
- •050301- «Заңтану» бакалавриат мамандығы бойынша
- •3. Алғашқы pet енгізілген.
- •Пәннің мазмұны
- •Мазмұны
- •Тема 17. Әскери қылмыстар.........…………………………...........…………...24
- •111. Ұсынылатын әдебиеттер тізімі............………....………………………..29
- •Тақырыптық жоспар
- •Пәннің мазмұны
- •Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:
- •Пәннің оқу-әдістемелік кешені
- •Пәннің оқу жұмыс бағдарламасы
- •1. Пәннің мақсаты мен міндеттері, оның оқу процесіндегі орны
- •2. Пәннің мазмұнының деңгейіне талаптар:
- •3. Пәннің негізгі мазмұны
- •2. Пәннің мазмұны
- •2.1 Дәрістер
- •2.Семинар сабақатары
- •2.3 Жеке оқуға ұсынылатын тақырыптар (ожсөж, сөж)
- •3. Пәннің оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуі.
- •3. Пәннің постреквизиттері:
- •4. Пәннің қысқаша сипаттамасы
- •6.Пәннің мазмұны
- •9. Курстың саясаты мен рәсімдері Оқуда студенттерге қойылатын талаптар
- •Глосарий
- •Қазақстан республикасының қылмыстық құқығы пәні бойынша дәрістер конспектісі
- •2 Азаматтардың тең құқықтылығын бұзу (141-бап)
- •3 Адамның және азаматтың әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар
- •4 Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу (142-бап)
- •3 Адамзатқа қарсы қылмыстар Геноцид (160-бап)
- •4 Мемлекеттің конституциялық құрылысы мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы
- •2 Бөтеннің мүлкін талан-таражға салудың түсінігі
- •3 Талан-тараж белгілері жоқ, меншікке қарсы пайдакүнемдік қылмыстар
- •4 Меншікке қарсы пайдакүнемдік емес қылмыстар
- •2 Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстардың нақты түрлері
- •2 Қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыстардың түрлері
- •3 Қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстардың нақты түрлері
- •2 Халықтың денсаулығына қарсы қылмыстар
- •3 Адамгершілікке қарсы қылмыстар
- •2 Суды және атмосфераны тиімді пайдалануға және қорғауға қол сұғатын қылмыстар
- •3 Жерді, құрлықтық шельф, жер қойнауын қорғау және тимді пайдалануға қол сұғатын қылмыстар
- •4 Жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау және пайдалану ережелеріне қарсы қылмыстар
- •5 Ерекше табиғи-биологиялық түрдегі дүниелерді қорғау ережелеріне қарсы қылмыстар
- •1 Көліктегі қылмыстардың жалпы сипаттамасы
- •2 Көліктегі қылмыстардың жеке құрамдары
- •12.2 Мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстардың жекелеген құрамдары
- •1 Басқару тәртібіне қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы
- •2 Мемлекеттік органдарды басқару әрекетіне байланысты өкімет өкілдері мен басқа адамдарға қарсы қылмыстар
- •3 Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының мызғымастығына қол сұғатын және Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне қарсы қылмыстар
- •4 Ресми құжаттар мен мемлекеттік наградалардың айналым тәртібіне қарсы қылмыстар
- •2 Сот әділдігін жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының жасайтын қылмыстары
- •3 Заң бойынша сот әділдігін жүзеге асыруға көмек беруге шақырылған адамдардың жасайтын қылмыстары
- •1 Әскери қылмыстардың түсінігі және жалпы сипаттамасы
- •2 Бағыныштылық тәртібіне және әскери қызметшілердің жарғылық ережелерге сай қарым-қатынасына қол сұғатын қылмыстар
- •3 Әскери қызметті өтеу тәртібіне қарсы қылмыстар
- •4 Әскери кезекшілікке және басқа да арнаулы қызмет тәртібіне қарсы қылмыстар
- •Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті қр қылмыстық құқығы (ерекше бөлім) пәнін оқыту бойынша оқу-әдістемелік нұсқаулар
- •Семинар сабақтарды өткізу бойынша оқу-әдістемелік нұсқаулар
- •Тапсырма№1
- •Тапсырма№2
- •Оқытушының жетекшілігімен студенттердің өздік жұмысын өткізу бойынша оқу-әдістемелік нұсқаулар
- •Студенттердің өздік жұмысын өткізу бойынша оқу-әдістемелік нұсқаулар
- •Студенттер білімін бақылау және бағалау жүйесі
- •Қр қылмыстық құқық пәннің оқу-әдістемелік қамтамасыз ету картасы
3 Адамгершілікке қарсы қылмыстар
Адамгершілікке қарсы топқа жататын қылмыстардың тікелей объектісі қоғамда орын алып отырған моральдық, қоғамдық қатынастардың жиынтығы болып табылады. Олардың түрлері де сан алуан. Енді соларға жеке-жеке тоқталып өтейік.
Жезөкшелікпен айналысуға тарту (270-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі – қоғамдық адамгершілік, ал қосымша тікелей объектісі – адамның денсаулығы, ар-намысы және өміріне қол сұғылмайтындығы немесе меншігі болып табылады.
Қылмыстың жәбірленушісі әйелдер де, ер адамдар да болуы мүмкін. 1959 жылғы Қазақ ССР Қылмыстық кодексі бойынша жезөкшеліктің жәбірленушісі болып тек қана кәмелетке толмағандар танылса, ал Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі бойынша 270-бапта көзделген қылмыстың жәбірленушісі болып 18-ге толған кез келген жынысты адам болып танылады. Өйткені Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 132-бабында кәмелетке толмаған адамды жезөкшелік іс-әрекеттер жасауға тартқаны үшін жеке жауаптылық белгіленген.
