Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
fzhip umk etd 2014.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
7.1 Mб
Скачать

5. Тіршілік орталары Тіршілік ортасы дегеніміз – кез келген организмнің өсіп-өніп, көбеюіне, ұрпақтарын жалғастыруға қолайлы табиғи, тарихи қалыптасқан орта.

Біздің планетамызда бір-бірінен айырмашылығы бар бірнеше негізгі тіршілік орталарын бөлуге болады. Олар: су - тіршілік ортасы, жер - ауа -тіршілік ортасы, топырақ - тіршілік ортасы, тірі организмдердің денесі.

Су - тіршілік ортасы

Мұхиттар мен теңіздер екі экологиялық облыстарға бөлінеді: су қалыңдығы-пелагиаль; судың түбі-бенталь.

Тіршілік іс-әрекеттерінің әртүрлілігіне қарамастан барлық су мекендеушілері өз ортасының негізгі ерекшеліктеріне бейімделуі тиіс. Бұл ерекшеліктер ең алдымен судың физикалық қасиеттері: су тығыздығымен, жылу өткізгіштігімен, тұздар мен газдарды еріту қабілеттілігімен анықталады.

Су тығыздығы - оның итерушілік күшімен анықталады. Тез жүзуге қабілетсіз көптеген ұсақ жәндіктер суда қалқып жүреді. Су ағынымен бірге жүріп, тіршілік ететін ұсақ организмдер жиынтығы планктон деп аталады. Оларға ұсақ балдырлар, бактериялар, ұсақ шаяндар, балық уылдырықтары және дернәсілдері, медузалар, кейбір ұлулар және т.б. түрлер жатады. Планктонды организмдер су ағысымен қозғалады, өйткені олар ағысқа қарсы тұра алмайды. Суда планктондардың болуы - қоректенудің фильтрациялық типінің болуына мүмкіңдік береді. Қоректенудің бұл типі теңіз лилиясы, мидия, устрица сияқты теңіз түбінде отырыңқы тіршілік ететін жануарлар мен қатар, жүзгіштерде де дамыған. Судан сүзіп алынған сүзінділер бұл жануарлардың қорегі болып табылады.

Судың тығыздығы суда тез қозғалуға кедергі жасайды, сондықтан тез жүзетін балықтар, дельфиндер, кальмарлар сияқты жануарлардың бұлшық еттері жақсы жетілген және денесінің пішіні доғалданған. Жарық судың тек аздаған тереңдігіне ғана өтеді, сондықтан өсімдіктер судың жоғары беткі қабаттарында ғана өседі, ал өте тереңдікте өсімдіктер болмайды.

Судың жылу режимі - құрлыққа қарағанда суда тұрақтылау болады. Жылудың жылдық өзгеру құбылысы мұхиттың жоғары қабатында 10-15°C, ал континентті суларда 30-35°C аралығында өзгеріске ұшырайды. Сулардың терең қабатында жылу тіпті өзгеріске ұшырамай, бірқалыпта болады.

Су организмдерінің тіршілігін тежейтін негізгі фактор - оттегінің шектеулі мөлшері. Оның ерігіштігі өте жоғары емес және су ластанғанда немесе қайнағанда оттегінің мөлшері азаяды. Сондықтан тоғандарда әркезде оттегінің жетіспеушілігінен су мекендеушілерінің жаппай өлімі кездеседі.

Ортаның тұздылық құрамы су организмдері үшін өте маңызды. Теңізде тіршілік етуші түрлер тұщы суда, ал тұщы суда мекендеушілер, керісінше, теңізде тіршілік ете алмайды. Әлемдік теңіз суында жерде кездесетін элементтердің барлық түрі кездеседі. 1 л суда еріген минералды заттардың массасы –тұздылық деп аталады. Тұздылық бірлігі промилле (%), ол 1 л суда еріген 1 г заттың қатынасы.

Су ортасының мекендеушілерін экологияда гидробионттар деп атайды. Су факторларына байланысты гидробионттарды бірнеше экологиялық топтарға бөледі.

