Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
@IRBIS_10_SILL_yurid_Zhumasheva_kilmistik_zhaua...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
464.9 Кб
Скачать

6 Лекция тезисі

1-тақырып. Қазіргі заманғы қылмыстық саясат және қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату мәселелері

Мемлекеттің құқықтық саясатының маңызды буыны қылмыстық саясат болып табылады, оны жетілдіру қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару құқығын, сондай-ақ құқықта қолдануды кешенді, өзара байланыста түзету арқылы жүзеге асырылады.

Қылмыстық құқықтың қазіргі жай-күйін бағалай отырып, тұтас алғанда оны серпінді дамыту қамтамасыз етіл­ді деуге болады. Қолданыстағы Қылмыстық кодекс – қыл­мыс­қа қарсы күрестің, адамның құқықтары мен бостан­дық­тарының, мемлекет пен қоғамның мүдделерін қылмыстық-құқықтық қорғаудың жеткілікті пәрменді құралы.

Қылмыстық құқықты одан әрі дамыту, бұрынғыдай қылмыстық саясаттың қос векторлығын ескере отырып жүргізілуге тиіс. Ізгілендіру – ең бастысы, алғаш рет ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтары – жүкті және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, жасы ұлғайған адамдарға қатысты болуға тиіс. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға кінәлі, қылмыстық қуғындаудан жасырынып жүрген адамдарға қатысты, сондай-ақ қылмыстар кәнігілігі кезінде қатал қылмыстық саясатты алдағы уақытта да жүргізу қажет.

Қылмыстық құқықты дамытудың маңызды бағыты, ең алдымен аса қоғамдық қауіп тудырмайтын адамдарға (абай­сызда қылмыс жасаған кәмелеттік жасқа толмаған адамдар, өзге де адамдарға – жазаны жеңілдететін мән-жайлар) қа­тыс­ты қылмыстық жазалаудан босатудың шарттарын ке­ңей­ту арқылы қылмыстық қуғын-сүргінді қолдану аясын кезең-кезеңмен қысқарту мүмкіндігін айқындау болып табылады.

Қылмыстық заңды Қазақстан Республикасы ратифика­циялаған халықаралық шарттармен сәйкес келтіру маңызды болып табылады. Бұл арада, атап айтқанда, сөз қылмыстық си­паттан арылту ғана емес, керісінше кейбір құқық бұзу­шы­лықтардың жекелеген түрлеріне қылмыстық сипат беру, сон­дай-ақ қылмыстардың кейбір санаттары үшін, атап айт­қанда экологиялық, экономикалық және сыбайластық қыл­мыстары үшін заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу туралы болып отыр.

Осылайша, мемлекеттің қылмыстық саясаты:

аса қоғамдық қауіп туғызбайтын құқық бұзушы­лықтарды әкімшілік құқық бұзушылық санатына ауыстыра отырып және оны жасағаны үшін әкімшілік жауаптылықты күшейте отырып, қылмыстық сипаттан арылтуға, сондай-ақ жекелеген қылмыстардың ауырлық дәрежесін жазаны жеңілдету арқылы (депенализация) қайта бағалауға;

кәмелеттік жасқа толмағандарға, олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қауіп төндіретін қылмыстарға, ұйым­дасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық құрамында қылмыс жасағаны, қылмыстар кәнігілігі кезінде қылмыстық жауаптылықты байланысты күшейтуге;

бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазалауды қолдану саласын кеңейтуге, оның ішінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазалауларды жекелеген санкциялардан алып тастауға не бас бостан­дығынан айырудың ұзақ мерзімін азайтуға;

айыппұл салуды қылмыстық жазалаудың тиімді түрі ре­тін­де айқындауға және оның қолдануды кеңейту мүмкіндігіне;

санкциялардағы жазалаулардың Қылмыстық кодекстің баптарында ауырлығы бір санаттағы қылмыстарға парапар­лығын және олардың әділ жазалау қағидатына сәйкестігін белгілеуге;

қылмыстық жазалаудың баламасы мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын енгізуге;

өлім жазасын қолдану аясын кезең-кезеңмен тарылту бағытын жалғастыруға;

қылмыстық жауаптылықтан босату, жазасын өтеу, жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату институттарын жетілдіруге бағытталуға тиіс.

