- •1. Адам туралы түсінік: ежелгі мифтер, дін, ғылым және ойшылдар
- •2. Қоғам туралы түсінік
- •1. Қазақстандық қоғам. Қоғам және табиғат
- •3. Қоғамның әлеуметтік нормалары
- •4. Адам және экономика
- •6. Қоғамның саяси өмірі
- •Қоғамның мәдени саласы
- •Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам түсінігі
- •Жағдаяттарды талқылаңдар
- •Қазақстан республикасының конституциясы
- •1995 Жылғы қр Конституциясының негізгі ұстанымдары.
- •Жеке тұлғаның негізгі құқықтары мен бостандықтары
- •Қр өкімет органдарының жалпы сипаттамасы
- •Құқық бұзушылық түсінігі мен түрлері
- •Заңды жауаптылықтың түсінігі мен түрлері
Жағдаяттарды талқылаңдар
1. Ерлі-зайыпты Г. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады. Алайда олар бала дүниеге келген кезде Англияда, оқуда болды. Азаматтық белгілеуге байланысты қиындықтар туындай ма?
2. Ивановтар отбасы ҚР елшілігіне өздеріне азаматтық беру туралы өтінішпен жүгінді. Олардың өздері Қазақстан аумағында ешқашан тұрған жоқ, бірақ онда көп жылдар бойы отағасының үлкен ағасы қартайған ата-аналарымен бірге тұрады. Ивановтардың азаматтық мәселесі қалай шешіледі?
3. Балалар үйінің жанынан емшек еметін сәби табылды, ата-аналарын анықтаудың сәті түспеді. Сәби кім болып танылады: азаматтығы жоқ тұлға; Қазақстан Республикасының азаматы; шетелдік азамат?
4. Қазақстан азаматы М. басқа мемлекеттің заң органына қызмет етуге кірді. Оның азаматтығы туралы мәселе қалай шешіледі?
5. Қазақстан азаматы шекарадан тыс жерде, Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында ЖКО-сын жасады, оқиға орнынан қашып, Қазақстанға келді. ЖКО-н жасағаны үшін Қазақстан азаматы шет мемлекетке беріле ме? Қазақстан азаматы қай елдің заңдары бойынша жауапкершілікке тартылады?
Қазақстан республикасының конституциясы
Қазақстан Республикасының Конституциясының даму тарихы
Конституция түсінігі. «Конституция» термині (лат. constitution – орнату) Ежелгі Римнің өзінде белгілі болған және императорлардың әр текті нұсқаулары мен жарғыларын білдіру үшін пайдаланылды.
Құл иеленушілік, оны алмастырған феодалдық мемлекетте де онда оның құрылысы бекітілген мемлекеттің негізгі заңы ретіндегі Конституциялар болған жоқ. Конституциялардың өздері мемлекеттік-құқықтық мағынасында буржуазиялық революциялардың нәтижесінде пайда болды және буржуазияның экономикалық және саяси үстемдігін бекіту үшін қажет болды.
Конституция – жоғары заңдық күшке ие және қоғамдық құрылыс пен мемлекеттік құрылыстың, мемлекет пен жеке тұлғаның арасындағы өзара қатынастың, мемлекеттік органдар жүйесінің негіздерін бекітетін негізгі заң.
Кез келген Конституцияның мәні оның негізгі заң қабылданған сәттегі өмір сүрген саяси күштердің арақатынастарын бейнелейтіндігінде. Конституцияны халық референдум арқылы қабылдайды.
ҚР-ның қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды.
ҚР Конституциясының белгілері.
Конституцияда жоғары заңдық күш бар және Қазақстан Республикасының барлық аумағында тікелей әрекет етеді. Бұл барлық басқа заңдардың Конституцияның негізінде қабылданатынын және оған қарама-қайшы келуге тиіс емес екендігін білдіреді. Әрбір азамат өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін Конституцияны, мемлекеттік органдарға, әсіресе сотқа жүгініс жасаған кезде оның нормаларын пайдалана алады. Конституция қоғамдық қатынастардың басты салаларын реттейді. Өзгерістер мен толықтырулар енгізудің ерекше тәртібі болады.
