Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
OTGiP.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
225.6 Кб
Скачать

Билет № 10

1.Мемлекет нысаны (формасы)

2.Адам мен азаматтың экономикалық және мәдени құқықтары

3.Қазіргі халықаралық құқықтағы қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелерін анықтаңыз. Осы мәселені шешуге байланысты, сіздің ұсыныстарыңыз.

1) 1. Мемлекет нысанының түсінігі.Мемлекет нысаны–бұл қоғамның басқару, мемлекеттік құрылым және саяси режим нысандарынан  құралған құрылымдық ұйымдастырылуы.

 2. Басқару нысаны–бұл мемлекеттік биліктің жоғары органдарының өкілеттіктерінің өзара қатынасы, олардың құрамы мен құрылу тәртібі. Басқару нысаны жоғары билікті жалғыз адамның немесе сайланбалы алқалық органның  жүзеге асыруына байланысты ерекшеленеді. Осыған сәйкес, басқарудың негізгі түрлері болып монархия мен республика болып табылады.

Монархия–бұл жоғары мемлекеттік биліктің бір тұлғада ғана, монархта, болуымен сипатталатын басқару нысаны. Монарх билікті мұрагерлік бойынша өмір бойы иеленеді.

Егер монарх мемлекеттік биліктің жалғыз органы болып табылса, бұл монархия шектелмеген деп аталады, ал жоғарғы билік монарх пен басқа бір органның арасында бөлінсе, бұл монархия шектелген деп аталады. Шектелген монархиялар, өз кезегінде, өкілдік (дуалистік) және парламантарлық болып екіге бөлінеді. Өкілдік монархияда монарх атқарушылық билікті жүзеге асыра алады, ол үкіметті құру, министрлерді тағайындау, вето және парламентті тарату құқықтарын иеленеді. Ал парламентарлық монархияда монархтың құқықтық жағдайы әлдеқайда шектелген болады, монарх тағайындаған министрлер парламенттің сенімсіздік вотумына тәуелді болады және монарх заңда көзделген жекелеген жағдайларда ғана парламентті тарата алады.

Республика–жоғары мемлекеттік билік белгілі бір мерзімге сайланатын сайланбалы органға тиесілі басқару нысаны. Халықтың қай бөлігінің мемлекеттік биліктің жоғары органдарын сайлауға қатыса алатынына байланысты республика аристократиялық және демократиялық болып екіге бөлінеді.

Демократиялық мемлекеттер, өз кезегінде, төмендегідей түрлерге бөлінеді:1) парламенттік, бұл мемлекетте  саяси  өмірдегі шешуші рөл парламент сайлаған үкіметке тиесілі болады; 2) президенттік, бұл мемлекетте сайланға ел басшысы үкіметтің де басшысы болып табылады, сол себепті, ол үкімет мүшелерін тағайындайды және оларды қызметінен босатады; 3) аралас, бұл мемлекетте үкіметті президент пен парламент бірлесе отырып құрайды.         

3. Мемлекеттік құрылым нысаны– бұл мемлекеттің аумақтық құрылымы, оның құрамдас бөліктерінің және осы бөліктердің әрбірінің мемлекетпен қарым-қатынасының сипаты. Барлық мемлекеттер өздерінің мемлекеттік құрылымы бойынша жай және күрделі болып екіге бөлінеді.

Жай немесе біртұтас мемлекет –бұл өз ішінде бөлінбейтін тұтас мемлекет, оның өз ішінде дербес мемлекеттік құрылымдар болмайды, бұл мемлекетте жоғары органдардың біртұтас жүйесі, заңнаманың ортақ жүйесі, ортақ сот жүйесі, ортақ азаматтығы мен салықтардың бір каналды жүйесі болады.

Күрделі мемлекет – бұл белгілі бір дәрежедегі дербестікке ие жекелеген мемлекеттік құрылымдардан құралған мемлекет. Күрделі мемлекеттерге империялар, федерациялар, конфедерациялар, достастықтар мен одақтастықтар жатады.

Империялар күштеу арқылы құрылатын күрделі мемлекеттер, бұларда құрамдас бөліктердің жоғары билікке бағыныстылық деңгейі әртұрлі болған. Империялардың басты ерекшелігі–олардың құрамдас бөліктерінің ешқашан ортақ мемлекеттік-құқықтық мәртебесі болмаған.