Қылмыстық құқықты одан әрі жетілдіру адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заңдардың сапасын арттыруға байланысты, ол заң тұрғысынан дәл әрі оның салдарларының болжамды болуы талаптарына сәйкес келуі тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде нақты тұжырымдалуы және құқықтық іс-әрекетті құқыққа қайшы іс-әрекеттен айыруға мүмкіндік беретін ұғымды өлшемдерге негізделген болуы тиіс, бұл ретте заң қағидаларын өз бетінше түсіндіру мүмкіндігін болдырмау қажет.

Ұсынылған әдебиеттер: 5 бөлім.1-6, 19-38, 39-42, 47-53 көздері.

2-тақырып. Қылмыстық жауаптылық түсінігі және оның негіздері

Қылмыстық жауаптылық мәселесі қылмыстық құқық ғылымындағы неғұрлым даулы мәселелердің бірі болып табылады. Оған ғылыми қайнар көздерде әралуан анықтамалар берілген. Қылмыстық жауаптылық түсінігіне қылмыстық заңда да нақты анықтама берілмеген.

Қолданыстағы қылмыстық заңда қылмыстық жауаптылық пен жаза ұғымдары дербес ұғымдар ретінде қолданылған. Демек, қылмыстық жауаптылық жазамен ұштасатын құбылыс.

Қылмыстық жауаптылық қоғамға қауіпті әрекет пен оны істеген адамды мемлекет тарапынан соттың айыптау үкімінде қылмыстық заң негізінде берілген теріс бағасы болып табылады. Сот істің мән-жайларына қарай тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тартуы да, тартпауы да мүмкін. Соңғысында қылмыстық жауаптылық мүлдем орын алмайды. Қылмыстық жауаптылық жазаның тағайындалуымен ұштаспауы да мүмкін. Оның орнына адамға медициналық немесе тәрбиелік күштеу шаралары тағайындалуы мүмкін.

Қазіргі таңда қылмыстық құқық ғылымында неғұрлым көп тараған позиция бойынша қылмыстық жауаптылық – бұл қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамның белгілі бір құқықтық шектеулерден тұратын мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын көтеру.

Қылмыстық жауаптылықтың негізі істелген әрекеттің қоғамға қауіптілігі, оны істеген адамның кінәлігі, кінәлі әрекеттерінде қылмыс құрамының белгілерінің орын алуы, қылмыстың жасалу айғағы болады.

Ұсынылған әдебиеттер: 5 бөлім. 1-6, 10, 14-17, 19-38, 40-53 көздері.

3-тақырып. Қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатудың шарттары мен мақсаттары

Қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату негіздерінің түсінігі. Олардың қылмыстық кодексте қатаң көрсетілуі. Қылмыстық жауаптылықтан босатудың жазадан босату негіздерінен айырмашылығы. Нақты қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату шарттарының түрлері. Олардың вариативтілігі. Қылмыстық заңда көзделген негіздердің орын алуына қарамастан тұлғаны қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатуға теріс көрсеткіштердің болуы.

Қылмыстық жауаптылықтан босату түсінігі. Қылмыстық жауаптылықтан босатудың құқықтық салдары. Қылмыстық жауаптылықтан босату түрлері. Қылмыстық жауаптылықтан босату түрлерінің әрбіріндегі негіздердің қылмыстық құқықтық маңыздылығы. Қылмыстық жауаптылықтан босату мақсаты. Қылмыстық жауаптылықтан босату институтының қылмыстылықтың алдын алудағы және қылмыстық құқықтың ізгілік қағидатының іске асырылуында алатын орны.

Көптеген жағдайда кінәлі адамды қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ немесе кінәліні соттау кезінде жаза қтеуден толығымен немесе ішінара босату арқылы да жалпы және арнайы есерту мақсатына қол жеткізуге болады.

