- •23 Ias Халықаралық қаржы есептілігінің стандарты
- •Қарыздар бойынша капиталдандыру үшін рұқсат етілген шығындар
- •Капиталдандыруды тоқтата тұру
- •Капиталдандыруды тоқтату
- •26. Қаржы есептілігінде мыналар ашып көрсетілуге тиіс:
- •Қарыздар бойынша капиталдандыру жарамды шығындар мөлшерін анықтау үшін пайдаланылған капиталдандыру ставкасы.
Қарыздар бойынша капиталдандыру үшін рұқсат етілген шығындар
10. Қарыздар бойынша белгілі бір талаптарға сай келетін активті сатып алуға, салуға немесе өндіруге тікелей байланысты шығындар – тиісті активке шығындар жұмсалмаған болса, қарыздар бойынша жол бермеуге болатын шығындар. Компания қаражатты тек белгілі бір талаптарға сай келетін нақты активті сатып алу үшін қарызға алатын болса, сол активке тікелей байланысты қарыздар бойынша шығындарды айқын анықтауға болады.
11. Нақты қарыздар мен белгілі бір талаптарға сай келетін актив арасындағы тікелей байланысты табу және анықтау басқа жағдайда жол бермеуге болатын қарыздарды анықтау қиыншылық туғызуы мүмкін. Ондай қиыншылықтар, мысалы, компанияның қаржы қызметі орталықтан үйлестірілетін кезде пайда болады. Қиыншылықтар компаниялар тобы түрлі пайыздық ставкалар бойынша қарыз қаражатын алу үшін бірқатар қарыз міндеттемелерін пайдаланатын және сол қаражатты топқа кіретін компанияларға түрлі негіздерде қарызға беретін кезде де пайда болады. Валюта бағамдарының ауытқулары, сондай-ақ топтың шетелдік валютада көрсетілген немесе жоғары инфляция жағдайларында онымен байланыстырылған несиелерді пайдалануы жағдайды қосымша қиындатады. Соның нәтижесінде белгілі бір талаптарға сай келетін активті сатып алуға тікелей байланысты қарыз қаражатын пайдалану жөніндегі шығындар мөлшерін анықтау қиындайды және субъективті баға беруді қажет етеді.
12. Қаражат белгілі бір талаптарға сай келетін активті сатып алу үшін арнайы қарызға алынған шектерде қарыздар бойынша шығындардың сол активке капиталдандыру үшін рұқсат етілген сомасы осы қарыз бойынша кезең ішінде жұмсалған нақты шығындар ретінде, осы қарыз қаражатын қысқа мерзімді инвестициялаудан түсетін кез келген инвестициялық табысты шегере анықталуға тиіс.
13. Белгілі бір талаптарға сай келетін активті қаржыландыру жөніндегі уағдаластықтар компанияның қарыз қаражатын алуына және сол қаражаттың бір бөлігі немесе ол түгелдей сол активке жұмсалатын шығын ретінде пайдаланылудан бұрын қарыздар бойынша оған байланысты шығындардың пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайларда қаражатты ол жұмсалғанға дейін белгілі бір талаптарға сай келетін активке уақытша инвестициялауға болады. Кезең ішінде капиталдандыру үшін рұқсат етілген қарыздар бойынша шығындар сомасын анықтау кезінде сондай қаражат бойынша алынған кез келген табыс қарыздар бойынша шеккен шығындар сомасынан шегеріледі.
14. Қаражат жалпы мақсаттарда қарызға алынған және белгілі бір талаптарға сай келетін активті сатып алу үшін пайдаланылған шектерде қарыздар бойынша капиталдандыру үшін рұқсат етілген сома сол активке шығындарға капиталдандыру ставкасын қолдану жолымен анықталуға тиіс. Капиталдандыру ставкасы қарыздар бойынша шығындардың компанияның кезең ішінде өтелмей қалған қарыздарына, белгілі бір талаптарға сай келетін активті сатып алу үшін арнайы алынған қарыздардан басқасына, қатысты өлшенген орташа мәні болуға тиіс. Кезең ішінде капиталдандырылған қарыздар бойынша шығындар сомасы қарыздар бойынша сол кезең ішінде жұмсалған шығындар сомасынан аспауға тиіс.
15. Кейбір жағдайларда қарыздар бойынша шығындардың өлшенген орташа мәнін есептеу кезінде бас компания мен еншілес компаниядардың барлық қарыздарын қосқан жөн; басқа жағдайларда әрбір еншілес компания үшін қарыздар бойынша шығындардың өлшенген орташа мәнін оның өз қарыздарына қатысты пайдалану дұрыс болады.
Белгілі бір талаптарға сай келетін активтің баланстық құнының өтелетін сомадан асып кетуі
16. Белгілі бір талаптарға сай келетін активтің баланстық құны немесе болжамды түпкілікті құны өтелетін сомадан немесе сатудың ықтимал таза бағасынан асып кетсе, баланстық құн басқа Халықаралық қаржы есептілігі стандарттарының талаптарына сәйкес ішінара немесе толық есептен шығарылады. Белгілі бір жағдайларда ішінара немесе толық есептен шығару мөлшері сол Халықаралық қаржы есептілігінің стандарттарына сәйкес қалпына келтіріледі.
Капиталдандырудың басталуы
17. Қарыздар бойынша шығындарды белгілі бір талаптарға сай келетін актив құнының бір бөлігі ретінде капиталдандыру:
(а) сол актив бойынша шығындар пайда болған;
(b) қарыздар бойынша шығындар пайда болған; және
(с) активті мақсаты бойынша пайдалануға немесе сатуға әзірлеу үшін қажетті жұмыстар қолға алынған кезде басталуға тиіс.
18. Белгілі бір талаптарға сай келетін активке жұмсалатын шығындарға ақшалай төлемдерде, басқа активтердің аударымдарында немесе пайыздық міндеттемелер қабылдануында білдірілетін шығындар ғана жатады. Шығындар сол активке байланысты алынған кез келген төлемдер мен субсидиялар мөлшеріне кемітіледі (қараңыз: 20-«Мемлекеттік субсидияларды есепке алу және мемлекеттік көмек туралы ақпаратты ашып көрсету» IAS). Активтің кезең ішіндегі орташа баланстық құны, соның ішінде қарыздар бойынша бұрын капиталдандырылған шығындар, әдетте сол кезеңдегі капиталдандыру ставкасы қолданылатын шығындардың негізделген болжалды мәніне теңеледі.
19. Активті мақсаты бойынша пайдалануға немесе сатуға дайындау үшін қажетті қызметке активті нақтылай жасау ғана қамтылмайды. Оған активті нақтылай жасау алдындағы техникалық және әкімшілік жұмыстары, мысалы, құрылыс бастау үшін қажетті рұқсаттар алуға байланысты қызмет жатады. Алайда, оның күйін өзгертетін өндіріс немесе түрлендіру жоқ болса, активті иелену ондай қызметке жатпайды. Мысалы, құрылыс үшін жерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде қарыздар бойынша жұмсалған шығындар тиісті жұмыстар жүргізілетін кезең ішінде капиталдандырылады. Алайда, кейінгі құрылыс үшін сатып алынған жер ондағы әлдебір әзірлік жұмыстарынсыз иелікте қалатын кезде жұмсалған шығындар капиталдандыруға жатпайды.
