Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Уголовное право РК (особ.ч.) каз.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
3.61 Mб
Скачать

3 Адамның және азаматтың әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар

Еңбек туралы заңдарды бұзу (148-бап)

Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабына сәйкес Республика азаматының еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар, сол әрбір адамның дербес өндіруші ретінде немесе еңбек шарты бойынша өз қалауына, қабілетіне және арнаулы даярлығына сәйкес еркін еңбек етуге мүмкіндік алу құқығын қамтиды. Еңбек шартының еркіндігіне кепілдік беріледі. Сондай-ақ осы бапта көрсетілгеніндей Республика азаматының қауіпсіздік және тазалық талаптарына сай келетін еңбек жағдайына, сондай-ак жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқы бар. Конституцияда бекітілген осы кепілдіктерді жүзеге асыруға қылмыстық заңның атқаратын маңызы бар. Қылмыстық заң Қазақстан Республикасындағы "Еңбек туралы" 1999 жылы 10 желтоқсанда қабылданған заңды және еңбек қорғау ережелерін бұзғандық үшін арнаулы баптар бойынша жауаптылық белгілеген. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде қызметкерді жеке пиғылмен жұмыстан заңсыз босату, соттың жұмысты қайта қалпына келтіру туралы шешімін орындамау, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келуіне әкеп соққан еңбек туралы зандарды өзге де бұзу үшін жауаптылық көзделген (148-баптың 1-тармағы).

Қылмыстың объектісі болып азаматтардың еңбек құқығын бұзу болып табылады. Объективтік жағынан алғанда еңбек жөніндегі заңды бұзу әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жасалады. Қылмыстық кодекстің осы 148-бабында еңбек туралы заңдарды елеулі бұзудың мынадай үлгі тізбегін көрсетіп отыр:

1. Қызметкерді жеке пиғылмен жұмыстан заңсыз босату. Занда көрсетілген негіздерден тысқары жағдайда қызметкерді жұмыстан шығару заңсыз болып табылады. Егер лауазымды адам заңсыз, жұмыстан шығаруға негіз болмаса да өз жеке басының мүддесін көздеу ниетпен өзін сынағаны үшін кекшілдікпен, өзара ұрыс-керістің салдарынан, босаған жұмыс орнына өз танысын немесе туысын орналастыру мақсатын көздеп, адамды жұмыстан шығарса қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

Жұмысты қайта қалпына келтіру туралы соттың шешімін орындамауы. Яғни кінәлі адам қылмысты түрде әрекетсіздік жасап,$соттың қайтадан жұмысқа алу туралы заңды күшіне енген шешімін орындамайды. Бұл жерде қылмыс екі бірдей объектіге: еңбек құқығына және әділсоттылық мүддесіне қол сұғады.

Еңбек туралы заңды өзге де бұзу деп еңбекке дұрыс ақы төлемеуді, жұмыс уақытының ұзақтығын дұрыс сактамау, демалыс беруден бас тарту, жұмысқа алудан негізсіз бас тарту, жекелеген қызметкерге занды белгіленген жеңілдіктерді қолданудан бас тарту, тағы осы сияқты әрекеттер жатады.

Жоғарыда көрсетілген еңбек туралы заңдарды бұзу — қызметкерді жеке пиғылмен жұмыстан заңсыз босату; жұмысты қалпына келтіру туралы соттың шешімін орындамау; еңбек туралы занды өзге де бұзу әрекеттері мен әрекетсіздігінен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілуі қажет. Елеулі зиян болғанда ғана іс-әрекет қылмыс катарына жатады. Елеулі зиянның мөлшерін сот-тергеу органдары нақты жағдайларға қарап отырып анықтайды. Әдетте елеулі зиянға — адамның елеулі мөлшерде материалдық, моральдық зардап шегуі, ұзақ уақыт, негізсіз жұмыссыз қалуы, денсаулығына зиян келтірілуі т.с.с. жатады.

Қылмыс құрамы материалдық. Еңбек туралы заңдарды бұзу нәтижесінен занда белгіленген зардап орын алғанда ғана қылмыс аяқталған деп табылады. Субъективтік жағынан бұл қылмыс қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адам өзінің әрекетімен еңбек жөніндегі заңды өрескел бұзғанын сезеді және осыны тілеп істейді. Бұл жерде қылмыстық ниет әр түрлі (мысалы, сынағаны үшін кектену, осы орынға өзіне кажетті адамды орналастыру т.б.) болуы мүмкін. Қылмыстың субъектісі болып тек қана мемлекеттік немесе мемлекеттік емес аппаратқа жұмысқа алу немесе жұмыстан шығару құқығы бар лауазымды адамдар танылады.

Әйелді оның жүктілік себебі бойынша жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тарту немесе жұмыстан негізсіз босату немесе үш жасқа дейінгі баласы бар әйелді нақ сол себеппен жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тарту немесе жұмыстан босату, сондай-ақ кәмелетке толмағанды оның кәмелетке толмағандығы себепті жұмыска қабылдаудан негізсіз бас тарту немесе негізсіз жүмыстан босату — осы қылмыстың ауырлататын түріне жатады (148-баптың 2-тармағы). Бұл жерде қылмыстың жәбірленушісі — жүкті әйел немесе үш жасқа дейінгі баласы бар әйел немесе кәмелетке толмағандар болады.

