- •Құрметті Әзілхан аға!
- •3.09.2001. Астана
- •3.Қазір сіздің жүзігіңіз екеу ғой. Қайсысын қай қолыңызға салып жүрсіз?
- •14. Қанша қызға ғашық болдыңыз?
- •19.Соғыста хат жазысып тұрдыңыздар ма ?
- •20.Алғашқы қызыңыз неге Сізді менсінбей кетті?
- •21.Пәктік мәселесіне қалай қарайсыз? Кейбіреулер пәктігінен айырылған қыздарды кінәламайды. Маған пәктіктің керегі жоқ дейді ғой. Сіздің ойыңыз ?
- •22. Кентау сапарыңызда ерекше есте қаларлық оқиғалар болды ма?
- •23. Біз "Ақжүністен" сіздің апай туралы айтқандарыңызды естідік. Ол кісіні қатты сағынасыз ба?Қалай есіңізге түсіресіз?
- •28.Ең қымбат көретін, қимайтын нәрсеңіз не?
23. Біз "Ақжүністен" сіздің апай туралы айтқандарыңызды естідік. Ол кісіні қатты сағынасыз ба?Қалай есіңізге түсіресіз?
—Жоғарыда айттым ғой: сағынамын, әрине. Кейбіреулер әйелін өле сала ұмытып кетеді. Кейбіреулер жаңа әйелге үйленгеннен кейін бұрынғы әйелін еске де алмайды. Кейбіреулер өлген әйелін ойына алудың орнына ашына іздеп әлекке түседі. Мен өйте алмаймын. Өйте алмайтыным менің жүрегімді мәңгілік махаббат мекен еткен болар деп ойлаймын. Менің ойымша: Мәңгілік махаббат тән табысуы ғана емес, жан табысуы. Еркек пен әйелдің немесе қыз бен жігіттің бір кісіге айналып кетуі. Бірінің ойындағысын екіншісінің айтпай ұғынуы. Сыңарынан айырылған аққудың көктен құлап өлетіні сияқты, көп ұзамай жан серігінің артынан жөнелуі. Тірі қалғаны өлген сыңарын өмір бойы есінен шығармауы. Өлген жарын күн сайын түсінде көріп, тірі күндегідей қол ұстасып, қатар жүруі. Мәңгілік махаббаттың мен білетін белгілері осылар. Біз жас кезімізде бірге өлеміз деп уәделескен едік. Артынан ол:
—Жоқ, мен өлсем, сен тірі қал, балаларға бас-көз бол, — деп тапсырды.
—Мен өлсем, сен де сөйтесің бе? — дедім оған.
—Иә! — деді ол. Екеуміз қайтадан серттестік. Сол себептен мен әйелімнің артында қалып 493 күн тірі жүрмін. Оның үстіне маған көңіл айтқан, хат жазған, телефон соққан адамдар:
—Сіз халыққа керексіз, жер басып, аман жүріңіз! — деген тілек айтады. Халыққа қанша керек екенімді білмеймін. Ал балаларыма керектігім рас екен. "Балаларға бас-көз бол" деп Халима дұрыс айтыпты.
24.Махаббат жұрттың бәрінде бола ма ?
—Махаббат деген ақындық сияқты ерекше дарын. Жұрттың бәрі бірдей ақын, талантты күйші немесе биші бола бермейді. Сол сияқты махаббатсыз, тек қана соқыр сезім-инстинктпен өмір сүре беретін адамдар да болады. Жыныстық қатынасты махаббат деп түсінетіндер көп. Махаббат — жыныстық қатынас емес. Махаббат жан жарастығы. Ақыл, ой, сезім, сенім бірлігі. Осы төртеуінің тұтастығы! Қысқасы: Махаббат жұрттың бәрінде бола бермейді.
25. Жыныстық қатынас туралы толық түсінік беретін кітапты қайдан алуға болады ?
—"Энциклопедия секса" деген қалың кітап бар. Жыныстық қатынас сонда барлық түрі айтылған. Бағасы 1300 теңге. Барлық кітап дүкендерінде бар. Мен оны Қабанбай батыр көшесі мен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы кітап дүкенінен көрдім. Жыныстық қатынас дегеніміз — ерлі-зайыпты адамдардың міндетті түрде атқаратын қызметі. Бұл табиғи міндетті атқармауға ешкімнің де құқығы жоқ.
26.Өз бойыңызда қандай кемшіліктер бар деп ойлайсыз?
—Мен ән айта алмаймын, домбыра тарта алмаймын және би де білмеймін. Сөйте тұра өзімнің қалай жазушы болып жүргенімді және білмеймін. Осындай үш үлкен кемшілігім бар.
27.Сезім мен сана туралы айтыңызшы: қайсысы қайсысына бағынады ?
—Сезім — асау ат, сана аттың басына кигізілетін жүген. Ноқтасыз асау ат алып қашып, сені бір жерге жығып, мерт етіп кетуі мүмкін. Ал жүген асауды ауыздықтап, оның беталды лағып, шаба беруіне ырық бермей, дұрыс жолмен жүруіне көмектеседі. Сондықтан бір бәлеге ұрынбайын, оқыс халге ұшырамайын десең сезімді санаға билету керек. Сананы сезімге бағындырудың нәтижесі: туа сала тұншықтырылып, жөргекке орап, жолда қалдырылып жатқан сәбилер. Сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатқан, шетелдерге сатылып, жөнелтіп жатқан балалар. Өз сәбиін туа сала тұншықтыру — ең үлкен қылмыс. Ұлы Отан соғысы кезінде фашистер бізді, біз оларды өлтіріп жаттық. Өйткені біз бір-бірімізге жау едік. Мен өзім тура көздеуде зеңбірегімнен атып, жаудың бір үлкен танксін жайраттым. Ол танк өртене бастағанда, ішіндегі экипажы сыртқа қарай секірді. Оларды алғы шепте жатқан жауынгерлер жайпады. Ал жабық позициядан атқан менің зеңбіректерімнің снаряттары талай ДОТ-тың үнін өшіріп, жаудың талай пулеметін көкке ұшырды. Біз оларды өлтірмесек, олар бізді өлтіретін еді. Ал жаңа туған жас сәбидің не жазығы бар? Шаранасы кеппеген, соншалық бейкүнә, қорғансыз, көзін де ашып, дүниеге қарап үлгермеген, тілі де, аяғы да шықпаған сәбиді, өз қанынан жаралып, өз ішінен шыққан сәбиді өз қолымен өлтірген кісіні қыз болсын, кім болса ол болсын, барып тұрған жауыз, жендет деп бағалау керек! Ол ешкімге адал жар болып та жарытпайды. Мұның бәрі сезім мен сана туралы сөзден шығып кетіп жатыр ғой. Әсіресе, қыздар сезімін шынжырлап ұстауы керек. Шынжырлап! Сонда құмарпаз жігіттер ештеңе істей алмайды. Ештеңе! Сонда жетім бала тумайды, сорлы сәбилер көбеймейді. Сонда адамдық арға ешқандай қылау түспейді.
Сезімді санаға бағындырудың бір керегі осы!