Қылмыстық құқық осының жолдарының бірі қылмыстық жауаптылық пен жазалаудан босату институты деп біледі.

Қылмыстық жауаптылық ұғымының ауқымы жазалау ұғымына қарағанда кең. Кейбір жағдайларда қылмыстық жауаптылықтың жаза қолданбай-ақ немесе оны атқармай-ақ қолданылатын кездері де болады.

Сонымен бірге қылмыстық жаза тағайындау мен оны атқару қылмыстық жазаны жүзеге асыру тәртібімен ғана жүргізіледі.

Қылмыстық жауаптылықтан босату қылмыстық іс қозғаудан бас тарту немесе оны тоқтату жолымен де көрінуі мүмкін.

Қылмыстық жауаптылықтың мәнін түсіне білу қылмыстық жауаптылықтан кез-келген босатудың өзі жазалаудан да босату деп қорытынды істеуге мүмкіндік береді, қылмыстық жауаптылықтан босату кезінде субьекті айыптау үкіміндегі қылығына берілген ресми бағалаудан да арылады. Басқаша айтқанда, қылмыстық жауаптылықтан босату жазалаудан да босату деп танылады, сол сияқты жазадан босату да қылмыстық жауаптылықтан ішінара ғана босату деп танылады, өйткені бұл жерде адам сотталған атанып, қылмыскер деп жарияланған болып шығады.

Демек, қылмыстық жауаптылықтан босатуды айыпталуы үкімі нысанында көрінген және соттылық сияқты құқықтық зардаптан құтыла алмайтындай қылмыс істеген адамның қылығын заңмен қарастырылған жағдайда құзырлы орган адамдарының мемлекет атынан ресми түрде айыптаудан бас тартуы деп анықтауға болады. Қылмыстық жауаптылықтан босатуды бұлайша түсіну қылмыстық жауаптылықтың өзінің тиісті ұғымына сәйкес негізделуі керек, деп ұйғарады көптеген ғалымдар.

Ұсынылған әдебиеттер: 5 бөлім. 1-6, 14, 17, 19-38, 40-53 көздері.

4-тақырып. ҚР қылмыстық заңнамасы бойынша қылмыстық жауаптылықтан босату түрлері

Қолданыстағы Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде қылмыстық жауаптылықтан босатудың түрлерінің бекітілуі. ҚР және Қазақ КСР қылмыстық заңдарындағы қылмыстық жауаптылықтан босату түрлерінің ерекшеліктері. Ондағы жауаптылықтан босату негіздерінің салыстырмалы сипаттамасы. Қылмыстық жауаптылықтан босату кезінде жаза мақсаттарына жету мүмкіндігі.

Қолданыстағы қылмыстық заңнама қылмыстық жауаптылықтан босатудың мынадай түрлерін қарастырады:

А) шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚР ҚК 65-бабы);

Ә) қажетті қорғану шегінен асқан кезде қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚР ҚК 66-бабы);

Б) жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚР ҚК 67-бабы);

В) жағдайдың өзгеруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚР ҚК 68-бабы);

Г) ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚР ҚК 69-бабы);

Ғ) рақымшылық немесе кешірім істеу актісі негізінде қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату (ҚР ҚК 76-бабы).

Шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату. Оның негіздері мен шарттары.

Қажетті қорғану шегінен асқан кезде қылмыстық жауаптылықтан босату түсінігі. Оның заңды болуының шарттары. Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату. Бұл институттың қылмыстылықтың алдын алудағы және қылмыс келтірген зардаптардың орнын толтырудағы маңыздылығы. ҚР ҚК 67-бабына өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі.

Жағдайдың өзгеруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату. Ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату. Кешірім беру немесе рақымшылық акттерінің негізінде қылмыстық жауаптылықбан босату мәселелері.

Ұсынылған әдебиеттер: 5 бөлім. 1-6, 14-17, 19-38, 39-53 көздері.

5-тақырып. ҚР ҚК Ерекше бөлімінде көзделген қылмыстық жауаптылықтан босатудың арнайы негіздері

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлімінде белгілі бір жағдайлар орын алғанда кейбір қылмыс түрлері бойынша қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігі көзделген (ҚР ҚК 65-бабының 3-бөлімі).

