
- •Гигиена туралы жалпы түсінік
- •1. Аменореяға салғырт қарауға болмайды
- •2. Етеккір кезінде моншаға түспеген дұрыс
- •3. Менструальды күнтізбе жүргізу қажет
- •4. Жеке гигиена бірінші орында болсын
- •5. Аяқтан өткен сыз жатыр мен аналық бездің жұмысын бұзады
- •6. Анорексияның да әуресі көп
- •Тұрақталған етеккір цикліне не әсер етуі мүмкін? Қыздарға әсер ететін өзгерістер
4. Жеке гигиена бірінші орында болсын
Ес жиып, етек жапқаннан кейін қыз бала өзінің жеке гигиенасына назар аударғаны жөн. Жыныс мүшесін күн сайын жылы сумен жуып, гигиеналық төсемелер пайдаланатын болса, оларды уақтылы ауыстырғаны дұрыс. Етеккір кезінде жыныс мүшелерінің тазалығы аса маңызды. Жыныс мүшесін күн сайын алдынан артқа, яғни тік ішекке қарай жуу қажет. Етеккір күндері күніне екі мезгіл осылай жуынған дұрыс. Етеккір кезінде төсемелерді (прокладка) уақтылы ауыстырмау жыныс мүшесіне инфекция түсіреді. Ал күнделікті қолданатын гигиеналық төсемелерді (ежедневка) тазалық үшін жиі ауыстырған дұрыс. Жыныс мүшесін кір сабынмен жууға болмайды. Біріншіден, кір сабын теріні құрғатып жібереді. Жыныс мүшесінің тері асты майларын зақымдауы мүмкін. Жас қыздардың әртүрлі интимдік гельдерді пайдалануы дұрыс емес. Жасөспірімдер «Лактоцид» деген сұйықтықпен шайынса болады. Өйткені, медициналық, дерматологиялық жағынан алып қарағанда, «Лактоцидтің» зияны жоқ. Сосын әдеттегі хош иісті сабынмен жуынса да болады.
5. Аяқтан өткен сыз жатыр мен аналық бездің жұмысын бұзады
Етеккір келген кезде оның түсіне мұқият қараған жөн. Оның көлемі 50-100 мл, ұйындысыз, ашық түсті болуы қажет. Етеккір қоюланып келсе немесе жабысқақ болса, түсі айнып, қара қошқылданып кетсе, жатырда қабыну бар екенінің алғашқы белгісі десе болады.
Қыз бала аяқ-қолын жылы ұстағаны жөн. Аяқтан өткен сыздан жыныс мүшелеріне, бүйрек, қуықасты бездеріне суық тиеді. Қазіргі аяқкиімдердің табандары жұп-жұқа. Сән үшін қыс бойы жұқа етікпен тықылдап жүретін аруларымыз да жетерлік. Табаннан өткен сыз жатыр мен аналық бездің жұмысының бұзылуына әкеледі. Асқынудың, қабынудың соңы бедеулікке апарады. Аналық бездің жұмысы бұзылғаннан жатырда киста пайда болады. Жыныс жолдарының қатты суықтауы, жатыр түтікшелерінің қабынуы қазіргі таңда әйелдер бедеулігінің басты себебі болып отыр.
6. Анорексияның да әуресі көп
13-16 жаста қыздар толыса бастайды. Бұл – табиғи заңдылық. Жасөспірім қыздардың көпшілігі осы жас аралығында өз мүсініне көңілі толмай, арықтауды басты мақсат етіп қояды. Ашығу мен арықтаудың салдары анорексияға соқтырады.
Анорексия – артық салмақ қосуға қорқыныштан туатын физикалық және психикалық ауру. Анорексия кезіндегі психологиялық ауытқудың белгілері: ұйқының бұзылуы, салмақтың тез түсуі, тәбеттің төмендеуі, қалыпты салмақты көп көру, күйзеліс, семіріп кеттім деп ойлап, жүйкенің тозуы, шаштың түсуі т.б. Анорексияға шалдыққан қыздардың етеккір айналымы бұзылады. Қатты арықтаудың салдарынан анорексияға шалдыққан қыздарда барлық дене мүшелерінің қызметі нашарлайды. Арықтау ақуыз жетіспеушілігін тудырады. Анемия (қан аздық) пайда болады. Зат алмасу процесінің бұзылуынан анорекцияға шалдыққандардың дене температурасы 35С°-тан көтерілмейді. Қарт адамның терісіндей беті солғын тартып, әжім мен пигменттік дақтар да ерте түсетін болады. Эндокриннің жұмысы бұзылғандықтан, денені мөлшерден тыс түк басады. Осылайша, сымбатты боламын деген арманның соңы анорекциямен аяқталып, денсаулыққа зардабы тиюі мүмкін.