Объективтік жағынан қылмыс заңда көрсетілген адамдарды: 1) жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тарту; 2) негізсіз жұмыстан босату арқылы көрініс табады. Қылмыс осы әрекеттердің біреуін жасаған сәттен бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс құрамы формальдық. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасаналықпен істеледі. Кінәлі адам екіқабат немесе үш жасқа дейінгі баласы бар әйелді, кәмелетке толмағандарды негізсіз жұмысқа алудан бас тартады немесе осы адамдарды негізсіз жұмыстан босататынын сезеді және соны жүзеге асыруды тілейді.

Қылмыстық ниет — мұндай адамдарға заңда белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарды бергісі келмеу т.б. жатады.

Қылмыстың субъектісі арнаулы — жұмысқа алу немесе одан босатуға құқығы бар лауазымды адамдар (меншік нысанына қарамастан).

Қылмыстық кодекстің 148-бабының 3-тармағында басқару қызметін атқарушы адамның ақша қаражатын өзге максаттарға пайдаланумен байланысты жалақының толық көлемінде және белгіленген мерзімде төленуін бірнеше рет кідіртуі үшін жауаптылық белгіленген. Ақша қаражатын өз мақсатына пайдалануына байланысты заңда белгіленген мерзімнен екі немесе одан көп рет жалақыны беруді себепсіз кідіртуді бірнеше кідірту деп айтамыз. Қылмыстың субъектісі басқару қызметін атқаратын лауазымды адамдар (меншік нысанына қарамастан).

Еңбекті қоргау ережелерін бұзу (152-бап)

Қылмыстық кодекстің 152-бабында еңбекті қорғау ережелерін бұзғандық үшін жауаптылық белгіленген. Қылмыстың тікелей объектісі — еңбектің қауіпсіздік шарттарын қамтамасыз ететін қоғамдық катынастар, қосымша тікелей объектісі жәбірленушінің өмірі, денсаулығы.

Қылмыстық кодекстің 152-бабындағы норма бланкеттік диспозицияға негізделген.

Еңбекті қорғау ережесі сан қилы және әр түрлі. Сондықтан Қылмыстық кодекстің бір бабында еңбекті қорғауға байланысты қолданылып жүрген барлық ережелерді тізбектеп жату қиын. Қазақстан Республикасының Еңбекті қорғау туралы арнаулы заңы 1993 жылы 22 қаңтарда қабылданған, осы заң қызметкерлердің еңбегін қорғау құқығын камтамасыз етуге бағытталған; өндірістегі жазатайым жағдайлар мен денсаулыққа зақым келтірудің алдын алу, қауіпті және зиянды өндірістік факторларды барынша кеміту мақсатында бұл саладағы ұлттық саясаттың негізгі қағидаларын белгілейді және меншік түріне қарамастан еңбекті қорғау жөнінде шаруашылық қызметі мен кәсіпорындардың барлық түрін қамтиды.

Объективтік жағынан алғанда сөз болып отырған қылмыс қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария ережелерін немесе еңбекті қорғаудың өзге де ережелерін, осы ережелерді сақтауды ұйымдастыру немесе қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелген адамның бұзуы абайсызда денсаулыққа ауыр немесе орташа ауыртпалықтағы зиян келтіруге әкеп соғу арқылы көрініс табады.

Көрсетілген қылмыс әрекет күйінде, яғни еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі, өндірістік санитария ережелерін бұзу арқылы немесе әрекетсіздік күйде, яғни еңбекті қорғаудың өзге де ережелерінің талаптарын орындамау жағдайында жасалуы мүмкін.

Қылмыстың бұл құрамы материалдық құрамдағы қылмыс болып табылады. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 152-бабы бойынша жауаптылыққа тарту үшін еңбекті қорғау ережелерін анықтаумен бірге орын алған ережені бұзудың себепті және кінәлі байланысынан болған зардапты анықтау өте кажет.

Еңбекті қорғау ережелерін бұзудың тәсілдері әр түрлі, ол заңда (152-баптың 1-тармағында) нақты көрсетілген.

Қылмыстың зардабы — денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру. Олардың түсінігі Қылмыстық кодекстің 103, 104-баптарында берілген. Субъективтік жағынан қылмыс кінәнің абайсыздық нысаны (менмендік немесе немқұрайдылық) аркылы істеледі. Қылмыстың субъектісі арнаулы — еңбекті қорғау ережелерін сақтауды ұйымдастыру немесе қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер өзіне жүктелген 16-ға толған адам. Осы баптың 2-тармағында (152-бап) осы қылмыстың ауырлататын түрі — еңбекті қорғау ережелерін бұзудан абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген. Абайсызда адам өлімінің түсінігі Қылмыстық кодекстің 101-бабында көрсетілген.