Планктон дегеніміз судың беткі қабатында оның ағысымен қалқып жүретін ұсақ омыртқасыз жәндіктер. Планктондардың өзі – зоопланктон және фитопланктон деп бөлінеді. Фитопланктондардың су организмдері үшін маңызы зор. Оларға: диатомды, көк-жасыл балдырлар, өсімдік қоректі талшықтылар , т.б. жатады. Ал, зоопланктондар бактериялар мен балдырлардан тереңіректе тіршілік етуге бейімделген. Оларға: шаянтәрізділер, қарапайымдар, моллюскалар, медузалар, сальпалар және кейбір құрттәрізділер жатады.

Нектондар дегеніміз судың терең қабаттарында еркін жүзіп жүретін балықтар, т.б. организмдер. Нектондардың суда жүзуге икемді денесі, жүзу қанаттары, жақсы дамыған сезім және қозғалу мүшелері бар. Оларға балықтардың түрлері, кальмарлар, киттер, тюленьдер, морждар, дельфиндер жатады.

Бентостар дегеніміз судың түбіндегі субстраттарда (шөгінділерде) тіршілік ететін организдердің жиынтығы. Бентостар: фитобентос және зообентос деп бөлінеді. Негізінен бәрі де баяу қозғалатын немесе қозғалыссыз өмір сүретіндер. Кейбіреулері шөгінді астында тіршілік етеді.

Жер – ауа тіршілік ортасы

Бұл ортаның өзіне тән ерекшеліктері бар. Мұнда оттегі мен жарық мөлшері көп мөлшерде, кеңістіктерде температураның өзгерісі күрт өзгереді, қысым әлсіз және ылғал жетіспеуі жиі болып тұрады. Ауа тығыздығы сумен салыстырғанда тіпті аз, сондықтан ауада тұрақты өмір мүмкін емес. Көптеген түрлер ауада ұшатын болса, ал ұсақ жәндіктер, өрмекші, микроорганизмдер, өсімдік тұқымдары мен споралары ауа ағынымен таралады, қоректену мен көбею жердің беткі қабатында өтеді. Ауа сияқты мұндай тығыздығы онша емес ортада организмдерге тірек қажет. Сондықтан жер беті өсімдіктерінде арқаулық ұлпа, ал жер үсті жануарларында ішкі және сыртқы қаңқа дамыған. Құрлық мекендеушілерінің 3/2 бөлігі белсенді және енжар ұшуды меңгерген. Олардың көпшілігі бунақденелілер мен құстар.

Ауа жылуды нашар өткізеді. Организмдердің ішінде түзілетін жылуды сақтау мүмкіншілігі және жылықанды жануарлардың тұрақты температураны ұстауы ауаның осы қасиетімен түсіндіріледі. Жылықанды жануарлардың дамуының өзі жер ортасында болған. Қазіргі сүтқоректілердің - кит, дельфин, морж, тюленьнің ата тектері бір кездері құрғақшылықта тіршілік еткен. Ылғалды және құрғақ жағдайларда өзін қамтамасыз етумен байланысты жер үстін мекендеушілердің алуантүрлі болатын бейімделушіліктері бар. Өсімдіктерде бұл күшті дамыған тамыр жүйесі, жапырақ пен сабақтың жоғарғы бетінде су өткізбейтін қабат, лептесік арқылы судың булануын реттеуге қабілеттілігі.

Жануарларда тері және дене құрылысының әртүрлі ерекшеліктері және су тепе-теңдігін реттейтін олардың тіршілік әрекеттері бар, мысалы, олар су ішетін жерге көшуі мүмкін. Кейбір жануарлар бүкіл өмірінде құрғақ азықпен қоректенеді, мысалы, қосаяқ және күйе көбелек. Бұл жағдайларда организмге қажет су қорек құрамындағы бөліктердің тотығуы есебінен пайда болады.

Жер үсті организмдер тіршілігіндегі маңызды роль атқаратын экологиялық факторларға судың мөлшері, ауа құрамы, күшті жел, бедер жатады. Мұнда ең маңыздысы - ылғалдылық пен климат. Жер ауа ортасы жер климатына және олар тұрған жердегі ауа райы жағдайларының өзгеруіне бейімделуі тиіс.