Конфедерация империяға қарағанда ерікті негізде құрылады. Бұл нақты бір тарихи кезең шегінде белгілі бір мақсаттарға жету үшін құрылған мемлекеттердің уақытша одағы. Конфедерацияны құраған егеменді мемлекеттер халықаралық-құқықтық қатынастар субъектісі болып қала береді, оларда өз азаматтығы, билік, басқару және сот әділдігі органдарының жүйесі болады.

Федерация –бұл күрделі, одақтас мемлекет, оның бөліктері мемлекеттік құрылымдар болып табылады және және белгілі бір дәрежеде мемлекеттік егемендікке ие болады; федерацияда жоғарғы федералдық органдар мен федералдық заңнамамен қатар федерация субъектілерінің жоғарғы органдары мен заңнамасы да болады; федерауияда салықтың екіканалды жүйесі пайдаланылады, оның белгілерінің бірі болып қосазаматтық табылады. Федерациялар аумақтық немесе ұлттық-мемлекеттік қағида бойынша құрылуы мүмкін.

Достастық–бұл  ортақ белгілермен, біртектіліктің белгілі бір деңгейімен сипатталатын  мемлекеттердің ұйымдастырушылық бірлестігі. Оларды біріктіретін белгілер экономикаға, құқыққа, тілге, мәдениетке, дінге қатысты болуы мүмкін. Достастықтың мүшелері–бұл толығымен тәуелсіз, егеменді мемлекеттер, халықаралық қатынастардың субъектілері.

Одақтастық– бұл  қоғамды мемлекеттік ұйымдастырудағы ауыспалы нысан. Одақтастықтың негізінде көп жағдайда мемлекетаралық шарт болады. Ол одақтастыққа кіретін мемлекеттердің интеграциялық байланыстарын күшейте түседі және оларды конфедеративтік бірлестікке қарай итермелейді.    

 4. Саяси режим–бұл мемлекеттік билікті жүзеге асыруға жәрдемдесетін тәсілдер мен әдістер. Мемлекеттік биліктегі тәсілдер мен әдістердің жиынтығына қарай екі түрлі режимді бөліп атауға болады–демократиялық және антидемократиялық режимдер.

Демократиялық режимнің белгілері:

1) халық мемлекеттік билікті жүзеге асыруға тікелей (азаматтардың референдумға қатысуы) және өкілдік (халықтың билікті өзі сайлаған өкілдік органдар арқылы жүзеге асыруы) демократия арқылы қатысады;

2) шешімді көпшілік азшылықтың мүдделерін ескере отырып қабылдайды;

3) мемлекеттік биліктің орталық және жергілікті органдарының сайланбалылығы және ауыспалылығы, олардың сайлаушыларға есеп беруі, жариялылық;

4) сендіру, келісу, келісімге келу әдістері жиі қолданылады;

5) қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы заңның үстемдігі;

6) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары жарияланады және шын мәнінде қамтамасыз етіледі;

7) саяси плюрализм, соның ішінде көппартиялылық;

8) биліктің тармақтарға бөлінуі және т.б.

Антидемократиялық режимнің бірнеше түрі болады: тирания, деспотизм, фашизм, тоталитарлық және авторитарлық режимдер. Антидемократиялық режимге мына белгілер тән:

1) бір саяси партияның үстемдігі;

2) бір ресми идеологияның болуы;

3) бір меншік түрінің болуы,

4) саяси құқықтар мен бостандықтарды жоққа шығару;

5) қоғамның сословиелік, касталық және т.б. белгілер бойынша бөлінуі;

6) халықтың төмен экономикалық деңгейі,

7) мәжбүрлеу мен жазалау шаралаының үстемдігі;

8) сыртқы саясаттағы агрессиялық сипаттағы әрекеттер және т.б.