Тарихтан. Заманауи түсінікте дүние жүзіндегі ең бірінші Конституция болып АҚШ Конституциясы есептеледі. Ол 1787 жылы 17 қыркүйекте қабылданған. АҚШ Конституциясы қолданылған уақыт ішінде оған жиырма жеті түзету енгізілді. АҚШ Конституциясының негізінде билікті заң шығарушы (Конгресс), атқарушы (Президент) және сот (Жоғары сот пен төмен тұрған соттар) тармақтарына бөлу ұстанымы жатыр.
АҚШ штаттары заң шығару саласында мол құқықтарға ие болған. Мысалы, АҚШ-та өлім жазасы бірнеше штатта ғана қолданылады.
Қазақстан Конституциясы дамуының кезеңдері. Әрбір азамат өз елінің Конституциясын білуі, құрметтеуі және бұзбауы тиіс. Президент өз лауазымын атқаруға кіріскен кезде қолын Конституцияға қойып тұрып, ант береді. Осымен Президент Конституцияға деген өзінің құрметін көрсетеді.
Қазақстан тарихында төрт Конституция болды. Бұл актілерді қысқаша қарастырайық.
Қазақ АКСР Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда, КСРО құрылғаннан кейін және РКФСР 1925 жылғы Конституциясы есепке алына отырып, қабылданды.
КСРО – Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы
АКСР – Автономиялық Кеңес Социалистік Республикасы
РКФСР – Ресей Кеңес Федеративтік Социалистік Республикасы
ҚазКСР – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы
Осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РКФСР құрамындағы тең құқықты республика болып табылады.
1937 жылғы 26 наурыздағы Қазақ КСР Конституциясы Кеңестердің Х Бүкілқазақтық съезінде қабылданды. Бұл Конституция Қазақ КСР-н КСРО құрамындағы тең құқықты республика ретінде бекітті. Мынадай ережелер бекітілді: экономикалық, саяси қорғаныс желісі бойынша өзара көмекті жүзеге асыру мақсатында басқа тең құқықты республикалармен ерікті бірігу, Қазақ КСР-ның келісімінсіз аумақтың өзгертілмейтіндігі және басқалар. Республикада мемлекеттік биліктің жоғары респбуликалық және жергілікті органдары қалыптастырылды, сот және прокуратура органдарының жүйесі орнатылды. Халық соттарын аудан азаматтары жасырын дауыс беру кезінде жалпыға бірдей, тікелей және тең сайлау құқығы негізінде сайлады, сот ісін жүргізу қазақ тілінде, басқа ұлттар көпшілікті құрайтын аудандық соттарда – солардың тілінде жүргізілуі тиіс болды және т.б.
Қазақ КСР-ның 1978 жылғы 20 сәуірдегі Конституциясы. Конституцияға сәйкес барлық билік халыққа тиісті болды. Кеңес халқы жұмысшылар, шаруалар табы мен еңбек зиялылары таптарына бөлінді. Билік және басқару органдары жүйесінің үстіне Қазақ КСР Коммунистік партиясы (6-бап) қойылды.
Республика экономикалық жүйесінің негізі болып мемлекеттік, кооперативтік-кеңшарлық меншік пен кәсіподақтар мен өзге де қоғамдық ұйымдардың меншігі жарияланды.
Егеменді Қазақстанның Конституциясын қарастыру үшін ҚР Конституциясын қабылдау үшін негізге айналған заңнаманы білу қажет.
1990 жылы 24 сәуірде «Қазақ КСР Президенті лауазымын тағайындау туралы» Заң қабылданды. Бұл заң мемлекетті басқару жүйесіне елеулі өзгерістер енгізді. Президент лауазымы республикада жүзеге асырылып жатқан терең саяси және экономикалық реформаларды қамтамасыз ету мақсатымен тағайындалды. Қазақ КСР Президенті болып Н.Назарбаев сайланды.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл күн бүгінгі күндері мерекелік күн болып табылады және Республика күні ретінде атап өтіледі. Декларация Қазақ КСР заңдарының КСРО заңдарынан басымдығы жариялады, онда орныққан қатынастар жүйесін елеулі өзгерткен ұстанымдардың негізі қаланды.