Барлық тірі ағзаның тіршілігі үшін энергияның сырттан түсуі қажет. Оның негізгі көзі күн сәулесі болып табылады.

Егер Жерге дейін жететін күн энергиясын 100% деп есептесек, онда шамамен оның 19% атмосфера арқылы сіңіріліреді, 34% кері космостық кеңістікке шағылысады және 47% жер бетіне жетеді. Тікілей күн сәулесі - әртүрлі толқынды электромагниттік сәулелерден тұрады: ультракүлгін сәулелер 1-ден 5% дейін , көзге көрінетін сәулелер 16-дан 45% дейін, инфрақызыл сәулелер -49-дан 84% дейін.

Ультракүлгін сәулелер ұзынтолқынды (290-380нм), қысқатолқынды (тірі ағза үшін өте қауіпті), іс жүзінде толықтай 20-25 км биіктікте озон экранымен сіңіріліп кетеді. Ұзынтолқынды УКС көп мөлшерде ағза үшін зиян , ал аз мөлшерде бактерицидтік әсері бар және құрамында Д витамині болғандықтан, рахит ауруына қарсы пайдаланылады.

Топырақ - тіршілік ортасы

Топырақ - тірі организмдердің іс-әрекетінің нәтижесінде түзілетін құрлық бетінің өте жұқа қабаты. Топырақтың ішінде өте көптеген микроорганизмдер тіршілік етеді, мысалы, бактериялар, саңырауқұлақтар, қарапайымдар, құрттар, буынаяқтылар және т.б. Ал ірі жануарлар топырақтан өздерінің жолдарын қазады. Топырақта бүкіл өсімдіктердің тамырлары кездеседі.

Топырақ организмдері тіршілік ортасымен байланыс жасауына қарай үш негізгі топқа бөлінеді.

Геобионттар - топырақты тұрақты мекендеушілер, яғни олардың барлығы тіршілік (циклі) кезеңдері топырақ ішінде өтеді (жауынқұрт, қанатсыз жәндіктер).

Геофилдер - даму кезендерінің тек бір бөлігін топырақ ішінде өткізетін жануарлар. Оларға көбінесе бунақденелілер: шегіртке, қоңыздар, ұзынаяқты масалар жатады. Олардың дернәсілдері топырақта дамиды, ал ересек түрлері жер үсті тіршілік иелері болып саналады.

Геоксендер - топырақты жасырыну немесе тығылу үшін пайдаланатын жануарлар (індерде болатын тарақан, кеміргіш, сүтқоректілер).

Топырақ мекендеушілері қозғалу дәрежесі мен көлеміне қарай да үш топқа бөлінеді.

Микробиота - қоректік тізбектің негізгі звеносын құрайтын топырақ микроорганизмдері (жасыл және көк жасыл балдырлар, бактериялар, саңырауқұлақтар, қарапайымдар).

Мезобиота - топырақ ішіндегі ұсақ қозғалғыш жануарлар, (топырақ құрттары, бунақденелілердің, кенелердің ұсақ дернәсілдері).

Микробиота - ірі қозғалғыш бунақденелілер (жауынқұрттардан бастап жер қазғыш омыртқалыларға дейін).

Ылғал жетіспейтін аймақтарда негізінен дала және шөлдерде тұзды топырақ кездеседі. Бұндай құрғақ және ыстық климатта топырақ жауын - шашынмен жартылай жуылады. Натрий және кальций тұздарымен қаныққан топырақ - сор топырақты жер деп аталады. Осы тұзды топырақта өсетін өсімдіктер галофиттер деп аталады (бұзаубас, сарсазан, сарыбарақ, сораң, сорқаңбақ, жантақ, және т.б.). Кейбір галофиттер жапырақтары арқылы тұз бөледі немесе оларды өз организмінде жинақтайды.

Ал тұзды топырақта тіршілік етуге бейімделген жануарларды - галофилдер деп атайды. Оларға кейбір шөл қоңыздарының дернәсілдері жатады.