Қыз бала – ең алдымен, ертеңгі ана. Сондықтан жасөспірім кезден денсаулығын дұрыс қалыптастырып, болашақта дені сау ана болуды, дені сау ұрпақ әкелуді ойлағаны жөн.
Өйткені, қазір екі қыздың бірінің иммунитеті әлсіз, аруларымыздың көбі арықтықты «мода» көріп, анорексияға шалдығып жүр. Жас қыздардың жүйкелерінің нашарлығы, тырысқақтығы өз алдына әңгіме. Осыдан күні ертең отбасын құрған аруларымыздың шаңырағы шайқалмайды деп көріңіз. Отбасын құрған жұптармен қатар, ажырасып жатқан жұбайлардың саны да жыл сайын артып отыр
Жалпы ағзадағы өзгерістер
«Тоғыз және он төрт жас аралығында қыз баланың тәнінде болашақта оны бойжеткенге айналдыратын өзгерістер басталады. Кейбіреулерінде бұл үдеріс бұдан да ерте көрініс береді (7-8 жас+та).
Алдымен қыз бала өзімен қатарлас ер балалардан аса ерекшеленбейді (жыныс ағзаларын қоспағанда): кеудесі дамымаған, қолтық пен қасағада түкті қабат жоқ, дене бітімі әлі баланыкі, яғни, бейтарап.
Алайда қызды бойжеткенге айналдыру үдерісін басқаратын мидың ерекше бөлігі – гипоталамус өз жұмысын бастайды. Ол ерекше заттар – «босату факторы» деп аталатын гормондар немесе химиялық медиаторларды бөледі. Олар мидың тағы бір бөлігі – гипофизге түседі. Ол өз кезегінде гипофиздік гонадотропиндер деп аталатын гормондарды, сондай-ақ өсу гормондарын өндіре бастайды. Олардың бірі өсуді және жынысалды пісіп-жетілуді ынталандырса, екіншілері бүйрекүсті безі мен қалқанша безі жұмысын ынталандырады. Дәл осы бездер қыз баланың өсуі мен дамуына түрткі болатын гормондарды өндіреді. Гипофиздік гормондардың ішінде ең бастысы – фолликулынталандырушы гормон (ФЫГ). ФЫГ әсерімен анабездерге әлі пісіп-жетілмеген аналық жасушалары бар қалташықтар – фолликулдар белсенді бола түседі. Фолликулдардың қабырғалары әйел жыныс гормоны – эстроген бөліп шығарады.
Сырт келбеттегі өзгерістер
Гормондардың әсерінен қыз баланың сыртқы түрі де өзгереді. Оның бойы өседі, бұл кезде ол өз қатарлы ұлдардан биіктеу. Кеудесі өсе бастайды. Кеуде ұштары ұлғайып, пигменттеледі. Бел білініп, бөксе өлшемі өседі. Бөкседе, жамбаста май тіні байқалады.
Тері бетінде де өзгерістер көрінеді. Жоғарғы қабат (эпидермис) жұқарады (әйел терісі еркектердікімен салыстырғанда жұқалау әрі нәзік), май бездерінің қызметі өзгереді. Гормондық қайта құрылулар кезінде көбіне қыз балалардың терісі нашарлап, май бездері бітеліп, безеу шығуы мүмкін. Қан тамырлары кеңейеді, жасөспірім қыз жиі және тез қызарады.
Эстроген мен еркек гормондарының әсерімен (қыз баланың ағзасында бұлар да болады) алдымен қасағаға, бір-екі жылдан соң қолтыққа, одан соң аяқтың тізеден төмен бөлігінде де түк шығады.