Мұндай жағдайлар ҚР ҚК 125-, 165-, 166-, 231-бабының 1- және 2-бөлімдерінде, сонымен бірге, қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыстардың бірқатарында (ҚК 233-, 234-, 236-, 251-, 252-баптарында), есірткі және жүйкеге әсер ететін заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстарда (ҚК 259-бабы), ҚР ҚК 297-бабында, ҚК 312-бабы 2-бөлімінде, ҚК 325-, 352-, 358-, әскери қылмыстарда (ҚК 372-, 373-, 375-379-, 381-баптарында) көзделген.

Мысалы, мемлекетке опасыздық (ҚК 165-бабы) немесе шпионаж (ҚК 166-бабы) жасаған адам өз еркімен және дер кезінде бұл әрекеттері туралы мемлекеттік органдарға хабарлаған болса, әрі осы арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүдделеріне зиян келтірілуінің алды алынған болса, сонымен бірге оның әрекеттерінде басқа қылмыс белгілері болмаса, онда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Ұсынылған әдебиеттер: 5 бөлім. 1-6, 8, 14-17, 19-38, 39-53 көздері.

6-тақырып. Жазадан босату түсінігі, маңызы және түрлері

ҚР қылмыстық заңнамасында сот кінәлі деп танылған адамды қылмыстық жазадан босату мүмкіндігі де қарастырылған. Мұндайда адам қылмыстық жауаптылыққа тартылған болып саналады (қылмыстық құқықтық шектеулерде болады), бірақ жазасын нақты өтеуден немесе оның белгілі бір бөлігін өтеуден босатылады.

Жазадан босату негіздері әралуан болуы мүмкін: қылмыс жасаған адамның қоғамға қауіптілігінің төмендеуі немесе мүлдем жойылуы, оның денсаулығының күрт нашарлауы және т.с.с.

Қолданыстағы қылмыстық заңда жазадан босатудың келесі түрлері көзделген: жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату; жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру; жүкті әйелдердің немесе жас балалары бар әйелдердің жазасын өтеуін кейінге қалдыру; ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату; төтенше жағдайларға байланысты жазадан босату және жазасын өтеуін кейінге қалдыру; айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босату; рақымшылық және кешірім беру актілерінің негізінде жазадан босату.

Ұсынылған әдебиеттер: 5 бөлім. 1-6, 7, 10, 14-15, 17, 19-38, 39-53 көздері.

7-тақырып. Кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату

Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамалары құқық субьектісі ретіндегі кәмелетке толмағандарды құқықтық қорғауды жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етеді. Қылмыстық жауаптылық пен жазаның заңи шегін анықтауда олардың жас ерекшеліктері қатаң ескеріледі.

Кәмелетке толмағандар қылмыстық жауаптылығының әлеуметтік-психологиялық тұрғысы қалыптасып келе жатқан тұлға өз дамуының қай кезеңінде қылмыстық заң тұрғысынан алғанда жауаптылықтың осындай нысанын атқару қабілетіне ие бола алатындығын анықтауды керек етеді. Психология тұрғысынан алғанда қылмыстық жауаптылық тұлғаның санасының белгілі бір деңгейін, психологиялық пісіп-жетілгенін көрсетеді және сондықтан тұлғаның жауапкершілігін тәрбиелеудің құрамдас бөлігі болып табылады.