Жезөкшелік дегеніміз – бұл әр түрлі адамдармен ақылы түрде әлденеше рет жыныстық қатынаста болу. Жезөкшеліктің мынадай негізгі белгілері бар: жыныстық қатынаста болу. Жыныстық қатынас әйел мен еркектің, әйел мен әйелдің, еркек пен еркектің (гомосексуальдық) болуы мүмкін.
Әр түрлі адамдармен жыныстық қатынаста болу. Яғни бейберекет нәпсіқұмарлық қатынас жасау. Жыныстық қатынасты белгілі бір ақы алу үшін жасау.
Ақы төлеу ақшалай немесе баска нысанда заттай, киім-кешек, косметикалық, парфюмериялық заттар, асыл тастар, інжу-маржандар беру немесе басқадай қызмет көрсетулер арқылы жүзеге асырылады.
Жыныстық қатынас жасағанға дейін ақы төлеу жөнінде алдын ала келісімнің орын алуы;
Белгілі бір ақы алу үшін үнемі жыныстық қатынасқа түсу. Осыған орай ақы алып, бір рет жыныстық қатынаста болу жезөкшелікпен айналысу деп саналмайды. Жезөкшелік моральға жат құбылыс, онымен айналысатындардың бәрінің іс-әрекеті қылмыс қатарына жатпайды. Қылмыстық занда — ҚК-тің 270-бабының диспозициясында жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін ғана жауаптылық көрсетілген. Осы қылмыстың объективтік жағының белгілері заңда: күш қолдану немесе күш қолданбақшы болып қорқыту, тәуелді жағдайын пайдалану, бопсалау, мүлкін жою немесе бүлдіру арқылы не алдау жолымен жезөкшелікпен айналысуға тарту деп көрсетілген. Яғни заң жезөкшелікке тартудың 5 түрлі тәсілін көрсетіп отыр. Енді осыларға тоқталайық.
Күш қолдану — жәбірленушінің өміріне, денсаулығына қауіпті де, қауіпсіз де түрде жеңіл, орта дене жарақатын келтіре отырып, оның өз еркіне қарамастан жезөкшелікпен айналысуға көндіру. Мұндайда жәбірленушіге ауыр дене жарақаты келтірілсе, онда кінәлінің әрекеті қосымша ҚК-тің 103-бабымен саралануға жатады.
Күш қолданбақшы болып қорқыту — жәбірленушінің кез келген дәрежедегі дене жарақатын келтірмекші болып, үрейін алу, қорқыту, әр түрлі тәсілмен ауызша, жазбаша немесе әр түрлі заттарды көрсету, қимыл арқылы белгі берумен жүзеге асырылады. Күш қолданбақшы болып қорқыту сөз жүзінде ғана емес, шын мәнінде нақты іске асатын, айқын болуы қажет және осы тәсіл жәбірленушіні жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр етуі керек.
Тәуелді жағдайын — материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамды осындай жағдайларын пайдалану арқылы жезөкшелікпен айналысуға тарту.
Бопсалау — жезөкшелікпен айналысуға тартылатын адамды немесе оның жақындарын масқаралайтын мәліметтерді таратамын деп немесе олардың мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді жариялаймын деп қорқыту.
Мүлікті жою немесе бүлдіру арқылы қорқытуға — болашақта жәбірленушінің немесе оның жақындарының дүние, мүлкін, үйін, саяжайын, көлігін толық немесе ішінара жарамсыз етіп тастау туралы, оның жүзеге асырылатын әрекеттер арқылы жәбірленушіні жезөкшелікке тартуы жатады.
Алдау жолымен жезөкшелікпен айналысуға тарту деп — жәбірленушіге көрінеу жалған мәліметтерді беру арқылы, оны белгілі бір адаммен жыныстық қатынаста болуға көндіру, мысалы, жәбірленушіні өзімен болашақта неке құратын адаммен бірнеше рет жыныстық қатынаста боласың деп алдап, соған көндіруді, сол үшін кінәлі адам белгілі бір ақы түрін алады, ал жәбірленуші ол туралы мүлдем хабарсыз болады.
Жезөкшелікпен айналысуға тартуда қызмет ақысын кінәлі жәбірленушімен бөлісуі немесе жеке өзі иеленіп кетуі мүмкін. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол жезөкшелікпен айналысуға тарту әрекетін жүзеге асырған (жәбірленушінің ақылы түрде нәпсіқұмарлық байланысқа түскен) уақытынан бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет және мақсат әр түрлі болуы мүмкін, олардың қылмысты саралауға әсері жоқ.
Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам.
Қылмыстық кодекстің 270-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрлері: ұйымдаскан топ, сол сиякты жезөкшелікпен айналысуға тартқаны, не притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны, не жеңгетайлық жасағаны үшін бұрын сотталған адам жасаған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген. Ұйымдасқан топтың түсінігі Қылмыстық кодекстің 31-бабында берілген. Бұрын сотталған адамға Қылмыстық кодекстің 271-бабы бойынша сотталып, сотталғандықтан арылмаған не сондай атағы жойылмаған адамдар жатады.
Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық (271-бап)
Қылмыстың негізгі тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік болып табылады.
Қылмыстың заты — жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар.
Притондар деп ақы алып жезөкшелікпен айналысатын адамдардың кез келген нысандағы жыныстық қатынасты жүзеге асыратын арнайы жабдықталған тұрғын жайлары немесе жабдықталмаған кез келген тұрғын үйге жатпайтын жайларды (автобус салоны, күзет үйлері, кеңсе бөлмелері, казинолар, түнгі сауықтыру орындары т.с.с.) айтамыз.
Көрсетілген қылмыстың объективтік жағы жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау; сондай-ақ пайдакүнемдік мақсаттағы жеңгетайлық арқылы көрініс табады.
Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру деп оны құруға арналған кез келген іс-әрекеттерді айтамыз. Оған тұрғын жайды табу оның иесімен шарт жасасу, осы жайларды жезөкшелікпен айналысуға жабдықтау (мебельдер қою, гигиеналық құралдар, жамылатын, басқадай қажетті киімдер алу), жезөкшелікпен айналысуға бейім клиенттерді табу, күзет және қауіпсіздік шараларын белгілеу жатады.
Притонды ұстау деп тұрғын жайларды жезөкшелікпен айналысу үшін үнемі жалға бере отырып, сол үшін ақы алу, осы жайларды күтіп ұстауды, күзетуді, оған қажетті жабдықтарды қамтамасыз етіп отыруды жүзеге асыруды айтамыз. Жезөкшелікпен айналысуға пайдакүнемдік мақсатта жеңгетайлық жасау деп осындай тәсілмен жыныстық қатынастар жасауға бейім адамдарды іздестіріп, оны бір-бірімен кездестіруді, притонды ұйымдастырушы мен оны ұстаушыларға осындай клиенттерді тауып беріп, сол үшін тиісті ақы алушылықты айтамыз.
Талдау жасалып отырылған қылмыс формальдық құрамға жатады. Ол Қылмыстық кодекстің 271-бабының 1-тармағының диспозициясында көрсетілген әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырғанын немесе ұстағанын, соған пайдакүнемдік мақсатпен жеңгетайлық жасағанын сезеді, біледі және сондай әрекеттер істеуді тілейді.
Қылмыс субъектісі — 16-ға толған адам.
Қылмыстық кодекстің 271-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрі: ұйымдасқан топ, сондай-ақ притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны, не жеңгетайлық жасағаны, не жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін бұрын сотталған адам жасаған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Осы белгілерге анықтаманы Қылмыстық кодекстің 270-бабына талдау жасалғанда көрсетіп кеткенбіз.
Дәрілік немесе басқа құралдарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау (272-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі — қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объект адамның денсаулығы.
Қылмыстың заты — есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарға жатпайтын дәрілік заттар немесе басқа құралдар.
Қылмыс объективтік жағынан алғанда есірткі заттарға немесе жүйкеге әсер ететін заттарға жатпайтын дәрілік немесе басқа құралдар мен заттарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау, сондай-ақ осы мақсаттар үшін үй-жай беру арқылы жүзеге асырылады.
Есеңгірететін дәрілік заттардың тізімі немесе басқа құралдар арнаулы құқықтық нормалармен белгіленген. Осындай есеңгірететін заттарды пайдалану үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстаудың түсінігі ҚК-тің 271-бабында берілген. Осы мақсаттарға үй-жай беруге — ақы алып, үнемі осындай дәрілік немесе басқа құралдар мен заттарды пайдаланып есеңгіреткісі келетіндерге жайды жалға беретін әрекеттер жатады.
Қылмыс құрамы формальдық, ол осы баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген соң аяқталған деп табылады.
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам өзінің істеген іс-әрекетінің заңға қайшы екенін сезеді, бірақ соны жүзеге асыруды тілейді.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы. Есеңгірету үшін притон ұйымдастырған немесе ұстаған не осы мақсаттарға үй-жай берген адам.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттерді ұйымдасқан топ жасаса — қылмыстың ауырлататын түріне жатады (272-баптың 2-тармағы). Ұйымдасқан топтың түсінігін Қылмыстық кодекстің 31-бабынан қараңыз.
Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату (273-бап)
Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз таратуға халықаралық құқық нормасымен тыйым салынған. 1923 жылы "Порнографиялық бұйымдарды тарату және олармен сауда жасауға қарсы шаралар туралы" Женева конвенциясы қабылданған. Осы конвенцияға қосылған барлық мемлекеттер өздерінің ұлттық Қылмыстық кодексінде осы тектес іс-әрекетті қылмыс деп танып, жауаптылық белгілеген.
Порнографиялық материалдарды немесе заттарды таратудың қоғамға қауіптілігі сол, мұндай әрекеттер жасөспірімдердің дене бітімі немесе психикалық адамгершілік жағынан дұрыс дамып жетілуіне теріс әсер етеді, жыныстық қатынастар туралы оларға кереғар нанымдарды уағыздайды, мұндай материалдармен танысу арқылы олар әйел зорлау, нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық әрекеттерін, тағы басқадай түрде азғындату әрекеттерін жасауға әсер етуі мүмкін.
Қылмыстың негізгі тікелей объектісі — қоғамдық адамгершілік, азаматтардың ары, адамгершілік қасиеттері.
Қылмыстың заты — порнографиялық материалдар және заттар.
Порнография — шектен шыққан әдепсіздіктер арқылы жыныстық қатынастардың көргенсіз, жүгенсіз түрлерін, астамшылдығын бейнелейтін көрініс болып табылады. Оған әдепсіз кино немесе бейне материалдар, суреттер, картиналар, альбомдар, шығармалар, бұйымдар немесе өзге заттар — аудиожазбалар, порнографиялық компакт дискілер, пластинкалар жатады.
Қылмыстың объективтік жағынан порнографиялық материалдарды немесе заттарды тарату немесе жарнамалау мақсатында заңсыз жасау, тарату, жарнамалау, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы баспа басылымдарын, кино немесе бейне-материалдарды, суреттерді немесе өзге заттарды заңсыз сату арқылы жүзеге асырылады.
Порнографиялық материалдарды немесе заттарды жасауға, осыған жататын шығармаларды, суреттерді, фотобейнелерді толық жасау немесе осындай заттарды монтаждап құрастырулар жатады.
Тарату деп — порнографиялық материалдарды немесе заттарды басқа адамдарға сыйға беру, сату немесе кез келген басқа тәсілмен оларды баска адамдарға беруді айтамыз.
Жарнамалау деп — порнографиялық заттарды, материалдарды басқаларға көрсету, олар туралы шектен тыс көптеген адамдарға ақпарат беруді айтамыз.