2) Адам құқықтары жөніндегі пактілер - адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, адамды кемсітушіліктің барлық түріне тыйым салатын халықаралық құжаттар. 1966 жылы 19 желтоқсанда халықаралық құқықта олардың екеуі қабылданған. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пакті мен "Азаматтық және саяси құқықтар туралы пакті" басшылыққа алынады. "Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясынан" (1948) айырмашылығы бұл халықаралық актілер заңды тұрғыдан міндетті құжаттар болып табылады.Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіде адамның еңбек ету құқы, кәсіпті еркін таңдау құқы, әділ еңбек ақы алу құқы, кәсіподаққа кіру және кәсіпшілдер одағын құру құқы, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулығын сақтау, білім алу құқықтары көзделген. Осы пактіге қосылып, оны мақұлдаушы мемлекет өз халқының бақуатты өмір жайларын қамтамасыз ету жөнінде міндеттеме қабылдайды. Экономикалық және әлеуметтік Кеңес тағайындаған сарапшылар өз еліндегі адам құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асырылуы туралы мемлекеттердің баяндамаларын жүйелі мерзіммен тыңдап отырады. "Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіде" адамның өмір сүру, өзінің бостандығын қамтамасыз ету құқы, негізсіз тұтқындалудан қорғану құқы, әділ сот төрелігіне жүгіну құқы, ойын еркін айтуға, ождан еркіндігіне, еркін жүріп-тұру құқы, соның ішінде еркін эмиграцияға және өз Отанына қайтып оралу құқы, бейбіт жиындар өткізу, т.б. құқықтары көзделген. Осы құжат бойынша "Адам құқықтары жөніндегі комитет" құрылды. Бұл комитетке осы пактіні бекітіп, ресми түрде оған қосылған мемлекеттердің баяндамаларын қарап, талқылау міндеті жүктелген. Ко¬митет осы пактіні бекіткен, бірақ оның нормаларын бұзған мемлекеттерге қатысты басқа мемлекеттердің де шағымын тыңдау құқына ие.

Адам құқықтары адамдар қызметінің ұзақ қайталанған актілерінен қайталанып отырған байланыстар мен қатынастар нысандарынан қалыптасқан. Осылардың нәтижесінде адамдардың қарым-қатынастарын тәртіпке келтіре алатын белгілі бір тұрақты нормалар, эталондар, құндылықтар пайда болған. Әрбір адам белгілі бір материалдық жэне рухани игіліктерді иемденуге талаптанады, ал оларды иемденуге қоғам мен мемлекет көмектесуі керек жэне осы игіліктер көлемі тарихи тұрғыдан әрқашанда қоғамның сыныптық құрылымындағы, материалдық өндіріс жүйесіндегі индивидтің жағдайымен белгіленіп отырады. Индивидке берілетін осы игіліктерді адам құқықтары деп атауға болады.

Адам құқықтары мәселесі әрқашанда қоғамдағы адам орнын белгілейтін құқықтарды иемдену үшін, олардың көлемін кеңейту үшін жүргізілетін сыныптық шайқастар мәселесі болған. Тарих көрсететіндей әр ұрпақ адам құқықтарын қайта қорғауға мәжбүр болады, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қолдау үшін күш қажет болмайтындай жағдай адамзатқа кездескен емес. Әр ұрпақ адам құқықтары мен бостандықтары сияқты ұлы құндылықты қорғауға байланысты тарихтың шақыратын мәңгілік жекпе-жек шайқасына шығады.

Адам құқықтары ең жоғары мәдени құндылықтардың бірі, өйткені олар барлық қоғамдық даму процестерінің ортасына тұлғаны қояды, оның еркіндігі мен тең құқықтығын белгілейді.

Адам құндылығының идеясы ежелгі қоғамда айтылған еді жэне, егер басында бастапқы негіз ретінде полис қарастырылған болса, эллинизм дәуірінен бастап ол индивидке ауды. Феодализмде діни сана адам даралығынан басым түссе, жаңа дәуірде мэдениет адамды қайтадан барлық заттың өлшегішіне айналдырды.

Адам құқықтарының бүгінгі түсінігі либерализмнен бастау алады, ал оның көрнекті өкілдері Локк, Гроций, Монтескье, Джефферсон, Смит, Милль жэне т.б. болған. Осы ғұламалар адамның өмір сүруге, қауіпсіздікке, еркіндікке, езушілікке қарсы қарсылық көрсетуге және т.б. іргелі құқықтарын мемлекеттен тәуелсіз жэне онымен қорғалуға тиісті адам жүріс-тұрысының табиғи, ажырағысыз және қасиетті нормалары ретінде негіздеген еді. Бұл жағдайда адам құқықтарының табиғи, жаратылыс сипаты дегеніміз олардың адам туылғанынан пайда болуы, адам құқықтарының ажырамасыздығын және оларсыз индивидті қоғам мүшесі, нағыз әлеуметтік субъекті қылатын ерекше адамдық қасиеттерден айырылу қатері пайда болатын олардың индивидке тірі жан ретінде тән болуы, ал адам құқықтарының қасиеттілігін оларды ең жоғары құндылықты мәртебе ретінде қарастырғандықтан сыйлау, құрметтеу және оларға табыну деп түсінуімізге болады.