Қылмыстық жауаптылық – қылмыстық құқықтың қылмыс, жаза, қылмыс құрамы сияқты ең маңызды ұғымдарымен тығыз байланысқан негізгі ұғымдарының бірі. Қылмыстық жауаптылық заңи жауаптылықтың бір түрі болып табылады және сондықтан соған тән белгілердің барлығына ие болады, сонымен бірге өзінің мынадай ерекшеліктері бар: қылмыстық жауаптылық қылмыс істегені үшін ғана қолданылады;мұндай жауаптылықты сот мемлекет атынан жүктейді; ережеге сай, ол жаза немесе өзге де қылмыстық-құқықтық сипаттағы өзге де шараларды қолданумен қосарланады. Қылмыстық жауаптылық ұғымының нақты анықтамасы заңнамаларда жоқ. Қылмыстық кодексте қылмыстық жауаптылықтың негіздемесі жайында ғана айтылады (ҚР ҚК 3-бабы): қылмыс істеу, яғни Қылмыстық кодексте көзделген қылмыс құрамының барлық белгілері бар әрекет қылмыстық жауаптылықтың бірден-бір негізі болып табылады. Бір қылмыс үшін ешкімді де қайталап қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

Е.Қайыржанов, қылмыстық жауаптылық – бұл адамның істеген әрекеті үшін қылмыстық құқық нормаларына негізделген нормалармен жауап беру міндеті ғана емес, ол сонымен бірге мемелекеттің кінәліге күштеп ықпал ету құқығы, деп санайды.

Қылмыстық жауаптылықты жазалаумен бірдей теңдестіруге болмайды. Бұл ұғымдар бір біріне жақын болғанымен бірдей емес. Қылмыстық жауаптылық көбінесе жаза тағайындалғаннан кейін тоқталады. Қылмыстық жауаптылық жазалаудың алғышарты болып табылады, бірақ ол жаза тағайындамай да мүмкін болады, жазасыз айыптау үкімін шығарған жағдайды осылай түсіндіреміз.

Бұрынғы 1959 жылғы Қазақ КСР Қылмыстық кодексіне қарағанда 1997 жылғы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасы арнайы бөлімде қарастырылады (VI-бөлім). Ондағы нормалардың бәрі де БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдаған және 1990 жылдың 15-қазанында күшіне енген «Бала құқығы туралы» Конвенцияда көрсетілген адамгершілік пен әділеттілік қағидаларына сай келеді.

Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы туралы мәселелерді қарастыра отырып, оның өткен тарихына шолу жасамай өтуге болмайды. Қылмыстық-құқықтық шаралардың қолданылуына тереңірек баға беру үшін, «көне заман мен орта ғасырдан бастап адамзат өмірінің бірнеше дәуірінің кезеңдерін қарастырып өту керек сияқты:

  • Сол замандардағы заң саласында адам өмірінің ерекше қорғалатын кезеңі ретіндегі балалықтың құқықтық ұғымы болмаған;

  • Соның нәтижесінде құқықтық актілерден балалар мен жас өспірімдерді сотта, түрмелерде, солардан босатылғаннан кейін қорғалудың арнайы заңи ережелерін таба алмаймыз. Көне заман, орта ғасыр және «ерте» капиталызм заңгерлерін бала-қылмыскерлер дербес демографиялық топ ретінде қызықтырмаған деп шамалауға болады. Олар балаларды ересек деп таныған немесе мүлдем ешкім ретінде қарамаған;

  • Тиісінше, егер олар заңға қайшы қылық істеген болса, өздерінің құқықтық жағдайында ересектермен теңестірілуінен заң мен соттың кәмелетке толмағандарға деген қатаңдығы көрінді. Қазіргі заманғы заңгерлер 9 жасар бала мен ересекке бірдей жаза қолдану балаға неғұрлым күшті әсер ететіндігіне назар аударған болар еді».

Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығының жалпы мәселелері. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жазалар және олардың шектері. Кәмелетке толмағандардың жазасын өтеуінің жалпы шарттары.

ҚР ҚК 81-бабында көзделген кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан босатуының жалпы негізі. Кәмелетке толмағандарға тәрбиелік сипаттағы мәжбүрлеу шараларының қолданылу. Олардың қылмыстық құқықтық ықпал ету күші.

ҚР ҚК 81-бабы 2-бөлімінде көзделген кәмелетке толмағандарды қылмыстық жазасын өтеуден босату негіздері.

Ұсынылған әдебиеттер: 5 бөлім. 1-6, 9, 10, 15, 17, 19-38, 39-53көздері.

