
- •Құрметті Әзілхан аға!
- •3.09.2001. Астана
- •3.Қазір сіздің жүзігіңіз екеу ғой. Қайсысын қай қолыңызға салып жүрсіз?
- •14. Қанша қызға ғашық болдыңыз?
- •19.Соғыста хат жазысып тұрдыңыздар ма ?
- •20.Алғашқы қызыңыз неге Сізді менсінбей кетті?
- •21.Пәктік мәселесіне қалай қарайсыз? Кейбіреулер пәктігінен айырылған қыздарды кінәламайды. Маған пәктіктің керегі жоқ дейді ғой. Сіздің ойыңыз ?
- •22. Кентау сапарыңызда ерекше есте қаларлық оқиғалар болды ма?
- •23. Біз "Ақжүністен" сіздің апай туралы айтқандарыңызды естідік. Ол кісіні қатты сағынасыз ба?Қалай есіңізге түсіресіз?
- •28.Ең қымбат көретін, қимайтын нәрсеңіз не?
3.Қазір сіздің жүзігіңіз екеу ғой. Қайсысын қай қолыңызға салып жүрсіз?
—Рас. Бірі — жан-жарым Халиманың жүзігі, екіншісі кейіпкерім Меңтайдікі. Алғашында Халиманың жүзігін оң жақ қолыма салып жүрдім. Кейін Меңтай: "Махаббат, қызық сол жылдар" романын жазған қолыңыз нәумез болсын" деп шешесінен қалған жүзігін сыйлады. Оны сол қолыма салды. Артынан ойлап қарасам, Меңтай өз жүзігін "роман жазған қолыңыз нәумез болмасын" деп сыйлады. Романды оң қолыммен жаздым. Ендеше ол жүзік оң қолымда болуға тиіс. Ал сол қол жүрекке жақын. Сондықтан әйелімнің жүзігін сол жақ қолымның саусағына көшірдім. Мен сексенге дейін қолыма жүзік салмаған кісімін. Бізде неке жүзігі деген де болған жоқ. Сондықтан жүзік салу тәртібін білмеймін. Осылай еткенім дұрыс қой деп ойлаймын.
4.Сіз пәктік туралы көп айтасыз. Себебі не ?
—Пәктігі жоқ адамдарда мәңгілік махаббат болмайды. Екі жақта та пәк қосылса мәңгілік махаббат осыдан өрістейді. Өзім осылай ойлаймын.
5.Сіз махаббатты: Бала махаббат, шала махаббат, мәңгілік махаббат деп үшке бөлесіз. Сонда осы үшеуінен басқа махаббат болмай ма ?
—Махаббат мың түрлі. Мен оларды негізгі үш топқа ғана бөліп айтып отырмын.
6.Мерейтойыңыз қашан, қайда өтеді?
—Мен 786 күн зеңбірегімді жауға кезеп соғысып жүріп, аман қалдым. Сондықтан менің жер басып жүрген әр жылым — той, әр айым — мереке, әр күнім — қуаныш! Сондықтан дүбірлетіп той жасамаймын. Жиналыс болмайды. Үйіме балаларымды, өзімді алты рет инфаркттен алып шыққан дәрігерлерімді, кейбір өзіме жақын адамдарды шақырып, шай беремін. Болды!
7."Махаббат, қызық мол жылдар" кітабыңызды қайдан алуға болады ?
—Гоголь мен Абылай хан көшесінің бұрышындағы "Атамұра" кітап дүкенінен алуға болады. Мен: "арзан бағамен сатыңыздар" деп өтініп едім, олар әр кітапты 330 теңгеден сатып жатқан көрінеді.
8.Арманыңыз қандай ?
—Спидтен, нашақорлықтан, арақтан, темекіден аман болып, қазақ халқының мәңгі өмір сүруін армандаймын!
9.Қай кейіпкеріңіз ұзақ өмір сүреді деп ойлайсыз?
—Меңтай мен Бауыржан!