Алғашқы рет адам құқықтарының либералды концепциясы өзінің құқықтық бекітілуін 1789 жылғы американдық құқықтар жөніндегі Биллге негіз болған 1776 жылғы тәуелсіздік Декларациясында көрініс тапты. Сәл кешірек адамның негіз қалаушы құқықтары 1789 жылғы адам мен азамат құқықтарының франциялық Декларациясында бекітілді.

Адам құқықтары категориясы - индивидтің құндылығы жөнінде, тұлға еркіндігін қамтамасыз ететін құқық пен оның негізінде құрылған тәртіп жөнінде көзқарастарды қалыптастырған жоғары гуманистік мәдениетті туындатқан христиан дініне негізделген европалық өркениеттің даму нәтижесі екенін айтып кеткеніміз жөн.

Сонымен қатар, өзге де, батыстық емес қоғамдарда адам құқықтары жөніндегі идеялардың бастамалары қалаптасқан. Мысалы, қазақ даласында белгілі бір көшпенді демократия болған, оның негізгі белгілері - индивидтің қатал жауыздық (деспоттық) ережелермен езіліп байланбауы, әйел адамның белгілі бір дәрежедегі еркіндігі және теңдігі, ежелгі жэне орта заманның отырыңқы егіншілік өркениеттеріне тән билікке құл ретінде тізе бүгушіліктің болмауы.

3) Қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) үлкен үлес қосып отыр. Табиғатты қорғау қызметіне БҰҰ-ның барлық басты органдары мен мамандандырылған мекемелері: Бас Ассамблея, Экономикалық және әлеуметтік кеңес (ЭКОСОС), Аймақтық экономикалық комиссиялар (мысалы, Еуропалық экономикалық комиссия),Халықаралық еңбек ұйымы (MOT), Білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО), Халықаралық реконструкция және даму банкі (МБРР),Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ВОЗ), Халықаралық теңіз ұйымы (ИМО), Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым(ВМО) және т.б. қатысады.

Негізгі бақылауды БҰҰ шеңберіндегі қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі жаңа үкіметаралық орган — Қоршаған орта жөніндегі БҰҰ бағдарламасы, (ЮНЕП) жүзеге асырады. ЮНЕП — БҰҰ-ның негізгі көмекші органы болып табылады. 1975 жылы өзінің қызметінің алғашкы кезінде ЮНЕП қоршаған ортаға байланысты мынадай бірінші кезектегі алты міндетті айқындады: елді мекендер және денсаулық сақтау; құрлықтың экологиялық жүйелері; қалалардың қоршаған ортасы; мұхиттар; қуат; дүлей апаттар.

ЮНЕП үш деңгейде жұмыс істейді:

Бірінші деңгейде коршаған ортаның бәсекелес мәселелері жөнінде және осы салада атқарылып жатқан шаралар жөнінде ақпарат береді. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер жыл сайын қоршаған ортанын ахуалы туралы баяндамалар тапсырады, осы баяндамалардан аталған ақпараттар алынады.

Екінші деңгейде жекелеген елдерге, халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарға қатысты бүкіләлемдік көлемде бағдарламалық шараларды жүзеге асырудың міндеттері мен стратегиясын белгілейді. Осы денгейде қажетті шаралар мен олардың орындаушылары туралы мәселелер шешіледі, нақты бағдарламалар жасау үшін әдістемелік негіз қамтамасыз етіледі.

Одан әрі, екінші деңгейде қолдау тапқан бағдарламалар мен жобаларды Қоршаған ортаны қолдау қоры қаржыландырады. Қолдау мөлшері тиімділікке, яғни қаржылық көмектін бағдарламанын түпкі мақсатын іске асыруға қаншалықты ықпал ете алатындығына байланысты болады. Толық қаржыландыру ерекше жағдайларда ғана, яғни жобанын орындалуы аса ірі жоба бойынша әзірлік жұмыстарын жүргізумен тұтас келетін болса, іске асырылуы мүмкін.

ЮНЕП өзі қызмет істеген жылдары көптеген табиғат қорғау шараларын жүзеге асырды. Қоршаған ортаның аса ауқымды мониторинг жүйесі құрылды және оның құрамдас бөліктері ретінде — қоршаған орта бойынша ақпарат көздерінің Халықаралық анықтама жүйесі (ИНФОТЕРРА) және әуелетті уытты химиялық заттардың халықаралық тіркеушісі құрылды.