Жыныс ағзаларындағы өзгерістер
Сыртқы және ішкі жыныс мүшелерінде де өзгеріс болады. Үлкен жыныс ернеулері пигменттеледі, кіші жыныс ернеулері үлкейеді. Еркек жыныс гормондарының әсерінен клитор ұлғаяды. Қыздық перде қалыңдайды, оның шеттері бірігіп, жіңішке ұзынша сызық түзеді. Қынап ұзарады, оның қабырғалары қалың әрі тегіс болады. Қынап қабырғалары үнемі жаңарып, жасушалар қатпарланып тұрады, сондықтан кейде мол, кейде аз көлемде ақшыл бөлінділер бөлінеді. Қынап сөлдерінің бөлінуі күшейеді. Добелейн бациллаларының арқасында ондағы орта қышқыл болады, бұл микробтардың көбеюіне тосқауыл қояды. Жатыр мойны біртіндеп томпақтанады. Жатыр кеңіп, ұзарып, алдыға еңкейген қалыпқа келеді. Жатырдың ішкі қабаты (эндометрий) қалыңдайды. Анабездері үлкейіп, ауырлай түседі. Оларда алғашқы фолликулдар пісіп-жетіледі. Олардың сөл бөлу қызметі біртіндеп күшейе береді.
Қыздың бойжеткенге айналу үдерісінде етеккір пайда болады. Тәннің алғашқы етеккірге дайындалу кезеңі орта есеппен екі-төрт жылды құрайды. Осы кезең ішінде қыз балада әйелге тән белгілер және екіншілік жыныстық белгілер пайда болады. Алғашқы етеккір, әдетте, 9-13 жаста келеді. Бірақ кейде бұл көрсеткіштен 1-2 жыл ауытқуы мүмкін.
Етеккірдің кідіруі – барлық әйел атаулыға таныс құбылыс. Бұл жағдай қыздарға түсініксіз болып көрінсе, әйелдер бірден «аяғым ауырлап қалды ма екен» деген сұрақты ойына алады. Дегенмен, етеккірдің кідіруіне бірнеше себептер ықпал етеді.
Орта есеппен алсақ, қыздар он екі жасқа келгенде, етеккірдің белгілері басталады. Алғашқы кезеңде етеккірдің келу уақыты бір қалыпқа түспегендіктен кем дегенде жарты жыл бойы ауытқушылықтар болады. Ал кей қыздарда бірден жүйелі түрде келе бастайды. Қыздың жыныстық организмі бір жүйемен қалыптасқанша болатын ауытқушылықтар қорқыныш тудырмайды, оған еш алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл құбылыстан бөлек, етеккір кідіруінің бірнеше себептері бар.
Барлық әйелдің ойына бірінші келетін себеп – екіқабат болу. Бұл – төсек қатынасына түсетін әрбір әйел үшін өзекті жағдай. Тіпті төсекті анда-санда «көретін» әйелдердің өзінде екіқабат болып қалу ықтималдығы бар. Аяғыңыз ауырлап қалды деген ойда болсаңыз, арнайы тесттің не дәрігердің көмегіне жүгініңіз.
Стресс. Ия, ол шынымен де әйел организіміне әсер етеді. Ми қабаттары арқылы әйел органдарында ауытқулар болады. Тіпті өтпелі ашу-ыза, жабырқаудың өзі етеккірдің кешігуіне әсерін тигізіп жатады.
Денеге күш түсіру. Мысалы, сіз бірінші рет не ұзақ үзілістен соң спорт залға барсаңыз, етеккіріңіз кешігеді деп күте бергеніңіз дұрыс. Біраз уақыт денеңіз, бұлшықеттеріңіз «үйреніп» алғанша, солай болуы – қалыпты жайдай. Өйткені, сіздің бүкіл денеңіз, ағзаларыңыз «қимылдайды».
Тағы бір себеп – климаттық жағдай. Ұзақ сапар, қаладан қалаға көшу бәрі де әйел организімінің өзгеруіне әкеледі. Қоршаған ауа райы, оның ылғалдылығы мен құрғақтығы - тікелей әсер ететін сыртқы факторлар.
Тым ұзаққа созылған диета. Егер сіз ұзақ уақыт ашығып не бірден өзіңізді барлық тағамнан шектесеңіз, ішкі ағзаларыңызға қажетті коректер мен дәрумендер дұрыс жетпей, зат алмасу мен ағза қызметінде кедіргілер туындайды. Сондықтан «бірден тереңге сүңгімей, таяздан бастаңыз».
Созылмалы және инфекциялық аурулар сөзсіз әсерін береді. Гинкологиялық аурулар, зоб аурулары да етеккірдің кешігуіне себеп болады. Тіпті, жасанды түсіктен соң да етеккірдің бір қалыпқа келуі біраз уақытты қажет етеді. Бұлардың бәрі әйел гормондарының өзгеріске ұшырауынан. Дұрыс күтініп, дұрыс емделген жөн.