8-тақырып. Кешірім беру және рақымшылық акттерінің негізінде қылмыстық жаза мен жауаптылықтан босату

Рақымшылық актісінің түсінігі, белгілері, шығарылуының негіздері. Рақымшылық актісін ҚР Парламентінің қабылдауы. Оның заңдың күші. Рақымшылық актісі нақты анықталмаған адамдарға қатысты шығарылатындығы.

Рақымшылық актісінің негізінде қылмыстық жауаптылықтан босату. Рақымшылық актісінің негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдардың қылмыстық құқықтық статусы. Рақымшылық актісінің қосымша жазаларға қатысты ережелері. Рақымшылық актісінің адамның соттылығына әсері.

Кешірім беру актісінің түсінігі, белгілері. Қабылдану негіздері. Кешірім актісін ҚР Президентінің шығаруы. Қазақстан Республикасында соңғы онжылдықта қабылданған рақымшылық актілері.

  1. Рақымшылық істеу туралы актіні адамдардың жеке айқындалмаған тобы жөнінде Қазақстан Республикасының Парламенті шығарады.

  2. Қылмыс істеген адамдар рақымшылық істеу туралы актінің негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Қылмыс істегені үшін сотталған адамдар жазадан босатылуы мүмкін не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін, не мұндай адамдар жазаның қосымша түрінен босатылуы мүмкін. Жазасын өтеген немесе оны одан әрі өтеуден босатылған адамдардан рақымшылық істеу туралы актімен соттылығы алынып тасталуы мүмкін.

  3. Белгілі бір жеке адамға ол жөнінде айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда кешірім істеу туралы актіні Қазақстан Республикасының Президенті шығарады.

  4. Қылмыс істегені үшін сотталған адам кешірім істеу кезінде жазаны одан әрі өтеуден босатылуы мүмкін не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін. Жазасын өтеген адамнан кешірім істеу актісімен соттылығы алынып тасталуы мүмкін.

Рақымшылық жария ету Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына жатады (ҚР Конституциясының 54-бабының 6-тармағы).

Рақымшылық актісі әдетте қандай да бір мемлекеттің оқиға немесе мерейтой қарсаңында қабылданады. Мәселен, 1991 жылдың 16-ақпанында ҚазКСР-інің «Қазақ Социалистік Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Декларация қабылдауға байланысты рақымшылық туралы» Заңы, 1994 жылдың 5-қазанында Қазақстан Республикасының «Халықаралық отбасы жылына байланысты рақымшылық туралы» Заңы, 1996 жылдың 15-шілдесінде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының бір жылдығына байланысты рақымшылық туралы» Заңы, 2002 жылдың 19-ақпанында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің он жылдығына байланысты рақымшылық туралы» Заңы қабылданды.

Рақымшылық актісі қылмыстық заңмен белгіленген белгілі бір қылмыстық-құқықтық зардаптарға да тартады.

Өзінің мазмұны бойынша рақымшылық актісі мынадай ұйғарымдарға ие болады:

  • Қылмыс істеген адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босату туралы;

  • Қылмыс істегені үшін сотталған адамдарды жазадан немесе оны одан әрі өтеуден босату туралы;

  • Тағайындалған жазаны қысқарту туралы;

  • Жазаны неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы;

  • Жазаның қосымша түрінен босату туралы;

  • Соттылықты алып тастау туралы (ҚР ҚК 76-бп.2-бөл.).

Мәселен, 1991 жылғы 16-ақпанындағы рақымшылық, әсіресе жазаның тағайындалған мерзіміне қарамастан, бас бостандығынан айыруға немесе бас бостандығынан айырумен байланысы жоқ мынадай сотталғандарға қатысты болады: Отан қорғау жолындағы соғыс ұрыстарына қатысқандарға; КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталғандарға; 1 және 2-топтағы мүгедектерге; кәмелетке толмаған балалары бар, сондай-ақ аяғы ауыр әйелдерге; 60-тан асқан ерлерге, 55-тен асқан әйелдерге.

