклордың маңызы ерекше. Мысалы, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Р. Бердібаев: «Тарихтың хатқа түспеген кезеңдеріне келгенде, кейде фольклор мұрасы бірден-бір құжатты тіректің орнына жүретіні оның мәнін еселеп арттырады» - деп, фольклор деректерінің маңызын жоғары бағалайды.

Дегенмен, ауыз әдебиетінің мәліметтері де, басқа да деректер сияқты өздерін деректанулық талдаудан өткізуді, яғни ондағы ақпараттардың шынайылық деңгейін анықтауды қажет етеді. Ол туралы, әдебиеттанушы ғалым Т. Сыдықов: «Әдебиет – тарих емес, тарихи күрес, оқиғалардың айнасы, сәулесі ғана. Сондықтан тарихи мәліметтерді алып, сонымен түп-тура шығуын одан талап етуге болмайды. Кейде дәл келсе, кейде тарихшы шындықтан аулақтап кетуі мүмкін. Олай болуы заңды. Өйткені оқиғаны өзінше түсініп, өзінші баяндауы- ауыз әдебиетінің өкілдеріне жалпы тән нәрсе» - десе, Мәлік Ғабдуллин кезінде: «Ауыз әдебиеті тарихи фактілерді негізге ала отырып, оны ақындық қиял арқылы құбылтып жырлайды, суреттеп көрсетеді. Кейде асырып, кейде өзгертіп елестетеді. Сондықтан ауыз әдебиетін тарихтың өзі, оның документі деуге болмайды» - деген ой айтқан.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]