
21 Билет
Ұлттық тіл
Қазақ тілі –қазақ халқының ұлттық тілі. Халқымыздың өткен тарихы, әдет ғұрыптары, салт-дәстүрлері бізге тіл арқылы жетіп, ұрпақтан- ұрпаққа тарайды. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына жатады. Ұлттық тіліміздің негізі – көне түркі тілі болып табылады.
Қазақ тілінің жеке ұлттық тіл ретінде қалыптасуы ХҮ ғасырдан жеке мемлекет болып шығуынан басталады.Одан бергі уақытта ұлттық тіл ретінде бірнеше даму кезеңдерден өтті. Ұлттық тіліміздің дамуына билер, шешендер, ақын-жыраулар шығармалары әсер етті. ХХ ғасырда ғылым мен техниканың дамуы – тілімізді жаңа атаулармен байыта түсті.
Қазақ тілі 1989 жылы мемлекеттік мәртебе алды. Ол енді толық мағынасында республикада білім, техниканы үйрену тілі, мәдениет пен ғылымды дамыту тілі болып отыр. Қазақ тілін өркендетудің мемлекеттік бағдарламасы жасалған. Біздің елімізде қазақ тілін оқып-үйрену, білу – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының борышы.
Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде
Қазақ тілі - мемлекеттік тіл ретінде Қазақстанның тәуелсіздігі қарсаңында 1989 жылы бекітілді. Мемлекеттік тіл дегеніміз – қоғамның барлық саласында қолданылуға тиіс міндетті тіл. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік тіл туралы: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дегені тілдің жарқын келешегін көрсетеді. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік ту, мемлекеттік әнұран, мемлекеттік елтаңба секілді мемлекеттік маңызы ерекше рәміз. Сондықтан ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеретін жан-жақты ұйымдық- насихаттық жұмыс аса қажет. Қоғамда мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік пен құрметтеу отаншылдық қасиеттің бөлінбес компоненті деген ұғымды қалыптастыру, мемлекеттік тілді білгісі келгендердің ықыласын бағалап, көтермелеп отыру да маңызды. Сондықтан тілімізді шұбарламай, оның көркемдігін сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Мемлекеттік тілімізде сөйлеу – баршамыздың басты парызымыз. Мемлекеттік тіл арқылы Қазақстан халықтарының бірлігі мен ынтымағы берік болмақ.
Сіз қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін не қажет деп ойлайсыз, сол туралы тобыңызға баяндаңыз.
Ай сайын, я болмаса екі-үш айда мемлекеттік тілде үлкен іс-шаралар өткізу, қызықты кітаптар, кино, мультфильмдер, т.б. шығару қажет. Қалайда мемлекеттік тілге деген жұрттың сұранысын, қызығушылығын арттыру қажет. Жалпы, тілдің мәртебесін көтерудің түрлі жолдары бар. Ең бастысы, менің ойымша, жалпы, тілдерге емес, мемлекеттік тілге байланысты жаңа заң қабылданғаны дұрыс.
22 Билет
Ұлттық дәстүр
Әрбір халық өзінің ұлттық дәстүрімен ерекше. Халықтың дәстүріне қарай оның мінезі, тарихы, дүниетанымы қалыптасады. Халықтық дәстүрдің жүздеген, мыңдаған жылдық тарихы бар. Сондықтан оны әбден сұрыпталған, жинақталған құндылықтардың жиынтығы деп санаймыз. Халықтың дәстүріне оның қоршаған ортасы, географиялық орналасуы, шаруашылығы әсер етеді.
Қазақ халқы ұлттық салт-дәстүрге бай халық. Халықтық салт-дәстүрлер сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениет. Дәстүр – белгілі бір ұлттың немесе халықтың ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын, тарихи қалыптасқан, олардың әлеуметтік ортасында ұзақ уақыт бойы сақталып отырған әлеуметтік-мәдени құндылықтар жиынтығы. Ұлтымыздың тамаша дәстүрлері үлкенді сыйлау, қонақжайлылық, қайырымдылық, бауырмалдық, балажандылық, төзімділік, арлылық, т.б. жатады. Осы дәстүрлер біздің дербес халықтығымыздың сақталуына, тұтас ұлт ретіндегі ерекшеліктеріміздің айқын болуына оң ықпал етіп келеді. Дәстүр халқымыздың ғасырлар бойы өмір сүру тәсілдерінен, күнделікті әрекеттеріне сұрыпталған мәдениетіміздің үлкен бір бөлігі. Бабалардан бізге жеткен дәстүрлерде біздің халықтық болмысымыз, ұлттық мінезіміз, салт-санамыз айқын көрінеді. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жетіп келе жатқан ұлттық дәстүрлер сан алуан. Дәстүрлер іштей бірнеше салаларға бөлінеді. Мысалы: отбасылық дәстүрлер, маусымдық дәстүрлер, діни салттар, мерекелік дәстүрлер, тұрмыстық салттар. Ұлттық дәстүрімізді білу және оны сақтау баршамыздың перзенттік борышымыз. Себебі, дәстүр халықты ғасырлар бойы сақтап келген рухани тірегі. Әрине, ол заманына қарай өзгеріп, жаңғырып тұрады.
Наурыз мейрамы
Наурыз — қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып, бас асып, қазан-қазан көже ішіп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгісі күнде жаңа жыл туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «іс жаңа жыл қайырлы болсын, жаңа бақыт кәсіп болсын» — деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді. Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді, біздің Жаңа жылымыз — Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп демалып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерістерінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді.
Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің Жаңа жыл — Наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнінде басталады. Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз.
Тұсаукесер дәстүрінің мән–мағынасын түсіндіріп, рәсімдерін ауызша сипаттап беріңіз.
Сәбиді қаз тұрғанынан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. «Ала жіп аттамасын» деген ұғыммен шыққан. Жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап, оны пысық, аяғын жылдам басатын әйелге қидырады сал бойынша. сүріншек, жайбасар адамға кестірмейді.