Сату деп — осы көрсетілген заттарды басқаларға ақы алып беруді айтамыз. Көрсетілген әрекеттердің барлығы заңсыз болады, яғни құзіретті органдардың тиісті рұқсатынсыз жасалады.
Қылмыс құрамы формальдық және ол занда көрсетілген (273-баптың 1-тармағы) әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналық. Адам порнографиялық заттарды заңсыз дайындайтынын, тарататынын, жарнамалайтынын және сататынын сезеді, біледі және оларды жүзеге асыруды тілейді.
Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам.
Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату (274-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі — қоғамдық адамгершілік. Қылмыстың заты — қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындылар. Оларға баспа басылымдары, кино немесе бейне материалдар, сондай-ақ қатыгездік пен күш қолдануды насихаттайтын кез келген жазбаша бағдарлама көздері (кітаптар, мақалалар, бейне таспалар, слайдылар) жатады.
Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттаудың түпкі мақсаты басқаға аяусыз күш қолдануды, барлық адам тезгісіз әрекеттерді істеуді асқақтатуды, опасыз сезімдерді қоздыру болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы бірнеше әрекеттерді істеуден тұрады:
Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын шығармаларды дайындау. Бұған осы заттарды жасау, көбейту әрекеттері жатады.
Көрсетілген заттарды тарату. Бұған осы шығармаларды тұрақты немесе уақытша пайдалануға, танысуға бір немесе бірнеше адамға беру жатады.
Жарнамалау, яғни, осы көрсетілген заттарды баспасөз құралдары арқылы немесе басқа тәсілдермен көпшілікке көрсетіп, насихаттау.
Көрсету, яғни кино немесе бейне материалдарды, слайдыларды, фотографияларды, суреттерді басқаларға көрсету.
Сату, яғни, көрсетілген заттарды, материалдарды тиісінше ақы алып басқаларға өткізу әрекеттері.
Аталған қылмыс формальдық құрамға жатады және ол занда көрсетілген осы әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Бұл әрекеттер субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын материалдар мен заттарды заңсыз дайындайтынын, тарататынын, жарнамалайтынын, көрсететінін, сондай-ақ осы материалдарды заңсыз сататынын біледі және соны тілейді.
Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам.
Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау (275-бап)
Қылмыстың негізгі тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объектісі — меншік қатынастары, арагідік азаматтардың денсаулығы, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділік болуы мүмкін.
Қылмыстың заты өлгендердің мәйіттері, жерлеу орындары, құлпытас құрылыстары, жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлері болады.
Жерлеу орындары деп — өлгендердің мәйіттерін көметін этикалық, санитарлық және экологиялық талаптарға сай бөлінген жерлер.
Құлпытас құрылыстарына жерленген жердің қоршаулары, ескерткіш тақта, архитектуралық құрылыстар, гүл шоқтары және т.б. заттар жатады.
Жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған үйлерге — шіркеулер, мешіттер, рәсім өткізу залдары және т.б. орындар жатады.
Қылмыс объективтік жағынан өлгендердің мәйіттерін қорлау не олар жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру немесе аяққа басу арқылы жүзеге асырылады.
Өлгендердің мәйіттерін қорлау — әдет-ғұрып, дәстүрлерге қайшы келетін жағдайда мәйіттерді ерекше қорлайтын әрекеттерді жүзеге асыру. Оған мәйіттерді жерленген жерден қазып алу, оларды кескілеу, дене мүшесінің тінін алу, мәйітті өртеп жіберу немесе оны ашық далада қалдыру, өлген адамның мәйітімен жыныстық қатынас жасау (некрология) т.б. әрекеттер жатады.
Өлгендердің мәйіттерін жерлеу орнынан ашып алып марқұмның киімдерін, тіс қондырғыларын немесе басқадай бағалы заттарын алу әрекеті екі бірдей қылмыстың (өлгендердің мәйітін қорлау және бөтеннің мүлкін талан-таражға салу) жиынтығын құрайды.
Жерлеу немесе рәсімдер өткізуге арналған орындарды жою деп олардың қоршауларын, ескерткіштерді, архитектуралық құрылыстарды, мүрделерді қиратып, мүлдеп жарамсыз етіп тастауды айтамыз. Жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін бүлдіру немесе аяққа басу деп ескерткіштерді, құлпытастарды бүлдіру, зират үйлеріне балағат сөздерді жазу, суреттер немесе басқа әдепсіз бейнелерді салу, жерлеу орындарындағы гүл шоқтарын, веноктарды бүлдіру немесе жою, оларды талан-таражға салу әрекеттерін істеуді айтамыз. Талданып отырған қылмыс формальдық — материалдық құрамға жатады. Жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын, рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру әрекеттері материалдық, ал өлгендердің мәйітін қорлау формальдық құрамға жатады.
Субъективтік жағынан қылмыс тек кана тікелей қасаналықпен жасалады.
Қылмыстың субъектісі жалпы — 16-ға толған адам.
Қылмыстық кодекстің 275-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын мынадай түрлері: а) әлденеше рет (ҚК-тің 11-бабы);
б) адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жасаса (ҚК-тің 31-бабы);
в) ұлттық, нәсілдік немесе діни өштік не араздық тұрғысында;
г) күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы жасалған әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген.
Егер өлгендердің мәйіті жерленген жерлер тарихи-мәдениет ескерткіштеріне жататын болса, онда оны қасақана жойған немесе бүлдіргені үшін адамның әрекеті Қылмыстық кодекстің 187-бабының 3-тармағының "б" тармақшасы бойынша сараланады.
Жануарларға қатыгездік жасау (276-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объект меншік қатынастары болуы мүмкін.