Сондай-ақ БҰҰ шеңберінде Орнықты дамыту жөніндегі комиссия жұмыс істеді. Ол БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ЭКОСОС) көмекші органы болып табылады. Қоршаған ортаны сақтаумен айналысатын 200-ден астам халықаралық үкіметтік емес ұйымдар бар. Мысалы, 1948 жылы Францияда құрылған табиғат және табиғат ресурстарын қорғаудың Халықаралық одағы (МСОП); Құстарды қорғау жөніндегі Халықаралық кеңес, Хайуанаттарды қорғау жөніндегі Дүниежүзілік федерация; Альпі аудандарын қорғау жөніндегі Халықаралық федерация. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) шеңберінде 1992 жылғы ақпанда "Экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара әрекеттестік туралы" келісімге қол қойылды. Бұл келісімге: Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина қол қойды. Келісімді іске асыру үшін: Мемлекетаралық экологиялық кеңес, Мемлекетаралық экологияльщ қор құрылды. ТМД шеңберінде табиғат қорғау ынтымақтастығын дамытуда Парламентаралық ассамблея маңызды рөл атқарады. Оның құрамында Қоршаған ортаны қоргау жөніндегі бөлім құрылған.

Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау жөніндегі әр түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ халықаралық үкіметтік емес экологиялық "Гринпис" ұйымы жұмыс істейді. Басты мемлекеттік орган Табиғат ресурстары мен қоршаган ортаны қорғау министрлігі болып табылады. Аралды құтқару жөніндегі комитет, "Табиғат" экологиялық одағы, "Невада-Семей", "Каспий табиғаты" (Атырау), "Көкті сақтау", Ауқымды экологиялық қор, "Жастар экология мен мәдениет үшін" азаматтық қозғалыстары, "Тау" орталығы (Алматы) және басқа да қоғамдық мемлекеттік емес экологиялық ұйымдардың белсенді қызметтерін атап өтуге болады.

Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңдарды. бұзғаны ушін заң алдындағы жауаптылық Қазақстанда экологиялық заңдардың бұзылуы кең тараған. Қоршаған ортаны қорғауға байланысты мемлекет белгіліген ережелерді бұзу заң бойынша жауапкершілікке соқтырады. Өкінішке орай, елімізде экологиялық заңдарды бұзатын жағдайлар жиі кездеседі. Экологиялық құқық бұзушылық дегеніміз — жеке және заңды тұлғалардың (мекеме, ұйым, ұжым), мемлекеттің экологиялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қол сұғатын, сонымен бірге қоршаған табиғи ортаға зиян келтірудің нақты қаупін тудыратын кінәлі, құқыққа қайшы келетін әрекет немесе әрекетсіздік түріндегі іс-қимыл.

Экологиялық құқық бұзушылық белгілерін қарастырайық:

Құқық бұзушылық кінәсінің болуы. Кінә — ол құқық бұзушының жасаған құқыққа қарсы әрекетіне психикалық қатынасы, ол қасақана не абайсызда болуы мүмкін. Мысалы, заңсыз аңға шығу, ормандағы ағаштарды заңсыз кесу тек қасақаналы болады, ал судың, жердің, ауаның ластануы абайсызда болуы мүмкін.

Құқық бұзушының құқыққа қарсы мінез-құлқы. Бұл экологиялық нормалардың және басқа да заңдардың бұзылуын білдіреді.

Экологиялық құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілігі қоршаған табиғи ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің экологиялық құқықтары мен заңды мүдделеріне келтіретін нақты зиянның болуы немесе келтіру қаупінің болуын қарастырады.

Құқыққа қарсы әрекет пен келтірілген зиян арасындағы себепті байланыстың болуы.

Құқық бұзушыға заңды жауаптылық шараларын қолдану, яғни жазалану белгілері қолданылады.