Тірі организмдер денесі - тіршілік ортасы

Паразитизм - табиғатта кең таралған құбылыс. Паразиттердің қожайынның денесіне енуі де, оның клеткалары мен ұлпаларының ішіне енуі де мүмкін. Олар үшін қожайын денесі - тұтас әлем. Сонымен қатар, пайдалы бірлесіп өмір сүрушілік болады. Мысалы, күйіс қайыратын жануарлар өздерінің қарнында тіршілік ететін бактериялар мен инфузорияларсыз қорегін қорыта алмаған болар еді. Адамның ас қорытуы да сол сияқты пайдалы микрофлораның көмегімен іске асады. Қожайынның ұлпалары мен мүшелерінде тіршілік ететін паразиттер қоректің қоры шектеусіз көп жағдайда тіршілік етеді.

Сол сияқты қожайын организмдері оларды сыртқы әсерлерден қорғайды. Оларға кебу, температураның ауытқуы қауіп төндірмейді. Паразиттердің тіршілік циклындағы негізгі экологиялық қиыншылық олардың бір қожайыннан екіншіге ауысуы. Сондықтан сыртқы ортаға түсетін кезеңінде оларда қорғаныш қабықшалары дамиды.

Эктопаразиттер - иесінің денесінің сыртқы бетінде тіршілік ететін паразиттер (кене, сүлік, биттер және т.б.).

Эндопаразиттер - иесінің денесінің ішінде тіршілік ететін паразиттер (көпшілік құрттар, бактериялар, вирустар және т.б.). Иесі мен паразиттер арасында күрделі байланыс эволюция процесінде пайда болады.

Паразитизмнің үш түрі бар.

1. Пәтершілік - ұсақ организм иесінің денесіне өтіп, қоректену үшін иесінің қорегімен және шырынымен қоректенеді.

2. Жыртқыштық - жыртқыш жемтігін бірден жоя алмайтын жағдайда оның денесінің сөлдерімен немесе ұлпаларымен үнемі қоректенеді. Бұндай жыртқыш белгілі бір жағдайларда иесінің денесінің ішіне енеді де паразитке айналады.

3. Кездейсоқ ену - ірі жануарлар қорегімен бірге ұсақ организмдерді жұтуы мүмкін. Олардың кейбіреулері өлмейді, олар жаңа жағдайларға бейімделіп, паразиттерге айналады.

Ағзаның адаптациялық биологиялық ырғақтар. Фотопериодизм.

Табиғаттағы жүйелі ауысып келіп отырған факторларға байланысты өсімдіктер мен жануарлар тіршілігінде құбылыстарға үйлесе дамитын бейімделушілік қалыптасады. Осы құбылыстарды биологиялық ырғақтар дейді. Кез-келген табиғи ағзалар үшін табиғи ритмдерді ішкі (өзінің тіршілік әрекетіне байланысты), сыртқы (қоршаған ортадағы циклдық өзгерістер) деп бөледі. Фотопериодизм дегеніміз организмдердің тәуліктік жарық пен қараңғы мерзімінің ұзақтығына байланысты оған жауап беру реакциясы.

Бақылау сұрақтары:

1.Тіршіліктің пайда болуы жайлы теорияларына тоқталыңыз.

2.Тірі ағзалардың ұйымдасу деңгейлерін анықтаңыз.

3.Тіршілік орталарын атаңыз.

4.Су ағзаларының экологиялық жіктелуін беріңіз№ Әр топтың өкілдеріне мысал келтіріңіз.

5.Топырақ және құрлық-ауа ағзаларының экологиялық жіктелуін көрсетіңіз.

Пайдаланылған әдебиеттер

Негізгі әдебиеттер:

1.Оспанова Г., Бозшатаева. Экология. Оқу құралы. Алматы, 2000.

2.Бейсенова Р.Р. экология және тұрақты даму пәнінен дәрістер жинағы Оқу құралы. Астана 2010 жыл.

Қосымша әдебиеттер:

1.Шилов И. А. Экология. М.: Высшая школа, 1997.

2.Бродский А.К. Краткий курс экологии. СПб.: Изд-во С-Петербургского университета, 2000.

ДӘРІС №3

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]