Қылмыстың заты — жануарлар, олар кімнің меншігіне жататындығына қарамастан қылмыс заты болып табылады. Бұл жерде үй жануарлары немесе жабайы жануарлар туралы да сөз болып отыр.
Қылмыс объективтік жағынан жануарларға қатыгездік жасау әрекеттерімен, одан туындайтын зардап — олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соғумен және олардың арасындағы себепті байланыстармен сипатталады.
Қылмыс занда көрсетілген осы зардаптар орын алған уақыттан бастап аяқталған деп табылады.
Жануарларға қатыгездікпен қарау деп оларды сусыз, тамақ бермей, ерекше суық немесе ыстық жерлерде ұстау, ұрып-соғу, олармен ғылымға негізделмеген тәжірибелер жасау, оларды азаптап өлтіру және т.б. әрекеттерді айтамыз.
Жануарларға олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соққан қатыгездік жасау үшін қылмыстық жауаптылық, егер бүл әрекет бұзақылық пиғылмен немесе жауыздық әдістерді қолданып немесе жас балалардың көзінше жасалған жағдайда ғана орын алады.
Бұзақылық пиғылға өзін қоғамға қарсы қойып, қоғамдық тәртіпті бұзу арқылы, көпшілік көзінше жануарларға ерекше қатыгездік көрсетіп, жұртты таң қалдырмақшы болған әрекеттер жатады.
Жауыздық (садистік) әдістерді қолданып жасаған әрекеттерге жануарларға ерекше азап шектіретін әдістерді қолданып, одан рахаттану, ләззат алу сезімдері жатады. Мысалы, жануардың терісін тірідей сылу, оны тірідей отқа салып өртеу, тірі жануардың дене мүшесін кесіп алу т.б.
Жасы 14-ке толмаған жас балалардың көзінше жасалған осы әрекеттердің барлығы жануарларға жасалған қатыгездік деп танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам жануарға қатал қарайтынын, одан оның өлуі немесе мертігуі мүмкін екенін сезеді және осындай зардаптардың орын алуын тілейді.
Қылмыстың субъектісі — 16-ға толған адам. Қылмыстық кодекстің 276-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрлері: адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, немесе ұйымдасқан топ жасаған немесе бірнеше рет жасалған әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар топтық обьектісі не?
2. Жануарларға қатыгездік жасаудың обьектісі не?
3. Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату қылмысының субьективтік жағына не жатады?
4. Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау қылмысының обьективтік жағын көрсет.
Дәріс тақырыбы 9. Экологиялық қылмыстар.
Негізгі сұрақтар
Экологиялық қылмыстарға жалпы сипаттама және олардың түрлері.
Экологиялық қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыстар.
Суды және атмосфераны тиімді пайдалануға және қорғауға қол сұғатын қылмыстар.
Жерді, құрылықтық шельф, жер қойнауын қорғау және тиімді пайдалануға қол сұғатын қылмыстар.
1. Жалпы экология табиғат пен қоғам қатынастарын, адам мен табиғаттың тікелей байланысын, айналадағы табиғи ортаны қорғауды реттейтін құқық ережелерінің жиынтығы болып табылады.
Айналадағы табиғи ортаны қорғау — ең алдымен адамның өмірі мен денсаулығын, болашақ ұрпақтың мүдделерін камтамасыз етуге, табиғи ортаға қарсы зиянды іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге, табиғи тепе-теңдікті сақтау және қоршаған ортаны тиімді пайдалану мақсатын көздейді.
Осыған орай Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінің 11-тарауы түгелдей экологиялық қылмыстарға арналған. Ескі кодексте мұндай арнаулы тарау болмаған, экологияға байланысты жекелеген баптар "Шаруашылық қылмыстары" деген тараудан орын алған еді.
Жаңа Қылмыстық кодексте экологиялық қылмыс құрамдарының мүлдем мынадай жаңа түрлері тұңғыш рет көрсетіліп отыр: шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуы (277-бап); ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы (278-бап); микробиологиялық немесе басқа биологиялық агенттермен немесе улы заттармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы (279-бап); жануарлар дүниесін қорғау ережелерін бұзу (289-бап); жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен заңсыз іс-әрекеттер (290-бап); ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимінің бұзылуы (293-бап); экологиялық ластау зардаптарын жою жөнінде шара қолданбау (294-бап);
Жалпы Қылмыстық кодекстің бұл тарауында экологияға байланысты қоғамдық қатынастарды қылмыстық-құқықтық жолмен қорғауды қамтамасыз ететін басқа да көптеген баптар бар.
Экологиялық қылмыс дегеніміз қоршаған ортаға, оның ресурстарына, халықтың экологиялық қауіпсіздігіне қол сұғатын қоғамға қауіпті, қылмыстық заңға қайшы іс-әрекеттер болып табылады.
Экологиялық қылмыстардың заты — нақты табиғат ресурстары: жер, су, ауа, жануарлар дүниесі, орман-тоғай, мал т.б. болады.
Экологиялық қылмыстардың топтық объектісі — қоршаған ортаны қорғау, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, тірі организмдерге қолайлы табиғи жағдайларды сақтау және адамдардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстың тікелей объектісі — экологиялық қатынастарды реттейтін нақты қоғамдық қатынастар.
Тікелей объектісінің ерекшеліктеріне байланысты Қылмыстық кодекстің 11-тарауындағы экологиялық қылмыстар мына төмендегі түрлерге бөлінеді:
Экологиялық қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыстар — шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуы (277-бап); ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы (278-бап); микробиологиялық немесе басқа биологиялық агенттермен немесе улы заттармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы (279-бап); мал дәрігерлік ережелердің және өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күресу үшін белгіленген ережелердің бұзылуы (280-бап); экологиялық ластау зардаптарын жою жөнінде шара қолданбау (294-бап).