10.Ұнатпайтын нәрселеріңіз не?
—Ұлдардың қыздарды алдап кетуге құмарлығын ұнатпаймын.
—Қыздардың жігітке сөз айтса, жығыла кететіндерін ұнатпаймын.
—Мектеп мұғалімдерінің, институт оқытушыларының шәкірт, студент қыздарға көз салғыштығын ұнатпаймын.
—Біліп тұрған студентке баға қоймай, соны жығуға тырысатын профессорларды ұнатпаймын. Мынадай бір анекдот бар. Бір қырқылжың профессор ауылдан келген студент қызға қызығады. Сынақ кітапшасына қол қоймайды. Ал қызға стипендияға іліну керек. Профессор қызға "көн" дейді. Қыз амалсыздан көнеді. Соңынан профессор қызға:
—Пәктігін қайда, қарағым-ау? – дейді.
—Ой, ағай, ауылда да мұғалімдер бар ғой, — деп жауап беріпті қыз. Бұл — анекдот, әрине. Бірақ, анекдот та шындықтан шығады.
—Енді нені ұнатпаймын? Иә, тағы да бар. Әлдеқайда бір институтқа, не бір университетке олардың шақыруымен, студенттермен кездесуге бара қалсаң, дәлізде кездескен қыздардың үлкен кісі келе жатыр-ау деп, жол бермей талтайып тұрып алатындарын ұнатпаймын. Сол сәтте: қарсы келе жатқан машинаға да, тракторға да жол бермейтін сиыр малы есіме түседі. Жастардың телефон соққанда: "Мен, Мәулен ғой!" деп, әкесінен бұрын өздерінің атын атайтындарын ұнатпаймын. Алдымен әкесін айту керек. Сен аспаннан түскен жоқсың, әкеден тудың. Сен туғанда әкең "Балам өзім өлгенде атымды ататып жүреді" деп қуанды. Ендеше сол үмітін ақтау керек. Мені бірсыпыра жұрт біледі. Сонда да телефон соққанда, телефон трубкасын көтергенде:
—Мен Нұршайықовпын ғой, деймін, атымды артынан айтамын. Көп адамдар мені дауысымнан таниды. Ал дауысы белгісіз, өзі де мәлімсіз жігіттердің: "Мен Жараспын ғой!" деп шіреніп тұратындарын жаратпаймын. Содан соң кейбіреулер телефон соққанда бірден: "Мені таныдың ба?" дейді. Көзім көріп тұрмаған, күнде сөйлесіп жүрмеген адамның дауысын қалай танимын? Оның үстіне бір-біріне ұқсас дауыстар аз ба? Өзім телефон соққан жеріме алдымен: "Сәлеметсіз бе?" деп алып, өзімнің аты-жөнімді айтамын. Содан соң шаруаға көшемін. Осы күнгі жастардың соңынан қабаған ит қуып келе жатқандай сасқалақтап, жыпылдата, жылдам сөйлейтіндерін ұнатпаймын. Ондай жыпылдақтардың не айтып тұрғанын әрең ұғасың, ұқпай да қаласың. Ал мұны олар өнер ойлайтын сияқты. Меніңше, өнер емес, өресіздік! Әннің сөзін ұғу қиын. Бірақ, Роза Бағланова әннің әр сөзін анық етіп айтады ғой. Қазақ сабырлы, салиқалы халық. Ол әр сөзін айқын етіп, саралап сөйлеген. Былдырлатып жылдам сөйлеу ұлттық өнеге емес. Ақылды адам аптықпай сөйлейтінін ұмытпау керек. Мінеки, осы сияқты ұсақ-түйектерді ұнатпаймын.
11.Нені жақсы көресіз?
—Жалықпай жұмыс істей бергенді жақсы көремін.
12.Шығармашылық жағынан енді не істемексіз?
