- •Әбілқайыр ханға қарсы оппозицияның қалыптасуы
- •Әбілқайыр ханның және оның теңірегіндегілердің Ресейдің қол астына өтуді кабылдауы
- •Патша үкіметінің Қазақстандағы жағдайының одан әрі нығаюы
- •Орынбор («Қырғыз-қайсақ») экспедициясының қызметі
- •Патша үкіметінің Орал шекаралық шебін нығайтуы және жер дауының шиеленісуі
- •Кіші жүз қазақтарының Ресейдің қол астына өтуінің салдарлары
Патша үкіметінің Қазақстандағы жағдайының одан әрі нығаюы
Әбілқайыр Ресейдің қол астына өткеннен кейін тап сондай әрекетке қазақтардың басқа да бірқатар билеушілері бара бастады. Бейне бір тізбекті реакция сияқты құбылыс пайда болды. Оның үстіне, Ресейдің қол астына өту бәлендей міндеттер жүктей қоймайтын еді.
Патша үкіметі қазақтардың билеушілеріне ірі-ірі сыйлықтар берді. Әрбір шекаралық бекініске қазақтардың ақсүйектеріне «қолдау көрсету үшін» едәуір мөлшерде ақшалай қаражат бөлінді. Орта жүздің және Орта Азияның басқа да халықтары хандарының Ресейдің қол астына өтуіне Әбілқайырдың тигізген ықпалы мен атқарған рөлі күшті болды.
Ол ара ағайындық қызмет атқарды, ал патша үкіметі түрлі сыйлықтар жасауға, ақшалай және азық-түлік жағынан көмек көрсетуге сараңдық жасамады. Қазақтар шекаралық шептерде айырбас түріндегі сауда жасауға мүдделі болды. Ресейдің қол астына өту олардың қысқы уақытта шекара шебінің ішкі жағына өтіп, уақытша түрақтауына мүмкіндік беретін еді. Ресей өзінің қол астына өткен хандықтардың ешқайсысының ішкі істеріне де, сыртқы істеріне де қол сұғып араласпады.
Сондықтан да 1731 жылдың соңына қарай Орта жүздің ханы Сәмеке Ресейдің қол астына өтті және оған адал болуға ант қабылдады. 1733 жылы Ұлы жүз тарапынан да Ресейдің құрамына кіруді сұраған алғашқы әрекет жасалды. Алайда Ұлы жүздің Ресей аумағынан алыс жатуы себепті 30-жылдары ол Ресейдің құрамына ене алған жоқ.
1740 жылы Орынборда Әбілқайырдың ара ағайындық етуімен Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен сұлтан Абылай Ресейдің қол астына өтті. Атап айтатын бір нәрсе - Ресейдің қол астына негізінен шекара шебіне таяу тұратын қазақтар өтті.
1731 жылы патша үкіметі Әбілқайырдың көмегімен Хиуа хандығын Ресейдің қол астына өткізуге әрекет жасап бақты. Бірақ Хиуа хандығы ол ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты. 1742 жылы Әбілқайырдың белсенді ара ағайындық көмегімен Орынбор қаласында Ресейдің қол астына 30 мың қарақалпақтар да өтті.
Орынбор («Қырғыз-қайсақ») экспедициясының қызметі
Кіші жүз қазақтарының шекара аймағындағы жерінде патша үкіметінің жағдайын нығайтып, бекіте түсу үшін 1734 жылы Қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. Оны I Петрдің сыбайлас жақын серіктерінің бірі И.К. Кириллов басқарды. Ал оның көмекшісі қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрыптары мен заңдарын жақсы білетін тілмаш А. Тевкелев болды. Кейінірек қырғыз-қайсақ экспедициясы Орынбор экспедициясы деп аталды. Оның құрамындағы 2700 адамның 2500-і әскери қызметшілер еді. Экспедицияға үкіметтің берген тапсырмасы Кіші жүздің жағдайын жан-жақты зерттеу болды. Атап айтқанда, олар табиғи ресурстарды зерттеумен, жер бетінің картасын түсірумен айналысты.
1735 жылы Әбілқайыр ханның өтініші бойынша Орынбор қаласының негізі қаланды. Қазақ ханы дала төсінде әлдебір бүліншілік оқиғалары бола қалса, сол бекініс-қамалда бой тасалауды көздеген болатын. Қамал Ор өзенінің Жайыққа қүяр жерінде салынды.
Кейін ол Ор бекінісі деп аталды. Орынбор бекінісі Ресей аумағының ішкі жағына ауыстырылды. Орынбор Батыс Қазақстан аумағын отарлаудың стратегиялық орталықтарының біріне айналды. Ол Ресейдің еуропалық бөлігі мен қазақ даласынын, Орта Азияның аралығындағы ірі сауда орталығы қызметін де атқарды.
Кириллов қайтыс болғаннан кейін Орынбор экспедициясының бастығы болып В.И. Татищев тағайындалды.