Суды және атмосфераны тиімді пайдалануға және қорғауға қол сұғатын қылмыстар: суларды ластау, бітеу және сарқу (281-бап); атмосфераны ластау (282-бап); теңіз аясын ластау (283-бап).
Жерді, құрлықтык шельф, жер қойнауын қорғау және пайдалану ережелеріне қол сұғатын қылмыстар: Қазақстан Республикасының құрлықтық шельфі туралы және Қазақстан Республикасының айрықша экономикалық аймағы туралы заңдардың бұзылуы (284-бап); жерді бүлдіру (285-бап); жер қойнауын қорғау және пайдалану ережелерін бұзу (286-бап).
Жануарлар дүниесін тиімді пайдалану, сақтау және қорғау ережелеріне қарсы қылмыстар: су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу (287-бап); жануарлар дүниесін қорғау ережелерін бұзу (289-бап); заңсыз аңшылық (288-бап).
Өсімдіктер дүниесін қорғау және тиімді пайдалану ережелеріне қарсы қылмыстар: ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу (291-бап); ормандарды жою немесе зақымдау (292-бап).
Ерекше табиғи-биологиялық түрдегі дүниелерді қорғау ережелеріне қарсы қылмыстар: жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен заңсыз іс-әрекеттер (290-бап); ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимінің бұзылуы (293-бап).
Экологиялық қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыстар
Шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуы (277-бап).
Қылмыстық кодекстің 277-бабында көрсетілген осы қылмыстың тікелей объектісі шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптар: табиғат объектілерін сақтау, қоршаған ортаны жақсарту, халықтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатын көздейтін қатынастар болып табылады.
Қылмыстың объективтік жағы табиғи ресурстарды пайдалану, кәсіпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектілерді жобалау, орналастыру, салу және жаңғырту, пайдалануға беру және пайдалану, өнеркәсіп, энергетика, көлік пен байланыс объектілерін, ауыл шаруашылық мақсатындағы және мелиорация объектілерін пайдалану, қалалар мен басқа да елді мекендерді салу кезінде, әскери және қорғаныс объектілеріне, әскери және ғарыш қызметіне қойылатын талаптарды сол талаптардың сақталуы үшін жауапты адамдардың бұзуы, егер бұл қоршаған ортаның едәуір ластануына, адамның денсаулығына зиян келтіруге, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай кұрып кетуіне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғуы арқылы сипатталады.
Заңда осы көрсетілген шаруашылық немесе өзге де қызметті жүргізу үшін экологиялық кауіпсіздіктің мынадай талаптары сақталуы қажет: жобаны техникалық-экономикалық негіздеу, жобалауды қоршаған ортаны зиянды қалдықтармен ластауды жою шараларын қарастырумен бірге қоршаған ортаны пайдаланудың тиімді жақтарын есепке алу қажет; объектілерді орналастыруда табиғат ресурстарын тиімді пайдалану жақтары, экологиялық, экономикалық, демографиялық процестердің даму ерекшеліктері еске алынуы, сондай-ақ объектілердің құрылысы құзіретті мемлекеттік органның оны жүргізуге арнайы түрде берген рұқсатын алғаннан кейін жүргізілуі керек.
Обектілер барлық экологиялық талаптар орындалғаннан кейін ғана пайдалануға беріледі; әскери және қорғаныс объектілері, әскери және ғарыш қызметіне қойылатын барлық экологиялық талаптар орындалған соң іске қосылады.
Осы қылмыстың объективтік жағы Қылмыстық кодекстің 277-бабының диспозициясында көрсетілген шаруашылық және өзге де жұмыстарды жүргізуге қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуы, қылмыстың зардабы және олардың арасындағы себепті байланыс арқылы көрініс табады.
Талаптардың бұзылуын анықтау үшін арнаулы нормативтік-құқықтық актілерге жүгінуді талап етеді: яғни бұл баптың диспозициясы бланкеттік. Экологиялық талаптарды реттейтін арнаулы нормалар біршама. Олардың қатарына: Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 18 наурыздағы «Экологиялық сараптама туралы»; Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы»; Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі «Қоршаған ортаны қорғау туралы»; Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 21 карашадағы «Жануарлар дүниесін қорғау, өнімін молайту және пайдалану туралы»; Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 ақпанындағы «Өсімдіктер карантині туралы" заңдары, сондай-ақ жер қатынастары, атмосфералық ауаны қорғау туралы т.б. заңдар жатады.
Экологиялық талаптардың бұзылуы орын алғандығы Қазақстан Республикасының "Экологиялық сараптама туралы" арнаулы заңымен реттеледі.
Қылмыстың объективтік жағының тағы бір қажетті белгісі шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды бұзудың қоршаған ортаның едәуір ластануы, адамның денсаулығына зиян келтіруі, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуі немесе өзге де ауыр зардаптардың орын алуы болып табылады.
Қоршаған ортаның едәуір ластануы деп көптеген адамдардың денсаулығына, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің өмір сүруіне қауіп келтіретін залалдарды айтамыз.
Адамның денсаулығына зиян келтіруге бір немесе бірнеше адамға жеңіл, орта немесе ауырлықтағы зиян келтірулер жатады.
Жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне олардың көптеген аумақтар бойынша сансыз қырғынға ұшырауы жатады.
Өзге де ауыр зардаптарға адамдардың улануы, эпидемия таралуы, қоршаған табиғи ортаны жақсарту бағдарламасын жүзеге асырудың үзілуі, ірі материалдық залалдардың келтірілуі т.с.с. жатады. Баптың диспозициясында көрсетілген іс-әрекеттер мен орын алған зардаптардың арасында себепті байланыс болуы тиіс.
Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істеледі.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы, 16 жасқа толған, шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың сақталуына жауапты лауазымды немесе лауазымды емес адамдар. Мысалы, экологиялық сарапшылар, жергілікті атқару органдарының лауазым адамдары, қадағалау немесе бақылау органдарының лауазым адамдары т.б.
Ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы (278-бап)
Қылмыстың объектісі — экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану кезінде адамның денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау аясындағы қоғамдық қатынастар.
Қылмыстың заты — химиялық, радиоактивті, биологиялық заттар.
Объективтік жағынан көрсетілген қылмыс ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру, тасымалдау, сақтау, көму, пайдалану немесе өзге де жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптардың бұзылуы, егер бұл әрекеттер адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру қаупін төндіру арқылы сипатталады.
Химиялық заттарға — өте жоғары уландыратын, зәрлі, тері-нерв жүйелеріне қатты әсер ететін, тұншықтыратын, тітіркендіретін және адам жүйесін зақымдандыратын нәрселер жатады.
Радиоактивті материалдарға — құрамында ядролық қосындылар бар заттар жатады. Мысалы, уран, плутоний т.б.
Биологиялық заттарға — адамдар, жануарлар мен өсімдіктер арасында жаппай ауру тарататын әр түрлі бактериялар, вирустар, жәндіктер т.б. жатады.
Ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру, тасымалдау, сақтау, көму, пайдалану немесе өзге де жұмыс істеу тәртібі арнаулы құқықтық-нормативтік актілермен реттеледі. Яғни Қылмыстық кодекстің 278-бабында көрсетілген норма бланкеттік болып табылады.
Осы көрсетілген жұмыстарды жүргізу кезінде экологиялық талаптарды бұзу әрекеттері адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру қаупін төндіруі қажет.
Төнген қауіпке қоршаған ортаның сапасының, табиғат объектілерінің жағдайларының улануға, ластануға байланысты тым нашарлап кетуі; экологиялық зиянданудан жануарлардың жаппай өлім-жітімге ұшырауына әкеліп соғуы; адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға нақты елеулі зиян келтіру мүмкіндігі төнуі жатады. Зиян келтіру қаупінің болғанын немесе болмағанын тергеу, сот органдары істің нақты жағдайларына байланысты анықтайды.
Қылмыс құрамы формальдық. Ол диспозицияда тізбектелген іс-әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Ықтимал экологиялық қауіпті заттармен жұмыс істеу тәртібін бұзудың қоғамға қауіптілігін сезеді және соны істеуді тілейді.
Қылмыстың субъектісі арнаулы — ықтимал экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивті және биологиялық заттарды өндіру мен пайдалану ережесін сақтауға міндетті 16-ға толған адам.
Қылмыстық кодекстің 278-бабыньщ 2-тармағында қоршаған ортаның ластануына, улануына немесе зақымдануына, адамның денсаулығына зиян келтіруге, не жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне әкеп соққан, сондай-ақ төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық көзделген.
Бұл қылмыс құрамы материалдық. Қылмыстық жауаптылық заңда көрсетілген зардаптардың біреуінің болса да орын алған уақытынан немесе ондай зардап болмаса да, бірақ іс-әрекет төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалса аяқталған деп танылады.
Қазақстан Республикасының қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы: тұрғындарды төтенше оқиғалардан қорғау жөніндегі және басқа заңдарға сәйкес Республиканың кейбір аумақтары, объектілері шаруашылық немесе басқа қызметтерді дұрыс жүргізбеу әрекеттерімен қоршаған ортаға, тұрғындардың өміріне, өсімдіктер мен жануарлардың өмір сүруіне тұрақты теріс әсер ететін елеулі жағдайларға байланысты кала, аудан, жеке объект төтенше экологиялық жағдай аумағы деп жариялануы мүмкін.
Қылмыстық кодекстің 278-бабының 3-тармағында: осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына немесе кісі өліміне әкеп соққан әрекеттер үшін жауаптылық көзделген.
Жаппай сырқаттануда көп адамдар уақытша еңбек қабілетінен айырылып, қатардан шығып қалады. Сырқаттың тікелей себебі — экологиялық қауіпті заттарды өндіру, пайдалану ережелерінің бұзылуынан болып табылады.
Микробиологиялық немесе басқа биологиялық агенттермен немесе улы заттармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы (279-бап)
Қылмыстың объектісі — экологиялық қауіпсіздік аясындағы қатынастар.
Қылмыстьң заты — микробиологиялық, биологиялық агенттер, микроорганизмдер (бактериялар, вирустар, микроскопиялық грибтер т.б.), улы заттар.
Қылмыс объективтік жағынан микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттерді немесе улы заттарды жинап қою, жою немесе көму кезінде экологиялық талаптарды бұзу немесе оларды Қазақстан Республикасына ұқсату, сақтау немесе көму үшін заңсыз әкелу, егер бұлар адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру қатерін туғызғаны арқылы сипатталады.
Миробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттер немесе улы заттармен жүмыс істеудің тәртібін белгілейтін көптеген нормативтік-құқықтық актілер бар. Осы заттармен жұмыс істеудің экологиялық талаптарын бұзу фактісін анықтау үшін маманның немесе сарапшының көмегі кажет. Демек көрсетілген баптың диспозициясы бланкеттік. Осы бапқа сәйкес экологиялық талаптарды бұзу әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жүзеге асырылады. Әрекетке биологиялық агенттерді, улы заттарды жарамсыз тәсілдермен сақтау, өлшеу немесе оларды өндіруге сақтау кезінде белгіленген температураны немесе сақтау режимін бұзулар жатады.
Әрекетсіздікке осы заттарды жинап қою, өндіру, сақтаудың белгіленген қауіпсіздік ережелерін сақтамау жатады.
Қылмыстан адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтірілу қаупі тууы керек. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Заңда көрсетілген экологиялық талаптарды бұзған елеулі зиян келтірілу қаупі нақты болған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп саналады.
Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істеледі.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы, жоғарыда көрсетілген заттармен жұмыс істеуге жіберілген адам.