Контрацепциялық дәрі-дәрмектер. Әйелді екіқабат болудан сақтайтын гормондық әсері бар дәрілерді ұзақ қабылдау барысында да етеккір кешігеді. Тіпті біраз айлар бойы жоғалып кететін жағдай да кездеседі. Дәрі қабылдауды тоқтату арқылы циклді қайта қалпына келтіре аласыз.
Қандай жағдай әсер етсе де, етеккіріңіздің кешіккеніне мазаңыз қашса, өзіңіздің сенімді дәрігеріңізге қаралғаныңыз – өте дұрыс шешім.
Етеккірдің келуі
Жақында бірінші етеккір басталатынын қалай түсінуге болады?
Бірінші етеккірдің басталуынан бір жыл бұрын қынаптан кейбір ақшыл сұйықтықтың бөлінетіні байқалады. Бұл ақ жағындылар, кеуде бездері ұлғаюы мүмкін, сонымен қатар қолтық асты мен қасағада түктер пайда болады. Жылдам өсу кезеңінің басынан және бірінші етеккір басталуына дейін жобамен 1 жыл өтеді. Тікелей етеккір алдында іштің төменгі бөлігінде ауырсынулар пайда болуы мүмкін, көңіл-күйдің бұзылуы, бас ауруы, кеуде бездерінің тығыздалуы байқалады.
Ақ шығындылар немесе ақ жағындылар деген не?
Ақ жағындылар – бұл қынапты ылғандандыратын және қорғайтын ақшыл-сары түсті қышқыл бөліністер. Овуляция кезінде және тікелей етеккір алдында олардың бөлінуі аса мол болады. Ақ шығындылар қынаптың қалыпты ортасын сақтау үшін қажет. Шығындылар мөлшерінің көбеюі немесе олардың сыртқы түрінің өзгеруі қабыну процесінің белгісі болуы мүмкін, бұл жағдайда гинеколог дәрігеріне көріну қажет.
Алғашқы етеккірге қалай дайындалуға болады?
Бірінші күндері аз қан бөлінетін болғандықтан алдын-ала «апаттан» қорқудың қажеті жоқ. Мүмкін болатын келеңсіздіктердің алдын-алу үшін бір гигиеналық төсенішті өзіңмен бірге алып жүрген дұрыс. Егер де оны мектеп дәрігерінен, мұғалімнен немесе қандай да бір сыныптасыңнан сұрайтын болсаң, онын ешқандай ұяттығы жоқ.
Етеккір кезінде қаншама жиі жуыны қажет?
Ауа мен микроб әсерінен етеккір қаны ыдырай бастайды да жағымсыз иіс пайда болады – сондықтан етеккір кезінде жыныс мүшелерінің тазалығы аса маңызды. Мүмкіндігінше гигиеналық төсенішті ауыстырған сайын, ал таңертең және кешке міндетті түрде ағынды сумен алдынан артына қараған бағытта жуыну керек.
Етеккір кезінде ауырсыну бола ма?
Етеккірдің алғашқы күндерінде іштің төменгі бөлігінің ауырсынуы байқалуы мүмкін. Алайда бұл ауру емес, ол жатыр бұлшық еттерінің жиырылуының нәтижесі болып табылады. Қатты ауырсыну кезінде мектеп дәрігеріне немесе гинекологқа көрінген жөн.
Етеккір кезінде жүзуге және спортпен шұғылдануға бола ма?
Әдетте етеккір спорт сабақтарына кедергі болмайды. Егерде адам өзін нашар сезініп тұрса, тренермен немесе дене шынықтыру мұғалімммен ақылдасу керек. Сабақ алдында (жаттығу, би) гигиеналық төсенішті ауыстырған жөн, өйткені қанды шығындылар мөлшері көп болуы мүмкін. Ал егер тығындылар қолданса, онда етеккір кезінде жүзе де аласың.
Етеккір күнтізбесі деген не және оны қалай жүргізуге болады?
Әр ай сайын күнтізбеге етеккір күндерін белгілеудің өзіндік мәні бар, өйткені онымен адам цикліңнің ұзақтығын және келесі етеккіріңнің болжамды уақытын анықтауға болады, соның есесінен мүмкін болатын ыңғайсыздықты есепке ала отырып гигиеналық төсеніштерді сатып алуды да, сапарға шығуды да жоспарлауға болады.