Сот тағайындалған жаза рақымшылық актісі бойынша қысқартылуы немесе неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстырылуы мүмкін. Мәселен, 1994 жылғы 5-қазандағы рақымшылықпен «Абайсызда қылмыс істегені үшін сотталғандарға рақымшылық істеу туралы» Заңының 1-3-баптарының мазмұнына сай келмейтін сотталғандардың өтелмеген жазасы жартысына дейін қысқартылды.

Рақымшылық актісінде оны белгілі бір адамдар санатына қолдану шектеледі немесе мүлдем қолданылмайды. Мәселен, 1994 жылғы 5-қазандағы рақымшылықта, әсіресе рақымшылық пен кешірім істеу тәртібімен жазадан босатылып және жаңадан қылмыс істегендерге; маскүнемдіктен, нашақорлықтан немесе тері ауруларымен ауыратындардың толығымен емделмегендеріне; қасақана қылмысы үшін екі рет немесе одан да көп сотталғандарға; аса қауіпті қылмыс қайталаушы деп танылғандарға; жекелеген ауыр, аса ауыр қылмыстары үшін сотталғандар мен қылмыстық жауаптылық тартылғандарға қолданылмайды.

Рақымшылық сот үкімінің заңдылығына да, негізділігіне де күмән келтірмейді. Рақымшылық тек қана қылмыс істегендердің, соның ішінде сотталғандардың да кінәсін жеңілдетеді.

Рақымшылық нақты мазмұны рақымшылық туралы актінің өзімен анықталады.

Рақымшылық актісіне қарағанда кешірім істеудің айырмашылығы ол белгілі бір адамдарға қатысты жеке-жеке жасалады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес кешірім істеуді Қазақстан Республикасының Президенті жүзеге асырады (44-баптың 15-тармағы).

ҚР ҚК 7-бабының 4-бөлігіне сәйкес, кешірім істеу актісі келесідей қылмыстық-құқықтық жеңілдіктер әкелуі мүмкін:

  • Адам жазасын одан әрі өтеуден босатылуы мүмкін;

  • Оған тағайындалған жаза қысқартылуы мүмкін;

  • Жазасын өтеген адамнан соттылығы алынып тасталуы мүмкін.

Кешірім істеу нормативті сипатқа ие болады және ол белгілі бір адамдарға жеке-жеке (ҚР ҚК 76-бп. 3-бөл.) немесе бірнеше адамға аты-жөні көрсетіліп қолданылады. Қазақстан Республикасының Президентінің кешірім істеу құқығы адамдар шеңберіне, қылмыс санаттарына, жазаның түрлеріне қарай шектелмейді.

Жазадан босату кінәлі деп танылған және сотталған адамды нақты жазаны өтеуден немесе оны өтеуді жалғастырудан босатумен көрінеді.

Жазадан босатудың жалпы негізі қылмыс істеген адамның қоғамдық қауіптілігінің жоғалуы немесе елеулі түрде азаюына, оның денсаулығының нашарлауы мен өзге де заңды негіздерге быайланысты жаза тағайындау мен оны атқару орынсыз немесе мүмкін емес деп танылуы болып табылады. Бұл жалпы негіздеме жазадан босатудың жекелеген түрлеріне қатысты нақтыланады және толық талқыланады.

Ұсынылған әдебиеттер: 5 бөлім. 1-6, 11, 13-15, 17, 19-38, 39-53 көздері.

9-тақырып. Шетелдік заңнамада қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатудың теориялық және практикалық мәселелері

Қылмыстық саясатты гуманизациялау процесі англосаксондық жүйеде бастыпқыда қалыптаса бастаған. Атап айтсақ, осы жүйеде жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату пайда болған деп саналады. Дегенмен, қазақ әдіт-ғұрпында да әуел бастан жәбір шеккен тараппен татуласу кінәлінің жағдайын жеңілдететіндігі кең тарағаны мәлім.

Шетелдік заңнамалардағы қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату түрлері. Олардың негіздері. Қазақстан заңнамасымен салыстырмалы арақатынасы.

Ұсынылған әдебиеттер: 5 бөлім. 1-6, 11, 14-15, 17, 19-38, 39-53 көздері.