Қылмыстық кодекстің 279-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрі — қоршаған ортаның ластануына, улануына немесе зақымдануына, адамның денсаулығына зиян келтіруге, не жануарлар немесе өсімдіктер дүниесінің жаппай құрып кетуіне әкеп соққан, сондай-ақ төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалған дәл сол әрекеттер, ал осы баптың 3-тармағында қылмыстың өте ауырлататын түрі — осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, абайсызда адамдардың жаппай ауруына немесе кісі өліміне әкеп соққан әрекет үшін жауаптылық белгіленген.
Қылмыстық кодекстің 279-бабы 2-тармағында сөз болып отырған төтенше экологиялық жағдай аумағы деп Қазақстан Республикасының "Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі" 1997 жылғы 15 шілдедегі заңының 8-тарауына сәйкес белгілі бір аумақта адамдардың іс-әрекеті немесе табиғат апаты салдарынан пайда болған қоршаған ортаның адамдардың өмірі мен денсаулығына, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесін сақтауға тұрақты қауіп төндіретін қолайсыз экологиялық әсері бар объектілерді айтамыз.
Ветеринарлық ережелердің және өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күресу үшін белгіленген ережелердің бұзылуы (280-бап)
Қылмыстың объектісі үй және жабайы жануарларды, құстарды және өсімдіктерді қорғау жөніндегі қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстың заты — жабайы және үй жануарлары, құстар, балықтар, аңдар және басқа жануарлар, сондай-ақ өсімдіктер дүниесі.
Объективтік жағынан Қылмыстық кодекстің 280-бабының 1-тармағындағы қылмыс ветеринарлық ережелерді бұзу міндеттерге немесе өзге де зардаптарға әкеліп соғу арқылы сипатталады.
Ветеринарлық ережелердің тізбегі Қазақстан Республикасының малдәрігерлік заңында берілген. Осы ережелерді бұзу індеттерге немесе өзге де зардаптарға әкеліп соққан жағдайда қылмыстық жауаптылық орын алады.
Індеттер деп жануарлардың жаппай жұқпалы аурумен ауруы (эпизотия, түйнеме, топалаң, қарасан т.б.) өзге де ауыр зардаптарға, індетке байланысты ауылшаруашылық өнімдерін (ет, сүт, жұмыртка) өндіруді жою, белгілі бір тұрғын пунктеріне келіп-кетуді тыю т.б. сияқтылар жатады.
Қылмыс құрамы материалдық, ол заңда көрсетілген зардаптар орын алған уақыттан бастап аяқталған деп саналады.
Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен де, абайсыздықпен де жасалады.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы, малдәрігерлік ережелерді және өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес үшін белгіленген ережелер өзіне жүктелген адам.
Осы баптың (280-бап) 2-тармағында өсімдіктердін аурулары мен зиянкестеріне қарсы күресу үшін белгіленген ережелерді бұзу, ауыр зардаптарға әкеп соққаны үшін жауаптылық белгіленген.
Өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес шараларын белгілейтін сан түрлі арнаулы құқықтық-нормативтік актілер бар. Осыған орай өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күресу үшін белгіленген ережелердің нақты қайсысының бұзылғанын арнаулы заң құжаттары арқылы анықтау қажет. Баптың бұл бөлігінің диспозициясы да бланкеттік. Белгіленген ережелерді бұзу ауыр зардаптарға әкеп соқса ғана кінәлі адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Ауыр зардаптарға — өсімдіктер ауруларының жаппай тарауы (эпифитотия); ірі көлемдегі ауылшаруашылық дақылдарының жойылуы немесе жануарлардың ауруы, орман ағаштарының ауруға ұшыраулары жатады.
Экологиялық ластау зардаптарын жою жөнінде шара қолданбау (294-бап) Экологиялық ластануға ұшыраған жерлерде зарарсыздандыру немесе өзге де қалпына келтіру шараларын жүргізу міндеті жүктелген адамдардың осындай шараларды жүргізуден жалтаруы немесе тиісінше жүргізбеуі адам өліміне, не адамдардың жаппай ауруына, не қоршаған орта үшін өзге де ауыр зардаптарға әкеп сокса — кінәлі Қылмыстық кодекстің 294-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Қылмыстың объектісі — экологиялық қауіпсіздікті реттейтін қоғамдық қатынастар.
Қылмыс объективтік жағынан экологиялық ластау зардаптарын жою жөніндегі шараны қолданбаудан, одан заңда көрсетілген зардаптардың орын алуынан және әрекетсіздік пен зардаптың арасындағы себепті байланыстан тұрады. Көрсетілген зардапты жою жөніндегі шараны қолданбау өзіне осы міндет жүктелген адамның белгіленген шараларды жүргізуден жалтаруы (сөзбұйдаға салып ұзаққа созуы, өз міндетін дер кезінде атқармауы) немесе тиісінше жүргізбеуі (жартылай шала жүргізуі, кешігіп жүргізуі немесе белгіленген талапқа сай емес күйде жүргізуі), занда көрсетілген зардап — адам өліміне, не адамдардың жаппай ауруына, не қоршаған орта үшін өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса 294-бап бойынша жауаптылық туындайды.
Өзіне міндет жүктелу — заң немесе басқадай нормативтік актілер, қызмет борышы бойынша, сот шешімімен белгіленуі мүмкін.
Қылмыс құрамы материалдық, ол занда көрсетілген зардап орын алған сәттен бастап аяқталған деп табылады. Іс-әрекет пен зардаптың арасын байланыстыратын себепті байланыс болуы шарт.
Қылмыс субъективтік жағынан абайсыздықпен істеледі.
Қылмыстың субъектісі арнаулы, 16-ға толған, өзіне осы бапта көрсетілген міндет жүктелген лауазымды немесе жай адам.