—Мәңгілік махаббат туралы роман жазсам деймін. "Өмір өрнектерінің" жарыққа шықпаған 2 және 3-кітаптарын компьютерге бастырып, дискетаға көшіртіп қойдым. Демеуші табылса, жариялауға әзірмін. Өзгелер туралы өзім жазған екі том естеліктерім машинкаға басулы тұр. Өзім туралы жұрт жазып берген бір томдық естеліктерді реттеймін. Қазір 124-күнделік дәптерімді толтырып жүрмін. Журналист кезімде жазған 200-ден аса қойын дәптерлерім және бар. Бұлардың тағдыры не боларын білмеймін! Не істеймін деп ойлайтындарым осы. Бірақ, оның бәрі уақытқа, қайратқа, қаражатқа байланысты.
13.Әйеліңіздің өмірі есіңізден қалмайтын қандай сәті жадыңызда ?
—Әйелім өзінің туған күнін өмірі атаған емес. Оны аузына да алмайтын. Бірақ жыл сайын менің туған күнімді қалт жібермей өткізіп отыратын. Мен өмір бойы әйеліме бір тал гүл сыйламаппын. Мұным иттік, әрине. Бір жолы балалар шешесінің туған күнін атап өтпек болды. Сол күні мен ғана гүл әкелмеппін. Дағдыланбағандықтан ғой, әрине.
—Саған гүл сыйлауды ұмытып кетіппін. Ғафу ет, Халима дедім әйеліме. Ол жымиды да:
—Сен маған өзіңді сыйладың. Менің гүлім де, күнім де, байлығым да, бақытым да — сенсің! — деді.
Мен әйелімді құшақтап, бетінен сүйдім.
—Қой, ерте ғой әлі, — деді ол әзілдеп. Өйткені біз ешқашан жұрт көзінше күндіз сүйіспейтінбіз.
Екінші бір есімде қалған сөз мынау: Жамбыл мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында, Никольск базарына қарай бұрылатын жолда биік тас баспалдақ бар. Бір қыста жер тайғақ күні Халима екеуміз қолтықтасып, сол баспалдақтан төмен қарай түсіп келе жаттық. Менің аяғым тайып кетті де, құлай бастадым. Басымдағы малақайым ұшып кетті. Сол сәтте Халима мені қорғап, құшақтаған бойы астыма қарай құлады. Екеуміз сырғанап, етектен бір-ақ шықтық.
—Аманбысың? — дедім жоғарыда жатқан мен алдымен тұрып.
—Мені қойшы, өзің амансың ба? — деді ол басын сипап. Сөйтсем, оның да бөркі анадай жерге ұшып кеткен екен. Соғыста командирге оқ тигізбеу үшін қасындағы жауынгер өз кеудесін оққа төсеп,
командирін сақтап қалатын еді. Сол есіме түсіп, көзіме жас келді. —1945 жылдың мамыр айынан бастап, Халима бір жарым жылдай Мәскеу госпиталінде жатты. Алты айдан кейін университетте оқып жүрген маған одан хат келді.
—Мен мына аурудан жазылатын емеспін. Жазылмауым да мүмкін. Ондай ауру әйелден не рахат көресің? Бір жақсы қызға үйлен. Мына суретімді сақтарсың, деп сыртына мынадай төрт жол өлең жазыпты:
Храни мое изображение,
Если подругу видишь в нем.
Если появится сомнение,
Сожги безжалостным огнем!
Бұл шумақты мен өзімше былай деп аударған едім:
Мынау менің суретім,
Досым десең қабыл ал.
Шүбә туса көңілде,
Күдіктенсең – отқа сал! Ол ауруханадан шыққаннан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл өмір сүрдік. Сол суреті мынау. Бұл суретті мен өмір бойы сақтап келемін. "Кеңсай-2"-дегі ақ күмбездің ішіне орнатылар алты тас кітаптың бірі "Халима" деп аталады. Сол тас кітаптың бірінші бетіне осы суретті салғыздым.
—Мінеки, әйелімнің осы үш ауыз сөзін өмір бойы ұмытпаймын.