Декларация мыналарды жариялады:
– КСРО мен Қазақ КСР арасындағы қатынастар шарттық негізінде құрылады;
– республика әкімшілік-аумақтық құрылысқа саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени-ұлттық құрылысқа байланысты мәселелердің бәрін дербес шешеді;
– республика өз аумағында Қазақ КСР заңдарын бұзатын КСРО заңдарының қолданылуын тоқтата тұру құқығына ие;
– Қазақстан аумағы қол сұғылмайтын, қазіргі шекаралары жатсындырылмайтын болып жарияланады және оның келісімінсіз өзгертілмейді;
– Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің келісімінсіз оның аумағында басқа мемлекеттердің әскери құрамалары, олардың әскери базалары орналастырылмайды;
– Қазақстан өзінің ішкі әскерлері, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік органдары болуға құқылы;
– Қазақ КСР Халықаралық қатынастарда дербес, сыртқы саясатын өз мүдделері үшін белгілейді.
Арнаулы бапта Декларацияның жаңа Одақтық шартты жасау және Қазақ КСР жаңа Конституциясын әзірлеу үшін негіз болып табылатыны айтылды. Декларация – Қазақ КСР-ның онда билікті бөлу ұстанымы жарияланған бірінші актісі. Егемендіктің бірден-бір иегері мен мемлекеттік биліктің иегері халық болып жарияланды. Алайда бұдан кейінгі кезеңде КСРО он бес тәуелсіз мемлекетке бөлініп кетті.
1991 жылы 10 желтоқсанда «Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы атын өзгерту туралы» Заң қабылданды. Осы күннен бастап біздің еліміз Қазақстан Республикасы болып атала бастады.
1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл күнді біз мемлекеттік мереке – Қазақстан тәуелсіздігі күні ретінде атап өтеміз. Осы күннен бастап Қазақстан заңды түрде егеменді мемлекет ретінде өмір сүре бастады.
1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның мүшелігіне қабылданды.
ҚР-ның 1993 жылғы 28 қаңтардағы Конституциясы. Бұл Конституция егеменді Қазақстанның бірінші Конституциясы болып табылады және демократиялық мазмұнымен ерекшеленді. Мұнда халықтық егемендік, мемлекеттің тәуелсіздігі, идеялары, билікті бөлісу ұстанымы, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану және басқалар бекітілді.
1993 жылғы Конституцияның негізіне парламенттік республиканың үлгісі алынды. Конституцияда бірінші рет «зайырлық және унитарлық мемлекет» сияқты түсінік қолданылды. Сонымен бірге Конституция Қазақ КСР-ның 1978 жылғы Конституциясының кейбір ережелерін сақтады. Мысалы, Жоғары Кеңес бір палаталы өкілдік және заң шығарушы орган болып қалды, жергілікті деңгейде халық депутаттарының Кеңестері сақталды. Қазақстанның тәуелсіздігін бекіте отырып, 1993 жылғы Конституция мұнымен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделілік пен қарама-қайшылықты да бейнеледі. Бір жағынан, ол республиканың нарықтық экономика мен демократиялық мемлекет қалыптастыру бағытында одан әрі дамуы үшін заңдық негіздерді тіркеді. Екінші жағынан, Конституцияда биліктің заң шығарушылық және атқарушылық тармақтарының өкілеттіліктері туралы мәселелер реттелмеді. Осыған байланысты біздің елде қарама-қайшы жағдаят қалыптасты, ол елдегі саяси және әлеуметтік жағдаятты тұрақтандыруға септігін тигізеді. Бұған қоса, Конституцияның мемлекеттілік сипатына, мемлекеттік тіл, жерге жеке меншік пен азаматтық мәселелеріне қатысты кейбір ұстанымдық ережелері қоғамдық пікірталастың нысанына айналды. Сондықтан да жаңа Конституцияны әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциясы.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Бұл күн мемлекеттік мерек – Қазақстан Республикасы Конституциясының күні болып табылады.
Конституцияны қабылдаудың алдында ел халқының Конституция жобасын кеңінен талқылауы болып өтті. Жобаны жалпы саны 33 мыңдай ұжымдық талқылаулар өткізіліп, оларға 3 миллионнан астам азамат қатысты. Талқылаулар кезінде 30 мыңдай дерлік ұсыныстар мен ескертулер жасалды. 55-бапқа 1100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізілді.