Экологиялық құқық бұзушылық жасалған уақытта, әдетте, қоршаған ортаға, адамдардың өмірі мен денсаулығы на, экономика мүдделеріне көп аспектілі зиян келтіріледі. Экологиялық зиянның болуы экологиялық құқық бұзушылықтың болуына парапар келеді. Бұл зиян бірден байқалмай, ұзақ уақытқа созылуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру мүмкін емес. Экологиялық зиян табиғаттың жай-күйінің өзіне әсер етеді. Экологиялық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылық 16 жастан басталады. Кейбір кезде, мысалы, мемлекет қорғауындағы табиғи кешендер немесе объектілерді қасақана жойғаны немесе бұлдіргені үшін 14 жастан басталады. Экологиялық құқық бұзушылық әр түрлі болады. Олар келтірілген зиянның сипатына қарай мынадай түрлерге бөлінеді:

қоршаған табиғи ортаны және жекелеген табиғи объектілерді (орман, су, жер қойнауы және т.б.) ластау;

табиғи объектілерді бұлдіру, бұзу, жою (жерді бұлдіру, Қызыл Кітапқа енгізілген жануарларды жою, орманды ағын сулармен құрту және т.б.);

табиғи қорлардың азып-тозуы;

табиғи ресурстарды тиімсіз (мақсатсыз) пайдалану (мысалы, суды ысырапсыз пайдалану және т.б.).

Экологиялық құқық бұзушылық жасағаны үшін оның артынан әкімшілік, қылмыстық, азаматтық-құқықтық, тәртіптік және материалдық жауаптылық басталуы шарт. Әкімшілік жауаптылықтың басталуына әкелетін экологиялық құқық бұзушылықтың тізімі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте белгіленген. Оған мыналар жатады: табиғи ресурстардың, коршаған ортаның ластануы, азаюы; табиғи ресурстардың бұлінуі, жойылуы; кәсіпорын, құрылыс ғимараттарын және басқа да объектілерді жоспарлау, орналастыру, салу, қайта өңдеу және пайдалануға дайындау, пайдалану кезінде экологиялық талаптарды бұзу. Мұндай істерді соттар, ішкі істер органдарында, Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары, Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі органдары және т.б. қарастырады. Осыған байланысты жазалар (санкциялар) қолданылады: айыппұл төлейді, ескерту жасайды және мулкін тәркілейді Қоршаған табиғи ортаға келтірілген зиян үшін жауаптылықтың ең қатаң түрі қылмыстық жауаптылыққа тарту болып табылады. Экологиялық қылмыс жасағаны үшін қолданылады. Экологиялық қылмыстардың барлық түрі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көрсетілген. Олар мыналар: атмосфераны ластау, теңіз айлағын ластау, жерді бұлдіру, заңсыз аң аулау, атом энергетика объектілерінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, экоцид және т.б. қылмыстар.

Экоцид — өсімдік немесе жануарлар әлемін жаппай қыру, атмосфера, жер және су ресурстарын уландыру, сонымен қатар экологиялық апаттарды тудыратын немесе себепші болатын әрекеттерді жасау.

Азаматтық-құқықтық жауаптылық азаматтарға экологиялық зиянның орнын толтыру үшін ақшалай немесе мүліктік айыппұл салуды көздейді. Ол кінәліні қылмыстық, әкімшілік немесе басқа да жауаптылыққа тартуға қарамастан бастала береді. Тәртіптік жауаптылыққа— кәсіпорындарда табиғатты қорғау шараларын өткізуге жауапты және өзіне жүктелген міндеттерді орындай алмайтын лауазымды қызметкерлер тартылады. Материалдың жауаптылық деп кәсіпорын қызметкері өзіне жүктелген еңбек міндеттерін дұрыс орындамағаны нәтижесінде оның кінәсінен кәсіпорынға келтірілген мүліктік зиянды ендіруді айтамыз. Сонымен, экологиялық мәселелерді бірігіп шешу кажет. Табиғаттың ластануы, бұлінуі аясындағы өзекті мәселелерді тек мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар бірлесе отырып қана шеше алады. Жылдан жылға экологиялық қылмыстар мен өзге де құкық бұзушылықтар саны өсуде. Олардың қоғамдық қауіпсіздік жағдайына ықпалы да жоғарылап бара жатыр. Экология саласындағы қылмыстар елдің экономикасына ғана зиян келтіріп қоймай, сондай-ақ адам тіршілігінің биологиялық негізін жояды. Әрдайым экологиялық құқық бұзушылықтың салдары экологиялық-құқыктық жауаптылыққа әкеліп соктырып отырады. Мұндай жауаптылықтың бес түрі бар — әкімшілік, қылмыстық, азаматтық-құқықтық, тәртіптік, материалдық жауаптылықтар.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]